Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы. Жақан есімі ұмытылмайды...

10.05.2018 4555

Асылбек Байтанұлы. Жақан есімі ұмытылмайды

Асылбек Байтанұлы. Жақан есімі ұмытылмайды - adebiportal.kz

ХХ ғасырдың 20 жылдарынан бастап қазақ әдебиетінің дамуына ерекше атсалысқан, бірақ қазіргі күні есімі көп атала бермейтін айтулы ақындардың бірі – Жақан Сыздықов. Жақан Сыздықов 1901 жылы 10 мамырда Көкшетаудың солтүстік қанатында жатқан Қарағаш аулында өмірге келеді.

Жұпар желі аңқыған,

Сарыарқаның сауыры,

Ақынды желмен тебіренткен.

Сұлу Көкше бауыры», -

деп ақын өзі жырлағанындай, дүйім қазаққа танымал талай -талай белгілі азаматтар шыққан бұл Қарағаш ауылы кезінде Көкшетау облысының Чкалов ауданына қараған. Қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданының аумағында. Әкесі Сыздық Төлемісұлы өз заманында ел билеп болыс болған, сал-сері, саятшы, сөзге шешен, әділ би адам екен. Жақан кішкентайдан-ақ ақын бала деген атқа ие болады. Жасында ауылда бала оқытқан татар молласынан сауат ашады. Усул-жәдит үлгісімен оқытқан молланың әсері жас Жақанға өмір бойы әсер еткенге ұқсайды. Татар фольклоры мен заманауи әдебиетінің классикалық туындыларын жетік білуі, өндірте аударуы осы бала күніндегі ұстазының берген тәлімінің әсері болар.

Жақан Сыздықов Қазан төңкерісінен кейін Қызылжар қаласында ауылдық мұғалімдер дайындайтын курста оқып бітіреді. Ауылдық мектепте мұғалім, Көкшетау уездік атқару комитетінде қаржы инспекторы жұмыстарын істейді. 1924 жылы алғашқы туындысы жарық көреді. Яғни губерниялық «Бостандық туы» газетінде «Домбыра күйіне», «Атбасар суреттері» атты өлеңдері жарияланады. 1926 жылдан бастап баспасөз саласына ауысады. Қызылжардағы «Бостандық туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінде жұмыс істеп тұрып, Бейімбет Майлиннің шақыруымен ел астанасы Қызылордаға келеді. Мұнда ол «Еңбекші қазақ» газетінде және «Жаршы», «Әдебиет майданы» журналдарында қызмет істеп, үлкен ақпараттық, әдеби ортаға енеді.

Жақан Сыздықов «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқара жүріп, әдебиет майданындағы білім-білігін жетілдіре түседі.

1928 жылы жазған «Майкөл тамы» атты поэмасына бірін бірі ұнатқан екі жастың махаббаты арқау болады. Мұнда да кешегі қазақ ауылының шынайы бейнесі, тіршілік қалпы, озбырдың момынға қиянаты реалистік биікпен суреттеледі.

Өз заманының жыршысы Жақан ақын өлеңдерінің басым бөлігі советстандық тақырыпта болуы заңдылық еді. Дегенмен, ақын шығармашылығындағы «Туысқан өзбек халқына», «Казбек», «Кавказ», «Ел бар сонау алыста», «Ғабдолла Тоқайға» т.б. өлеңдерінің арқауы ұлтаралық достыққа құрылған. Сондай-ақ халықаралық тақырыптарға жазылған «Патрис Лумумба», «Меруерт тау», «Дағдарыс долысы», «Арыс елі туралы аңыз» поэмалары ақынның ой-өрісінің, таным көкжиегінің кеңдігін танытады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Жақан Сыздықов 42 жаста еді. Ол майданға бармаса да, өзінің жалынды жырлары арқылы майдангерлерге дем береді. «Жауынгер ақын», «Александр Матросов», «Қос қыран», «Покрышкин», «Сұлтан батыр» қатарлы патриоттық рухтағы өлеңдерін жазады.

Жақан Сыздықов аударма саласында да өндіре еңбек еткен қаламгер. Орыс, татар, башқұрт, өзбек әдебиеті классиктерінің көптеген шығармаларын қазақ тілінде сөйлетеді. Лев Толстойдың «Арылу» романын, Демьян Бедныйдың «Шайтан арба» поэмасын, татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқайдың шығармаларын аударды. Әсіресе, татар тіліндегі шығармаларды қазақ тілінде сөйлетуде ерекше еңбек атқарады. Мысалы, Ғалымжан Ибрагимовтың «Қазақ қызы» романын, Мирхайдар Файзидің «Ғалиябану» драмасын, «Ләйлі-Мәжнүн», «Көрұғылы» дастандарын, Екінші дүниежүзілік соғыс қаһарманы Мұса Жәлелдің шығармаларын аударады.

Қазақ әдебиетінің дамуы жолында тер төгіп, елу жылдан астам жыл тынбай еңбек еткен айтулы ақын Жақан Сыздықов осы мерзімде 50-ден астам жыр кітабын жазып, кейінгі ұрпаққа мұраға қалдырған екен.

Жақан Сыздықовтың ең алғашқы көлемді туындысы – «Әлі қарттың әңгімесі» атты ұзақ толғау поэма. 1927 жылы жарық көрген поэма оқырман жұртшылығын бірден баурап алады. Қазақ қаламгерлері көзқарас тұрғысында екі майданға бөлініп, коммунистік урашыл ақын-жазушылардың айы оңынан туа бастаған тұста жазылған бұл туындының ерекшелігі – өз заманының ақиқатын ашып көрсеткендігі еді. Поэмаға қазақ халқының мүшкіл халі, кедей тұрмысы, елді титықтатқан Азамат соғысының зардаптары арқау болды. Тарих зерттеушілердің есебінше «бір миллион екі жүз мың қазақ аштан қырылды» делінетін алғашқы нәубет аштық жылдарынан кейін халықтың ес жиып, еңсе тіктегендігін ақын Әлі қарттың әңгімесі арқылы баяндайды.

«Әлі қарттың әңгімесі» поэмасы өз заманында автор үшін мерейлі табыс болса, Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында Германия тұтқынына түскен әскерлердің, яғни Түркістан легионының қазақ тілінде шыққан газетіне басылуы Жақан Сыздықовқа пәле болып жабысып, оны қаралаудың таптырмас құралына айналады. Осы және басқа да сылтаулар үшін Жақан ақын қудалауға ұшырап, компартия қатарынан қуылады. Қазақстан КОПК басшысы П.Пономаренконың қолдау көрсетуімен ғана қудалау тоқтатылып, 1954 жылы партиялығын қалпына келтіреді. Ол заманда компартия қатарынан қуылып кету деген сөз – бар мүмкіндік, игіліктер қақпасының есігі жабық деген сөз еді. Осы салқындықтың сызы ұзақ жылдар бойы сақталып, ақын өмірден өткен соң ғана, 1978 жылы Қалижан Бекхожиннің алғысөзімен таңдамалы жинағы жарық көреді.

Көзі тірісінде мерейтойлары, шығармашылығының пәлен жылдығы сияқты елеулі жылдары тойланып көрмеген ақынның есімі тәуелсіздік жылдарынан бері ғана кеңінен аталып келе жатыр десек артық айтпағандық болар еді. Себебі, Жақан Сыздықовтың компартия билеушілерінің қырына ілігуі сонау 1931-жылы басталған екен. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп, қазақ халқын малынан айырып, көпе-көрінеу қыруға бет алған Ф.Голощекин бастаған биліктің солақай саясатына 28 адам наразылықтарын білдіріп хат жазады. Олардың арасында жазушылар да, журналистер де, ғалымдар да болады. Орталық Комитетке жолдаған хат діттеген жеріне жетпейді. Осы хатқа қол қойған адамның бірі ретінде Жақан Сыздықов ел астанасынан Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан аудандық «Қызыл Түркістан» газетіне жауапты редакторлыққа жіберіледі.

Осы жағдай Жақан ақынға рухани, тұрмыстық жағынан ауыр әсер етеді. Жары Сақан тұрғын-жайдың қолайсыздығы себепті денсаулығы нашарлап, көз жұмады. Төрт жасар Арыстан атты баласымен қалған Жақан ақынға бұл жылдар ауыр тиеді.

Жары Сақан (Сақыпжамал) Әмірқызы бай әулеттің келіні болған екен. 1924 жылы Жақанмен сүйіп қосылады. 1937 жылы Жақан Сыздықов ұсталып, алты ай абақты азабын тартады. Мұнда оған «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасын жазған кертартпа ақын, дәулетті адамның келініне үйленген байшыл, баласына Арыстан деп ат қойған троцкийшіл (Лев Троцкий). Бейімбет, Сәкеннің пікірлесі және т.б. жалалар жабылып, қинауды көреді.

Жақан Сыздықов Әбділдә Тәжібаев, Тайыр Жароков, Әбу Сәрсенбаев т.б. ақындармен қатар шығып, танылғанымен, түрлі себептермен өз тұстастарына қарағанда насихатталуы аз болғандығын жоғарыда айтқан болатынбыз. Бұл, әрине, Жақан ақын шығармашылығының қуаты кемдігін білдірмейді. Жақан жырларында көркемдіктің небір қолданысы бар. Аллитерацияға құрылған мына бір өлеңі бұған мысал:

Толқы, толқы Тобылым,

Толқыныңды құшайын.

Тағынып алқа күйіңнен,

Тереңінде ұшайын.

Телегей Тобыл толқыны,

Түбінде сұлу маржан тас.

Толқысын, Тобыл, шалқарым,

Толқыта жырла, балғын жас.

Жақан Сыздықов шығармашылығының сталинизм барынша күшейген тұста бәсең тартуын ақынның шыншылдыққа жаны құмар, жалғандыққа қаны қас табиғатынан дер едік. Ақын нені жазса да ақиқатты жазғысы келеді. Ақын қаламынан туған сондай шығармалардың бірі – Қос қыран» «Қос қыран» поэмасына Александр Матросов пен Сұлтан Баймағамбетовтердің ерлігі арқау болған. Мұнда айта кетерлігі, Жақан ақын 1943 жылы жазылған бұл поэмасында Александр Матросовтың жастайынан Салауат Юлаев жырларын жаттап, ерлігіне тәнті болып өскендігі туралы елеусіз келтіріп өтеді. Осы бір детальдің артында сол заманда айтылуы тиіс емес өмірбаян жатыр еді. Александр Матросовтың ұлты орыс емес, Шәкіржан Жүнісұлы Мұхамедзьянов атты башқұрт баласы екені кейіннен ғана айтылғаны белгілі.

Көкшетаулық ғалым Аманжол Есмағұлов 1992 жылы профессор Тұрсынбек Кәкішұлының жетекшілігімен «Жақан Сыздықовтың ақындық әлемі» тақырыбымен ақынның шығармашылығын ғылыми айналымға енгізді. Әрине, Жақан Сыздықовтың шығармашылығын зерттеу бір диссертациялық жұмыстың ауқымымен бітетін іс емес. Бірер жылдан соң ақынның 120 жылдық мерейтойы болмақ. Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ әдебиетін дамытуға үлес қосқан қаламгерлердің шығармашылығын зерттеп, тану, келер ұрпаққа таныту – бүгінгі буынның парызы. Кейде осы кезеңде өмір сүрген қаламгерлер мен журналистерді екі лагерьге бөліп қана қарастыра салатын сыңай да байқалып жатады. Тіпті, «анау ардақтылардың бәрі кеткенде, бұл қалай қалды екен ә» дейтін пендешілік сұраққа да ерік беретін кездер аз емес. Бұған біз жауап бере алмаймыз. Себебі, заман басқа, қоғам басқа. Ең бастысы – қалай болғанда да қазақ сөзінің, қазақ өлеңінің көшін алға жетелеп, кешегі қуатты буындарға бұйдасын ұстатып кеткен – сол бір нәубетті жылдардан аман қалған қадау-қадау аға буын. Солардың қатарында жырына ақиқатты арқау еткен Жақан Сыздықов та бар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар