Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Өзбекстандағы қазақ ақыны – Ергөбек Құттыбайұлы...

11.05.2018 8043

Өзбекстандағы қазақ ақыны – Ергөбек Құттыбайұлы 12+

Өзбекстандағы қазақ ақыны – Ергөбек Құттыбайұлы - adebiportal.kz

Биыл бауырлас Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы жылы атап өтіліп жатыр. Өзбекстан мемлекеті автохтонды қазақ диаспорасы ең көп шоғырланған елдердің бірі. Сонымен қатар, екі халық арасында мәдени, әдеби байланыстардың тамыры көне замандардан бері үзілген емес. Осыған байланысты «Әдебиет порталы» Ташкент қаласында басылып шыққан «Өзбекстандағы қазақ ақындары жырларының анталогиясы» атты жинаққа енген жыр жампоздарының шығармашылығын оқырмандарға әр апта сайын ұсынып отыруды дәстүрге айналдырмақ.

Ергөбек Құттыбайұлы (1865 – 1917)

1865 жылы Оңтүстік Қазақстанның Отырар ауданындағы Шәуілдір деген жерде дүниеге келген. 1917 жылы Өзбекстанның Зеңгіата ауданына қарасты Ащы деген жерде қайтыс болған. Ергөбектің ағасы – Қалыбек. Осы күнгі қазақстанның халық ақыны. Әселхан Қалыбекова – осы Қалыбектің немересі.

КЕДЕЙЛІКТЕН ДАРАМЫН

Тойға біреу шақырса,

Есек мініп барамын.

Құлшығаштың ішінде

Кедейліктен дарамын.

Жылап келіп дүниеге,

Жылап кетіп барамын.

Ергөбектің құлағында

Кедейліктің ені бар.

Көлденең ат тосар ең,

Болыс болсам шені бар.

МЕНІҢ АТЫМ ЕРГӨБЕК

Менің атым Ергөбек –

Талпынған айға бір бөбек.

Кедейліктің кертінен

Бүгілді белім ертерек.

Мал бермей, Құдай зар берді

Көкірегімді зерделеп.

Қай қайғыны көрер ем

Көзімді қойса перделеп?

Қағынған заман кез келді

Алды-артымды кермелеп.

Тау басы маған қараңғы,

Етекте жүрмін өрмелеп.

Көкірегімді кім басар,

Айтпасам өлең термелеп?!

Ұзатқан қыздай сыңсыған –

Тағдырым менің жержелек.

Ұйықтап жатқан халқымды

Оятуға ер керек,

Байлардың жөні бір бөлек,

Билердің жөні бір бөлек.

Сыр бойы неге босады

Ер болса ойлар ертерек?

Судағы жайын кемедей

Ау салып, неге жемедік?

Атыз-атыз ескі арық,

Егінжай-ау демедік.

Жау шаппаса Сыр елін,

Стамбулмен тең едік.

Қайтадан қара салдырсақ,

Қай халықтан кем едік?

...Тұсыңнан өтіп барамын,

Қаншайымарал, Ханарал!

Сарыкөлді өртеді

Қырғауыл атқан жандарал.

Ақ патша – қасқыр азулы,

Біз – бишара ақ марал.

Сөзіңе құлақ арта ма,

Жеріңе төлеу тарта ма?

Алтыныңды қағып ап,

Салады бақыр қалтаңа!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар