Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Танымалдық - Чеховтың көзімен...

13.05.2018 3953

Танымалдық - Чеховтың көзімен

Танымалдық - Чеховтың көзімен - adebiportal.kz

***

Адам тәбеті шектен тыс, мөлшерсіз ашқарақтық, қомағайлық дерттеріне ұрынып жатады. Медицина тілінде мұны «булымия» деп атайды. Қазақтар «мешкей» деген. Қазақта «мешкей» деген жақсы ат емес» деген сөз бар. Ертеде қазақ байлары өз мейманасын, даңқын асыру үшін жүйрік ат, алғыр қыран, құмай тазыларымен бірге, арнайы жемпаз «мешкейлерді» де ертіп жүретін болған. Өзге елдің «мешкейлерімен» жарысқа салатын. Жеңіп шықса, мерейлері тасатын. Сонымен қазақ арасында да жемпаздар аз болмаған. Осындай мешкейліктің мысалдары қазақ, орыс әдебиеттерінде жетіп артылады. Біз осылардың барлығына тоқталмай-ақ Гоголь мен Мүсірепов шығармашылығынан мысалдар келтірсек. Гогольдың көркемдік, әдеби ықпалы, әсері Мүсіреповте көп екені рас. Соның бірі персонаждарының мешкейлігі. Орыс мешкейі – Собакеевичте, қазақ мешкейі - Омар. Гогольге сөз берейік: «Возьмите барана, - продолжал он, обращаясь к Чичикову, - это бараний бок с кашей! Это не те фрикасе, что делаются на барских кухнях из баранины, какая суток по четыре на рынке валяються! Это все выдумали доктора немцы да французы, я бы их перевешал за это! Выдумали диету, лечить голодом! Что у них немецкая жидкостная натура, так они воображают, что и с русским желудкам сладят! Нет, это все не то, это все выдумки, это все... – здесь Сабакеевич даже сердито покачал головою.- Толкуют: просвещенье, а это просвещенье – фук! Сказал бы и другое слово, да вот только что за столом неприлично. У меня не так. У меня, когда свинина – всю свинью давай на стол, баранина – всего барана тащи, гусь – всего гуся! Лучше я съем двух блюд, да съем в меру, как душа требует. – Собакевич подтвердил это делам: он опрокинул половину бараньего бока к себе на тарелку, съел все, обгрыз, обсосал до последней косточки»

«Да – подумал Чичиков, - у этого губа не дура»

Бұл Гогольде. Енді Мүсіреповті сөйлетейік: «Байжан мен Сейіт үйге кіріп келгенде, құдыққа үймелеген қойға ұқсап бастарын төмен салып жіберіп, арқалары ғана бүлкілдеген он шақты адам астау толы етті жәукемдесіп жатыр еді. Жирен мұрты майға малынып, екі ұрты кезек-кезек бұлтылдап, кезек жылтырап: Омар ашамайдай жаяның сүйегін сүйрей, табақтан сытылып шыға берді...»

Екі көріністе де бұл құбылыстың шынайы сипаты егжей-тегжейлі суреттелген. Қапы жоқ. Мешкейлік дерті асқынған күйінде бой көрсетеді. Адам тәбетінің бір жиренішті құбылысы ретінде көркем игерілген. Қалай айтсақ та дерттің аты дерт.

***

Ақан серіні көбіміз әнші-ақындар шығармашылығының ірі өкілі, сал-серілер поэзиясының алтын тұғыры деп білеміз. Ал енді көбіміз Ақан серінің кей өлеңдерінің жазба поэзия дәстүріне, оның ішінде Абай поэзиясының дәстүріне жуықтау келетінін біле бермейміз. Ақан серіде жазба поэзияға тән ақындық шайырлық сипаттары жиі кездеседі. Осы жағы көп сөз болмай жүр. Ақан серінің исламиятқа, махаббат, сүйіпеншілік, басқа да тақырыптағы өлеңдеріне қарап отырсақ, оған оңай-ақ көз жеткіземіз. Мысалға: «Ғашыққа», «Біздің көңіл қайда жатыр», «Ақ көйлек», «Сұлу қызға», «Тағрыпың», «Мылтық пен мергеншілік», «Ж-ға» т.б. Біреуге арнау, альбомдық өлең жазба поэзияға тән. Еуропа, орыс поэзиясында (Гете, Байрон, Шиллер, Гейне, Пушкин, Лермонтов, Тютчев, Есенин), қазақ поэзиясында (М.Жұмабаев, Б.Күлеев, С.Торайғыров) бар дәстүр. Ақан серінің «Ж-ға» атты өлеңінде жазба поэзияның осы сипаты, белгісі бар.

Дегенде Мақбубажаннан қозғаламын,

Хат жазып, қағаз, қалам қолға аламын.

Пәруана отқа түскен мысалындай,

Дидарың атырапында толғанамын

Жақсының жаман қайдан білсін затын,

Қазаққа болған мағлұм менің атым.

Тағдырыңа ғашық боп жаздым назым (лирика),

Зарланған сені жат қып жазған хатым.

«Ғашық жарға» өлеңінде:

Кәусердің тілің тәтті шарабынан,

Халімді қылдым ағлан қарабынан.

Бір бәйіт құсаланып назым жаздым,

Қасіретім- шоқ, ішім – жалын барабынан.

Бір жылы соққан желдей болса пайда,

Дариға, жан сәулемнің тарабынан, –

деп альбомдық өлең сипат-белгілерін білдірсе, осы өлеңдегі бәйіт, назым сөздері шығыс поэзиясынан енген сөздер бола отырып, шағатай поэзиясының жазба дәстүрін еске түсіреді. Жалпы бәйіт, назым сөздері – жазба поэзиядағы лирика ұғымын білдіре отырып, жазба дәстүрдің терминдері болып табылады.

Араб әріптерін өлеңге қосу Абайда бар. Ол ежелгі шығыс поэзиясынан тамыр тартқан көркемдік дәстүр. Осы дәстүр Ақанда да бар. «Ғашыққа» өлеңінде: «Аяғы үш А.З.М. йатараккі//Жұмбағым басқан ізі жыныс құмда», «Тағы да хат жазамын сын мен зидан//, //Тағрыпың кейін емес әліп, биден// //О.Р.З.М.Л. айна кәрім// // Көңілімнің іңкәрісі – дал мен мим, нон» десе «Біздің көңіл қайда жатыр» өлеңінде: «Тәңіріме айтар сөзім сонда жатыр...// //А.Қ.М.Л. Радубайын// //Бірлиант гәуһар жүзің сонда жатыр» - дейді. «Ақ көйлек» өлеңінде: «Жастықпен тағдырыңды танымаймын, // //А.Н.Д. мен О. бесте деген. // //Шырын мен Мәжнүн ғашығындай, // // Түсірдің ғашық отын ішке деген» - дейді. Бұл өлеңдерде Абайдың «Әлиф-би» өлеңінің әсері бар. Ақан сері де араб әріптерін өлеңге қосып, оны махаббат, сүйіспеншілік сезімдерімен орайластырған. Мұндағы араб әріптерін жеке-жеке өлеңге қосу сипаты бар өлеңдерді ауызша шығарылды дейтін болсақ, кез-келген адам жеке-жеке әріптері бар өлеңдерді есінде, жадында сақтауы өте қиын. Ауызша поэзияның стихиясы бұған көнбейді. Бұл жерде жазбаша поэзияға тән графикалық дәлдік, орфографиялық ұсынақтық, заңдылық мұқият сақталуы қажет. Бұл – жазба поэзияның төл сипаты. Ақан серінің «Мылтық пен мергеншілік» өлеңі Абайдың «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» өлеңімен рухтас. Ақан сері аңшы адамның басындағы психологиялық көңіл-күйді, ахуалды жазба лириканың заңдылығымен, сипатымен өрнектейді. Бұған не айтасыз?!..

Мұның барлығы Ақан серінің таза ауызша дәстүрдегі дәстүрлі поэзияның ғана өкілі емес, жазба дәстүрді меңгерген, мұсылманша, қазақша, орысша білім алған сауатты ақын екендігін дәлелдейді. Ақан сері поэзиясының едәуір сипаты оңтүстік өңірдегі Майлықопа, Мәделіқожа, Базар сияқты жазба дәстүрдегі шайырлыққа жақындау.

Ақан сері қоғамдағы, әлеуметтік ортадағы әралуан құбылыстарға, мәселелерге түрік. Жаңа заман оқыған адамдарды шығарғанмен, олардың болмыс-бітіміндегі біраз сипаттар, сол өскен ортасына, ата дәстүрге, жөн-жосыққа қайшы келіп жатады. Жалпы өнер табиғаты, суреткерлер болмысы, оның терең интуициясы, қоғам қойнауындағы осындай қайшылықты, жағымсыз құбылыстарды сезе қояды. Ғылымда мұндай сезгіштікті, сезімталдықты, болжағыштықты историясофиялық көзқарас, байлам деп жатамыз.

Сондай историясофия Ақан серіде бар.

Білімпаздан жаңалап форм шықты,

Бұрынғы ата ғұрпын қылып мансұқ.

Жақындасаң ұшқының тимей қалмас,

Жаманның кесапаты – жайнаған шоқ.

Қазақ қоғамы, ғылымы, білімі еуропацентризмнен, космополитизмнен, нигилизмнен қаншалықты зардап шеккенін бәріміз де білеміз. Олай болса, Ақан сері сәуегейлігіне таңқалмасқа әддіміз жоқ!

***

Осы танымалдылық деген не? Танымал болу үшін не істеу қажет? Бұл сұрақ бойында аздап болса да таланты бар кім-кімді болса да мазалайтын хақ. Қызық. Біреулер тау көтеріп, тас қопарса да халқына, қоғамға толайым, ерен еңбегімен қызымет етсе де еңбегі еленбейді, елеусіз қалады. Аты да заты да шықпайды. Есімін ешкім білмейді. Тіпті өмірде осындай жанның бар екенімен ешкімнің шаруасы да жоқ. Ал енді біреулер асып бара жатқан таланты болмаса да дем арасында танымал боп жатады. Танымалдылыққа бұл заманда таңғалмайтын болдық қой. Бүгінде керемет дауысы болмаса да көптеген жас әншілер танымал, жұлдызға айналып жатады. Тіпті эстрада жанрын алсақ, кеңестік кезде қазақ эстрадасында атаққа шыққан әншілер үш-төрт әншіден аспайтын. Осы күні жыртылып айырылатын танымал әншілердің үлкен шоғыры бар. Осы танымалдылыққа байланысты есіме орыстың шоқтығы биік жазушысы Чеховтың бір әңгімесі оралып отыр. Бірде пойыздың халықаралық жайлы купесінде екі жолаушы сапарлап келе жатады. Екі жолаушы да екі мінездің иесі. Бір-біріне ұқсамайды. Купенің алғашқы жолаушысы сабырлы, салмақты көп үндемейтін кісі. Ұзақ жолда көзіне пенснесін киіп алып, үнемі газет қараумен болады. Тек анда-санда шай алдырып ішеді. Купеге екінші кірген жолаушы ашық мінезді, сөзуар адам болып шықты. Өзін толғантқан мәселелерді жайып салатыны көрініп-ақ тұр. Ол бірден екінші жолаушымен танысып, ақырындап оны әңгімеге тарта бастады. Шай алдырды. Тағамдарды ортаға қойды. Жол сөмкесінен коньяк шарабын алып, екі рюмкеге толтырып құйды да, біреуін жаңа серігіне ұсынды. Екінші жолаушы сыпайы ізетпен оның қонақжайлылығын қабылдап, өзіне құйылған рюмкені аузына апарып, орталап ішіп қойды. Аржағына қызу барған бірінші жолаушы ендігі қызу әңгіменің тиегін ағыта жөнелді.

– Сіз Киркунов деген сәулетшіні бұрын-соңды естідіңіз бе?

– Жоқ. Бірінші естуім.

– Түсінікті. Естімегенсіз. Естімесеңіз, ал пақырыңыз мына алдыңызда отырған адам болады. Білмейтініңізді өзімде жобалап едім. Ал енді білесіз бе, мен осы танымалдылық жөнінде көп ойландым. Танымалдылыққа апарар баспалдақ ретінде осы мамандықты таңдадым. Мен еліміздегі сәулет, құрылыс саласының үлкен маманымын. Сәулет, құрылыс, инженерлік геометрия саласында көптеген ғылыми мақалалар, арнайы еңбектер жаздым. Кейбіреулері шет елдерде жарияланды. Түкте өзгерген жоқ. Танымалдылықтың ауылы алыс екен. Қанша тырбансамда, тар саланың адамдары болмаса, былайғы жұрт осы бір саланың үлкен маманы деп мені тани қойған жоқ. Осыны ойлағанда тіпті салың суға кетеді екен.

Киркунов аталатын екінші жолаушы осы жерде әңгімесін сәл үзді де, босап қалған рюмкелерге коньяктан құйып, екінші жолаушыға алып қоюын ұсынды. Екінші жолаушы кейінірек ішемін деп ишара жасады. Киркунов өзінің алдындағы рюмкесін қағып салып, аздап ашырқанды да, әңгімесін қайта жалғады.

Бірде еліміздегі бір қалада менің жобаммен салынған көпір құрылысы аяқталып, соның ашылу салтанатына шақыру қағаз алдым. Шақыруды алған соң бірден жүріп кеттім. Жаныма көңілдес бір әнші әйелді алдым Әкетіп бара жатқан таланты да жоқ, ортақалды әнші.

Бар бітіретіні ішіп-жеу, одан қалды ұйықтау. Жайлы өмірге үйренген. Көпірдің ашылу салтанатына көп халық жиналыпты. Көпірдің ашылу салтанатына жақындап қалғанда, жанымда көңілдес, әнші әйел бар, бізде жеттік, жұрт сонадайдан бізді көріп, шулап қоя берді. Сіз білесіз бе, олардың кімге шулағанын? Ең қызығы осында.

– Жоқ, білмедім. Мүмкін сізді көріп шулаған шығар.

– Жоқ, мені таныса көңілім өсіп қалар еді. Алғашында осы жұрт мені танып, айғайлап тұрған шығар деп, көңілім толқып, қобалжығандай едім. Қалай дегенмен де үлкен көпір құрылысының авторы мен ғой. Сөйтсем бәрі бекер екен. Жұрт жанымдағы әнші әйелді танып, қуанғаннан айғайлап тұр екен. Осы әйелден қалай қолтаңба алсақ екен деген абыр-сабыр қарбалас басталып кетті дейсің бір. Мені керек те қылмады. Осыған қатты күйініп, зығырданым қайнады. Не шара? Амалың болса істе! Осыған ұқсас екінші бір жағдай мынадай болды. Санкт-Петербургке жақын бір қалада менің жобаммен бір ғимарат бітіп, ашылу салтанатына тағы да шақыру қағазын алдым. Жанымда баяғы көңілдес, әнші әйелім бар, пойызбен жүріп кеттік. Қалаға бір-екі станция қалғанда, кезекті бір станциядан түсіп, киоскіден жаңа шыққан газеттерді сатып алдым. Газеттерге үңілсем, газеттердің бәрі жабыла бәлен деген қаладағы ғимараттың ашылу салтанатына менің көңілдес, әнші әйелімнің келе жатқандығын жарыса жазыпты. Ғимарат жобасының авторы мен туралы жоқ ашпапты. Тек бір қызығы әнші әйелге ілесіп, онымен көңілдес Крикунов деген әлдебіреу ілесіп келе жатыр депті. Газеттерді лақтырып жібердім. Мәссаған.Әнші әйелді мен ілестіріп емес, ол мені ілестіріп келе жатыр екен. Оның үстіне менің Киркунов атты тегімді Крикунов деп бұрмалап беріпті. Бұған не айтарсың? Күлесің бе, жылайсың ба? Амалың болса істе? Осыдан кейін танымалдылыққа қолымды сілтейтін болдым. Бұған не айтасыз? Танымалдылыққа дегенім ғой.

Екінші жолаушы асықпай, Киркуновтың әңгімесін сабырмен тыңдады да, жылы шыраймен, күлімсіреп, шоқша сақалын саумай сипап, көзіндегі пенснесін алып, қалта орамалымен мұқият, бипаздай, баппен сүртті де көзіне іліп, өзінің майда, қоңыр даусымен әңгімені әрі қарай жалғады.

– Жақсы, жауап берейін. Айтқан әңгімеңіз әсерлі екен. Мен әдебиеттанушы профессормын. Ғылым Академиясының толық мүшесімін. Санкт-Петербург университетінде, еліміздің басқа да үлкен қалаларындағы беделді университеттерде әдебиеттен дәріс оқимын. Әдебиеттану мәселелері жайында көптеген теориялық зерттеу мақалаларым ғылыми журналдарда жарияланып тұрады. Арнайы теориялық зерттеу еңбектер де жаздым. Шетелдік басылымдарға да көп материалым шығып тұрады. Міне мен туралы жақсы мәлімет алдыңыз. Ал менің тегімнің кім екенін білесіз бе? Менің тегім – Пушков. Бұрын соңды естіп көрдіңіз бе? Ал, жауап беріңіз.

– Жоқ, естіген жоқпын. Осы уақытқа дейін естіп көрген жоқпын. Өз ауызыңыздан бірінші рет естіп отырмын.

Киркунов осы сөздерді айтқанда, оның жүзіне барлай қарап отырған, Пушков емен-жарқын, бар ынты-шынтымен қатты күліп жіберді. Мән-жайды түсінген Киркунов те Пушковпен бірге қосыла, көздерінен жас аққанша күлді. Чехов әңгімесі осылай аяқталатын.

Бұл әңгімеден не түюге болады? Автордың айтқысы келгені не? Чехов оқырмандарына мәселе тастап отыр. Бір-екі сессияда әлдебір пікір айтқан депутатта танымал боп жатады. Бір-екі әнімен әнші де танымал боп жатады. Бір-екі өлеңімен әлдебір мүшәйрада жеңімпаз боп, жұрт назарын аударған әлдебір ақын да, әсіресе жұрт алдында, сахнаға тұңғыш рет шығып тұрған айтыс ақындарын айтсаңшы! Танымал атанады. Жұрт алдында бір-екі пікір айтқан, соншалықты қабілеті жоқ, әлдебір ортанқол саясаткер мен саясаттанушы да танымал атанады. Қойшы, сонымен әрі қарай жалғастыра берсек, танымалдылық таусылып болмайды.

Оның үстіне танымалдылықтың республикалық, облыстық, аудандық, аймақтық, өңірлік деңгейлері бар дегендей. Әсіресе мәдениет, өнер, спорт салаларының әрдайым жұрт назарында жүретіндігін есте ұстау қажет. Танымалдылыққа өз үлесін қосатын ең бірінші нәрсе көгілдір экран мен интернет, насихат жағына мән беретін продюссерлік пен имиджмейкерлер. Пиар технологиялардың орны да ерекше. Пиар технологияда әлдебір тұлғаның бекграундтық (өткен тәжірибесі, атақ-даңқы, марапаты) сипаты алынады. Мекеме, фирмалар да өздерінің бекграундер сипатын пиар технологиялар арқылы жарнамалауға құмар.

Біз жоғарыда сөз еткен Чехов кейіпкерлері әттең бұл заманға жетпей қалып отыр. Сонымен танымалдылық дегеніміз не? Біреуге сор, біреуге бақ боп жабысатын тағдырдың қитұрқы қалжыңы ма, жоқ әлде басқа ма, осы арасын нақты біле алмадық.

***

Қазақта «Боранды күні ит пен бала құтырады» деген сөз бар. Қызық. Не сыр бар екен осында? Әйтеуір бала мен иттің арасында тылсым бір сыр бар. Бала да ит те үй-ішінің хал ахуалының, көңіл-күйлерінің таразышысы, барометрі іспеттес. Титтей қуанышты, қайғыны да сезе қояды. Үй-ішінің қас-қабақтарын, емеурінін айтқызбай біледі, қапысыз таниды. Көңілді үйдің бала-шағасы мәз-мейрам боп, шулай жүгірісіп, шаттанса, ол иттері де абаламай сүйкімді қыңсылап, құйрықтарын үнемі бұлғаңдатып жүргені. Ал сол үйде қайғы не көңілсіздік басса, істері оңалмай жатса, балалары дамыл таппай жылап, иттері азан-қазан үріп, кейбір кездері аспанға, қарап ұлып жатады. Қойшы әйтеуір ит пен бала сол үйдің ахуалынан жақсы хабардар етеді. Көркем әдебиеттегі мұндай жайттарға мысалдар жетерлік. Оралымы кеткен көңілсіз үйдің сырынан хабардар ететін екі мысал келтіре кетсек. М.Әуезовтің «Абай жолы» романында мынадай эпизод бар. «Үй іші әбігер екен. Босағада малшы қатын үлкен күбіге іркіт пісіп тұр. Бір жағынан кең қазанда құрт қайнап жатыр екен. Үй іші ыстық. Дәл Абайлар кіре бергенде Байдалы бір кішкене қара пұшық қызды май құйрықтан шапалақпен ұрып:

- Құдай сілегір, кетші былай, құдай сілегір. Тыныштық бермедің ғой, сен-ақ! – деп, жылатқан бойында итеріп тастады. Қыз отқа құлай жаздап, әрі шошып, әрі ашуланып булыға жылады. Басында шыр етіп шыңғырса, енді ішегі қатып көкпеңбек боп, долдана жылайды. Көзінің жасы да, сілекейі де шұбырып жатыр.

Әпкет! Әпкет мынау қараң өшкірді! – деп, Байдалы қатынына бұйрық етіп, үйден айдап шықты». (Мұхтар Әуезов. Абай жолы. 1 том. Алматы «Жазушы» 2002, 124 бет).

Бұл балаға қатысты жайт болса, енді иттер мінезіне (этология) тоқталсақ. Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы мына бір үзіндіні оқып көрелік: «Бәйбішенің қапысын таба алмай, ыза болып отырған Жұманнның құлағына қатар қонып жатқан қос ауылдың қатты күлкілері естіледі. Бақас ауыл күйіп-пісіп отырған біреу барын сонадайдан танып, мазақтап күлетін сияқтанады. Қасқа иекке қайдағы шыбын-шіркей де қайта-қайта қонып, о да мазалап отыр. Игіліктің Көкдауылы мен Сұрперендері де әлдеқайдан сап ете түсіп, қара ала мен сары аланы қабат талап кетті. Қанға боялып қыңсылап қалған қара ала ит тігіліп жатқан үйге кіріп кетіп, кереге арасынан иесіне қарап, қыңсылап қояды. Ит те болса өлісе алмағанына, оңай жеңілгеніне ызасы қайнай түсіп:

- Уа, әрі қайтар жылқыны! Ар жағың жаудың жері емес, мына менің жерім! – деп Жұман қиядан көрінген жылқышыға бір ақырып қалды. Күлісіп отырған Игілік аулы естісін деп, қатты ақырып айтты». (Ғабит Мүсірепов. Таңдамалы. Үш томдық. Екінші том. Оянған өлке. Алматы – 1980. 10 бет)

Басты кейіпкердің бойындағы ашу-ызаға бұл жолы ит араласып отыр. Қалай десек те ит пен баланың үй-ішілік жағдайдан жақсы хабар беретіні көрініп тұр. Қызық құбылыс!

Сәбит Жәмбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар