Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Киноның халі қинайды мені... (эссе)

14.05.2018 654

Киноның халі қинайды мені... (эссе)

1.Лирикалық шегініс

Кино жарықтыққа жиырма жыл өмірімді қиып бердім. Лев Игнатьевич Варшавскийдің «Академиясына» Камал (Смайылов) екеуміз тыңдаушы болып келіп, дыңдай қызметкер бо­лып қалыптастық. Киноның оқуларын қуып жүріп тауыстық. Мәскеуден «мосқал» тартып оралдым. Жиырма тоғыз жаста едім. Мәскеуге аттан деп бата берген Ғабит аға Мүсірепов еді. Екі жылдан кейін оралғанда құшақ жайып қарсы алған Мәжит аға Бегалин болды. Тұңғыш фильмім жарық көргенде («Тұлпардың ізі») 31 жаста едім. Мәскеуге аттанарда әкем жарықтық «Адам болам десең балам, партияға өт» деді. Өттім. Мәскеуде жүріп өттім. Алматыға келген соң, Камал екеуміздің де билік құрғымыз келді. Өз жайымызды кейін күйттерміз, алдымен өзгені жарылқап алайық дегендей Камал киностудиясының директорлығын қолға алды, мен Бас редакторлық тұтқаны ұстадым.

Сол мансапқорлық дәуірімізге осы күні өкінбеймін. Біздің «заманымызда» қазақ киносының классикалық үлгілері дүниеге келді. «Қыз Жібек» (Ғабит Мүсірепов, Сұлтан Ход­жиков), «Атаманның ақыры» (Андрей Кончаловский, Шәкен Айманов), «Тұлпардың ізі» (Әкім Тарази, Мәжит Бегалин), «Қатерлі өткел» (Зейін Шашкин, Олжас Сүлейменов, Аб­долла Қарсақбаев), «Ана туралы аңыз» (Жұмабай Тәшенов, Александр Карпов). Бұл тізімге кірмей қалған, бірақ қазақ киносының алтын қорына айналған 10-15 лента және бар. «Қазакфильм» киностудиясын жайлаған ертегідей есіл күндер естен кетпейді. Айқасып та қалатынбыз, шайқасып та қалатынбыз. Бірақ өшіккен емеспіз, кектескен емеспіз, «кет» дескен емеспіз. Енді көрместей болып, қиқуласып шығып, тобымыз бұзылмастан Алатаудың бөктеріне қарай кетіп бара жататынбыз. Әзіл-қалжыңымыз үзілген емес. Ондай­да таусылмайтын кәусар бұлақ – Шәкен аға Аймановтың қалжыңдары еді. Мәжит аға Бегалиннің мысқылдары еді. Қарсақбаев Абдолланың жатып атар оқыс қылықтары еді. Сұлтан Ходжиков қалжыңға жоқ-ты. Сондықтан кешке ермей қалып қоятын. Ас пісірудің хас шебері Бейсенбайдың Шәрібі шашлықтың түтінінен түшкіріп, мангал маңынан кетпейтін. Түтін шыққан жерді «белінен қазып» Сахи Романов жүретін. Қарқылдай күлетін, бірақ өз есебін білетін. «Қылышынан қан тамған» министрлерді жылы-жылы сөйлеп, інінен шығарып алуға Шәкен аға шебер-ақ еді. Сондықтан да киноға кесіп берген 20 жылдың ішінде Камал екеуміздің үстімізден бірде-бір арыз түскен емес. Сол жағдайды айтып (арыз түспегенін) бір орнынан қозғалмайтын хатшымыз (Қазақстан Орталық Комитетінің хатшысы) Саттар Нұрмашұлы Имашев басын шайқап таңғалғаны бар. Шәкен, Мәжит, Сұлтан, Нұрғиса, Аб­долла, Шәріп, Сахилар сол бір тар заманды кеңіте білген, қату қабақты жадырата білген сабаздар екен-ау, шіркін.

Қысым қатты болатын. Әр сөзің аңдулы. Сол қысымды «қолтығымызға» да қыстырмайтынбыз. Заман ағымынан қиғаш тарта беретін едік. Қиғаш кетудің тауқыметтері де болып жа­татын. Қалихан айтпақшы, «оған да мойыған кезіміз болған жоқ».

Қазақ киносының халін күнбе-күн қадағалап отыратын Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев ағамыз бар еді. Ұсақ-түйек текешіктерден қорлық көрген күні Димекеңе жүгінетінбіз. Асанбай Асқаров ағамыздың да арашалап қалған кездері есімде. Ол бір қайта оралмас қазыналы, базарлы кезең екен..

Кикілжің кезең

Шәкендер дәуірінің соңғы бір он жылында өрімталдай қазақ жастарын Мәскеудегі оқу орындарына топ-тобымен тоғытып алдық. Жас адамның санасынан гөрі кеудесі тез өсетіні белгілі. Алматыға қайтып оралған жастарымыз (режиссері бар, кинодраматургтері бар, әртістері бар), «жоқ, біз ол жолмен жүрмейміз» деп Ленин айтқандай, тың жол, тайғақ кешу іздей бастады. Көпті көрген ағаларымыз мұртынан жымиып отырса да біз жүрген сара жолдан шықпа деп ешқайсысын қақпайлаған емес. «Алдыңнан жарылқасыннан» басқа айтары болған жоқ. Қазақ киносының кейінгі толқыны – «жаңа толқын» деп ата­латын топ сол кезде қанаттанған еді. Сатыбалды Нарымбетов, Серік Апырымов, Ораз Рымжанов, Владимир Рерих, Миха­ил Аранышев, Аяған Шәжімбаев, киноактерлер – Жамбыл Құдайбергенов, Димаш Ахымов сол кездерде қанаттарын қомдап үлгерді. Самғайтын кезі алда деп үміттеніп жүргенбіз.

3. «Батыстың өзінен де батыс кету»

Осы күндері ойласам, «Совет киносы» деген ұғым «Батыс киносы» деген ұғымнан кем соқпаған екен. Өзінің түйедейін түймедей көруге, өзгенің түймедейін түйедей көруге әуес тұратын әдетіміз бар. Әлгі айтқан «жаңа кино жасаушылар­дан» кейін де бір жаңа топ араласты майданға. Ол топ, негізінен қала балалары еді. Тілдері шұбар еді. Шұбар емес-ау, сыңар еді. Ол топты мен: «Италия режиссері Антонионидың «Түнінде» туған тас түлектер» дер едім. Бұлар өз елін менсіне қоймады.

Жөні келсін-келмесін қазақ тұрмысын батыс қылмысына айырбастай берді. Жезөкше қыздар... өмірден түңілген бозбала­лар... нашақорлар... парақорлар... олардың негізгі кейіпкеріне айналды. Бұлар түсірген фильмнің әрқайсысынан «біз де сіздердей ойлай аламыз, біз де сіздердей ойнай аламыз» деген жағымпаздықты сезіп, ыза болатын едім. Жер шары «суық соғыс» деген майданға кіріп, аңдысып отырған кез еді ғой. Біздің жігіттердің батысша түсіріп апарған фильмдерін батыс қуана қарсы алды. «Ой, мыналар да адам болып қалыпты ғой» дегендей бірлі-екілі «кәмпит» ұстатып жіберді. Алғашқы табыстан басы айналған жігіттеріміз елге қайтып оралған соң Батыстың өзінен де батыстау кетуге барын салды. Сол кезеңнің символы ретінде мен Серік Апырымовтың «Түсте көрген түс» деген фильмін мысалға алайын. Серіктің «Түсте көрген түсі» – сол Антонионидің «Түні». Өмірден түңілген жігіт. Басын тауға да, тасқа да ұрды. Сол жалаңаш сезім. Өзіңнен-өзіңді жиіркендіретін жалаңаш көрініс. Өзгенің алдында жарамсақтанып, өз халқыңды байлап беру, қорлап көрсету. Айтпақ ойы, қорытындысы баяғы сол: «Біз де саған ұқсаймыз. Уа, құдіретті Батыс!» Батыс-Батыс деп жүріп батпаққа батқанымызды аңғармай да қалдық. Шын Батыс үшін ол қиқалаң, айна алдында тұрып бет-аузынды қисаңдатып, май­мыл сиқына ену – өткен шақ еді. 40-50 жылдан соң біз олардың тозған тонын киіп, мәз болдық.

Ең жаманы, сол жігіттеріміз әлі күнге дейін «Батыс» деген айнаның алдында тұрып, шимпанзенің рөлін ойнап келе жа­тыр.

4. Бірінші салдар

Өткен жылы көктемде Қазақстан киногерлерінің съезі өтті. Мінберге екі жүздей шебер көтерілді. Сөз тимей қалады деп өзеурегендер сөйлеп тұрған ағаларының жағасынан сүйреп, «тақтан» тайдырып жатты. 400-дей адам орнынан қарғып тұрып, «одағай ой» білдіріп жатты. «Сен кім едің, ей? Төрден тай қазір. Төр менікі» деп төтеден киліккендер де болды. Қазақ киносының бүгінгі халі туралы ең болмаса бір адам, бір қайраткер үн көтермеді. 400 адам сегіз топқа бөлініпті. Бұрын «тап тартысы» дейтін едік, енді «топ тартысы» белең алыпты. Тап тартысында дұшпаның кім екені анық еді ғой, топ тарты­сында топалаң тиіп, кәдеге жарамай қалып жатқан кандидат­тарды көрдік. Бір дауыс, екі дауыс алып, белі шойырылған көсемдерді көрдік. «Оу, азаматтар, киноның жайын қозғайық та. Күніміз ертең не болады? Жеткен жеріміз осы ма?» деп үн қосқан бір-екі ағаның жағасы жыртылып тынды. Үзіліс кезіндегі шөре-шөреде сегіз топтан төрт топ айқындалды. Бірақ жиналыс соңында сол 4 топтың өзі құрақ көрпедей қырыққа бөлінді. Кім жеңгені, кім жеңілгені белгісіз қалды. Съезд біткен соң кабинетке таласулар басталды. Сотқар белсенділер сотқа жүгінді. Содан бері табаны күректей бір жыл «кілем» астындағы күрес әлі тоқтар емес. Топтар... топтар...

Киноның халін кім жоқтар?

Тақырыбымыз тым ұсақтап кеткен жоқ па? Көркемдік шеберлік дегенді ұмыттық па? Егемен елдің өнерін кім жасамақ? Бастала беріп тоқтап қалған он шақты фильм сөреде жа­тыр. Газет-журналдарға сұхбат бергенде басшылар «он фильм түсіп жатыр, бес фильм түсіп жатыр» деп сол сөреде сұлап жатқан «құр сүлдерді» атайды. Ал шын мәнінде соңғы екі жылда түсіріліп жатқан жалғыз фильм. Ол Роза Мұқанованың шығармасы бойынша түсіріліп жатқан «Ләйләнің мінажаты». Жалғыздың мінажаты зар боп естіледі екен...

Осы фильмге мемлекет тарапынан бөлінген 70-80 милли­он теңгенің 80 пайызын көптен бері аштан-аш сұлап жатқан крокодил жұтып қойды. Крокодил дегенім – «Қазақфильм». Штаттағы жүздеген қызметкер, қаңырап бос тұрған залдар, павильондар, бөлмелер, суық сорып сүмірейген гараждағы көліктер, «тонвагендер», «лихтвагендер», алыстан жеткен каржының иісін сезген крокодилдің тістеріндей сақ-сақ ете қалады. Қаржы түсті деп естіле сала киностудияның кассасының алдында қан майдан басталды. Аш-құрсақ артистер, көзі қарауытқан режиссерлер...

Бір ғажабы – басшы қызметкерлердің мұрты майдан жылт-жылт етеді.273

5. Екінші салдар

Егемендік алғалы қазақ киногерлері негізінен Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында шыңдалып шығады. Сол шыңдалып шығатын шеберлерді маңдайынан шертіп таңдайтын комиссияның төрағасы биыл мен болдым. Қанағат, тәубе дедім. Жастарымыз баршылық. Жастарымыз ынталы.

Белгілі режиссер Ардақ Әмірқұловтың режиссерлік курсын он бала бітірді. Он диплом жұмысын көрдім. Дарынды жастар.

Бірақ... Он фильм бір фильм боп шығыпты. Он сюжет бір сюжет боп шығыпты. Он фильмнің он бас кейіпкері... Бас кейіпкер емес-ау, мас кейіпкер! Есірткі ішкен адамдай есеңгіреп қалған жастар. Бүкіл әлемді менсінбейтін қуыс кеуде. Мен кереметпін, мені неге мойындамайсың деген негізсіз талап. Талант емес, талап. Сол баяғы Батысқа қарап мөңіреу. Сол баяғы шұбар тілді «шеберлер». Өзінің қазақ екеніне намыстанатын «қайраткерлер». Тым сүмірейтіп жібердім бе? Жоқ! Бұл шын ашынғаным. Көрмес – түйені де көрместің кебі емес. Емтиханның соңғы күні он бірінші диплом жұмысы ко­миссия алдына көлденең тартылды.

Төралқа мүшелерінің көпшілігі, академияның көнекөз ұстаздарды, әлгі жүмысты менсіне қоймайтын сияқты. Біреуі келіп құлағыма сыбырлап үлгерді. «Фильмнің авто­ры бір байғұс қыз еді. Аяғы ауырлап қалып... Оң көзіңізбен карасаңыз, Әкім аға», – деді. Оң көзбен қара десе, сол көзімді кеңірек ашатын әдетім. Соғып тастауға әзірленіп отырдым. Фильмнің кейіпкері – қала шетінде тұратын қазақ әйелі. Екі баласы, екі сиыры бар. Алагеуімде тұрып, ала сиырдың емшегіне жармасады. Алжапқышын беліне байлап, бір шелек сүтті мықшыңдай көтеріп, аялдамаға қарай жүгіреді. Үйде екі бала ұйықтап жатыр... Әлгінің соңынан еріп, режиссер мен оператор да бүрсеңдеп жөнеледі. Тәкаппар қаланың тас үйінен тасыраңдап шыққан шашы күзелген қазақ келіншектері ты­жырынып тұрып әлгі байғұстың сүтін алуға мәжбүр. Күн шыға келіншек үйіне қайтты. Екі баланы жуындырып, киіндіріп, мектепке аттандырды. Екі сиырдың жемін, шөбін әзірледі. Кеш батты. Шам жанды. Екі бала үйге берген тапсырмасын әзірлеп отыр. Өңдері жүдеу. Бірақ кітаптары да, дәптерлері де тап-таза. Тағы да алагеуім... Тағы да ала сиырдың емшегіне жармасқан күс-күс саусақ... Тағы да есі кетіп аялдамаға қарай жүгірген әйел... Тағы да тас қаланың тас үйлерінен тасырайып шыққан тас жүрек, қырма шаш қатындар...

Қарапайым тірлікті көргенде көңіл шіркін езіліп жүре берді. Он бес минуттың ішінде әлгі ұсқынсыз қара келіншек жан сұлулығын танытып үлгерді. Мені жібіту қиын. Жы­лап жіберуге шақ қалып отырдым. Бүгінгі Қазақстанның халі осы. Батыс емес, Шығыс... Біз ІІІығыс елі екеніміз есіме түсті. Қазақстанға қайтып оралдым. Бірақ сөз сыңайынан байқадым, соңғы автордан өзге он дипломант Қазақстанның көк желкесінен асыра қарауын қояр емес. Егеменді еліміздің мүддесі, іргесі, ұлттық намыс, ана тілдің мүшкіл халі тура­лы толғанып-ақ айтқан сияқты едім. Бірақ оқу бітіріп тұрған, кеудесіне нан пісіп тұрған жастардың миына мен қаққан шеге бата қоймағанын сездім. Түңіліп-ақ кетер едім, бірақ әлгі бір фильм туннельдің арғы шетіндегі жарық сәуледей, қорықта жанған шырақтай көңіліме қуаныш сыйлай берді.

6. Күрсінесің, күлесің

Қала шетінде крокодил жатыр. Аш. Ол – киностудия. Бәлен айдан бері жарыққа, ыстық-суық суға, өндірістік алаңдарға төлем төленбеген. Оларды қашан төлейсің деп, үкіметке қашан пайда түсіресің деп жалаңдап, аңдып, салықшылар самсап жүр. Астанадан қаржы келсе ең алдымен қағып кететін солар. Одан қалғанды мұртын майлауға жұмсайтын кино төңірегіндегі шенеуніктер. Бұғалтырының айлығы әлемге әйгілі киноре­жиссер Сатыбалдының жалақысынан бес-алты есе артық. Көркем шығарма жасайтын, заман келбетін кескіндейтін киногерлердің сиқы – қол жайып жүрген құлдың кейпі. Шырт түкіріп, шіреніп жүрген басшылар кино дегенді арық қазу деп ойлайтын сияқты. Жиналып, кеңесіп, көркемдік туралы сөз қозғайтын Күлтөбе жермен-жексен болған. Совет заманынан қалған бір мысқыл мысал бар еді. «Киностудияның директо­ры таңертеңгі лездемде үстелін тоқпақтап отыр дейді. «Кеше неге кино түсірілмеді? Кешегі норма неге орындалмады?» деп айқайлайтын көрінеді. Режиссер байғұс сүмірейіп орнынан тұрады.

– Ойбай-ау, басеке-ау, қалай түсіремін? Кеше Тонваген де, Лихтваген де жұмысқа шықпады ғой, – депті. Сонда директор шіреніп отырып, шырт түкіріп, айтты дейді:

– Ендеше Тонваген де, Лихтваген де бүгіннен бастап қызметтен қуылсын!»

Оқырманымыз: «Бұл Тонваген, Лихтвагендер деген кім?» деп отырған шығар. Бұл екеуі де кино түсіруге қажетті машинаның аты ғой!

Бүгінгі киностудияға кіріп барсаң сол баяғы «Тонваген» мен «Лихтвагенді» қызметтен шығаруға дайын отырған директор­ды көресің. Күрсінесің, күйінесің... Күлесің. Күйзелесің.

Киноның халі қинайды мені.

Әкім ТАРАЗИ,

2001 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: әкім тарази, КИНО, 85 жаста
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар