Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Нобель сыйлығының лауреаты И.Буниннің «Зұлматты кү...

16.05.2018 3548

Нобель сыйлығының лауреаты И.Буниннің «Зұлматты күндер» шығармасы (соңы)

Нобель сыйлығының лауреаты И.Буниннің «Зұлматты күндер» шығармасы (соңы) - adebiportal.kz

11 маусым.

Әлдеқалай ерекше баппен оянып, бірақ ізінше мына зұлматтан өліп бара жатқандығымды аңдап, зәрем ұшып кетті. Әрі жын соққан адамша не болса соны, көзіме көрінгеннің бәрін жазғыштай беретін бюолыппын... Бірақ ендігі бәрібір емес пе!

Гәзиттерді әрең тосып алдым. Бәрі мажырап тұр:

«Біз Богучарды тастап шықтық... Біз Царицыннан 120 шақырымдай жерде, батыста жатырмыз... Қансорғыш Колчак Деникинмен түйісуге бара жатыр...»

Және кенет:

«Жұмысшыларды азаптаушы Гришин-Алмазов атылып өлді... Троцкий поезда шығатын гәзитте былай деп хабарлаған – біздің миналы эсминец Азов теңізінде Колчакқа Деникиннің хатын апара жатқан белгілі қара жүздікші және қанішер Гришин-Алмазов мінген пароходты ұстап алды. Гришин-Алмазов атылып өлді».

Масқара хабар. Жалпы дүрлікпе күн болды. Деникин Феодосияны, Алуштаны, Симферопольді, Александровскіні басып алыпты деседі…

Сағат таңғы төрт.

Немістермен қол қойылды. Деникин Харьковты алды!

Қуанышыммен бөліскелі аула сыпырушы Фомаға бардым. Бірақ ол қайғыра береді:

– Сеніңше, мынау енді қашан бітеді, өзі?

– Қашан? Қарғаның қанаты ағарып біткенде ғана. Енді зұлымыңыз күшейіп алды. Әне қызылармияшылардың айтып жүргені: «Бар пәле – жебірейлерден, олар коммунисттер, ал большевиктердің бәрі орыс». Ал меніңше кекшілдіктің тамыры сол қызылармияшылардың өздерінде жатыр. Бәрі де азғындар, бәрі де қанішерлер. Сіз енді есептеп көріңіз, олардың қаншасы іннен шықты! Солардың бейбіт тұрғынға істемегені қалды ма! Көшеде келе жатады да, кенет: «жолдас азамат, сағат қанша?» дейді. Анау аңқау байғұс, сағатын суырып алады да: «Екі жарым!» деп қойып кеп қалады. – «Әй, шешеңді пәлен қылайын, қайдағы екі жарым, ал біздің ше, кеңесше, бес емес пе? Яғни, сен ескі режимшіл екенсің ғой?» – Сағатын жұлып алады да жаяужолға сарт еткізеді! Жоқ, сөйткен режиміңіз таза күшейіп алды. Ал басқалары мүлде әлсіреп қалды. Сіз бұл күнде көшеде келе жатқан бұрынғы мырза мен ханымға көз салыңыз: не болса, соны іле салған, жағасы майысып қалған, бет-ауыздары қырылмаған, ал бикеште шөлке де жоқ, бүкіл қаламен су құйған бедірені сүйреп келеді, – бітті, не болса, сол болсын деген сыңай. Ал мен өзім жайлы да айта кетейін: әлі күнге әлденені тосасың да жүресің, түк те істегім келмейді. Тіпті жаз да әлі келмеген сияқты.

Залымды құдай атады. Бағзы көне заманның өзінде жирендер мен бет сүйегі шығыңқыларға деген жалпы жиреніш ғаламат болған. Сократ сұрқай беттілерді таза көргісі келмеген. Ал заманауи қылмыскерлік антропологияның анықтағаны: «туа қылмыскерлер» дейтіндердің басым көпшілігінің – беттері сұрқай, жақтары үлкен, төменгі жақ сүйегі дөрекі, көздері терең орныққан болып келеді.

Осындайда ана Ленинді және мыңдаған өзгелерді қалайша еске алмайсың? (Айтқандайын, қылмыскерлік антропологиясында туа қылмыскерлерлердің, әсіресе әйелдердің арасында қуыршақ, «періште» сипаттары да жиі кездесетінін атап өтеді. Бір ғана мысал – Коллонтайды (А.М. Коллонтай (1872-1952) кеңес қайраткері, дипломат, публицист. – Ауд.) еске алыңыз.

Ал қызылармияшылдардың және негізі орыстардың қарапайым қаратабандары арасында моңғолдық арғытектік белгілерге малтыққан сұрқай беттілер, жағы шығыңқылар мен шүңірек көздер қаншама өріп жүр десеңізші! Бәрі де Мурома, ақкөз Чудьтің өзі... Міне тек солардың арасынан ғана орыстың әлеуметтік революцияның «батыл қарақшыларының» тобыр-тобырын, қаңғыбастарды, жалаңаяқтар және тағы басқалардың баршасын, төңкерістің мақтанышы мен үміткерлерін жинақтадық қой. Енді нәтижелерге таңданып не бар?

Тургенев Герценге: «Сіз тұлыпқа табынасыз, одан болашақ өзіндік порымдардың жаңашылдығы мен мейірбандығын көресіз» деп наз айтқан екен. Порымдардың жаңашылдығы! Бар гәп кез келген орыс бүлікшілдігінің (әсіресе қазіргісі) алдымен Русьтегі бұрынғының ескілігін, алдымен кейіпсіздікті аңсайтындығын анық көрсетеді. Ғасырлар бойында муромдық, брындық, сарытаулық, т.б. «қанішерлер», қашқындар, қолдан келмеске ентелеумен ғұмыры өткен бүлікшілер өшпес іздерін қалдырған. Русь – бүлікшінің классикалық елі. Әулие-әмбиелер де, биік те кемел қамалдың құрылысшылары да болған. Бірақ олар ұзақ та тоқтаусыз күрес барысында қаншама бүлікші, қиратушы, қантөккіштермен арыстанша алысты десеңізші!

Қылмыстық антропология сондай-ақ кездейсоқ қылмыскерлерді де ажыратады: бұлар ойда жоқта қылмыс жасап алған «әлеуметтік инстинктіге қарсы адамдар». Ал «инстинкті» қылмыскерлер мүлде басқа. Бұлар қашанда балалар, жануарлар секілді болып келеді, олардың басты белгісі – қиратуға аңсарлық, әлеуметке қарсылық.

Міне қылмыскер қыз. Бала кезінде көкбет, ерке болған. Жастық шақтың алдында қиратуға деген жігері ойнақтай бастайды: кітаптарды дал-дұл жыртады, ыдыс-аяқты сындырады, өз көйлектерін өртейді. Ол көп және ашкөздене оқиды әрі жақсы көретіндері – өрекпіген, буырқанған романдар, қауіпті оқиғалар мен аяусыз әрі есалаң ерліктер. Бір көргенге ғашық бола қалады, ұятсыз жыныстық қатынастарға оңтайын беріп тұрады. Және қашанда сөйлеген сөздерінде мықты қисындылық орын алады, өз кінәсін өзгеге лып еткізіп арта салады, жалғандығы соншалық, өтірік айтқан адамдарының күдігін байлап тастайды. Міне қылмыскер жас жігіт. Ағайындарының саяжайына қонаққа барған. Бар бітіргені – ағаштарды сындырған, қабырғалардың тұсқағаздарын сыдырып тастаған, терезелерді қиратқан, діни рәміздерді былғаған, күллі жерге ұятсыз суреттер салған. Деген әлеуметке қарсылық...» Мұндай мысалдар мыңдап саналады.

Бейбіт кезде біз әлемнің осындай оңбағандардан қайнап жататынын ұмытып кетеміз, бейбіт кезде олар түрмелерде, сары үйлерде отырады. Бірақ «державалық халық» тойлайтын кез келеді. Түрмелер мен сары үйлердің есіктері айқара ашылады, тергеу орындарының мұрағаттары жалынға оранады, масқара жүгенсіздік – вакханалия басталады. Орыстық вакханалия өзіне дейінгілердің бәрінен асып түсті – тіпті Стеньканың жартасына барып, Степанның айтқанын, не ойлағанын тыңдауға шақырғандардың өздері де таң қалысып, күйінішке түсті. Ерекше таңғалыс! Степан әлеуметтік жайлы еш ойлай алмаған, Степан «туа» зұлым тұқымнан шыққан, ал ондаймен, шамасы әлі талай жылдар соғысуға тура келер.

Он жетінші жылдың жазын әлдебір ауыр науқастың басталғанындай қабылдадым – иә, аурусың, басың қайнайды, ойларың әңкі-тәңкі, айналаң албасты басқандай, бірақ әзірше аяқтарыңда қалтаңдап тұрғанда әлі соңғы тәндік және рухтық күштердің қалғанын уыстап алып, әлденені үздіге, алқына тоспалайсың.

Ал биылғы жаздың аяғына қарай, бірде таңертең гәзитті ашып қалғанымда, мен кенет бозарып, денем естен тану алдындағыдай босап сала берді: көз алдыма жуан қаріптермен жазылған – «Баршаңа, баршаңа, баршаңа!» деген шыңғырған аттанға көзім түсті: Корнилов – «бүлікші, революция мен отанның сатқаны...» дейді.

Ал сонсоң үшінші қараша келді.

Ресейдің Қабылы, өзінің бар жанын отыз күміс ақшаға сатқан, албастының аяғына тастаған ібіліс шалқыған тойға кірісті.

Апта бойына бір тобыр ғана юнкерлер қорғаған, апта бойына лаулап жанып, алапат канонададан есін танған Мәскеу ақыры берілді, ақыры тыныш тапты.

Бәрі тыныстады, құдай салған, адамдар салған барлық кедергілер мен бекіністер табанға түсті, жеңіске жеткендер оның әрбір көшесін, әрбір ғимаратын басып алды, әрі киелі қорғаны болған Кремльдің төбесіне өз туын тікті. Және менің бар ғұмырымда тап мынадай зәре ұшарлық күн болған емес, – Жасаған көріп тұр ғой, тура солай!

Төрт қабырғалы апталық тұтқыннан ұйқысыз да еш тамақсыз теңселіп қалған мен үйден әрең шықтым – айнала бекітіп тасталған ғимараттарға жаулар мен қару-жарақ іздеген «жарқын болашақ жолындағы күрескерлердің» қандықол тобырлары ендігі үш рет шабуыл жасады: жеңістен масаттанған, самогон мен малдық жеккөрушіліктен көндері кеуіп қалған, тағы жанарлары алақ-жұлақ еткен албастылар барлық «ұлы революциялардың» рәсімдеріне суарылған қилы құралдарын кезеген кейіптері анау...

Кеш келген күздің қараңғы да тастай, ылғалды қысқа кеші орныға бастады, қарғалар қарлыға қарқылдап жатты. Аяшышты, әбден ластанған, абыройы айрандай төгілген, аласапыран атыстың астында қалған сорлы Мәскеу кәдуескі кейпіне кіре бастады.

Кірешілер жөнеп берді, көшелерге масаттанған мәскеулік қаратабандар қаптап кетті. Әлдебір албасты кемпір жасыл көздері жалақтап, кеңірдегі ырсиған күйі аттандап тұр:

– Айналып кетейін, жолдастар! Аналарды сойыңдар, суға батырыңдар, бауыздаңдар түге!

Мен біраз тұрдым, көз салдым – ақыры үйге қарай сөлбеңдеп қайттым. Ал түнде жалғыз қалғанда, әдетте көз жасыма жол бермейтін басым еңіредім келіп, еңіредім келіп.

Ал сонсоң мен енді жалғыз емес, көппен бірге Іңкәрлік аптасында, қараңғы кештерде, қараңғы Мәскеувдің дәл ортасында, есіктері сарт жабылған Кремльдің қасында тұрып жыладым, шырақтары әлсіз жарық сепкен көне шіркеулердің жанында тұрып, «Теңіз толқынымен қуылған, су астына жасырынған қинаушылар...» деген әуенге қосылып жыладым...

Сол күндері осынау шіркеулерде бұрын ешқашан болмаған, ешқашан жыламағандардың баршасы иық тірестіре тұрып, көз жастарына қалай ерік берді десеңізші!

Ал сонсоң мен өзімнің артымда Ресей мен бұрынғы ғұмырымды артқа тастап, Оршадағы жаңа орыс шекарасын артқа тастағанда, осынау бақытсыздық пен адам кейпінен айырылған теңізден әрең шыққанымда көз жасымды көл ете жыладым. Өкірген тағылардың тобыры Мәскеуден Оршаға дейінгі аралықты, күллі жолдар мен платформаларды құсықтар мен боқ-сідіктің айдынына айналдырған еді...

13 маусым.

Иә, келісімге қол қойылды. Енді де Ресей жайлы ойланбас па екен, өзгелер? Ақиқаты ендігі айтылған: «Құдайға сенгендер, шындықты, қане, жақтаңдар!» ондаған миллион орыстар жалына көмек сұрап айғай салуда. Біздің мына «ішкі істерімізге» қалайша ғана араласпайды, жын қаққан горилла жайлаған, ендігі қанға тұншыққан баспанамызға неге басып кірмейді?

15 маусым.

Гәзиттер тіпті құтырынып кетті: «Шапқыншылар тайпасы Германияның кеңірдегінен қылғындыруда! Енді бір сәтте жанартау жарқ етеді, коммунизмнің алқызыл туы бүкіл ғаламға жалынын шашады! Тек қапы қалмайық... Қане, дабыл қағылсын! Созалаңдап жатуға уақыт жоқ!»

Киевтік «Коммунисте» Бубновтың «қызыл армиясының Деникиннен адам естіп көрмеген тым-тырақай қашқандығы» жайлы тамаша сөзі басылыпты.

16 маусым.

«Харьков патшалық қанішер Деникин тасқынының астында қалып, сылқ құлады... Ол Харьковке алтын погонды және мастықтан аюанданып кеткен ғұндардың ордасын жіберді. Осынау тағы орда шегіртке тәрізді таң қалған елдің үстімен, жарқын болашақ үшін күрескен батырлардың қанымен жаулап алынғанның бәрін қырып-жойып келе жатыр. Әлемдік империалистер тобырының малайлары мен сілімтіктері еңбекшіл халыққа тек дарларды, қанішерлерді, жандармдарды, еңсе көтертпес еңбек пен құрдым орнатар құлдықты әкеле жатыр...»

Мынаның біздің барлық «революцияшыл әдебиеттен» айырмасы қане? Бірақ шайтан алсын соларды. Қуанғанымнан басым мұздап қоя берді...

Ал «Григорьевтік бандыларды» жою әлі «жалғасуда».

17 маусым.

Дерибасовская көшесінде жаңа плакат: балта ұстаған қарабайыр мұжық пен қайла ұстаған жұмысшы қызылармияшының найзасы тесіп өткен тапал генералдың жалтыр басын аямай шегендеуде; «Сабаңдар жігіттер, даңғырлата сабаңдар!» Бұл тағы «Саяси басқарманың» жұмысы. Сол мекеменің есігі алдынан шығып келе жатқан С. Юшкевичті кездестірдім – ол немқұрайды дауыспен Харьковты большевиктер қайтадан алды деп хабарлады.

Үйге мас адамша сенделіп әрең жеттім.

Түнде.

Шамалы тынышталған сияқтымын. Бәрі де Харьковтың қайта алынғаны жай сөз десіп жатыр. Ол аздай Деникин Екатеринослав пен Полтаваны басып алыпты, большевиктер Курск, Воронежді көшіріп жатыр, Колчак олардың майданын Царицын бағытында жарып өтіпті, Севастопольге ағылшындардың 40 000 адамдық десанты төгілген деген әңгіме және шықты.

Кешкісін желекжолға келдім. Алдымен С.И. Варшавскийдің әйелі және қызымен бірге отырдым. Қыз кітап оқып отыр. Ол скаут (жастардың ерікті, бейсаяси, таныдық қозғалысы. – Ауд.) Сауалдарға өз жастарындағы бойжеткендерше қысқа да нұсқа жауап қайтарады. Воронцов сарайының сырт жағындағы аспанда тұрған жаңа туған айдың орағы, бозғылт, нәзік, сәл жасылдау аспан, мына мейірбан жүзді жас қыздың кітапты ежіктей оқуы, Харьков жайлы большевиктер сыбысының жалғандығы – міне, осының бәрі ішіңді жанға тие жібіткендей сезім кештім.

Және айтып жатты: былтыр Одессаға немістер келгенде, «жолдастар» көп ұзамай олардан таң атқанша бал өткізуге рұқсат сұрапты. Комендант неміс жиіркенішпен иығын қопитыпты: «Ресей деген таңғажайып ел! Несіне жетісіп көңілденеді екен?»

18 маусым.

«Соңғы жан беріспес шайқас! Бәрің де қатарға қосылыңдар! Қара бұлттар қоюлана түсуде, қара қарғалардың қарқылдағаны күшейіп барады!» – тағысын тағылар.

Киевте Раковский халықаралық жағдай жайлы баяндама жасапты «Революция бүкіл әлемді шарпыды... Жыртқыштар тапқандарын бөлісе алмай қырқысуда... Венгриядағы контрреволюцияны біз қанға бөктіреміз!» Және әрі қарай: «Масқара! Харьковте айналдырған төрт деникинші біздің көптеген эшелондардың ішінде адам сенбес зобалаң туғызған!» Және баршаның түйініндей: «Курскінің құлауы әлемдік революцияның сипатын әкеледі!»

Әлгінде ғана базарда болып едім. Қолына гәзиттің шұғыл нөмірін ұстаған әлдебір жалаңаяқ жүгіріп келеді: «Біз Белгородты, Харьков пен Лозовоені қайтарып алдық!» – Табан астында көзімнің алды қарауытып кетті. Тіпті құлап қала жаздадым.

19 маусым.

Кеше базарда құлай жаздағанымды бірер минөт сезіп тұрдым. Мұндай менде ешқашан болмаған. Сонсоң топастық, дүниенің бәріне деген, тірлікке деген жиіркеніш жаулап алды. Түстен кейін Щ.-нікінде (Татьяна Львовна Щепкина-Куперник меңзеліп отыр – ол В.А. Муромцева-Бунинаның жазғанындай, оған 20 маусымда былай депті: «Тыныш ұйықтай беріңдер. Мәскеуден «жазушыларға тиіспеңдер» деген бұйрық келіп жетті») болдым. Онда Лурье, Кауфман отыр екен. Тілгәрамға ешкім де сенбейді, ал оны Аткомның бұйрығымен, Фельдманның күштеуімен жариялапты. Мен бұл тілгәрамды әр сөзін таразылау үшін сатып алдым. Әр сөзі пышақпен кескендей, жаныңды төңкереді: «Од. Кең. жұм. шар. және қызыларм. депутаттары Хабарларының бюллетені. Қызыл әскерлер Харьковты, Лозоваяны, Белгородты қайта тартып алды. Тікелей желі бойынша 18 маусымда, 1 сағ. 35 мин-те Киевтен қуанышты хабар жетті: Харьков, Лозовая, Белгород ақгвардияшыл бандалардан тазартылды, олар үдере қашуда. Деникиннің тағдыры шешілді! Курскідегі пролетариат шаттыққа бөленуде...» ...+

+...Сонымен 500 шақырым кеңістікте бірден жеңіс орнады. «Энтузиазм в Полтаведе» енді оның бүтін де сақталғандығын көрсетуі тиіс. Ал сыбыстар болса, басқаша жариялауда: Камышинге, Ромоданға, Никопольге біздікілер кіріп алыпты-мыс.

Бүгін жетіде ұшып тұрдым да, әрқайсысынан бір-бірден гәзит сатып алдым: «Харьков, Лозовая мен Белгородқа қайтадан біздікілер кіріп алыпты деген айналыста жүрген сыбыстар әзірге расталмай тұр...» Қуанғаннан өз көзіме өзім сенбей қалдым.

Түстің алдында Розенбергтер келіп қалды. Тағылық қой! Олар болса жайбарақат – «сыбыстар әзірге расталмай тұрса», тіпті тамаша ғой, онда тұрған не бар дейді...

20 маусым.

«Батыста революция толқындары буырқанып жатыр... Деникин аштықтың құлшылық шынжырын сүйретіп келеді... Құтырынып алған ақгвардияшы бандалардың ызамен тықсырып, аса бір өшпенділікпен адам атқысыз террорлыққа баруда... Қорғансыз пролетариат бандалардың талапайына түсіп кеткен... Фронтта да, тылда да контрреволюциялық жауыздарды аяусыз сығымдап тастау керек... Буржуазия мен ақгвардияшы сұрқайларға, сатқындарға, қастандық жасаушыларға, тыңшыларға, қорқақтарға, өз басын ғана ойлайтын оңбағандарға қарсы аяусыз террор қажет... Буржуйлардың артық ақшаларын, киімдерін тартып алып, өздерін тұтқындап кепілдікке алу керек!»

Осының бәрі енді гәзиттен ғана емес, «Советтік Социалистік Украина Республикасы Наркомвнудел-дің (Халкомішкіістердің)» үндеуі бойынша да «жексұрындардың» аямай жазасын беру қажет деп көрсетілген.

Қала үйлерінің қабырғаларына үндеу атаулы қаптап кетті. Ол жерлерде де, гәзиттерде де осы оңбағандардың істеріне туралы неше түрлі сұмдықтары келтірілген.

«Біз Константиноградты тастап шықтық… Харьковты қаңғыған бандалар басып алды... Харьковты иеленудің өзі Деникинге қажетті нәтижені бермеді... Біз Корочты тастап шықтық… Біз Лискиді тастап шықтық… Жаулар бізді Царицыннен батысқа қарай тықсыруда... Біз есі шыққан Колчакты қуып келеміз... Румыния үкіметі құрудың алдындағы жанталаспен арпалысуда... Германияда революция белең алып тұр... Даниядағы революция өршелене өріс алуда... Солтүстік Ресей сұлы мен мүкті талғажаулауда... Көшеде естен танып және өліп жатқан жұмысшылардың құрсақтарынан көрпе, шүберектердің жыртындылары табылуда... Көмек қажет! Соңғы сағаттар соғуда! Біз жыртқыштар да, империалистер де есеспіз, біз аумақтарымызды жауға қалдырып бара жатқанымызға да мән беріп жатқан жоқпыз...»

«Известияда» мына өлең басылыпты:

Товарищи, кольцо сомкнулось уже!

Кто верен нам, беритесь за оружье!

Дом горит, дом горит!

Братец, весь в огне дом,

Брось горшок с обедом!

До жранья ль, товарищ?

Гибнет кров родимый!

Эй, набат, гуди, мой!

Ал «асы бар тостағанға» келетін болсақ, ол жоқтың қасы. Ең бастысы біздің басымыз ашқұрсақтықтан айналуда. Ал базарда тура тастың, көңнің үстіне отыра қалып ескі-құсқыларын сатып отырған қаптаған жұрт, шіріген көкөніс пен картоп ілуде-шалуда ғана. Одессаның айналасындағы биылғы өнім тіпті Інжілде келтірілгендей десе болады. Бірақ мұжықтар ешеңені тасып алуға құлықсыз, шошқаларының астауларына сүт құйып, кәді тастай салуда, ештеңені жеткізіп алғылары келмейді...

Біз тағы да архиерей бақшасына бара жатырмыз, ол жаққа жиі қатынайтын болдық, бүтіндей қалада тыныш та таза жер сол ғана. Ол тұстан қарағандағы көрініске жаның ауырады, – тұтастай қырылып қалған ел дерсің. Айлақтың байлық пен халыққа лық тола болғанына көп болмап еді ғой... енді міне, жылан жалағандай кемежайдан қалған тұқылдардың өзін тот басқан, қабырғаларының сырты қопарылған, сыдырылған, ал Пересыпьта тұрып қалған зауыттың қаңыраған мұржалары сорайып-сорайып тұр. дегенмен бақ іші тамаша, жан жоқ, тыныштық. Шіркеуге жиі бас сұғатын болдық, кірген сайын діни қызметкерлердің ән салулары көзіңе жас үйіреді, шырақтармен аластап жүргендерге бас иію, жер басып қайғырып жүрген пендеңізге нәзік қана сабырлылық жіберіп, ізгі ниет пен қайырымдылықты сондай әсемдікпен, әдептілікпен себеді. Осындайда ойға келетіні – мен өзім де солардың қатарына кіретін орта – осы шіркеуге тек жерлеу рәсімдеріне қатысу үшін ғана келіп жүргенбіз! Мысалы редакцияның бір мүшесі, статистика бөлімінің меңгерушісі, университетте немесе жер аударылғанда бірге болған жолдастарды шығарып салғанда... Ал сол кездің өзінде тезірек баспалдаққа шығып, шылымға қашан қол жеткізсек екен деген ойда ғана болатынбыз. Ал сонда мәйітке не жасадық? Оның өткен ғұмыры мен мына оқылып жатқан дұға, ортасына сүйектен лимон орнатып өрген гүлшеңберінің арасында еш байланыс болмай ма?!.

P.S. Осы жерде менің Одессадағы жазбаларым аяқталады. Ал бұдан кейінгі жазған парақтарымды жерді қазып жасырып қойып едім, 1920 жылдың қаңтары аяғында Одессадан қашып шығар алдында таппай-ақ қойдым.

Марал ХАСЕН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар