Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен үзінді...

16.05.2018 5258

Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен үзінді

Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен үзінді - adebiportal.kz
16.05. 2013

Ауылды ойлансаң әр неңе есіңе түседі. Азғантай ауылдың әр отбасының өзіндік бір ерекшелігі болатын. Соның бірі - етене жақын ағамыз Кенжетайдың әулеті. Өзі аурушаң болды, ерте кетті дүниеден. Жеңгеміз Жібек – Қоңырдың қызы, ұзын бойлы, қатқан қара еді. Қайратты, ақынжанды кісі еді. Арқасы болатын. Ілгеріде ауылға бақсы келеді, қобыз шалады, зікір салады. Қобыз шала бастағаннан жұрттың бәрі Жібекке қарайтын. Қобыздың үні бойына тараған сайын Жібек керіліп-созылып, иығын жазып, әупілдеп, ерекше күйге енетін. Бүгіндегі транс дейтініміз сол болу керек. Түрі де біртүрлі еді. Ақын еді. Табан астында суырып салып, төңіректі күлдіріп отыратын. Өлеңдетіп сынауға да шебер еді. Әңгімешіл болатын. Жұпыны, құбатөбел тұрмыс кешті. Балалары да өзі секілді қу тілді болды. Үлкені Махмұт ағамыз әнші еді. «Қыз Жібекті» түгел бір өзі айтып шығатын. «Юран-ай» дейтін әнді мен алғаш сол кісіден естідім. Одан кейінгісі – Тұрар менен үш жастай кіші еді. Адамның мұндай жүйрік, желаяғын көрген емеспін. Жүйрік еді. Бүгіндері ойласам олимпиада чемпионы болатын еді. Онан кейінгісі – Тұрлыбек. Жұрт оны Ләбек деп атап кетті. Кенжесі Оңал дейтін қыз еді, бейшара мешел болатын. Екі қолымен жер тіреп, ескекті қайықшыдай итеріп, құйрығымен жүретін. Бүгінде бұлардың ешқайсысы да жоқ. Тұрарды өзім оқыттым. ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірді. Ләбегі ұста еді. Ауылдағылардың әжетін сол ашып жүретін. Пышақ, балта, күрек, айыр, шаппа-шот, арба – бәрін де жасай беретін. Қорабайдың Жолдасы дейтін ағамыздан кейінгі дүкен ұстаған ұста осы Ләбек еді. Құлағы ауырлау болатын.

Олардың Рәзия дейтін шешесі болатын. Оның кім екенін білмеймін, өз әулеті де, жұрттың бәрі де Рәзия деп атын атайтын. Жынданып кеткен кісі еді. Ешкімге зияны жоқ. Өзімен өзі күбірлеп сөйлесіп жүретін. Аласа бойлы, мұрын ортасы батыңқы, пұшық қара кемпір болатын. Жүріп келе жатып, біреумен сөйлескендей кәдімгідей күлетін. Құдайдың құдыреті де, перзентсіз өтті, бейшара. Мен елден оқу іздеп ерте кеттім. Қашан, қалай өлгенін де білмеймін байғұстың.

Жібек жеңгеміздің отбасы ылғи күлкі болатын. Бала кезім. Күз. Бір күні таңертең үйлеріне келсем, бәрі пештің түбінде жұмбақ айтысып отыр екен. Мен кіргенде жұмбақ айту Махмұт ағамыздың кезегі екен:

- Қаралау келген қатыңқы, мұрын ортасы батыңқы – ол кім? – деді.

Ләбек бірден:

- Ол – Рәзия, - деді.

- Қара есегі жауырлау, оң құлағы ауырлау – ол кім? – деді.

- Ол мен, - деп, мұның да жауабын Ләбек берді.

Жұмбақ осылай жалғаса берді. Елге белгілі осындай әңгімелері көп болатын.

Жібек жеңгем 103 жасады. Мен алпысқа толғанда 1997 жылы ұзақ әңгіме айтты. Үйіне барып сәлем бергенде, төсекте шүйкедей боп жатыр екен. Арыстандай ақырып жүрген, бойы сырықтай қайран жеңгем-ай, бүгінде үкінің балапанындай болып қалыпсың-ау дедім. Қолымды ұзақ ұстап отырып:

- Шырағым, шырағым, шырағым. Қайнағаның, жеңешемнің көзі, халқымның сөзі, би атасының өзі, бұрынғының бәрі кетіп, қазан болып жатысымыз мынау, бәрін де естіп жатамын, елдің абыройлы азаматтарының санатындасың, аман бол, шырағым, - деп батасын берді.

Мен алпысқа толғандағы Жібектің әңгімесі таспаға жазылып алынды. Менің архивімде.

Қорықтың баласы Нұртаза дейтін ағамыз болды. Сартай, Елемес дейтін ұлдары, Айнаш, Теңгеш дейтін қыздары болды. Сартай 1922 жылғы, менің үлкен ағам Омартаймен құрдас еді. Елемесі ұмытпасам, 1925 жылы туылған. Гармонь тартатын. Домбыра ұстағанын көрген емеспін. Кішкентай сандығы болатын. Етпеттеп жатып соның ішіндегі хиссалардан оқитын. Жұрт жиналып тыңдайтын. Тарихқа, әдебиетке деген менің ынта-ықыласымды оятқан сол Елемес жәкем. Үні де сондай жайлы болатын. Баяғы хисса, эпос, дастан мақамымен әдемі айтатын. Соның бір мақамын осыдан екі-үш жыл бұрын айтыскер ақынЕркебұланға үйретіп, диктофонына жаздырып едім. Бүгінде есіметүспей жүр.

«Алпамыс», «Қобыланды», «мұңлық-Зарлық», «Қыз Жіббек» эпос-дастандарын ең алғаш Елемес жәкемнің аузынан естіген едім. Әсерлі оқитыны соншама, тыңдап отырған жұрт кей тұстарда: «ой, қу дүние-ай», «жалған-ай десейші», «қайтсін енді» деп үн қосып, жарыса сөйлеп отыратын.

Бүгінде хисса оқитын да, ертегі, жұмбақ айтатын да адам жоқ.

Біздің үйді ауыл «үлкен үй» деуші еді. Темір бидің шаңырағы. Күнде тіреудің түбінде дастархан жаюлы болатын. Бүкіл ауылдың әйелдері таңертең үйге келіп, үш рет сәлем қылып, тізе бүгіп, дастарханнан дәм татып кетуші еді. Дастарханның тіреудің түбіне жайылатыны – келіндер төрге шықпайды.

Молда Әбдірәсіл жәкем келгенде апам бәйек болып күтетін. Жәкем аруақтарға арнап заулатып құран оқитын. Өте беделді, қасиетті кісі еді. Апам кебісін қойып жататын. Бүгінде Әбдірәсілдей молданы көре алмай жүрмін. Олар Алланың жолындағы, иман үшін жүрген асылдар еді, бүгінгі молдалардың көбі тапқан-таянғаны, жиғаны үшін жүргендер сияқты. Олардың бойынан Әбдірәсіл жәкемнің бойындағыдай қасиетті көре алмаймын.

Менің туған ауылым – Батыс Түрік қағанатының өркен жайған бір аймағы. Бала кезімізде шомылып жүріп, Қапшағайдың жарларынан неше түрлі таңбаларды, кескіндерді; қырдан талай аңыртастарды көретінбіз. Менітүркологияға алып келген құдыреттердің бірі сол болу керек.

Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар