Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Бабалардан жеткен асыл мұра - бүгінгі рәміз!...

04.06.2018 11884

Бабалардан жеткен асыл мұра - бүгінгі рәміз!

Бабалардан жеткен асыл мұра - бүгінгі рәміз! - adebiportal.kz

Бүгін Тәуелсіз Қазақстан үшін аса ерекше мерекелердің бірі – Мемлекеттік рәміздер күні. Сонау 1992 жылы дәл осы 4 маусым күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері қабылданып, күллі әлемге Қазақ халқының елдігін танытатын құндылықтарға айналды.

Ал оларды дүниеге келтіру, әрбір қазақстандықтың кеудесіне мақтаныш сезімін ұялата алатындай рухты рәміз етіп шығару сан салалы сынақтан өткізілген ұзақ жол еді. 1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік рәміздерін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы Жоғарғы Кеңес президиумының Қаулысы жарық көрді. Осы қаулыға сәйкес комиссия құрылып, оның құрамына Серікболсын Әбділдин, Салық Зиманов, Сауытбек Абдрахманов, Ербол Шаймерденов және басқа да қоғам және мемлекет қайраткерлері кірді. Сонымен қатар, Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларына конкурс жарияланып, оған кез келген қазақстандыққа қатысуға мүмкіндік берілді. Мемлекеттік Туға арналған конкурсқа 600 адам қатысып, 1200 үлгі келіп түсті. Сонымен қатар, Елтаңба бойынша 245 адам өз үлгілерін жолдаса, Мемлекеттік Әнұран аламанына 750 жоба қатысқан еді.

Мемлекеттік Елтаңба эскиздері

Мемлекеттік Тудың эскиздері

Қазір әрбір мемлекеттік мекеменің маңдайшасында нұрын шашып, айбарын асырып тұрған Елтаңба сол конкурста қара үзіп шыққан үздік жоба болды. Оның авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Олар Елтаңбаның тамырын тереңнен тартып, ежелгі Сақ бабаларымыздан жеткен ерекше символдарды заманауи реңкте нақышына келтіріп үйлестіре алды. Есік қорғанынан табылған Алтын адамның дулығасындағы символикалық бейнелер, қошқар мүйіз оюдың элементтері, шаңырақ пен уық және басқа да детальдар тоғысқан бұл жоба қазақ халқының аса бай тарихымен қоса, жарқын болашағын бедерлеп, Қазақ мемлекетінің бар болмыс-бітімін айшықтайтын нағыз Елтаңба екенін дәлелдеді.

Ту – кез келген халықтың тәуелсіздігінің, мемлекеттілігінің ажырамас бір бөлігі. Тудың 5 мың жылдық тарихынан бастар болсақ, тым тереңдеп кетеріміз анық. Сондықтан 1992 жылы топ жарып шыққан, қазір ашық аспан астында желбіреп тұрған Көк туымыз туралы қысқаша мәлімет бере кетуді жөн көрдік. Қазақстан Республкасының Мемлекеттік Туының авторы – Шәкен Ниязбеков. Туымыздың көк түсті болуы Түркі, Хазар, Селжүк қағанаттарының, Ақсақ Темір мемлекетінің, Қазақ хандығының рәміздерімен тығыз байланысты. Ежелгі түркі тілінде «көк» сөзі «шығыс» деген мағына береді. Қазақстан туындағы Күн – ең көне ғарыштық рәміз, оны білмейтін, оған табынбаған халық кемде кем, өткені ол барлық тіршілік иесінің жебеушісі, өмірдің бастауы. Ежелгі Түркілер Көк аспанға, Күнге, Суға, Ауаға, Жерге табынған. Сондықтан қазіргі туымыз сол бабалардан жеткен тарихи жәдігер деуге де толық негіз бар. Ал Күн астында қалықтап бара жатқан қыран қазақта ғана емес, көптеген халықтарда билік пен күштің, еркіндік пен ұлылықтың символы болып саналады. Сондықтан ол біраз елдердің мемлекеттік рәміздерінде көрініс тапқан.

Елдің рухани бірлігі мен бірегейлігін білдіретін Әнұран да мемлекеттіліктің негізгі белгілерінің бірі. Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында екі Әнұран қабылдады. Алғашқы Әнұранның мәтінін Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли, Жадыра Дәрібаева сынды ақиық ақындар бірлесіп жазды. Ал Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди сынды ірі композиторлар жазған Кеңес Одағы кезіндегі әуен өзгеріссіз қалды. 2000 жылы 9 мамырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке Әнұранды ауыстыру жөнінде мәселе қойып, 2006 жылы сөзін Жұмекен Нәжімеденов, әнін Шәмші Қалдаяқов жазған «Менің Қазақстаным» әні Мемлекеттік Әнұран болып қабылданды. Жастайынан өлең-сөздің мәнін ұғып өскен Нұрсұлтан Әбішұлы ән мәтінінің кейбір тұстарын заманға сай түлетіп, өз үлесін қосты.

Н.Назарбаевтың Әнұран мәтініне енгізген өзгертулері

Жалпы, мемлекеттік рәміздер туралы айтқанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың ерен еңбегі тек Мемлекет басшысы ретінде ғана емес, өз елінің адал ұлы, патриот азаматы ретінде де орасан зор екенін айтпай кету мүмкін емес. Алғаш конкурс жарияланған кезінде барлық құжаттарда «Герб», «Гимн», «Символика» деп жүрген терминдерді өз қолымен сызып тастап, орнына «Елтаңба», «Әнұран», «Рәміз», «Нышан» деп жазғызғаны тарихтан белгілі.

Алтын адаммен бірге көміліп, мыңдаған жылдар бойы жер қойнында жатқан Сақтардың саф санасы Елтаңбамызға арқау болса, Көк Түркілердің бөрілі байрағы бүгінде Көк Ту болып көк аспанымызда желбіреп тұр. Ал бабаларымыздың сан ғасыр бойы аңсаған еркіндігі «Менің Қазақстаным» әнімен бірге шарықтап, шартарапқа жайылды. Бұл – бүгінгі ұрпақтың бақыты! Осы бақытымыз мәңгілік бола бергей!

Әбу-Асқар Мекешұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар