Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әділбек Ыбырайымұлы. Ағалар

05.06.2018 496

Әділбек Ыбырайымұлы. Ағалар

Ағалар

немесе

керемет әңгіме мен әзіл айтылған күн

Осыдан екі жылдай бұрын Әнес, Қойшығара, Төлен, Әлібек ағалармен дидарласып, емен-жарқын отырудың орайы келді.

Әуелгіде Астанадан кеше кешкілік жеткенін естіп, Әнес пен Қойшығара ағалар ат басын тіреген «Алматы» қонақүйіне тарттық. Төменде әкімшіден ол кісілердің тоқтаған жайларын сұрағанымызда Әнес ағаның нөмірін айтты. Алтыншы қабатқа көтерілдік, Қойшығара аға да сол жерден табылды. Екеуі ханның дастарханын жасап ап, қазыны кертіп турап, аухаттанып отыр екен. Сау етіп кіріп келдік. Бізді көріп тіпті жайылып сала берді.

– Келіңдер, келіңдер, – деп, бәйек болып жатыр. Шүйіркелесе амандасып, дастарханға жайғастық.

– Мынау Жайықтан жіберген қазы еді, дәм татыңдар. – Мұртымен қоса көзі күліп сөйлейтін ақсақал дәм алуымызды өтінді. – Қарының ашып қалады деп Алтыншаш апайларыңның жолға салып бергені ғой.

Жазушы апамыздың сырттай қадірін асырып отырған ағамызға, ағамыздың қамын алдын-ала күйттеген апамызға ішіміз елжіреді.

Алдымыздағы кесек-кесек туралған тоңазыған қазының иісі мұрын жарып барады.

– Тоңып қалған жоқсыздар ма, төменге түсіп, ыстық шәй ішейік, – дедік қараша айының ызғарын ескеріп.

Ағаларды ертіп лифтіден шыққанымызда Төлен аға мен Әлібек аға да тыстан кіріп келе жатыр екен. Қарамағында қызмет етіп, ежелден етене болып кеткен жандармен шұрқыраса амандастық.

Атақаздай мамырлай басқан ағаларды ертіп, мейрамхананың ыңғайлы жеріне жайғастық.

Әнес ағамыз төрдің төбесіне озды. Араларындағы сыйластық өз алдына, сонымен қатар кішілік ілтипат бұлжымай сақталған. Сөз тізгінін де сол кісі ұстап отырды. Өзі туған Ресейдің Астрахань облысы Володар ауданы Құрмалай селосындағы балалығы жайлы біраз сыр тарқатып, жанынан қалдырмай ертіп жүретін жездесі жөнінде талай қызықтың бетін қайырды.

Жалпы, өмірдің қыр-сырын әбден меңгерген қабырғалы қаламгерлердің арасында жүрген қандай ғанибет. Сол күні керемет әңгімелер мен әзілдердің тиегі ағытылды дерсің. Көбі құрдастары мен алғы толқын ағалары туралы. Көңілдерінде үлкендерге деген ерекше ықылас пен құрметтері білініп тұрды. Іштарта сөйлейді. Біз құлағымыздың құрышы қанып, тыңдаумен болдық. Кәнігі, көне жазушылар алдындағы аға буын туралы өздері үшін үйреншікті, біз үшін құнды да таңсық естеліктердің бірқатарын ақтарды.

Соның мына бір тұсын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Әнес ақсақал жымия күліп қойып, жайдары даусымен бір қызықты жайды баяндады.

– Көзім аурып, біраз бейнет шеккен кезім еді. Операцияға дайындалып жүргенмін. Бір күні балалар телефонды алып кепті. «Әл-лоу» десем, ар жағында Әбдіжәміл ағамыз. Аман-саулық сұрастық. Сосын Әбекең:

– Кітаптың қай бетіне келдің? – деп, сауалын төтесінен қойды.

Соның алдында ғана «Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн болған» деген кітабын беріп жіберген екен.

– Көзім ауырып жүр, көруі нашар, оқыған жоқпын – дедім шынымды айтып.

– Өткенде барғанда байқағанмын, столыңның үстінде лупа жатыр еді, сонымен оқысаңшы.

Күлдім де, «оқимын ғой» дедім.

Арада шамалы уақыт – екі-үш апта өткенде Әбекең қайта телефон шалды. Сұрақ – біреу: «кітапты оқыдың ба?»

– Операциядан шықтым, қайдан оқиын, дәрігерлер тиым салды. – Жағдайымды ежіктей түсіндірдім.

Күндер өте берді. Тағы да ағамыз телефон соғып тұр.

– Сіз соны да уақытыңызды сарп етіп жаздыңыз ба? Ол шығармаңыздың айтпағы не? Басты қаһарманның бір құшақ қамысты алып барып, күртік қарға қадағанынан не ұғамыз? Осында бір көркемдік шешім бар ма? – дедім.

– Өй, сен, қиыс кетіпсің, ойды ұқпапсың, – деп Әбекең кейісті үн қатып, тұтқаны тастай салды.

Әнес аға ағатайының қылығын есіне түсіріп, жайдарылана күлді. Отырған жұрт та езу тартты.

Бұл, әңгімеге арқау болып отырған шығарма – 1999 жылы жарық көрген «Сондай да бір күн болған» және «Сондай да бір түн болған» деген екі кітаптан тұратын, күллі адамзаттық мәселелерге арналған роман-дилогия.

– Әбекеңнің жады мықты, естігенінен жаңылмайды, көргенінен танбайды. Оның алдында бір әңгімесінде Әбекең «менің басымның сол жақ полушариесі қатты жұмыс жасайды, бала күнгі дүниелерді әлі ұмытқан жоқпын» деген еді.

Әнес ақсақал ғұлама жазушының қылығын күле жеткізді. Тоқсаннан асып кеткен қарт қаламгердің өзінің шығармасына деген жылы лебізге құштарлығы, әрине, сүйсінтпей қоймайды.

– Бір күні шаруамен асығыс жиналып жатыр едім, – деп сабақтады сөзді Төлен аға. – Телефон шырылдады. Әбдіжәміл ағамыз екен.

– «Мен саған бара жатырмын», – деді бірден шаруасын бастырмалата.

– Ой, аға, мен шұғыл бір жаққа шығып бара жатыр едім...

– Асықпа, күте тұр мені!

Басқа ештеме айтпай әрі бірдеме айтуға мұрша да бермей тұтқаны тастай салды.

Есіктің алдынан күтіп алайын деп тысқа беттедім. Бір кезде келді.

Сәлемдескен соң, «үйге жүріңіз» дедім.

– Үйге кірмеймін, келін науқас, – деді әйелімнің сырқатын білетінін аңдатып. – Иманғали туралы мақала жазып едім, сен соны осы жерде оқып, пікіріңді ат.

Портфелінен шығарып, материалды ұсынды. Амалсыз аулада отырып оқуға тура келді. Асығып тұрғандықтан тездетіп қарауға тырыстым.

– Сен, жүгіртпей, дұрыстап қара, – деді ақсақал менің атүсті кеткенімді аңғарып.

Ақыры, шаруамнан қалып, ағаның бұйымтайын тындыруға тура келді. Сосын, баратын жерімдегі кісілерден кешіккеніме кешірім сұрадым.

Отырғандар Әбдіжәміл ақсақалдың қаракетіне күлді. «Күлсең – кәріге күл» деген. Бірақ ол кісі «кәрі» деген сөзді ұната қоймайтынын білетін едік.

Ыстық ықылас пен ыстық шәй ішкен ағалардың ыриясыз көңілі көкейімнің түкпірінде аяулы шақтарымның бірі болып қалып қойды.

Сол бір жылы жүздесудің жайы бөлек екенін күндер өткен сайын тереңінен ұғына түсемін.

Халықтың қамқоршыларына айналған жандар аман жүре берсе екен.

Әділбек Ыбырайымұлы,


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: әділбек ыбырайым, әдебиет, төлен әбдік
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар