Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мен жетелеп өлемін, өрге қарай қазақты...

06.06.2018 621

Мен жетелеп өлемін, өрге қарай қазақты...

Қазақ жақсысын қырып, «ұлтшыл» деген айып таққан, халық санасына үрей сіңірген Кеңестік реформалар Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін ел санасынан өшіруге тырысты. Құрқұдықта жатқан ақын мүрдесі тек 30 жылдан кейін аруланып жерленсе, Абай шәкіртінің толық ақталуы мен шығармаларының халық игілігіне айналуы елу жеті жыл өтуін күткен-ді.

Жазушы, академик Мұхтар Әуезов «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен, ең жақын шәкірттері туралы сөз қозғап, былай деген: «Оның екеуі Ақылбай, Мағауия – Абайдың өз балалары. Қалған екеуі Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын – Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері».

Шәкәрім Құдайбердіұлы - қазақ әдебиетінің классигі, Абайдың ақын шәкірті, дәстүрін жалғастырушы ақын, ойшыл, тарихшы, аудармашы және сазгер.

Ол 1858 жылы 24 шілдеде, ескіше 11 шілдеде, бұрынғы Семей уезіне қарасты Шыңғыстау болысының Байқошқар жайлау қонысында дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді – ел билеуші аға сұлтан Құнанбайдың Күнке деген бәйбішесінен туған, яғни Абайдың туған ағасы.

Әкесі Құдайберді Семей медресесінен оқып шыққан Өтебай деген молданы қолында ұстап, балаларын оқытады. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға беріледі де онда жеті жасына дейін оқиды. Шешесі Төлебике ескіше оқу оқып, арабша, әсіресе түрікшені жетік меңгерген адам. Қолы ашық адам болғандықтан ел Дәметкен деп атап кеткен. Бала Шәкәрім оқуға өте зерек болып, хатты тез таныған. Осы қабілетті байқаған шешесі оған араб, түрік тілдерін қосымша үйретеді.

Жеті жасында әкеден жетім қалған ол бұдан былайғы кезде Абайдың тікелей тәрбиесінде болады. Алғашқы өлеңін де осы кезде жазған.

«Әкем қайтыс болғанына көп уақыт өткен жоқ, - дейді ақын. – Мен қыстаудың алдындағы төбеде жалғыз отырып, тасқа өрмелеп бара жатқан жұлдыз құртты езіп өлтіріп алдым. Өлтірсем де, оған жаным ашып, өз жетімдігім ойыма түсіп, «құрт болып» өлең шығарғаным есімде».

Өлтірдің, онан таптың қандай пайда?

Өмір сүріп жүруші ем жазда сайда.

Жетімдік қандайлығын көзің көрді,

Кешегі тірі жүрген әкең қайда?

Менің де жетім қалды балаларым,

Олар да жылайды аңсап аналарын.

Өзің жетім, жетімді аясаңшы,

Жоқ екен басыңда ми – саналарың...

Абай Құдайбердінің қазасына қатты күйзелген. Бала күнінде ағасының ауылына талай барып, жас адамның көңілін көтеретін қызықты ермек аңға шығып, серуендеп қайтатын-ды. Немере есебінде Абайдың үйінде тәрбиеленген Әрхам өз естелігінде: «Шешесінің орайлы дұрыс ақылын алған Абай атқа мініп, жолдас ертіп, Шыңғыс тауындағы Құдайберді ауылына барады. Құдайберді қыстай келмеген інісін көріп әзілдеп: «Адаспай қалай келдің, әбден сағындырдың ғой», - деп құшақтап қарсы алады. ...Абайды қасына ертіп алып «саған көрмеген қызығыңды көрсетейін» деп тауға бүркіт алып шығып түлкі алғызып, бірнеше күн сайрандатады», - деп жазады.

Өскен ортасының аса бай дәстүрлері мен Абай ағасының тәрбиесі табиғатынан зерек Шәкәрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, оның дарынды ақын, парасатты ой иесі болуына да зор ықпал жасады.

Шәкәрім өзінің балалық шағын кейінірек «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресінде» былай деп жазады: «Мен пақыр өз әкем өлген соң ұлы атамыз қажы марқұмның тәрбиесінде қалсам да, бұрыннан ауылымыз, қыстауымыз бөлек болғандықтан және қажы марқұм мені жетім деп аяп, қысып оқыта алмай, ғылымнан махрұм қалып, жетімдікті сылтау қылып, ойыма не келсе соны істеп, әдепсіз, ғылымсыз өстім. Әйтсе де түркі танып, орысша хат танып қалдым, - дей келе, - әкеміздің бір шешесінен туған – Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тәлім алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім», - дейді.

«Шәкәрім: «Мені адалдық жағынан тәрбиелеп, ақыл берген үлкен әкем Құнанбай. ...Жылына 5-6 рет барғанымның өзінде көп әңгіме айтып, ақыл беретін. Маған өз өмірінің түрлі жайттарын айтатын. Әсіресе, адалдық жағын баса үйрететін. ...Нақыл сөздерді айтып тәтем өз жайын айтып, былай дейтін: «Мен абырой, атақ алу үшін, ең алдымен, адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім» деп отырғанын сан естігем», - деп жазады Ахат Шәкәрімұлы.

Кезінде арнайы оқу орындарында оқып білім алмаса да рухани қазыналарға тереңірек үңіліп, өз бетінше көп ізденген адам. Шәкәрім жасынан «Мыңбір түн» әңгімелерін оқып, ертек қып айтып, сонымен бірге «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек» сияқты қиссаларды оқып жатқа айтып жүрген.

1880 жылдардың аяғында Абай мектебі қалыптасып, Шәкәрім оның ұйтқысы болғанын Турағұл әкесі туралы естелігінде: «Сол жылғы бастығымыз Шәкәрім болып, ақиқат олай емес, былай деп таласып жатушы едік», - дейді.

Анық байлық – денеге біткен өнер,

Білімдінің бәрі де соған төнер.

Арам жиып мақтанған дәулет емес,

Алдымызда бір күн бар есеп берер.

«1893-94 жылдардан бастап Шәкәрім мен Абай, Ысқақ ауылдары жаз жайлауы, қыс қыстауы жақын қонады. Мен күн сайын сол ауылға барып ойнап қайтушы едім. Абай ауылы келіп-кетушіден арылмайды, оның бір талайы жастар болатын. Олар ән салып, өлең айтады. Скрипка, гармон, домбыра тартады, тоғызқұмалақ, дойбы ойнайды. Басқа да неше алуан өнер көрсетіп, бәсеке-жарысқа түседі, ойын-сауық құрады. Сол жиынды бастаушы Шәкәрім болатын», - деп жазады Әрхам Ысқақов 1962 жылы Шәкәрімді ақтау туралы комиссиясына берген түсінік хатында.

Ал, «Абай жолы» роман-эпопеясында М.Әуезов Шәкәрімді атауға тыйым салынуы салдарынан атын бүркемелеуден басқа амалы болмағаны белгілі. «Шәкәрімнің творчестволық қайшылығын, өмір жолын Дәрмен мен Шұбар, Шәке бейнесі арқылы суреттеген», - деп жазады бұл турасында жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай.

Анық өнер жолына түскенде 30 жасында жазған «Жастарға» өлеңін өзі құрбылас, талапты жастарға арнап, оларды Абайдан үлгі-өнеге үйреніп, тағлым алуға шақырады, Абайға «данышпан» деп баға береді.

Кел жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық.

Өтпес өмір, таусылмас мал берерлік,

Бір білімді данышпан жан табалық.

Ал, енді олай болса кімді алалық,

Қазақта қай жақсы бар көз саларлық...

...Жүз айтқанмен өзгенің бәрі надан,

Жалыналық Абайға, жүр баралық.

Ақын өзіне де, өзгеге де Абайды бағыт сілтеуші, жолбасшы ретінде ұсынды.

Шәкәрім шығармашылығындағы Абай ықпалы әртүрлі деңгейде аңғарылады. Ол өмір шындығын, адам болмысын, әлеуметтік әділетсіздікті жырлайды. Ақын лирикасының басты объектісі – адам. «Ескіден қалған сөз теріп», «Сәнқойлар», «Қалжыңшыл қылжақбас», «Еріншек», «Құмарлық», «Бір салмойын сал келер» сияқты өлеңдерінде ақын замандастарының бойындағы кемшіліктер сыналады. Шәкәрім надандықтың негізін осылардан көреді. Ақын жағымсыз қасиеттерді жұртқа жария етуші ғана емес, солардың үкімін айтушы да бола білді.

О бастан-ақ ақындық өнердегі өзінің биік нысанасын, асыл мұратын айқын сезініп, поэзияны айрықша бір қастерлі дүние деп есептеді.

Ақ жүрек пен таза ақыл,

Қылсаң адал еңбек,

Бәрінен де сол мақұл,

Артқыға жол бермек.

Арсыздардың арам ойы

түкке тұрмай жойылып,

Аяғында хақиқатты

бұл үшеуі жеңбек.

Бұл – Шәкәрімнің өмірлік қағидасы. «Жас өтті тынымсыз» жырында ақын:

Қағазым – жолдасым,

Қаламым – сырласым,

Өлген соң белгілі,

Қайта кеп тұрмасым, -

деуімен өз өмірінің мәні - өлең құмары екенін аңдатады.

Шәкәрімнің арманы – Абайдың арманы.

Ғылым тап жас күніңде буын қатпай,

Басында байқамассың дәмін татпай.

Менің көрген жайымды сендер білсең,

Ғылым үшін жүрер ең тыным таппай, -

деп жас ұрпаққа ғылымды насихаттаумен бірге оны дер кезінде біліп, үйренбеу, ертең өкінішке апаратынына ағалық көңілмен ескертуі.

Өзінің «Үш-ақ түрлі өмір бар» атты өлеңінде ол адам өміріне «ортаншы өмір» деген ұғымды қолданады. Бұл – адамның жастық шақ пен кәріліктің арасындағы белсенді өмірі. Шәкәрімнің айтуынша, осы жылдары уақытыңды босқа өткізбей, ғылымға үңілсең, одан өзіңе керек қазынаны тауып ала білсең - өмірлік мұратыңа жеткенің.

Халық тағдыры – ақын жырындағы арналы тақырып. Халық мұңын жырлау, ел мұратын көздеу, адам қасиеттерін қастерлеу оның шығармашылығының алтын арқауына айналды. Бұл тұста да ол Абаймен үндес.

Мен жетелеп өлемін

Өрге қарай қазақты

Өлсем де ойын бөлемін

Сөзбен салып азапты

Білімдінің сөзіндей

Сөзім демен таза-ақты

Қазақ болса өзімдей

Қыла алмайды мазақты, -

деп сөзбен азапқа салғысы келгені, халқын ширасын, өнер-білім үйренсін деген ақ ниетінен.

Шәкәрім заманында ел билеу ісіне де араласқан. 1878 жылғы Шыңғыс болысының сайлауында 20-ға жаңа толған кезде болыс сайланады. Ел арасындағы қарым-қатынастарды жөндеуге, тартыс-таластарды, арыз-жалаларды талқылап, әділ шешуге, адамгершілікпен тату өмір сүру тәртібін орнатпақ болған әрекетіне талай уақыты кетеді. Әкімшілік қызметке кеткен уақытын Шәкәрім босқа кеткен кез деп санады:

Жиырма мен қырық арасы,

Жас өмірдің сарасы.

Бос өткенін қарашы

Жүрекке төгіп қанды ірің.

Абай қорық-музейінің 2007 жылы Омбы қаласының архивіне іс-сапары барысында ақынның қоғамдық қызметіне қатысты маңызы зор дерек табылған еді. 1901 жылдың 21 қазанындағы «Киргизская степная газетасында» Семей облысы әскери губернаторының №86 бұйрығымен үш жылға болыстыққа тағайындалғандығы туралы «Утверждается согласно выбора общества в должностях на трехлетие с 1902 по 1905 г.» деп жазылған.

Шәкәрімнің болыстыққа тағайындалғандығы туралы Семей облысы губернаторының

№86 бұйрығы

Әкімшілік жұмыс Шәкәрімге қоғам өмірін тереңірек білуге, ел билеу жүйесінің әділетсіздіктерін көруге себепші болды. Сол кезеңде қазақ даласында патшалық Россия жүргізген отарлау саясатының, түрлі әкімшілік реформаларының салдарынан пайда болған билікке таласу, шен-шекпенге ұмтылу сияқты қоғамдық мерездерді ақын Шәкәрім көңіл көзімен көріп, сараптай білді.

Партия қуған өңкей қырт,

Жазылмайды ол қылқұрт.

Мен тартам ел қайғысын

Әкімі залым, биі әңгүрт, -

деп сол кездегі қазақ тұрмысының әлеуметтік сипатын әшкерелеп, ел тағдыры үшін мазасызданады.

Шәкәрім – ақындығы жастайынан танылған адам. Жасы 40-тан асқанда, басқа да көзі ашық озық ойлылар қатарында азаматтық лирикаға бар дауысымен үн қосып, ағартушылық арнада көп жылдар қызмет қылады. Ғылымға біржола бет бұрып, іздеген мұратын тапқандай болады. Соның бір айғағы «Қазақ айнасы» жинағы. 1912 жылы Семей қаласында жаңа ашылған «Жәрдем» баспасында жарық көрген бұл жинақта барлығы 30-ға тарта өлең басылған.

Жаздым «Қазақ айнасын»,

Мінез түзеу айласын.

Ел көрсін деп пайдасын,

Бастырып, елге тараған.

...Қазаққа қалай қарадым,

Қандайлық мінін санадым.

Қанша жыртық жамадым,

Біледі оқып қараған.

Шәкәрім бар күш-қажырын еліне тәлім беріп, оның мінезін түзеуге жұмсаған. Елді ел қылудың жолы, айласы қандай? Ол – ақынның өз сөзінше: елдің мінезін сынауға және өнер тап, оқы, әрекет қыл, адал бол деп үгіттеген насихат өлеңдер жазып, оларды бастырып, бүкіл халыққа таратуға саяды.

Бүгінгі күнге Шәкәрімнің бес дастаны жеткен. «Нартайлақ-Айсұлу», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары – қазақ өмірінен алынған, қалған екеуі («Ләйлі-Мәжнүн», «Дубровский») – аударма туындылар. Ақынның «Еңлік-Кебек» дастаны тікелей Абайдың тапсыруымен жазылған.

Шәкәрім Шығыстың Қожа Хафиз, Физули, Науаи секілді жарық жұлдыздарын, А.С.Пушкин мен Л.Толстойды қастерледі. Әйгілі «Ләйлі-Мәжнүн» дастанының Физули жырлаған нұсқасын қазақша жырлап берді. Хафиздың бірқатар өлеңдерін аударды. «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы тұңғыш рет Ташкенттегі «Шолпан» журналының 1922-1923 жылғы сандарында жарияланды.

1899 жылдан орыс халқының көркем әдебиетіне ерекше ықылас қойған Шәкәрім, 1902-1904 жж. одан аударма жасап, орыс тарихшылары еңбектерін саралайтын дәрежеге жетеді. А.Пушкиннің «Дубровский», «Боран» атты шығармаларын, Л.Толстойдың алты әңгімесін, американ жазушысы Г.Бичер Стоудың «Том ағайдың балағаны» атты романын аударды.

Шәкәрімнің философ, тарихшы, ойшыл ретінде танылуына себепкер болған «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбектері кезінде жеке-жеке басылып шықты.

«Ләйлі-Мәжнүн»поэмасы.

«Шолпан» журналы.

Абайдың өз балалары мен тәрбиесіндегі Кәкітай, Шәкәрім сынды інілерін Семейдің кітапханасына, музейіне, басқа да қоғамдық ұйымдарына апарып қана қоймай, өзінің орыс достарымен таныстырып отырғаны да белгілі. Абай айналасы орыс тілін басқалардан бұрынырақ естіп, білген. Абай берген бағдар бойынша орыстың ақын-жазушылары шығармаларын тынбай оқып-тоқуға кіріскен.

Талпынып орыс тілін үйренумен

Надандықтың тазарып, кетті кірі, -

деуі оң өзгерісті айқындай түседі.

Ағартушылықпенен қоса-қабат, ғылым жолына да құлшына кіріскен Шәкәрім дін мен философияны шегере тұрып, ақиқатты алдымен тарих саласынан іздестіреді. Қазақ тарихын зерделеген «Шежіре» кітабы – осының татымды жемісі. Шәкәрім ақын бір әңгемесінде: «Абай қазақ шежіресін жаз деп, 19 жасымнан қазақ шежіресін жинай бастадым. Абайдың ұқтыруы және сол кісінің ел-елге кісі жіберіп, хат жазып жинатқан мәліметтері де шежіреде бар», - дейді. Сөйтіп, 19 жасынан бастап қазақ шежіресін жазу жұмысына кірісіп, Абайдың көзі тірісінде аяқтаған. 1911 жылы Орынборда өз қаражатымен 1 мың дана кітабын шығарған.

Ә.Бөкейхан 1913 жылы «Қазақ» газетінде ақынның тұңғыш жарық көрген бұл кітабына пікір білдіріп, мақала жазады. Басылымның 1914 жылғы санында Шәкәрім Әлихан Бөкейханға «..шежіремді бағасынан артық мақтағаныңызға қуанбасам да, қазақты шежіре оқуға қызықтырғаныма тәңірі жарылқасын» деп лебізін білдіреді.

Жазғанда мақсатым көп менің тағы,

Қазақтың қараңғы еді арғы жағы...

Қалжың емес, қам үшін жаздым мұны,

Білсін деп кейінгілер түп атасын.

Атаны атағанмен білім артпас,

Сөйтсе де білген адам құры жатпас, -

деп ой түюінде халқымыздың шайылып кеткен тарихи жадының қайта оралып түлеуін тілеген арманы.

«Шәкәрім жазған шежіре, қазақ тарихын ғылыми тұрғыдан танып білуге ұмтылған Абай ойының жалғастық табуы» - дейді көрнекті ғалым М.Мырзахметов.

Шәкәрім проза саласында да елеулі мұра қалдырды. 1925 жылы «Әділ-Мәрия» атты роман жазды. Осы жылдары Семейде шыға бастаған «Таң» журналында ертедегі шешендердің сөздерін жариялайды. Мысалы, «Қазыбек би сөзі», «Ескі билік» (Мешеке би мен Бекболат), «Қараменде мен Кеңгірбай» «Шаһкерім ақсақалдың айтуынша» деп журналдың 3-ші санында жарияланды.

Шәкәрім өмірінің бір кезеңі, оның Меккеге баруы. Бұл сапарға ұлы ұстазы Абай дүниеден өткеннен кейін быр жылдан соң барған. «Абайдың ақырғы кеңесі – осы сапарым менің көзімнің ашылып, адам қатарына қосылуыма үлкен себебін тигізді», - дейді ол.

Мекке сапары беймәлім алыстағы елді, жер-жерді көріп, танысуға мүмкіндік берген әрі рухани серпіліс силаған сәт сапар болған. Және, үш айдай қажылық сапардан зердесін байытып қана қоймай, мол ғылыми-танымдық әдебиеттер жинап елге оралады. Ұлы Ахат әкесінен естігендерін былайша баяндайды: «Меккенің тарихи орындарында болып, көп қажеттіктерімді таптым, Мәдинаға бардым. Одан араб халқының ескі замандағы Абу Суфиян сияқты ғалымдары шығармаларымен танысып, кітаптарын алдым. ... Стамболдың тарихи орындарын ...ақтардым. Үнді, парсы ғалымдарымен пікір алыстым».

Шәкәрімнің ойшылдық кітапханасын байытқан бұл әдебиетердің дені ертедегі шығыс ақын-жазушы, ойшылдарының, көне грек кемеңгерлері мен Батыс философтарының, сондай-ақ ертедегі түрік ғалымдарының жазған шығармалары болған. Аталған қалалардан алған кітаптарын ақын Семейге, Әнияр Молдабаевтың үйіне жіберіп отырған.

Ел ішіндегі мазасыз жайлар ақынның көңілін бөліп, тек жазуы мен ой қорытып отыру үшін жалғызілікті өмір керектігіне Шәкәрімнің көзі уақыт озған сайын жете түседі. 1913 жылы оңашалануға бел байлаған Шәкәрім 55 жаста.

Мен жалғыз, сендер елде қойдың қалып,

Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып.

Елу бес жыл жинаған қазынамды

Оңашада қорытам ойға салып.

...Жоспарым, жайым осы, мақтаным жоқ,

Ел жеген әкімдерді ақтарым жоқ.

Өлгенімше жазумен еңбек етем,

Қажыдым, кәртәйдім деп жатқаным жоқ, -

деген өлең шумақтары ақынның ел ішінен бойын аулақ салып, оңаша өмір сүруінің сырларына нақты жауап береді.

«Алты жылға тақау осылай істеп жүріп, - дейді Ахат, - 1918 жылдың қысында, он төрт жасынан біздің ауылда болған руы керей «Әупіш» деген жан жолдасын қайтарып жіберіп, өзі жалғыз жататын болды». Шәкәрім бұл шешімін былай түсіндіреді:

...Көзіме елестейді құлдық дәуір

Адамды «құл» деген сөз маған ауыр.

Шын ойласам екеуін салыстырып, -

Том ағайдан Әупіштің несі тәуір?

Жапанда жалғыз жатып, тау ішіндегі өзінің шақпақ тасында шошаласында соңғы өміріне дейін сан алуан тақырыптарға шығармалар жазды. Шәкәрім - алпыс жыл бойы қыран баптап, өмірінің соңына дейін оны босағасына қондырған айтулы құсбегі. Сол себепті жапандағы жалғыз там, қораны маңайдағы ел «Саятқора» деп атап кеткен.

Шәкәрім ешкімнің киіміне ұқсамайтын, өзі пішіп, тіккен киім киген, «Шәкәрімнің тымағы» деген тымақ болған. Романда бұл жөнінде М.Әуезов: «Сол жиындағы дағдылы қонақтың бірі – қазірде қара сақалды болған Шұбар. Көкбай мұсылманшаға жетік болса, бұл бір жағынан орысшаны да біле бастаған. Шұбар – сәнді киінетін, сыланған кербез», - деп суреттейді.

Шәкәрім қажылық сапардан оралған 1906 жылдың көктемінде Ресей империясының саяси шиеленіс өзінің шырқау шегіне жеткен еді. 1905-1906 жылғы аласапыранда ақынның қызмет аясы тек шығармашылықпен, сондай-ақ араағайындық дауларды шешумен шектелмей, келешек Алаш автономиясының төрағасы Ә.Бөкейханмен бірге саясат жолына түсіп еңбек етеді. Репрессия басталған 1908 жылдан саяси-қоғамдық істерден Шәкерім де тыйылып, ежелгі серігі қағаз бен қаламды қайта табады.

1917 жылдан ғасырларға созылған ұлт-азаттық қозғалысының ең мазмұнды кезеңі - Алаш қозғалысы басталды. Семей қаласы ресми түрде Алаштың астанасына айналды. Осы бір қиын-қыстау кезеңде Абайды қастер тұтқан барша қазақ, рухани шәкірті, ізбасар інісі Шәкәрімді «екінші Абай» деп таныды, үлгі алар ұстаз деп құрмет тұтты. Көрнекті ақын С.Торайғыровтың:

Бұл қазақтан мақсұты биік-алыс,

Тап басатын сөзіне құлақ салыс.

«Қазақ» деп жекелеме, «адамзат» де

Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.

Демеңіз тымақ киген бір жай қазақ,

Киген киім, жүрісі, түріне қарап.

Надандар оны өлшейтін өлшеуің жоқ

Аулақ жүр, біле алмайсың жай шамалап! –

деп жырлауы да қазақ зиялыларының Шәкәрімге Алаш қозғалысының рухани көсемі ретінде сенім артқандығының айғағы.

Қалам қуатына сүйенген қайраткер «Қазағым», «Қазақ», «Тағы сорлы қазақ», «Партия адамдары», «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» деген өлеңдерінде отаршылдықтың қасіретін көрсетеді.

Ұлы төңкерістер қарсаңында Шәкәрім ақындардың ғана емес, жалпы ұлт зиялылары арасында да орны биік болды. Ол өз замандастары Көкбай Жанатайұлы, Иманбазар Қазанғаповтармен бірге ІІ-ші жалпықазақ съезіне арналып шақырылады. 1918 жылы Алашорда басшыларының шақыртуымен Семей қаласына келіп, Алаш соты ретінде билік айтқан. Алаш азаматтарының Шәкәрімді Алаш үкіметі құрамына қызметіне шақыруы кездейсоқтық болмағаны анық. 1919-1920 жылдары Шәкәрім Семей уезінің Шыңғыс болысы бойынша халық соты болып қызмет атқарады. Сол уақытта Шәкәрімдей әділ адам жоқтың қасы, халық алдындағы беделі жағынан да абыройлы адамның бірі болып, «әділ би» атағы ел-елге жайылып үлгерген. Ұлы Ахат естелігінде әкесімен теңдес адамдардың көпшілігі Шәкәрімдей адал ешкім болмағандығы туралы жазады.

Осы жылдары ойшыл ақын журнал, газет ісінің жандануына, баспасөз бетінде сан-салалы тақырыпты қамтитын публицистикалық шығармаларын үзбей жариялайды. «Мұтылғанның өмірі» деген жырында:

Оқыған жастың етегін,

Қабыл алдым жетегін,

Босқа жатып нетемін,

Бостандық туын көрген соң», -

деп мәлімдейді. Алайда бұл бостандықтың баянды еместігін басқа сезбесе де, Шәкәрім уақыт өткізбей-ақ сезіне білді:

Мен кетемін,

Келеді тағы өмірге мендей,

Олар мінді көреді,

Қисық жерін жөндей.

Бара-бара айқындалып

Ақтық істің анығы,

Адасқанмен, хақиқатқа

Қоймақ емес сенбей.

Ақын ұрпақтарына келетін болсақ, Шәкәрімнен 7 ұл, 6 қыз тараған (2 ұл, 2 қызы жастай өлген) – жиыны 13 ұрпақ. Шәкәрім балаларының қай-қайсысы да бастауыш білім алып, мұсылманша, орысша сауатын ашуына көп көңіл бөлген. «Қолына оқытушылар ұстағаны – балаларының ғана хат тануларына себеп болмай, ауыл-аймақтың балаларының да көзін ашуға мол әсер ықпалы тиді» - деп жазады ұлы Ахат. Ал, баларының ішінен қала оқуын тәмәмдаған ұлы Ахат қана.

1920 жылдары Құнанбай әулеті саясаттың құғынына ұшырағаны белгілі. «1930 жылдан бастап, - деп жазады абайтанушы ғалым Қ.Мұхамедханов, - ақынның ақырғы кезеңі аса бір ауыр хәлде, қайғы-қасіретпен өтті. 1930 жылы 1 ақпанда ең алдымен Шәкәрімнің үлкен баласы Ғафурды конфискелеп, Баязит деген баласымен бірге айдап апарып, Семей түрмесіне жабады. Ақпанның 7-күні Шәкәрімнің өзін конфискелеп, қамауға алады. Түрмеде тергеусіз жатқан Ғафур ақырында өзін-өзі бауыздап өледі».

«Бай тұқымы» деген желеумен, Шәкәрімді жуан, қажы яғни жау деп білген. Ақынның елден аулақта жападан жалғыз жүруі аудандық ГПУ қызметкерлерінің күдігін күшейте түскен. Оның үстіне 1931 жылы елді зорлықпен күштеп, қорқыту, үркіту арқылы жаппай коллективтендіру нәтижесінде мал-мүлкінен айырылып, аштыққа ұшырап қырыла бастаған шаруалар бас көтеріп, көтеріліске шығып, қыркүйек айында ауданға шабуыл жасайды. Аудан басшылары, әсіресе ГПУ бастығы, көтерілістің ұйымдастырушы, басшысы Шәкәрім деп білген.

1931 жылы 2 қазанда 73-ке қараған Шәкәрім ГПУ-дың жендеттері оғынан қайғылы қазаға ұшырады. «1961 жылы 26 июльде Бақанасқа бардым. 27 июльде әкемді тастаған құрқұдықты жалғыз қазып, 28 июльде және қазып, барлық сүйегін түгел алдым. Тек оқ бүлдірген екі сүйегі болды. ...7 августе қабірі қазылып, 8 августе Абай зиратының қасына жерленді», - деп жазады өз естелігінде Ахат Шәкәрімұлы.

«Жақсының аты өлмейді, ақынның хаты өлмейді» дегендей, ақыры Шәкәрім тіріліп, туған халқымен қайта қауышты. Қоғамдағы өзгерістерге байланысты 1988 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан компартиясы Орталық комитеті ақын мұрасы жөнінде шешім қабылдады. Шәкәрім толық ақталды. Ұзақ жылдар бойы ұмыт болып келген есімі мен шығармалары халық игілігіне айналды.

Шәкәрім абайтануға да мол үлес қосты: 1909, 1933 жылдары шыққан Абай өлеңдер жинағының әзірленуіне, ұлы ұстазының мұрасын ретке келтіруге, жүйеге салуға мейлінше көмек көрсетеді. 1909ж. жинаққа енбей қалған 1086 жол өлеңді Шәкәрімнің жатқа айтуымен М.Әуезов өзі әзірлеген 1933жылғы толық жинаққа кіргізген.

1925-1926 жылдар – М.Әуезовтің Абайдың өмір тарихымен айналыса бастаған кезі. Осы жолда оның ең көп үміт артқан және соны ақтаған адамы – Шәкәрім болды. Абай және оның туыстық айналасы туралы сол кезде Шәкәрімнен артық та дәлді білетін адам Шыңғыстау өңірінде қалған жоқ еді. М.Әуезов бұл жайында кейін былай деп жазады: «Материал жинай жүріп мен Абайдың достарымен, сыйластарымен әңгімелесіп көрдім. Олардың ішінде Абайдың тұрғыластары да, солардың ұрпақтары да бар еді. Соншама ізденудің арқасында болашақ қаһарманым жайында аса көп материал жинағаным соншалық, ...тіпті қазір Абайдың балалық және жастық шағы жайындағы роман тәмәм болған соң да сол кітапқа кірмей қалған материалым мейлінше көп екенін көрдім».

Абайдың ақын шәкірттерінің ішінде Шәкәрім Құдайбердіұлының орны бөлек, ол Абай шәкірттерінің ішіндегі бас шәкірті. Ақындық өнерімен қоса, ойшылдық тереңдігі, философиялық толғаныстары - өз заманы үшін теңдесі жоқ қайталанбас рухани қазына. Сол себептен қазақ халқының ұлы перзенті аяулы есімдер қатарынан ойып орын ала бермек.

Шынар Мұратқызы,

"Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейінің

ғылыми хатшысы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: шәкәрім құдайбердіұлы, 160 жыл, Абай, Шәкәрімнің ақталуы, шыңғыстау
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар