Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мен бір өмір жолы күрделі жан екенмін…

07.06.2018 543

Мен бір өмір жолы күрделі жан екенмін…

немесе Төлеубектің тауқыметті тағдыры

(Эссе)

Жазушы Төлеубек Жақыпбайұлының туғанына 85 жыл

Қайран, Төлеубек!

Еленбей жүрген есіл ерсің ау...

Әзіз рухыңа батиха тілеп, осы эссені арнадым

Автор

Тағдыр тауқыметі

Тәңірі әркімге әртүрлі тағдыр береді. Жаратушының әмірімен бір уыс топырақ пен бір тамшы судан жаралған адам баласы – ойлау қабілеті дамыған, сөйлей алатын, тілдік қарым-қатынасқа емін-еркін түсе алатын жаратылыс емес пе? Әрбір адам – жеке физиологиялық тұлға. Сол саналы адамға жаратушының тарапынан һәм табиғат-ананың тарапынан дарын мен талант та беріледі.

Ұлы дүниенің көшінен Төлеубек Жақыпбайұлы есімді хас дүлдүл өткен еді. Бәлкім, бүгінгі күні біреу білер, біреу білмес. Заманында өзінің табиғат берген талантымен-ақ талайды тамсандырып, өзінің дарындылығымен көпті сүйсіндірген, сүйдірген жігіт төресінің тағдыр-талайы да өзгеше болған.

Төлеубек 1933 жылы Шығыс Түркістанның Толы аймағының Майлы- Жайыр тауының етегіндегі Көкқада өзенінің бойында дүниеге келген. Сүйегі – шанышқылы. Сан қырлы дарын иесінің ғұмыры құйрықты жұлдыздай қысқа ғана болып, тағдыры келте қайырылып, күрмеуге келмеген қысқа жіп секілді. Көк аспанда жарығын әлсін-әлсін жандырып, таң ала боздап атып келе жатқанда ғана рауандап көрініп кеткен өмірзая сынды ол да өмірінің соңғы күндерінде алты айға жуық ізім-ғайым жоқ болып кеткен. Кейін оның мүрдесі мәйітханадан табылған. Бір анығы – оны маңайындағы қаңғыбас (бомж) адамдардың бірі қалтасындағы ақшаға бола өлтірген болуы керек. Сөйтіп хас таланттың кеудесіне арақкеш бәзбіреу пышақ қадап, аяусыз қинап өлтірген. Алматы көшесінде қансырап, өлім құшқан. Бұл турасында үзеңгілес досы Қажытай Ілиясов: «

...Төлеубек кітабының қолжазбасын баспаға өткізіп, берілетін қаламақыны тоспай, Қабдеш екеуміз баспасөз комитетінің бас редакциясында қызмет істеп жүрген кезімізде, тура түсте сыртқы есіктің алдында айқаса кетті. Жанында жас мөлшері өзі тұстас Свет Оразаев деген ақын бар. «Осылай да осылай Шымкент, Ташкент жаққа барамын. Соған ақшам сәл жетіңкіремей тұр. Қалталарыңды қараңдар! Маған қалай да бүгін керек», – деді қадалып. Менің қалтамда отыз сегіз сом бар екен. Шетінен үйге қайтатын тиынымды алып, қолына ұстата бердім. Қабдештің қалтасынан сексен бірдеңе сом шықты. Айтуына қарағанда, бір айдың ішінде қайтып келетін болды. Кейін білсек, сол бетінде Төкең Шымкентке бара алмай, Алматыдағы Емелева көшесі мен Гоголь көшесінің қиылысында мәңгіге көз жұмған екен. Баспамен шартқа отырғанда, марқұм менің мекен-жайым мен үй телефонымды жаздырған көрінеді. «Қаламақысын алсын» деп баспадағылар үйіме хабарлағанда, Төлеубекті іздеп, шарқ ұрғанымыз бар. Қабдештен бастап, барады-ау деген үйлерге түгел телефондап шықтым. Ешкім білмейді. Сөйтсек, о дүниеге әлдеқашан аттанып кеткен екен ғой, марқұм!» , – деген еді. («Қайран, Төкем-ай» эссесі)

Бала күнінен-ақ басқа арнаға бұрылмай, әдебиеттің ауылына бірден тартып келген, алғашқы қалам тербесімен-ақ, қуантқан, наны да, кәсібі де әдебиет болған Төлеубектің санаулы ғұмыры тек әдебиеттің ғана аясында өткен екен. Табиғат оның бойына тамаша талант қана бермеген, оның пешенесіне үйіп-төгіп тағдырдың тауқыметін, қасіретін жазған екен. Мінезі де, тағдыры да ала-құла болған жазушының ақтық демі 1977 жылы таусылып, жапырақ-ғұмыры сол жылы үзілген екен.

Міне, содан бері қырық жыл уақыт өтті. Шын талантын іздеген некен-саяқ жанашырлары болмаса, басқа ешкім оны іздеп, насихаттап жатқан. Сонау жылдары бүгінгі ҚазҰУ –дің филология факультетінде академик З.Қабдолов жетекшілік еткен М.Әуезов атындағы әдеби бірлестік болған екен, сол бірлестіктің тізгінін студенттік жылдарында бүгінгі Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин ұстаған екен. Нұрағамыз Төлеубекпен қатарлас оқығандығы және бар. Және бір жайт: сол Нұрлан ағамыз бірлестік жауаптысы болған жылдары студенттердің қабырға газетін шығару ісі ұйымдастырылыпты, сол қабырға газетінің «Жас қалам» деп атын қойып, газет шығару ісіне белсене араласқан біз сөз қылып отырған Төлеубек Жақыпбайұлы екенін тағы да біреу білсе, біреу білмес.

Төлеубек Сері

Төлеубек сері болған. «Сері» деп айрықша айтып отырғанымыз: ол – ақын, жазушы, әдебиет сыншысы, әдебиет зерттеушісі, журналист, драматург, сазгер һәм музыкалық аспаптардың кез келгенінде ойнай білген шын дарын иесі. Міне, әдетте айтып жүретін «сегіз қырлы, бір сырлы» дегеніміз осы болар.

Төкең қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында артына өлмейтін мол мұра қалдырған. Әрине, хатқа түсіп, баспа бетінде жарық көрген шын таланттың шығармашылығы ешқашан өлмейді. Уақыт ауысып, замана өзгерді. Төлеубекті халық енді ғана іздей бастады. Төлеубек деген кім? Әрине, заңды сұрақ. Ол – қазақ әңгіме жанрының классик жазушысы. Төлеубектің артында қалған мұраларын түгендеп көрелік, сан қырлы талант әдебиеттің барлық жанрына қалам тербеген. Ендеше, саусақтарыңызды бүге отырып, оның сан қырлы талантының нәтижесінен туындаған мұраларын санап көріңіз: «Теріс азу» бір актілі комедиясы, «Ер Тарғын», «Абзал аға алдында» (М.Әуезовтің әдебиетшілігі және адамгершілік қыры хақында), «Ардақты ақын» (С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы), «Ақын өмірінің соңғы шағы» (Ә.Найманбаевтың өмірі және шығармашылығы) секілді әдеби зерттеу мақалалары, «Аттан» қалам, даламда», «Шұғаның» шұғыласы» (Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармасының сахналануы жайында), «Мен неге ұялдым?» (журналистік қызметіндегі жазылмай қалмаған мақала жайында) – очерктері, «Қайран шешем» (С.Бақбергеновтің «Қайран шешем» романы туралы), «Талаптың мініп тұлпарын» (Поэзия һәм ақындар жайында), «Сөз — өлең жайлы» (Редакцияға түскен өлеңдерге шолу), «Зәуреш» (Ж.Сәрсекеевтің «Зәуреш» трагедиясы) – әдебиет және театр сынына арналған сыни мақалалары, «Талант» , «Екі көзқарас», «Тірі кесір» көк шұбар әтеш және қара қарға» , «Жыл жоғалтқан адам», «Елағаң жазушы» , «Садағаң кетейін, папашка», «Папашка – милашка «Тазалық жайлы жиналыс» сияқты сатиралық шығармалары, «Мен қалай түзелдім?» , «Саяхат», «Инабатты адам», «Асан ата», «Әке» сынды повесттері, «Ауладағы айтыс», «Жұмбақ жұмыртқа», « Ақсұңқар аңызы» атты балаларға арналған ертегілері, «Желсіз түнде жарық ай», «Шолақ шал», «Ақәділ», «Қасқыр ұйқысы», «Жанашыр», «Асқанға – тосқан», «Өмірбаян», «Әпке» , «Жезде», «Балалық» , Інітай», «Атам мен апама хат», «Менің көкем», «Маздап» , «Өзіңнен зор шықса», «Нағашы кімдікі?», « Отыз жыл өтіпті» , «Қыран туралы хикая», «Қансонарда», « Лашын», «Долы», «Дәриғаш», «Шұға», «Жеңешем», «Квартирант», «Кенжем» , «Өстіп те өзгереді екен» сынды әңгімелері мен хикаяттары бар. Бұл тізімге оның әр жылдары өзі қызмет еткен газет, журналға жарияланған хабарлама, ақпарат тағысын тағы журналистік жазбаларын қоспадық. Және оның ақындығы бар. Поэзиялық шығармалары да ғылыми тұрғыдан қарастыруды қажетсінеді.

«Жас қалам» әнінің хикаясы

Қазіргі таңда «Жігіттер» тобы және басқада эстрада жұлдыздары орындап жүрген ел арасындағы танымал «Жас қалам» әнін күні бүгінге дейін Қорабай Есеновтің әні деп қабылдап келген едік. Сөйтсек бұл Қорабайдың емес, Төлеубектің әні екен. Бұл ән – 1955-1956 жылдары Алматы қаласында өзінің кіндігін кескен. Сөзіміз нанымды болуы үшін, дәлел келтірейік, жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» (Алматы, «Тамыр баспасы, 1999 ) атты ғұмырнамалық романында: «Шыңжаңда ерте қанаттанып, жыр-дастандарымен ел-жұртқа танылған Төлеубек Жақыпбаев 1955 жылы Қазақстанға өткен соң бір жылдай Семей облысының Мақаншы орта мектебінде оқиды. Осында өзімен сыныптас Розалия деген қызбен көңіл жарастырып, екеуі қосылуға сөз байласады. Бұлар Алматыға бірге келіп, Төлеубек университетке, қыз шет тілдер институтына оқуға түседі. Розалияны Төлеубек курстастары біздерге таныстырды. Толықша келген тана көз, қара торының әдемісі екен. Әзірше ортамыздағы жалғыз «қалыңдық» болған соң бәріміз алақанға салып, кинотеатрға бірге барып жүрдік. Бірақ, амал не, олардың бұл жұптасуы ұзаққа бармады. Розалия арғы беттен ауып келген жалқы жігітті кедейсінді ме, болмаса аудандық жерде көзіне жұлдыздай басылған жігіт, қаладағы — Алматыдай астанадағы сылқым-сері жігіттердің қасында көзіне қораш көріне бастады ма, әйтеуір қыз сөзінде тұрмай айнып кетті. Бұл жағдай сол кезде жиырма беске келіп калған Төлеубекке оңай тиген жоқ. Біразға дейін өзіне-өзі келе алмай, дүниеден түңіліп, аса бір қамкөңіл күй кешті. Кейде сабаққа да бармай жатақ бөлмеде бүк түсіп жатып алатынды шығарды... Біреуді сүйсе жан-тәнімен құлай берілетін, жек көрсе жуық маңда жібімейтін Төлеубек көпке дейін Розалияны ұмыта алмай жүріп, ақыры ол өзінің жан күйзелісін «Сен маған ыстықсын басқадан» (кейін айтушылар «Жас қалам» атандырған) деп басталатын өлең жолдарына айналдырды. Онымен де шектелмей әлгі өлеңді «Сорвала я цветок полевой» деген орыстың халық әнінің әуеніне, сәл өзгертіңкіреп салып айтатын болды. Қашан көрсек сол әнді мандолинамен сүйемелдеп, зарланып айтады да отырады. Бірте-бірте біз де бірге айтатын болдық» делінген. (203-205 б). Әннің сол кездегі толық нұсқасы төмендегідей:

Сен маған ыстықсың басқадан,

Сүйем деп айтуға жасқанам.

Жеткізе алар ма жүректің,

Жасырын жан сырын жас қалам.

Кездессек ұрлана қарайсың,

Асаудай тулайды жас жүрек.

Мен сені жаныма балаймын,

Мен үшін сенде бар не тілек.

Есімде сол күнгі сауық кеш,

Тағдырым қолыңда өзің шеш.

Ләйліден айырылған Мәжнүндей,

Дәл қазір менде жоқ ақыл-ес.

Бар шығар әлде бір сүйгенің,

Менсінбей тәкаппар жүргенің.

Оны зор, мені қор санасаң,

Мейірімсіз соққыңнан күйредім.

Жер сабыр, тұнжырап тұр аспан,

Жабырқау көңілмен ұласқан.

Үй іші беймаза көңілсіз,

Еңсені аса бір зіл басқан.

Қиялдап кетем мен әрнені,

Қиялдың болған ба шет-шегі.

Қалқадан басқа ой мұндайда

Жұбатпас арманды іштегі.

Сөз арасында белгілі ақын Оразақын Асқардың «Жас қалам» әнінің шынайы тарихы» атты мақаласы бар екенін айта кеткен жөн. Әннің қалай туғанын өз көзімен көріп, құлағымен естіген жандардың бірі Қажытай Ілиясов. Қажытай ағамыздың: «... мен Төлеубек мәтінінің ат жоқ, жөн жоқ Қорабайға таңылу себебін зерттедім. Ми ашытатын онша бір қиындық жоқ екен, біреуді-біреу терең ұғынбаудан болған шаруа көрінеді. Өйткені, Төлеубек, Қабдештер 1962 жылы КазГУ-дегі оқуын қайта жалғастырғанда кәдімгі Төлен Әбдіков, Иген Хасенов, Дүйсенбек Қанатбаевтармен бірге оқыған ғой. Арада бірер жыл өткен соң, Төлеубек сырттайғы бөлімге ауысып, Жамбыл облыстық газетіне жұмысқа тұрады да, Қабдеш жоғарыдағы азаматтармен бірге оқуын 1965 жылы күндізгі бөлімде оқып бітіреді. Қабдеш «Қазақ әдебиеті» газетіне, Иген Хасенов Республикалық Халық творчествосы үйіне, Дүйсенбек Қанатбаев қазақ радио-телевидениесіне қызметке бөлінеді. Иген Хасенов екі-үш ай қызмет істеп, орныға бастаған кезінде Жаңаарқадан гитарасын көтеріп, ауылдасы Қорабай Есенов келеді. Тыныс-тіршілігі бір жерде өткен екі өнерпаз шүйіркелесіп, Қорабай Есенов «Жас қалам» деген әнді айтады. Шынын айтқанда ән кімдікі, сөз кімдікі екенін олар да білмейді. Бірақ қолы қысқа студенттік өмірден енді ғана құтылғандықтан, Қорабайға тиын-тебен болсын деген ниетпен құжатқа ( репартишкаға) оның аты -жөнін жаза салады. Болған –біткені осы. «Жас қалам» әні сол дақпыртпен қырық жыл бойы Қорабай қанжығасында келе жатыр. Мұндағы кемістік біріншіден, әуеннің екінші жолындағы созылмайтын тұсы созылып, қазақиластырылады. Екіншіден, кезінде Қорабай ән сөзін шала-шарпы ұғынғандықтан, «мейрімсіз соққыңнан күйредім» деген ұйқасты «мейрімсіз соққаны жүректің» дей салады. Сол сияқты «Тағдырды қойдым мен өзің шеш» деген тіркесті «Ләззаттың тағдырын өзің шеш» деп өзгертіп айтады. Ұлы сөзде ұяттық жоқ, бұлай өзертудің өзі беттің арын белбеуге түйіп, қыз баланың «бірдеңесін» ашық сұрау емес пе? Үшіншіден, негізгі мәтіннің бірнеше шумағы түсіп қалған. Баспасөзде бұл мәселе толық жазылды. Сексенінші жылдардың орта шенінде Алматыдағы Қазақ концертте өткен сауық кеште жүргізуші «Жас қаламның» әні мен сөзі Қорабай Есеновтікі» дегенде жағамды ұстадым. Себебі, 1956 жылы бұл әнді Алматыда Төлеубектің сөзімен жазушы Шәрбану Құмарова бастаған, Аманжан Жақыпов, Қабдеш Жұмаділов қостаған, студенттер қауымы шырқап жүргенде, Қорабай Есенов сегіз жастағы бала екен. 1958 жылы «Жас қалам» әні Қытай қазақтарына тарағанда, Қорабай он жаста ғой. Тіпті ондағы қазақ интелигенттері ғана емес, қазақша білетін маңғұлдар мен дүңген, сібелер де айтатын. Сол жылдары Қашқария, Хотан жағынан келген ұйғыр қыздар да «Сән маңға ыстықсәң башқадан» деп әуенін созғанда бір-бірімізге қарап, күлетінбіз. Өз басым «Жас қаламды» Үрімжіде, Шәуешекте болған сауық кештерде, той-домалақта үнемі айтып жүрдім», - дейді. Жөн сөз-ақ, алайда, әлі күнге дейін үлкен концерттерде де, ән жинақтарында да осы әннің авторы Төлеубек емес, Қорабай Есенов болып жүр. Шын авторына қайтарып беретін уақыт келген сыңайлы. Аруағын сыйлайықшы, ағайын!..

Әуезовтің пейілі ауған қаламгер

Төлеубек Жақыпбайұлын жоғарыда қазақ әңгіме жанрының классигі деп айтып өткен едік. Тектен текке айтпадық, оның әрбір әңгімесі мен ертегісі, хикаяты мен повесті өзгенің шығармасына ұқсамайтын, өзіндік өрнегі, қисын-мәнері дара шығармалар. Алғашқы сөйлемінен ақ, бір деммен шығарманың соңғы нүктесіне дейін бас көтермей оқып шығасың. Тілі тартымды, шұрайлы, сюжеті мен персонажы шытырманды, сан түрлі, алуан тағдырлы, образдары кесек, күлкілі, кейіпкерлері ойсалады, ойландырады.

1961 жылы Төлеубек жанашыр ағасы Ғабдол Слановтың қолдауымен Мұхтар Әуезовтің үйіне барып, өзінің шығармаларын оқытып, Әуезовтен «жоғары» баға алып, ықыласына бөленген. Жазушы осы оқиға жайында : «... Мен осы жылы ҚазГУ-дің филология факультетінің бірінші курсын оқып жүріп, «Әкемнің арманы» деген повесть жазып бітіргем-ді. Мұны әдебиетпен әуес бірсыпыра жігіттер (өз жолдастарым) және Ғабдол Сланов қатарлы кейбір белгілі жазушылар жақсы қабылдап жүрек жылытар пікірлер айтқан-ды. Тіпті «Лениншіл жас» «Би» деген тарауын жариялап ізгі тілек, сәт-сапар жазған.

Нақ жүрегіммен айтқанда, менің арманым ең алғашқы бұл кітабымды ең талантты жазушыға көрсетіп, егер болашағымнан ештеңе шыға қоймайтындығын анық білсем, қолдан келетін басқаша кәсіппен шұғылдану еді.

Ғабдол Слановқа осы жайымды айтқанымда шын жүректен риза болып:

— Тырнақалды бұл еңбегіңді прозаның нағыз құдайына, ең төбе биіне көрсет. Ол — Мұхаң ғой, — деген-ді. Мұхаңа «елшілікке» барып мені ол кісіге таныстырып, уақытын сұрап жүрген де сол кісі еді.

Мұхаң мұны құп алыпты. Мені бұдан бір апта кейін түскі сағат 12 кезінде өз үйінде қабылдайтынын, қалт еткен бір бос уақыты сонда болатынын айтыпты. Демек, бұған қарағанда ол кісінің бір-екі күннен де емес, апта бойы бұлжымас графигі болғаны ғой.

Міне, біз сол уағда бойынша бір минут та кеш қалмай Мұхаңның алдына келіп отырмыз. Мұхаң сол жайында келгенімізді айтпай білді.

Мұхаң еңсеріле бұрылып:

— Сіз бұрын жазып па едіңіз?

— Бұрын өлеңдер жазып көріп едім. Әлі де анда-санда көңіл күйлерін қойын дәптеріме түсіре жүремін.

Мұхаң басын маңғаздана изеп, аса бір жылы ықылас білдіріп, қабағын түйе, шүйіле қарап сөйлеп кетті.

— Тегінде байқасаңыз, біздің қарасөз шеберлері әдебиет майданына бәрі дерлік өлеңмен келген. Бұл кешегі Абайдан бастап, қазіргі сіздерге дейін солай өзі. Біздің Сәкенді, Бейімбетті, Ілиясты, мына Сәбитті алыңыз, бәрі де өлеңмен келген. Мен өзім де басында өлең жазғам. Әдебиетке былай келу жақсы да өзі. Өйткені бұл құбылыс халқымыздың ұлттық бір ерекшелігі — ақындық қабілетімен сайып жатыр.

Горький «Көркем тіл жоқ жерде, көркем шығарма да жоқ» деген. Ал онда тіл ұстартудың құдіретті құралы көркем тілдің атасы өлең емес пе? Ендеше әдебиетке өлеңмен келудің теріс болмағаны ғой.

Мен Мұхаңның логикасына, пікірінің соншалық айқындығы мен тартымдылығына таң қалдым.

— Шығармаңыз, қысқаша айтқанда, не жайында еді өзі?

— Қытай шовенистерінің Цинцзияндағы ұйғыр, қазақ, қырғыз, монғол сияқты ұсақ ұлттарға істеген зорлық-зомбылығы, озбырлығы жайында. Сосын реакцияшыл гоминдан және жергілікті феодалдар мен панисламистердің зұлымдығы мен айуандықтары жайында.

— Шығармаңыз ең әуелі өз жүрегіңізді елжіретіп, жан-дүниеңізді тебірентеме ме? — деді Мұхаң үлкен бота көздерін тіке қадап. Мен осы көздің ар жағында өзім туралы басты бір туман жатқанын аңғардым.

— Мен бұл сұрау туралы не деуім керек, аға? Жақсы болсын, жаман болсын іштен шыққан перзентін қай ата-ана жек көрген. Менімше әр автордың шығармасы да өзі үшін дәл осы сияқты ма деймін.

Мұхаң сәл жылы ұшырап, болар-болмас жымиыс жасағандай болып, ақырын басын изеді.

— Шырағым, сіз былай етіңіз. Қазақстан Жазушылар одағының проза бөлімін басқарушы Хамза Есенжановқа: «осындай, осындай оқиғалы повесімді Мұхтар Әуезовтің оқуын сұраймын» деген өтінішті бірге тіркеп, кітабыңызды сол кісіге тапсырыңыз. Атап айтқанда, мен сіздің кітабыңызды Жазушылар одағының тізіміне алдырып, авторитетно оқып, оларға өз көзқарасымды қадап айтпақпын. Өйткені сіз жас болғаныңызбен, бәрімізді аға тұтып, алыстан келген қонақсыз ғой.

Әлдебір өзім де түсіне алмаған дірілдеңкі үнмен:

— Рахмет, аға, — дегеннен басқа ешнәрсе айтуға шамам келмеді менің.

— Кітабыңыздың көлемі қанша? — деді.

— Машинкамен басылған. 800 бет еді.

— Демек, 12 баспа табақтан астам екен ғой.

«Бұл көп дегеніңіз бе, аз дегеніңіз бе» дегендей, Мұхаңның бетіне қарадым. Марқұм мұны түсіне қалды.

— Менің айтайын дегенім, шығарма бетінің қалың-жұқалығымен өлшенбейді, адамдар санасында өз құдіретімен қайтсе де қалып қоюы арқылы өлшенеді. Әрине, бұл жазушының қара басының талантына байланысты. Ал талант дегеніміз — жалықпай жазып, тынбай ойлаумен, оқумен, еңбектенумен дамиды. Он төрт тарау дедіңіз бе?

— Ие...

— Он төрт, әрине, көп емес. Мен ертең Қырғызстанға — Темірқұлдың юбилейіне жүрейін деп отырмын. Онда бір апта болсам керек. Сонан қайтып келген соң кітабыңызды Жазушылар одағынан алдырып оқимын...

Бұл менің Мұхаңды ең алғаш та, ең соңғы да көруім екен. Артынан естісем, ол Қырғызстаннан келгеннен кейін асқазан ауруымен ауырып, Москваға барып, сонда мәңгілік ұйқыға кетіпті. Ал менің повесім де қазірге дейін папкада жатыр. Өйткені Мұхаңның ағалық пікірі қатты толғантып, мен оны Қазақстан Жазушылар одағына апармадым», - дейді өз естелігінде.

Төлеубектің шығармаларын Ғабдол Сланов, Оспанхан Әубәкіров, Жүсіп Алтайбаев сынды қарымды қаламгерлер де жоғары бағалап, болашағынан мол үміт күткен.

Күнделігі – өз сөзі

Тағдырлы талант жиі болмаса да, ара-тұра өзінің ішкі ойын ақ қағазға түсіріп, күнделік толтырған екен. Несіпбек Айтұлы ағамыздың тапсырмасы бойынша, жітікөздік қызметін жасаймыз деп алған, алдымызда жатқан жазушының шығармалық мұрасын ақтара отырып, қаламгердің кейбір ойларын сіздердің назарларыңызға беруді жөн санадық. Ақынның сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған ойлары – мына заманда да өзінің маңызын, мәнін жоймаса керек.Қарап көріңіз, көңіл зердесіне түйіңіз:

Алпысыншы жыл сені мен қандай күйде қарсы алып отырмын?! Білмеймін сені өңімде қарсы алып отырмын ба, түсімде қарсы алып отырмын ба? 60 жыл, сенің келуіңе 4-ақ сағат қалды. Мен жер шарының солтүстік ендік 45 градусының өңірінде жатқан Барлық тауының бөктерінде Алтынеміл айналасы аппақ қармен сірескен шаруаның лашығында отырмын. Менің айналамда 5-6 туысқандар отыр. Бұлар сәби туысқандар. Өмірдің 60-жылын қойып 70-жылы келсе де өкінер ме? О, туысқандар сендердің орталарыңда жүру қандай бақыт, қандай азап!

***

Мен бір өмір жолы күрделі жанмын ғой. Басымда нелер қайшылықтар да болғандай. Әттең ақ қағаз бетіне заманымыздың геройындай түсірер ме едім. Себебі жазушы өз басынан жазар болар.

19 қаңтар, 1960 жыл, Алтынеміл

***

Кейбір авторларға таң қаламын: шығармаларының астына «бұл болған оқиға» — деп жазып қояды. Ал сонда басқалар ылғи болмағанды жазып, өтірікті сықпыртады демек пе, әлде бұдан бұрынғыларым өтіріктер еді демек пе?

Әлде «болған оқиға» деу арқылы оқушыны әлде недей бір нәрсеге мойындатпақ па қалай? Меніңше жазушының бәрі де — өмір деп адамзат басынан өткен құбылыстардан жазады, сондықтан да жазушының шығармасының уақиғасы тұтас дүние болып көз алдыңа елестейді, біз адамдарды көреміз олардың мінез характерлерін, түр-тұлға, тұрпатын көреді. Көз алдымызға осы адамдармен бірге, табиғат елестейді. Ал, ендеше біз мұндай шығарманың болғаны-болмағаны туралы ешбір ойғада, шәк, шүбә ойлап жатуға мұрсамыз келмейді, тек мұндай шығарманың құдіретіне оқушы бір жола мойындап ден қойып шыққанын бір-ақ біледі. «Болды» деу арқылы оқушыны мойынынан жетектеу автордың әлсіздігінің белгісі. Егерде шығармаңыз сұрықсыз бірдеңе болады екен оқушы оның «болғандығына» қарап кешірім жасай алмайды.

31 қаңтар, 1960 жыл

Жазылар естеліктер сен туралы...

(түйін)

Асан Қайғы бабамыздың:

Су түбінде жатқан тас

Жел тоқытса шығады,

Ой түбінде жатқан сөз

Шер тоқытса шығады, - деген нақыл сөзге айналып кеткен толғауы бар-ды. Міне, сол сияқты күн түспейтін көлеңкелі жерде жатып қалған Төлеубек Жақыпбайұлының шығармашылығы тарихтың соққан дауылымен тасадан сыртқа, яғни, әдеби үрдістің көкжиегіне қайта шықты. Тарихтың түкпірінен сөз келген деген осы болар... Енді оның шығармалары бүгінгі ұрпақтың тіршілік тынысымен астасып, қабаттасып, біте қайнап жатары сөзсіз. Жақында есімі де, шығармалары да ұмытыла бастаған қайран Төлеубектің “Қыран” деп аталатын толық шығармаларының жинағы баспадан шықты. (Мемлекеттік қолдаумен емес, жеке кәсіпкердің демеушілігімен). Кітапқа Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов алғысөз жазса, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы демеуші тауып, жалпы редакциясын басқарып, тегеурінді талант туралы аңызға бергісіз естелігін оқырман назарына ұсынса, біз осы кітапты құрастырып, соңғы сөзін жазған едік.

Тағдыры ит сүйреткен терідей жырымдалған талант иесінің шығармаларын туған халқымен қауыштырып, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап қалдыра білейік. Сенесіз бе, Төлеубек Жақыпбайұлының есімі мен шығармашылығы ғаламтордағы wikipedia ашық энциклопедиясына енбегіні ештеңе емес, тіпті, «Қазақ-совет энциклопедиясы» (Алматы, 1974), «Қазақ әдебиеті» (Алматы, «Бірлік» баспа үйі, 1999), «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы» («Қазақ энциклопедиясы» Алматы, 2001), «Қазақстан жазушылары ХХ ғасыр» («Ана тілі» , 2004) энциклопедиялары сияқты академиялық басылымдардан тысқары қалған. Кемшіліктің орнын толтыру керек!.. Тіпті, жазушы Жазушылар одағының мүшесі болуға үлгере алмай кеткен. Десек те, Төлеубектің таңы “атты”. Ендігі қуанышы ұзағынан болғай!

Әдебиеттің айналасында жүрген құрметті жазарман бауырлар алды-артымызға бір қарап, төңірегімізде жоғалтқан, байқамай назарымыздан шығарып алған асылдарымызды шаң басқан мұрағаттан табайық, тап деген осы екен деп қолдан тарихи тұлға жасамай, шын таланттарды, хас таланттарды тірілтейік!..

Осымен сөз тәмам.

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар