Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Балалар әдебиетінің бүгінгі бейнесі

08.06.2018 364

Балалар әдебиетінің бүгінгі бейнесі

«Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген тәмсілге ден қойған дана халық бала дегенде ет жүрегі елжіремей қоймас. Адам баласының өмірге деген көзқарасы мен талғамы да балалар әдебиетімен қалыптасады. Демек, балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің тал бесігі, тағылым, тәлім ордасы. Сондықтан да бұл сала ешқашан қамқорлықтан, жанашырлықтан тысқары қалмауы керек.

7 маусымда «Балалар әлемі: – кітаптан өмірлік мұратқа» атты Халықаралық Балалар жазушыларының форумы осы тақырып төңірегінде болды. Мұнда балаларды кітап оқуға ынталандыру, қазақ және әлем әдебиетінің классиктері мен қазіргі заман жазушыларын көпшілікке танытуға бағытталған ұлттық бағдарламаларды әзірлеу және енгізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, форумда заманауи трендтер мен жаңа байланыс құралдарына бағытталған кітап оқуды дамыту бойынша бағдарламалар қарастырылады. Бұл – ұлттық мәдениеттің негізін сақтаудың, ана тілінің байлығын арттырудың, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең қуатты механизмі.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт минстрлігінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, жазушы, ғалым, философия ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, жазушы, Беларуссия Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Стельмах Елена Анатольевна (Минск, Белоруссия), жазушы, «Қырғызстанның жаңа әдебиеті» электронды кітапханасының бас редакторы Бондаренко Олег Ярословович (Қырғызстан, Бішкек), ағылшын зерттеушісі Джил Браун (Ұлыбритания, Лондон), Вена Университетінің аудармашысы, дәріскері Havranek Erich, (Аустрия, Вена), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толымбек Әбдірайым, ақын, жазушы, жыршы, манасшы, драматург, балалар жазушысы Баянғали Әлімжанов, «Детский сайт Оранжевый верблюд» жобасының жетекшісі Лев Бондарев (Ресей ФР, Симферополь) және т.б. қатысты.

Шарада сөз алғандар бүгінгі балалар әдебиетінің беталысы, дамуы мен кенжелеуі, қордаланған түйткілді мәселелер турасында ойларын ортаға салды.

Ақын, әдебиеттанушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Қалибекұлы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау сөзін оқып, өз ойын былайша сабақтады: «Балалар әдебиеті – барша әдебиеттің баспалдағы. Балалар әдебиетінің қайнар көзі фольклордан бастау алатыны ақиқат. Фольклордың негізгі жанрларының бірі де бірегейі ол – ертегі. Қазақ ертегілеріндегі «Ер Төстік», «Кер құла атты Кендебай», «Алтын сақа», «Тасшаның қырық өтірігі», «Қаңбақ шал» секілді көптеген ертегілеріміз бар. Сондағы алты айлық жерге алты күнде жететін тұлпар, ұшатын кілем, мыстан кемпір, жезтырнақ, Саққұлақ, Желаяқ, Таусоғар қатарлы ұмытылмас жанды-жансыз кейіпкерлер біздің балаң санамыздан өшпестей орын алды. Ертегі – жағымды кейіпкерлердің жақсы қасиеттерін балалардың бойына сіңіріп, ұнамсыз кейіпкерлердің жасаған зұлымдығынан аулақ болуға үйретеді. Сондықтан ауызша оқулықтың орнын тек ертегі айырбастай алады. Кішіпейілділік, қайырымдылық, адамгершілік, адалдық, батылдық, батырлық қатарлы әртүрлі қасиеттер газет, кітап, радио, теледидар жоқ замандарда балалардың бойына осы ауызша оқулық арқылы дарыған. Ата-әженің құлақ құрышын қандыратын ертегілері мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ұлағатты ұстаздардың орнын басып келді. Тұтас бір ертегіні тыңдап, түнде тәтті ұйқыға кеткен бала таңертең бірден есейіп кеткендей, өзін шаңырақтың иесіндей, елдің санасындай, жердің жанқияр қорғаушысындай күй кешетін. Біздің бала күніміз дәл осындай еді».

«Жасөспірімдер көлемі 500 сөзден асатын әңгімелерге тосырқай қарайды. Өйткені олар қас-қағым сәтте өзгеріп кететін қарқынды заманда өмір сүруде. Бұл балалар әдебиетінен жаңа формалар мен форматтарды, тәсілдер мен технологияларды талап етеді. Егер мұны ескермесек, заман талабына жауап беріп, ұлттық балалар әдебиетін дамытпасақ, елдің ертең тізгінін ұстар жас ұрпақты бөтеннің торына тастап, орға жыққан болып шығамыз. Жазушыларымыз осы тұрғыда өз жаңашылдықтарын ұсынуға тырысу керек. Біз сол арқылы ұрпақты жаңа дәуір игіліктерін еркін пайдаланып, жетістіктерін меңгеруіне жол ашуға, танымы кең тұлға ретінде қалыптасуға үлес қосуға тиіспіз. Бізге жасөспірімдерге арналған әлеуметтік сани бағыттағы әдебиет керек. Бұл жанрға сәйкес жас кейіпкердің тұлға ретінде қалыптасу кезіндегі ішкі қақтығысы, жан сарайындағы сақ-сақ қайнаған проблемалары ашық көрсетіледі. Бұл кітаптарды өзін және өз өмір жолын іздеген жасөспірімдер бейнесі даму үстінде, динамикада беріледі. Оның барлығы да қазіргі өмір шынайылығымен, заманауи өзгерістермен астасып жатады. Бұл үшін Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін үлігіге алуға болады. Жазушымыз қоғаммен іштей қақтығысқа түскен тентек, бұзық баланың бойындағы жақсы адамды аша білді. Кішкентай кейіпкердің адасып барып жол табуын сомдады. Осы арқылы балалар психологиясындағы тылсым сырдың жұмбағын, нәзік сезімін, тұлғалық шиеленістерді балалар тілімен баланың өзіне түсіндіре білді. Осындай шоқтығы биік шығармалар қазіргі таңда туарына сенемін», – дейді форумда сөз алған Бақытбек Смағұл.

Сондай-ақ, шара барысында Толымбек Әбдірайым: «Кітапханада балаларға арналған кітап көп болса жақсы болар еді. Біріншіден, ол баланың көркем, қазақтың шұрайлы тілін білу, үйренуіне мүмкіндік береді. Екіншіден, мәнді-мағыналы баланың рухын көтеретін, тәрбие мен тағылым беретін, ойландыратын, жүрегіне сәуле құятын шығармалар көп болса екен деп тілейміз. Біздің рухымыз – кешегі Тоныкөктің, Абайдың, Шаһ-кәрімнің, Махамбеттің, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтің шығармаларында жатыр. Міне, осы тұлғаларды кеңінен насихаттау керек деп ойлаймын», - деп кітапхананың қоғамдағы ролін атап өтті.

Тобықтай түйінге келсек, жиында айтылған негізгі мәселелер жоғарыда сөзбе-сөз баяндалды. Әсілі, бұл шара – балалар әдебиетінің одан әрі қарыштап дамуына септігін тигізбесе де, қарлығаштың қанатымен су сепкендей пайдасы тиері белгілі. Десе де, әлі де болса кенжелеп қалған тұстарымыз жетерлік. «Балалар жазушысы», «Балалар ақыны» деген түсінік Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаевтан кейін елеусіз қалған секілді. «Рухани жаңғыру» аясында осы олқылықтың орнын толтыруға болады. Сөйтіп, еліміздің әдеби әлемге қайтадан енуіне мүмкіндік тудыру – кезек күттірмейтін мәселе. Сол арқылы балалардың һәм жасөспірімдердің санасына ұлттық құндылықтың асыл дәнін егу керек.

Біржан АХМЕР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар