Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Әділбек Ыбырайымұлы: Ұлық мұғжиза болған жер...

11.06.2018 6026

Әділбек Ыбырайымұлы: Ұлық мұғжиза болған жер

Әділбек Ыбырайымұлы: Ұлық мұғжиза болған жер - adebiportal.kz

немесе

МАСЖИД ӘЛ-АҚСА ТАБАЛДЫРЫҒЫ

Меккеден бұрын исі мұсылманға құбыла саналған (һижра бойынша 16 жылға дейін) Масжид әл-Ақса мешітіне барып сәжде етуді нәсіп еткен Аллаға сансыз мадақ, шексіз шүкірлік айтамын.

Мориа хибадат тауындағы мешіттің ең алғаш құрылысын бастаған Адам ата (ғ.с.).

Сахих хадисте баян етілгеніндей, Адам ата (ғ.с.) қасиетті Қағбаны тұрғызған соң араға қырық жыл салып, Құдыс (Иерусалим) қаласындағы осы әл-Ақса мешітін өз қолымен қалаған.

Екінші рет бұл қасиетті мешітті Жақып (ғ.с.) пайғамбар салған. Тарихшылардың жазуынша Ысқақ (ғ.с.) пайғамбардың ұлы Жақып (ғ.с.) анасының айтуымен нағашыларының еліне аттанады. Ымырт үйірілген соң жолай ұшырасқан қоңыр төбенің баурайына түнейді. Үлкен бір тасты жастанып, қисаяды. Көзі ұйқыға іліне бере түс көреді. Түсінде әлгі тастан көтерілген нұр көкке созылып жатса керек. Сол нұрдың бойымен періштелер жоғары-төмен үздіксіз шығып, түсуде. Бұған қоса Алла Тағала тарапынан ерекше дауыс естиді: «Ей, Жақып, мен саған да, сенің ұрпағыңа да береке беремін. Сен бұл жерге құлшылық орнын сал». Жақып (ғ.с.) ұйқысынан оянғанда: «Осы сапарымнан қайтып оралар болсам, бұл жерге құлшылық орнын саламын», – деп серт беріп, ол орынды ұмытпауы үшін тасқа белгі қалдырады.

Жақып (ғ.с.) нағашыларына барып, сонда үйленіп, бала-шағалы болып, ұрпақ өсіріп, тұрақтап қалады. Жылдардың жылдарында елін сағынып, туған жеріне қарай бет түзейді. Жолда өзі белгілеп кеткен тасты көреді. Баяғы серті есіне түседі де әлгі жерді иесінен сатып алып, үлкен құлшылық орнын салады.

Бұл – қасиетті әл-Ақса мешітінің екінші рет салынуы еді. Ал, үшінші рет бұл қасиетті мешіттің қабырғасын Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) қалаған, құрылысты аяқтау үшін ұлы Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) Финикиядан сәулетшілер алдыртқан. Пайғамбар хадисінде мешіт құрылысына жындар да жегіліп, жеті жылда салынып біткен делінген.

Жындарға пәрменін жүргізген су перісі Сүлеймен (ғ.с.) мешітті бұрынғыдан да кеңейтіп салдырған екен.

Белгілі журналист Оңғар Өмірбек ақсақалдың тарихи деректерге сүйене жазуы бойынша Яхия (ғ.с.), Иса (ғ.с.) пайғамбарлардың балалық шақтары да осы әл-Ақса мешітінің маңында өткен. Құран кәрімде айтылғанындай Иса (ғ.с.) пайғамбардың анасы Мәриям да осы мешітте тәрбиеленіп, бой жеткен.

Мешіттің айырықшалығы мұнымен өлшенбейді. Сөзіміздің басында айтқанымыздай Палестина өлкесінің қасиетті Құдыс қаласындағы бұл мешіт Ыбырайымнан (ғ.с.) бастап барлық пайғамбарлардың құбыласы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккеде тұрғанда намазды әл-Ақсаға қарап оқитын. Кейін келе Мәдинаға қоныс аударғанына он сегіз ай өткенде құбыла Қағбаға өзгерді. Міне, сол күннен барлық мұсылмандардың құбыласы қасиетті Қағба!

Әл-Ақсаның ең басты ерекшелігі мен құндылығы Миғраж оқиғасы. Миғраж оқиғасы – пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) берілген ұлық мұғжизалардың бірі. Миғраж оқиғасы пайғамбарлықтың оныншы жылы ережеп айының жиырма жетісіне қараған түні болған.

Құранда «Исра» сүресінің 1-аяты былай деп басталады: «Құлы (Мұхаммедті) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін әл-Харам мешітінен айналасын берекелі еткен әл-Ақса мешітіне апарған Алла тағала қандай да кемшіліктен пәк. Шын мәнінде, Ол – Естуші, Білуші».

Бұл ұлық мұғжиза былай болған-ды. Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбаның іргесінде түнеп жатқанында Жәбірәйіл (ғ.с.) бірнеше періштемен келеді. Пайғамбарымыздың кеудесін ашып, жүрегін алып, зәмзәм суымен тазалайды да қайта орнына салады. Тарихта «кеудені жару» деп аталатын бұл оқиға пайғамбарымыздың төрт жасар кезінде де болған.

Содан кейін қашырдан кішірек, есектен үлкенірек «пырақ» (бурақ) тұлпарды жәннаттан келтірген. Пырақтың жүйріктігі соншалық, көз жетер жерге қас қағым сәтте апарады. Жәбірәйіл (ғ.с.) пайғамбарымызды (с.ғ.с.) пыраққа мінгізіп, өзі жол бастап, әп-сәтте әл-Ақса мешітіне әкеледі. Пайғамбар (с.ғ.с.) пырақтан түсіп, оны байлайды. Ол жерде Ыбырайым (ғ.с.), Мұса (ғ.с.), Иса (ғ.с.) бастаған барлық пайғамбарлар күтіп тұрған. Олардың өтініштері бойынша Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі имам болып, екі ракат намаз оқиды. Бір кезде Жәбірәйіл (ғ.с.) пайғамбарымызға су, арақ, сүт құйылған үш тостаған ұсынады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүтті таңдап ішеді. Сонда Жәбірәйіл (ғ.с.) шаттанып: «Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.) сенің үмметің басқа қауымдарға ұқсап адасып кетпейді екен», – деп қуандырды. Бұдан кейін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Сахра» деп аталатын үлкен тастың үстінен пырағымен Жеті Қат Көкке көтеріледі...

Әл-Ақса мешітінің бір бөлігін осы «Сахра» тасына байланысты «Сахра Күмбезі» («Куббат ас-Сахра» – арабша, «Купол Скалы» – орысша атауы) деп те атайды. Ол дөңеске орналасқаннан назарға бірден түседі. Мешіт үш қабатты. Оның екі қабаты жердің астында. Пырақ байланған орын мен «Сахра» тасы тура ортада, ең төменгі қабатта жатыр.

Міне, осындай қасиетті жерге табанымыз тигенге шексіз шүкірлік айтамыз.

Мешіт тарихы мұнымен шектелмейді. Алға озған уақытпен қатар ілесіп келеді. Мориа ғибадат тауындағы бұл алғашқы Алланың үйінің іргесінен 636 жылы тақуа халифтардың династиясынан шыққан халиф Умар ибн әл-Хаттабтың жарлығымен жаңа мешіт бой көтерді. Бұл екеуі екі мешіт болғанымен біртұтас сәулеттік кешенді құрайды.

Кейіннен әл-Ақса құлшылық орыны Абд әл-Мәлік халифтің ықпалымен кеңейтілген. Құрылысты оның ұлы әл-Валид 705-ші жылы бітіріп шығады. Әрі, бұл қасиетті сәулет ғимараты 8-ші ғасырдың мұрасына жатады.

1033 жылы қатты зілзала болып, әл-Ақса мешітінің ауқымды көлемі бұзылады. Бірақ содан екі жыл өткеннен кейін Әли аз-Зихир басқа жобадағы мешіт сала бастайды. Осы салынған ғимарат күні бүгінге дейін тұр. Үстемдік еткен Ислам халифаты династиясының әр кезеңдердегі қолға алған қайта құру жұмыстары мешітке қосымшалар енгізіп отырды. Нәтижесінде көрнекті де ауқымды күмбезі, кіре беріс есігінің маңдайы, мінбер, минарет жасалып, ішкі құрылымдары өзгертілді.

1099 жылы Құдысты крест жорықшылары басып алғанда, олар мешітті сарай және шіркеу ретінде пайдаланды. Мешіт құдыстық Балдуин ІІ королінің сарайы болды. 1128 жылы рыцар-тамплиерлер мешітті Сүлейменнің христиан храмына айналдырып, төбесіне Айдың орнына айқыштарын ілді. Әрі, дәл осында тамплиерлер орденінің штаб-пәтерін жасады.

Ирактың Киркугында туып, Мысырда азамат болып қалыптасқан Салах әд-Дин (Саладин) әмір Құдысты кәпірлерден азат еткенде Мешіттің бастапқы міндеті өзіне қайтарылды. Ол мешіттің әуелгідегі көркі мен бейнесін қалпына келтіруді және христиандардан қалған іздің көзін жоюға пәрмен етті. Раушан гүлдерінің қауызы салынған сумен еден мен қабарғаларын апталап жудырып, аластатып, әбден адаланған соң өзі бастап кеп намаз оқыды. Ол жерден азан үні шықпағалы ғасырға жуық уақыт болып қалған еді.

Саладин Құдыс қаласындағы Воскресения храмынан өзге шіркеулердің бәрін мешітке айналдырды.

13-ші ғасырда билік мәмлүктердің қолына өтті. Олар ғибадат тауында орналасқан Сахра Күмбезін қоршаған үстіртке аркалы конструкциялар жасады. Сонымен қатар, дуалдарды тесіп 11 дарбаза қойды. Сол арқылы жұрт ғибадат тауына көтеріле алатын болды. Ол қақпалар күні бүгінге дейін халыққа қызмет етіп тұр.

Содан бері де көптеген қайта құру мен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қосымшалар одан кейінгі уақыттарда Жоғарғы мұсылмандар кеңесі мен Иордания тарапынан жасалды.

Бүгінгі күнде көне Құдыс қаласы израиль Құдысының құрамына жатады. Алайда, 1994 жылы Израиль мен Иордания арасындағы келісімге байланысты, Құдыстағы мешіт пен күллі мұсылмандық құндылықтар Иорданияның қамқорлығы мен бақылауына көшкен.

Мешітте бір сәтте 5000 адам сәждеге маңдайын тигізе алады.

Сонымен, бара қалсаңыз Сахра Күмбезі мен Әл-Ақса мешітіне Израиль мемлекетінің аумағынан кіресіз.

Ғибадат тауын қоршай салынған Аза дуалы (Стена Плача) ежелден зиярат ететін орын. Оның іргесін кезінде Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) қалапты. Қазіргі әл-Ақса мешіті тұрған жерге «бірінші храм» немесе «Сүлейменнің (ғ.с.) храмы» деген ғибадатхана салынған екен. Ол жөйттерге құлшылық ететін жалғыз орын болған. Бірақ, жаңа дәуір келмей тұрып қиратылған.

Арада 70 жыл өткен соң бірнеше әлеуеттілердің, негізінен, Ирод патшаның табандылығымен храмды қайта тұрғызған. Ол – «Екінші храм» деген атқа ие болыпты. Алайда ол да біздің дәуіріміздің 70 жылдарында император Тит бастаған рим әскерімен болған алғашқы иудей соғысында күйрейді.

Аза дуалы немесе батыс дуал Екінші храмнан қалған бөлшек болып саналады.

Тарихтан біз білетін Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар намаз үстінде күпіршілік ойға беріліп, отыз ұлы сол заматта сәждеден бастарын көтермей қалады. Яғни, намазхам жанның бастап салдырған ғибадатханасы қалай храм болуы мүмкін? Отыз ұлдың өтеуіне берген ұлы Сүлеймен (ғ.с.) де әкесінің ісін жалғастырды. Иудейлердің «Сүлеймен храмы», «екінші храмның орыны» деп жүргендері – Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) құрылысын бастап, ұлы Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) Финикиядан сәулетшілер алдыртып аяқтатқан әуелгі әл-Ақса мешіті екендігінде сөз жоқ.

Иудейлер мен христиандардың қасиетті кітаптарында айтылатын оқиғалар дуал шеңбер жасай қоршаған Мориа ғибадат тауында болған. Дәл осы Сахра Күмбезі тұрған жерде Ыбырайым пайғамбар Алланың тарапынан сынаққа түседі. Жаратушы оның көптен күткен әрі жалғыз ұлын құрбандыққа шалуды талап етеді.

Аза дуалы өзінің атауын яһудилердің дәстүріне сай алған. Олар салт бойынша құламай қалған батыс дуалына келіп бірінші және екінші храмдарын жоқтап жылайды. Ол екеуі әр түрлі жылдарда, бірақ бір күнде – тоғызыншы авда* күйреген. Бұл күн жөйіттер үшін ең қаралы күн.

Аза дуалының алды ығы-жығы халық. Тас қабырғаға тізілген туристерден гөрі яһудилер көп. Сүңкиіп, бастарын иіп, көздерін кілгірте әлденені сыбырлайды. Біреусі ілгерінді-кейінді теңселеді. Енді бірі маңдайын дуалға тигізіп қатып қалған. Күнделікті көрініс осылай болса керек. Олардың ішкі ойы бойынша осы жерде үшінші храм бой көтеруі тиіс, соны Алладан жалбарынып сұрайды. Қазіргі уақытта онда сәулесі алтын Күннің нұрымен шағылысып, исі мұсылманның мәдени-рухани дүниесі Сахра Күмбезі мен әл-Ақса мешіті тұр.

Біз де қалыптасқан үрдіс бойынша дуалға таянып, алып кірпіштердің жықпылына бүгінгі күнге шүкірлігіміз бен тілегімізді жазып қалдырдық.

Израильдегі ерекшелік әскерге қыздар да, жігіттер де міндетті. Адамның көбі қауіпсіздікті қадағалаған әскерилер. Олар халықпен тілдесуден қашпайтын тәрізді. Менімен біреуі суретке түсуден тартынбады. Сондай-ақ, қара шляпа киген яһуди бозбаласымен де естелік үшін камераға қарадық.

Айтқандайын, бұл қара шляпаның 34 түрі бар екен. Оның әрқайсысына тән белгілері байқалады, әлеуметтік дәрежесі де, тегі де содан көрініс табады. Ұсқынына қарағанда, менімен суретке түскен қалпақты әлеуметтік топтың жоғарғысынан болса тиіс.

Аза дуалынан асыға әл-Ақса мешітіне қарай бет түзедік. Оған бару үшін туннельмен арғы бетке өтеді екенсіз.

Масжид әл-Ақса қазір Израиль мемлекетінің пәрменінде екенін жоғарыда ескерттік. 1988 жылы Израиль әскері әл-Ақса мешітін басып алған дегенімен, туннельге жиырма қадам енгеннен кейін израиль әскері кейінге қалады да, қырық қадам жүрген соң палестина (мүмкін Иордания) әскері күтіп алады. Шекарадан аттап өте салысымен мұсылман яки мұсылман емес екеніңді сұрайды. Мұсылманмын десең, Құранның бір сүресін жатқа айтуың керек. Осы сыннан өткеннен кейін ғана әрі қарай қадам басуға ұлықсат береді.

Мешітке беттемес бұрын дәрет алу орнына кіресің. Содан соң барып ұлық мұғжиза болған жер Масжид әл-Ақса мешітінің табалдырығын «Бисмиллаһи-рахмани-р-рахим» деп аттайсың.

Сахра Күмбезі мен Әл-Ақса мешітінен жандүниең құбылып шығады. Қимай соңыңа бірнеше қарайсың.

Құдыс қаласымен қозғалғанда көлік біресе Израиль, біресе Палестина аумағына ауытқып отырады. Қақтығыс жүріп жатқанымен шекарадан өту ұзақ уақыт алмайды. Менің көкейімнен ұзақ уақыт кетпей қойған нәрсе – бір кездерде әл-Ақсаның ондаған жылдар бойына христиан храмына айналып, рыцар-тамплиерлер орденінің штаб-пәтері болған жайы. Қазіргі уақытта сионистер қоғамының өкілдері тынбай іздеу үстіндегі қасетті құты (чаша граал) «тамплиерлердің ұйғарымымен әл-Ақса мешітінің бір тұсына құпия түрде тығылып, қалып қойған жоқ па екен?» деген дүдімалды ой бой көтереді. Иса (ғ.с.) пайғамбардың қасиетті қаны құйылған құты мұсылмандардың иелігінде жатса несі айып...

Жалпы, Израиль әдебиеті халықаралық сипатта белең ала қоймаған. Алайда олардың көптеген жазушылары ивриттен бөлек идиш, ағылшын, араб және орыс тілдерінде жазады. Соның нәтижесінде көркем дүниені кітап етіп шығарып сатуда әлем бойынша Америкадан кейінгі орында. Ивритше жазатындардың басым бөлігі құпия әдебиетке құрылған, сионистік сипатта. Ал, палистиндер әдебиеті тіпті, кенже қалып қойған сыңайлы.

Сол күні біз Өлі теңізге барып қайттық та Палестинаның астанасы Рамаллаға келіп түнедік. Таңғы үштердің шамасында басталған сансыз азан Рамалла мен Құдыстың аспанын теңселтіп тұрды. Мұндай ғажап түн мен үн еш жерде болған емес еді...

Алла Тағала Рамазан айындағы ұстаған оразаны қабыл етіп, ниет-тілекке жеткізсе екен деп тұрдым...

Ав* – есеп бойынша бесінші ай, жаздың шілде-тамыз айларына тұспа-тұс келеді.

Әділбек Ыбырайымұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар