26 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Нұрболат Жолдасбек: "Мен - ымыртпын қызарған сені көріп..."

22.07.2015 196

Нұрболат Жолдасбек: "Мен - ымыртпын қызарған сені көріп..."


Нұрболат Жолдасбек


Көктемгі блюз


 

Өкпелеме. Жылама, көкем, ертең,

Гүлге орайды көркіңді көктем ерке.

Құсым ең қиялымда көп көретін

Түсірген сені кімдер көктен ерте.


 

Тығылса деп алқызыл ұртыңа үміт,

Бір күні әлей, ай да аппақ, бір күні ұлы.

(Білем саған дәл мендей ынтық ымырт)

Ғалам кезген күлкіңнен түн түріліп

Кәрі аспанды сүйейсің қолтығынан,

Өзің білмей күтесің кімді күліп?


 

Жолымды күт! Мен бармын.  Келемін мен,

Жалын жұтып нұр шашқан өлеңіммен.

Мен - ымыртпын қызарған сені көріп

Сағынышпын қол үзген дерегіңнен.


 

Сендік жұпар бұрқырап бақтардан әр,

Сен тұрғанда қалмайды ақ таңда мән.

Сенің демің жел болып аймалайды

Хама ағамды оқиды жатқа маған.


 

Көлеңкеңмін... Мен ылғи қасыңдамын,

Есімді алдың, жанылдым жасынға әрбір.

Қаңғып кеткен басымдай ғасырларды

Жасырғанмын! Мен сенің қасыңдамын.


 

Кезіктірмей біздерді қойса тегі,

Кетер ме ем Ғайсаға еріп.

Күңіреніп кем туған пірлі дала

...Кейін сенен қызғанса Айша мені.


 

Дегдар әлем дертімдей, шынарым – ай,

Күн ілініп бұлттың құлағына.

Махаббатым үшін де

О, Ай бүгін

Өтінемін кешірім сұра...

Құдай!

(Алладан басқа жоқ тәңір...)

 

Ай



Жібек өңді жанымен жаралы ару,
Жылытпайды-ау сертімнің сары алауы.
Мені іздеумен сабылып әлі жүр ме?
Мен бармайтын теңіздің жағалауын.
Сағынышың дерт болып мені іздеуден,
Уақыт уатып сенімді өлі іздерден,
Бос шөлмекке хат салып сосын, сәулем,
Жауап күтіп тұрдың ба теңіздерден.
Ойға шомып қайталай сауалыңды,
Қытықтатып толқынға табаныңды.

Уақыт өтіп жатты ма үнсіз ғана
Бір салып, бір алумен аяғыңды
Күте бердің өзгерген кезде ғалам,
Ойланбайды күткенде өзгені адам.
Ақындығы ақынның күнәсінде
Сұлулығы сұлудың көзде ғана.
Мен келдім ғой өткізіп сан кемелер,
Бақыты көп өмірдің сен кенелер.
Сүймегені секілді мені ешкімнің
Мен де ешкімді сүймедім сенсең егер!
Жібек өңді жанымен жаралы ару,
Жылытпайды-ау сертімнің сары алауы.
Мені күтіп жүр ме екен жылатып ап
Мен бармайтын теңіздің жағалауын.
Күтсең ғана келеді шынайы бақ...

 


Күн...ә


 

Қарнын қасып тау жатқан, тыншып алап,
Бұйра бұлттан бұртиған күн сығалап.
Иығынан қырлардың шымшып әлек
Миығынан күлетін мұң сұғанақ.
Жетім ұлмен жесірдей жұртта қалған,
Теңселеді толқындар ұрттап алған.
Көшке қарап долданып Құртқа дәурен,
Қарғысымен сабалап жұртты өлермен,
Кебісіне тигізген мұртты ағарған.
Омырауға сыймайтын қос анары...
Күндіз-түні жиекті тасалады.
Жанарынан тамғанын басалады,
Жыр баптаған жұрт қана!
Қос анары!
Қазақы құдіреттің жыры осындай,
Қалғып кеткен керімдей құлашымда Ай.
Ей, жезөкше дүние-ай әр ақынға

қоймайтұғын етегі бір ашылмай.
Дәндеген жыр мұң еміп қазынадан,
Абыз ғасыл аңырап, азынаған.
Керегі жоқ айғайда, қазыда оған,
Асасына барлығын жазып алған.
...Айғай түгел азайды ойбай түгел,
Кез жетті де жұртыма қойдай түлер.
Құдайларын қолтықтап көтеріп жүр
Ұрпағының ертеңін ойлайтын ел.

 

Күй



Жанымды жырға жасырған дұға,
Басымнан аспай жүрмісің?
Мейірді жұтқан ғасырға мына,
Достықтың озық үлгісін
Көрсетсем деп ем! Жасықпын неге?
Ашықты неге ел осы?
Алатау саған ғашықпын тегі,
Безбүйректіктің Төресі.
Ағам деп жүрсем көктемді тірі,
Қарындас екен кәдімгі.
Еске алғым жоқ-ты өткеннің бірін,
Соққылай берген жағымды.
Мұратқа асыл жетті ме халық?
Жетсе де ылғи көңілсіз...
Тентіреп жүріп тепкіге қалып,
Көк тіреп тұрсам мен үнсіз.
Көкірек бұлттың көңілсіз әнін,
Жаттағым келді жасырын.
Өртеніп кетіп,қолым созамын
Қайдасың менің ғасырым?!
Таскерең түнмен бастар ем өмір,
Құланды ойлаймын,оныда...
Ешқашан енді қашпан О, Керім,
Еріп жүре бер соңыма.

 

 

***

 

Түн сыңды паң,

Ол жылады бір түрлі күрсінді һәм

күлді бір сәт, сол сәтте сары дәні,

Құлады алып аспан тұмсығынан.


 

Сонда сергек тау жайды алақанын,

О, Құдірет! (қисын ба бала отанын.)

Дұғамды оқып іштей: - Алла – ай деп мен,

Жырды арқалап тау жаққа баратамын.


 

Көзін сүртіп,есінеп жапырақ – сай,

Мысық көзбен қарайды ақымақ сор.

Ақын ек сол... Жыр оқып үлгермейміз,

Кетіп қалад ол бізді бақылап сәл.


 

Кетіп қалад ағамдай күліп кеткен,

Күліп кеткен келмесін біліп кеткен.

Өткінші бұл өмірді қайтем,апа?

Қайтем, апа, өлімді жұлып кеткен.


 

Бұлт болып дамылдасам.

Күн, Ай сол, ә...

(Ұмайды олар білмейді, Құдай солар)

Ех, шіркін, жауын болсам, жауын болсам

Аспан... Жылай салар.



 

***



Сіз – көркемсіз көктемдей кеше келген,

Һәм көркем есіміңіз.

Сіз ешқашан өтпейтін көшелерде,

күтіппін кешіріңіз.

Сіз – сәулесіз сезімдей түнектегі өр,

Һәм аппақ мүсініңіз.

Сіз ешқашан көрмеген жүрекпенен,

сүйіппін түсініңіз.

Сіз – өлеңсіз өлімдей өмірге тең,

Һәм нұрсыз қарашықта.

Сіз...сіз барсыз, сосын мен көңілденем,

мұңаям адасып қап.

Сіз – қиялсыз, сіз – пәксіз, сіз ұнайсыз,

қиялда мүсініңіз.

Мен жердемін... пендемін, сіз құдайсыз,

...құлайсыз түсініңіз.

 

  

Ақмағамбет

 


Әжем менің, ақ уызын сақтаған,

Бас ұрамын белдеу түскен сәтте оған.

Інішек деп қарсы алғанда жеңешем,

Шытынауға шақ қалам.


 

Құйма – құйма шашын сілкіп ләйлі түн,

Құж – құдірет жасырғанда айды – күн.

Құлан түзде адасқанда әйгілі

Сұраушы еді жайды кім?


 

Күңіренген көң даланы жампайлап,

Мыжық тауға мыж – мыж бұлттар жантайған.

Күрең кеуде күлгін көкке қол созса

Күйші жел ғой сипайтұғын маңдайдан.


 

Мың бұралған биші күз,

Шараяққа шарабыңнан құйшы,қыз.

Сүю жайлы мендей ешкім білмес – ті,

Үйрететін сен жоқсың ғой күйші қыз.


 

Жанарынан су сорғалап бұлттың,

Бейнеңді әсем айғыздауға құнықты.

Мен – періштең пенделікті ұмытқан,

Мен – періштең жылыттым.


 

Шараяққа шарабыңнан құйшы,қыз,

Күй шерткенше күйші қыз.

Құю жайлы желдей ешкім білмейді

Үйрететін сен жоқсың ғой биші күз.


 

Шапалақпен тартқаны кеп жай оты,

Жай отымен үйлесіп ед қай ақын?

Жүрегімді жасырайын күйші қыз

Сен – Найзағай... Қоя тұр!


Парадокс

 

Мен бәріне керексізбін, керекпін,

Керектігім керексізге қорекпін.

Мен - Махамбет болар едім, бірақта

Бөлекпін...


 

Бөлектігім тым қисынсыз түс көрем,

Түс көруге күнәм шығар күштеген.

Құдай жоқ деп айғайладым,қорықтым

Қорыққаннан У жоқ, сірә, ішпеген.


 

Қорыққанмын көшелерден қараңғы,

Қатын дедім қабақ шытқан ғаламды.

Жолыққанның жолын кестім,жарадым

Қолын кестім қол көтерген адамның.


 

Жер сұрады – жерге бердім,жерледім,

Ел сұрады – елге бердім, өлмедім.

Жалғыздыққа жалғыз бардым,жазғырды

Жауыздыққа жалғыз досым азғырды,

Ермедім...


 

Кездесуге асыққанмын Алламен,

Кімге жарық болған еді жалған өң?

Қорқау тірлік жабысқан жоқ балаққа,

Қорқақ  қыртпен жабылмадым торға мен.


 

Өткеніме өткенім деп қараймын,

Сау күн іздеп арасынан әр айдың.

Ақынсың деп алдағанмын талайды,

Ақылды боп ішіп кеткем талай күн.


 

Ақымақ қой,ақымақтан жерідім,

А,дариға! Ай, дариға, көңілім.

Аз бақытты аз уақытта кешірдім

Ақын болып кетемін деп ең ұлы.


 

Сосын, сосын сүйгенім бар – Құландық,

Бойында оның бір қылық жоқ ұнарлық.

Біз бақытты бола алмаспыз,- деді де

Кетіп қалды еркіндігін сыңар ғып.


 

...Тізе берсем бола қоймас өлшемі,

Тізе берсем көтермеспін еңсені.

Шексіз мұңға алып кетем бір күні,

Шексіз бақыт құшағынан мен сені.

Шексіз сезім аралына мен сені...


 

 

 

 

Хәсь (Өгей)

 


Көрікті адам,

Ерікті аға мен бүгін сөніп барам.

Уайымымнан қараша ерікті алған,

Ару желдің артынан көзін алмай

Бұйра бұлттар сүйсіне еріп барад.


 

Мың көзбенен тінтіді мұң күздеген,

Кеудемді еміп әлсіздік күндіз менен,

Ерік кетті, еріп кетті – опасыздау

Ар – намысым мұзбалақ жырды іздеген.

Мұңын жалап қала берді жасырын,

Қаншық қасқыр секілді бір қыз кенет.


 

Бір күз кенет мұңайды құлап жатқан,

Жұлдыз дер ек күздерге ұнап жатқан.

Жоғалтуларменен есейдік, аға,

Шешейді, аға, қайтеміз жылап жатқан?


 

Міне, енді пойыздың ішіндемін,

Түсінбедім төмендеп кішіргенін.

Ана отырған пайғамбар пішінде кім?

Құлағымнан кетпейді күрсінген үн...

Күрсінген үн, мен тағы ішудемін.


 

Жайық жақтан жасампаз жел еседі,

Төресі еді жігіттің ересегі!

Толқын – толқын шаштардай құрақтардың,

Сүртпек болып көз жасын жел еседі...

О,Дүния белгісіз келешегі,

Келешегі беймәлім Ересегі.

Қан таситын тамырдай пойыз жолдың,

Бойыменен жүйткіп жел еседі.


 

Кешір мені... Кінала, кіналай түс,

Кешсеңде сен бетімде тұрады айғыз.

Тербетіліп барамыз мәңгі ұйқыға,

Шексіздіктен кешірім сұра, байқұс!


 

Сірә, жайсыз жатсың-ау

О, Керім, қыз

О, Керім, қыз көңілді көтерілгіз.

Төменіміз өмірдің Өгейі – Біз,

Бөбегі біз... Анық қой өлеріміз!

 

Кешір мені... Бейнеңді тұрған күліп,

Жындандырып жүректі мұңландырып.

Суландырып жанарды қашап жазам,

Кеудедегі жүректі нұрландырып...


 

Көрікті адам,

Ерікті аға мен бүгін сөніп барам.

Уайымымнан қараша ерікті алған,

Сөніп барам қайтейін?

...сөніп барам!

  


Хұтб



Қысқа өмірді қалғыған қоратын кім?
Құс Тәңірдің алтындап қанатын күн.
Жетімдері жетілген үй секілді
Жұлдыз жағып жатқаны қара түннің.



Кешір мені көгілдір көктегі әнім,
Кешір мені бейкүнә бақтағы өмір.
Есімде әлі қайыңның белін қысып
Басылғаным жете алмай көкке қолым.



Шашы ағарған шал аспан...көшкен өңір,
Қан тарайды қолынан кеште қоңыр.
Қойды көрсем түседі еске тобыр,
Айды көрсем түседі еске Тәңір.



«Ыыы... ана, Алла  рас... Құранда...
сүйсе кімді,
Патшада сол, піріңде, би, сотыңда»
Жұлдыз ағып жатқаны – ай қара түнде
Жетімдерін жерлеген үй секілді.



Кешір мені көгілдір көктегі әнім,
Кешір мені жетпеді көкке қолым.
Есімде әлі ерніңде өткен өмір,
Есімде әлі сертіңде кеткен өңір.



Қателігім секілді көбі менің,
Қайғыдан қан жұтынды көкірегім.
Ай, бұған...

О, Ай, бұған сен не дейсің?
...Соңғы рет жыр оқиық өтінемін.
«алаң да алаң, алаң жұрт..»


 

 

Кармен


(А. Блоктан)




Ұмытылған
Әнұранның жаңғырығындайсың...
Менің тағылау тағдырымдағы.
Дабылын қаққан көктемдей, Кармен
Мұңды да әсем мәңгі жырымдай шын,
Көңілшек бұлт һәм жаңбыры – бәрі.



Түстерден көркем оянбайтыныңдай,
Әсем қылығың көзіңде тұнған.
Сен жайлы жырлар жазуға туғам
нүктесін бәлкім қоя алмайтыным ғой,
Сарай соқтырсам өзіңдеп жырдан.



Малшынып мұңға өтіп кетесің де,
Патшайымдардай ертегідегі.
Бақша гүлдерін өбіп өтесің бе?!
...Өмірім нұрлы көргелі сені.



Ұйықтайсың
Маңдайыңнан бұрқырап жұпарың,
Жанарым текті алаулап жанды.
Білсеңде толқын жұлқылап жұтарын,
Көресің арман жағалауларды.



Жағаның толқын шылап етегін кеп,
Жұмақ мекенім осы деп менің.
Көгілдір көкке қарайсың сенбей,
Қарайсың елге, жырақ кетемін мен
Оятқан кезде ғасыр кеп мені.



Тыныштық ғажап жұмақта орнаған,
Мен жайлы ойлар жаныңды өртеп.
Шырқайсың сосын жырақта қалған,
Сені құшпайтын құшаққа арнаған
Құштарлық жайлы әніңді көркем.


 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар