Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ел тірегі – Елорда

03.07.2018 336

Ел тірегі – Елорда

Кеше Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрында «Ел тірегі – Елорда» республикалық жыр мүшайрасының жеңімпаздарын марапаттауға арналған әдеби-сазды кеш өтті.

Жыр додасын Астана қаласы әкімдігі жанындағы мәдениет және спорт басқармасының тікелей қолдауымен Сәкен Сейфуллин музейі ұйымдастырып отыр. Бұл мүшәйра сегіз жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанын айта кеткен жөн.

Кеш шымылдығын ақын, Мемелекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы өз алғысөзімен ашып, зиялы қауым өкілдерімен «Ел тірегі – Елорда» кітабының тұсауын кесті. Аталған жинаққа сегіз жыл мерзімінде жүлдегер болған барлық ақындардың өлеңдері, поэмалары мен толғаулары енген.

Несіпбек Айтұлы: «Біздер – бірлігі жарасқан Қазақстан халқы іргелі елдердің ірі қалаларымен жастығына қарамастан үзеңгі қағыстырып, иық теңестіріп, сан қилы саясатта серкелік танытып, әлемді аузына қаратып отырған Астанамызбен шаттануға да, мақтануға да толық хақымыз бар. Бұл тұрғыдан алғанда Елордамыздың ел тарихынан, жаһандық өркениеттен алатын орны ерекше. Кеше ғана дүниені тітіреткен Қызыл империяның құрсауынан босап шыға сала, Ұлы Даланың төсінде Алаштың азат астанасы шаңырақ көтереді деген ой үш ұйықтасақ түсімізге де кірмеп еді. Тәңірге тәуба! Төрімізге тақ, басымызға бақ орнады! Ақындарға кең жол ашып, тебірене толғануға үзбей жағдай жасап келе жатқан Астана әкімдігіне айтар алғысымыз мол! Жыр бәйгесінде жүлде алған жұлдызды шығармалардан құрастырылған бұл жинақ Астананың 20 жылдық тойына ақындар атынан шашылған жыр шашуымыз әрі тартуымыз! Асқақтай бер, Астана!», – деп Астананың әлем алдындағы абыройын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Несіпбек Айтұлы Астананы жырлау – өз бақытыңды, өз мұратыңды жырлау, ұлтыңның тағдырын, тыныс-тіршілігінің барлығын жырлау екенін атап өтті.

Биылғы жыр бәйгесі Есіл жағасында бой көтерген еңселі Астананың 20 жылдығына арналды. Мүшәйраға еліміздің әр аймағынан 81 ақын өлең-толғауларын жіберіпті. Сайыстың қорытындысы бойынша, әділ қазылар алқасы төмендегі жеті ақынды жүлдегерлер деп есептеген.

Мүшәйраның Бас жүлдесін ақын, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлықтың иегері Қазыбек Иса алды. Бірінші орын – ақын, жазушы Сәуле Досжановаға бұйырды. Екінші орынды айтыс өнерінің жүйрігі, ақын Аманжол Әлтай мен Дәулеткерей Кәпұлы еншіледі. Ал үшінші болып мәреге жеткен үш ақын Мұқият Қойшыбай, Біржан Ахмер, Нұрбол Мұратбек жүлдегерлер санатын түйіндеді.

Марапаттау кеші концертке ұласып, елімізге танымал өнер жұлдыздары ән шырқап, жиылған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Ақындар алқалы жұртқа жырдан шашу шашты.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Теги: ел тірегі елорда, мүшәйра
(1)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар