Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Фестивальге қатысу - принтерден өткізген қатырма қағаз әкелу емес

11.07.2018 399

Фестивальге қатысу - принтерден өткізген қатырма қағаз әкелу емес

Белгілі жазушы-драматург Өтен Ахмет биыл мерейтойлық жасқа келіп отыр. «Әдебиет порталының» атынан қаламгерді құттықтай отырып, Кеңес-қазақ әдебиетімен Тәуелсіз қазақ әдебиетін бірдей көрген әдебиеттің көнекөзін әңгімеге тартқан едік. Ендеше. Оқи отырыңыз.

-- Аға, биыл мерейтойлық жасқа шығып жатырсыз, құттықтаймыз! Сіз өз замандастарыңыздан қарағанда әлеуметтік желілерді қолданатын, әлі күнге дейін қаламыңызды суытпай аудармалар жасап, шығармашылығыңызбен бірге жасап келе жатқан жазушысыз. Қазіргі технократтық қоғамға бірден икемделіп кетуіңіз сіздің артықшылығыңыз ба?

- Рақмет, айналайын. Замандастарым сияқты мен де жазуды – болат ұшты қаламсабымды дәуіт деп аталатын сиясауытқа малып алып, қағазға әріп, сөз, түсіруден бастағанмын. Екінші жаһандық соғыстан кейінгі жүдеу уақыт. Дәптер, ақ қағаз дегенің көзден бұлбұл ұшқан кез. Олар қат болғаннан кейін, кейде газет қиындыларының үстінен де баттитып жазатынбыз. Әр баланың жеке сиясауыты болатын. Оны олай-бұлай алып жүру – бір әуре. Сөмкеміз де кітап-дәптеріміз де, саусақ, алақан, тіпті бет-аузымызға дейін төгілген сияның дағынан сау жері болмайтын. Ол кездегі ішіне сия сорып алатын, төс қалтаға қыстырып қоятын жабық қаламсаптың өзі де саусақтарың түгіл, байқамасаң, киіміңді де былғап тастайтын. Ұмытпасам, 1966-67 жылдары шәрікті автоқалам шетел асып бізге де жетті. Бұл жаңалықтың қолына қалам ұстайтын адамға төңкеріс сияқты әсер еткені анық. Ал машинка ол кезде мемлекеттік стратегиялық құралдардың қатарына жататын. Машинкаң болса, нөмірленіп, үш әріптің есебіне алынатын. Партияға жақпайтын сөз шығып кетсе, машинкаларды тексеру арқылы әлгі жазғанды қолма-қол тауып алар еді.

Екі ғасырдың тоғысында елімізде әуелі компьютер, іле-шала әлеуметтік желілер пайда болып, Тәуелсіз Қазақстанның да алысын жақын етіп, созған қолын ұзартып әп-сәтте шырмап алды ғой. Мен журналистік кеңсе қызметінен 1998 жылдың аяғында кеттім. Оқып алған мамандығым бойынша орта мектепте алты жылдай мұғалім болдым, Талдықорғандағы Б.Римова атындағы драма театрында тағы да алты жылдай әдебиет бөлімін меңгердім. Мектепте де, театрда да компьютермен жұмыс істеуіме тура келді. Кеңес кезінде машинкам болған-ды. Компьютерге тез үйренуіме сол машығымның пайдасы тиді. Компьютердің артықшылығы көп. Мәтініңізді түзейсіз бе, күзейсіз бе, қайта жазасыз ба, еркіңіз, қағаз шимайлап әуре болмайсыз. Әлеуметтік желіге келсек, оны орысша забор, қазақша дуал-қабырға деп те атайды. Бір кезде адамдар қабырғаға әртүрлі қажетіне қатысты құлақтандырулар іліп кететін, ниеті бұзықтар шимайлап небір өрескел ұятсыз сөздер жазып, ұятсыз суреттер салып тастайтын. Әлгіміз соған ұқсатудан шыққан түсінік. Алайда түрі де, мазмұны да тез қарқынмен дамып, аз уақыт ішінде үлкен-кішіні бірдей баурап алды. Әлеуметтік желі адамға түбегейлі білім бермейді десек те, іздегеніңді қолма-қол тауып алып, қолыңды ғана емес, ойыңды да ұзартуға көмектесетін ғажайып құрал. Қазір Қазақстанда табанды түрде қолға алынып жатқан «Электронды үкімет», «Ақылды қала» т.б. заманауи жобалардың жасалуы компьютердің, әлеуметтік желілердің әлеуетінен шыққаны даусыз. Сондықтан компьютерді, әлеуметтік желіні қажетсінбейтін жазушылар болса, мен ондай мінезді сандық технологияны мойындамау, былайша айтқанда пойыз, машина, ұшақ тұрғанда «үйренген арбам жақсы, арбамен барам» дегенмен бірдей жабайылық дер едім. Жабайылықтан туатын енжарлық пен жалқаулықты да қосып қояр едім.

-Өтен аға, сізді екі кезеңнің әдеби үдерісін бірдей көрген қаламгер деп айтуға болады ғой. Себебі, Сіз әдебиетке кеңестік кезеңде келдіңіз. Тәуелсіздік жылдары әдебиетке келген буынныңжазған-сызған дүниесін де бақылап жүрген шығарсыз. Енді, сұрақ: Екі кезең әдебиетінің айырмашылығын қаншалықты сезініп жүрсіз?

-Табиғатынан шын талантты адамды Алла-Тағала өмірге көзқарас тұрғысынан тәуелсіз етіп жаратады. Осыны жақсы білген бәлшебектер асауды жуасытып, өз мүдделеріне жұмыс істетудің жолын тапты. Жазушылар одағы деген институт құрып, осының ішінен шықпайсыңдар деп «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген қалып дайындап берді. Осы қалыптың құрсауынан сол кезеңнің ең ұлы шығармасы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы да шығып кете алған жоқ. Түрі ұлттық болғанымен, мазмұнында социалистік жалған мұраттардан туындайтын баланы әкеге қарсы қою, әмеңгерлікті, діни, салт-дәстүрді мешеулік деп сынау, орысты – ірі, озық деп, қазақты майда әрі қараңғы деп, соңғысы алдыңғысын үлгі етуі керек деген секілді әуендерді ойланып оқысаңыз, оңай табасыз. Солай деп, өмір шындығы бір жақты суреттелген десек те, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, І.Есенберлин, М.Мағауин, Б.Тілегенов сынды қаламгерлер кезеңдік ірі шығармалар тудыра алды. Олардың меніңше, мынадай артықшылықтары болды: біріншіден, сол ортада күрес майданында шынығып өсті, екіншіден, қазақтың ескі салт-тұрмысын да, бәлшебектік ұранның көздеген мұратын да жетік білді. Екеуін үйлестіруге, пайдалы мазмұн шығаруға талпынды. Үшіншіден, олар қаймағы бұзылмаған ұлттық тілдің құнарлы мәйегімен ауызданғандар еді. Осы тұрғыдан мен кеңестік кезеңдегі әдебиетіміздің озық үлгілерінен кейінгі жас ұрпақтың, ойлы көзбен саралап оқыса, олардан алар тағылымы да, үйренер үлгісі де молынан табылады деп есептеймін.

Тәуелсіздік жылдарына келсек, Жазушылар одағы сақталып қалды, бірақ бұрынғыдай идеологиялық құрал болу құзіретінен айрылды. Ал жазушылар болса, әрі-сәрі күйде қалды. Бір жағында, одақ орнында тұрған соң, бұрынғыша кітап шығаруға, жазылған еңбектің әділ баға алуына ықпалы тие ме деген есек дәме болса, екінші жағында, одақтың ат төбеліндей басшылыққа қызмет көрсетуден аса алмағанын көріп, оған биліктің одақты төңіректегендер ішінен таңдап алған «сүйіктілері» мен былайғы көпшілік жазушыларға деген ықыласының екі бөлектігі қосылып, үйреншікті соқпағынан жаңылғандай, жем жеп, су ішіп үйренген астауларын таппай қалғандай үлкен абыржу, ойрандалған ой-сана тұрды. Дүниеге жаңадан келіп жатқан тәуелсіз қоғамның аяқ алысына, жетістік нышандарына үңілудің, қайшылықтарының, кемшіліктерінің себептерін саралаудың орнына бұрынғыша одаққа емексіп, артқа қарап жалтақтай беру әдебиеттің үдерісіне пайдасынан гөрі зиянын көп тигізді деп ойлаймын. Әрине, бұл менің өз пікірім.

-Оны сұрап отырған себебім, тәуелсіз Қазақстанның әдеби кейіпкерлері неге әлі кеңестік кезеңде жүр?

-Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан жаңа ғана асты. Қоғамды түсіну үшін сол қоғамда туып, білім, тәжірибе жинақтап, қоғамды танып-білетіндей азаматтық қабілетке жетуің керек қой. Яғни ең кемі 20-25 жас аралығы. Ал олар не естіп, не көрді? Естігендері – ағалары мен әкелерінің кеңес кезінде бәрі тегін, жұмыссыздық болмағаны туралы, тәуелсіздік алғанда ат төбеліндей қолы ұзындардың жетпіс-сексен жыл бойы бүкіл халық болып бел жазбай жабылып жүріп жасаған орасан зор байлықты меншіктеп алып, бір сәтте байып, олигарх болып кеткені туралы әңгімелері; көргендері – кеңес билігінде болғандардың жаңа билікке ауыса салғаны, өліп, не қартайып орны босағанда, ол жерлерге балаларының қонжия кеткені, байыған аздың мінетін көлігі, ішіп-жейтін тамағы, емделетін, жылда демалатын орны, тіпті тұратын көшесі мен үйлеріне дейін салтанаты асқақтап, қара халықтан бөлектеніп шыға келгені, үлде мен бүлдеге оранған балаларының жұлдызды оқшау өмірі ғой. Осының бәрін жүрек сүзгісінен өткізіп, ой елегімен екшеп қорыту қайсыбір талант үшін де оңай шаруа болмаса керек. Осыншама қабаттасқан қайшылықтар ішінде өскен жас буынға бұл шаруаны игеру тіпті де қиын болуы мүмкін. Иә, үстірт қарағанға олар тәуелсіз қоғамда ер жетті, алайда айнала жүрек қабылдамайтын, ақылмен түсіндіруге келмейтін қарапайым адамға мүлде жат қайшылықтарды да көріп өсті ғой... Демек, қазіргі жас буын жаңа қоғамның орныққан сүйкімді келбетін жасауға, лайықты тұлғаларын кескіндеуге әлі дайын емес сияқты көрінеді маған. Ал аға буын жазушылардың кейбіреулерінің бұрынғы ойға алған немесе алғашқы томдары жазылып, аяқталмай қалған әдеби жобалары аясынан шыға алмай қалғаны да рас. Кеңестік дәуір адамының қалыптасқан дүниетаным, түсінігінің тәуесіздік қоғамда пайда болып жатқан үдерістерге бейімделуі, бейімделе алмауы, легендегі шомылғы сумен баланы да бірге төгіп жіберген секілді. Барды бағаламай, құндының қадірін кетірген жайларға, аяқ астынан пайда бола кеткен қатыгездіктің өріс алып, мейірім-қайырымның жоғалғанына, пара жеудің барлық саланы қамтып, төменнен жоғарыға дейін кең құлаш жайып, тойымсыз ашкөздік ауруының асқынып, ел байлығының жойдасыз тоналып, Президенттің алға тартқан ұлы жоспарларының нәтижелі орындалуына кедергі келтіріп, қоғам дамуының етегіне жармасқан кеселдерге назар аударған жазушылар да жоқ емес. Мысалы, Т.Сәукетаевтың романдары. Мен де «Желтоқсан ызғары», «Қара дақ», «Қара кемпір, қара шал, қара балық», «Қалаулы ұл», «Шақшақ шерлі», «Ауылдан безу», деген әңгіме, повестер жаздым. Бұл жерде, менің өз түсінігімде, мынадай бір нәзік кілтипан бар. Жаңа қоғам құрып жатқан билік бар ауыртпалық пен жауапкершілік біздің мойнымызда дейді де, кемшілігін көрсетіп сын айтқанды ұнатпайды. Жол тауып ондай дүниелері шығып кеткендерді мүлде елемеуге тырысады. Сонымен бірге, пәлен ғасыр тәуелсіздігін аңсап та, күресіп те өткен ата-бабаларының ұлы арманы орындалып жатқанда жас қоғамның кемшіліктерін бадырайтуға жазушылардың өздері де көп жағдайда құлықты бола қоймағаны да шындық. Әйтпесе, әлемді тамсандырған толағай табыстарымызбен қатар, кезінде Шекспирдің түсіне де кірмеген қаншама трагедиялық оқиғаларға куә болдық. Бірақ олар әлгіндей себеппен әзірге әдебиетте көрініс тапқан жоқ. Дамыған, орныққан елдерде қоғам назарын аударған оқиға болса, мейлі, президенттің басынан өткен болса да, ол туралы дереу роман жазылады, спектакль қойылады, кино түсіріледі. Қай суреткер бұрын қимылдаса, соның тасы өрге домалайды. Кейін, бәлкім, біздегі трагедиялар да жазылар. Бірақ дүмпулі әсері болмайды. Естелік сияқты желпіп қана өтеді. Елді елеңдеткен жайларға дәл уақытында үн қоса алмау, бұл да біздің әдебиет, драма тудырудағы бір осалдығымыз.

-Сонда қазіргі әдебиетте жүргендер өз инициативасын анықтай алмай жатыр дегіңіз келе ме?

-Әдебиеттің әлеуетін айқындайтын күш – оқырманы. «Бар қазаққа сөзім жетті» деп С.Мұқанов айтпақшы, кеңес жазушыларының оқырманы көп болғаны өз алдына, әр мықтының төңірегенде оны насихаттаушы қаншама әдебиет зерттеушілер мен сыншылар жүрді десеңізші. Егер қазір әр миллион қазаққа бір мыңнан кітап тараған күннің өзінде таралымы 12-13 мың дана болуы керек қой. Әзірше бұл қол жетпес қиял. Оның орнына мұқабасын көз тоятындай етіп сәндеп 20-30 данамен кітап шығаратындар көбейді. Сондықтан мен үшін танымдылығы алақандай топ шеңберінен аспайтын ақын, жазушы туралы пікір айту ақылым жетпейтін өте қиын міндет. Тәуелсіз Қазақстанның әдеби кейіпкерлерінің кеңестік кезеңде жүруінің, менің түсінігімде, осындай себептері бар.

-Жуықта, қатеслеспесем «Таға» атты жас театрдың ашылуындағы алғашқы қойылымында сізді көріп қалдық. Театрдың алғашқы қадамына көзқарасыңыз қалай?

-Қоғам басынан қандай қиындық өтпесін өміршеңдігін жоғалтпайтын жанды өнер – театр. Өтпелі кезеңнен аман өтіп қана қоймай, қазір еліміздегі жалпы саны алпысқа жетіп қалды. Көбі мемлекет қарамағында. Сәнді ғимараты, жабдықтары, әртістердің еңбекақысы, үй-жайы салықтан жиналатын бюджет есебінен. Материалдық тұрғыдан ешқашан өтелмейтін шығыны көп. Спектакльде ойнасаң да, ойнамасаң да айлығың тоқтаусыз жүре береді. Мұндай жағдай адамның жұмысқа деген ынтасын өсірмейді. Көп әртістер үшін театр азды-көпті тұрақты айлық алып, еңбек өтілі сақталатын жер ғана. Сондықтан әртіс адам көңілін театрдан гөрі телеарналардан көбірек көрінуге, тойларда асаба болуға, киноға түсуге, басқа да ақшалы жерден табыла кетуге, атын шығаруға көбірек бұруға тырысады. Дамыған елдерде мұның да шешімі табылған. Спектакльде ойнасын, ойнамасын шығыны көп тұрақты әртістер шоғырын ұстағаннан гөрі маусымдық уақытқа немесе нақты бір кейіпкерді ойнауға келісім шартпен жұмыс істегенді дұрыс көреді. Міне, осындай жағдайда «Таға» сияқты жекеменшік театрлардың ашылуы құптарлық іс. Театрлардың репертуары байиды, жанрлық алуандығы артады, бәсекелестік күшейеді. Көрермен ұтады. «Тағаның» алғашқы қадамында кінарат жоқ емес. Алайда бүгінгі қазақ тұрмысынан алынған, қазақ драматургі жазған шығармамен бастап сәтті қадам жасады деп есептеймін. Жалпы, жекеменшік театрлардың ашылуы, қатарының көбеюі академиялық атағы барларды мемлекет құзырында сақтай отырып, басқалары үшін дербестікке жол ашатын үдеріс болуы мүмкін деп ойлаймын.

- Сіздің әдебиеттегі есіміңіз қай жанрмен байланыстырылып жиі аталады?

-Проза мен драматургияны қатар ұстап келемін. Радио басқарып, телеарнада бас редактор болғанымда, ол кезде әдебиет редакциялары болған, радио-постановка, телеспектакль жанрларымен де жұмыс істейтінбіз, солардың арқасында менің пьеса жазуға бейімім ашылды, білем. Кейінірек Б.Римова атындағы драма театрында әдебиет бөлімін басқарғаным, театрдың ішкі «кухнясымен» жақынырақ танысқаным бүйрегімді драматургияға қарай көбірек бұрып жібергендей. Прозалық шығармаларым туралы кезінде үлкен ғалымдар М.Серғалиев, Р.Нұрғалиев, К.Смайылов, Ә.Әбдіәкімов, Ә.Бөпежанова, Н.Ақыш оңды пікір жазған. Кезінде Одақ басшысы О.Сүлейменов «Қоңыр үй» деген тұңғыш романымды екі құрылтай арасындағы жетістіктер қатарында атап айтқан болатын. Менің пьесаларым бойынша қойылған спектакльдер жайында «Егемен Қазақстан», «Астана ақшамы» газеттері оң бағасын берген сын мақалалар жариялады. Облыстық газеттер мен телеарналар да лайықты бағасын беріп отырды.

-Өткен жылы Астанада «А.И.» музыкалық театры «Медеяны» сахналады. Аударған сіз. Қойылым туралы әртүрлі пікірлер айтылып жатты. Бізге ой салғаны бұл театр тарапынан тапсырыс па? Өйткені, «Медеядай» бір пьесаны дүниеге әкелуге сіздің де шамаңыз келетін еді ғой?

-Медея бейнесін сомдау өнеріміздегі белгілі тұлға Айгүл Иманбаеваның арманы екен. Елімізге кең танымал, бірегей театр режиссеры Қуандық Қасымов маған осы жайды айтып, француз драматургі Жан Ануй жазған пьесаны орысшадан аударып беруімді сұрады. Спектакльдің тұсаукесері 2011 жылы ақпан айында Алматыда, Ғ.Мүсірепов атындағы театр сахнасында өтті. Осы спектакльмен «А.И» театрының іргесі қаланды. Осы спектакльмен «А.И» театры Еуропада өтетін халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, үш рет Гран-при, бір рет бірінші орынды жеңіп алды. Бұдан басқа осы театрға танымал әртісіміз Айнұр Бермұхамедова үшін Ж.Расиннің «Федра» трагедиясын аударып бердім. Осы рөлімен Айнұр әртүрлі өнер бәйгесінде екі-үш бас жүлде алып үлгерді. Азамат Сатыбалды құрған театр да шымылдығын мен аударған Г.Бюхнердің «Войцек» драмасымен ашқан еді, олар да аз уақыт ішінде бірнеше бас жүлде иеленіп, Түркияға шейін барып қайтты. Ал Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры мен аударған Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» трагедиясымен былтыр Македонияда өткен Халықаралық театр фестиваліне қатысып «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік ер адам бейнесі», «Үздік әйел адам бейнесі» деген үш бірдей бас бәйгені иеленді. Әрине, төл дүниелерім жоқ емес, бар. Бірақ сұраныс аудармаларға түсіп тұрса, амалың қайсы, көнесің. Әйтеуір, бір анығы, менің осы аудармаларым арқылы әртістер жағы көздеген бәйгелерін алып, атақтары шығып, құрметке бөленіп жатса, екінші автор болып есептелетін маған екі саусақтың арасынан басқа әзірге бұйырған ештеңе жоқ.

-Біздің театрларда репертуарын аудармамен толтыру белең алып кетті. Бұл қазақ драматургтері деңгейлі дүние жаза алмай жатыр дегенді білдіре ме, әлде?

-Әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов драматургті театр, режиссер тәрбиелейді деген ұстанымның адамы еді. Және қазақ театрын ұлттық туындылармен ғана әлемге танытуға болады деп есептеген. Оның осындай ұстаным мен сенімі идеологиялық шектеулер, қысымдарға қарамастан керемет жетістіктерге жеткізгенін білеміз. Қазір театр көп, бірақ жұлқынып алға шығып тұрған, міне дейтін режиссер әзірге көрінер емес. Өтпелі кезеңнен театр аман-есен шықты десек те, жаман ізін де қалдырып кетті. Спектакльдер, тіпті атақты классикалық дүние болсын, 45, әрі кетсе 1 сағат 10 минуттан аспайтын болды. Сылтау – тұрмыстан қажып жүрген жұрттың ұзақ отыруға төзімі жетпейді. Не комедияға, не сатираға жатпайтын, әйтеуір көрерменді күлдірсе болды дейтін, адамды мазақ тұрғысынан көрсететін шатпақтар алға шықты. Сылтау – тіршіліктен қажыған жұрт ойланып, басын қатырып қайтеді, оларға керегі – бір сәтке болса да уайымын ұмыттыратын, жеңіл-желпі күлдіргі дүниелер екен-міс.

Және осы тұста театрларда режиссер тапшылығы байқалып, кейбір пысықай актерлар бірсыпыра театрда режиссерлық орындарды басып қалды. Олар бұрынғы дайын үлгілерге ден қойып, көшірмеге әуестеніп, оңай жолды таңдап, соған әдеттеніп алды. Қазақта драматургия да жоқ, драматург те жоқ дегенді бірінен біріне қақпақылдап, желдей гулетті. Дегенмен драматургпен жұмыс істеуге ерінбеген, оған жол ашқан бір кісіні білемін. Ол – Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық театрдың режиссері Болат Ұзақов. Осы театр репертуарының көркіне айналған, жазушы Думан Рамазанның «Кенесары-Күнімжан», «Абылай ханның арманы» тарихи драмаларының көрерменін тапқан спектакльдерге айналуына Болаттың түзету, өңдеу, үйлестіру тұрғысынан ақыл-кеңесінің тигізген пайдасы аса зор. Мен мұны Думан інімнің өз аузынан естігесін айтып отырмын. Сондай-ақ, режиссерлердің ақшалы тапсырмалар мен бір пайдасы тиеді-ау дейтіндердің ұсыныстарына қарай бейімделу ыңғайы да жоқ емес. Сондайдың салдарынан спектакль деуге мүлде келмейтін плакаттық дүниелер де ауық-ауық қылаң беретін болып жүр. Мысалға Қарағандыда сахналанған Е.Төлеубайдың «Алаштың Әлиханы», Әкемтеатрда қойылған М.Омарованың «Ақтастағы Акихо» деген дүниелерін айтсақ та болады. Турасында драматургтің сахнаға шығар жолдары қияметтің көпіріндей қиындықтарға ұшырады десем, қателеспеймін.

-Жуықта бір белгілі драматургтің: Біздегі драматугтер қаламақы сұрамайды. Олардың пьесасы сахналанса болды. Соны абырой көреді. Соның салдары қаламақының мәселесінің тағы да кейінге қалуына алып келеді...», - дегенге саятын пікірін оқып қалдым. Сіз бұл оймен қаншалықты келісесіз? Сіздің де пьесаларыңыз елдің әр түкпірінде жиі қойылып жүр ғой?

- Қаламақы сұрамайтын, күйі жақсы, қарны тоқ жазғыштар жоқ емес, бар. Оларға расында абырой ғана керек. Абыройы арқылы әрі қарай, алғанмен ауыз жарытпайтын қаламақыны еселеп қайтаратын атаққа, басқа да игіліктерге жол ашып алатынын жақсы біледі. Нарықтық қоғамда еңбекке ақы төлемеу немесе ақы сұрамау – ақылға қонбайтын кеңкелестік дер едім. Құл екеш құл да тамағын еңбекпен асырайды ғой. Театрлар төлейтін қаламақы шынында ауыз шаюға да келмейді. Алайда соның өзі мен сияқты басқа табыс көзі жоқ, шығармашы адамға кәдуілгідей талғажау. Қолымда жазылған дайын дүниелерім жоқ емес. Бірақ: «Босқа жатқанша қойыла берсін, тегін берем», - деп ешкімге айтқан емеспін. Айтпаймын да. Өйтсем алдымен өзімді, сосын жазушылық еңбекті сыйламағаным болар еді.

-Бір қарасаңыз, жоғарыдағы пікір дұрыс сияқты. Пьесаны қойған режиссер қаржы алады, қойылымды сахнаға алып шыққан актерлар құрамы да сол арқылы нан тауып жеп отыр. Ал, драматургтің жұмысы қайда қалады сонда?

-Бір ойлы, жақсы досым айтып еді, қазір делдалдардың дәурені жүріп тұр деп. Қыста аязға қарылып, жазда күнге күйіп, аузы ыржиып мал өсіретін қойшы, бақташылар күнін зорға көрсе, ал сол малды арзан бағамен көтере сатып алып кететіндер байлыққа белшеден батады. «Тауратта» «Әуелі сөз» деген қағидат бар. Адамды басқа жанды дүниеден артық еткен де сөзі ғой. «Тіл – тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деп қазақ атам бекер айтқан ба?! Сондықтан қазақ орынды сөзге тоқтаған. Тоқтамаса, арты шатақ болып кететінін білген. Біздегі сөз қадірінің түсуі өздігінен бола қалған жоқ. Егемендігіміздің алғашқы балаң кезінде билікпен қапталдаса сөз айтудан сескенген жағдай болды. Оппозицияны былай қойғанда, ондай сөзді бойында ұлттық ар-намысы бар жазушылар ғана айта алар еді. Осы кезде бүкіл әлемде: «Әдебиеттің күні өтіп барады, дамыған елдерде көркем әдебиет оқылмайды», - деген әңгіме өрістеді. Соның аяғы қазір неге әкеп соққанын жұрт түгел көріп отыр.

Расында, дамыған елдерде оқырман қатары өспесе, кеміген емес. Тек өткен жылы ғана американдық жазушылар Джоан Роулинг 95 миллион, Стивен Кинг 15 миллион доллар қаламақы тапқан. Он бір жазушының 30 миллион дана кітабы сатылған. Бізде қазір Елбасымыздың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл – рухани әлеміміздің біржола тұншығып қала жаздағанынан шошынғаннан туған әрекет. Тамыры қурап тақырға айналған жерді қайта абаттандыру оңай шаруа емес. Қиыншылығын көріп отырмыз. Аудармаларыма байланысты жауабымда айттым ғой, қызығын режиссерлер мен әртістер көріп жатыр деп. Аударған авторды көбіне естеріне де алмайды, тіпті атын афишаларына жазып қоюды да қажет деп есептемейді. Сөз ұстаған драматургке деген көзқарасты осыдан-ақ көруге болады. Әу басында драматург еңбегі дұрыс бағаланып, лайықты қаламақы төленсе, сөз иесін тірілей жерлегендей тап бұлай кемсіту болмас еді.

-Ал, инсценировка – қазақ драматургтері мен қазақ театрын әлі қашанға дейін құтқара алады?

-Инсценировка, аударма қазақ театрларын құтқарып жатыр деп ойламаймын. Бұл жерде, ең өкініштісі, айтары жоқ немесе қазақтың ұлттық болмысына жат, тіпті қайшы келетін дүниелерді, күлдірсе болды деп, тықпалай беру – көрерменнің рухани әлемін лайлап, эстетикалық талғамын төмендетіп, не болса соны қабылдай беретін ойсыз қапшыққа айналдыратыны. Бізде бұрыннан жазып жүрген, төселген драматургтер жетерлік еді. Өмірден озды, қартайды, көңілі қалып, суып кетті. Қазір драматургияға жастарды тарту әрекеті бар. Бірақ әзірге оңды нәтиже көрініп тұрған жоқ. Өнер адамзат еңбегінің консервативті саласы. Бұл салада ұрпақтар сабақтастығының маңызы өте зор. Ол үзілмей жалғасып отыруы керек. Үзілген жағдайда қайтсең де репертуар, жанр тапшылығына ұрынып, бүгінгідей рухани аштықты бастан кешесің. Мәселен, біздің мемлекеттік театрларымыздан ұлттық комедия, сатира дегенді күндіз қолыңа май шам алып іздесең де таппайсың.

-Жыл сайын театр фестивальдері өтіп жатады. Тіпті, биылғы жылдың соңғы 3 айында 4-5 халықаралық деңгейдегі театр фестивальдері өтті. Театр төрт таған десек, соның бір тағаны – драматугия екені анық. Сол фестивальдерде драматургтердің еңбегі қаншалықты еленіп жатыр? Жалпы, мұндай фестивальдер бізге не береді?

-Әртүрлі деңгейдегі театр фестивалдерінің өтіп тұрғаны аса мәнді мәдени шара. Бірін-бірі байқайды: репертуарын, қойылымын, шығармашылық ізденістерін. Жақсысынан үйренеді. Әттең-айы сол, менің байқауымда, біздегілер театр фестивальдеріне қатысуды принтерден шыққан мақтау қағаз алып келу деп ойлайтын сияқты. Ондай жерге көбіне апаратындары – аударма. "Бәйге алдық!", - деп қуанып қайтады. Қазақ театры Ресейге барып орыс драматургінің дүниесін көрсетсе, әрине, түкке татымсыз болса да бәйгенің бір шетіне іліктіреді. Еуропаға барғанда да солай. Мәдени экспансия деген бар. Ол пәрменді жүріп жатыр. Қазақ театры әкелген орыс шығармасын көрген Ресей, өздерінің өткен жолы – тарихы туралы қазақтар қойған спектакльді көрген Еуропа мәдени экспансияларының нәтиже беріп жатқанына, әрине, қуанады. Айнып қалмасын, уыстан шығып кетпесін деп міндетті түрде қағаз не сөлкебай беріп қолдайды. Арқадан қағып, өтірік мақтайды. Қазақ театрларының халықаралық фестивальдерге қатысқанда, шетелге шыққанда басты ұстанымы – ұлттық мәдениетті таныту, ұлт рухын асқақтату болса керек. Тұманданған бодандық сана олай ойлауға әлі де саңылау қалдырмай отырған сияқты.

-Қазіргі драматургияның бір кемшілігі мен бір артықшылығын ашып беріңізші?

- Кемшілігі – тақырыпты таяз алуы, атүсті жеңілге кетуі. Артықшылығы – қоғам мен адам егіз ұғым десек, осы екеуін тең ұстауға ұмтылу; оларды тең ұстау арқылы адам тағдырындағы қайшылықтардың себеп-салдарына назар аудартып, көрерменді ойға жетелеу.

-Жас драматургтерден кімдерден үміт күтесіз?

- Жазғандарын қалдырмай оқып, спектакльдерін түгел көріп жүрмегесін даралап баға бере алмаймын. Бір күні өздері-ақ шығар суырылып, Димаш Құдайберген сияқты. Алла сол күнге жеткізсін бәрімізді!

- Әңгімеңізге рақмет, аға! Қаламыңыздан қуат кетпесін!

Сұхбаттасқан: Айжамал Көпеева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар