Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Н.Абдуллақызы. «Күлтегін», «Мұзбалақ» фильмдері прокатқа шығады

13.07.2018 898

Н.Абдуллақызы. «Күлтегін», «Мұзбалақ» фильмдері прокатқа шығады

Жуырда дәстүрлі «Еуразия» кинофестивалі болып өтті. Кинофестиваль барысында бірқатар Отандық анимациялық фильмдер көрсетілген болатын. Жалпы кинофестивальдың өтуі, сонымен қатар мультипликациялық фильмдер жайлы тереңірек білу үшін жас өнертанушы, мультипликацияның табиғатын зерттеп жүрген Нұргүл Абдуллақызымен әңгімелескен едік. «Әдебиет» порталының талғампаз оқырманының назарына сол ыстығы басылмаған екеуара әңгімемізді сол қалпында ұсынып отырмыз. Қабыл алыңыздар!

Сіздің ойыңызша XIV рет ұйымдастырылып отырған «Еуразия» кинофестивалі биылғы жылы несімен ерекшеленді?

– Биылғы ұйымдастырылып отырған ХIV халықаралық «Еуразия» кинофестивалі Ел Ордамыз – Астананың және білім бұлағымен сусындатқан шаңырағымыз – Қазақ Ұлттық өнер университетінің 20 жылдық мерейтойына сәйкес келуімен ерекшеленді. Осыған орай «Еуразия» кинофестивалі аясында өнер университетіне әлем мойындаған киногерлер келіп, студенттерге мастер-класс жүргізген болатын. Фестиваль барысында осындай кездесулердің «Шабыт» шығармашылық ғимаратында, студенттер алдына ұсынылуы алғаш рет орын алып отыр. Бұл біз үшін, болашақ жас киногерлер үшін үлкен сый болғанын жасыра алмаймын. Себебі әрбір кездесуде биік тұлғалар өз сырларымен және кино саласындағы басты құпияларымен бөлісті. Баға жетпес құнды кеңестер берді.

Аталмыш кинофестивальге шақырылған шетелдік қонақтар болды ма?

– Қонақта Сербиялық режиссер, тек қана режиссер емес, музыка саласында да үлкен үлес қосып жүрген, «The No Smoking Orchestra» музыкалық тобының ұйымдастырушысы, әнші, композитор, актер, продюсер Эмир Кустурица болды. Көрдіңіз бе, қаншалықты жан-жақты жан екенін!

Сонымен қатар, «Уолт Дисней» коорпорациясында ұзақ жыл қызмет етіп, Голливудта үлкен құрметке ие кинооператор Хира Нарита, ресейлік жас талантты режиссер, продюсер Анна Меликян және киносценарист Павел Финн секілді үлкен қайраткерлер болды.

Фестивальдің Сіз үшін басты жаңалығы не болды?

– Қазақ мультипликациясын зерттеп жүрген кинотанушы ретінде қуанышты екі жаңалық айтқым келеді. Бірі «Мұзбалақ» графикалық, яғни екі өлшемді (2D) мультфильмі, екіншісі «Күлтегін» үш өлшемді анимациялық фильмінің қазақ балаларына жол тартып, үлкен кинотеатрда алғаш рет көрстілуі болып отыр. Негізінде, екі фильм де толықметрлі, қазақ киногерлерінің қолынан шыққан, техникалық сапасы жағынан жоғарғы дәрежеде екенін де айта кеткім келеді. Бұл фильмдер фестивальдің негізгі конкурсына қатысқаны жоқ. Себебі, «Еуразия» кинофестивалінде қысқа метрлі анимация бөлімі бар да, толықметрлі анимациялық фильмдер секциясы әлі ашылмаған. Ұйымдастырушылар келесі уақытта осыны қарастырады деген үміттеміз. Өйткені бізде анимация, соның ішінде толықметрлі мультфильмдер даму қарқыны жыл санап өсіп келеді.

Қазақ мультипликациясының 50 жылдық тарихында отандық қазақ анимациясы қандай жетістіктерге қол жеткізе алды?

– Қазақ мультипликациясы тарихына көз жүгіртер болсақ, 50 жылдың ішінде қазақ анимация қоржынында 5 толықметрлі мультфильм бар. Оның біріншісі, көпшіліктің сүйікті мультфильміне айналған режиссер Қалдыбай Сейдановтың «Қадірдің бақыты», екіншісі Жәкен Дәненов және Рүстем Тұралиевтің «Ер Төстік», «Сақ» студиясында жасалып шыққан «Қазақ елі» мультфильмі болса, соңғы екі фильм «Қазақфильм» киностудиясында жарыққа шықты. Бұлар жоғарыда айта кеткен Адай Әбілдәнің «Күлтегін» және Тұрдыбек Майдан, Тілек Тілеуғазының «Мұзбалақ» мультипликациялық фильмдері болып табылады. Ал, енді, осы екі мультфильмге толықтай тоқталып, жалпы баға берелік. 2013 жылы жарық көрген «Ер Төстік және Айдаһар» мультфильмі негізінде үш өлшемді форматта жасалған еді. Ол кезде отандық анимация режиссерлердің 3 D форматта жасаған алғашқы қадамдарының бірі еді. Биыл жарық көрген «Күлтегін» мультфильмін қарап отырсақ, 3D форматты меңгеруде біршама алға жылжу бар екенін байқаймыз. «Күлтегін» мультфильмінің режиссері Адай Әбілданың «Аңшы», «Қоңырау» сынды анимациялық фильмдері 2 D форматында жасалған және олар шетелдік кинофестивальдерде жүлделі орындарға ие болды. Ал, соңғы жобасы (фильмі) «Күлтегін» болса, режиссердің 3 D форматтағы алғашқы жұмысы болып табылады. Соған қарамастан, аталмыш фильмнің осындай дәрежеде түсірілуі, әрине, мақтауға тұрарлық дүние. Неге десеңіз, екі өлшемді мультфильмнен бірден үш өлшемді фильмдерге режиссерлік жасау кез келген анимация режиссері үшін оңай дүние емес. Бұл ретте, режиссер Адай Әбілда өзінің жан-жақтылығын дәлелдеп отыр.

Техникалық жағынан олқылықтарды кезіктіруге болатынын да жасырмаймын, алайда бұл біздің режиссерлердің даму барысындағы батыл қадамдары, әрі қарай, мемлекеттік қолдау көрсетіліп, көрермен тарапынан да белсенділік байқалса, олардан керемет сапалы туындылар шығатынына сенімім мол. Себебі, олар әр ісіне, жасап отырған дүниесі аса сүйіспеншілікпен қарайды. «Қазақфильм» киностудиясына жиі барып тұрамын. Сонда осы аниматорлар не істеп отыр екен деп қарап кетемін. Сондағы түнде ұйқы көрмей, тынбай, аянбай тер төгіп, жұмыс істеп отырған оларды көргенде, сөзсіз бас игім келеді. Ұсақ-түйек нәрселердің өзіне назар аударуды талап ететін анимация өнері – тек төзімділерге ғана бағынатын тәкаппар кино саласы.

Келесі «Мұзбалақ» фильмі жайында айтар болсам, оның техникалық жағына, режиссерлік шешімнің қаншалық деңгейде болғандығы жайында сөз қозғағым келеді. «Мұзбалақ» фильмінде кейіпкермен қатарласа камераның еркін қозғалуы қазақ анимациясы тарихында жаңалық болғандығын жасырмаймын. Біздің анимация өнеріне биыл 51 жыл толып отыр. «Мұзбалақтың» жасаған бұндай жаңалығы бұрын соңды біздің қуыршақты анимацияда болған, алайда, графикалық, қазіргі тілмен айтқанда 2 D форматта жасалмаған еді. Себебі, түрлі ракурстардан көрсету 2 D анимация үшін қиынға соғады. Не дегенмен, әрбір қозғалыс сурет болып жеке-жеке салынады. Тиянақтылықты талап етеді. «Мұзбалақта» табиғат көріністері өте көркем түрде бере білген. Көрген жан сүйсініп қарайды. Қазақ жерінің кереметтілігін, түрлілігін суреттеген көріністер көздің жауын алады.

Аталмыш мультипликациялық фильмьдерді көрермендерге ұсынуды қашанға жоспарлап отырсыздар?

– «Күлтегін» және «Мұзбалақ» фильмдері күзде жалпы прокатқа шығады. Қалдырмай көрулеріңізге кеңес беремін.

Кеңес үкіметі кезінде түсірілген мультфильмдерден қазіргі кездегі мультфильмдердің айырмашылығы бар ма?

– «50 жылда – ел жаңа» дейді. Əрине, айырмашылықтар бар. Кеңестік уақытта қазақ мультипликациясы көбінесе қысқаметрлі мультфильмдер түсірді. Қазіргі кезде қысқа метрлі мультфильмдермен қоса, толықметрлі фильмдерге де мемлекет те, анимация режиссерлері де көңіл бөліп отыр. Екіншіден, кеңестік уақытта графикалық мультфильмдердің жасалу жолы күрделі болатын. Алдымен қағазға салынады, одан жүқа қағазға көшіріледі, боялуы үшін мөлдір (түссіз) пленкаға салынады да, жеке-жеке фотоға түсірілетін еді. Ал, қазір оның барлығын компьютер көмегімен арнайы программаларда орындайды. Сол себепті де ескіше графикалық деп емес, 2D, яғни екі өлшемді деп атайды. Үшінші айырмашылық, кеңстік заманда қазақ мультипликация режиссерлері бүлдіршіндерге қуыршақты мультфильмдер сыйлады. Қазіргі таңда, Қазақстанда қуыршақты мультипликация мүлдем қолға алынбаған десем болады. Есесіне, əлем анимациясына жаңа серпіліс берген 3D, үш өлшемді анимация дамып келеді! Қазақ режиссерлері үшін бұндай форматта жұмыс істеу алғашқы қадамдарының бірі деп баға бере аламыз! Дегенмен де, анимацияның мүмкіндігі шексіз екенін баршамыз да білеміз. Сол себепті қуыршақты мультипликация қайта жаңғырса деген ниет бар. Дəл қазақ мультипликациясына қайта келіп, өзіндік көркемдік тұсымен ерекшеленсе деген арман-тілектің бар екенін жасырмаймын. Қазіргі кезде, «Лайка» киностудиясы көбінесе қуыршақты анимациямен көрермендер мен кəсіби киногерлерді таң қалдыруда.

Сонда біздің режиссерлеріміз өзге ел анимациясынан ерекшеленуі үшін не істеуі керек? Қандай қағиданы ұстанғаны жөн?

– Олардың басты қаруы - ұлттық мифология болуы тиіс. Маман ретінде оларға бір рецепт ұсынғым келеді. Біз халқымыздан қалған мұра - мақал-мəтелдер мен қанатты сөздерді көрініске түсірер болсақ, өзге ел анимациясынан көркемдік жағынан теңесе алатынымызды үлкен сеніммен айта аламын. Не себепті десеңіз, біз əлеммен анимация техникасымен теңескен жағдайда олардан басып айтатын айырмашылығымыз болады ма, əлде жоқ па? белгісіз дүние. Нақты жауабын бере алмайды. Ал егер де көркемдік жағынан өзгешеленуді көздер болсақ, үлкен қадамдарға баратынымыз анық. Ал, ендігі кезекте, «бабалар нақыл сөздері мен мақал-мəтелдерді қалайша көрініске түсіруге болады» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл ретте, режиссерлерге Қазақ мультипликация өнеріне үлкен үлес қосқан тұлға Ерсайын Əбдірахмановтың «Бозторғай» фильміне назар аударуларын, дəл сол анимациялық фильмді жіті талдауларын ұсынар едім. Неге десеңіз, аталмыш фильмде қазақ мəтелдері сөздің көмегінсіз, кейіпкерлер көз-қарасы, іс-қимылы арқылы көрініске түсірген. Бұл «Бозторғай» фильмін көркемдік жағынан биіктен көрсетті. Тура сол сияқты, көпшіліктің көзайымы болған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінде де сондай қағиданың сақталғанын байқаймыз. Ол кездегі режиссерлердің басты ұстанымы - анимацияда сөз өнерін барынша аз қолданып, көріністі музыкамен ұштастыру еді. Қазіргі анимация режиссерлеріне де сондай қағидаға жүгінулері қажеттігін айтамын. Соның нəтижесінде, қазақ анимациясын дамытуға болады. Əлемдік аренаға оңайлықпен шығара аламыз.

Сұхбаттасқан Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Мұзбалақ, фильм, Күлтегін
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар