Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Детектив жанры қазақ әдебиетіне керек пе?

13.07.2018 831

Детектив жанры қазақ әдебиетіне керек пе?

Тақырыпты бұлай қойып отырғанымыз – детектив жанры туралы әдебиетшілер арасында пікір-көзқарас әрқалай. Енді сол бойынша ой толғаймыз. «Әуелі детектив деген не? Қоғамға, оқырманға әсері қандай? Детектив шынымен де оқылмайтын жанр ма? Әлде қазақ жазушыларына қадірі жоқ жоқ сүйкімсіз жанр ма?» деген сауалдарға жауап іздейміз.

Әуелі «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалығына (Алматы, «Аруна Ltd.», 2010) жүгінер болсақ: «Детективтік әдебиет дегеніміз (ағылш. Detective – әйгілеу, әшкерелеу) - шытырман оқиғалы қылмысты істерді ашуға құрылған шығарма. Детективтік әдебиет сюжеті жұмбақ қылмыс салаларын логикалық пайымдаулар арқылы ашып көрсетуге арналады. Басты кейіпкер ретінде – із кесуші заң қызметкерлері немесе тыңшы, барлаушылар мен қылмыскер алынып, алуан түрлі оқиғалар аркылы екі жақтың ашық та астыртын қақтығыстарынан соң қылмыс әшкереленеді».

Бірден айтайық, бұл жанрдың оқырманы, әсіресе, батыста белсенді екені көзі қарақты оқырман қауымға белгілі. Адам баласы тосын жайттардың сырын білуге құштар келеді емес пе?! Оның шешуін де білгісі келіп тұрады, елге әсерлі қылып жеткізгісі де келіп тұрады. Әсіресе, қаламгерлер қауымы құштар. Мысалы Бальзактың өз замандасы, Париждiң атақты iз кесушiсi Видокпен жақсы таныс болғандығы жазушының шығармашылығына да әсер етпей қоймады. Досынан материалдар алып іске жаратты. Таныстықтың жеміссіз еместігі – оған жазушының шығармасынан шығармасына көшiп отыратын Вотрен образы дәлел. Сондай-ақ Конан Дойльдың атақты Шерлок Холмсын еске түсіріңіз. Айта берсе, тізім кете береді.

Ал енді қазақ әдебиетіндегі детектив жанрына қалам тербеушілер туралы айтқанда, ең алдымен ойымызға – Кемел Тоқаев («Түнде атылған оқ»), Қалмұқан Исабаев («Ажал құрсауында», «Коменданттың жазбалары») одан кейінгі толқыннан – Болат Бодаубай, Шәкен Күмісбайұлы, Мұхтар Анарбекұлы, Мұхадас Балажанов, Алдажар Әбілов, Орынбек Асылбаев, Шойбек Орынбай сияқты қаламгерлер оралады.

Қаламгер Мәткерім Әкімжанов «Кемел Тоқаев» атты естелігінде: «Кемекең дидарласа қалғанда оқиғалы жанрдың өте ауыр екендігін, шығарма негізінен болған оқиғаларға, бұлтартпас деректерге сүйеніп жазылатындығын, түптің түбінде оқушы қауым осы тарихи немесе деректі кітаптарды көбірек оқуға қарай ауатындығын жиі еске салатын», - деп еске алатыны бар.

Бірақ Кемел Тоқаевтың сөзінің әзірше бағы жанбай тұрғандай ма, қалай? Олай дейтініміз, оқырман қауымды қоя тұрайық, осы жанрда қалам тербеп жүрген жандардың еңбегіне ең бірінші оқып-тоқып баға беруі тиіс әдебиетшілер қауымы неліктен детективке енжар қарайды?

«Қазақ әдебиеті» газетінде (22 тамыз, 2008) жазушы-журналист Рахметәлі Асылбектің «Қазақ детективі қай деңгейде?» деген мақаласы жарық көрген болатын. Талантты әдебиет сыншысы Әмірхан Балқыбектің 2012 жылы «Абай» порталында «Детектив жанры неге кенже қалып отыр?» мақаласы жарық көрді.

Одан бергіде, «Қазақ әдебиеті» газетінде (29.04.2016) Әйгерім Әбдірайым атты автордың «Қазақ детективінің дегбірі қашып тұр ма?» атты актуальды мақаласы жарық көрді. Көтеріп отырған мәселе – дұрыс, алаңдаушылық – орынды. Ә.Әбдірайым: «Детектив жанрының дамуына тек қана әдебиетшілер емес, қоғамның өзі ықпал етуі тиіс. Детектив жазамын деген жас жазушыларға демеу көрсетіп, бұл жанрға әдебиеттің толыққанды жанры деп қарау қажет», – деген байсалды ой айтыпты.

Әмірхан Балқыбектің: «Детектив қазақ әдебиетiндегi кенже қалған жанрлардың бiрiнен саналады. Бұған әрқалай себептер бар. Солардың бiрi әдебиетшiлер тарапынан детективтi жанр ретiнде менсiнбеушiлiк болса керек», - деген сөзінің жаны бар ма деймін...

Бұлай деуімізге себеп – «Әдебиет» порталында «Бесеудің ойы: Әдебиет пен қаламгер» (28.07.2017) онлайн-сұқбат жарияланды. Оқып шықтық да, қазақ қаламгерлерінің детектив жанрына деген көзқарасы осыншалықты деңгейде ме еді деп қатты қынжылдық... Және бір таңғалдырғаны – осы қаламгерлеріміз детектив туралы кесіп-пішіп төрелік айтып осылай-осылай деп пікір білдіріп отырса да, өздері сол жанрдағы қажетсіз болып қалған жазушылардың не атын, не шығармасын түстеп көрсетпейді...

Порталдың бес қаламгерге қойған сауалын келтірейік: «Неге ғылыми-фантастика, фэнтези, детектив жанрларына қазақтар қалам тартпайды? Болмаса осы жанрдағы кітаптар неге аударылмайды?».

Жазушы Бексұлтан Нұржекеев: «Меніңше бұлар – болашағы жоқ жанрлар», - деп бір-ақ тартады. Ақын Абай Қалшабек те: «Қазақтың өз болмысы, өз табиғаты бар. Оған фантастиканың да, детективтің де қажеті шамалы деп ойлаймын. Мүмкін қателесетін шығармын», - деп дүдәмал жауап беріпті. Осылардың ішінде, әсіресе, әлемдік әдебиеттің майын ішкен дейтін, қазақ әдебиетінде өзіндік орыны бар қаламгер Дидар Амантайдың: «Детектив те жетісіп тұрған жоқ: қылмыстың ізіне, қылмыскердің соңына түскен агенттің сергелдең өмірі», - деген бағасын оқып не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Сонда Бальзактар, Шерлок Холмсты қалдырған Конан Дойльдер бекерге тер төккен екен-ау кейіпкерлерін сергелдеңге салып қойып? Басқаша қалай түсінеміз енді.

«Ал, бiздiңше, осы детектив – керемет жанр. Достоевскийдiң романдарында да детектив эдементтерi аз ұшыраспайтындығын ешкiм жоққа шығара алмайды. Газеттегi «Қылмысты iстер хроникасы» айдарымен берiлген кiшкентай ғана хабарды «Қылмыс пен жаза» секiлдi ғажайып психологиялық романға айналдыру хас шеберлiктiң үлгiсi болса керек» (Ә.Балқыбек). Ендеше, осындай хас шеберлікті қажет ететін жанрды қаламгерлеріміз неге қабылдай алмай отыр?! Парадокс!

Ал жалпы қойылған сауалға тұшымды жауап берушілердің ішінде жас әдебиеттанушы А.Асанның пікір-пайымыз өзгеше шыққан. Ақерке: «Бұл жанрлар оқырманы көп қоғам үшін өзекті. Біздегі оқырмандардың көбі – сол әдебиетшілердің өздері...» - деп шындықты жайып салады. Ал «оқырман-әдебиетшілеріміздің» сөзінің түрі жоғарыдағыдай.

Бесінші жауап берген ақын Мұрат Бекейдің: «Мен ғылыми фантастика, детектив жанрына қалам тартып жүрген көп қаламгерлерді білемін. Мəселен Шойбек Орынбай дейтін ағам бар. Облыс, аудандарда да есімдері елге белгісіз қаламгерлер баршылық. Шығармашылық ұйымдар сондай қаламгерлерді іздемейтін, жарыққа шығаруға бей-жай қарайтын сияқты. Əлемде детектив жанрының жақсы оқылатынын жұрттың бəрі біледі. Біздің баспалардың да бұл тарапта менеджерлікке мəн бермейтіні бар», - деген сөзінің жаны бар. Бізге ең алдымен осы мәселені жолға қою керек. Жұрт кітап оқымайды деу – қисынсыз сөз.

Сөзімізді Ә.Балқыбектің мына бір тамаша сөздерімен қорытындылағымыз келеді: «Детектив жанрының әлемдiк әдебиеттегi озық үлгiлерiнен үйрене отырып, өзiндiк дауысын танытатын кезi де алдағы күндердiң үлесiнде екендiгiне сенiмдiмiз. Бұл мақаламен бiздiң айтқымыз келгенi, детектив әдебиеттiң өгей баласы емес, өз баласы екендiгiн, оның белдi жанрларының қатарына жататындығын аңғарту едi.

Қоғамның кеселi, көлеңке жақтары қылмысты iстер арқылы көрiнiс табатындығын ескерсек, сол дерттi анықтап беретiн тамыршы жанр осы детектив болса керек. Олай болса, оны менсiнбеуiмiз орынсыз».

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар