26 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Елдос Тоқтарбай: "Әдебиет – еріккеннің ермегі емес!"

08.07.2015 285

Елдос Тоқтарбай: "Әдебиет – еріккеннің ермегі емес!"

 

 


Жас ақын, замандасым Еламан Хасенұлына жазылған хат


 

  – Жалғызбын! Ешкім мені түсінген жоқ.

     Тым болмаса сен оқышы, Еламан!



Әдебиет майданына, үлкен әдеби ортаға үміткер болып келетін әр жас қаламгердің серіктері болатыны ақиқат. 2010 жылдары  әдебиет есігін қағарда Айбол Исламғалиев, Еламан Хасенұлы сынды өз тұстастарыммен танысқан едім… Сол күннен бері біздің таныстық  достық әрі шығармашылық қарым-қатынасқа ұласты.  Елеке, біз  тәуелсіздік  алғаннан кейінгі әдеби кезеңнің үшінші он жылдығының өкілдері боламыз. Біз, тәуелсіздікке, тәуелсіз елдің жаңа әдебиетіне қандай үлес қостық? Өткеніміз бен бүгінімізді саралап көрейікші…


Шынымызды айтайықшы, біз не істеп жүрміз осы? Кімді оқып жүрміз? Бүгінгі қазақ әдебиетінің хал-ахуалы қалай? Әдеби даму үрдісі тоқтап қалған жоқ па? Бүгінгі әдеби сын неге қауқарсыз? Аға буын өзінен кейінгі буынды біле ме екен? Бүгінгі қазақтың ақын қыздарын неге Фаризаның көшірмесі дейді? Жастар шығармашылығы дегенді қалай түсінесің? Осындай сансыз қаулаған сұрақ белгілеріне біздер қайтсек жауап табамыз? Осының бәріне ықтиярлықпен жауап берерсің деген үмітім бар.


Қанаттас досым,  Еламан! Өзіңменен көптен бері ақтарыла әңгімелескім келіп жүр еді…. Мына көк қағазға алданып, тіршіліктің тезінен  баз кешіп, таңнан кешкі дейін қу тірліктің қамымен қашанғы кете береміз? Тас қала, тастай қатты адамдардың суық жүзіне жапырақтай дірілдеген жанымды  ұрындырып алмайыншы деп әрең жүрмін…

Академик З.Қабдолов: "Қазақ әдебиеті – қазақ атаулының ғасырлар бойғы тағдыры мен талайының, тұрмысы мен тіршілігінің көркем шежіресі ғана емес, халықтық қасиеті, ұлттық паспорты, адамдық һәм азаматтық келбеті – мүсіні мен мінезі, автопортреті"  деген екен. Біз, тәуелсіздік кезеңінің үшінші он жылдығының шымылдығын ашқан  өкілдеріміз.


Қатарласым, бүгін саған арнайы хат жазу себебім: Өзіміз іргетасын көтерер үшінші онжылдықтың және осы аталмыш кезең  өкілдерінің, яғни, қатарластарымыздың шығармашылық әлеуеті хақында сөз қозғау, пікірлесу.

Сен Мейіржан Жылқыбай деген жігітті танисың ба? Бәлкім, аты-жөнін, шығармашылық жетістігін естіген боларсың… Бірақ, сен оның  "Тауға саяхат", "Қырық бірінші өтіріктің соңы", "Саяқ" секілді әңгімелерін оқыған емессің! Сен тұрмақ, біздің буынның  атақты  "жұлдыздары"  да оқымаған. Ақиқаты – біз өзімізбен бірге әдеби аренаға қадам басқан жастардың шығармашылығын біле бермейтіндігіміз. Дәлірек айтсақ, оқымайтындығымыз. Себебі: біз әрқайсымыз өзіміз үшін "Классикпыз!",  "Данышпанбыз!". Иә, осылай…


Мейіржан Жылқыбай – 1994 жылдың тумасы. Ол – халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің екі мәрте жеңімпазы (2012, 2015). Оның әңгімелеріне  Дулат Исабеков, Дидахмет Әшімханұлы, Арасанбай Естен, Есенғали Раушанов сынды ақын-жазушылар оң пікірлерін білдірген еді…


Кез келген қаламгер үшін негізгі қолдау – өзінің әріптестерінің (шығармашылықтағы серіктері немесе замандастарының) ықыласы. Бұл – біздің буынның қателігі емес. Кеше ғана дүниеден өткен эрудит Әмірхан Балқыбекті де өзінің тұстастары бағалап, оның шығармашылығына, әсіресе, оның айырықша поэзиялық туындыларына оң пікір айта алмаған. Жалпы қазақ руханияты Әмірхан Балқыбекті дұрыс пайдалана алмады. Егер Әмірхан ЖОО –дағы филология, журналистика факультеттерінде дәріс оқып, өзінің бар білгенін жастарға, студенттерге үйретіп, өзінің мектебін қалыптастырғанда, әдебиеттану мен мәдениеттанудың игерілмей жатқан кемшін тұстары оңтайлы шешілер еді… Әйтпесе, Әмірханның көл-көсір энциклопедиялық білімі, қарым-қабілеті, таланты мен талабы – жоғары оқу орындарындағы ар мен ұят, адамгершіліктен ада, бағаны саудалап, өзінің  «мұғалімдік» қызметіне кір келтіріп жүрген  кейбір кандидат, доктор деген ғылыми дәрежесі бар ғалымсымақтардан әлдеқайда жоғары еді ау… Не  болып кетті өзі?!


Бүгінгі жұрт жаппай оқып, мақтап жүрген марқұм Серікбол Қондыбайды да өлгеннен кейін танып, бағалап жатырмыз. Серікбол – қазақ мифологиясын жаңаша бағытта зерделеген шын талант еді… Оның ғылыми гипотезасы мен жаңалығын ғылым саласында жүрген зымиян, іші тар, кемталанттар қасақана бағаламады! Қазақ руханияты бір емес, екі талантынан айырылды. Бұлар күнде туып жатқан жоқ, емес пе?!


Мейіржан – нағыз балалар жазушысы. Оның әрбір әңгімесін оқып отырсаң, бүгінгі қазақ өмірі, қазақ отбасының тағдыры көзіңе елестейді. Ол отбасындағы бала тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығының алтын шынжыры болып келген ата-әже институтынан көз жазып қалғанымыз, қайырымсыз уақыт пен қу тірліктің басы байлы құлы болып кеткен ата-ананың отбасындағы рөлі бәрі-бәрі оның әңгімелерінде жан-жақты сөз болады. Мысалы,  «Жақсылық бүгін әдеттегідей сағат алтыда тұрды. Бір минут кем емес, бір минут кеш емес. Кішкентайынан әкесі үйреткен. Терезеден сығалаған күн сәулесі оның кірпігін түрте кіреді. Әкесі әскери адам. Он төрт жасынан ауылдан кетіп, әскери мектепте оқыған. Содан болар, өмірді темірдей тәртіп пен қақталған ережеден тұратындай көретіні. Күндегі тіршілігі бірдей және бірдей уақытта. Сағаттай сарт-сұрт, бір бағыт, бір тірлік. Ал анасы болса ғалым. Бұның түсінігі бойынша адамтану бағытында. Анасы қаншалықты адам танитынына сенбей-ді. Мұның адами бала  тілектерін көбіне далбаса деп түсіндіреді. Ол да әкесі секілді бақыттың бәрі уақытты үнемдеуде, өзін-өзі тәрбиелеуде деп түсінеді. Есік алдына шықса, әкесі таңғы жаттығуын бастап кетіпті. Әжесі түтікпен гүлдерге су шашып тұр екен. Таңның таза ауасына гүлдердің жұпар иісі қосылып, кеудесін керді. Керіліп рахаттана жұтты. Әжесінің үстіндегі гүлді көйлегі жайқала өскен гүлдердің жалғасы іспетті. Мұны көріп жүзі мейірім шуағын төге жөнелді.


– Құлыным сол, ұйқың қанды ма? Түрін қара, танауын қара тәмпиген.

– Апа! – деп әкесі Жарас гүж ете қалды. – Олай еркелете бермеңіз. Боркемік болсын деп тұрсыз ба? Өз болмысын толық сезініп үйренсін. Қайдағы бір құлынмын деп ойламай.  Ал сен бар! Неғып тұрсың? Уақытты үнемде деп неше рет айтамын осы.

Әжесі не айтарын білмей қалт тұра қалды. Түтіктен шапшыған су алқызыл гүлдерді құлата сарылдап тұр. Оны көре сала әжесі күйбеңдей берді. "Ойбуй, көкем, – деді гүлдерге – кешір, кешір, білмей қалдым".  Жақсылыққа жұпар иіс те, табиғаттың сұлу көрінісі де, жаңа күннің атқанынан туған қуаныш та су сепкендей басыла қалған-дай болды. Жаттығуға серіппедей еркін кірісетін денесі жиырыла қалғандай ауыр тартып тұр. Жүгіріп барып әжесін құшақтап алғысы келіп-ақ тұр. Бірақ, әкесі тағы да гүж етсе әжесінің көңілі одан әрі түсері анық". Оқыдың ба?  Оқысаң, енді әңгіменің мына тұсына көңіл аудар: Бетіне алаулап қан жүгірген Жақсылық үйіне келсе, әжесі диванда қисайып жатыр екен. Немересінің жайнаған түрін көріп, көңілі тола орнынан тұрды.


– Ой, жаным сол. Қан жүріпті ғой жүзіңе. Бәсе, осылай жүру керек адам деген. Көңіл тоқ болған жақсы ғой.

– Сіз қашан келдіңіз?

– Қазір ғана. Ойбуй, қызық болды ғой. Сәния мені бір жерге апарды. Ыңғи мен сияқты кәрі-құртаң қаланың кемпірлері. Бәрі тылтитып шалбар киіп алыпты. Сәния маған да біреуін алыпты. Киіңіз дейді. Болмайды деп отырып алдым. Сол жерде үйретуші қыз бір сыпайы екен, апалап алдап… Қалай кигенімді білмей қалдым. «Йога» дейді. Жаттығулар жасатты. Қиын емес, бірақ, не жасасаң да мұрыныңды шулатып тұрады екенсің. Былай… – әжесі қолдарын бүгіп жазып мұрынын шулатты. Әжесінің мұндай түрін көрмеген Жақсылық жата кеп күлді. Әжесі де мәз. Ас үйге келсе ыдыс-аяқ жиналмапты.


– Ойбуй, мыналар сағал-сағал боп әлі тұр екен-ау. Қазір-қазір, тап-таза боласыңдар. Кешіріңдер, бағана Сәния асықтырып… Әсия қолын ыстық суға күйдіріп алыпты. – Әжесі ыдыстардан кешірім сұрап жинастырып жүр. Жақсылық әжесінің бұл әдетін біледі. Айналасындағы жанды, жансыздың бәрімен сөйлесе береді.

– Әже, соны ыдыстар түсінді ме?

– Түсінгенде қандай. Қазір жал-тырап жымыңдап кетеді. Көр де тұр… Сәния сенің үйде жоқ екеніңді көріп кетті.

– Түу, миымды жейді енді.

– Айтпа дедім анау аписеріңе. Баламның миын жеп қояды. Айтсаң,  иоғаңа бармаймын деп қорқыттым.

Жақсылықтың әке-шешесі кешкі ас дайын болғанда бірақ келді.


– Қалай, апа, йога ұнады ма? Біраз барыңыз. Менің шешем тез кәртайып, өліп қалмауы керек. Мен оған жол бермеймін. Барған, бармағаныңызды өзім қадағалаймын. Ауылға кетерде дискісін алып беремін. Ауылда сонымен жаттығасыз. Денсаулығыңыз күшейіп, жасарасыз, – деп доғал қайырды әңгімесін  Жарас тамағын ішіп бола бергенде.

Бұл сөзі әжесінің атына айтылған  кәдімгі қоқан-лоққыдай көрінді. Жақсылық әжесіне қарады. Шіркін, әжесі…  ауылдағы ұлдары алдында  аяғының ұшымен жүретін, ешкім алдынан кесе-көлденең өтпейтін, бұл кісі үшін ешкім шешім шығармайтын  әжесі абдырап қалды. Басқа ұлдары болса «тәйт!» дер еді. Сөз түсінбей, әңкілдеп кететін баласына қылар дауасы жоқ. Жарас кішкентайынан кемпір-шалдың баласы болып, жастайынан әскери салаға  кетіп, түсінік-тәрбиесі уысынан шығып кеткен соң қылар амалы жоқ.


– Енді…  Алланың берген жасын көреміз де. Сол йоганы ауылда күнде жасап-ақ жүрміз.

– Шынымен де ме? – Сәния көзі жыпылықтап сенбей қарады.

– Иә, күбі пісемін. Кетпен шаба-мын. Сол кезде мұрным өзінен өзі-ақ шулап қоя береді.

Әжесінің жандалбасалап айтқан сөзіне Жақсылық күліп жіберді. Жақсылыққа қосылып әжесі де күлді. Әжептеуір жақсылық жасадым, йоганы көрсеттім деп әлдеқандай болып отырғанда,  мазақ қылып отыр деп Сәния шамданып қалды. Ыржиған баласына ала көзімен қарады.


– Жарас, бүгін Жақсылық түстен кейін үйде болмады.

– Сөз өтпейді екен ғой саған! Жүр қане, ана бөлмеге!

– Тоқтат! Бұл не өзі? Отырса опақ, тұрса сопақ. Мен жібердім. Сен неге баланың қызығушылықтарын сұрамайсың? Бүгінгі көтеріңкі көңілін басқаннан саған не пайда? Бұл адам ба өзі бұл үйде? Асыранды күшік пе?

– Апа, араласпаңыз. Сіз келгелі еркелеп кетті. Бұдан ең күшті адам жасаймын деген қанша еңбек зая кеткелі тұр. Сіз бәрін құртасыз.


– Мен бе? Мен зиян жасап жүр екенмін ғой. Тіпті, бұл үйге келмеуің де керек дейтін    шығарсың. Сен балаңнан өзің сияқты тасжүрек, кеще жасауды армандап жүрсің, – әжесі шарасыз басын шайқады. – Ойбуй, түсініксізім-ай! – Әжесінің жүзіндегі шуақ сынып-сынып түсті. Ашуланып бөлмесіне кетті». Мейіржан – нағыз психолог! Неге десең, ол біз көбінесе назар аударып, көңіл бөле бермейтін қарапайым жайттарды нысанға алып, бүгінгі қаладағы қазақ отбасының трагедиясын көркем шығармаға айналдырып отыр. Жас қаламгер көпсөзділіктен ада. Романға арқау болар қомақты мәселені бір ғана әңгіме аясына сыйғызып, кейіпкерлер тілін қарапайым, баланың оқуына жеңіл етіп жазып отыр. Бұл – қаламгерлік шеберлік! Біз, Мейіржанның қаламының қуаты осымен тоқтап қалмайтынына сенеміз және әлі талай шедеврлік дүниелеріне жазарына үмітіміз басым.


Елеке, Сен – Ақынсың! Задында, өлеңнің оқырманға жету жолы оңай. Қазір әлеуметтік желілерде өлеңдерін насихаттап жүрген жас ақындар көп-ақ. Ал, прозаның, әсіресе, балаларға арнап жазылған шығармаларды әлеуметтік желілерде насихаттау, оқу дегенің – қиынның қиыны. Біле білсең, балаларға арнап шығарма жазу – өте қиын. Өйткені: балалар – дүниедегі тез байқағыш әлеуметтік топтың ең жоғарғы санатындағылар. Мейіржан замандасымыздың  "Саяқ" атты әңгімесі – ата-анасы мен баласы қатар отырып, бірге оқып, бірге талдайтын шығарма. Еламан ғана емес, Сіз де оқыңыз, оқырман!

Сен:

Жүрегімді нәзік гүлге телідім.

Мен де өтермін, түстей болып сері күн,

Қайталамай ешкімнің де өлеңін,

Қайталамай ешкімнің де өлімін, — дейсің. Дұрыс! Өлеңге, поэзияға келер әрбір жас өзінің бағыт-бағдарын, мақсатын о баста-ақ, айқындап алуы керек.  Досым, сен маған өзіміздің тұстастарымыздың арасынан кімнің шығармашылығын ұялмай айтатын мерейіміз дей аласың? Осы сұрақ мені жиі мазалап жүр… Жауап күтемін!

1991-2001  жылдар аралығында қазақ поэзиясына қосылған буынның ішінде Светқали Нұржан, Жанат Әскербекқызы көне түркілік сарын, мифология бағытын жандардырса, Жарас Сәрсек пен Әлібек Шегебай кешегі Сырбайдың сырлы лирикасын мұңды лирикаға айналдырды. Көз жасыңа ерік бермей, бұл екі ақынды оқи алмайсың. Маралтай Райымбекұлының поэзиясында асқақтық пен өрлік, тәкаппарлық басым. Өлеңдері ақынның кәдімгі болмысын анық ашады.


2000 жылдан кейінгі екінші онжылдық өкілдерінен Алмас Темірбай, Бауыржан Қарағызұлы сынды ақындар – махаббат жаршысына айналды. Әсіресе, Алмас ақынның махаббат лирикасына арналған өлеңдері үлкен сұранысқа ие. Және де Алмастың кейінгі жылдары діни тақырыптағы, адами қасиеттен айырар арақ, темекі, есірткі секілді абыройсыз өнімдерге бейім жастарды имандылық жолына шақырудағы, адамгершілік асыл қасиеттерді насихаттаудағы еңбегі мақтауға тұрарлық! ВК әлеуметтік желісіндегі ақынның фан-клубы – вк әлеуметтік желісін 24 сағат емін-еркін қолданып жүрген балалар мен жасөспірімдерді дұрыс тәрбиелеудегі негізгі тәрбие көзі болып тұр.

Қазақ поэзиясына мазмұн, ой, идея жағынан жаңалық әкелген ақын – қарағандылық Серік Сағынтай. Серіктің поэзиясы да, прозасы да өзгелердің жемісіне ұқсамайды, оқшаулау. Серік Сағынтай – қазақ поэзиясындағы орны мәңгілік болар ақындардың бірегейі екеніне көзіміз анық жетті. (Елеке, Серік ақынның шығармашылығы хақында арнайы көлемді мақала даярлап жатырмыз – Т.Е.)


Сол секілді Дәулеткерей Кәпұлының да  поэзиядағы қолтаңбасы айрықша. Бүгінгі оқырманның көбі Қалқаман Саринды ән мәтініне сөз жазушы ретінде таниды. Бірақ, Қалқаманның да өлеңдерінен бір нәзіктікті байқауға болады.


Өткенде  Маржан Ершу (Әйек – әдеби есімімен жазып жүрген ақын): "Қыздардың бәрі Фаризаның ең бір сәтсіз көшірмесі. Сонысына қарамай көкіректері даладай, өздерінен басқа ешкім жоқ. Асып-тасу, әліне қарамай сөйлеу деп осыны айтар едім" депті Серік Ақсұңқарұлы "Қазақ әдебиеті" газетінде! Осы сөзін дәлелдесін шындық екенін, кімдердің "Фаризаның көшірмесі екенін", әйтпесе Серік Ақсұңқарұлын сотқа берем", — деп жазды facebook желісіндегі парақшасына. Асылы, Серік Ақсұңқарұлы да, Маржан Ершу де – қазақ поэзиясының өлшемі емес! Тек, Серік Ақсұңқарұлы бүгінгі қазақ әдебиетінің хал-ахуалын саралаушы аға буын ретінде сөз қозғаған екен жоғарыдағы пікір аясында. Бұл пікірі – дұрыс, орынды. Себебі, қазіргі қаламды серік етіп жүрген ақын қыздардың көбінен ерекшелік байқалмайды. Бұл – көзі соқыр адамға да аян. Серік Аңсұңқарұлы ана қыз, мына қыз Фаризаның көшірмесі демеген. Жалпылай ғана айтып өткен еді…


Өткендегі Жұлдыз Әбділда апайымыздың ақын Есенғали Раушановтан алған сұхбаты да қоғамдық әдеби ортаға үлкен резонанс тудырды. Екі жақты пікірлердің айтылуы әлі де басылған жоқ.  Алайда, Есенғали, Серік сынды аға буын ақындар – бүгінгі қазақ әдебиетінің даму барысын барлаушы, өкшелес буынға әдебиет эстафетасын ұстатар тілеулес екенін ұмытпайықшы!

Үзіңгелес досым-ау, қазақ баспасөзі – қазақ тілінің һәм руханиятының тірегі. Иә, бүгінгі күні қазақ баспасөзінің (мерзімді басылымдардың) жағдайы төмен. Оқырман жоқ. Таралым аз. Неге? Себеп: бәріміз  ғаламтор мен әлеуметтік желілерді жаппай қолданып кеттік.  Бауырым, қазақтың мерзімді басылымдарының алдында біз де кінәліміз. Неге деп оқырсың ау, ішіңнен. Айтайын, біз осы өзіміздің атағымызды шығарып, қалың оқырманға сиясы әлі кеппеген туындыларымызды сүйіншілеп,  біздерді қолдап, басылым бетіне жариялап жүрген газет, журналдарға жазылмаймыз ғой. Ең сорақысы – өзіміздің рухани "продюсеріміз" болып жүрген басылымдарға мынадай алмағайып кезеңде жазылып, таралым санын көбеюіне жәрдемдеспей жүргеніміз. Ащы шындық – өзіміздің шығармаларымыз жарияланған басылымдарды көшедегі  "Дауыс", "Караван" секілді дүңгіршектен сатып алмай, редакциядан "тегін" алып кетіп жүргеніміз. Біз, шығармашыл жастар, өзімізге арналған басылымдарға қолдау таныта алмай жүріп, бүгінгі қоғамға, әдеби үрдіске көңіліміз толмайды. Қоғамды, әдеби үрдісті жасайтын кімдер? Әрине, адамдар. Ендеше, біз неге өзімізден бастамаймыз?


Елеке, өткенде біздің жанашыр, тілеулес Жарас Сәрсек ағамыз өзінің facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына: "Достар, газет-журнал оқисыздар ма? Оқысаңыздар, осыдан 7 жыл бұрын ашылған "Үркер" дейтін журнал бар еді. Баяғы "Жалын" дейтін журналдың көшірмесі деп қабылдауға болмайды. "Үркер" 7 жылдың ішінде қанша талантты рухани әлемге паш етті.

Қазір бізге рухани әлемді асқақтатуға қарсы күштердің көп екенін білеміз. «Үркер» журналына да осы тараптан қауіп төнді. Күресейік…

Почтаға қарай ағылыңыздар! Алдарыңызда "Үркер" тұрады. Екі-ақ күн қалды. Жарты жылдыққа 1500 теңге. "Үркерді" құтқарайық! Зор сеніммен "Үркер"! депті. Оқи отырып, жүрегім ауырды.  Әдеби ортаға  біздің танылуымызға өзінің септігін тигізген басылымдардың бірі –  "Үркер" журналы екенін өзіңде жақсы білесің… Біз, өзі не істеп жүрміз?! Ай сайын алып жүрген стипендиямыздан "Үркер" үшін мың жарым теңге қия алмадық. Бар болғаны – мың жарым-ақ теңге! Ал, осыған не дер екенсің?!


Елеке, бүгінгі қазақ әдебиетіндегі өзекті мәселе – әдеби сынның қауқарсыздығы. Бүгін шөп те, шөңге де өлең. Кімнің ақын, кім сөз құраушы екенін айыра алмай  баратын болып барамыз ба, қалай өзі?! Мемлекеттік бағдарлама аясында жарыққа шығып жатқан жас қаламгерлердің шығармашылығын саралайтын, талдайтын рецезент жоқ! Яғни, баспа портфеліне түскен қолжазбаларды сүзгіден өткізіп, рецензия жазатын әдеби сауатты маманның болмай тұрғаны – ар іліміне жасалып отырған қиянат! Қатардағы жазғыштардың шығарып жатқан қалыңдығы кірпіштей том-том кітаптарына тосқауыл да жоқ болып тұр!

Бүгінгі мерзімді басылымдарда сын бөлімі жоқ дейміз, алайда, көз майын тауысып, әркімнің кітабын оқып, оны талдап, бағалап жазған сыншының сыни дүниесі – автордың көзқарасына сай келмесе, немесе автор мақталып, дәріптелмесе, сыншыны жау санап жатады. Неге?

Қазақ әдебиетінің әлем әдебиетінен несі кем? Біздің әдебиеттегі жауһарларымыз неге әлем тілдерінде дәріптелмейді? Әдебиеттің озық үлгілерін тудырған классик жазушыларымыз неге Нобель сыйлығын алмады? Неге алмай жүр? Қашан алады? Тым болмаса бір қазақ баласы осы сыйлықты алса екен… Біздің буын бүгінгі уақытты тиімді пайдаланып, міндетті түрде әлем тілдерін үйренуі тиіс. Жетік білуі керек. Емін-еркін сол тілде сөйлеп, жаза білу керек! Шет тілдерін жетік меңгерген жас қаламгерлер қазақтың сан мыңдаған жылғы тарихын, тағдыр тезінен өткен қасірет пен қайғысын шынайы жазып, әлем халқына таныстырса, біздің елдің мерейі үстем болар еді… Біз, кешегі алты алаш баласының заңды ұрпағы болсақ, қазақ әдебиетін әлемдік аренаға шығаруымыз керек. Әйтпесе, бізді бабалар рухы кешіре қоймас! Елеке, намысқа тырысайық!


Біздің Тұрсынбек Башар, Алпамыс Файзолла сынды замандастарымыз бар. Мысалы, Тұрсынбек – түркі халықтарының тілін жетік меңгерген. Ол түркі халықтарының тілінде жазылған түпнұсқа әдеби мұраларды ешқандай қиындықсыз оқи алады. Есіңде ме, Мұхтар Мағауин, біздің ғалымдардың көбі қолжазбаларды, көне әдеби мұраларды оқи алмайды. Себебі, олар ескіше сауатсыз деген болатын. Осы пікірді ескерер болсақ, Тұрсынбек қауызы әлі ашылмай,мұрағат сөрелерінде  шаң басып тұрған әдеби жәдігерлерді демікпесінен арылтып, шаң-тозаңнан аршып алып, көптеген мұраларды жарыққа шығарар ескіше сауатты жас қаламгер. Әйтпесе, бүгінгі жастар тұрмақ, жасамыстардың да көбі ескіше қаріп танымайды. Түркі халықтарының тілін білмейді.

Ал, Алпамыс – ағылшын тілінде жазылған Шекспир, шығармаларын түпнұсқадан оқып жүр. Енді ол ағылшын тілінде прозалық шығарма жазуды ниет етіпті. Сәттілік тілейміз! Бастысы – тіл білу керек!

Бүгінгі күні біздің жас қаламгерлердің көбі өздерінің ана тілін жоғары дәрежеде білгенімен, шет тілдерін меңгермеген. Шет тілдерін жетік білетін қазақ жастарының ана тілге келгенде тілдері ақсап, мұрындарынан  сүрнігіп жатады. Бұл – біз үшін қасірет!


Жазушы Дәурен Қуат: "Әдебиетте буын үндестігі деген болады. Сол буын үндестігінің бізге дейін буыны босап, буы шығып кетсе керек. Ағаларымыз бар. Сенің, оның, олардың шығармалары жайында жақ ашпайды. Қолына ұстатқан дүниеңе қомсына қарап қояды. Бітті. Одан кейін нені әңгіме қыласың? Қысыр сөз, пендауи тіршілік. Көзінен көріп отырасың: "Мақтаса екен мені, дәріптесе екен" дейді. Мақталған, дәріптелген, мақталып, дәріптеліп келе жатқан адамдар. Сонда да соны күтеді. Қайтесің, ағалар ғой",  – деген екен. Біз, тым болмаса өзімізді оқиықшы. Сосын бір-бірімізді құр мақтай бермей, ақиқатын айтар әділдіктің алмас қылышы болайық… Үлкендерді де оқи жүрейік… Өзінен кейінгі өкшелес буынмен, бүгінгі балауса жастармен емен-жарқын байланысқа түсіп, жастар шығармашылығын іздеп жүріп оқитын, шын тілеулес – марқұм Дидахмет Әшімханұлы еді… Бүгін енді орнын сипап қалғандай болып отырмыз. Ниеті түзу, ұлттық рухыңды аласартпауға, сағыңды сындырмауға жігерлендіретін жапандағы жалғыз қамқоршымыз еді… Жаны жәннатта болсын!

Елеке, тағы да бір үлкен мәселе – бүгінгі әдебиеттану ғылымы. Қазақ әдебиеттану ғылымы тоқырап, әдебиеттанушылар шаршап, шалдығып тұр(!) Ояну керек! Біздің көптеген ғалымдар бұрынғы жазған-сызғандарын қайта қарап, толықтырумен әуре болып жүр.


Мен де әдебиеттанушы болғандықтан, қазақ әдебиеттану ғылымында әлі күнге дейін сөз болмаған, зерттеу нысанына айналмаған, әлемдік әдебиеттану контексінде арнайы зерттелген – түрмеде жазылған шығармаларды зерттеп жүргенім өзіңе аян. Бұл тақырыпқа мен айналасы бес жылдың ішінде ден қойып, үлкен құлшыныспен қолға алдым. Бес жылдың еңбектің нәтижесі – 5  кітап. Яғни, «Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығы және эмигранттық кезең» (генезис.эволюция.поэтика) атты монография, "Қазақ әдебиетіндегі түрме және саяси эмиграция тақырыбы" ғылыми зерттеу, "Түрме тілінің сөздігі" қазақша, орысша сөздік, "Үзілген жыр" түрмеде жазылған шығармалар антологиясы, "Тағдырлы шығармалар" атты түрмеде жазылған шығармалар туралы ғылыми түсінікке құрылған кітаптардың қолжазбасы дайын тұр. Тек шығару ғана қалды. Өзің білесең, қолды байлап тұрғаны – қаражаттың жоқтығы. Әдебиет үшін қамқорлық жасар қалталы азаматтар да болмай тұр!

Жуырда өзіміздің азғана тиын-тебенімізбен  "Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығы және эмигранттық кезең" (генезис.эволюция.поэтика) атты монографияны баспадан шығарды. 16 баспа табақтық ғылыми еңбек еді… Арқалықтағы Ыбырай Алтынсарин атындағы институттың базасында жазылған монографияның баспадан жарық көргеніне риясыз қуанып, "Жас әдебиеттанушы монография жазды" деп  республика жұртшылығына сауын айтып, сүйінші сұраған Көбей Жетібайтегі есімді жас әдебиеттанушы ғұрыппаласымның www.abai.kz  порталына жарияланған мақаласының астына:

(М.Әуезов әдеби қоғамы бн, 18/06/2015 — 15:40) деген атаумен мынадай пікір жазыпты: "Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығы және эмигранттық кезең". Әрине, жас зерттеуші деп қолдау білдіруге болар еді. Бірақ, бұл монографиясымақты оқыған соң көңілім қалды. Түрме шығармашылығы деген ату дұрыс ақ болсын "эмиграциялық кезең" деп атауы дұрыс емес. Бұл бала "эмиграция", "реэмиграция", мигрант, эмигрант ұғымдарының мәнін тіптен түсінбейтін секілді. Шетелге эмиграцяға кеткен кімдердің шығармасын оқып, танысып талдаған. Ондай ештене жоқ. Шала шарпы бірдемелерді шығару оны монография деп атау ғылымның исін сезетін адам үшін ұят нәрсе. Монографияның ағылшындар ғылым саласында жүріп шамамен 12,5 жылдан соң, француздар 10,8 немістер 10,2 жылдан соң шығарады екен. Ал мыналарыңыз ғылымды мазақ қылу немесе күлкілі нәрсе. Мүмкін ақымақтық болар. Ағылшындар магистрлік, докторлық жұмыстардың нәтижесін де монография деп атамайды. Оларды қолданбалы (прикладное), іргелі (фундаментальное) деп бөліп арнайы мамандандырылған комиссия шешімімен ғана монография талабына сәйкес келе ме, содан кейін шешім қабылдайды. Ал, ғылыми орта жоқ Арқалықта қандай монография. Тақырып та дұрыс қойылмаған. Бұл бала шетелде болып қанша эмигрантпен жолығып олардың шығармашылғын жинаған түк жоқ ондай. Ендеше ақымақ болмаңыздар!" Не дейін? Сонда мен төрт жыл әдебиеттанудың бүге-шүгесіне дейін ізденген, оқыған Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты қай жоғары оқу орнынан кем екен? Сосын монография бар болғаны 500 дана таралыммен шыққан еді… Әлі таралып үлгермеді. Және де сатылымға да шыққан жоқ. Бұл пікір беруші қайдан оқыды? Неге орынсыз кінәлайды? Монография жазу үшін міндетті түрде ғылым кандидаты, докторы болу керек пе?! Әлде менің жасым қашан қырық, елуге келеді деп күтіп жүруім керек пе?


Біз, әдебиеттанушылар, жалпы оқырман қауым Тұрысбек Сәукетай, Нағашыбек Қапалбек сынды жазушылардың шығармашылығына назар аудара алмадық. Бұл қаламгерлерді зерттеуге ниет танытпай жүрміз… Айтар мәселе көп-ақ…


Әдебиет – еріккеннің ермегі емес! Тілі жадау, қарабайыр шығармаларға араша тұрар, әлбетте, классикалық шығармалар. Әдебиеттің қадірін білейікші… Поэзия мен проза кім көрінген шомылатын шалшық емес, айдын, мұхит!

Еламан, есіңде болсын, менің саған деген көңілім алабөтен!


 

Елдос ТОҚТАРБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар