Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Қоңыр» кімнің күйі? (ретро-сұхбат)

31.07.2018 1311

«Қоңыр» кімнің күйі? (ретро-сұхбат)

Тәкен Әлімқұловтың «Көкейкесті» әңгімесі оқырманның есінде болар. (Әлімқұлов Т. Кертолғау. – Алматы: Өнер, 1988. 60-67 б.б.). Мұнда әйгілі күйші Әбікен Хасеновтің ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде жан сауғалап, Алматыдағы Сәкен Сейфуллинге келген кезі әсерлі баяндалады. Әйтсе де, шығарма болған оқиға негізінде жазылғанымен, «сахна сыртындағы өмір» дегендей, бірқатар әңгіменің нақты қамтылмауы заңдылық. Және көркем дүниеде жазушы қиялына ерік беріледі. Сол сәтте Әбікен Сәкен досының үйінде Тәттімбет Қазанғапұлының «Көкейкестісін» тартты ма екен, жоқ әлде өзінің «Қоңыр» күйін орындаған ба?

Одан соң осы туынды төңірегінде әралуан әңгіме айтылады. «Қоңырдың» радио арқылы бір кезең «Халық күйі» деп хабарланған тұстары да өткен екен. Әлі күнге дейін мұның өзге адамдарға телінетін жағдайлары да кездесіп қалып жатады.

Бұдан оншақты жыл бұрын осы жайтты анықтай түсу мақсатымен кезінде домбырашымен етене араласқан замандастарынан сыр тартқанымыз бар. Атап айтқанда, төмендегі әңгімені атақты әнші Жүсіпбек Елебековтің зайыбы Хабиба Елебекова мен белгілі жазушы Жүсіп Алтайбаевтың қосағы Раушан Толыбекованың аузынан жазып алғанбыз. Бірақ кей дүниенің сәті мен кезегін күтіп, журналист қоржынында қалып қоятын жағдайлары да кездеспей қалмайды. Бұл материал да дер шағында түрлі себептермен жарияланбаған еді.

Хабиба Елебекова, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі:

– Соғыс басталған жылы менің Еркін деген кішкене балам шетінеп кетті. Дәл сол сәтте Жүсекең үйде жоқ-тын. Алыста іссапарда жүрген. Сонда Әбікен Хасенов келіп көңіл айтып, үлкен қолдау көрсетті. Жарықтық көпті көрген, көшелі жан еді. Мені жұбата отырып, ақырындап, өз өмірі туралы баяндады. Баяғы 1931-1932-ші жылғы қырғын ашаршылық жайында әңгімеледі. «Жұт жеті ағайынды» дейді, әлгі уақытта аштықпен қатар жаппай сүзек дейтін пәле қоса жетіпті. Осы екі індеттен Әбекең ауылы тұрғындарының да бәрі шетінен ауырып, қырыла бастайды. Ашаршылық дегенді Құдай көрсетпей-ақ қойсын, оны мен де өз басымнан өткердім. Ел әне жерде де, мына жерде де домалап өліп жатты. Ішуге нәр жоқ. Жұрттың әбден құрып біткен кезі. Әбікеннің де сүйіп алған әйелі мен өсіп қалған үйемелі-сүйемелі төрт бірдей ұлы қатарынан өліпті. Жалғыз ғана ең кіші қызы қалады. Бірақ ол да құр сүйегіне ілініп, әбден әлсіреген. Әбекең айтады: «Құдай-ау, енді осы бүлдіршінім аман қалса екен деп тіледім. Тек осы перзентім үшін тірі жүрер едім. Басқа өмірдің маған керегі жоқ деп, қызымды қойныма алып, бір сәт жантайғанмын. Әлден мезгілде өз-өзімнен селк ете түсіп, шошып оянғандай болдым. Қатты ұйықтап кетіппін. Таң атып қалған екен. Баламда қимыл жоқ, мұздай болып қатты тоңып қалған секілденді; ойбай-ау осы бала тірі ме өзі деп ақырын қозғасам, қызым өліп қалыпты. Үнсіз ұзақ егілдім. Дүниеде өйтіп қайғырып көрмеген шығармын. Мұндай сұмдықты ешкімнің басына бермесін. Содан ақырындап тұрдым да, белімді байлап, қораның жанына барып, қайта-қайта демалып жүріп жер қазып, баланы көмдім. Тірі жан пенде болғаннан кейін тіршілігін істейді екен. Үй іргесінде бірталай уақыт сілейіп отырдым да, қой, аудан орталығына барып, сондағы етікшіге соғып, аяқ киімімді жөндетейін; одан әрі қарай ақырындап Балқаш қаласындағы туыстарыма жетейін деп жолға жиналдым. Енді мұнда қалуымның ешбір қисыны да жоқ еді. (Әбікен Хасенов туып-өскен өлке Қарағанды облысының Шет ауданы. Сәкен Сейфуллин ауылымен жапсарлас, қатар жатқан елдімекен. Қ.М.). Сөйтіп, өзім секілді біреулерге ілесіп аудан орталығы Ақсу-Аюлыға да жеттік. Әлден уақытта әлгі жолығатын адамның үйін межелеп, ілбіп басып абақтының тұсынан өтіп бара жатыр едім, әлдебір милиция қызметкері келіп: «Әй, күйші, тоқта! – деп желкемнен бүріп ұстай алды. «Күйші» дегеніне қарағанда, мені сырттай білетін адам болып тұр. Өзім ілініп зорға келе жатқан адам, қатты нұқып қалғанда мұрттай түсіп құлап қала жаздадым.

– Жүр былай! Қазір абақтыға жабыласың!

– Қой, қарағым! Абақтың не? Онда нем бар менің! Түрмеге жабатындай не жазып қойыппын? Мұнда келгенім жаңа ғана ғой.

– Доғар сөзді. Түс алдыға! Бастық алып кел деп жатыр». Е дедім сонда барып. Менің келгенімді бастығы біліп, жұмсаған болды. Осылардың маған өз-өзінен қабаған итше өшігетінін байқап таңырқаушы едім. Содан не керек, сүйретіп алып барды да, жапты. Түрменің есігін ашқан соң сілкілей жұлқып, итеріп келіп жіберген. Екпетімнен түсіп құладым. Сол жатқаннан мол жаттым. Қайтадан тұрғым да келген жоқ. Қозғалуға шама да қалмаған. Бұл не? Не жазығым бар деп іштей қатты күйзелдім. Ақыры бір жетідей жаттық. Қасымда өзім секілді бес-алты міскін бар. Бірақ мені керек қылған да ешкім жоқ; жауап та алмайды. Күніне бір мезгіл шалап секілді сылдыр су берген болады, далаға шығарады, дәретханаға барамыз. Абақты бастығының үйі тура бізді қыдыртатын жерде екен. Әлгі тұстан бір әйел біз жаққа тесіле қарап тұрды. Ішіміздегі біреуді таныды ма, әлде сықпытымызды көріп аяды ма екен, біле алмадым. Әлден мезгілде үй ішінен күмбірлеген домбыра үні шықты. Соны естігенде жүрегім дірілдеп, дегбірім кеткендей болды. Аңдауымша, тартып отырған адамның музыкадан хабары мол. Жаңағы әйелге «Шырағым, мүмкіндік болса, ана домбыраны кішкене әкеліп бересің бе» деп ем, сөзге келмей, жүгіріп барды да, алып келді. Қасымызда көлденең бір бөрене жатыр еді, соған отыра қалып, домбыраны ақырындап шертуге кірістім. Сол сәт бүкіл өмірім, әке-шешем бастан кешкен қиямет, өткен азапты күндер, қатын, бала-шағадан бір мезгілде айырылып сорлағаным, тұтас елдің көрген қасіреті... бәрі-бәрі көз алдыма келгендей тебірендім. Көрінген озбырдың мазағына ұшырап, жазықсыздан-жазықсыз абақтыға қамалып жер болғанымды ойлап қорландым. Титтейлерінен көктей солған ұл-қызымды ойладым. Олардың аштан бұратылып өлуіне не себеп болды? Кім кінәлі деп ішім қан жылады. Домбыраны қанша уақыт тартқаным есімде жоқ, бір қарасам, аспапты қасыма ақырын сүйеп, бүк түсіп, екі көзімнен жас емес, қан аққандай құсаланып отыр екем. Әлгі әйел де басындағы ормалының шетін тістелеп жылап тұрды. Сөйтті де домбырасын алып, маған рахмет айтқандай ақырын ғана басын изеді де, үйіне беттеді. Ертеңіне мені тергеусіз, дәнеңесіз түрмеден шығарды. Манағы әйел бастықтың қызы ма, әлде келіні ме екен; сол барып қожайынға жағдайымызды айтты-ау деп долбарладым. Осылайша, босаған соң кездескен бір көлікке ілініп мініп, Балқаштағы жамағайынға соғып, одан кейін Шу стансасы арқылы Алматыға өтіп, Сәкеннің үйіне келдім. Екі-үш күннен кейін ол мені енді осында тұрақта, біртіндеп жағдайыңды түзе деп, басшыларына айтып театрға жұмысқа орналастырды. Серке Қожамқұловқа: мына кісі Әбікен Хасенов деген атақты күйші, шертпе күйдің әулиесі, осыған қамқор болыңдар деп тапсырды. Міне, содан бері де оншақты жыл өтіпті. Сол жерде қызмет істеп жатқанымды өзің де жақсы білесің. Шиеттей бес баламнан, әйелімнен қатар айырылып қаңғырып келіп едім; қайтадан отбасын құрып, түтін түтеттім. Құдайға шүкір, Шәкен деген мейірбан әйелім, Ермек, Исақ деген асықтай екі ұлым бар. Қазақтың жақсы-жайсаңымен жақын араласамын. Қазір күйімнің арқасында мені барлық ел біледі. Бір кезде енді маған өмірдің керегі не, өлуім керек деп дүниеден баз кешіп ем; оным қате екен. Ендеше, Хабиба айналайын, сен балам өлді деп егіліп, күңірене берме, ертең Жүсіпбек оралады, қайта сен оған сүйеу бол. Қинама оны. Жүдетпе. Амандық болса тағы да балалы боласыңдар» деді.

Солайша еңсемді көтеріп, өмірге қайта араласып едім. Атақты артист Қалибек Қуанышбаев бар, Жүсекең бәріміз қолымыз қалт етсе, сол Әбікен Хасеновтің үйіне баруға асығушы едік. Күй естігіміз келеді. Әбекең о кезде бұрынғы Дзержинский мен Горький көшелерінің қиылысында орналасқан бір бөлмелі бір нашарлау пәтерде тұрады. О заманда жұрттың бәрінде де жақсы үй жоқ; бәріміздің жағдайымыз бірдей. Әбекеңе күй тартқызамыз. Ой-и, бір рахаттанып отырып тыңдаушы едік. Жағалай отырғандар біресе жылайды, біресе күледі, әне, Әбекең күйінің әсері сондай болатын. Қазақ еліне шертпе күйді жеткізген осы Әбікен ағамыз еді ғой. Ал Арқаның әндерін, кешегі Ақанның, Біржанның, Жаяу Мұсаның, Мәдидің, Естайдың... бәрінің мұрасын жеткізген Жүсіпбек Елебеков пен Манарбек Ержанов. Батыс әндерін әкелген ­– Ғарифолла Құрманғалиев. Ол уақытта нота да жоқ еді. Бұл күнде солар алып келген қазына бүкіл халыққа талшық болып келе жатқан жоқ па. Өнерден-өнер жалғасып, қазақтың таңғажайып рухани өмірі бүкіл әлемді тамсантып отырған жоқ па. Ал ашаршылық деп, басқа да түрлі нәубет деп, тек жан бағуды күйттеп, ән-күйден айырылып қалғанда не болар еді! Қайталап айтайын, Тәттімбеттің шертпе күйлерін алып келген Әбікен Хасенов! Оны ұмытуға қақымыз жоқ. Мәселен, бүгінде Дина Нұрпейісова апайдың жеке музейі бар. Әбікен Хасенов атаусыз келе жатыр. Рас, анда-санда ептеп қана айтқан болады. Бірақ ешқашан өз деңгейінде бағаланып көрген жоқ. Төкпе күй рух береді, жігерлендіреді. Мысалы, Құрманғазының «Сарыарқа» күйі тартылғанда қолма-қол арқаланып, қанаттанып шыға келесіз. Дүр сілкінесіз. Шертпе күй болса адамның жан-жүйесін қозғайды. Күй – тек қазаққа ғана тән таңғажайып өнер. Әбікен Хасенов дәулескер домбырашы ғана емес, керемет театр артисі де еді. О кісі сомдаған Қодар қандай, шіркін! О кісі сомдаған Құнанбай қандай еді. Қаллеки екеуі ойнады. Құнанбай образын Әбекең тіпті ерекше жасаған-ды. О кісінің қазақ халқына сіңірген еңбегі жеткілікті. Әттең, халық өнеріне қисапсыз тер төккен талай саңлақ кетті. Бәрі жеке-жеке тарих. Қобызды алып келген – Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаев. Дәулет Ақмола жақтың жігіті болатын. Менің әлгі Еркін деген баламның атын қойған сол Дәулет еді. Ал Жаппас, жаңылмасам, Жамбыл жақтың жігіті. Қобыздың әулиесі солар. Ахмет Жұбанов алғаш оркестр құрғанда сонау ашаршылықтан аман қалған Қали Жантілеуов, Уақап Қабиғожин сынды өзге де өнерпаздарды ел ішінен теріп жүріп, олардың өнерін өлмес қазынаға қосты. Бір өкініштісі, әлгі Әбекең мен Манарбек сияқты адамдарға Алматыдан көше де тимеді. Артында жоқтаушысы жоқ адамдарға ештеңе бұйырмайды екен. Әбекеңнің шүйіншісіне келмейтін кейбір адамдар көше алып жатыр. Енді мұным сәл артықтау да болар. Бірақ кейде адам жаны күйзелгеннен айтады екен. Көше жоқ, не басқа шапағат жоқ. Неге олай? «Неге?» деген сұрақ менің алдымда тұрады да қояды. Неге? Еңбегі таудай адамдар неге атаусыз қала береді? Сол негемен кететін шығармыз. Неге деген сұрақ қашан құриды осы?.. Ойбай-ау, бірді айтып, бірге кетіппін ғой, айтпасқа тағы болмайды; кейін ойласам, Әбекеңнің әлгі түрме түбінде отырып тартқаны өзінің атақты «Қоңыр» күйі секілденеді. Әрине, о кезде бұл күй толық пісіп-жетілмеген де шығар, бірақ негізгі нұсқасы дәл сол жерде пайда болды ма деп топшылаймын. Бұл шығармада жалғыз Әбікеннің ғана емес, бүкіл қазақ халқының мұң-зары жатқаны анық.

Раушан Толыбекова:

– Атақты домбырашы, күйші, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Әбікен Хасанов ақсақал менің жолдасым, жазушы Жүсіп Алтайбаев екеуі бір елдің адамдары. Қарағанды аймағында туып-өскен кісілер. Бұлардың атамекенінде шертпе күйдің айтулы шеберлері Әбди, Әбікен, Мақаш, Қыздарбек, Сембек сынды айтулы өнерпаздар өмір сүрген. Сондықтан болар, күй сазы бұлардың жүрегін ерте баурайды. Ал Әбекең аталған тұлғалардың, сондай-ақ Тәттімбеттің кейбір ұмыт бола жаздаған мұраларын бертінге жеткізуші бірден-бір адам ретінде бағаланады.

Әбікен Хасенов кезінде Совнарком төрағасы Сәкен Сейфуллиннің серігі болған кісі екен. Жастық дәуренді қатар өткізген, серілікті бірге құрған үзеңгі жолдастар. Өзі күйлі, дилы әулеттен шыққан адам көрінеді. Бірақ аласапыран заман, қатал тағдыр тауқыметі мұны да титықтатады. Аштық нәубеті мұның да шаңырағын ортасына түсіреді. Әйелі мен бес баласынан қатар айырылған соң діңкелеп, арып-ашып, Алматыға Сәкен досын сағалап келеді.

Әрбір қуаныш пен қайғыны сезімтал жүрегімен беріле қабылдайтын өнер адамына әлгіндей ауыртпалық оңай тисін бе, Әбекең қатты күйзелген секілді. Оның осы жағдайын түсінген Сәкен бастаған тұлғалар дарынды азаматқа қолұшын созады.

Ағамыз өте келбетті, бойшаң да адам еді, қазіргі М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сол кездегі директоры Орынбек Беков оны күйші, әрі актер ретінде жұмысқа қабылдайды. О кісінің осында жүріп қайтадан бас көбейткенін, өзінің елі жағының бір қызына үйленіп, үш перзент сүйгенін көзіміз көрді.

Әбікен ағамыздың дос-жараны жетіп-артылатын, бірақ ол көбінесе Әйеш Иманбаев деген ақсақалмен, кәсіподақ қызметкері Исал Ахметов, облыстық сот өкілі Ақажан Әбдиев, милиция майоры Оспанқұл Мақажановпен және менің жолдасым Жүсіп Алтайбаевпен тығыз қарым-қатынаста болды. Осы адамдар қандай жағдайда да жиі бас қосып, отбасымызбен араластық. Және бұлардың әңгімелері күйкі тірліктен биік, негізінен, ел мен жер тағдыры, тарих, көркем әдебиет, өнер, музыка тақырыбына арналатын.

1958 жылы Әбекең қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Кейін білсек, мұнысы жаман ауру екен, оңала алмады. Бірде күз қарсаңында Әбекеңнің балалары телефон арқылы Жүсіпті үйіне шақыртты. Әкеміз сізді келсін деп жатыр, айтатын сөзі бар депті. Жүсекең екеуіміз алаң көңіл болып, алабұртып жеттік. Барсақ, әлгі жолдастарымыз да жиналып қалыпты. Оларды да шақыртқанын түсіндік.

Дерті қатты меңдеген екен, ағай төсек тартып жатса да басын көтеріп, қалқиып отырды. Бір мезгілде екі иінінен зорға демалып, ентігіңкіреп барып шақыртқан себебін айтты.

– Айналайындар, жағдайым мынандай болды. Қаншалықты бой алдырмайын дегенмен бейдауа дерттің ақыры жеңетін түрі бар. Менің бірталай өмір-тарихым өздеріңе мәлім ғой. Барлық ғұмырымды өнерге арнаппын. Көңіл түкпірінде жүрген бір сырымды айтпақшы едім. Өздеріңді сол үшін шақырттым, – деді.

Сөйтсек, Әбекең алғашқы отбасынан айырылып, қан ішіп, қайғы жұтқан сәтінде күй шығарыпты.

– Бұл Алматыға келер қарсаңда туған дүние еді. Іштегі бүкіл мұң-шерді осы арқылы шығарғым келгендей. Одан соң бүкіл ел бастан кешкен қасыретті осы күй арқылы бейнелеуге тырысыппын. Алғашқыда жалпы сұлбасын жасап едім, келе-келе біртіндеп жетілдірдім. Мұны өзім бастапқыда іштей шартты түрде «Қаралы күй» деп атап едім, – деп бір тоқтады. Содан бір нүктеге қадалып едәуір үнсіз отырған соң сөзін жалғады. – Дегенмен, «Қаралы күй» дегенім аса сәтті атау емес сияқтанды. Және заман біртіндеп түзеліп келеді ғой. Түбі мұңы басым халықтың тілегіне орай бір жақсылық келер. Сол себепті, күйдің де атын өзгертіп, «Қара» емес, «Қоңыр» деуді ұйғарып отырмын. Енді қалған-құтқан күш-қуат барда осыны орындап берейін, құлақтарында жүрсін. Аманат сендерге...

Өте зарлы күй екен. Сай-сүйекті сырқыратып, көзге жас әкелді. Алқымға өксік тығылды. Тыңдап болған соң:

– Аға, күйіңіз ғажап. Тіпті, теңдессіз екен. Құтты болсын! Абыройыңыз артсын! Енді жаман ойға бой алдыра бермеңіз. Әлі-ақ тұрып, аттай шауып кетесіз, мұқалмаңыз, – деп көңілін жұбатып, қанаттандырып қайттық. Бірталай отырып, дастарханнан дәм таттық. Сол күні Әбекең де біршама жадырап, елдің өтініші бойынша күйді тағы бір-екі мәрте орындап берді.

Жүсіпті «Қоңыр» күйі қатты толқытты. Ол өзі де күй шығарған адам еді, үйге келе салып, Әбекеңнің туындысын домбыраға салып, көп әуреленді. Одан күйді тезірек таспаға түсіріп, жаздыру қажет деп музыка мамандарына қозғау салуға кіріскен.

Өкініштісі, Әбекең оңалмады. Арада екі айдай өткенде қайтыс болды. Бірақ көрнекті композитор Сыдық Мұхаметжанов радио комитетінің адамдарын жіберіп, Әбікен Хасеновтің барлық шығармаларын жазғызып үлгеріпті.

Бір күні үйде Жүсекең екеуміз үйде балалармен шай ішіп отырғанымызда радиодан бір күй берілді. Сарыны таныс. Аңырып тыңдай қалыппыз. Күй аяқталған кезде диктор:

­– Сіздердің тыңдағандарыңыз халық күйі ­«Қоңыр», – деп хабарлады.

Бір қарасам, Жүсекең егіліп жылап отыр екен.

– Құдай-ау, мыналары қалай?! Бұл Әбікен Хасеновтің күйі ғой! Әлде әдейі істей ме?! Мұндай да қиянат бола ма?! – деп кабинетіне беттеді. Сөйтсем, «Бұл халық күйі емес, авторы – Әбікен Хасенов!» деп мақала жазуға кірісіпті. (Ол дүние Ұлттық кітапхана қорында болуға тиісті).

Жолдасым мұнымен де тоқтаған жоқ, Жазушылар одағына, Мәдениет министрлігіне дейін барып, қателікті түзетуге күш салды. Ол кезде шығармашылық одақтың бірінші хатшысы Әди Шәріпов болатын. Ал Мәдениет министрі Ілияс Омаров еді. Осылайша, бірталай еңбекпен «Қоңырды» авторы Әбікен Хасеновтің өз атына қайтартып тынды.

Тұтас дәуір бейнесімен қатар жекелеген тұлғалардың да өмірінің драмалық, трагедиялық көріністері бұлқына астасып жатқан «Қоңыр» күйі, шын мәнінде, классикалық шығарма.

P.S.

Көріп отырғанымыздай, көзкөрген екі адамның әңгімесі бір-бірін толықтыра түсетін сияқты. Бұл тақырыпқа кезінде көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев та қысқаша тоқталып: «Әбікен Хасенов – біздің тұсымыздағы ұлы күйшілердің бірі – ауырып жатып қалғанда үйіне магнитофон апарып, әл-қуаты бар шағында тартатын барлық күйлері мен төл туындыларын қазақ радиосының музыка хабарлары бөлімінің бас редакторы композитор Өмірбек Байділдаев пленкаға түгелдей түсіріп алыпты. Бұл, міне, азаматтық! Бұл, міне, өнерпаз қадырын ұғынғандық. Болашақ ұрпақтар қамын ойлағандық!» деп жазыпты. (Әлімбаев М. Көңіл күнделігінен: Эссе, зерттеулер. Алматы, Жалын, 1980, – 45-б).

Бір айта кететін жәйт, жоғарыдағы адамдардың бірі жүз бір, екіншісі тоқсан тоғыз жас жасап, өмірден озды. Біз естіген сөзді көпшілік назарына ұсынуды парыз санадық.

Құлтөлеу МҰҚАШ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар