Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Салтанат Абашева: «Таусылды арман мендегі, таусылды үміт»

03.07.2015 423

Салтанат Абашева: «Таусылды арман мендегі, таусылды үміт»

Ақындық аманатын адалдықпен арқалауға ниет еткен аяулы ақынның арманы асқақ болды. Фәнидің тұрлаусыздығын, өмірдің жалғандығын ақын көңілімен ұғынған жанның жан толқынысы еді бұл. Өз сезімінің өртіне оранған ақынның өлең өрнегі бөлек. Тағдырын таныған, өлеңін өлтіргісі келмеген көңілдің көрінісі. Салтанаттың өзіне ғана белгілі жан сырлары әлі де ақ қағаз бетінде өрнектелетін еді. Алайда опасыз жалған, тұрлаусыз тағдыр оған жеткізбеді. Назарларыңызға  20 жасында өмірден өткен талантты ақын Салтанат Абашеваның өлеңдерін ұсынамыз. 

 


11655475_476735952492507_302147834_n.jpg

 

АЛМАТЫҒА АРМАН,СЫР

 


Аңсатып арман тұғыры,

Мүжиді жанды мұң ірі.

Мазалап мені жүр бүгін,

Дүрмекті дүние дүбірі.

 

Жыр, саған ниет қосқалы,

Ұмыттым түгел басқаны.

Көп болды ұйқым қашқалы,

Аңсатып арман асқары.

 

Көңілін көптің тапсам деп,

Балауса қызға бақ-сән деп,

Киелі дүние – кең сарай,

Кеп тұрмын сенің төріңе

Шұғылалы шырақ жақсам деп.

 

Жетсе деп үнім қырыма,

Қанса деп елім сырыма,

Келіп ем саған, Алматы,

Дем бергін балғын жырыма.

 

Жанам ба, әлде сөнем бе?

Сөнуге бірақ көнем бе?

Булыққан бұлақ секілді

Арманым жатыр өлеңде.

 

Нәр беріп көңіл гүліме,

Үн қосып балаң үніме,

Мінгізіп қайтар ауылыма,

Сенімнің сәйгүлігіне!

 

 

11655575_476735915825844_1318088538_n.jpg


АЛҒАШҚЫ АДЫМ

 

Жастықтың жайнатсам деп таңғы аспанын,

Бастадым, өнер, саған алғашқы адым.

Көгіне көңілдердің қонақтардай

Шығатын шырқау шыңым, алда асқарым.

 

Қырандай жемтік көріп ұмсына ұшқан,

Жанымды ұқ, жанашырым, тың тыныстан.

Қара түн қарс айрылып, рауандап

Таңым атып келеді күншығыстан.

 

Болса деп қадамы нық, қаламы құт,

Тұрғандай тау аңырып, дала аңырып.

Келеді жеткізсем деп жетелеумен –

Балаң ой, балаң арман, балаң үміт.



11713574_476735865825849_185165869_n (1).jpg


ДАУА ТАППАЙ ЖАНЫМА

 

Буда, бұйра түнерген тау сынды, кілт,

Көк аспанын көңілімнің қаусырды бұлт.

Ақабадай алқынып өліп тынған,

Таусылды арман, мендегі таусылды үміт.

 

Таба алмаған таяныш, қорған мығым,

Тайқы маңдай бірі екем армандының.

Қара жерді құшақтап мауқын бассын,

Жаңа ғана қауызын жарған гүлім.

 

Көкірегіме қабылдап сайтан оғын,

Құрдымға ауып құмықты айтар әнім...

Дауа таппай жаныма дауыл күнгі,

Ескегі жоқ қайықтай шайқаламын.

 

Тұтамданып үміттің құлаш жібі,

Құлағыма қайғының ұласты үні.

Жирендіріп барады шындығы жоқ,

Әділетсіз өмірдің ластығы...

 

Неге, неге ақ шуақ болмады екем?!

Бақытсыз ба ем байланған сорға бекем.

Лағы едім еліктің отықпаған,

Қара түнге қарсы ұшып кетіп барам...

Отансыздай опасыз жалған дүние,

Жалған десе шынында жалған екен.

 

 

11694218_476735842492518_1204806353_n.jpg


ЖЫРЫМ ҚАЛСА

 

Өркендейтін өміршең мұратпенен,

Төске өрлесем, әй, қайдам...бірақ та мен...

Көңілдердің төрінде ұзақ тұрар,

Жақсам деп ем от – өзек шырақты өлең.

 

Дауа болмай тірліктің құрғыр емі,

Өзегімді өкініш тілгіледі.

Жүрекке жол салсам дер жас қаламым,

Қолдан сусып кете ме, кім біледі?!.

 

Жарық та бір мен үшін мола да бір,

Назы басым не демес нала көңіл.

Аңдаусызда атылған оқ секілді,

Осыншама келте ме ең, шолақ өмір!

 

Өзімді-өзім зерделеп, ұғынғанша,

Жалған, жалған, жалт бердің бұрылғанша.

Өлмегенім сол менің – жұрт көңілінде

Жан-жүректі жалғыз жол жырым қалса!

 

11717131_476735855825850_1643458283_n.jpg



* * *

 

Сәуле болып себездеп санамда арай,

Ұмсынып ем бүршіктей саған қарай.

Асқақ кейіп танытып, дәл тұсымнан,

Өте шықтың аңдамай, абайламай.

 

Түсінбесең қайтейін, түсінбегін,

Кейпіңді арман лебімен мүсіндедім!

Аялайтын, жылуын аямайтын,

Саған деген бар менің ішімде күн.

 

Маған деген көңілің еш гүлденбей

Қойды-ау, жаным, жүр әлі кешкім келмей.

Жан-тәнімен беріліп, өліп-өшіп

Сені бірақ сүйе алмас ешкім мендей!



adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар