Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Толымбек Әбдірайым. Жеңгетай (әңгіме)

03.08.2018 906

Толымбек Әбдірайым. Жеңгетай (әңгіме)

Ауылды жерде жаңалық жата ма?!. Ертеңіне-ақ Мұңлықтың келіншек әкелгені Ынта ауылына тегіс тарады.

- Оқуын тастап бұзық топқа қосылыпты деп еді-і. Е-е, жөн болды мұнысы.

- Соның оқу оқығаны өтірік пе деймін. Барахолкадағы базардың рэкеті екен! Жұртты қан қақсатып, өздері белгілеген «стапкыларын» күнде кешке сыпырып-сиырып жинайды дейді.

- Осындай өсек-аяңды қайдан естисіңдер?! Көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң күнаға жатады біле білсеңдер!

- Қалай дегенмен аяғы тұсалып, шаңырақ көтергені жөн болды. Жасы келді емес пе?

- Біздің Қабыланмен түйдей құрдас, отыздан асты жаңылмасам.

- Сенің Қабыланың төрт баланың әкесі.

- Жә, ештен кеш жақсы! Отыз жас орда бұзар шақ емес пе?!

Маңдайшасында «Гүлжан» деген айшықты жазу ілінген азық-түлік дүкенінің алдында өсек сапырып тұрған үш-төрт әйел, анандай жерде келе жатқан Ықылас кәрияны көре қалып, әңгіме ауанын өзге арнаға бұрып жіберді.

Биыл бұл ауылда бидай бітік шығып, үш үлкен шаруа қожалығын біріктірген ынталылықтар аудан орталығынан келген астық сатып алушыларға жылдағыдан артықтау бағаға өткізіп, тепсе темір үзетін ер-азаматтарды былай қойғанда, зейнеткерлік жасындағы шал-шауқандар мен мектеп оқушыларына дейін қырмандағы жұмысқа жабылып, бір апта бұрын ғана белдерін жазып дем алған еді. Ауыл адамдарының сонау жазға дейін енді қолдары бос.

***

Ықылас отағасының үйіне таңертеңгі шәйдан соң бес-алты көрші кемпір құтты болсын айта келді. Түнде жайылған дастархандары әлі жиналмапты. Балғаным шешей қонақтарына өзі шәй құйып, ара-арасында үйдің де ұсақ-түйек шаруаларын тындырып, қолы тиер емес. Анда-санда төргі бөлме жаққа жалтақтай қарап қояды. Тым-тырыс. Еш белгі жоқ. «Апырым-ай, әбден жолсоқты болған ғой, дейді өз-өзінен күбірлеп. Жә, жата тұрсын, тынықсын...»

Түске тақағанда төргі бөлмеден есінеп-құсынап Мұңлық шықты. Үстінде қысқа жең қызыл футболка, бұтында тар шибарқыт шалбар.

- Балам-ау, ұйқың қанды ма? – деді ыдыс-аяқ жуып жатқан анасы қолын алжапқышының етегіне сүртіп.

- Қатып қалыппын. – Әдеміше қыр мұрынды жігіт есік алдына шығып, дене шынықтыру қимылдарын жасай бастады. Содан соң былтырғы жазғы демалысында өзі орнатқан белтемірге тартылды. Соңынан ере шыққан анасы аң-таң. «Үйленетін ұлдың түрін қара! Төркіндеп келгендей, келіннің жатысы анау?!. Қай бетімді айтайын?!.» Қапелімде қара кемпірдің есіне шалының тапсырмасы түсе кетті де:

- Беті-қолыңды жу да, шәйіңді іш! Келін оянды ма? – деді.

- Маржан жата тұрсын. - Баласы соңына бұрылды. – Мен шәйға қазір барамын.

«Жата тұрсыны қалай?! Осы күнгі жастар да қызық! Сабыр сақтайын! Оянар, тұрар!..» Балғаным шешей баласына ыстық шәй беру үшін шәугімге еселей су құйып, газ плитаға апарып қойды.

Мұңлықтың қарны ашқан екен.

- Үйдің тамағын сағыныппын, - деді табақтағы етті қалайы қасықпен қарбыта асап жатып.

Өңі ақ шүберектей оңған ұлдың бетіне қан жүгіргенін аңдаған ана байғұс шыр-пыр:

- Ал, ала ғой, - дейді бәйек бола. – Тағы да жылытайын ба қуырдақтан?

- Тойдым апа, рахмет! – деді баласы тершіген маңдайын сүртіп. - Әкем қайда? Бір жаққа кеткен бе?

- Қазір келеді...

- Маржан оянды ма екен? - деп орнынан тұра берген баласын Балғаным шешей:

- Сәл аялдашы, - деді кідіртіп. – Отыр, кеңесейік.

- Ал, отырдым, - деді баласы қайыра құйрық басып.

- Балам-ау, аяқ астынан хабар-ошарсыз келуіңе жол болсын! Өткенде келгеніңде үйленем деп айтпап едің. Қалай бұл?

- Реті солай болды, апа, - деді Мұңлық ойланыңқырап.

- Отпускі алдың ба?

- Жұмыстан шықтым. Елде қалуды ұйғардым. Асхаттың үш баласымен өздерін және сіздерді қосқанда жеті жан екенсіздер. Үйдің кенжесі болған соң олардың қарашаңырақта тұрғаны жөн. Ал біз, ауылда бос үй табылса сатып алармыз.

- Аудан орталығына көшетін екі-үш отбасы бар сияқты. Ақша болса, үй табылар.

- Қаражаттан қысылмаймыз, - деді Мұңлық. – Ақша бар.

- Өзің көріп отырсың, үйіміз тарлау. Екі келінімді жұмсап, немерелеріме қарап отыруға мен де қарсы емеспін.

- Апа-ау, сіздің көңіліңізді білемін ғой! Ағайын тату болғанмен, абысындардың алыстан сыйласқаны жөн шығар. Елді де сағындым. Бір-екі жыл тұрсақ деймін.

- Бір есептен бұл шешімің маған ұнап отыр. Сонымен тойды қашан жасаймыз? Құдаларға қашан барамыз?

- Маржан екеуміз ақылдастық, - деді баласы. – Тойға асықпайық. Құдалардың алдынан өтуді содан соң шешерміз.

- Бұларың қызық екен! Ел-жұртқа не айтамыз?

- Жұрттың не шаруасы бар? «Ел не демейді, есек не жемейді» дейтін бе еді?!.

- Қой балам, ұят болады! Ойланыңдар.

- Ойланатын түгі жоқ, апа! Той қайда қашар дейсіз!.. Жасаймыз кейін...

***

Мұңлықтың аяқ астынан үйленуіне не себеп болды? Маржан қандай қыз? Енді сол оқиғаны баяндайық.

Төрт баланың ортасындағы жалғыз қыз болғандықтан Маржан ерке болып бойжетті. Ұлдар бір төбе де, бұл бір төбе. Қаршадайынан киімді де таңдап, талғап киді. Өзіне не кисе де жараса кететін. Бастауыш сыныптан бастап зерек пысықтығының арқасында екпінділер қатарына қосылып, мақтауға ерте ілікті. Ешкім бетінен қақпайтын үйдегі еркелік, мектеп қабырғасындағы атына айтылған асыра марапат жас қызға бақ емес, болашақ өміріне сор боларын қайдан білсін байғұс ата-ана.

Жоғарғы оқу орнына түсемін деп Алматыға келген жылы-ақ ойнақтап жүріп от басты. Көрсеқызарлығы мен жеңілтектігінің кесірінен университеттің үшінші курсынан шығып қалды. Тәкаппар қыз оны аса уайымдаған жоқ. Адамдармен тез тілтапқыш мінезінің, ширақтығының, ажарлы өңінің арқасында тіршілік қайнаған, үлкен мегаполистегі айтулы мейрамханаға даяшы болып жұмысқа тұрды.

Сұлу бойжеткенге кімнің сұғы қадалмас. Көп ұзамай мейрамхана қожайынының көзіне түсіп, соңында ашынасына айналды. Содан бастап Маржанның тасы өрге домалады. Өзінен он жеті жас үлкен Мәкең жас қызға әсем шаһардың дәл ортасынан ойып тұрып екі бөлмелі пәтер алып берді. Жоғары оқу орнына қайыра қабылданып, бір жылдан соң қалтасына табақтай дипломын салды.

Қызық пен ырду-дырдуға толы күндер мезі қылатын қызды. Мәкеңмен танысқанына төртінші жылға аяқ басқанда есін жиғандай болды. Бастапқыда әсем шаһардың қақ ортасындағы пәтеріне, әйелімді тастап саған үйленем деген Мәкеңнің уәдесіне сеніп, уақыт өткізіп алғанына өкінгендей. Бір жаққа шығуы керек. Беттің қызылы да оңар, тәннің қызуы да қайтар! Сол ма жеткен ұшпағы! Болмас бұлай жүргені! Не нәрсенің шегі бар! Ата-анасын да бәрі жақсы деп алдауын қояр емес.

- Мәке, - деді қыз бір күні . – Отбасыңмен ажырас деп айтпаймын. Ана екі балаңның көз жасына қалмайын.

- Неге олай дейсің, Мара?!

- Себебі бар.

- Айт жасырмай.

- Мен саған бала тауып бере алмаймын! - Әлгінде ғана көздері жайнап, көңілді отырған Маржанның кемсеңдеп жылағанын көрген Мәкең ашынасын аяды. Құшақтап бауырына тартты.

- Аяғың ауыр еді ғой?! Қалайша-а?!

- Бес рет аборт жасаттым! Соның нәтижесі... құрсақ көтермеймін...

- Мүмкін емес, Ма-ра-а! Медицина дамыған мынадай заманда, мүмкін емес! Айтпа ертегіні!

- Бәрі мүмкін! Бес шарананы жатырда өлтірдім! Ешкімге кінә артпаймын! Саған сенгеннен, әрі өзімнің де ақымақтығымнан айықпас дертке шалдықтым!

- Таусылма өйтіп.

- Кеше оқыдым. Адам баласы жақсылықты да, жаманшылықты да Алладан өзі сұрап, тілеп алады екен.

- Абсурд! Адамның қолынан келмейтіні кем! Біздің медиктер қауқарсыз болса, бар ғой ана шетел, айталық Израиль, Германия тағы басқалары.

- Оған шала бүлініп қайтесің! Сен айтқан шет елге де барармын, қаралармын, көтерермін бір шикі өкпені.

- Осылай жөніңе келсеңші! Зәремді ұшырдың ғой, жаным!

- Жарайды, Мәке! Тақырыпты ауыстырайық. Қарап отырсам, уақыт өтіп барады. Даяшы болып жүре беремін бе, осылай?! Жалықтым әбден. Ақшасы көп, жұмысы мейлінше аз қызмет істегім келеді.

- Жұмыс дейсің бе?! Та-ак! Жалақысы мол, жауапкершілігі аз. Көптен ойымда жүр еді. Айтуға ұялып едім. Былай, кішкене нелеу... лас дейміз бе, харам дейміз бе?!

- Ақша жүрген жерде адалдық болушы ма еді?! Әуелі айтсаңшы?! Келісу, келіспеу содан кейінгі шаруа.

- Жезөкшелер үйін ашып берейін. Во, бизнес! Крышаң қызыл жағалылар! Сенің миссияң - жеңгетайлық! Түсіндің бе?!

***

Бірер жылдың ішінде Мәкең ашқан жезөкшелер мекені қылмыс әлеміне кеңінен таныла бастады. Әуелде қала ортасынан төрт бөлмелі пәтер жалдаса, кейінірек шаһар шетінен, Алатау баурайынан екі қабатты коттедж сатып алды. Жеңгетай Маржан келе-келе тәжірибе жинақтап, алдап-арбаудың неше түрін меңгерді. Әуелде қыздар саудасымен өзі айналысып, уақытының көбін соған жұмсайтын. Бір жарым жыл бұрын диспетчерлік вакансия ашып, оған өзінің құрбысын отырғызды. Бұған дейін жолаушылар пойызында жолсерік болып істеген пысық қыз барлық шаруаны тас-түйін қылады. Маржанның міндеті, екі үйдегі жағдайды бақылау және күнде таңертең ақша жинау. Басқа уақытта қолы бос, өзі би, өзі қожа.

Тікелей бастығы, қожайынмен үш рет қана жолықты. Онда да мейрамхананың алакөлеңке, оңаша бөлмесінде. Қырық жастардағы қасқа бас жігіт ағасын көрген сәтте іш жиып қалды. Артық ауыз сөзге жоқ шефінің іскер адам екендігін сезе қойған. Қорықпа деген Маржанға. Клиенттеріңнен ши шықпаса, біздің бикештер сенімді. Еңбек ақыларын апта соңында бересіңдер. Ақшадан жымқыруға жол берсеңдер, ренжіме деді шегелеп. Қайда қызмет жасайтынын, аты-жөнін айтқан жоқ. Лақап есімі – Шеф!

- Саған бір кісі келеді. Сауалына ғана жауап бер. Бізге керек адам. Тапсырысын орында, - деді қоштасарда.

- Түсіндім, - деді жеңгетай.

Ертеңінде шефі сырттай таныстырған жігітпен офисте жолықты.

- Клиенттерің риза ма? – деді өзін Макс атаған қысық көз жігіт бірден сенге көшіп.

- Разы болмай! Кейінгі бір айда «контингентті» жаңарттық. Қазіргілері жас қыздар.

- Нақтырақ айтқанда?

- Он сегіз бен жиырма екі жас арасы.

- Ұзын саны?

- Он бес.

- Әсілі «қуыршақтарыңды» көп ұстауға болмас! Алты айда ауыстырып отырғаның жөн. Жар-райды! Бір заказ. Он алты жастағы қыз керек.

- Пәк...

- Ойымды оқып отырсың.

- Ондай «қуыршақтың» табылуы қиын! Дефицит! Нарқы да удай!

- Жігіттерді құлаққағыс қылайын.

- Келістік.

- Мынау аванс, - Қысық көз жігіт ақ қағазға ораулы қомақты конвертті стол үстіне қойды.

- Сізге сенеміз. «Товар» табылған соң бермедіңіз бе? – Күлім көз жеңгетайдың жанары жарқ етті.

- Азырқансаң, тағы қосамын.

- Сіздің мәрттігіңізді естігенмін.

- Жеті мың бакс!

- О-о-и-й! Көп емес пе?! Уәде беріп орындамасақ, ұят болмай ма? Әрі, бүгінгі күні пәктігі сақталған қызды табу қиын!

- Алдын-ала сол үшін төлеп отырмын.

- Іздейміз! – Маржан конвертті томашадай көк сейфке салды.

***

Анаша сатушылармен байланысы бар қылмысты топқа іліккен Аида есімді жас қыз полиция тұзағына түсті. Сұрақ-жауап барысында қыздың кінәсі жоғы анықталды. Шындап келгенде босатып жіберуге де болады. Бірақ, үлкен бастығының тапсырмасы бар. Пәктігін сақтаған жас қызды табуы тиіс. Оны білу қиын емес. Верониканы қасына бір-екі сағатқа апарса болды. Аиданың қасында жарты күн «отырған» Вероника жас қыздың бар сырын анықтады.

Бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығыңнан айрыласың деген қоқан-лоққыдан қорыққан аңғал бойжеткен тергеушінің талабын орындауға ақыры келісті. Өзге амалы қалмады.

Қысық көз жігіт ағасы нәпсі қалауын іске асырды. Жас қыздың көз жасына қараған жоқ. Өйткені ақшасын төледі! Сатып алды!

Еркек орнынан тұрып, дәлізге сигарет шегуге шыққанда Аида халатын киіп балконға келді. Сүйген жігітіне қай бетімен қарайды? Өмір неге соншама күрделі?! Тағдырыңның табан астында тас-талқан болуы өзіңе байланысты емес-ау?! Өксіп-өксіп жылағысы келген. Көзінен жас шығар емес. Кеуде түкпірінен ар-ұят, жігер, намыс атты сезім бас көтерді. Аялап, әлпештеп өсірген ата-анасы алдында жер болды ау?! Ана кісінің өліп-өшкен тұрпайы қимылы, үздіге айтқан жалған сөздері ойына оралып, жанары жасаурап, көздері қарауытты. «Қорлық!.. Өлім!.. Қорлық!.. Жер басып жүрудің керегі бар ма енді?!.»

- Аида! – деген дауыс естілді жатын бөлмеден.

Қыз балконнан бірақ секірді. Одан кейінгісі бұлдыр. Есін ауруханада жиды. Не болған маған?!. Ап-ауыр не бұл?!. Гипске салып тастаған ба?!.»

Бұл төтенше жағдай аудандық ішкі істер бөліміне дабыл қақтырды! Жезөкшелер үйіне тықыр таяды. Жеңгетай Маржанға қауіп төнді. Шефі бұның екі тәулік ішінде Алматыдан көзін жоғалтуын кесіп айтты.

***

Автобус аялдамасынан түскен Маржан басы ауған жаққа кете барды. Бағыты беймәлім. Санасы емес, аяғы алып келеді. Құдай-ау, мынау қай көше? Қоғамдық көлікке отырмағалы қашан? Алматыға келген сонау жылдары ғана мінетін. Кейін ғой бәрін ұмытты. Астында аппақ «Мерседес». Қысы-жазы қара көзілдірігін шешпейтін оққоғары, әрі мәшине жүргізушісі Вадимнің арқасында Алматының қай бұрышына, қай даңғылына бармады. Вадим сенімді серігі еді. Қойған сұраққа ғана жауап қайтаратын. Ол мұның қазіргі жағдайын біле ме екен?! Шеф ешкімге жария етпес. Вадимге телефон шалса қазір-ақ жетіп келер. Оның қажеті қанша? Жасынан еркешора, намысқой, бірбеткей өскен қыз ондай-ондай жасықтыққа бара қоймас. Әсте! Одан да өліп кеткені оңай...

«Екі тәулік ішінде Алматыдан қараңды батыр!..»

Түсі суық, ызбарлы қасқа бас осылай деді. Оған да тықыр таяды! Ана қызды айтам! Бейшара! Ар-ұят не теңі екен?! Пәктігімнен айрылдым деп, өзін-өзі балконнан тастағаны ақымақтық! Ну и что?! Әзірше тірі. Жамбас сүйегі быт-шыт дейді. Көрген жігіттер айтып келді... Жә, қайдағы бір шөпжелке қызды уайымдап. Ол өлмей тұрғанда табанымды тайдырайын...

Миға жоқтан өзгенің келетіні қалай? Ойына жерлесі Мұңлықтың түсе кеткені. Екеуі бір мектепте оқыды. Оның үш-төрт жас үлкендігі бар. Басы істейтін жігіт. Институтта сырттай оқып, осында жұмыс жасайтынын естіген. Сонау мектеп қабырғасындағы шақтан Маржанға өлердей ғашық. Өзі де көркем. Қыр мұрын. Қара торы. Бұл артынан жүгірген ұлдардың біріне де қараған жоқ кезінде. Сұлулығымен жігіт атаулының мысын басып, ынтықтырып тұрарын жақсы білген қыз өз бағасын білетін.

Қайдағы-жайдағы иір-қиыр оймен келе жатқан қыздың көзі тас төбесіне шықты. Әлгінде ғана есіне алған Мұңлық алдында тұр. Қуанған қыз жерлесін құшақтай алды. Мұңын шағып, көз жасын көлдеткен Маржанды аяған Мұңлық оны бірінші Алматыдағы жатақханасына алып барды. Сол түні екеуі шаңырақ көтеруге шешім қабылдады. Сөйтіп ертеңінде пойызға отырып жігіттің ауылына жүріп кетті.

***

Басы бос, сыбай-салтаң қыз көңілі құлаған, өзіне ұнаған жігіттермен әсем шаһардың небір мейрамханаларында сауық-сайран салып, ойнап-күліп түн ортасына дейін болатын да, оның аяғы өз еркімен, өз қалауымен құмарын басуға жалғасатын. Жын ойнақ пен ырду-дырдуға үйренген күлімкөз келіншектің жалғыз күйеуге басыбайлы таңылуы, бір еркекпен ғана шектелуі мүлдем жалықтырды. Жүз түтінге де жетіңкіремейтін ауылда кіммен сөйлескенің, кіммен жүріп-тұрғаның алақандағы әжімдей ап-айқын.

Келін болып түскеніне небәрі жеті ай болса да, сол азғана уақыт сауыққұмар жанға сұмдық ұза-а-а-қ көрінді. Құдай-ау, барсакелмес арал сияқты ғой бұл ауыл деп елегізіп, үйге сыймайтын болды кейінгі кезде. Бұлан кездеспегенде қайтер едім?!.

Күйеуінің досы Бұлан күндіз ойынан, түнде түсінен шығар емес. Көздері өткір, көркем жігітті ә дегеннен ұнатып қалды. Ерте үйленіп, ата-анасына қарайлап ауылда қалыпты. Қатардағы шофер болғанымен, көзі ашық. Тарих, әдебиет, саясат, жаһандану деймісіз, білмейтіні жоқ. «Интелект! - деді Маржан таңқалып. – Мынандай талантпен, жоғары білім алмай елде қалғаны обал-ақ! Күйеуім мынау деп көрсетуден ұялмайтын жігіттің сұлтаны!..»

Еркек атаулының мысын басып, сиқырсынып, жанарымен арбап өзіне ынтықтыратын әккі әйел бірден сезді. Жігіт те кет әрі емес. Ол дағы күлімкөз келіншекті көрген сәттен көзсіз көбелекше қалбалақтап, жүрегі дүрсілдеп, қайта-қайта қарағыштайды. «Ә-ә, қармаққа түстің бе?!» Сезімі алдамапты.

Міне, соның нәтижесі. Екеуден-екеу өзен жағасында жатыр.

- Сен жақсы жігітсің, - деді ақшағыл құмға бауырын төсеп қыздырынып жатқан жалаңаш тәнінің екі жері ғана қымтаулы сұлу мүсінді ақ сазандай келіншек.

Кәмпит-келіншектің мысы басты ма, Бұланның басы айналып көзі қарауытты. Өн бойы бір ысып, бір суынды. Жүрегі құрғыр дүрс-дүрс. «Шынында кәмпит! Мұңлықтың қызғанатындай жөні бар. Ия, сәт...»

- Шын айтам, сен жақсы жігітсің, - деді кәмпит-келіншек аударылып түсіп. Қарақат көздері ойнақшып кетті. Тұңғиығына тартып барады.

Жігіт: «Арбап жатыр қаншық!»

- Әт-те-ең, менің Мұңлығым сен сияқты болса ғой! Жаль! Оның адамгершілігін қайтейін, төсекте осал болған соң. Жаль-жаль!

Жігіт: «Бәсе-бәсе, қалай дұрыс топшылағанмын. Темірді қызған кезде соғуым керек!»

- Кешір жаным! – Жігіттің жүрегі қатты-қатты соғып «кәмпитке» төне түсті. «Ия, сәт!» - Сен... былай бөтен ойлама!

Келіншек: «Малғұн, бұл қай сасқаны?!.»

- Мұңлық менің ескі досым. Аяймын оны, - деді жігіт. – Ия, аяймын, әрі шынын айтсам, сені одан қызғанам.

Келіншек: «Тфу, деревня! Мұңлықты айтқанша, құшып сүймей ме?!»

Жігіт: «Не істесем екен! Бас салсам, үркітіп аламын ба?!.»

Келіншек: «Болсаңшы енді! Өртемеші! Не болды маған?!»

Жігіт: «Ия, сәт!»

Еркектің емешесі үзіліп еңкейе бергені сол еді, мойылдай жанары жалт еткен кәмпит-келіншек аунап кетті: «Жоқ, бірден берілмеуім керек! Оным әлсіздігім! Ынтыға түссін әлі де!..»

- Мұның не, Бұлан-ау! Сені адал жігіт пе десем?!

Жігіт: «Сайқал, ұтып кетті. Абдырағанымды сезіп қалды. Батылдық қажет, батылдық! Мұндай сәт енді оралмас!..»

Келіншек: «Біраз бұлдана түсейін.»

Жігіт: «Дәнеңе шығара алмаймын ба?! Жо-жоқ!»

- Маржан, бері қарашы бір минөтке?!

Келіншек шалқасынан жатты. Көздері шоқтай жайнай түскен. Еркек аңдамай қалды. Еңкейе беріп еді, «кәмпиттің» ерніне ерні тиіп еріп жүре берді.

* * *

Жүк машинасының рөліндегі қараторы көркем жігіт ауыл көшелерінің біріне бұрылып, қызыл қақпалы үйдің алдына кеп тоқтаған соң кабинадан шықпай, мең-зең қалыпта ұза-а-а-ақ отырды. Әлгінде ішкен арақ уыты миына шауып, ыңқы-тыңқысын шығарғанымен, мұң торлаған ойы сетінеп көңілі көтерілді. Әншейінде сөзге шорқақ жігіттің ыңылдап ән салғысы келді ме-ау?

Қасың қандай, қарақат көзің қандай,

Күлкің қандай, шарапат сезім қандай.

Қуанатын балаша кезің қандай,

Өзің қандай, жаныма жағатын, сөзің балдай-й!

А-а-а-а-а-а-аи-й!..

Маржан үйінде ме?! Мұңлық ше? Әй, Мұңлық! Мұңлық!.. Ескі дос!.. Бағы жанбаған сорлы! Обалыңа қалдым ба? Кейінгі кезде қатты ішіп жүр дейді. Қазір де мас болып жатуы! Маржа-ан! Мар-жа-ан! Көргісі келді. Қазір! Мен сірә, адасқан болармын ақылдан. Әйтпесе, не болды елу шақырымнан еш жұмысы жоқ, қос өкпесін қолына ұстап желігіп жеткені. Бірақ-бірақ,

Маржанның жалт еткен жанары, лапылдап-өртеген от құшағы, уа жалған, тоймайды-ау!

Қажет затын ұмытқандай қалтасын қарманып, темекінің жалқы талын ерніне қыстырды.

- Ой, әкеңнің!

Күйіп-пісіп қарамаған жері қалмады. Орындығының астынан, кілттердің арасынан тапты. Шылымды құшырлана сорды. Көк түтін ауыздан да, мұрыннан да кетіп жатыр.

- У-у-у-һ!

Саусақтары тыз ете түскені. Бықсыған тұқылды лақтырып, келесі талын тұтатты. Ашуға бой алдырып шамшыл мінез танытып жүр біраздан. Оған не се-бе-еп?! Қашанда күлімдеп жүретін, базбір шайпау қатындар сияқты дауыс көтеруді білмейтін жан жары Несіпбаланың жазығы жоқ қой!

Бұланның көзіне, өзі «кәмпит» атайтын сұлу келіншектің аппақ тәні елес берген сәтте алпыс екі тамыры иігендей күй кешкені қалай?!

«Соңынан уайым-қайғы әкелетін ләззаттан қаш!..»

Қайдан оқып еді? Есінде жоқ. Әйтсе де теріс пәлсапа! Дұрыс емес-с! Ал менікі жөн бе?!.

Қараңғылық қоюланып келеді. Оған керегі осы. Ешкімнің көзіне түспегені жөн. Жолы түсіп жолықса, қоштаспақ. Бұлай жалғаса берсе опынары хақ! Көрші ауданға қоныс аудару туралы Несіпбаладан өзге ешкім білмейді.

- Осыным дұрыс-с!

Жүрегі қармаққа түскен балықтай.

Ыдыс-аяқ жуайын деп ас үйге енген Маржанды болмашы қағылған дыбыс елең еткізді. Құлағын тосты. Тым-тырыс сияқты. «Қорыққанға қос көрінеді деген?!» Аяқ-табақ жууға зауқы соқпады. Тағы да тырс-тырс терезе қағылғандай. Жүрегі аузына тығылды. «Кім де болса көрейін!». Есік ашса

Бұлан.

- Барсың ба жаным-ау?!

Жігіт құшақтай алды. Келіншек өзіне қаратты.

- Қайда барасың ентелеп?

- Үйде ме?

- Ұйықтап жатыр. – Сыбырға көшті. – Бағана келген тәлтіректеп.

- Қатты мас па?

- Удай.

- Ояна қоймас.

- Оянып кетсе ше?

- Оянбайды! Бес минөтке мұрсат бер.

- Зәрем ұшып тұрғаны.

- Өтінем, жаным!

- Болмадың-ау!..

Түсінен шошығандай басын оқыс көтерді Мұңлық. Әйеліне ілесіп біреудің үйге кіргенін де, төргі бөлмеге еніп құшақтаса кеткенін де, үздігіп ұз-а-а-қ сүйіскендерін де сезді, білді, естіді. Қаны басына шапшып, ашу-дұшпан иектеп әрең жатқанымен шыдап бақты. Япыр-ай, мынау Бұланның даусы ғой! Қалайша?! Неге?!. Жұрттың өсегі шын болды ма?!. Бүгінге шейін елемей келіп еді. Ондағы ойы, бала жастан бірге өскен досына сенгендіктен. Бұлан-ай, қайтейін! Сенің де сатқын болғаның ба?! Сайтан азғырған қатын-н! Сезіп едім осылай боларын! Жо-жоқ-қ, мүмкін емес! Мүмкін емес?! Бұланға даусы ұқсайтын басқа, бөтен кісі болса өкінбес едім.

Төргі үйдегілер естерін жиды. Әйел жігітті тұрғызып, жалынып-жалпайып дәлізге ертіп шыққан. Жігіт қоштасып табалдырықтан ары аттады. Дала қараңғы. Түнгі суықтан денесі тітіркенді. Жұрт жата бастаған. Дүкеннің қасына қалдырған мәшинесіне от алдырып жүріп кетті. Лайсаң жолға қарамай ызғытып келеді. Екі-үш шақырым ауылдан ұзаған соң машина моторы сөнді. Кілтті қосып еді, от алмады. Бұған не болды деп жанар-жағар май шкаласына қараса нөлді көрсетіп тұр.

Ол кабинаны жауып ауылға тартты. Күні бойы қар суы еріген жолдың балшығы езіліп жатыр. Өкпек жел тұрды. Қара тонының жағасын көтеріп, малақайының құлағын түсірді.

- Қайтеді-ей, мына жел?!!

Есік тұтқасын ұстап үйге ене берген Маржан күйеуінің жөтелгенін естіп тұра қалды. Есін жиып алған ба?! Біздің ісімізді сезген-ау! Қолына түссем аямас! Онсыз да қанына қарайып жүр?! Аяқ дыбысын білдірмей үйден шықты. Аяз қойны-қонышын кеуледі. Тас қараңғы түн үрей шақырады. Жүгіре басып ауыл шетіндегі құрбысы Бағиланың үйіне жетті.

- Кім бұл? – Жалғызбасты келіншек беймезгіл шақтағы тарсылдан зәре-құты қалмады.

- Маржанмын-н! Ашшы, жылдам-м!

- Тыныштық па?!

- Қазір бәрін де айтамын. – Күйеуінің күпәйкесін ғана киген, жалаң бас жас әйелдің тоңғаннан тісі-тісіне тимейді.

***

Ашу буған Мұңлық кереуеттен атып тұрды. Маржан әлі жоқ. Неге кешігіп жатыр? Әлде анаумен еріп кетті ме?!

- Афирист қатын-н! Осыдан үйге келсін! Өз қолыммен өлтірем!

Тоңазытқыштан бір шөлмек арақ алды. Тығынын ашып шәй кесеге құйды да, өңешіне ақтара салды. Дастарханнан нан иіскеп, дәлізге шықса... Бұлан кіріп келе жатыр.

- Қайдан жүрсің?

- Машинамның бензині таусылып. Біреулер құйып алған ба, ит біледі.

- Неге келдің?!

- Рұқсат бер, қонып шығайын.

- Әй, Бұлан-ай?! Қайдағыларды еске түсіріп.

- Не айтып тұрсың?!

- Кірмеші үйге.

- Баратын жерім жоқ.

- Қайтшы! Өтін-ем-м!

- Кеудемнен итерсең де кетпеймін! Қонамын осында.

Досы дәнеңе болмағандай, қаннен-қаперсіз, су сіңіп ауыр тартқан батпақ-батпақ етігін шешуге ыңғайланды. Мұңлықтың көзі қарауытты. Басы айналды. Жүрегі кеудесін тесіп шығардай. Алапат ашуды ауыздықтай алар емес. Не істеп, не қоярын білмейтін есірік халде. «Бұл басынғандық! Болды! Жетті! Осымен тәмам!» Әзәзіл ой осып-осып өтті миын. Дәлізбен жапсарлас кілеттен ет мүшелейтін өткір пышақты алды да, еңкейіп етігін шешіп жатқан жігіттің оң жақ бүйірін тұспалдап қатты сілтеп қалды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Толымбек Әбдірайым, жеңгетай
(3)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар