Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Құныпия Алпысбаев. «Көшпенділер» романындағы ұлттық сарын

04.08.2018 482

Құныпия Алпысбаев. «Көшпенділер» романындағы ұлттық сарын

І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы – партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма. Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ, қазақ халқының ертеректе өмір сүрген, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырлардың, хандардың, артында мол мұра қалдырған ақындар мен шешендердің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді, қауіпті еді. Ал І.Есенберлин осының бәрін біле тұрып қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше кітаптан тұратын роман жазып, оқырманға ұсынуы жай ерлік қана емес, талантты жазушының саяси жеңісі еді.

«Көшпенділер» – қазақ халқының ұлттық тарихының бастау көзі беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмаланғандығын көркем тілмен бейнелеп берді.

Шығарма кейіпкерлері ретінде негізінен тарихи тұлғалар алынады. Шыңғыс хан дәуірінен басталып, Кенесарымен аяқталатын қазақ мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстаулы тағдыр-талайының басында тұрған хандар тізбегі, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы ақын-жыраулар, ел мен жер үшін, ұрпақ болашағы үшін жан аямай шайқасып, Отанын қорғай білген арыстан жүрек, атан жілік батырлар көрініс табады. Бұлар – ел есінде аттары жатталып, тарихта қалған, өмірде болған тұлғалар.

І.Есенберлиннің осы трилогиясынан нәр алып, көп нәрседен мағлұмат ұққан көпшілік оқырман ондаған жылдардан соң тоталитарлық жүйеге қарсылық білдіргенін дүниежүзі біледі. Бірақ қылышынан қан тамған горбачевтік-колбиндік жандайшаптар әділдік іздеп, бой көрсеткен жастарды қалай қуғындап, қалай түрмеге жапқанына тарих куә.

Архивтік деректер, халықтық аңыздар, этнографиялық сипаттар негіз болған тарихи эпопеяда автор оларды сол өткен дәуір елесін дәл бейнелеу үшін ғана емес, оған қоса, түрлі қағида мен идеялардың, түрлі психология мен мақсат мүдделерінің қандай заман, қандай қоғамдық жүйеде болсын сабақтастық алып жатқан көрінісін беру үшін де пайдалану мақсатын тұтынған.

Былайша айтқанда, Ілекең халқының көне заманғы тарихынан өзі өмір сүрген дәуірдің де даму диалектикасын көрді. Уақыт сабақтастығын жіті тани білген жазушы тарих тұңғиығына бойлап, ұлт тағдырының, халық қасіретінің қилы кезеңін суреттеу арқылы бүгінгі күннің міндеттері мен ертеңгі күннің бағыттары туралы ой сілеміне жетелейді. Ең әуелі қазақ әдебиетінің, одан соң әлемдік әдебиеттің тарихи тақырыпты игерудегі мол тәжірибесін, игі дәстүрін жинақтай отырып бір кездерде, революция жылдары Алексей Толстой «Бірінші Петрді» жазғаны, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан сұрапыл жылдарда Мұхтар Әуезов Абай туралы роман-эпопеясын жаза бастағаны сияқты, өзге кейбір әріптестері коммунистік партия туралы әсіре мадақ одаларын жазып жатқан шақта І.Есенберлин хандық дәуір тарихына қалам тербеді. Халық зердесінің қалғи бастаған сәтін оятуға, ұрпақ санасына ұлттық патриотизм қалыптастыруға қызмет істейтін бағытта жанарын тарих тереңіне қадады.

Ол жылдары тарих пәні тек оқу пәні ғана емес, кеңестік компартияның қолындағы негізгі саяси құрал болды. Көптеген партия, мемлекет қызметкерлері тарихшы мен тарих бойынша ғылыми атақ алуды өздерінің борышы деп есептеді. Бүкіл тарихи шежіре біріншіден соңғы бетіне дейін коммунистердің тиянақты әрі қырағы идеологиялық редакциясынан өтті.

Автор хандық дәуірге лайық тақ таластарын әр қырынан ала отырып, шығармасын жалаң, жасанды тап тартысына құрудан бой тартады. Керісінше, қазақ халқы өміріне тән рулық тартыстың астарларын ашуға тырысады. І.Есенберлин трилогиясында Асан қайғы, Бұқар, Нысанбай сияқты атақты жыраулардың, Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды тарихи тұлғалар, аттары бүкіл қазаққа мәлім билердің, ондаған өнер адамдарының жарқын бейнелері қатар түзейді.

Әбілқайыр (ХV ғасырдағы) ханның кезінде әлемді тітіреткен Дешті Қыпшақтың ішкі сыртқы күштердің әсерінен әлсіреп, ыдырай бастаған кезі, оның іштей ыдырап жеке хандықтарға бөліне бастаған алмағайып шағы «Алмас қылышта» қым-қуыт оқиғалар тізбегі арқылы суреттелген. Алғаш Керей, Жәнібек хандар бас болып шаңырақ көтерген Қазақ хандығы да оңай бой түзеп кете алған жоқ. Өздеріне ерген елдің іргесі бекіп, өрісі кеңеюі үшін Керей мен Жәнібек сұлтандарға талай азулы ел билеушілермен ырғасып, жаға жыртысуға тура келді. Орта Азияның ұлан-ғайыр жерін тоқымдай тілгілеп жеке-жеке иемденген шағын хандықтармен алысу, көшпелі алтындай біресе ол жағына, біресе бұл жағына ауысқан көне қалалар мен шұрайлы жерлер елді талай сынға салып, тезден өткізді. Сондықтан да «Алмас қылыштағы» оқиғалар тым қою, сюжеттік желісі шытырманды, бұралаңы көп. Алма-кезек ауысқан хан-сұлтандар, олардың арасындағы қым-қуыт соғыстар қаншама. Тарихи зерттеу, архивтік мәлімет, жазба құжат, шежірелік деректермен салыстыра қарағанда, автордың көптеген оқиғаларды іріктеп, Әбілқайыр, Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым сұлтандар айналасына топтастыра жинақтауға тырысқан.

«Жанталас» – Абылай кезеңіндегі қазақ хандығының жоңғар, орыс, қытай елдері тарапынан үш жақтан бірдей қыспаққа алынып, ел басына қысылтаяң күн туған шағындағы аса бір қиын кезеңді әңгімелейді. Роман «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атаумен қалған ұлы қырғын – жоңғар шапқыншылығын сипаттаудан басталады. Халықтың осы азаттық үшін күресінде алғаш батырлығымен көзге түсіп, бірте-бірте көтеріліп, ел көсемі болған Абылай ғұмыры халық, ел тағдырымен бірлікте баяндалады. Алайда, уақытқа қарайлап Абылайды идеал қаһарман ретінде көрсетуден қаймығып, жазушы ханның күрделі характерін ашу барысында халық өмірінің көркем шежіресімен ұштастырып жасауды мұрат тұтады.

Өзі сияқты көшпенді халық жоңғар озбырлығынан елін аман алып шығуға қол жеткізгенмен, Абылай үшін қиындық туғызған батыс пен шығыстағы екі көрші еді. Міне, Абылай осы екі алып көршінің түпкі ойын қалай жүзеге асырмаудың жөнін таба алмай «жанталасады». Бұл орайда жазушы негізгі шешімді халыққа қабылдатады. Халықтың айнымас қамқоры Бұқар жырау осы қалауды Абылай ханның құлағына әр кез салып, ескертіп отырады. Осыған орай Бұқар жырау романның бас кейіпкерлерінің бірі ретінде сомдалады. Тарихи трилогияда автор ғасырлармен бірге кеткен феодалдық қауымдастық сананың түп-тамырын ашып, оның өз кезінде бірігудің, тәртіптің қазақ халқын қорғап, сақтап қалудың себебі болғанын көрсетіп береді.

Халықтың жеке ел болуындағы ең үлкен және соңғы қуатты тегеуріні қазақ халқының жоңғардың жойқын шабуылына төтеп беріп, елдігі мен жерін сақтап қалу болды. Бұл нағыз Ұлы Отан соғысы, сол Отан үшін шайқастағы тұтас халықтың ерлігі еді. Бұл сипат, Отан іргесін сақтап қалу үшін болған ұлы шайқас романда бар болмысымен жан-жақты көрінеді. Тарих оқулықтарында «өз еркімен қосылды» деп түсіндіріліп келген Ресей империясына қазақ даласының бағындырылу процесінің қиын да күрделі сипаты «Жанталас» романында Әбілқайыр, Барақ, Абылай сияқты әртүрлі көзқарастағы ел билеушілердің іс-әрекет, айла-шарғылары арқылы көрініс табады. Қай заманда болсын қатыгез жүйе, қате саясаттан зардап шегетін – халық. Қандай тығырықтан да халық өзін өзі ғана шығарады.

Трилогияның алтын желісі, негізгі өзегі – қазақ халқының саясат бұғауы, шовинизм құрсауымен беймәлім болып келген тарихын өзіне таныту. «Адамзаттың нағыз шын тарихын тарихшы емес, суреткер жазады», – дейді А.Горький. І.Есенберлин осы принципті ту етіп ұстап, ғылымда да сол уақытқа дейін терең сараланып бітпеген тарихтың қос қыртыс қатпарларына қазақ жазушыларының ішінде тұңғыш рет қаламгер көзімен саяхат жасап, оқырман назарын көне тарихтың әлі ашыла қоймаған тың беттеріне аударады.

Өткеніміз туралы кешеге дейін там-тұмдап қана дерек біліп келсек, «Көшпенділер» елдік дәстүріміз, ғасырларға созылған шытырманға толы тарихымыз бар екенін көркем әдебиет көлемінде тұңғыш рет таныстыра алды. Ол ол ма? Бұл шығарманың тарихи құндылығы сонда, тіпті тарихи еңбектерде шешімін тауып болмаған немесе басы бірікпей шашыранды жатқан мағлұматтардың бір жүйеге түскен желісін көреміз. Соншама көп фактілерді жазушы жалаң тізбей, роман шарттарына лайықтап, қорытып, көркемдік қиялға бөлеп бере алуы шығарманың тартымдылық қасиетін арттыра түседі. Міне, осындай тарих пен аңыздың, қиял ауқымы мен шеберліктің бірлестік табуы трилогияның өзгеше бітімін белгілеген еді. Сонымен қатар, әдебиеттегі белгілі жанрлардың шартына сай бағалау қиындығы да шығарманың материалы, жанры, көркемдік тәсілі мейлінше тың болғандығын көрсетіп тұр.

«Көшпенділер» трилогиясы – хронологиялық жүйеге құрылған, қазақы шежірелік сипатты бойына жинақтаған тарихи шығарма. Ондағы баяндалатын оқиғалар негізінен тарихи жүйемен дамып, өрбіп отырады.

Рас, трилогияда жазушының лирикалық шегіністерге, арғы-бергі дәуірлерге ауысып отыратын тұстары да жеткілікті. Ондағы суреттелетін негізгі оқиғалар, басты қаһармандар тарихта болған, белгілі деректерде сақталған. Халықтың келбетін, күшін көрсету, қимылын, іс-әрекетін паш ету сипаты «Алмас қылыш» романында Бұрындық ханның әрекеттерін суреттейтін тұстарында айқын көрінеді. Бұл жайды жазушы оған деген халықтың қарым-қатынасын суреттеу арқылы айғақтай түседі. Мұхамед Шайбани мен Бұрындықтың құда болуына халық сырт айнала қарайды. Жеке оқиғалардың желісі, түп қазығы халықпен, қазақ халқының тағдырымен байланысып жатады. Мұның барлығы тарихи оқиғалардың, болған шындықтың, болмыстың негізінде айтылады.

«Алмас қылыш» романында жеке адамдардың, кейіпкерлердің өміріндегі тартысы, өсіп-жетілуі, оның халықпен сан-салалы байланыста көрсетіліп, эпикалық сипатта баяндалады. Мұндағы оқиғалардың өріс алуы, дамуы тек халық атынан, ел тұрғысынан алып қозғалады. Керек жерінде халық өзінің күшін, қаһарын, қимылын көрсетеді. Керек болса үкімін де шығарады.

Осы романдағы Әбілқайыр ханның (ХV ғасыр) билік мұратының, өзге жұртты билеп төстеудің, империялық саясаттың қай заманда да ұқсас сипаттарын ойыңа салады. Әбілқайыр ойлау деңгейі жағынан таяз емес. Ел билеуде оның ұстанған өз саясаты бар. Қол астындағы елі – алмас қылыш. Оларды қайрап қойып, әр руды бір-біріне айдап салып отырмаса, бірігіп кетсе, бой бермесін ол жақсы түсінеді. Өз мақсатына жету үшін ол нендей сұмдықтан да, зұлымдықтан да тартынбайды. Бірақ ол біреудің қолымен от көсеп, сол зұлымдығы мен сұмдығын біреу арқылы жүзеге асырады. Жәнібекті, Саянды, Рабиу-Сұлтан-бегімді, Гүлбаһрамды, Орақты, Ақжолды өлтіруге жасаған әрекеттерінен соны айқын көреміз. Хан тұқымына, ел билеушіге кісі тағдыры ойыншық сияқты. Әбілқайыр заманындағы бұл құбылыс шығарма жазылған дәуірде де солай болды. Жазушы осы жайды нақтылап та көрсетеді, Әбілқайыр ойы арқылы да сездіреді.

Өз алдына хандық құрып, таққа отырғысы келген Жәнібек сұлтан да – терең ақыл, парасат иесі. Ол сол кездегі әлеуметтік шаруашылық жайды жақсы түсінген. Сондықтан да Әбілқайырдың қатесін өз мақсатына пайдалана отырып, ол үлкен іскерлікпен, ақылмен біраз рулардың басын біріктіріп, ақыры қазақ халқының негізін құрайды. Әбілқайырдың өлімі мен сол кездегі Орта Азия қалаларындағы жағдайлар Қазақ хандығының біраз күшеюіне мүмкіндік береді. Ал, Жәнібектің баласы Қасымның тұсында Қазақ хандығы тіпті күшейе түсті.

Халық аузында «Қасым салған қасқа жол» деген мәтел бар. Сыншы халық бұл сөзді басқа хандарға айтпай, Қасымға айтуы тегін болмаса керек. Жазушы Қасымның түбі ел бастар мінезін жастайынан-ақ таныта береді. Жәнібек көбіне өз баласымен ақылдасатын. Қасым әр кез әр істің, алды-артын жақсы байқап, дұрыс байлам айтады. Оның ақылдылығы, ұстамдылығы романда орынды берілген. Оның уәдеге берік, мәнді мінезі де суреттеледі.

«Жанталас» романының оқиғалық желісін ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қытай, жоңғар феодалдық мемлекеттерінің Қазақ хандығына, Қазақ еліне жасаған қысым-қыспағы, қанды жорықтары құраса, тарихи шығармалардың бас кейіпкерлері ретінде қазақ хандары Тәуке, Қайып хан, Болат хан, Әбілқайыр хан, Сәмеке, Абылай хан, т.б. жан-жақты сипатталған. Қытай, Жоңғар мемлекеттерінің Канси, Сыбан Раптан, Қалдан Церен, Церен Доржы, т.б. соғысқұмар билеушілерінің іс-әрекеттері, жүргізген саясаттары тарихи шындық пен көркемдік болжал ұштаса отырып суреттелген. Олардың қатыгез, қаражүрек істері көркемдікпен қисынды баяндалған.

Әбілқайыр мен Абылай психологиялық жақтан ұштасып барып, екі тармаққа бұрылады. Жазушы Әбілқайыр тұлғасы жайлы талас пікірдің ұшығын тарихи себептермен орайластыра дұрыс шешім шығарады. Әбілқайыр да, Абылай да хандық билікті қолдан шығарғысы келмейді. Алайда, жоңғар мен қытай шапқыншыларының бұғауынан құтылудың бір-ақ шешімі бар. Әбілқайырдың аузына: «Түбі еліміздің де, келешек ұрпақтардың да көзі жетер, әрекетімізді ақтар, бізге қалған жалғыз жол – ол Россияның қол астына ену», – деп сөз салуында шындықтың бір жағы жатыр. Ал хандық билікті қолдан шығарғысы келмейтінін де автор оның жеке адамдық қасиетіне, психологиялық болмысына байланыстыра бейнелейді.

Рас, Әбілқайыр мен Барақтың жаулығын күшейтудегі орыс чиновниктерінің әрекетін құжаттармен дәйектеу мүмкін емес. Бірақ автор Әбілқайырдың осындай хал кешуінің тарихи шындық екенін жан-жақты ашқан. Әбілқайыр сол кезеңдік үлкен саясаттың құрбаны. Дей тұрғанмен, таққұмарлық пен жеке бас мүддесі алғашқы кезекте тұратын пендешілік психологиясы меңдеген Әбілқайыр болмысы арқылы көрінетін адасудың тұманына тап болған тағдырдың, азап тауқыметін өзі емес, өзгелер көбірек тартып, зардабын халық шегетін құбылысы кітап жазылған дәуірде де айыға қоймаған тұрпаты І.Есенберлин қалам қуаты арқылы өрнек тартқан. Тарих сабақтастығы, уақыт ұқсастығы, психологиялық сәйкестігі көрініс тапқан. Тарихи шындықтың көркемдік таным қуатымен жанды бейнеге айналған сипатына бойлаймыз.

Мемлекеттік басқару құрылымында жеке мүдделік ой мен бақталастық жайлаған елдің болашағы қашанда тұманды болатынын ескертіп тұрғандай. Өткен заман шындығын жазушы өзі өмір сүріп отырған кезең болмысынан алып көркем бейне жасап отырған тәсіл. Тарихи өткен дәуір шындығын суреттегенде жазушы болған оқиғаны көркем баяндап, әдеби шығармаға айналдыруды ғана мақсат етіп қана қоймай, тарихи фон арқылы өз заманының мәселесін астарлап айтып беруді көздеген. І.Есен­берлиннің тарихи тақырыпқа жазған романдарындағы образдар жүйесінің астары осы ойға меңзейді. Жазушылық таным құдіреті, тұңғиық ой жылымы сана бағдарын өзіне бұрып әкетеді

Қазақ халқының Ресей қол астына бодан болмауға шарасы қалмаған сәттің бір ұшығы осы алауыздық пен бақталастықта жатқандығын ескертеді. Тарихи шындық тұрғысын зорлап мойындататын кей сәттердің себеп-салдары, түп-төркіні жеке психологиялық ой-мақсаттардың арпалысы мен шарпысуында жататындығын меңзейді. Ойлап қараңыз. Ұлт бостандығын, жеке ұлт өркениетін халық теңдігін «дәріптеген» коммунистік жүйеде сол мақсат-мүдделер толық жүзеге асу сипатына ие болды ма? Әрине, жоқ. Қайта күн өткен сайын жеке ұлт мүддесі қусырылып, ұлттық салт-дәстүр жұтылып, тілдің қолдану аясы барынша тарылып, жойылу қаупі дендегені, мұның бәрі шовинистік идея, империялық саясат құрсауымен жүзеге асып жатпады ма?!. Бұл отарлауды жаңа үлгіде жалғастыру екенін зиялы топ білді. Алайда, ашық айтуға дәрмен жоқ. Өз ішімізде де мұндай араздық пен таққұмарлық бар екенін көре білген жазушы осы бір дерттің зиянды сипатын тарихи өткен заман көрінісін бейнелеп беру арқылы ұрпақ зердесін оятуды, тарихтың кесапатты тағылымын айта отырып, өз дәуірін танытуды көздеген. Ұлт ретінде жойылып кету қаупін ескертеді. Отар болу емес, одақтас боламыз деген сенімнің соңы тәуелді тағдырға ұласу сипатының төркінін еске салады. Шығармада тарихи шындық осылай бой көрсетеді.

Осы бір азаттық-еркіндік үшін, тәуелсіздік үшін күрес Ресей құрамына еніп, әбден бағынған, құзырына қарағаннан кейін де тоқталған жоқ. Бұл кезеңдегі қайраткерлердің ішінде оқшау тұрған тұлға Абылай болды. Қазақ халқының соңғы рет басын құрап, жоңғар, қытай басқыншыларына тойтарыс берген кезеңнің шежіресі және сол тарихи дәуір оқиғасының басында тұрған Абылайдың билік кезеңі «Жанталастың» үшінші бөлімінде суреттеледі. Халық аузында көп айтылып келген Абылай хан есімі кеңестік кезең тарихында қайшылықты тұлға ретінде бағаланып ел санасынан шығарылды. Міне, осындай қытымыр саясаттың қырағы бақылауында тұрған хан Абылайдың тарихи тұлғасын сұңғыла сана, тұңғиық ойдың икемімен елдің есіне түсіріп, коммунистік көзқарас, партиялық саясат құрсауы қамаулап тұрған заманның өзінде халыққа танытқан І.Есенберлин болды.

Шапқыншылық емес, негізгі мақсат басқыншылықтан қорғану болып келетін дәуір бейнесі жасалған «Жанталас» романында Абылай әр қырынан суреттеледі, сан түрлі мінез, қасиетімен көрініс табады. Романның «Жанталас» аталуы да сондықтан. Романның бас кейіпкері – осы жанталас кезеңінде елге бас болған Абылай. Рас, кешегі коммунистік идеологияның ызғарынан қаймығып, «қырағы көзінен» сақтанған әдебиетшілер басты тұлға «халық» деп келді. Халық зердесін қайта қалпына келтіріп, ұрпақ санасын оятуға қызмет істеуге тиіс ұлы кітапты сақтап, қорғап қалудың бірден бір жолы еді бұлайша пайымдау.

Тыныштық пен тәуелсіздік үшін күрескен, қазақ халқын жоңғар басқыншыларынан азат етушілер қатарында есімі эпикалық биікке көтерілген ер тұлға тумысынан билікке шығу психологиясы бірге қалыптасқан, жеке басының абыройы мен мансабын қатар ойлаған жан ретінде Абылайдың пендешілік қасиеті қат-қабат өрілетін шығармадағы таным қуаты осындай.

Абылай табанды күрескерлігінің, айтқанынан қайтпайтын батырлығының және халық талайы таразыға түскенде сын сағатта ешкіммен де ымыраға келмейтін қатал, қатыгездігінің арқасында Қазақ елінің, жерінің бостандығын қорғап қалды. Әл үстінде ауырып жатқан, Абылай Бұқар жырауға айтқан: «…Менің кеңесіммен жүрер ұл-қыз болар ма екен? Сөйтсе де екі кеңесім бар.

Бірі – қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын. Бірлігі бар елді басқару жеңіл. Екінші айтарым, мен елу жылдан астам соғыс жүргіздім. Жетпіске келген жасымда, мейлі айла құрайын, әйтеуір шығыс жағымнан келген жауға, әсіресе, Қытайға қазақтың бір бөлшек жерін бергем жоқ», деген жолдардан көркем болжал арқылы өрілген жазушы түйіні мен тарихи таным сипатын көреміз. «…қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын» – деген Абылай сөзі мен «Алмас қылышта» суреттелетін: «Жалғанда не қиын, қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің қандай қажеті бар?.. – Шыңғыс тұқымының хан тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру-ру болып бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жоқ-жоқ бұл жұрт абайлап ұстамасаң қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара. Абайлап ұстаудың жалғыз жолы – біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз», – дейтін ХV ғасырдағы Әбілқайыр ойының екі бөтен бағыты арқылы-ақ билік қағидасының жеке тұлғалар болмысымен тамырласып жататын сан тарау психологиялық сәтін тануға болады. Өткен тарих бейне­сінен шығарма жазылған заман келбеті көрінеді, сабақтастық сараланады, ұқсастық ұғылады. Халық­ты басқарудың жеңіл жолы Әбілқайыр үшін «біріне-бірін бақтырып қойып» азып-тоздыру арқылы болса, Абылай діттеген өмір сабағы бойынша «азып-тозып кетпеу үшін ел бірлігін сақтау екен».

Қай-қай кезде де ел басында, мемлекет тұғырында жүрегіне ұлттық сезім ұялап, бойына ұлттық сана сіңген, ойын ұлттық патриотизм кернеген, жадында халық тарихы орын тепкен, бар күш-жігерін, парасат-білімін, ақыл-зердесін шын таза гуманистік идеямен көмкере біліп, өзі басында отырған мемлекеттің болашағы үшін, сол мемлекетті иленетін жер, суын ғасырлар бойы қан төгіп жүріп қорғап келген негізгі халықтың ұлттық тағдыры үшін арнайтын, шын күйінетін адам болмайынша зұлым саясат, сұрқия мінез, жеке бастың қамы үшін ғана күрес қайталана беретінін, жалғаса беретінін ескертіп тұрғандай.

Бүгінгі таңда өркениет те біртіндеп оң бағытқа қарай жылжып келе жатқан тәрізді. Алайда, арагідік саясаткерлер мен өкімет шенеуніктерінің кейбіреуінің моральдық-этикалық құлдырауы да кездесіп отырғаны шындық. Ұятсыздық пен шенқұмарлық – кейбір шенеуніктердің негізгі ауруы. Бұл оларды коррупцияға алып барып жатқаны және бұл құбылыстардың біздің өркениетіміздің елеулі тежеуші күш­терінің бірі болып отырғаны өтірік пе?! І.Есенберлин романы дәл осыны айтып отырғандай. Егер адамдардың адамгершілік санасы жетілмесе, қоғам өмірінің жалпы өркениеті тез ілгері баса қоймайтынын ескертіп тұрғандай. Мұндайда, егер әдебиет пен өнердің, басқа да қоғамдық ғылым­дардың, экономикалық-математикалық, техникалық, биологиялық, саяси және басқа білімдер адам санасын түзу және терең дамытатын болса, онда биік адамгершілік шындықтар өмірдің мәнін, оның жұмбақ сырларын және оның заңды механизмдерін аша отырып, адам санасын терең дамытатыны сөзсіз.

Заман-заманнан адам өркениетінің негізгі мәні олардың осы бір өмірді құратын шындықты түсінуге жақындай беру құлшынысынан тұрады.

Алмағайып заманның аласапыран айқасы, ел азаматтарының келер күндердің шуақты сәті үшін күресі, ақыл мен айланың алма-кезек ауысуы, жантүршігерлік жауыздық үлгілері мен махаббат оты маздаған аяулы тағдырлар, сайын дала төсінің сан ғасырлық тарихы баяндалатын І.Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазылған романдарының болмысы осындай. Тарих тылсымына жан бітіріп, көп ғасырлық ғұмыр әлемін санамен аралап, «қолымен жүріп» шыққан І.Есенберлин тұлғасы да алып мұхит үстіндегі мұзжарғыш кемедей алыстан мен мұндалайды.

Құныпия АЛПЫСБАЕВ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор.

2015 ж.

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: көшпенділер, роман
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар