Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Маңғыстау мақамдары...

08.08.2018 10787

Маңғыстау мақамдары

Маңғыстау мақамдары - adebiportal.kz

Ғалым Қ.Сыдиықұлы зерттеген халық ақындары немесе халық ақындары, әдеби шығармашылық орта турасындағы мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Маңғыстау!

Маңғаз да, сұлу өлке. Хазар (Каспий) теңізінің жағалауындағы қызыр қонған киелі жер. Әр топырағы, әр тасы «сөйлеп» тұрған тақуа тарих секілді көрінеді де тұрады. Бала күнімізде Зейнеш әжеміздің алдында отырып, радиодан бір әуен естіген едік, «е-еее-еее» деп басталатын жыр еді ол. Әжемнен сұрағанымда: «Құлыным, бұл «Маңғыстау мақамдары» деп түсінік берген-ді. Әдетте Жетісудың ән-жыры бөлек еді, сосын таңқалғанмын. Кейін өсе келе, Ұлы дала елінің әрбір атырабы, әрбір елдімекенінің өзінше бір мәдениеті, өзінше бір ғұрпы, өзінше бір қоңыр тірлігі бар екенін түсінгенмін. Екі мыңыншы жылдары «Аламан» айтыстың қызыған шағы-тұғын, сол кезде сөз додасына аруақ шақырып, қиқулап шығатын Мэлс Қосымбаевтың мақамына сүйсінуші ек. Сосын, сосын жыршы Елдос Емілдің де тұрақты тыңдарманына айналған едік. Бұл – Маңғыстау мақамының құдыреті еді ғой.

Маңғыстау мақамы дегенде, есіме бірден қайран да, қайран есіл ер – қазақтың аса көрнекті ғалымы, әдебиет тарихшысы Қабиболла Сыдиықұлы түседі. Қабекең 1934 жылдың перзенті. Келесі, яғни, 2019 жылы қазына-ғалымның туғанына 85 жыл болмақ. Мерейлі той алдында зерттеуші туралы көлемді эссе-толғам жазуды бастап ек. Бұның алдында жарияланған «Ақберен азамат» ғалымның өмір жолы мен қызметіне бағытталған сөз басы болса, бүгінгі сөз – ғалымның әдеби мұрасы, соның ішінде осы сөзіміздің әлқисасы болған – маңғыстау мақамдарына, дұрысы халық ақындары, әдеби шығармашылық орта турасында өрбиді.

***

Халық – жасампаз. Әр халықтың да өз тарихы мен мәдениеті, өз тарихының шежіресі, өз мәдениетінің асылы тәрізді көркем әдебиеті бар. Халық арасынан талай саңлақ жыраулар мен жыршылар, бармағынан өнер төгілген күйшілер шыққан. Талант – гүл, халық соның нәр алар топырағы. Қазақ – табиғатынан ақын халық. Көшпелі тұрмыс пен ауызекі дағды «аттың жалы, атаңның қомында» жүріп жырлайтын ақпа-төкпе – импровизаторлыққа дағдыландырған. Қазақ жерінен тау өзеніндей тасқын жырлы ақпа жыраулар, олардың сөзін таратушы жыршылар көп шыққан. Әр дәуірде де ақын, жыраулық, жыршылық өнерді дарынды ұрпақ өнеге тұтқан. Қазақ ауыз әдебиетінің ежелгі авторлары, әдеби мұраны ұрпақтан-ұрпаққа ұластырушылар – ақпа ақын, жыраулар мен жыршылар болған.

Кішігірім лирикалық, шешендік, сықақ мәнді өлеңдерден бастап, эпикалық поэмалар мен дастандарға дейін ақындар қолма-қол шығарып, сол жырлар мен өздері естіген әдеби мұраларды сан жылдар жадында сақтап, өңдеп, дамыта жырлап, осы өнегесін қанаттас ақын, жыршыларға жеткізіп отырған. Бұл – ақын, жыраулар мен жыршылар творчествосындағы репертуар алмасу немесе мұра мен мұрагерлік мәселесі. Белгілі бір әдеби ортаға байланысты дәстүр ұғымына бұлардан басқа, шындықты жырға айналдыру машығы, образ жасау тәсілі, өлең құрылысы, орындау шеберлігі, идеялық саз өнегесі де кіреді.

Өмір сырын мол сезініп, санаға жазған дала даналары халқын елдікке, ерлікке үндеген, қайғысына қабырғасы қайысып, қуанышына жүрек жарды жыр төккен. Мұндай озық дәстүр сипаттарын ақын жырының идеялық-көркемдік сапасынан нақты, әрі затты тануға болады. Халықтық, ілгерішіл дәстүрдің басты белгісі – шығарма қандай келмесін, айтушы қандай мәнермен айтпасын, - оның идеялық мәні мен өмірлік мазмұнында, шыншылдығы мен шынайылығында жатады. Сондықтан, біз ақын, жыраулар творчествосын қарастырғанда өз дәуірін шындықпен бейнелеп, ізгілік пен әділетті ту еткен, бұқара мүддесін жырлаған ақын, жыраулар мен жыршыларға ерекше назар аударамыз.

Қазақтың халық әдебиеті еретеден келе жатқан киелі өнер. Ал Қабиболла Сыдиықұлы болса, сол халық әдебиетін қалыптастырған халық ақындарының мұрасын жинап, қызғыштай қорыған, өшпес мұраға қайтадан өмір сыйлаған зерттеуші. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқан да Қабиболла Сыдиықұлы бірнеше диссертацияға жүк боларлық халық ақындарының мұраларын жинап, солар туралы алғашқы болып қалам тартқан. Яғни, ол зерттеген қазақтың ақындар аз емес деген сөз. Ал солардың ішінен халық ақындарын сүзіп алу үшін бізге ең әуелі халық ақындарының тұлғалық ерекшеліктерін ашып алуымыз керек. Өйткені, бір дипломдық жұмысқа Қабиболла Сыдиықұлы зерттеген барлық ақын, жырау, жыршыларды сидыра алмаймыз. Оның үстіне зерттеу тақырыьымзда осы халық ақындарына барып сайғалы тұр.

Біз Қабиболла Сыдиықұлы зерттеген халық ақындарына тоқталмас бұрын «Халық ақыны» деген атауды алатын ақындардың негізгі ерекшеліктеріне назар аударайық. Біз осы мәселені анықтағанда ғана Қабиболла Сыдиықұлы зерттеулеріндегі халық ақындарын толықтай аша аламыз. Қазақ әдебиетінің тарихын құрайтын негізгі аран халық ақындарының поэзиясы – бүгінгі уақытқа дейін қуатты ағынды өзендей, бүгінен асып болашаққа жететіндей ең өміршең нөсер екендігін байқатып отыр. Қазақ әдебиетінің тарихы – уақыт өткен сайын бұрынғы, соңғы мұралармен толығы түсетін халықтық қазына. Қазақ сөз өнері тарихында халық ақындары атауының танымдық тұрғыда қалыптасуының заңдылықтары бар. қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында авторлық тұлғалары қалыптасқан, жұртшылықтың ортасында танылған тұлғаларды «халық ақындары» атауымен қарастырудың ғылыми айналымдардағы қолданыстарда қалыптасқаны – табиғи заңдылық. Әдебиеттану ғылымының тарихында ақындық өнер иелерін «халықтық» сөзімен тіркестіріп айту ежелден келе жатқан дәстүр. Әбунәсір әл-Фараби «мазмұнына қарай ғылыми тұжырымдау, шама-шарқынша тап басып айту, поэзияны талдаушының, әр түрлі халық поэзиясымен, оның әр түрлі мектебін білетіндердің характеріне кіреді», (Әбунәсір әл-Фараби. Трактат және өлеңдер. – Алматы; Жазушы, 1974) -деген сөздерді келтіреді. Ал қазақ әдебиетін зерттеуші Халел Досмұхамедұыл «ХІХ ғасырдағы халық ақындары мен билерінің көбіне жуығының аты-жөндері белгілі, әйтседе олардың туындыларының көпшілігі ұмытылған не авторы белгісіз. Бұқаралық, халықтық шығармаларының қатарына қосыоған. Соңғы екі ғасыр көлемінде өмір сүріп, ады-көпті есімдері ел есінде қалғандары: Қалнияз, Абыл, Нұрым, Қадырбай, Мұрат, Матай, Қуан, Өтебай, Байтөк, Марабай, Иманбай, Бабас, Жылқышы, Абат, Жылқыайыр, Қозыбек, Жұмырбек, Қашқынбай, Базар, Есенбек, Жиенқұл, Ораз, Шернияз, Жаскелең, Жанақ, Нысанбай, Нарманбет, Ешнияз, Жамбыл, Бақтыбай, Әбубәкір, Біржан сал, Ақан сері, Жүсіпбек, Орынбай, Ақмолла, Қабан, Күдері, Бөлтірік, Нұржан, Тоқжан, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Шөже, Садық, Оңғар, Шораяқтың Омары» (Әзи Е. Ақындар шығармашылығындағы исламтану мәселелері// Ақиқат; №9, 2012.). Зерттеушы осы тұстас қамтылған есімдер шоғырын «халық ақындары» атты шығармашылық тұлғалар атауымен бағалайды. Ал академик Серік Қирабаев қазақ әдебиеті дамуының кезеңдерін әдеби процестің күрделі жолы тұрғысында айта отырып, ақындарды мынадай әдеби мектептерге саралайды: «қазақ ідебиеті барлық кезеңдерде де әр түрлі стильдегі, түрліше арнадағы талантқа байлылығымен еркшеленеді. Онда күрес поэзиясы, айтыс ақындарының мектебі, әнші-ақындар тобы, сонымен қатар батырлық эпостарды жырлайтын үлкен жыршы-жыраулар еңбек еткен. Бүгінгі біздің ұлттық рухани байлығымызды құрайиын әдебмет үлгілері осылардан тұрады». Профессор Б.Кенжебаев жыршы, жырау, ақын атты сөздердің біртұтас түсінілуін, бұл қасиеттердің барлығының да ақынның халықтық келбетін құрайтын сапалық ерекшеліктер жағдайында болатынын бағалайды: «біздің байқауымызша ақындар өлең-жырды түрлі кезеңде түрлі мақсатпен шығарып, түрлі орынға, түрлі мақсатқа пайдаланған. Соған қарай халық оларды әр кезде жырау деп, жыршы деп, ақын деп әр түрлі атаған. Мысалы, ертеде қазақ хандығы тұсында ақындар жырды ханға халықтың хал-жайын, мұңын, тілегін айту үшін қолданған. Ақын халықтың тілі идеологиясы болған. Ол кезде халық ақынды жырау деп атаған». Демек, халық ақындары кейбір кезеңдерде жыршы, жырау атауымен аталсада, бәрібір шығармашылық поэзиялық, туынгерлік қабылет дарыны жетекші қызымет атқаратын болғандықтан оларды халық ақыны бейнесінің биік тұғырында тұрады. Професор Е.Ысмайлов «халық ортасында тұрып, өлең-жырларын халық арасында ауызша шығарып, түрлі орынға, түрлі мақсатқа пайдаланған ақындарды халық ақындары дейміз» (Исмайлов Ы. Ақындар. – Алматы; МКӘБ, 1954.), - деп олардың шығармашылығндағы өнер тұтастығын атап көрсетеді. Халық ақыны атауның ұлттық сөз өнері мұраларын жинаушылардың аса таңдаулы өкілдеріне берілетін қалың жұртшылықтың көзқарастары жүйесінде қалыптасатына көз жеткіземіз. Бұл – сөз өнері ғылымын зерттеудегі жаңаша көзқарасқа арқау болатын мәселе. Ақын халықтың бағасымен ғана кең танылады. Ақының әлеуметтік ортадағы мінез-құлқының шығармашылығының көркемдік сипатына қарай бағалануы – өмір шындығы. Бұл орайда ақын-зерттеуші Мұзафар Әлімбаев қазақ тіліндегі ақын атауының 200-ден астам анықтауышпен қосарлана алатынын жинақтаған. Қаламген аузыша және жазба ақындық өнер иелерінің жұрттық ортасында әр алуан бағалаумен аталатындығын саралай келе «халық ақыны» атағының танымдық-әлеуметтік анықтамасын береді: «халықтың тірлік тынысының, туған халқының барлық ішкі-сыртқы жан сезімін, ұлттық бітім сипатын, тіл байлығын, арман-аңсарын творчествода мөлдір, таза әрі толық бейнелегендерді халық ақыны дейді».

Ақындардың қоғамдық-тұрмыстық ортадағы жақсылық пен жамандық атаулының қарама-қайшылықты құбылыстарын халықтың арманына, мұратына сәйкестендіре жырлау арқылы адамгершілік, гуманизм рухындағы мақсаттар жүзеге асырылады. Академик Зейнолла Қабдолов әдеби шығарманның терең мазмұнындағы халықтық мәселенің автордың тақырыбын, мақсатын, көркемдік шешімін, кейіпкердің мінезін, дүниетанымын, іс-әрекетін, тілін, стилін, бағытын, эстетикалыұ иеяларын толық қамтитынын айта келіп: «халықтық – ақындық қайнары, сөз өнерінің тамыр тартар топырағы» екенін көрсетеді. «Сондықтанда олар халықтың ұшан-теңіз бай тілін, рухани өмірі мен қазынасын, тұрмыс-тіршілігін жан-жақты білумен қатар, осыларды ақын-ой елегімен шебер екшеп алатындай көркемдік қабылеті мен эстетикалық талғамы болу қажет. Олардың ақындық тәжирбесінде әріден келе жатқан дәстүрлі өрнектер, символдық бейнелер, мифологиялық образдар мол қолданылады». Міне осындай ғалымдардың бұл мәселеге байланысты пікірлерін саралай келе «халық ақындары деген әлеуметтік және шығармагерлік ұғымдық атауды біз осылайша авторлығы елдің жанында сақталған, белгілі ақындардың бәріне де қолдану туралы жаңаша бағалауды ұсынамыз».

Ел-жұртымен бірге өмір сүріп, олардың басына түскен ауыртпашылықтарға ортақтасып, қайғы-қасіреттерін мұңды-сазды әуендерімен зарлана-шерлене толғап жыраулар өтті. Көңілді, нұрлы кезеңдерін шалқыта, шабыттана толғап, ойнақы, ойлы термелермен төгілте, төндіре айтып, тыңдаушыларын қызыққа бөлеп, қуанта білді. Кейде салмақты, салқын сарынмен тамаша ақыл-нақыл сөздер термелеп, үлгі-өнегелер ұсынды. Қасарысқан қан құмар жауласқан жауына қарсы халық алмастай өткір тілді ерлік жырларын сайысқа салды. Халық ерлігін, ел бірлігін, ең қымбат адамгершілік қасиеттерді келешек жас қауымға табыс етті. Осылайша жыраулар поэзиясы өзіне жүктелген замана салмағын қайыспай көтеріп, көкейкесті өмір мәселелерін суреттеп өтті. Жыраулар – сөз өнерінің ілкі авторлары, ақындыққа жол ашқан асыл сөз шеберлері, халықтық шешендікпен ұштасқан ойлы-сырлы толғау, арнау, термелер мен эпостық жырлардың бастау бұлақтары. Ал, ақындар – жыраулар поэзиясының нағыз мұрагерлері.

Ақындар – жыраулардың көркемсөз үлгілерін, поэтикалық тіл түрлерін, образ, сурет құралдарын түгел дерлік меңгеріп, өз туындыларына негіз етті. Заман жайын, ел тағдырын, ерлік, бірлік мәселелерін толғаулар арқылы таратты. Халыққа, жеке тұлғаларға, өмір, табиғат құбылыстарына жалынды әңгімелер айтты. Жақсылыққа, береке-бірлікке үндеп, адамгершілік ақылдарын берді. Адалдық, парасаттылық, ар-ұятқа, намысқа тиер өжет те өткір сөздерін термеледі. Озбырлық атаулыға соққы болар қаһарлы сөз өрнектеп, әр түрлі жымысқы, жат мінез-құлықтарды әшкереледі. Қоғам, өмір мәселелеріне сын көзбен қарап, оның бойындағы қайшылықтарды тапжылтпай танытты.

Демек, халық ақындары атауы әдебиеттің халықтығы ұғымымен мәңгі-бақи тығыз бірлікте қарастырылады. Халық ақыны – көп ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиеті кезеңдеріндегі көрнекті тұлғалардың барлығына да қатысы бар атақ. Халық ақыны – жұртшылықтың өзі берген атақ. Яғни мейлі жырау-жыршылар болсын, мейлі ақын-әншілер болсын барлығыда жырының мақсаты, мазмұны халық тағдырымен, арманымен үндесіп, солардан нәр алып жатса, олар – халық ақыны болмақ. Ендеше біз «халық ақын» ұығымын нақтылап алдық. Енді сол ақындарды Қабиболла Сыдиықұлының зерттеулерінен іздесек.

Қабиболла Сыдиықұлы өзінің «Ақын-жыраулар», «Сарқылмас қазына», «Халқымен қайта табысқандар», «Көркемдік өрнегі» атты монография, зерттеу еңбектерінде Абыл, Қалнияз, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Бала Ораз, Мұрын, Әбубәкір Мұрат сияқты көптеген жыраулық дәстүрдегі халық ақындарының өмірі мен шығармашылығына тоқталып, жан-жақты зерттейді. Егер зер сала қарасақ бұл жыраулық дәстүрдегі халық ақындардың бір ерекшелігі бәрі де батыс жыраулық мектебінің өкілдері болып табылады. Сондықтан бұл ақындардың өмірі мен шығармашылығына тоқталмас бұрын ақындық орта, жалғасқан дәстүр және батыс жыраулық мектебіне біраз тоқтала кетейік.

Ақын, жыраулар мен әнші, жыршылар дәстүрі белгілі бір әдеби ортада қалыптасып, дамиды. Қазақ жерінің әр аймағында да көрнекті ақын, жыраулар бастаған дәстүрлі әдеби орта болған. Жетісу аймағындағы Сүйінбай бастаған импровизатор ақындар тобы; Семей алқабындағы Абай өнегесімен өрбіген жазба әдебиет дәстүрі; Арқадағы Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, т.б. арқылы танылатын әншілік салт; Сыр бойының прогресшіл Шығыс үлгісіндегі ақындар ортасы; Қазақстанның батыс өлкесіндегі Асан, Сыпыралардан тараған ақындық, жыраулық, жыршылық дәстүр – бұлардың бәрі телегей теңіздей халық әдебиетіне құятын арнаулы әдеби бастаулар.

Аталған жыршылық мектептерді бір-бірінен ажырататын ерекшеліктерімен қатар барлығына ортақ қасиеттердің де аз емес екенін айта кеткен жөн. Бұл, біріншіден, жыр айту дәстүрінің ежелгі тамыры бір екендігін көрсетсе, екіншіден, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі көшпенділік өмір салтынан өнер иелерінің араласуының арқасында бір-біріне әсер еткендігін, сол арқылы өнер қауымын кеңейткендігін аңғартады. Бұл екінші себеп салдарынан қазақ жырау, жыршылары, тіпті республиканы былай қойып, көршілес қырғыз, қарақалпақ, өзбек жыр айтушыларымен араласып, олардан жыр үйреніп қана қоймай, оларға өзінің озық жыр айту дәстүрін де үйреткен.

Жыр үйрену және үйрету процесі – қиын да қызықты, белгілі қалыптасқан дәстүрге сай іске асатын құбылыс. Әр халықта өзіндік ерекшелігі бар бұл әдіс қазақ жырау, жыршылары қалайша жүзеге асырған дегенге қолда бар материалдар тұрғысынан қарағанда байқайтынымыз, шәкірттің ұстаз қасына өз еркімен еркін жүріп жыр үйренгені басты әдіс болған. «Эпос айту дәстүрін сөз еткенде айта кететін тағы бір мәселе, бұл жыр айту дәстүрінің еліміздің әр аймағында әр түрлі даму дәрежеде болғандығы. Бұның себебін фольклорист ғалымдар эпикалық дәстүр туып, қалыптаса бастаған кездегі аймақтық әлеуметтік тарихи жағдаймен, жыраулық, жыршылық өнердің даму дәрежесі, белгілі бір жыршылардың болуымен түсіндіреді».

Қазақ халқының эпикалық жыр айту дәстүрі және оны тудырған, қалыптастырған жыраулық, жыршылық орта туралы сөз еткенде ауызға алдымен Батыс Қазақстан жыр айту дәстүрі ілінеді. Бұл аймақ негізінен ноғайлы дәуір кезеңінің эпикалық жырларын айтуымен ерекшеленеді.

Ал таралу аймағына қарасақ, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары мен Қарақалпақ Республикасы және Өзбекстан Республикасының қазақтар тұратын аудандарын біріктіреді. Алып шынар секілді тамырын тереңге салған жыр айту мектебінің аты бізге жеткен алғашқы өкілдері «қазақ-ноғай ұлысының философы» атанған Асанқайғы, (Хасан Сәбитұлы XIV ғ.), Сыпыра (XIII ғ.) болған. Бұдан байқайтынымыз Батыс Қазақстан жыр айту үлгісі эпикалық дәстүрді қалыптастыру кезеңінде репертуар тұтастығымен қатар жыр айту мақамдарын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлген. Сондықтан да бүгінгі күні жыр айту мектептерін, мақам ерекшелігін де ажыратуға болады. Қазақстанның батыс аймағы – көптеген батырлар жырының, әсіресе «Қырымның қырық батыры» сияқты халқымыздың қымбатты поэзиялық мұрасы кемелденген, ауыз әдебиетінің ірі өкілдері шыққан орта. Сүйінбай, Шөже, Шернияз, Абыл, Жанақ, Түбек сияқты асқан жүйрік импровизатор ақындардың; Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Естай, Шашубай сияқты әнші ақындардың; Марабай, Мұрын, Нұрпейіс сияқты атақты эпик жыраулардың творчестволық дәстүрлері өз заманындағыақын, жыршыларды үнемі қызықтырып отырған». Сөз жоқ, Қазақстанның батыс аймағында өткен ақын, жыраулардың ішінде Абыл мен Махамбет, Шернияз бен Ақтан, Нұрым мен Сүгір (Мырзалыұлы), Қашаған мен Жаскілең, Нұрпейіс пен Мұрын, Ығылман мен Аралбайдың ақындық, жыраулық, жыршылық таланты өзгелерге үлгі болған. Нұрым мен Ақтан, Қашаған мен Мұрынның желілі жырлар толғау өнегесі; Махамбет пен Абыл, Шернияз бен Ығылманның бұқара мұңын жырлап, хан, сұлтанға өткір сөздерімен оқ атып, жалын шашқан ереуілді, жауынгерлік жырларының үлгісі бұл аймақта уытты сатирасымен көрінген Бақтыбай; әнші-ақындығымен танылған Аухат пен Хиса; айтыста аты шыққан Жаскілең мен Бала Ораз, Жібек пен Білек қыз сияқты ақындардың қай-қайсысына да айқын өнеге болады. Әрідегі жыраулар, олардан беріректегі Абыл мен Нұрым, Ақтан мен Қашаған, Нұрпейіс пен Мұрын сияқты үлкен таланттар «Қырымның қырық батыры» сияқты желілі жырларды тудырса, сондай-ақ мұндай көлемді шығармалар ұзақ жырлауға төселген жүйрік жырауларды шығарған.

«Қырық батырды» жырлаған ақындардан байқалатын сыр – олардың өздері де ерлік жырлар рухымен дастандар толғаған. Мұны Махамбет пен Абыл, Нұрым мен Ақтан, Қашаған мен Ығылман, Гұрпейіс пен Сәттіғұл творчествосынан айқын көреміз. Бұл жайлардың бәрі Қазақстанның батыс аймағында Жиен, Сыпыра, олардың мұрагерлері Махамбет, Абылдардан бастап күні бүгінге дейін желісі үзілмей келе жатқан ақындық, жыраулық, жыршылық дәстүр бар екендігін көрсетеді.

Айта кету керек, осөңірдегі, яғни, батыс жыраулық-жыршылық мектебіндегі дәстүрлі орта, жырлау стиліне де Қабиболла Сыдиықұлы арнаулы тоқталып, жеті түрлі ортаға бөледі. «Қазақстанның басқа аймақтарына қарағанда бұл өлкеде батырлық жырлардың мол екендігі, оларды айтатын дәстүрлі ақын, жыршылар ортасы болғандығы хақында С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, М.Ғабдуллин, Р.Бердібаев, С.Садырбаев сияқты әдебиетші ғалымдар құнарлы пікірлер айтқан.

Қазақстанның батыс өңіріндегі ақындық, жыраулық орта сырттай қарағанда шағын бір жырау, жыршылар тобы сияқты көрінуі мүмкім. Әлбетте, олай емес. Бұл орта бейнебір айдын теңіздей елестейді. Оған құятын бастау, бұлақтар мүлде көп болған.

Сол бастаулардың бірі – Маңғыстау, Қарақалпақ, Хорезм аймағындағы Абыл бастаған Нұрым, Қашаған, Қалнияз, Қарасай, Қалым, Өгізбай, Мәулімберді, Бегім сияқты ақын-жыраулар ортасы.

Екінші – Әлім, Үкі жыраудан басталып, Бекберген – Жаскелең – Бақы – Терлікбай – Бітеген – Ділмағанбет – Макует – арқылы Нұрпейіске ұласқан ақындар ортасы.

Жаскелең – Нұрым, Қалнияздың замандасы реті келгенде олар бір-бірімен айтысқада түскен.

Мұрын жырау Жаскелеңді Жем өзенінің әр басындағы Қазыбек, Қаныарал деген жерде көрдім, бірге болдым дейді. Әрине, бұл кездесуде ғана емес, Мұрынның ұстаздары Нұрым, Қалнияз, Қарасай, Ақтандар да, Мұрынның өзі де Үкі ұрпақтарымен қоныстас, аралас-құралас жүрген. Нұрпейіс пен Мұрынға «Қырық батыр» құрамындағы бірқатар жырлар жырау, жыршылардың осы легі арқылы да жеткен.

Үшінші – Марабай бастаған Жетірудың жеті ақыны. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Н.И.Ильминскийге «Ер Тарғын» жырын жаздыртатын атақты Марабай. 1906 жылы Орынбор архив комиссиясына шақырып жырлар жазып алып, орындау шеберлігін таңдай қақтырып жазатын Қазақбай, Көшелек жыраулар және Бала Оразбен айтысатын атақты ақын Жібек қыз, Сабыр жырау, Ізім шайыр т.б.

Төртінші – Орал өңіріндегі Жиембет жыраудан тараған ақындар ортасы: Сүгір жырау, Қубала, Табия, Нұрыммен айтысатын төрт ақын т.б.

Бесіншісі – Алаша Байток, Қайырлы жырау айналасындағы Қожантай, Жұмырбай, Қарабура, Досжан, Сартай ақын, т.б.

Алтыншы – Исатай-Махамбет көтерілісі оқиғасы мен Махамбет өлеңдерін жатқа білген Қуан жырау, оның шәкірттері – Мұрат, Кішкене, Қобыланды, олардың мұрагері – Ығылман.

Жетінші – Есенбек дәстүріндегі Құлманбет, Қоспақ, Бала Ораз, Қашқынбай ақындар ортасы.

Біз атаған бастау-бұлақтардай әдеби ортаның бәрі Атырау аймағында Абыл, Махамбет, Есенбек, Үкі сияқты ірі ақындар бастаған дәстүрлі жыраулық, ақындық, жыршылық ортаны құрайды. Бұл орта өзге іргелес ақындық ортамен үнемі қатынас, байланыс жасап отырады», - деп ғалым шығармашылық орталар туралы құнды пікірін айтады.

Қабиболла Сыдиықов Атырау өңірінің нағыз ақпа-төкпе ақындары Абыл, Қашаған, Ақтан, Қалнияз, Нұрым, Шынияз, Сүгір, Қашқынбай, Аралбай, Сәттіғұл сынды сурып салма ақындардың өмірі мен шығармашылығын алғашқы болып зерттеп, жинақтаған, жарыққа шығарған зерттеуші – Қабиболла Сидықұлы. Ол өзінің «Ақберен» (1972), «Ақын-жыршылар» атты еңбектерінде жоғарыда аты аталған батыс жыршылық мектебінің біртума жыр жүйріктеріне арнаулы тоқталып, солардың шығармашылығын халық арасынан жинап, текстологиялық жағынан өңдеулер жасап халыққа жариялады. Осыған дейінгі еңбектерде жоғарыда аты аталған ақын-жыраулар өмірі мен шығармашылығы туралы бірен-саран шолулар ғана болмаса, іс жүзінде нақты деректер аз, арнаулы зерттеулер жоқтың қасы еді. Дәл осы жағдайлар Қ. Сидиықұлының назарынан тыс қалмады. Болашақ жүгі ауыр осындай ізденіске өз перзенттік парызы мен азаматтық борышы тұрғысынан келгенде де, бойында арқалаған өнер алқымынан алған шығармашылық сәтте де артқа шегінген жоқ. Мұндай ауыр да, машахаты көп зерттеуге жол тарту М. Әуезовше айтсақ, «көшіп кеткен ауылдың жұртында қалған шоқты үрлеп жағып маздатқанмен» пара-пар. Оның үстіне зерттеушіні өзінің туған ортасы, яғни ақын-жыраулардың жыр нөсерін төккен, халық жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған, ешқандай да бір ғылымның дәлелдеуінсіз мойындалатын ұлттық дәстүр – киелі жыр дәстүрі магниттей өзіне тартқан да болар, жіпсіз-ақ.

Осындай шығармашылық үрдіс кезінде зерттеушінің назарына іліккен ең бірінші ақын-жыраулар тобы – Абыл, Шынияз, Сүгір, Қашқынбай, Нұрым. Ол 1974 жылы жарыққа шыққан еңбегінің мазмұнында аталған ақын-жыршыларды «Жыр арқауы – халық мұраты» деген бөлімге біріктіреді. Оған себеп, олардың қазақтың ақын, жыраулық дәстүрін берік ұстанғандығында, өмір сүрген кезеңінің тұстастығында, жырлаған тақырыпарының ұқсастығында байланысты бола керек.

Қабиболла Сыдиықұлы өзінің ғұмырын Маңғыстау жырау-ақындарының поэзиясын, өнерпаздарының мұрасын, сонымен қатар қолөнер бұйымдарын жинау, зертту, жариялау жұмыстарына арнады. Ғалым өзі елді аралап ақын-жыраулар өлеңдерін жинаумен қатар, түрлі экспедицияларға басшылық етіп Өзбекстан, Қарақалпақ, Тәжікстан, Қырғыстан жеріне дейін барын жан-жақты жинастыру жұмыстарын жүргізді. Соның арқасында әдебиетіміздің тарих беттеріне Шалгез, Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Шернияз, Шынияз, Қалнияз, Аралбай, Сүгір, Қашқынбай, Әбубәкір сынды көптеген ақын-жырауларымыз жаңа деректермен қайтып оралды. Сонымен қатар Қабиболла Сыдиықұлы республика көлемінде осы ақындардың 100, 150, 170, 190 жылдық мерейтойларын өткізуге ат салысты. Және өзі бас бола отырып экспедиция кезінде жиналған материялдарды жан-жақты зерттеп, саралап жыраулардың жыр жинақтарын шығарды. Өзі бірінші болып осы ақындардың өмірбаяндары мен шығармашылығын зерттеп арнаулы монография, зерттеу еңбектерін шығарды. Бұрыннан архивте сақталған материялдарды ақтарып, арнаулы ғылыми жұмыстар жүргізі. Яғни, қазіргі таңда осы ақындар туралы қай ғалым сөз қозғаса да Қабиболла Сыдиықұылының еңбектерінен айналып өте алмайды.

Жарқын Әлі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар