Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Иосиф Бродский. Джон Донды ойлап жабығу

09.08.2018 526

Иосиф Бродский. Джон Донды ойлап жабығу

Иосиф Бродский – кезінде кеңес үкіметі өгейсіткен, коммунистік идеологияның дегеніне көнбеген бірегей тұлға. Әлем әдебиетін бір адамдай танып, түйсінген, жетесі жетіп талдаған білгірлердің бірі. Ақындығын, аудармашылығын, драматургиясын былай қойғанда, оның әдебиет саласында ағылшын тілінде жазған эсселері әлем жұртшылығының назарын аударды, ақын сол үшін әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына ие болды. Бродскиийдің ағылшынның белгілі уағызшы, діндар ақыны Джон Донн туралы поэмасы адам ойын арбап, өзіне баурап алады. Төменде жарияланып отырған «Джон Доннды ойлап жабығу» (Элегия Джону Донну) мен «Натюрморт» ақынның ең мықты шығармаларының бірінен саналады.

ДЖОН ДОНДЫ ОЙЛАП ЖАБЫҒУ

Джон Донн кетті ұйқыға, ұйқыда бәрі маңайдың:

үстел, кілем, тиектер – көз ілмеген талай күн.

Қабырға, еден, төсек те, картина да қалғыды,

Ұйықтап қалды бәрі де: итке дейін қарғылы.

Бәрі ұйықтады. Бөтелке, стақан да, бесік те,

Киімдер де, шкаф та, терезе де, есік те.

Хрусталь да, фарфор да, кебеже де, гитар да,

Баспалдақ та, басқа да – бәрін, бәрін ұйқы алды.

Бәрінде ұйқы: бұрышта, киімде де, көзде де,

Қағаз толы үстелде, дайындалған сөзде де,

Шімшуірде, күлде де, сөнген пеште, отында,

Жауабында, жазғанның жазылмаған хатында.

Айна артында, көлеңке, кереуеттің астында,

Сыпырғышта сүйеулі, шылапшында бос тұрған,

Бәтеңкеде, етікте, қамзол, шәркей, шұлықта,

Бәрі, бәрі ұйқыда, бәрі қалған ұйықтап.

Бәрі ұйқыда. Терезе. Қонған оған қар-дағы.

Қоңырайған көрші үйдің бар малы мен бар жаны,

Бүкіл көше ұйқыда қалың қардың астында,

Терезесін түнемел жауып алған тас қымтап.

Арықтар да, сайлар да, жыралар да ұйқыда,

Ұйқыдағы гүлдер де жатқан сынды күй тыңдап.

Әшекейлер, алқалар алтындатқан, күмістеп...

Жарық та жоқ жылт еткен, сықырлаған дыбыс жоқ.

Есіктер мен тұтқалар, тиектер мен құлыптар...

Құлыптардың кілттері... қалған бәрі ұйықтап.

Сыбырлаған, сырт еткен естілмейді бір дыбыс,

Сықырлайды қар ғана. Бәрі жым-жырт, тым-тырыс.

Түрмелер де қалғыды, сарайлар да. Қостағы

таразы да, серейген ұшасы да шошқаның.

Құлақтары қылтиып мысықтар да сенекте

ұйықтап жатыр, үй, албар, шынжырлаулы төбет те.

Бар мақұлық, бар адам, теңіз толы су-дағы

аспанменен астасып, қалғып кеткен буланып.

Кемелер де ұйқыда, көрінбейді күрең күн,

Қала қатты ұйқыда, қатты ұйқыда Лондон.

Джон Донн батты ұйқыға. Теңіз бірге көз ілді.

Жағалау да сор басқан тауысқандай төзімді.

Арал түгел ұйқыда, құшағында ұйқының,

Бақтың бәрі тиегін салып алған қитығып.

Үйеңкі мен қарағай, қайың, шырша, самырсын,

Тау беткейі, тау жолы, бұлақ біткен – бәрі үнсіз.

Қасқыр, түлкі, аю да ұйқтап жатыр бұйығып,

Індерінің аузында қармен қымтап иығын.

Құстар-дағы ұйқыда. Сайрамайды ешбірі.

Маңай жым-жырт, құлаққа тұрған жоқ түк естіліп:

қарғалардың қарқылы, үкілердің күлкісі.

Ұйықтап жатыр тышқан да бір бұрышта бүк түсіп.

Бәрі ұйқыда. Мәйіттер тыныс тауып көрінде,

Ал тірілер айқасып, жатыр ұйықтап төрінде.

Бәрі ұйқыда. Өзендер, таулар, құстар, орман да,

өлі, тірі табиғат, қыбырлаған аңдар да.

Түнгі аспаннан тек қана қалықтайды қар аппақ,

Ол да ұйқылы көзімен қонып жатыр балаққа.

Періштелер ұйқыда. Әулиелер ұятты

дүниені мазасыз тіпті ұмытқан сияқты.

Геенна ұйқыда. Ұйқыда жан рақаты жұмақ та.

Ешкім қазір үйінен шыға алмайды бір аттап.

Аспан да өгей, жер де жат. Тәңірінің өзі де

естімейді, ілмейді ештеңені көзіне.

Дұшпандық та ұйқыда. Әзәзіл де, пері де

әлдекімге кезігіп, ұшыраған кәріне.

Салт аттылар ұйқыда. Трубасын құшақтап,

Қалғып кеткен Архангел. Айналада қыс аппақ.

Шіркеуінде Павелдің, иін тіресіп бүйірде,

Херувимдер мызғуда құшақтасқан күйінде.

Джон Донн кетті ұйқыға. Өлеңдер де қалғыды.

Әлді, әлсіз ұйқастар, образдар – барлығы.

Індеттер мен күнәлар, іш кернеген құса, мұң

Жатыр іште булығып, үзе алмай тұр тұсауын.

Ағайынын әр өлең ынтымаққа шақырып,

Сыбырлайды ығыс деп бір-біріне ақырын.

Сонша таза, сонша адал, сонша тату болса да,

Қақпасына пейіштің жетпей-ақ тұр сәл шама.

Шумақтар шырт ұйқыда. Тармақтар да. Ал мұнда

Ямбылар сап түзеп, хорейлер де қалғуда.

Бәле біткен ұйқыда. Ізгілік те көз ілген.

Құшақтасып алыпты зұлымдықтың өзімен.

Қалықтаған аспаннан қар ұшқыны қона қап,

Кеңістіктен әлдебір іздегендей қара дақ.

Бәрі ұйқыда. Жуырда оянбасын сезе ме,

Желімденген кірпігін көтереді сөз әрең.

Бәрі ұйқыда: зіл сөз де, шешен сөз де, шын сөз де.

Бәрі ұйқыда: көсем сөз, арзан сөз де, пұл сөз де.

Жаратқанды, әулие, жәдігөйді, жарлыны

Ұйқы басты құлдарын, балаларын – барлығын.

Қамауында қапастың, қараңғыда қармана,

Қыбыр еткен дыбыс жоқ. Сусылдайды қар ғана.

Естимісің, жә тоқта! Қыс құрсауын бұза алмай,

Суық, сызды қапаста үміт жібін үзе алмай,

Өксіп жылап әлдекім, күбірлейді үреймен,

Қараңғыда қарманып, құтыла алмай дүлейден.

Дауысы қандай тым нәзік! Жасуындай иненің.

Тек жібі жоқ... Ал өзі жалғыз кезіп дүниені

Айнала түн. Қар кешіп, таңды таңға ұрады.

Байғұс тоңды-ау, хал нешік? Қайда екен тұрағы?

«Өксіген кім, япыр-ау? Сен емес пе, періштем,

Мейрімімді сағынып, аңсадың ба мені іштей,

Шыққандай ма жан даусың қыстың көзі қырауда?

Айтшы маған, не себеп көздің жасын бұлауға?»

Үн жоқ. Мүлдем жауап жоқ. «Херувимдер, кім онда?..

Жол таба алмай зарығып мына түнек-тұманда

көз жастарың көл болып, басыңа бұлт төнгенде

мына ұйқылы сарайдан безіп, қашқан сендер ме?»

Тағы да үн жоқ. «Түнекте салбыратып басыңды,

Сен емес пе, Павел, бұл сығып отқан жасыңды?

Көкірегіңді кернеген зәрлі, зілді сөздерден

дауысың да қарлығып, қатқылданып өзгерген

сияқты ма?» – Жауап жоқ. «Түнегінде тұманның

көрдей қылып көзіңді көлегейлеп тұрған кім?

Сен емес пе, Тәңірім? Шын күнәһар болсам да,

Тым зарлы екен бұл дауыс, кімдікі екен ал сонда?»

«Керней тартқан сен бе бұл, о Гавриил? Іргеңде –

айтшы ендеше – осынша шабаланып үрген не?»

Сол ғана еді оянып, кірпігімді қаққаным,

Жатыр екен жігіттер ерттеп мініп аттарын.

Бәрі ұйқыда. Түнектен құтылар жол табылмай,

Ал тазылар аспанда зымырайды табындай.

Сен емес пе, Гавриил, қараңғыда боздаған,

Кернейіңе қосылып, құзырымды қозғаған?»

«Жоқ, Джон Донн, бұл менмін, сенің шыбын жаныңмын.

Көк жүзінен телміріп, қайғы жұтып, сағындым:

еңсені езген зілмауыр ойларымды, мұңымды,

соның бәрі ақ адал еңбегіммен ғұмырлы.

Осы жүкті арқалап, бәлкім, содан күш алдың,

Нәпсі менен күнәдан аттап, алыс ұша алдың.

Құс боп ұшып әлемді араладың, алқындың,

Көрдің көктен барлығын, мұң-мұқтажын халқыңның.

Барлық суды, қиырды тура келді көруге,

Тамұқты іштей түйсініп, көрдің кейін өңіңде.

Жұмақты да көрдің сен, сүйін мейлі, сүйінбе,

құмарлықтың шектен тыс шерлі, мұңды күйінде.

Көзің жетті: бұл өмір – арал екен сен үшін,

Мұхитқа да кезігіп, ұғындың сен оны шын:

жан-жағыңның бәрі көр, жылау, жоқтау. Басыңа іс

түскендей бір ізіңше кері қайттың асығыс.

Бірақ бұл жүк сені алыс жібермейді, ғаламнан

мұнаралар көк тіреп, өзендерге оранған.

Түпсіз көктен көз салсаң көз сүрінер төменге,

тамұқ соты түк те емес, дозақ оты деген де.

Табиғат та ол жақта тапжылмайды қалпынан,

Барлығы да бір ауыр түс көргендей қалғыған.

Тәңірі де ол жақта шеткі үйдегі бөлмеден

Талмаусырап көрінген болмашы бір сәуледей.

Алқап та тың ол елде. Жүз жыл, мың жыл күт мейлі,

Жылдар бойы жыртпайды, тіпті мүлдем түртпейді.

Айналаның сыңсыған бәрі де орман, ал мұнда

тамшы ойнайды секіріп көкорай кең шалғында.

Сол алғашқы отыншы, ну орманда адасып,

ыңыршағы айналған арық атқа жаны ашып,

қорыққаннан шығып ап қарағайдың басына,

жан-жағына қарайды, олжа деген осы да:

кенет сонау қиырда, алқабында өзінің

жанған отты көреді қиығымен көзінің.

Бәрі сонда, қиырда. Түсініксіз бұл өлке.

Мұнда сондай жап-жарық. Шыға ма екен күн ерте?

Көзбен шолып, көріп тұр төбелерін үйлердің,

Естілмейді қоңырау, төбеттер де үрмейді.

Бәрі алыста қалғанын оған біреу ұқтырды.

Ну орманды бетке алып, ол ат басын кілт бұрды.

Сол-ақ екен... жануар, өзі, божы, түн, шана...

Аңыз ұйқы әп-сәтте алды бәрін тұмшалап.

Енді міне, жылаймын, көздің жасын бұлаймын,

Тілсіз тасқа айналған менен басқа бұлай кім.

Маңдайыма жазылған, мына тасқа – білемін,

тірі күйде ене алман, өлі күйде кіремін.

Жалғыз өзім, жарығым, саздақ жерге денемді

жерлеймін де, мәңгілік ұмытамын сені енді.

Қабыл болмас тілектің тартамын да азабын,

Айырылысудың у дертін тәнімменен жазамын.

Жә, тоқтай тұр, мазаңды алдым-ау мен, ардағым,

айрылысар сәтті бұл көктегендей қар-дағы

ұшып жатыр үндемей, әрі-бері кимелей,

түсіп жатыр түнекке жалт-жұлт етіп инедей.

Еңіреген мен емес, сен жылаған, Джон Донн,

Ашылмай тұр қабағың қара бұлттай түнерген.

Ұйқыдағы үйіңе қар жауады қалықтап,

Қар жауады қалықтап түндей түнек-тамұққа».

Ұйықтап жатыр құс құсап ұясында өзінің,

Іңкәрлығын өмірге, ақ жол, асыл сезімін

аманат қып мәңгіге сол жұлдызға қапалы

ол осылай бұлт пен түн түрілгенше жатады.

Құс секілді оның да жаны таза. Ал мәні:

қаптаған көп шымшыққа қарағанда, қарғаның

ұясынан жөндемдеу екендігі шүбәсіз,

болмаса да соншалық дүние жолы күнәсіз.

Құс секілді ол-дағы оянады күн шыға.

Жатыр қазір ақ ұлпа жамылғыға тұншыға.

Тән мен жанның арасын ұйқы меңдеп, қар алған,

Хабары жоқ бақидан, хабары жоқ ғаламнан.

Бәрі ұйқыда. Бірақ та екі-үш өлең ыржиып,

Бар кекесін, мысқылын езуіне тұр жиып.

Дүнияуи махаббат – парыз ғой деп опынып,

Рухани махаббат – қиялы деп сопының.

Диірменіне қайсысының су құйсаң да, тұра қал,

Ұн шығады, бәрібір өзгермейді ұн одан:

Бірге жасап, өмірді бірге сүрсек егер де,

Ал ажалды бізбенен кім бөліспек өлерде?

Саңылау көп көрпеде. Кім көрінген тартқылап

жыртады да, қайта кеп жұлқиды оны қаттырақ.

Көк күмбезі тек қана алған кезде түн тыным

ине алып қолына жамайды оның жыртығын.

Ұйықта, Джон Донн. Қайғырып көп қинама жаныңды.

Жыртылуға жақын тұр үстіңдегі жамылғы.

Сенің жұмбақ күйіңді қаншама жыл сақтаған

шығар жайнап сол жұлдыз қара бұлттан қаптаған.

НАТЮРМОРТ

«Ажал жетер көздері

Сенікінен аумайтын».

Ч. Павезе

1

Айналаның бәрі зат.

Жасытады жанарды

соның бәрі жамырап.

Көзге жұмсақ қараңғы.

Бақта отырмын, су ағып

көздерімді қарыққан

адамдарға суарып.

Мезі болдым жарықтан.

Қаңтар айы қақаған.

Қажеті не гөй-гөйдің.

Жабыққанда қападан

тіл бітеді – сөйлеймін.

2

Мен дайынмын бастауға.

Неден деме, сұратпа.

Мен бақұлмын

ауызымды ашпауға.

Айтқаным жөн бірақ та.

Күн менен түн, зат жайлы.

Қош де, мейлі қош деме,

ал адамдар туралы

мен айтпаймын ештеңе.

Бәрі өледі. Мен де өлем,

Көрім қалмас қазылмай.

Бұл бір еңбек өнбеген.

Желге жазған жазудай.

3

Қаным суық. Ызғары

өзеннен де көп төмен,

тоң боп қатқан мұз-қары.

Адамдарды жек көрем.

Ұнамайды тұлғасы.

Ұнатпаймын бірін де.

өлмейтіндей көрінер

бір паңдық бар түрінде.

Ал олардың жүзінде

сұрамаңыз кімге деп,

әлдекімге жағынған

бар сияқты бірдеңе.

4

Зат, шындыққа жүгінсең,

жоқ қой оның көп мәні.

Ал ішіне үңілсең,

толып жатыр қатпары.

Затты қоңыз мекендеп,

Сүңгі тұрып, шаң басқан.

Қу қабырға. Көбелек.

Таста қолға алмастан.

Шаң дейтінің мұншама

жарықта да ажарлы,

қаншама оны тұмшалап

қойсаң-дағы, ғажабы.

5

Ескі буфет ішінен,

сыртынан да кәдімгі

түсіреді есіңе

Нотр-Дам де Париді.

Буфет іші қараңғы.

Шаңды сүрту қажет пе,

әуреге сап адамды.

Заттың өзі, әдетте,

кетірем деп бар шаңды,

қышымайды иегі.

Шаң – өйткені жалғанның

еті менен сүйегі.

6

Соңғы кезде мені осы

ажал шіркін аңди ма,

қара басып, о несі,

талма түсте қалғимын,

дем үзілмей, айнасын

тосып менің бетіме,

асырмақ па айласын,

әлде сынау ниеті ме?

Қозғалмастан жатырмын,

Мұз құрсанып, әл қалмай.

Көкшіл тартқан тамырым

тарғыл түсті мәрмәрдай.

7

Зат өзінің тәнті ғып

ғажабымен күтпеген

таң қалдыру арқылы

жетер жерге діттеген.

Зат тұрмайды. Келістік.

Қозғалмайды. Таңданба.

Зат дегенің кеңістік,

онсыз зат жоқ жалғанда.

Зат сынады тастасаң,

Өртесең де, ал енді:

Боқтамайды ешқашан:

«Ұрайын,– деп,– енеңді!»

8

Жалғыз ағаш. Көлеңке.

Тамыр тартқан қара жер.

Үйілген тас. Әлі ерте.

Балшық пен саз. Балалы ел.

Тамыр. Оның тоғысқан

тармақтары. Қара тас.

Салмағы оның сол қысқан

құрсауға да қарамас.

Мызғымайды ол. Көлеңке.

Ондағы адам, анықтай

түссем егер, таңертең

торға түскен балықтай.

9

Зат. Қоңырайған зат түсі.

Сұлбасы оның тек күңгірт.

Ымырт.

Басқаның жоқ қатысы.

Натюрморт.

Ажал келіп, өлімнің

өрісіндей денені

табады да, кәдімгі

әйел болып өбеді.

Қаңқа, қу бас, шалғы ма?

Ол өтірік нанбайтын.

«Ажал жетер көздері

сенікінен аумайтын».

10

Анасы айтты Христке:

– Айналайын қарағым,

Қағылдың-ау креске,

Қайтып үйге барамын?

Қалай білем мұны мен:

Құдаймысың, құлмысың?

Құрсағымды шынымен

Жарып туған ұлмысың?

Баласы айтты: – Анажан,

құдаймын ба, құлмын ба,

жалғанмын ба, шынмын ба,

айырма жоқ. Сен оған.

Орыс тілінен аударған ӘБЖАН ӘБІЛТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Иосиф Бродский, поэзия
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар