Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мира Шүйіншәлиева: Қиындықтан шығудың бір ғана жолы – жазу! (жалғасы)

06.09.2018 679

Мира Шүйіншәлиева: Қиындықтан шығудың бір ғана жолы – жазу! (жалғасы)

(Соңы. Басын мына жерден оқи аласыздар...)

Түнде сәбиімдей қаламымды ақ қағазда тербеттім...

- Сіздің әдебиеттегі жетістіктеріңізді күндейтіндер де табылған шығар?

- Қайда да тасадан таскесек ататындар табылады ғой. Сол уақытта «Сен-ақ, иненің көзінен өтесің...» деген қызғаныштар бетіме шоқтай басылды. «Жақсының соңынан сөз ереді» деп қойып, діттеген мақсатыма жету жолында маңдайымнан аққан ащы терімді сүртіп, газетке жан-тәніммен еңбек еттім. Ал түнде сәбиімдей қаламымды ақ қағазда тербеттім. Жұмысымнан бір күн қалмай жүріп, Айнұрыма тәтті бөлки пісірдім. Дүкеннен аппақ нан әкелдім. Сөйтіп «жазу» деген досыма әбден бауыр бастым. Алматыдағы Жазушылар одағы немесе Оралдағы қаламгерлер қауымы күштеп, қинап ештеңе жаздыртқан жоқ. Жазсаң жаз! Жазбасаң жазба! Ал мені баяғы 35 жасымда «Шабыттың» лауреаты болғаным да қинайды. Себебі, фестивальге қатысушы үміткерлердің жас мөлшері отыз беске дейін еді. Қарашаның 3-8 күндері дәл осы байқауға қатысып, лаурает болдым. 11-і күні Жаратқан бұйыртқан отыз бес жасқа толдым. Сондықтан мұны да Тәңірдің берген сыйы деп білем. Оның үстіне 38 жасымда аты дардай Жазушылар одағына мүше болдым. Мерейлі қырық жасымда Оразалиннің қолы қойылған көк билетті сонау Алматыдан Сара Ләтиева әкеліп, өз қолымен табыстады. Ақұштап апам көк аспандай оюлы камзол кигізді. Осының бәрі тектен-тек емес қой! Сонда жазу деген тылсым құдіреттің машақатын, азабын, теперішін басымнан мен өткермегенде кім өткереді?! Сол кездің өзінде кейбір күншілдер «Қап, сені ме?!» деп жұдырығын түйіп, тістерін қайрап жүрді. Әйтпесе, қазақ боламыз ба? Журналистер арасынан да еңбегім алдымен еленіп, 2002 жылы маусымда ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің «Құрмет» громатасымен министр М. Құл-Мұхаммедтің атынан марапатталдым.

Мұндай дәрежеге үстімізден мониторинг жүргізіп, еңбек сапасын әділ бағалайтын тиісті мекемелер, облыстық ішкі саясат басқармасы жеткізді. Сол кездері әріптестерім арасында түсініспеушілік те туындады. Ақын Қайрат Жұмағалиев айтатын: «Еңбектің дер кезінде еленгеніне не жетсін?!» деп. Біз кейде бір-біріміздің сыртымыздан асығыс тон пішіп, өңін теріс айналдырып кигізуге дайынбыз. Қот-қоттап, сыртымыздан сөйлейміз. Ал уақыт бәріне емші. Біз Қазақ елінің өркениеті мен рухы өсіп, еңсемізді тіктеу үшін адал еңбек иесін бағалап, қолтығынан демеп, иықтасып қатар жүрген күндерде қуанып та, қолдай да білу керекпіз. Сыртыңнан желдей гуілдейтін пыс-пыс сөз, бос күншілдік зиялы қауымға абырой, бедел әпермейді. Қардың астында тоңып, қатып-семген қызғалдаққа да Алла тағала титтей жарық сыйласа, ол күн нұрына жылынып, қурамай қайта түлейді. Өсіп-гүлдейді. Алла тағала да мені қаншама қиындықтардан құтқарып келе жатыр.Тәубә деп қояйын. Ақұштап ақын айтпақшы: «Жазу оңай емес. Қазір жұрттың бәрі сауатты. Кім не жазып, не қойып жүр. Қалай жазып жүр. Оқырман бәрін саралай біледі.Қыздар түгіл, бұл жазуға – қазанда еті пісулі, шәйі қайнаулы, төсегі салулы ер азаматтар да шыдас бермейді» деп. Сондықтан «Қазанның құнын тарыққан біледі. Інжудің құнын іздеген біледі» дегенді қазекем текке айтпаған. Қасымда жүрген аға-апаларым өнеріме қол соғып, өлең арнады. Тіл көзден сақтасын, мұның бәрі әдеби ортадан алыста жүрген Ақ Жайықтағы қарапайым қаламгердің еңбегін мойындап, құрметтеп, қадірлеу деп білемін...

- Мақтау да жеңіл жүк емес дейсіз ғой?..

- Өкінішке қарай, бүгінде қожырау үстіндемін. Биылғы наурызда Жазушылар Одағының кезекті жиынына барғанымда, «Сұлу қыздың сырты емес, ішінен шыққан жазуы да сұлу. Сен жайлы мақала жазғым келеді», - деп Мағира Қожахметова әпкем жан сарайыма біраз үңілген. Таяуда сол сұрақтарын пісіріп тағы сөйлесті.

- Мақтаулар өтіп кеткендей түк бітірмей жүрмін, тәте. Осыдан жаза алмасам қайтемін?! – дедім еркелеп.

- Қарағым-ау, әуелі осы жазғаныңды бойыңа сіңіріп, қайырын көрсеңші. Бес кітаптың авторы болғанмен мемлекеттен айқайлап тұрып алған дені дұрыс сыйлығың да жоқ. Салмақты атақ-дәрежең де жоқ. Сенің қасында әу деп ән салғандар «Құрмет» орденін кеуделеріне жарқыратып тағып жүр. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанып, той-томалақта әндетіп жүр. Жазу деген дерт! Бұл дерттен әзір құтыла қоймайсың. Отыра қалып жаза берсе, жұрттың бәрі жазушы болар еді ғой. Асықпа, жазасың ғой әлі. Онсыз да біраз нәрсені айтып қойыпсың, жазып қойыпсың, қызым-ау!» - деді.

Айтса-айтқандай, бақандай бес кітаптың авторы атану әйел заты үшін қыруар еңбек. Бір жақсы қасиетім – бұрын жарыққа шыққан әңгіме-повестерімді екінші қайтара кітаптың мұқабасын қалыңдатып, беттерін толтыру үшін салмаймын. Кейбір ақын-жазушылар кітап шығардым деп жар салып, дала төсінде ат ойнатады. Мазмұнын қарасаң, сол баяғыда жазған дүниелері тұрады. Әсіресе, осы олқылық жазушыларда бар. Мұны көз алдау дер едім. Біреулер секілді сыртқы мұқабасы мен кітаптың атын өзгертіп, облыстарда тұсауын кестіртіп, сол өңірдің әкім-сәкімін мадақтап өлең арнап, тиын-тебен дәметіп, алақан жаятындардың қатарынан емеспін. Әсіресе, әдебиетке кеше ғана келіп, «топтамалар жинағын бірден шығарып» оқырманның жанарын алдайтын жазғыштарды жек көремін.

- Сіз поэзия мен прозаны қатар алып жүрген қаламгердің бірісіз. Жаныңызға қай жанр жақын?

- Проза ғой. Бірақ көмекейіме қара өлеңнің шумақтары кеп тұрады. Қазір де өлең жазамын. Осыған байланысты бір оқиғаны айтып берейін. Бүгінде ҚР Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыпов қателеспесем, 2009 жылы мерейлі жасқа толды. Ата-енемнің достары, шаңырағымыздың бір мүшесіне айналған Құтты Ақтайқызы бір күні маған қолқа салып, Қабиболла Жақыповқа жап-жақсы өлең шығартып алды. Содан Астанаға барып, мейрамханада өткен тойда ақжарма тілегін өлеңмен өрнектеген Құтты апайға Фариза Оңғарсынова сұраулы жүзбен таңырқай қарап: «Оралда Құтты деген ақын бар ма еді?! Бұған дейін қайтіп естімегенмін?» депті. Тойдан сарқытын ала келген Құтты апа Фариза ақынның таңданысын жасыра алмады. Бұл да болса, менің өлеңімнің сырттай алған бағасы.

Бастысы, шығармаларымның қайсыбірін баяндап, түсіндіруге міндетті емеспін. Мен жаздым. Жүрегімнен құс болып ұшты да кетті. Оқырман қауым бөлісіп алды. Авторы Шүйіншәлиева болғанмен, кітаптарым ел-жұрттікі! Жазушы кез-келген адам байқамайтын суретті көзі шалып, өзіміз жүріп бара жатқан көшедегі жайттарды байқап, көңіліне түйе береді. Бір күні бесінші қабаттағы үйіміздің терезесінен Шаған жақтан ұшып шығып, жарыса көкке көтерілген жеті-сегіз аппақ көгершінді байқап қалдым. «Аппағын-ай, аппағын-ай, әне ұшып барады, қараңдаршы» деймін дастархан басында отырған бәріне. Біреуі де көрмеді. Бір-бірін қуалай ұшқан көгершіндерге қарадым да отырдым көзімді алмай. Бұл да қаламгерге табиғатынан бітетін сергектіктің, ерекше сезім-күйдің бір белгісі шығар. Бір жақсысы, өлеңді таңға дейін отыр мейлің шекеңді ұстап, шелекте шүпілдеп тұрған суды түбіне дейін тауысып ішкендей жазып бітіресің. Прозаның да бесіктегі уілдеген сәбиді тербеткендей тәтті ырғағы, өз әуені болады. Не жүйрік - ой жүйрік. Жалғанда не терең, сөз терең. «Жазушының ерекшелігі - қиял. Қиял - творчестволық фантазия» деген екен ғұламалар. Неміс философы Гегель: «Көркем шығарма ұлы ақынмен, жүрек-адамның фантазиясы» депті.

– Белгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков сіздің шығармашылығыңыз туралы пікір айтқанда, драматургияға көбірек тоқталды. Былай қарасақ, қазақ әдебиетінде драматургияға қалам тартып жүрген қыздар аз. Өйткені, драматургия – адами кемелділікті, әдеби кемелділікті талап ететін жанр ғой. Сізге қиындық туғызған жоқ па?

– Туғызғанда қандай?! Көлдей-көлдей повесть жазып келіп, драмаға ден қою оңай шаруа емес екен. Томардай тұтас ойды шолтитып кесіп-кесіп тастайсың отқа жағатын ағаш құсатып. Терісін сыпырып, жіліктейсің сойылған малдың етіне ұқсатып. Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер орталығында «Жазушы қызы Жайықтың» атты үлкен кешім өтті. Осыдан екі жыл бұрын Ғайсағали Сейтақ пен Дариға Мұштанова «Әр жазған шығармаң драмаға сұранып тұр. Саған пьесса жазу керек. Қазір кітаптың оқылуы қиындап барады. Обал-ақ! Оның үстіне театрлар қоятын спектакль таппай дағдарып отыр» деп еді. Мені жас кезімнен білетін, өнерімді бағалайтын қаламгерлердің осы бір ауыз сөзі көңіліме одан сайын қанат бітірді білем. Өзім де драматургияға іштей дайындалып жүр едім. Бүгінгі таңда «Ар азабы» мен «Ақынның тағдыры» пьессаларымды жерлестерім қызығушылықпен оқу үстінде. Өңір басшысы, өте кітапқұмар азамат Алтай Сейдірұлының шақыртуы бойынша көктем айында жұмыс бабымен қабылдауында болдым. «Сабақты ине сәтімен» деп, орайы келгенде «Ар азабын» әкімге сыйға тарттым. Себебі, Алтай Сейдірұлының кітап оқуға деген ынтасы ерекше. Бұрын шаһарды басқарған тұста үстелінің үстінен «Абай жолы» эпопеясын көргенмін. Кейде көз тігіп отырғанына куә болғанмын. 27 жылдық тарихы бар Орал қалалық қоғамдық- саяси апталық «Жайық үні» газетіне 2008 жылдың 5 қыркүйегінен бері директор-редакторы болып қол қойып, Самиғолла Оразов, Болат Шәкімов, Алтай Көлгінов, Нариман Төреғалиев және қазіргі әкім Мұрат Мұқаевтармен қызметтік байланыста болғанымды айта кетейін. Содан арада қырық бес минуттай уақыт өтті. Қабылдау бөлмесінен Мөлдір есімді хатшы ұялы телефоныма тағы да қоңырау соқты. «Жаңа ғана кіріп шыққан едім ғой, не жағдай болды екен» деп ойладым. Қосулы телефонның әр жағынан Алтай Сейдірұлының даусы естілді. «Ақынның тағдыры» атты пьессам бірден баурап алса керек-ті. «Мира Хамзақызы, мынау Дарабасов деген кім? Өмірде болған оқиғаға ұқсайды екен. Кітапты ақтарып отырып, анасынан бата сұраған жерін оқып қалып, көзімді ала-алмай отырмын. Тағдыры аянышты екен. Мұндай кейіпкерлерді қайдан табасыз?» - деді. Өзімді тағы да мақтап, жарнама жасағандай көрініп отырған шығармын. Бірақ, шындығы осы! Жұмысы қауырт, әр минуты есептеулі облыс басшысының назарына іліккен «Ақынның тағдыры» әп-сәтте төбемді көкке көтеріп тастады.

Әрбір жазған дүниең оқырманын тапса, жазушының бағы жанғаны.

Театрымыз режиссерға тапшы!

- Пьеса жазылған соң, әр қаламгер оның сахналанғанын қалайды ғой? Режиссерлерге ұсынып көрдіңіз бе?

- Кешімді өткізу барысында ғана емес, жалпы соңғы жылдары біздің облыстың мәдениет ошақтары дені дұрыс, деңгейі жоғары, білімді және шетелдерден оқып-тәжірибе жинаған жан-жақты режиссерға зәру! Басымды кесіп алса да, шындығы осы! Өңірдегі бірен-саран режиссермын деп жүрген мамандар шығарманың дәмді сюжеттерін, ойлы – нәрлі тұстарын топырақтың астына алтын тыққандай көміп тастауға құштар! Шикі еттің майлы жерін кесіп, сырттағы мысық пен итке лақтырғандай. Ал тәттісін, ең сүйекті жерін қазанға салып былқылдатып қайнатпайды. «Жүректегі құпия» атты повесімді бастан-аяқ оқып шыққан Айман Қуатова апамыз қазір осы шығарма желісінде пьесса жазуда. Жасы сексенге келген танымал режиссер телефон арқылы кейде баяндап, «Анау Мырқымбайды бүйтіп түрлендірдім. Мүкәриманың бетіндегі маскасын сыпырып алдым. Ең соңында бомж болып кеткен еркетотай Ақпатшаның образын былай аяқтасақ қалай қарайсың?» - деген секілді ақылдасып, кеңесе біледі. Ал біздің кеше ғана институтты бітірген режиссерлар ақ безер де, көк безер болып, жазушының сол шығарманы жазғандағы мақсатын, соңғы тұжырымын елемей, өз бетінше суда бостан-бос қалқып жатқан шлапшын секілді шайқалады. «Бір бастан екі бас жақсы» дегенді халқым текке айтпаған болар. Жалпы, режиссер мен жазушы сахналық қойылымның сценариін бірге жасап, бірін-бірі толтырып, кем-кетігін, ойыс-мүйісін бүтіндеп отыруы керек деп ойлаймын. Дәл осы ойды өткенде Ақ Жайыққа ат басын бұрғанда Дулат Исабеков те айтты. Қазіргі режиссерлар пьесаның басын аяғына, соңғы жағын ортасына шығарып, көже қылатынын. Сондықтан, білдей Хадиша анамыздың есімін иеленген қазақ драма театры өзге өңірлерден режиссерді қомақты ақшаға уақытша шақыртып, ішіп-жемін ауыздарына тосып, асты-үстеріне түспей, тұрақты еңбек ететін және театрдың абыройы мен беделі үшін жанын шүберекке түйетін талантты режиссерды тапса екен деймін?! Соңғы жылдары түрлі фестивальдерге барып, Гран-При жүлдесін қанжығаларына байлап жүргенмен, театрдың кәсіби режиссеры жоқ екеніне қарным ашады. Ертеректе Мұрат Ахмановтан дәріс алған Томанов та Атырау театрында еңбек етіп жүр. Неге екенін қайдам, ой-өрісі кең режиссерлар мен актерлар біздің театрдан «шайтан түрткендей» тұрақтамай, кетіп тынады. Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі бүгінде негізгі дипломы бойынша «медико-профилактика ісінің мамандығы» Нұрлан Сәдір. Газеттерге мақала жазып, өз ойын ортаға сала білетін көзі ашық Нұрланға еш кінәм жоқ артатын. Дегенмен, өзі актер, өзі директор Қуаныш Амандықов театрға режиссерден бастап нағыз мамандарды жинауы керек қой! Дәл қазіргі таңда Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрының бас режиссеры міндетін актер, былай ізденісі жаман емес елдің жігіті Самал Әбуов басқаруда. Көркем әдебиет бөлімінің жалақысы да мардымсыз деп естимін. Сосын да бұл жұмыстың тетігін дөп басатын маман жоқ шығар. Ал тап осы әдебиет бөлімі – театрдың жүгін арқалайтын сала. Кім қандай пьесса жазды? Оның қайсысы саханаға сұранып тұр дегендей мәселені талқыға салып, театр әртістеріне көркемдік жетекші мен әдебиет бөлімі оқыған шығармаларын, соңғы жаңалықтарды ұсынып отырса шіркін?! Ал бізде директормен кім дос, мәдениет басқармасының оң жамбасына кім жақын келіп тұр, жоғарыдағы көкелердің кімдерге көзі түзу немесе бұйрық қай жақтан түседі дегендей, көктен жаңбырдың жаууын тілеп, сарсылып күтіп отырады. Мысалы, қаншама оқырманым «Шүберек қуыршақтан» бастап «Адасқан аруды», «Өкінішті», «Жүректегі құпияны» сахнаға қоятын дүние екен, шығармаларың драмаға дайын деумен келеді. Алайда театр тарапынан түсіп жатқан әзірге сұраныс жоқ. «Сахнаның шымылдығы кірлеп бітті. Көрермен аш. Қоятын түк пьесса жоқ» деп зар иелейді әртістер жағы. Егер қоямыз десе, «Ар азабы» мен «Ақынның тағдыры» шайнап-шайнап, қылғытып жұтып жіберуге дайын дүние. Әйгілі драматург Дулат Исабеков айтқандай, екі пьессам өз алдына, «Сіңілімнің сүйгені» де қойылымға сұранған хихая. Дәл осы мақаламды оқып, біреулер ойлауы мүмкін «өзін жарнама жасауға шебер немесе өз қотырын өзі қасып отыр» деп. Маған салса, ештеңенің қажеті жоқ. Бірақ жазушының шығармасын бір кәдеге жаратса, театрға келген ғұрлым чипси жеп, сотка шұқып отыратын оқушылардың санасын селк еткізер ме дейсің ғой. Көрерменді, бүгінгі ұрпақты ойландыратындай әдеби дүниелер тап қазір қоғамға қажет. Бұрын да осындай қажеттіліктер болған. Сахналанған. Қырғыздың пьессаларын аударып, қойғанша жергілікті қаламгерлердің шығармаларын неге сахналамасқа деген уәж айтыпты осы ұжымға Ақұштап Бақтыгереева.

Айтпақшы, талантты жерлесіміз Асхат Маемировкеде «Ар азабының» электрондық нұсқасын былтыр күзде салып жібергенмін кітабым «Үш қиян» баспасында жатқанда. Ишарат білдіргендей болған. Себебі, осы Асхат та баяғыда «Шүберек қуыршақты» қойғысы келетін. Бірақ, шетелге оқуға кетті. Мұршасы болмады. Кейін Оралға келгенде өзі тіс жарып ештеңе демеген соң, кәмпит сұраған баладай сұраншақтанбадым. Алайда, Мұқағалидың «Қош махаббаты» секілді күндердің бір күнінде сахнаға шығатынына кәміл сенемін. Жазушының жүрегіне ұялаған, көңіл пернесінен туған шығарманың ғұмыры да ұзақ жасайды деген сенімдемін.

– Өзіңіз қазір журналистика саласында жүрсіз. Журналистика – әдеби тілдің қасаңдануына алып келеді деген пікір бар. Сіз қаншалықты келісесіз?

- Көзінің тірісінде Жайықтағы талай ақынға аға болған Жанғали Набиуллин мені газеттің жұтаң тілінен қорғап қалды. Қалай дейсіз ғой, 2002 жылдың 18 қаңтары күні «Орал өңірі» редакциясына келіп, машинкамен басылған екі бет сарғыштау қағазды үстеліме қойып кетті.

«Талант десе, талантсың,

Мира десе, Мирасың.

Аман жүрсің өмірге әрең-әрең сыйғасын.

Бұл табиғат жомарт – ау, көріктен де кенде етпей,

бере салған өзіңе өзгелерге қимасын.

Осынау үш бақытың бір пендеге тым ауыр.

Берік ұста тек қана ақыл-ойдың бұйдасын» - деп жыр жазған Жәкең бұл жолы «Аманат хат» жазып әкеліпті. Қазір сол тілдей қағазға үңілсем, бойымнан жазушылық өнерді айна қатесіз байқаған көріпкел секілді. Хаттың кейбір тұстарын оқып берейін. «Сенің алдыңдағы басты 3 міндет 5 жылдың ішінде сен жан-жақты, сайма-сай прозаик болып қалыптасып үлгеруің керек. Сенің мінезің жанып тұрған от, характерің – холерик. Әдебиетте бір биікке қолың жетсін десең, өзіңнен із қалсын десең, бар өнеріңді сол әдебиетке арна! Өмір – сенікі, оны неге арнауға да правоң бар. Сен үшін ешкім өмір сүрмейтіні секілді, саған ешкім өмірін де бермейді. Сенің бір-ақ өмірің – сен өтетін бір-ақ марафон. Сенің қазіргі тілің әлі кедей. Осыған және газет тіліне сақ бол! Сенің болашағыңа сенемін. Оң сапарың болсын, Мира ханым» деп қолын қойып, хатты аяқтапты. Жатқан жері жарық болғыр, Жанғали ұстазымның да осы «Өсиетін» тұмардай сақтап қойдым. Тілімді «мүкіс» етпеу үшін де көркем әдеби кітаптарды, «Жұлдыз» бен «Таң Шолпан», Рахымжан Отарбаев қолын қойып кеткен «Ақ Жайық» секілді әдеби журналдарды үзбей оқимын. Фейзбуктың тілінен қарамағымдағы тілшілерімді де сақтандырып қоямын.

– Мұқағалидың «поэзия – махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады» деген сөзі барын білеміз. Сіздің кітаптарыңызға қарап отырып, біз де соны бағамдағандай болдық. Олай дейтініміз, тұңғыш жинағыңыз «Махаббат бағы» деген атпен осыдан 13 жыл бұрын жарық көрген екен, ал жуырда ғана «Тұмадай тұнық, таулардай заңғар...» деген атпен өткен шығармашылық кешіңізде «Ар азабы» атты кітабыңыздың тұсауы кесілді. «Әдеби өсу» үшін уақыт керек пе, тағдыр керек пе?

- «Шын мәнінде қалам ұстау – әрі қиын, әрі жауапты. Өйткені әр сөзіңе жауап бересің. Қалам – Мираның тағдыры. Ол келін ретінде атасының атын қалдырып отыр әдебиетке. Өз әкесінің емес, атасының есімін таспен қашап жазып, қалдырып отырғаны да – тағдыр. Бұл тек қазақ қыздарының қолынан келетін ерекшелік. Мираның шығармалары ауыр, мұңды. Өйткені өмірдің тәттісінен ащысы көп. Оның шығармаларынан бүгінгі қазақ тағдырын, қазақ мұңын көруге болады. Сондықтан да ауыр жүк көтерген сіңліме табыс, бақыт тілеймін деген еді «Тұмадай тұнық, таулардай заңғар» атты театрдағы кешімде Алаштың ардақты ақыны Ақұштап Бақтыгереева. Жүйрік уақыттың көшінде қаңбақтай домалап келеміз ғой бәріміз де. Әркім ниетінен табады. Несібесінен көреді. Меніңше, тағдырым шығар осылай жазушы болуыма итермелеген. «Інішекті ерте алып кетіп, Мираға жазсын деген ғой» деп еді ғалым-ұстаз Отарәлі Бүркітов. Тоқсаныншы жылдарда бірге оқыған Ғабит Хасановқа, Асан Қайыров пен Ербол Дәулетовке қарап қойып, сендерден үлкен ғалым шығады. Қосымбайдың Мэлісі мен Мирадан мұғалімдік емес, әдебиетші шығады дейтін осы Отар ағай. Онсыз да жетпейтін уақытты алға тарта бермей, тағдырға мойын бұрып, бәріне себепші бір Алла, жазмыш дегеніміз дұрыс шығар. Біраз әңгіменің басын ашып айттым. Қалғанын өзің ішкі түйсігіңмен сараптай жатарсың, тісі шыққан журналиссің ғой.

Мира апай, сіздің жекелеген шығармаларыңызды, кітаптарыңызды интернет желілерінен іздеп, мардымды дүние таппадық. Қазіргі технократтық қоғамда «Іздеген адам кітапханадан тауып алар» - деген уәж жүрмейтін сияқты. Өйткені, кез келген қаламгер жазған дүниесінің оқырманға жетуін қалайды емес пе?.. Әңгімеміздің басында өңірлік әдебиет туралы айтып қалдық. Қазіргі Батыс Қазақстан облысының әдеби хал-ахуалы қалай?

- Дәл бүгінге дейін «Әдебиет порталына» кіру арман болды. Біздің батысқа да порталдың онкүндігі бұйырып, жариялап, жарылқап жатқандарыңа рахмет. Әйтпесе, порталдан портретімді де көре алмауларың мүмкін еді! Жұбан Молдағалиев атындағы ғылыми әмбебап кітапханасы былтыр «Өкініштің» электрондық нұсқасын желілерге салды. Әуежай мен темір жол бекетіне кітабымның мұқабасын іліп қойды. Сосын көптеген оқырмандарым Оралдағы «Жәңгір хан» кітап дүкенінен кітаптарымды сатып алады. Оқырмандарым редакцияма іздеп келіп, қолтаңбасын жаздыртып әкетеді. «Жаны сұлу, сөзі сұлу жазушы» атты Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар кітапханасында да кешім өтіп, көптеген жастар қаумалап, өнеріме, өзіме қызығушылық танытқан. Осылардың бәріне марқайып жүре берем де... Жүрмегенде қайтемін. Шет жақта жүрген Шүйіншәлиеваны неге жоқтамайды деп тонымды битке талатамын ба?! Өзіңіз ойлап көріңізші, мемлекеттік тапсырыспен бірде-бір кітабым шыққан емес. Алпауыт елдердің тілдері түгіл, күнде қазақпен-қазақ сөйлесетін орыс тіліне де бірде-бір әңгімем аударылмапты. «Сұлу сөзге іңкәрлік» атты филармония залында өткен шығармашылық кешімде арамыздағы жалғыз ұлттың өкілі «Кітаптарыңыздың аудармасы бар ма» деп сұрақ қойған. Сол кешті жүргізген профессор Серікқали Шарабасов дәл осы сұрақтан мені арашалап алған. «Ауылдағының аузы сасық» деген мақалды ертеректе Одаққа барғанымда Маралтайларға жиі айтушы едім. Көкейдегі көп мәселені жаңадан сайланған Жазушылар Одағының өкілдері жаңартып, жаңғыртар деген үкілі үміттемін. Өзімше сыпайылап айтсам «Жыламаған балаға сүт жоқ» деген мақалдың мәні қашқан қазір. Бар сенімім, бар үмітім, бар болашағым – қазақтың белді ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Еслдәулет тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағының басқармасында! Түрлі жобалар жасалып, жоспарлар Үкімет тарапынан бекітілуде деп жағымды хабарларды естіп жүремін. Иншалла, «Елде болса ерінге тиеді» деп, Жайықтағы аттөбеліндей ақын-жазушыларға да Жаратқанның бір несібесі, ырыс–сарқыты осы Одақ арқылы бұйырса екен?!

- Бұл жалғыз Жазушылар одағының мәселесі емес қой. Өйткені, көп өңірлерде билік тарапынан да әдебиетке қолдау көрсетіліп жатады. Мысалы, Алматы облысында «Жетісу кітапханасы» атты сериямен жылда қаламгерлердің кітаптарын шығарып беріп жататынын білеміз...

- Өңірдің туын желбіреткен басшылар да қарап отырған жоқ. Ұлық мейрамдарда қаламгерлермен, зиялы қауыммен қауышып тұрады. Өзекті мәселелерді қаузап, шешемін табады. Ақұштап апам да қаламгерлердің қамын ойлап шырылдайды. Бірақ та стипендияны қалтасынан тауып, біздерге жағдайды өз есебінен жасай алмайды ғой. Шығармашылық кештер өтіп, кітапханалар арқылы жинақтарымыз жетіп, насихатталуда. Әйтсе де ұртын қара уылдырыққа малып, байшекештердей қарындарын сипалап шетелдегі бес жұлдызды қонақ үйлерде демалып жатқан қаламгерлерді естіп-көрмеппін. Бәрінің де күйбең тірліктің қайығымен қалт-құлт етіп келе жатқан жайы бар. Өз басым байдан да, патшадан да қалып жатқан және бүгін бар, ертең жоқ «шірік дүниеге» онша құлық танытпаймын. Жастайымнан ақша ұстамай, дым көрмей өскен бала емеспін. Мана да айттым ғой, жиырма жыл бойы сауда-саттықпен айналысқан әке-шешемнің арқасында баршылықтың дәмін татып, уызыма жарып өстім. Талай дөкейлер Бисендегі үйімізге келіп, жәшік-жәшік шампан, мешөк-мешөк астық алған. Солардың кейбірі жер басып жанымда жүр. «Әлду-бәлду бәрі өтірік» дей алмас мені көріп. Алысты жақын жасап, танымайтын адамдарды да ағайын еткен дүние-мүлік, мыңғырған мал, бақ-дәулет менің де әкем-шешемнен қалған. Олар ауырып-сырқағанда жинаған ақшалары араша түсіп, жолдас болмаған. Осының бәрін ойлап, ішімнен анализ жасай келе, ашық апсан астында өмір сүріп жатқан күллі халқым, ел-жұртым, ағайын-туыс, бауырларым қара суды да қайғысыз ішсе екен, тыныш ұйықтаса екен, қызыққа батып ұзақ ғұмыр кешсе екен деймін. Еліміз тыныш, күлкіміз күміс болса арман не?!.. Кешегі Денистей бауырларымызға балта шабылмай, ұл-қызымыз өсіп-өркендеп, ашық аспан астында адаспай, нәпақаларын адал еңбекпен тауып жесе арман не?! Қазір адам баласының пейілі мүлдем тарылып, боқ қарындай бырсып, шіріп бітті. Мүмкін, әдебиеттің «жетімсіреп» тұрған кемшін тұстарының бір себебі осыдан шығар?! Бұрын әдеби кітаптарды құмарта оқып, махаббат хихаясына толы үндінің де керемет киносынан үлгі алып, театрға барсақ бір жылап, бір қуанып адами қасиеттерге шомылып, пиғылымызды тазартып, арам пиғылдан арылып үйге қайтушы ек. Ал қазір? «Сен тұр, мен атайыннан» басқа жас пен кәрі не көруде?! Қонаққа, тойға, садақаға барса айфондарын шұқиды мақтанып. Қала берді карта ойнайды қымбат кілемнің шаңын шығарып,оны мұрындарымен жұтып... Жаяу жүруге арланып, бәсекелесіп, танкідей теңселген көліктермен ат шабысқа шыққандай жарысатындар сап-сау адамды қағып, мерт қылады. Үйінен аман өрген адам сұлайып көшенің қақ ортасында жатады. Асыққан бір жолаушы. Тіпті айта берсең аузың шаршайды. «Байдың малын түгендеп, кедейдің аузы шаршайдының» кебін кидік. Көпке топырақ шашуға хақым жоқ. Жұрттың санасын кітап оқымайды, рух төмендегеннен сезімдері соқыр деп те жазғыра алмаймын. Бұлай демейін десем, кітап оқымақ түгіл, қара басын күйттеуден қолы босамай жанығып жатқан өз қаракөзіміз. Сырт көзге шалқып-тасып көрінеді .Банктегі несиемен ырыздығын-несібесін табады. Жатып ішер арамтамақтар жұрттың қалтасын қағып, үйіне ұрлыққа түсіп, киген киіміңді, ішкен жегеніңді аңдиды. Ал әлеуметтік желілерді ашып қалсаң той-топыр, аста-төк тағам, шаттық әуен. Астарында жылтыр көлік. Қай жағына шығарыңды, кімді кінәларыңды білмейсің. Қатардан қалмаудың қамын ойлап кеткен қазекем әдебиеттің қадірін қашан, қайтіп ұғарын білмейсің?! Табиғат сыйлаған сөз өнерінің қияметіне төзіп, кітаптарын демеушілер арқылы шығарып, өз-өзін насихаттап жүрген қаламгер атаулының мүшкілдеу қал-жағдайы бара-бара әлдеқалай болады деп алаңдаймын. Қасиетті сөз өнерінің келешегіне қобалжимын. Адамзат баласы жаппай кітап оқып, сұлу сөзден сораптап айран қосқандай сорпа ішсе қатыгездіктен, ұрлық-қарлықтан, жемқорлықтан арылар ма еді?! Жүректеріне иман байлығын жияр ма еді?! Ол үшін көркем әдебиеттің айнасын сындырмай, кірлетпей, дақ түсірмей жарқыратып ұстауға тиіспіз. Көркем әдебиеттің өкілдерінен ештеңе аямауға, қалам ұстауға жағдай жасауға, рухтарын оятуға тиіспіз. Жандарын жігерлендіріп, ел қатарлы қажырлы өмір сүруге неге мүмкіндік туғызбаймыз? Бұрынғы кеңес дәуірінің қаламгері мен қазіргі қаламгерді салыстырып қарайықшы, арасы жер мен көктей! Сосын да қазір тың шығармалар тумай, тұншығып, сиырдың ішінде қалып қойған бұзаудай өліп жатыр... Ақын-жазушылардың сананы сілкінтер ақыл-парасатына, Қара теңіздей, Мұхиттай терең ойларына неге жүгінбеске?! Олардың тәтті тілдерін, терең пасасат-пайымын көркем әдеби кітаптар жаздырту үшін пайдалана білу керек қой. «Сен жанбасаң лапылдап, ол жанбаса лапылдап, аспан қалай ашылмақ?!» дегендей, жұмған аузымызды ашпай, жазғандарымыз жарық көрмей, әр қиырда бұйығы тірлік кешіп, бұға берсек қоғамымыз бұзылып-құбылып, бүліне береді. Қай ғасырда, қай заманда болмасын көне түріктен бастау алған әдебиеттің құндылықтары – көп ұлтты ұйыстырып, адамды адаммен дос қылған, елдің басын біріктіріп, адамгершіліке, кісілікке, кішілікке тәрбиелеген. Шығармадағы түрлі мінезді кейіпкерлерді оқи отырып біреу жиіркенеді, біреу жериді, біреу сақтанады. Бұл менің жеке пікірім. Баяғыдан «Кітап - адамның досы» деген сөз бекер айтылмаған.

- Бүгінгі таңда әдебиетке жастар лек-легімен келіп жатыр. Бұл жағдайға аға буын өкілдері әртүрлі көзқараста. Өйткені, интернет әдеби пропаганда жасап жатыр дейтіндері де бар. Сіздің ойыңызша «Интернет әдебиеті» қазақ әдебиетінің бір дәуірі болып қалуы мүмкін бе?

- Сөзіңнің жаны бар. Оны шілденің 19 күні «Әдебиет порталда» жарияланған «Сіңілімнің сүйгені» атты хихаямнан байқадым. Күн жарымның ішінде 600 оқырманнан 800-ге көтерілді. Сонда Ақұштап апам да «Бүкіл жұрт сені оқып жатыр ғой. Қарадың ба, порталды» деді. Айтқандай, бір аптаның ішінде 2000-нан астам оқырман жинаппын. 10 тамыз күні «Сіңілінің сүйгенін» 3788 оқырман оқыпты. Небәрі 1000 данамен «Үш қияннан» шыққан «Ар азабы» кітабымның 400 данасы өзіміздің облыстық кітапханаларға тараған-ды. Бір айға жетпейтін уақытта осыншалық оқырман жинағаныма таңқалдым және қуандым. Бұл туралы әлеуметтік желідегі фейзбук парақшамда да пікір қалдырдым. Сондықтан Айкеш өзің қызмет ететін «Әдебиет порталы» ұжымына, зерек жаратылған қыз-жігіттерге мың сан мәрте рахмет айтамын. Алдағы уақытта менің шығармаларым осы портал арқылы республикадағы көзі қарақты, санасы сергек, ойлы оқырманға жетеді деген сенімдемін.

Бүгінде қазақ әдебиеті өз қазанында өзі қайнап жатқан сияқты көрінеді. Әлемдік әдеби нарыққа шығу үшін қандай нақты қадамдар керек деп ойлайсыз?

- Қайдан білейін. Шалғайда жатқан менен несін сұрайсың Айкеш. Қазір ақыл айтқыштар әлеуметтік желілерде толып тұр ғой тамызда пісетін жүзім секілді. Ортаға осы ойды тастап жіберсең дұрысын да, бұрысын да жарыса жазады. Пікірге қарқ боласың. Ішінен өзіңе қажетін аласың.

Әрине, тасқұман екілді қайнап-қайнап іштегі су да сарқылар бір күні. Қаламгердің еңбектерін түгендеп, жарнамалап тұру үшін де ақша керек. Арнайы агенттіктер жазушыға жұмыс жасайды, ақысын төлесең қыздың жасауындай түрлендіреді деп естимін. Қазір ештеңеге таңырқауға болмайтын заман. Атағың жер жару үшін көз майыңды тауысып жазудың қажеті жоқ па, сонда?! Бір кітап жазбай-ақ та, егер ақшаң болса әлемді шарлайсың ба, сонда?! Мәселенің түп төркіні қайда жатыр дейсің баяғы. Демек, әдеби нарыққа шығу үшін жазушының жеке есеп шоты қомақты болу керек деген сөз. Бұлай болса, киелі сөзіміз қарға мен сауысқан шұқып жейтін ірімшіктей іріп, онсыз да шырылдаған үніміз өшеді дей беріңіз...

- Мира апай, әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан: Айжамал Көпеева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар