Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сәбит Жәмбек. Айқынның айқын іздері...

12.09.2018 6406

Сәбит Жәмбек. Айқынның айқын іздері

Сәбит Жәмбек. Айқынның айқын іздері - adebiportal.kz

ХХ ғасырдың 50-60 жылдар аралығында қазақ әдебиеттану ғылымының ауыр жүгін кәтепті қара нардай қайыспай көтеріп, оның қазіргі абыройлы биігіне жетуіне үлес қосқан үркердей топтың қақ ортасында маңдайы жарқырап, әдебиеттанудың қан майданында ат ойнатып жүрген талантты жандардың бірі – Алла өлшеп берген үш мүшел ғұмырының он бес жылын басы бүтін туған әдебиетіне арнаған сыншы-ғалым Айқын Нұрқатов.

Әдебиеттанушы-ғалым, көркем әдебиет сыншысы Айқын Нұрқатов 1928 жылғы қыркүйек айының тоғызы күні бұрынғы Көкшетау облысы, Рузаев ауданы, «Шұңқыркөл» деген ауылда дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, 1950 жылы осы оқу орнын бітіріп шықты.

1950 жылдан 1957 жылға шейін «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында сын бөлімін басқара жүріп, мерзімді басылымдарда алғашқы өлеңдерімен, сын пікірлерімен таныла бастады. Осымен бірге ҚазПИ-дің аспирантурасын тәмамдап, 1954 жылы «Владимир Маяковский және қазақ совет әдебиеті» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл кезде оның жасы жиырма алты жаста болатын. Кейін оның бұл жұмысы жеке кітап болып, баспадан шығады. 1950 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін Қаз КСР Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып еңбек етеді.

Жоғары оқу орнын бітірген жиырма екі жасынан бастап, ол әдебиеттану мен көркем әдебиет сынына бел шеше араласып, «Мұхтар Әуезов», «Абайдың ақындық дәстүрі» аталатын екі монографиялық зерттеу, «В.Маяковский – совет дәуірінің аса талантты ақыны», «Сәбит Мұқановтың творчестволық жолы», «М.Әуезовтің творчествосы», «Ғ.Мұстафиннің творчествосы», «Қазақстанның Россияға қосылуының творчествосы», «Сәбит Мұқановтың өмірі мен творчествосы», «Орыс халқы – ежелгі досымыз», «Маяковский және қазақ совет поэзиясы», «Мухтар Ауэзов», «Идея және образ», «Тарас Шевченко және қазақ әдебиеті», «Ғасыр перзенті», «Мұхтар Әуезов творчествосы», «Жалғасқан дәстүр» атты ғылыми зерттеулер жинағы жарық көріп, мерзімді баспасөз беттерінде екі жүзге жуық үлкенді-кішілі мақалары мен сыни пікірлері жарияланды. Сыншының осы аталған еңбектерінде әдеби үдеріс пен әдеби тұлғалар, әдебиеттер байланысы проблемалары, әдебиеттің жалпы мәселелері, жекелеген шығармалар жайында да сөз болады.

Қазақ әдебиеті мен өнерінің 1959 жылы Мәскеуде өткен он күндігі кезінде «Мухтар Ауэзов» деген еңбегі Одақтың орталық баспасынан баслып шықты. Бұл еңбектің шығуы отыз бір жасар ғалымның есімін сол кездегі Одақ көлемінде жақсы танылып, өзінің танымал дығымен әдеби ортаға есімі мәшһүр болды.

Осы қыруар еңбектердің қатарына авторлық ұжым құрамында болып, ІХ-Х сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын, 1961 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихын» (2 том, 1-кітап) атар болсақ, бейнетті еңбектің орасан нәтижесін көре аларымыз шындық.

Әдеби сын, зерттеу еңбекпен айналысқан А.Нұрқатов 1950-1965 жылдар аралығында екі жүзге жуық үлкенді-кішілі мақала, бірнеше зерттеу кітаптарын, қос монографиялық еңбек жазып үлгерді. Әдеби сыннан шығармашылық жолын бастаған ғалым кейін парасатты әдеби зерттеулерге ойысты. Осы орайда сыншы-ғалым шығармаларын үш салаға топтастырып қарастырған жөн болды. Олар: 1) мерзімді басылымдарда жарық көрген әдебиеттің жалпы мәселелері, әдеби үдеріс, әдеби тұлғалар, әдебиеттер байланысы, жекелеген көркем шығармалар жайындағы ой-тұжырымдарын қамтитын әдеби-сыни еңбектері; 2) арнайы зерттеу нысаны тұрғысынан қарастырылған Шоқан Уәлиханов, Сәбит Мұқанов, Тарас Шевченко, Владимир Маяковский, Ғабиден Мұстафин жайындағы ой-толғамдары жинақталған зерттеулері; 3) Мұхтар Әуезов, Абай Құнанбаев шығармашылықтары кең ауқымда, жан жақты талданып, қарастырылатын монографиялардан тұратын әдебиеттануға қатысты еңбектері.

Әдебиеттанушы-ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішев Айқын Нұрқатовтың әдебиеттану ғылымы мен сынындағы ерекше орнына былайша тоқталады: «Айқын Нұрқатов – қазақ әдебиетінің өркендеу барысындағы бір қиын кезеңде қалам жебеп, қатарға қосылған дарын. Сол кездегі жалпы әуен-сарыны кейбір мақалаларынан аңғарылып қалғанымен, кейінгі кезде Айқын әдебиет сыны арқылы өзінің өнерпаздық дарын-қуатын бар ажар-көркімен таныта білді. Бүгінгі әдеби дамудың барысына үлес боп қосылатын туындыларды қошеметтеп күріш арасынан күрмек боп жүрген мәнсіз, дәмсіз шығармалардың дәрменсіздігін көрсетуден тайынбады. Жауынгер сынның алдыңғы сапында болды».

Айқын Нұрқатовтың ғылыми шығармашылығында көркем әдеби сын мен әдеби зерттеулер өзара ұштасқан сипатта болып келеді. Оның 1950-60 жылдары жазылған рецензия, сын мақлаларына арқау болған қаламгерлер шығармаларының кейіннен салмақты ғылыми зерттеулердің өзегіне айналғандығын көреміз.

Мысалға, А.Нұрқатовтың сыни мақалаларында шығармашылықтары сөз болатын М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, И.Байзақов, Х.Ерғалиев, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Т.Жароков, Қ.Аманжолов, З.Қалауова, Ж.Саин, Ә.Әбішев, Ғ.Орманов сияқты ақын-жазушылар мен С.Көбеевтің «Орындалған арман», Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды», Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», С.Шаймерденовтың «Болашаққа жол», М.Иманжановтың «таныс қыз», Д.Әбілевтің «Алтай жүрегі», З.Шүкіровтің «Менің достарым», З.Шашкиннің «Тоқаш Бокин», Ш.Айтматовтың «Жәмила» т.б. шығармалары кейіннен әдебиеттану саласының үлкенді-кішілі зерттеулерінде өзекті мәселе ретінде жан-жақты талданып, қарастырылды. Алғашында әдеби сынның нысаны болған қаламгер шығармаларының соңынан байыпты, сарабдал ғылыми зерттеулерге өзек болуы Айқын болмысындағы сыншылық сергектік, жүрдектікпен қоса ғалымдық пайым мен түйсікті аңғартып тұр.

Оның баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларына назар аударсақ сыншы нысанына алынған мәселелер өзінің ауқымдылық, ірілігін байқатады. Сол кездегі идеологиялық талаптардан туындаған «Қазақ совет әдебиетіндегі халықтар достығының идеясы», «Бағыт беруші ұлы идеялар», «Әдебиет сынының большевиктік принциптілігі үшін», «Өсуден туған талап», «Современная тема в казахской поэзии» сияқты проблемалық мақалалар, «Әдебиет сыны жайында», «Әдебиет тарихын зерттеу жайында», «Жанр табиғаты», «Жауынгерлік сатираны өркендетейік», «Көркем әңгіме туралы бірер сөз», «Поэзиялық шығармалардың аудармалары», «Қазақ совет әдебиетінің оқулығы жайында», «Ұнамды кейіпкер жайында» т.б. теориялық мақалалар, «Адамгершілік және әділеттің жыршысы», «Орыстың ұлы жазушысы», «Қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференция», «Ы.Алтынсариннің таңдамалы шығармаларының жинағы» сияқты әдеби хабарлар, «Маяковский шығармаларының аудармасы туралы», «Балаларға арналған шығармалар туралы», «Жемісті жол», «Ленин образы қазақ совет поэзиясында», «Қамал бұзған қаһарлы сөз», «Жастар әдебиетіміздің болашағы» үлгісіндегі әдеби шолулар, «Ерлік жыршысы», «Ақын мұрасы», «Асқақ дауысты ақын», «Ақан сері», «Халық жазушысы», «Майталман лирик» секілді портреттік мақалалар, «Екі дастан», «Жексен, «Ала-құла аударма», «Таныс адамдар», «Оянғандар туралы роман», «Идея және схема», «Алғашқы сөз» сияқты сын-рецензиялар сыншы қарымын айғақтаса керек.

Айқынның көркем әдеби сынның барлық жанрларында бірдей қалам тербеуі оның хас сыншылық қарым-қабілетін білдіріп қана қоймайды, сыншылық мақсатқа жету жолында жанрлық пішінді дұрыс таба алуы биік сыншылық талғамды, эстетикалық біліктілікті байқатады.

Айқын Нұрқатовтың сыншылық қызметі жайында академик Серік Қирабаев былай деп атап көрсетеді: «Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірде қазақ әдебиетшілерінің қатарын толтырған, әр жанрды игерген жастардың қатарында Айқын Нұрқатов бар еді. Әуелде өлең жазудан бастаған ол творчестволық талғамын әдебиет сыны мен зерттеу ісіне бейімдеп, осы жанрдың көрнекті өкіліне айналды. Оның сын мақалалары мен зерттеу еңбектері аз уақыттың ішінде оқырманын тауып, Айқынның есімін көпке таныс етті. Оның алғырлығы, талантты туындылары кезінде М.Әуезов, Қ.Жұмалиев сияқты көрнекті ғалымдардың назарына ілігіп, сыншылық қызметі Жазушылар Одағы мен «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналының маңында дамыды.

Жас сыншы алғашқы еңбектерінен байқалатын жалаң баяндау, құрғақ мазмұндау сияқты олқылықтардан тез арылып, әдеби өмірдегі елеулі құбылыстарға жүйелі, көркемдік талдау жасауға, осы арқылы байыпты, салмақты ой-пікір қалыптастыруға бет бұрғаны кейінгі еңбектерінен айқын байқалады. Ол С.Көбеевтің 1951 жылы жарық көрген «Орындалған арман» аталатын кітабына жазған мақласында педагог-жазушының бір кітабына пікір айтумен қалып қоймай, жазушының әдебиет тарихындағы орны мен шығармашылық тұлғасын да нақтылы көрсете отырып, қаламгердің жаңа туындысының көркемдік және танымдық ерекшеліктерін сараптап, талдауға бағыт түзейді.

Айқын Нұрқатов күнделікті әдеби үдерісте үздіксіз болып жатқан жаңалықтарға дер кезінде үн қосып ұшқырлық, сергектік танытатын шағын сын-рецензиялар жазумен шектелмей, әдебиеттің белгілі бір проблемалары жайында ой айтуға қолайлы әдеби шолу жанрында қаам тартқанды қалай көрген. Бұл тарапта 50 жылдардағы (ХХ ғ) қазақ поэзиясының даму бағытын, ізденістері мен іркілістерін таразылап, сараптайтын «Көрікті де көбеген поэзия» аталатын щолу мақалаланы ерекше баса айтамыз. Шолу мақалада сыншы поэма жанрының өркендеу жолына тоқтала отырып, ақындар өндіріс, Ұлы Отан соғысы, тарихи және тарихи-революциялық тақырыптарды жырлауда кемелдеене түскен Х.Ерғалмев, Т.Жароков, Д.Әбілев, Қ.Бекхожин, Қ.Жұмалиев, М.Молдағалмев, Т.Бердияров поэмаларының көркемдік сипатын талдай отырып, қазақ поэмасының тақырыптық тұрғыдан ғана өсіп қоймай, жанрлық жағынан да жетіле түскенін Ә.Тәжібаевтың «Портреттер», «Күйеулер», «Күзетші» поэмалары негізінде ашып көрсетеді. Поэма жанрының дамып, өркендеуінде Т.Ысмайылов, Т.Молдағалиев, Ә.Ахметов, І.Мәмбетов, А.Шамкенов сияқты кейінгі буын ақындарының өзіндік үлесін де қағыс қалдырмай, шын, әділ бағасын беретінін көреміз.

Сол жылдардағы қазақ лирикасының жай-күйін сыншылық біліктілікпен сауатты талдай отырып, Ғ.Орманов пен С.Мәуленов жырларының лирикалық табиғатына айрықша ілтипат танытады. Жас сыншының назарынан әдебиетке енді араласа бастаған жас таланттар Е.Ебікенов (Е.Ибраһим), Қ.Ыдырысов, Ө.Нұрғалиев, Т.Ысмайылов, К.Туғанбаевтардың көркемдік ізденістері де сырт қалмайды.

Осы шолу мақаласында А.Нұрқатов өсу үстіндегі қазақ поэзиясының басты кемшіліктеріне де тоқталады. Эпикалық шығармалардың кемшілігіне тоқталғанда, көптеген поэмаларда авторлар өздеріне шығармашылық қатаң талап қоймауы салдарынан көркем жинақтаудың орнына шұбалаңқылыққа ұрынып, көлем қуалап кететінін орынды сынайды. Ал лирика жанрына тоқталғанда: «Лирика жанрында біріне бірі егіздің сыңарындай ұқсас шығармалар жиі ұшырасып қалады. Бұл олардың авторларының суреткерлік ізденгіштгінің кемшілігін, өмір құбылыстарын ақын ақындарша өз тұрғысынан ашып көрсетуге икемсіздігін сездіреді», - деп лирикалық шағын туындыларда кездесетін кемшілік, олқылықтармен қатар, олардың негізгі себептерін де ашуға ұмыталады.

А.Нұрқатовтың әдеби, сыни бағыттағы зерттеулерін әдеби шығармашылық портреттер ретінде байыптап, қарастырғанымыз дұрыс. Шығармашылық портрет жөнінде сыншы-ғалым Д.Ысқақ: «Шығармашылық портреттің негізгі объектісі суреткер дегенде оның шығармашылығына ден қойылады. Өмірбаяндық, естелік, толғаныс, құжат сияқты түрлі мағлұмат-әдістер кеңінен қолданылуы мүмкін. Бірақ осының бәрі.. жазушының өзіндік болмыс-бітімін, өзгешілік сипаттарын ашуға қызмет етеді. Ал шығармаларды талдап бағалауда негізінен аналитикалық талдау тәсілдері қолданылады да, басқалары оған қосымша көмекшң әдістер болады. Шығармашылық портретте негізінен талдаушылық тәсілдің орыналуы – оның әдеби портреттің басқв түрлерінен ажыратып тұратын басты белгілерінің бірі - деп жазды.

Айқын Нұрқатовтың бұл тақілеттес еңбектерінің қатарына «В.В.Маяковский – совет дәуірінің аса таланттыақыны» (1955), «Маяковский және қазақ совет поэзиясы» (1957), «Сәбит Мұқановтың творчестволық жолы» (1956), «Сәбит Мұқановтың өмірі мен творчествосы» (1956), «М.Әуезовтің творчествосы» (1956), «М.Әуезовтің творчествосы» (1965), «Ғ.Мұстафиннің творчествосы» (1956), «Тарас Шевченко және қазақ әдебиеті» (1964), «Ғасыр перзенті» (1965) кітаптары мен Жамбыл, Иса Байзақов, Тайыр Жароков, Зейін Шашкин т.б. туралы зерттеулері жатады.

Айқын Нұрқатов Мұхтар Әуезовтің болашағынан зор үміт күткен сүйікті шәкірті болды. Қазақ әдебиеттану ғылымының қазіргі ақсақалы, академик Серік Қирабаевпен дос болды. Екеуі курстас еді. Әдеби, ғылыми-шығармашылық жолдарын да бірге бастады. Екеуі туралы ұлы суреткер М.Әуезовтің мына бір пікірін Серік Қирабаев былайша келтіріпті: «Айқын мен Серікті мен бөлмйемін. Екеуінің аяқ алысы жақсы. Білім, талғамы зор. Бейсенбай, Есмағамбет, Қажымдар сыннан алыстап бара жатқан кезде, кейбір сыншылар басқа басқа жанрға ауысып тұрақтамай жүрген тұста, екеуінің бірдей сынмен айналысуы маған ұнайды. Сынға тұрақты маман кадрлар керек».

Айқын Нұрқатов – әдебиеттану ғылымында жарқын із қалдырған «Абайдың ақындық дәстүрі», «Идея және образ», «М.Әуезовтің творчествосы», «Жалғасқан дәстүр» сияқты кемел пайым, ойлы тұжырым, тұрлаушы көзқарас, құнарлы пікірлерге бай зерттеулерін туғызды.

Осылардың ішінде ұлт руханиятындағы ұлы құбылыс Абай тұлғасын, оның шығармашылық әлемін, көркемдік дәстүрін байыптаған «Абайдың ақындық дәстүрі» еңбегінің орны ерекше құбылыс.

Әдебиеттанушы-ғалым, профессор Серік Негимов бұл еңбек жайында: «Әсіресе, ұлт мәдениеті тарихындағы Абай құбылыс Айқын Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» атты еңбегінде ұшан-теңіз әдеби-мәдени және тарихи деректер негізінде ғылыми-теориялық тұжырымдар өрбіткен. Реалист-ақын, ағартушы-гуманист, қоға қайраткері Абайдың ақындық дәстүрін жүйелі шығармашылық құбылыс ретінде және әрбір кезеңдегі жанды әдеби үрдіспен үйлесімді байланыстыра зерделеген. Адамзаттың заманауи ауқымды көркемдік мүлігі іспетті. Абайдың ақындық даралығы мен даналығының тағылымдық, танымдық көріністері, үлгілі, өнегелі жаңашылдық, бастамашылық қырлары, дәстүр сабақтары шынайылықпен терең, әсерлі баяндалған» деп атап көрсетті.

«Ұлы ақынның поэзиясы,-деп жазды Айқын Нұрқатов, – өзінің сан-салалы қырымен, тереңдігімен және полифониясымен құнды».

Абай жаңашылдығын сыншы: «Абайдың көркемдік форма саласындағы жаңашылдық ізденістері жайында сөз болғанда әрдайым есте ұстайтын бір ақиқат жай бар. Ол – Абайдың форма үшін форма іздемегендігі. Жалпы поэзияны еріккеннің ермегі деп білуге жан-тәнімен қарсы болған Абайк өркемдік формаға байланысты ізденістерге де қажет болғандықтан, саналы түрде ден қойды. Сөйтіп, Абайдың «өңкей келісімге» толы, «теп-тегіс жұмыр», яғни мінсіз форма үшін күресі оның реалистік жаңа әдебиет жасау жолындағы күресінің бөлінбес, ажырамас бір саласы болды. Ұлы ақынның жаңашылдығы ең алдымен оның бұрынғы поэзиялық дәстүрлерге, ауыз әдебиеті мен ақындардың шығармашылық тәжірибесіне деген қатынасынан анық көрінеді» деп тұжырымдады.

Осы жерде сыншының көркем дүниені бағалаудағы турашылдық, әділдік позициясына тоқтала кетсек. 50 жылдары (ХХ ғ) М.Әуезовтің «Абай жолы» романы әсіресе таптық позициядағы ұрда-жық, солақай сынның шабуылына ұшырады. Сол кезеңдегі әдеби-сын мақалалардың көпшілігінде әлі де теориялық ой биігі, интеллектуалдықсыр-сипат жетіспей жатты.

Тұжырымды ғылыми анық пайымдаулар, көркем шығарманы эстетикалық білім, талапқа сай қажетті принцип, шарттармен талдап, бағалау, кемшін соқты. Шығарманың шын мәніндегі халықтық, тарихи принциптерді сақтай отырып жазылғандығы ескерілмеді. Шығарманы ғылыми жағынан теориялық кең өрістілік танытып, көркемдік-эстетикалық жағынан талдауға барған әдебиетшілердің қатарында Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмайылов, Т.Нұртазин, М.Қаратаевтармен қатар А.Нұрқатовтың болғандығын айта кетеміз. Оның 1955 жылғы «Әдебиет және искусство» журналының №6 санында «Шындық және шеберлік» деген мақаласы жарық көрді. Автор бұл мақаласында: «Абай романдары жөнінде көптеген пікірлер айтылады, ал «Абай жолы» романы өзінің лайықты бағасын әлі күнге дейін толық алған жоқ» деп жазды.

Қорыта келгенде қазақ мәдениеті мен руханиятының көгінде жарқ еткен жұлдыздай қысқа ғұмыр кешсе де, айтулы еңбек сіңірген, телегей-теңіз пайым мен парасат иесі, білікті әдебиет зерттеушісі, әдебиет теориясының білгірі, қарымды да тегеурінді Айқын Нұрқатов соңғы демі үзілгенше «жорғадай төгілте жазды, ағыл-тегіл ой толғады, пікір қозғады, көп шындықты қопара көрсетті, халқына кітаптан соң кітап ұсынды (Академик Зейнолла Қабдолов).


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар