Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сағадат Ордашева. Бір дертті айтсаң...

19.06.2015 329

Сағадат Ордашева. Бір дертті айтсаң...




1328165939-1730.jpg



Бағзы әулиелер "Алланың айтқанын айт немесе Алланың айт дегенін айт" депті. Артық ауыз сөзбен жүрегін кірлегісі келмеген. Бүкіл өнер тумысында осы қағиданы тасалайды десем, мені діни фанат деп қаласыз ғой, білем. Ол, қай ғасыр еді, бір ғасырға жуық уақыт өтті, өнер Құдайдан бөлініп енші алып шыққан екен. Өнер тарихын ақтарсаңыз, біздің еніміздей еншілеген "измдердің" біздің топырағымызға жат ауру екенін түсінер ме едіңіз? Тек бізге сол теорияның тілі, адамды селмен зат көрмей ағызған нешебір "измнің" тілі тек - өзгенің топырағындағы өнердің өлшемін анықтау үшін ғана керек болып шығады. Ал, қазақ даласын алайықшы, аты аталып, түсі түстелмегені болмаса өнер нешебір "измді" бастан өткерді. Құдайдың атын атамай ақ Құдайдың затын тергеуге көшті. Рас, өнер осы тергеу ма дейсің.


Адам пенде, жеті қат жердің астындағы карцерде (зынданда) жатып иманы ұшады, Құдайының бетіне түкіруі мүмкін. Ақиқат өз жүрегін шарпымай өзгенің ақиқатына бас имейді. Федордың бүкіл шығармашылығы Құдайды іздеу, Левтің жеке басы тапқан тап тұйнақ кіршіксіз Құдайы оған не абырой? Лев карцерге үш күн, үш түн қамалып шықса еді, Федор өмірбойы замандасына осыны ұқтыра алмады. "Сенің құдайың маған абырой емес, мен өз құдайымды тапқым келеді" дегісі келген, деген шығар. Бірақ, сол Федордың хақ жүрегінің пәтуасын Левтің өмірінің соңында қаңғып өлген өлімінен кейін түсінген түсінді.


Анджелина Джули түсірген "Сынбайтын" ("Несломленный"), "Екі күн, бір түн", "Ида", "Левиафанды" көрген болсаңыз, өнер тарихының көп қабатты беттеріне үңілмеген де жақсы. Бұлар әлдеқашан, бір ғасыр ма, екі ғасыр ма екен, өнерден Құдайды ажыратып алған туындылар. Бірақ, бәрібір, өнердің арғытегін (архетипін) түстеген жан мұның бәрі Құдайға деген мадақ екенін жан дүниесімен сезінеді. Өйткені, бойға біткен жараны сығып шығармай оған нұр түспейді. Дүниенің көлеңкесімен (мұны катарсис дейді), түнегімен (түннелімен) жүріп өтіп алдыңнан жарқ еткен шапақтың құны қымбат.


Бүгінгінің сыншысы өнерді сол екен деп қалды. Өнер Құдайдан бөлек екен деп қалды.. Өнердің тақырыбы бір бөлек те, құдай туралы тақырып бір бөлек. Құдай туралы айту төмен саналылық. Теориялық тізбек тіркесті өзінің қазанбастай бес алты басынан бадам жауғырлары түсінбесе, өңге ешкім түсінбейді. Қаншама қағаз, қаншама ағаш оталып жатыр.


"Бөгелек" Этель Войничнің романы, әйел жазушысы. Федормен құрдас па, замандас па, әлде кейін туды ма, әйтеуір, Федорды қолтығынан демепті. Лев кептес Монтанеллиге (роман кейіпкері) Федор сынды Бөгелек "мына құдайың, Исус құдайың, не мылқау ма? Неге саған үн қатпайды? Ол бар жоғы бес сағат қана шегеге қадалып тұрды да, сосын өмірбойы христиандардың көсеміне айналды. Ал, мен бес жыл бойы қан құсып, терімнен тілінбеген жерім қалмады. Құладым қайта тепті, жұлмалап пергіледі, жұмысқа жекті, аштықтан есімнен айырылдым, жан төзбес жарақатқа қаншама жыл төзіп келемін. Маған неге сыйынбайсың? Я тоже воскрес! (Мен де қайта тірілдім!)" дейді.


Сіз уа мен көкке шығарып, құдайдың нақты мекенін сайлап қойған сіз бен мен, осы жерде қақ айырыламыз. Ежелгі дос болсақ та, тіліміз байланып түсініксіз күйге душар боламыз. Сіз өз құдайыңыздың орнын нақты көрсете алмай абдырап қаласыз. Өйткені, Мағжанның "Сұм өмір абақты ғой саналыға" дегенін бастан өткермей сізге ол нағыз шындық емес. Достоевскийдің бір жазушыға қаратып: "мына жігіт екі жыл түрмеде отырып шықса, нағыз жазушы болып шығар еді" дегені бар.


Этельдің кейіпкері қатты сөйлегенімен, шын мәнінде әлемді тәпсірлей алмас махаббатпен сүйетін. Мейірімді еді. Он ақылдыдан бір мейірімді артықтығын әрекетімен көрсететін. "Біздер, кешіріңіздер, осы сіздерді айтам, бұл менің сөзім, иә сіздерді айтам, мінбелік ақылгөй қарғыбау таққан мойындарыңызды айтам, қасыңыздағы қасіретті көрмей, бүкіл әлемдік глобальды проблемаға жан ауыртқан сіздерді айтам, мінбелік масканы лақтырыңыздаршы!"


Сонымен, Бөгелек адамға екі таңдау қояды, шын құдайды тап, немесе осы жалған Құдайыңмен жалған ғұмыр кеш. Анау құдайың жалған ғой, жалған. Өйткені, қандай да шындық, шыңына шықпаған шындық, әулиелер тағы айтады "таптым десең жоғалтасың, жоғалттым десең табасың" деп. Қандай да адамның тапқан шындығы тағы шындық емес. Левтің шындығы бес минут бұрынғы шындық. Осы қазір лүп еткен көңіліңе сумаңдап "Құдай жоқ болса ше?" деп күмән кіруі мүмкін. Әлеуметтік желіде "неге мен тапқан шындықты таппайсыңдар" сынды ақыл айтқыштар өте көп: "Мен тапқан шындыққа қараңдаршы, қалай жарқырап тұр?" "Құдайға әркім өз жеке басымен жетуі тиіс" (Т.Әсемқұлов). "Көктем, жаз, күз, қыс... тағы көктем" (реж.Ким Ки Дук) фильмін тағы қайталай қарасам, ақты көру үшін қараның, жақсының бағасын сезу үшін жаманның түсін көруім керектігін керемет түйсінем. Ақты көру үшін...


Айтпақшы, ақ демекші, Құдай тағала әйелді жаратты да, сосын "ана алмаға тимеңдер" деп тиым салды. Бірақ, әйел жеді алманы. Оны азғырды шайтан. Шайтан да періште. Құдайдың өзіне ғана аян бағдарламасы. Осы, жәннаттың қадірін тозақ болмаса айырар ма едіңдер деген формально салғастыру. Мәселенің бәрі осы жерден басталған. "Қиссасул әнбиеде" айтылғандай әйел осы қылмысы үшін, оның үстіне Құдайдың қалауымен, (есіңізде болсын "құдайсыз құрай сынбаған") он түрлі тиым салынады. Оның ішінде, әйел діннен бір табан мақұрым делінген. Әйелге жалғыз саяхатқа шығуға болмайды. Ерінің еркінен шығуға болмайды... т.б. сөйте тұра, бұл әйел тағы да қырық шырақты. Қырық жанды. Оның үстіне, әйелдігі үшін жазықты.


Біздің далалық төл өркениетімізде әйелдің абзал өнері кемістік көрген жоқ. Өйткені, Құдайды мадақтау әйел ерге бірдей парыз. Бірақ, сол баяғы, он кемістіктен кеткен пәле. Әйел еркекпен ешқашан тең емес. Дегенмен, құдай тағаланың жаратылысын мадақтау да, елдің бірлігін, тұз-дәмін келтіруде әйелге мол билік берілген. Домалақ ана, Гауһар ана, Ұлпан ана сияқты ел даналарының, күйші Дина апамыздың, Сара, Ақсұлу секілді ақын қыздардың "измдерінің" жолы бір бөлек. Сарадан Фариза өсіп шықты. Фаризадан жауқазындай көз қамаған өнершіл әйелдер өнді. Бәлкім, сол прозаның бастауын Фаризадан бастаған дұрыс шығар (Проза батыстың мәдениеті). Ақындық, шешендік, суырып салмалық, табан астында сөз табу бұл көрегендіктің, әулие тұқымның дегдар қалпы еді. Әу демейтін қазақ болмаған. Сонда, бүкіл қазақ әулие болған ба дерсің.


Нағыз жауапқа келейікші: Бірінші версия: Қазақ жазушы әйелінің жазу хақын Бейімбеттің "Раушан комунисі" мен Жүсіпбектің "Ақбілегі" заңды түрде алып берді. Олар бейсаналы түрде, әйелдің еркіндігін, теңсіздігін жоқтап, қоғамға, бүгінгі гендерлік қоғамға әйелдің теңдігін еріксіз алып берген жазушылар. Әйелдің жазушылығының тұсауын кесіп, оппозициялық партияда хаттама толтырып, мінбеден елдің атынан сөйлеуге үндеді. Елдің мүддесі, ұлттың мақсаты жолында өнерді жоқтау, Құдайсыздыққа қарсылық көрсетуді жынысқа бөлмеуді талап етті. Әйелге жазушы болу хақын Жүсіпбек пен Бейімбет алып берген. (Қызық екенсің өзің, қазақ әйелінде әйелдік қана хақы бар еді). Және көп кешікпей Роза Мұқанова мен Айгүл Кемелбаева туды. Жазушы әйелдер тізімі мұнымен тоқтамайды, айта кетейін, қазіргі әйел жазушыларды санасаң он саусақтан асады. Заря Жұманова, Шәрбану Бейсенова, Ділмәр Мамырбаева, Гүлзат Шойбекова, Шәрбану Құмарова, Мадина Омарова, Әсем Қоспағар, кейінгі жастардан Лира Қоныс, Бану Дәулетбаева мен Сәруар Қасым деген болған, Аягүл Мантай, Майра Фазыл... (ары қарай жалғастыра салыңызшы)


Екінші версия: Бұл сұрақтың жауабын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының "Хас сақ аңқымасы" әлдеқашан беріп қойған деп ойлаймын. Қазақ көшпенді халық. Көшкен сайын сыңсып әуелеген қазбен, саумалдай самалымен, көкорайлы желегімен, жүгірген аң, ұшқан құспен бақұлдасып, сағынышты мұңлы аңсарын жыр етіп, жырдай теңселіп көшіп жүре берген. Жыр көшпендінің санасына қатталып жазыла берген. Кеудесі көшкен сайын түлейтін қазақтың көкірек көзі ояу-ды. Қаңқ еткен күйді, әу деген әнді қақпақылдап алып кететін. Оқысын, есте тұтсын деп парақ парақ кітап қып жазуға уақыт сарп етпеген. Қан мен санамен ағып отырған бұл аңқылдақтық тек отырықшылыққа ауысқан тұста сөне бастады. Отырықшылыққа ауысқан тұста ғана қағазға басу мәдениетіне көштік. Содан бері, сезімнің түсі емес өзі, жүректің дерті емес сөзі жазылатын болды қағазға. Ал, әйелдер, миы озық технологиямен жарысып келе жатқан әйелдер прозасының кеңес жазушыларының аяғын ала бере туу табиғи нәрсе. Болуы тиіс фактор. Егер әйелдер прозасы неге кеңес дәуірінде түлемеді деп сұрар болсаң, неге еркектер прозасы тек кеңес дәуіріне барып ұшына шықты деп қарсы сұрақ қояр едім. Болмаса, неге жаза бастадық деп сұрақ қой? Болмаса, жазбасақ болмай ма деп сұрақ қой? Болмаса, жазбай жаттайық деп ұсыныс жаса. Болмаса, "бір дертті айтсаң, мың дертті қозғар" деп қай атам айтқан, айтшы?



Сағадат Ордашева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар