Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бакалавриат студенті монография жазды

04.06.2015 355

Бакалавриат студенті монография жазды


                                        

                                  10361034_377087262485023_1454974434870358438_n.jpg



2012 жылдары Арқалықтағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың жанынан ғалым, айтыскер ақын Айбек Қалиевтің жеке ғылыми мектебі құрылған болатын. Ғылыми мектептің негізгі мақсаты – ғылыми ізденушілік қабілеті бар студент жастардың шығармашылығын шыңдау, әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселелерді шешу. Осы мектеп құрылғаннан бері оның мүшелері біраз істің басын қайырды. Торғай өлкесіндегі ақындық мектеп, әліде игерілмей жатқан жекелеген ақын, жазушылардың шығармашылығы кеңінен зерттеле бастады. Осы жылдың басында  жас зерттеуші Батырлан Сағынтаевтың  «Торғай ақындарының антологиясы» атты ІІІ томдық зерттеу еңбегі шықса, бүгін жас әдебиеттанушы, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының 4 курс студенті, 2014-2015 оқу жылындағы түлегі  Елдос Тоқтарбайдың  «Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығы және эмигранттық кезең» (Генезис.эволюция.поэтика) атты монографиялық зерттеу еңбегі өз алдына дербес кітап ретінде жарыққа шығып отыр.



                          IMG-20150603-WA0097.jpg



Елдос Тоқтарбай – көпшілік қауымға мерзімді басылым  арқылы жақсы таныс жас қалам иесі. Оның прозалық шығармалары және ғылыми зерттеулері, әдеби сын мақалалары түрлі басылымдарда жиі жарияланып жатқанын көзі қырақты, зерделі оқырман жетік біледі.

Алты тараудан тұратын монографиялық зерттеу еңбегіне түрмеде жазылған шығармалар арқау болды. Қазақ әдебиетіндегі түрмеде жазылған шығармалар осы күнге дейін кешенді түрде зерттеліп, қолға алынға емес. Бұл зерттеу жұмысы осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында жазылды.

Ғылыми жетекшіміз Айбек Қалиев: «Әлемде өмір сүріп жатқан әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың әдебиеті сияқты қазақ әдебиеті де ұзақ даму жолынан өтіп, бағындырған белестерімен, алған асуларымен, жеткен жетістіктерімен жаңа ғасырға еніп кірді. Қазақ халқының басынан кешірген ауыр тарихына байланысты қазыналы әдебиетіміздің тапқаны да мол, жоғалтқаны да жетерлік. Қазақ әдебиеті айсберг тәрізді, осы уақытқа дейін жарияланып, зерттеліп, халыққа танылған әдеби мұрамыз қаншалықты көп болса, тұңғиық тереңде жатқан асыл қазынамыз айсбергтің су астындағы бөлігіндей одан әлденеше есе көп. Әсіресе, әріге бармай-ақ, қазақ этносы қалыптасқан ХҮ ғасыр мен қазақ әдебиетінің кеңес дәуіріне дейінгі аралықта қаншама ашылмаған аралдар жатыр. Сондықтан да, осы уақытқа дейін қазақ әдебиеттану ғылымының назарынан тыс қалып келе жатқан әдебиетіміздің ақтаңдақ беттерін қалпына келтіріп, қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан ақын-жыраулардың, ақындық мектептердің асыл мұрасын архивтер мен жеке мұрағаттарда шаң басып, сарғайып жатқан жерінен тауып, шаң-тозаңнан арылтып, қағып-сілкіп, құм астынан тауып алған асыл тастай жарқыратып халыққа ұсыну –қазіргі әдебиеттану ғылымының ең өзекті мәселесі деп есептейміз», – деген еді. Осы пікірден алшақтамай, монографияның жазылуы жайлы айтсақ, әлем әдебиеті контексінде түрмеде жазылған шығармалар әлдеқашан зерттеліп, арнайы цикл ретінде ғылыми айналымға түскені белгілі. Түрме шығармашылығы туралы Елдос Тоқтарбай: «Түрме – абақты, қапас, зындан. Түрмеде жазылған шығармалар – тағдырлы шығармалар болып саналады. Түрме шығармашылығы деген түсінік қалай пайда болғанына түсінік берейік, түрме шығармашылығы – қоғамдық саяси өмірдің кері құбылыстарынан, яғни, саяси идеологияның салдарынан пайда болған тарихи ірі оқиға»,  – дейді.

Жас зерттеушінің монографиялық жұмысына  ҚР Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов атамыз алғы сөзін жазса, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, көрнекті ақын Жадыра Дәрібаева, сыншы-ғалым Құлбек Ергөбек, жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт сынды аға буын өкілдері  оң пікірлерін білдіріп, қолдау танытқан. Белгілі алаштанушы ғалым,  филология ғылымдарының докторы, профессор  А.С.Ісімақова , филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Ж. Пірәлиева, саяси ғылымдарының докторы, профессор Г.С. Сұлтанбаева , филология ғылымдарының кандидаты, профессор Л.М. Әділбекова , филология ғылымдарының кандидаты, доцент  Қ.Б. Сарбасова  сынды ғалымдар ғылыми бағаларын беріпті.

Монографияның өз алдына дербес кітап ретінде жарыққа шығуына демеушілік жасаған көрнекті балалар жазушысы, «Баянжүрек» баспасының директоры Арасанбай Естен ағамыз. Бір ескерерлік жайт, бұрын-соңды қазақ әдебиетіндегі түрмеде жазылған шығармалар зерттелмегендіктен, жас әдебиет зерттеушісі осы мәселені оңтайлы шешіп, олқылықтың орнын толтыруға тырысқан. Зерттеу жұмысында тарихи кезеңдер жағынан қате  болуы әбден мүмкін. Бірақ, бұл – алғашқы шығарылымы. Автордың айтуынша, алдағы уақыттарда бұл зерттеу  жұмысы өзінің жалғасын табады екен.Таяу күндері жас ғалым «Үзілген жыр»,  «Үзілген ән»,  «Сотталған шығармалар» атты бөлімдерден бас құраған  «Тағдырлы шығармалар» атты түрмеде жазылған шығармалардың антологиясын жарыққа шығармақшы. Тәңірі сәтін салсын!

Монографиялық жұмыс Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының белгілі әдебиет зерттеушісі Айбек Қалиевтің ғылыми мектебі үйірмесінің жанында  жазылып, баспаға осы аталмыш институттың педагогика және филология факультетінің оқу-әдістемелік кеңесі ұсынған. Жұмыстың қорғалуына М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жетекші ұйым болды. Жұмыстың жалпы редакциясын басқарған, ғылыми жетекшіміз, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айбек Қалиев ағамыз.



Көбей  Жетібай,

жас әдебиеттанушы

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар