24 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Нұрлан Қалқа: "Тау секiлдi қуанып, жылап қалам"

28.05.2015 389

Нұрлан Қалқа: "Тау секiлдi қуанып, жылап қалам"



ОТАН-АНАМ


Қандай ыстық ана деген әркiмге,
«Құлыным» деп отыратын әр күнде.
Бесiк болып тербетіліп тыныштық,
Бейбіт өмір әлдилейді әр түнде.


Отан-анам, қасиеттi шаңырақ,
Құшағыңа құлаймыз бiз жамырап.
Қазақ болсын, басқа болсын бөлмейсiң,
Жайқаламыз өн-бойыңнан тамыр ап.


Табиғаттың білсең, шексіз байлығы,
Өлшенбес-ау ештеңемен әй, құны!
Анам – ол да, нәзіктіктен жаралған,
Қуанышы бар ғой оның, бар мұңы.


Жер-ананың құт таралар бойынан,
(Кім болсаң да қадірін біл, тойынба!)
…Топырақтан жаралғанбыз пенде боп,
Дәм бiткенде алар қайта қойнына.


Ғазиз ана, ардақты ана, асылым,
Бiр Аллаға, сосын саған бас ұрдым.
Елбасы да сенен кеше туылған,
Бар әлемге елдiң даңқын асырды.


Төрт ананың қамқорлығын тең көргем,
Төрт ананы жатсынбастан тең емгем.
Төрт ананың киесіне қалмағай,
Ей, болашақ, аманатым сеңдерге!



АНА ТІЛІМ


Ана тілім – ар-иманым, адамдығым,
Келешек жоқ онсыз маған, қараң күнім.
Ана тілдің киесі мен құдіреті,
Арқалап жүргендігім қалам жүгін.


Ана тілім – ар-намысым алаулаған,
Тіл жоқ жерде кең дүние тар-ау маған.
Өзге тілде сайраса да, азап қой бір,
Өз тілін білмегенге қарау маған.


Ана тілім – елдігімнің уығындай,
(Қам жемеген болармын бұрын мұндай).
Тілім барда – қазағым бар, Отаным бар,
Асқақтатам туған тілдің Туын ұдай.



ЕР МАХАМБЕТ



Қор қылдық-ау, асылдың алтын басын,
(Бiлем мәңгi Рухы басылмасын).
…Бiр кездерi қапыда қалғып кеткен,
Азалауда батырын жасын-ғасыр…


Алмас қылыш қынынан суырылмай,
Қас-қағым сәт, батырды сұмдық ұрды-ай.
Жат жерлiк жау ала алмас баһадүрді,
Туыс боп кеп жұлыннан жұлды құдай.


Қазақ десең жұртыма сөз келедi,
Ұлтым – арлы, пиғыл сан өзгередi.
Ол – Ықылас кейпiнде келдi сол күн,
Ар сотына тартылар кез келедi.


Ер Махамбет, Махамбет, арысым-ай,
Жаңғырып тұр жадымда дауысың-ай!
– Қайран халқым!..
Соңғы сөз, қайсарлығың,
Басып кеттi табанда жаумысын-ай!..


Нарын желi соғады жоқтап ерiн,
(Қапияда қалған ед тоқтап демi).
…Сардаланы әлдилеп жыр мен күйi,
Рухы ердiң жебеп жүр жалпақ елiн.



АБАЙҒА ЖҮГIНУ


«Өзiңе сен, өзiңдi алып шығар,
Еңбегiң мен ақылың екi жақтап».


АБАЙ


Мен бiлмеппiн алданып қаларымды,
Бiр кейiстiк жауларын қабағымды.
Өзiм ғана арқалап кетсем деймін,
Жүректерге түсiрмей нала-мұңды.


Мен бiлмеппiн аяқтан шалар мыңды,
Күлiп тұрып кей досың тағар мiндi.
«Кең болсаң – кем болмайсың»
дейтін анам,
Айтып қайтем аздан соң тарар мұңды.


Мен бiлмеппiн көңiлдiң алалығын,
(Аңқаулығым, әлде, бұл адалдығым).
Кім кiнәлi: тағдыр ма, адамдар ма?
Көрсетті ғой дүние жалғандығын.


Мен бiлмеппiн пенденiң көп қылығын,
Тасадан-ақ тастарын дөп құрығын.
Сенгiш көңiл секемшiл күйге түскен,
Үзе жаздап сенген жан дәп жұлынын.


Ойлаппын ба, Абайға жүгiнем деп,
Жауһар жырлар жатыр-ау бүгiн емдеп.
Ақыл–досым, сенгенiм–адал еңбек,
Налымаймын арқалар жүгiм көп деп,
Қайта-қайта Абайға жүгiнем кеп.



ӘНШI-ҚЫРАН


Әуелеген ән қандай, дауыс қандай,
Сарыарқаның желiмен жарысқандай.
«Хорлан» әнiн салғанда – Темiрболат*,
Ғашығымен күй кешер табысқандай…


Әншi-қыран, қазақтың хас таланты,
Алты Алашқа өнерi, астам аты.
…«Тоғыз жар» деп, «Үш дос» деп
шырқап өткен,
Мәңгi өмiрi әншiнiң басталады.



*Темiрболат Арғынбаев



ЖЕТІСУ – АЛТЫН БЕСІК


Төржайлауым – Шәлкөде, Құр-Қарқара,
Хас сұлудың бөркiндей тұр Қарқара.
Мың жылқыда дәм татып балқымыздан,
Шертсем деймiн шiркiн-ай, сыр қалқама.
Белден келер шiлдеде жасыл шалғын,
Жасыл шалғын төсiнде асыр салдым.
Шарын ассам, қол бұлғар Қулық тауым,
Желкесiнде тұрғандай ғасыр-шалдың.


Талай-талай сай-сала, тауыңды астым,
Сар даламды мұншалық сағынбаспын.
Жер жаннаты – Жетiсу – алтын бесiк,
Пейiш iздеп сен барда сабылмаспын.



БҰЛ АХАҢДАР…


Бұл Ахаңдар*ана тiлiн арда емген,
Сөзге шешен, iске мығым, нар келген.
Елiм деумен «етiгiмен» су кешкен,
Аманат боп бiр Аллаға жар деген.


Бұл Ахаңдар уызына жарыған,
Намыс оты тұла бойын жаныған.
Ұлт байрағын асқақтатып өттi Ер,
Азап тартып, айырылса да жанынан.


Бұл Ахаңдар бүгiн бейне аңыздай,
Үнсiз жатыр кәрi-тарих қазылмай.
Сенсең балам, көңiлiм-күз, жаным-мұз,
Ахаң жайлы шындық-дастан жазылмай.


*Ахмет Байтұрсынұлы



АУЫЛҒА БАРДЫМ


Ауылға бардым, анамды көріп, қуандым,
Көңілім босап, әкемді көріп, жұбандым.
Туыстар келіп, арқа да жарқа, ән салып,
Атап өтілді туған үйімде туған күн.


Ауылға бардым, ауасы қандай, тұп-тұнық,
Қулықтан* келер бұлағы қандай, сұп-суық!
Тауларым қандай, күзетіп тұрған ауылды,
Аспаны қандай, шөкімдей бұлт жоқ, тып тымық.


Жылысай барып, дәм таттым аға үйінен,
Тірлігін көріп, қуандым іштей, сүйінгем.
Қайқыны асып, құдаға барып, жыр оқып,
Серпіліп қалдым, арылып сұп-сұр күйімнен.


Ауылға бардым, бата алдым абыз ападан,
(Жүрсемші енді қалмастан көштен,
қатардан).
Кегеннің желі шашымнан сипап, сергітті,
Қуат ап қайттым ауылға барған сапардан.


* тау аты



БАРЫП ҚАЙТТЫҚ
САТЫҒА


«Көп жылдар баруға болмай жүр мұрсатым,
Өзгерген дейді ғой ерекше бұл Сатым».


Ерұлан БАҒАЕВ

Барып қайттық сіз жырлаған Сатыға,
Ғажап екен табиғаты, аты да.
Қанық елің өзің жазған жырларға,
Қанық жастар өзіңдей ер атына.


Бұлақ ағып, гүлдер жайнап, құлпырған,
Тамаша ғой Сатың, шіркін, жыр тұнған!
Білетін ем оны ақын жырынан,
Білетін ем оны тек мен сыртынан.
Барып қайттық сіз жырлаған Сатыға,
Ауылдасың мін тақпайды атыңа.
Сатылықтар жатқа оқып жырыңды,
Кеш өткізді шабыттарын шақыра.


Ұмытпапты өзіңізді достарың,
Жыр кешіңде бәрі қосты бастарын.
Жұмақадыр, Бәтималар сөйледі,
Сығып тастап сағынышты жастарын.


Сезіпсің-ау, Саты ғажап өзгерген,
Гүл жамылған сай-саласы кез келген.
Қонақ келсе қойын сойып тастайтын,
Жомарт пейіл адамдарын көз көрген.


Барып қайттық туған жерің – Сатыға,
Қанық болдық сенің жақсы атыңа.
Біліп қайттық сол сапарда жан аға,
Қадіріңнің барын туған халқыңа.
Барып қайттық туған жерің – Сатыға.


…Қайран ақын аңсап өткен Сатысын,
(Күрсінтеді жыр оқымай жатысың!)
Туған жерге тимегенмен табаның,
Туған жерге жетті жырың – бақ құсың!



ТАУДА ТУҒАМ


«Тау баласы тау секiлдi қуанып,
Тау баласы тау секiлдi жылайды».


Тұманбай Молдағалиев


Таңғажайып өңiрде, тауда тудым,
Таңғы шыққа анашым бетiм жуды.
Төр жайлауда кiндiгiм қалған мәңгi,
Ағыл-тегiл жыр жазар өнер қудым.


Тау секiлдi мiнезiм, ашық кейде,
Көңiл – шалқар, қабағым – жайлау бейне.
Ойым – бұлақ, қанбассың ұрттап көрсең,
Кей қылығым жасырман оңған жейде.


Тау секiлдi қуанып, жылап қалам,
Мен мұңайсам сарғайып жатар далам.
Мауқым мүлде басылмас қанша кезсем,
Тау болмаса мәнсiз ғой мынау ғалам.


Тау басына шыққандай түс те көрем,
Хантәңiрi, Қулық тау, ғажап төрең.
Ақтарылар жырларым бұлақтайын,
Таудай талап бойымда, биiк сөрем.



ТАУЛАР, ТАУЛАР


Таулар, таулар, тұрғанын-ай тұнжырап,
Қиылған тал күрсіне ме құн сұрап?!
Табиғаттың назасына қалдық па?!
Көкейімнен кетпей қойды бұл сұрақ.


Таулар, таулар, тұрғанын-ай түнеріп,
(Халін оның сұрап жатыр кім келіп?!).
Қайыңдар да жетімсіреп қалғандай,
Жапырағы түсіп жатыр бүктеліп.


Таулар, таулар, тұрғанын-ай жатырқап,
Қапалы ма үнсіз жатқан атырап?
Тау самалын аңсам кеуіп сағынам,
Сарыарқаның құшағында жатып ап.



ЖҮРЕК ТАЗА


Жүрек таза, ниетім де ақ қардай,
Ойлап көрсем, кінәм жоқ-ау батпандай.
Еш пендеге жасамаппын өктемдік,
Сенсең, досым, пиғылым да ақ таңдай.


Қуанамын біреу жетсе табысқа,
Тілеулеспін түскен болса жарысқа.
Көріп келем пешенеме жазғанын,
Жүгінемін адалдыққа, намысқа.


Ұрпағыма тимесе деп кесірім,
Жасай салам кейбір жанға кешірім.
Балаларға қалмаса да мол байлық,
Жақсы ісім тигізсінші септігін.



АЙДАНАМ – АЙБЫНЫМ


Аппақ әлем, ақ уыз, аппақ гүлiм,
Сен жүргенде таң күліп, атпақ күнiм.
Еркелете бермеймiн күнде сенi,
Артық етпес қойсам мен мақтап бүгiн.
Тұма бұлақ, ақ қайнар, айдынымсың,
Ата-бабам көмбесі – байлығымсың.
Жаның таза болсыншы, қолың таза,
Сонда ғана Айданам – айбынымсың.



СЫНЫПТАСТАР –
ҚИМАС ДОСТАР



Сыныптастар қайдасыңдар,
Достық әнін салатын.
Жаныма кеп жайғасыңдар,
Сендерсіңдер қанатым.


Сыныптастар бала күнгі,
Сендер сондай қымбатсыңдар.
Жинаймыз деп лала гүлді,
Дала кезіп, түн қаттыңдар.


Сыныптастар – қимас достар,
Көрмегелі неше заман.
Сыныптастар – сыйлас достар,
Бас қосайық кешке таман.



ЖАЗА


(Баллада)


I



Адамды адам алаласа оңбайды,
Түбінде ол опық жейді, сорлайды.
Сондай халге душар болған дәрігер,
Әлі күнге ұлын іздеп жоқтайды.


Жырлайын мен болған жайды бір кентте,
Ұмыт қалмас үшін сол жайт құр текке.
Дәрігердің қатыгездеу қылығы,
Салмақ салған иманды әр жүрекке.


Бірде болды адам сенбес уақиға,
Кете барды жап-жас бала бақиға.
Ажалменен арпалысқан боздақты,
Безбүйрек бір дәрігерге тап қылған…



II



– Ағатай! – деп кіріп келді бір кісі,
– Құтқара гөр!..
Қашып кеткен түр-түсі.
– Бала қақтым, құтқара гөр, дәрігер! –
Деді байғұс тым суыттау жүрісі.


Жас медбике есік ашты жүгіріп,
Сасқан адам бір шығады, бір кіріп.
Қапелімде өзі қаққан баланы,
Емханаға әкеліпті үлгеріп.


Жүргізуші шыр-пыр болып, жылап тұр,
Ал дәрігер қол еңбегін пұлдап тұр.
– Білесіз ғой, қол байлайды жоқшылық, –
Деп жұқалап, одан пара сұрап тұр.


– Құтқара гөр!
Не сұрасаң беремін,
Қазір барып қаржы жиып келемін.
Мына бала көк өрімдей екен-ау,
Құтқара гөр, тауып келем керегін!


Аямаймын, сұрағанды берейін,
Бір Аллаға, сосын сізге сенейін.
Жас баланың жанын ап қал, дәрігер,
Міне, кеттім, көп ұзамай келемін…



III



Жалпағынан басып тұрған жалғанды,
Дәрігер ше… көрмеді кеп баланы.
Медбикеге тапсырды да науқасты,
Бөлмесіне жылдам кетіп қалған-ды.


Білмеді кеп жасөспірім жағдайын,
(Енжарлықтан тартарын да сазайын).
Есін білмей, бала жатты қансырап,
Азап шеккен қасіреті аздайын.


Тездетпесе жағдай ауыр, біледі.
Медбикелер дәрігерге кіреді.
– Қазір барам, күтсеңдерші сабырмен, –
Деп тіл қатты шымыр етпей жүрегі.


Қайран боздақ, әлсіреді, қан кетті,
Соры болар, имансыз жан тап кепті.
Күрессе де ажалменен қаншама,
Демі бітті, кеудедегі жан кетті.


Күйзелген жан енгенінде бөлмеге,
Бұрын-соңды мұндай азап көрмеген.
Дәрігер жоқ, бала жансыз қалыпты,
Тұла бойын ашу-ыза кернеген.


– Лағынет атқыр!..
Ботадайын боздады,
Жас балаға Алла ғұмыр жазбады.
Зыр жүгірген шарасыз боп медбике,
Ал дәрігер көмек қолын созбады.



IV


Ол келгенде кенет болды бір жағдай,
Қарап қалған барлығы да кіл барлай.
– О, құдайым, не жазып ем мен саған! –
Деп дәрігер басын ұрып, тұр зарлап.


Құлқын қамын күйттеген бір пенде,
Күңіренді, қайғы құшты бірдемде.
Құтқарып та қалар еді баласын,
Заматында келіп халін білгенде.


Кеш, кеш енді, амал қанша, кеш бәрі,
Дәрігерді жеп қоярдай, өш бәрі.
Берген антын ақтамаған пендені,
Мүмкін емес тірі жанның кешпегі.


Ниет-қанжар қадалды кеп тәніне,
Парақорлық нүкте қойды бәріне.
Өз баласын арашалап қала алмай,
Ұшырады қатал тағдыр кәріне!



Астана


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар