Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Төлеген Меллат: "Бір Құдайдан былайғыны көзге ілме..."

25.05.2015 368

Төлеген Меллат: "Бір Құдайдан былайғыны көзге ілме..."



11267629_512928362189334_322743502_n.jpg


 

Оралу

 

Бұл шеткері бақта,

Тыныға алар ма екем.

Бұлтсыздық сірә, қай жақта,

Ей, бағзы мекен!

 

Ауама аңқытты кімдер,

Бейтаныс әпсаналарын.

Мінеу бір шешексіз гүлдер,

Менің бастамаларым.

 

Қолына ап қара ноқтасын,

Біреулер желігуде ме.

Кеміріп қара ағаш басын,

Жалғыз жүр елігім неге.

 

Қуыма қоспапты қосақ,

Қанатын қалай ол жайсын.

Сүйектен сыбызғы жасап,

Баурымды езген бұл қайсың.

 

Ей, Ауыл! сенбісің әлде,

Миымды мазалай берген.

Сөнді ішім, көнді ішім әлде,

Тек сенің ырқыңа ерген.

 

Қаңғырған бұлттардан оқып,

Өзіңді отырмын неге.

Қаңбақтан жіберген тоқып,

Мен дағы жетім бір кеме.

 

Мендікке сызылған сызу –

Әлі де көп жерге барам.

Бағымнан жел тұрса түзу,

Түбінде оралам саған.

 Ауыл...

 

 

 

Қызыл қамшы

 


Жылқыда жүзден бір, мыңнан бір,

Тұқымы тұлпардың.

Ал адам жүзден жүз, мыңнан мың,

Сұңқар кіл.

Туада тұлпарсың,

Тұяғың жаншылса кейіннен жаншылды.

Жоғалтқан шығарсың,

Қызыл қамшыңды...

 

 

І   


Жаднама

                      

                                     

«Ішім өлген , сыртым сау!»

Абай Құнанбаев


 

Соқ дабылды, Сақ ұрпағы,

Салтанат құр рух биі!

Мен аңсаған әлеміме жетеле,

Менің жаным еркіндікпен етене!

Бұйдаланба буалдыр бұл мезгілге,

Бір Құдайдан былайғыны көзге ілме.

Күлтегінге қашалған,

Орхонға ойып жазылған,

Аспан текті арманыңды есіңе ал.

Күлігіңе қонғаныңды есіңе ал.

Құланжалын құс жолына таратып,

Маңдайына темір қазық қадатып,

Кекілін айға сүйдіріп,

Тұяғын оттай күйдіріп,

Күн түбіне барғаныңды есіңе ал!

Құлдық ұрып құйттай қиыршығына,

Ант етіп қылтандайын шырпыға,

Ана дала ұрпағы-ау,

Жал үстінде тудың да,

Қом үстінде есейдің.

Сен мызғасаң қоламтаңды кімнің қолы көсейді.

Кешегі анау бабаның,

Сахаба текті сардары,

Құдайы ғана қорғаны.

Бүгінгінің кіндік тұста «иманы»,

 Салтанаты, бар санаты, жиғаны.

Көрпесінің жылылығын ұлықтап,

Өлкесінің ұлылығын ұмытқан.

 

уа, Ғұн ұлы, күн ұлы!

Көкжиегін кеудесімен күзеткен.

Еміренсе тоң жібіткен ізетпен.

Ашуынан ай үріккен,

Татуына май іріккен.

Адырнасын алты құлаш создырған,

Атқан оғын отпан шыңға оздырған.

Қабағында күн батып,

Кірпігінде таң атқан.

Еңселігі сүйемдей,

Шекелігі шоқпардай.

уа, дүрия! Дүрлерім!

Тек, тұрқымды түгендеп жүр кім менің?!

Сарқытың ба, садағаң ба мына жұрт,

«Жаңа», «Шала», «Келген», «Кеткен» білмедім,

Тегім менің кім дедім.

Алдаспаның аспан тіліп,

Бұздығаның бұлт көшірген даңқыңды,

Табаныңның астында ,

Жеті құрлық жиырылған даңқыңды,

Жұмыр жердің биі болған даңқыңды,

уәй, мына мауыққан маймыл бастылар,

Тас еденнен іздеп жүр,

Ғимараттан іздеп жүр,

Жиған  аттан іздеп жүр.

Шаранасын некесіз шайқағанды «Біз» деп жүр,

Тасың түгіл тауыңды жайпағанды «Сіз» деп жүр,

Әр тайсада «қартаймай» сыланғанды «Қыз» деп жүр,

Көлеңкені «Құз» деп жүр,

Өлексені «Тұз» деп жүр.

 

Қайда, қайда кешегі,

Кербез, керім Келіндер,

Сүт бетінің дидары,

Суды ұялтқан Бегімдер?!

уа, Қайда құт құрсақ, жақұт жатыр аналар,

Ақ кимешек астында ар күзеткен даналар.

Сенен де көшті бір бақыт,

Жаулығыңды жұлмалап,

Ақ шашыңды тұлдатып.

 

ей, Еңсегей елдің ұланы!

Есіңе ал тегіңді іздесең,

Айбатыңды айға асырған,

Ерліктің алтын жырларын.

Сақ пен Скиф түсында,

Днепр мен Днестр табаныңда тұрғанын.

Үйсін, Қаңлы, Алан боп,

Қорғады туған құндағын.

Ұлыс пенен ру тұсында,

Осынау дала тұлпардың тұяғында тулады.

Хандықтардың тұсында,

Кеудесі керім далаңның кек, антымен шулады.

Керей мен Жәнібек тұсында,

Қауашақ атың бүр жарды,

«Қазақ» деп хандық құрғанды,

Басыңа бағың тұнғанды.

 

уа, Бес ғасыр, бес ғасыр!

Есемді берген дес ғасыр.

Есіп бір енді сөйлейін,

Қаршыға құстың тілімен,

Боз жусанның нілімен.

Керей, Жәнібек бабамның,

Байрақ етіп атағын,

Бақан етіп сақалын.

Қасымдай ердің жолымен,

Есімдей дүрдің ізімен,

Тәукедей текті тіл қатып,

Абылайдай арыстың ақыл демін аңқытып,

Кененің кеткен кегіне ,

Қанымды қосып бір қасық,

Қобызымның үніне,

Жүрегімді сыздатып.

 

беу, Құлын сөзім құдай бар!

Запыран зарым ұнай қал,

Көше жады қызым мен ірің көзді ұлыма.

Ындындарын семірткен,

«Шайтанхана» шуына.

Жемсауына жинаған,

Қарашаның обалын,

Қолқасына тығын бол,

Құзғын құлқын қоғамның.

беу, Тылсым жыр, сілкін бір!

Қанында болса қоздатшы,

Бойында болса боздатшы,

Бұйыққан менің рухымды.

 

я, ЖАРАТҚАН, ЖАППАР ХАҚ!

Жайнамаз еттім жырымды,

Жаназам еттім мұңымды,

Қаламап едім сынуды,

Қалаған едім ұғуды.

Құлқынмен бірге құрымай,

Ұлтыммен бірге тынуды.

Тамшыдай жаным мөлт еткен,

Кірпіне оның ілулі.

Ойсырап жұрттан жан шырай,

Қамшыдай ғұмырым бүгілді.

я, РАХМАН, РАББЫМ!

Таңыма жалға түнімді,

Рухымның менің ұлтымның,

Шалқайған басын шыңға оздыр,

Еңкейген басын ете көр,

Сәждеге ғана сұнуды.

 

 

II


Қазақстан


«Көктем де келді, мінеки, Қазақстанға!

Мен сенбеймін Қазақстанға сенгеннің

басынан базар ұшқанға!»


Төлеген Айбергенов


 

Жартасында жаңғырыққан зар ғұмыр,

Жусанына сіңген қаным алқызыл.

Арилерден әлдилеген,

Фәнидегі жалғызым!

 

Ықылымнан сыр хаттаған,

Рухымды құндақтаған,

Мың жылатып, мың жұбатып,

Кірпігімді құрғатпаған,

Жалғызым!

 

Қыналы бел, көк балбалым,

Зәу шыңдарым, шатқалдарым,

Сендерсіңдер опалы ұлдың,

Отан атты Жоқ пен Бары.

 

Лайласа кім киең ұрар,

Ардың аппақ бұлағысың.

Қара қазақ баласына,

Жасыл шардың жұмағысың.

 

уа, Жалғызым, жалғызымсың!

Жалғыз тілек, жалғыз үнсің.

Жалғыз мағына, жалғыз әспет,

Жалғыз арқау, жалғыз күнсің.

 

Айналғанда даңқың нұрға,

Асқарыңа талпынуда, өренің,

Пайғамбардай беделің.

Көлеңкелі қастарыңның

Сыбағасы төр емсесе – көр өлім!

 

уа,құндағым, құт бесік!

Жаппарынан жарылқанған жалғызым,

Тәу еттім мен Тәңірге,

Топырағыңнан татқанымда нанды үзім,

Маңдайыма жаққанымда таң нұрын,

Бақыт болып бақтарыңда қалды ізім!

Жалғызым!

 

 

 

Иссіз раушан гүлі



(Мұрат Шаймаранға)

 

Бағзы қаланың жаңарған көшесі,

Домино күнқағары астында қалғыған суретші.

Шығандай бергенде ұрандар,

Қоңыраулатқанда храмдар -

Кірпігін қағады тынымсыз.

 

Оянды ол бір шоқ раушан гүлінің исінен,

Сәлден соң әсем гүл ырғалды қағазда,

қытықтап қыздың қыр тұмсығын.

Аяқталмады құрма ағашының суреті,

Иә бәрі ұйқылы кезіндей болар ма?!

 

 

 

Есеңгіреу

 


Қорқа-қорқа достастым ,

әкесімен үрейдің.

Қашып шығып қара үйден, қопасына түнеймін.

Жаңғырып та қоймайды жан дауысыма Жартастар,

Сұрамаймын - Тілеймін!

 

Бір іздесе дос іздер,

Мен жоғалып кетті деп.

Үрей билеп жарылар кеудемдегі от жүрек.

Жарылмаса шығармын қопасынан «досымның»,

Тағы келіп тұрармын Жартастарды тепкілеп...



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар