Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Шархан Қазығұл. Келешектен келген Кекілбаев

21.05.2015 359

Шархан Қазығұл. Келешектен келген Кекілбаев


7753035eb1c554edddbcbc5c3910c35f.jpg


Басың жерге тигенше жарық дүниенің бүкіл болмысын түсініп үлгіресің бе?! Дүниені былай қойғанда, адамның өзін өзі тануы үшін жалғыз өмір жете ме? Дау жоқ, арши түскен сайын жұмбағы жұмыртқалай беретін тылсым тұңғиықтың түбіне жету тіпті мүмкін емес. Адамды, Болмыс атаулыны жүрегімен зерттеуге ынты-шынтысымен шын берілген ғұламалар ғана Жаратылыс құпиясы құпиялардың құпиясы екеніне анық көз жеткізеді. Бұл қияметқайым кей тұста еш нәтиже бермейтін мешіннің тірлігін еске түсіретініне қарамастан әлгі данагөйлер парасаттылық пайымынан бір жаңылмай, Құпия құлпының кодын табудан күдерін үзбей күн кешеді.


Көнеден жеткен мол мұраны төрт қырынан түгел қопарып, мына жарық жалғанның қалған сырына барынша қанығуға құлшынған адам қамшының сабындай қысқа өмірін шексіздікке тартылған негенама беттерін қысқартуға арнайды. Не үшін? Келер ұрпақтың алдында ұятқа қалмау үшін! Келер ұрпақтың алдында абыройлы болу үшін! Әл-Фараби бабамыз түк бітірмей өмірден өткенде, Абай атамыз қазақтың қамын жемей қайтқанда, күні кешегі алаштың арыстары азаттығымыздың ақ таңын армандамай көз жұмғанда бүгінгі ұрпақтары болып отырған біз оларды кінәлауға арымыз бармағанымен, бәріміз бетімізбен жер басып жүрмейтінімізге кім кепілдік бере алады?!


Қалай айтқанда да бағымыз бар халықпыз! Ұрпақтан ұрпаққа ұлыларымыздың ұлы мұрасымен өтіп келеміз. Құдайға шүкір, бүгінгі күні де келешектің кәдесіне жарайтын хат қалдыруды мұратына айналдырған абыз ағаларымыз аз емес. Бағзы мен бақиды жалғастырып жатқан сара жолды бір адамдай бажайлап үлгерген; өзі өмір сүріп отырған ортаның да барлық құбылыстары мен айтулы оқиғаларының қара қазанында қайнап жүріп, соның бәрін саф алтындай зерделей де, бағалай да білген; сол арқылы қай кезеңде де заманнан гөрі Адамды зерттеуді алға шығарудың қаншалықты қасиетті іс екенін бар болмыс-бітімімен түйсінген Әбіш Кекілбаев сондықтан да келешектен келген кісідей көрінеді.


Өйткені, «бір адам өлсе, адамзат құрып бара жатқандай күй кешемін» деп О Генри қабырғасы қайысқандай, Адам, тек ғана Адам – барлық жұмбақтың бастауы екені басы ашық әңгіме. Жұмбақ атаулының сырын ашудың күндердің күнінде түбіне жететін болсақ, ол процесс те Адаммен, тек Адаммен аяқталатыны күмән тудырмайды. Себебі, тылсым замандардан бері осы күнге дейінгі созылып келе жатқан Адамзат тарихының ең маңызды жалғастырушы өзегі де Адам екені даусыз! Ұрпақтар жалғастығы болмаса, Ұрпақтар сабақтастығы болмас еді. Ұрпақтар сабақтастығы болмаса, Адамзат Мәңгілігі бола ма?! Сол мәңгілік жолында бүгінгіден де гөрі дүние есігін енді ашатын ұрпақтың алдында жүзінің жарқын болғанына ең алдымен қамданатын Әбіш секілді ойшылдарымыздан біз де көп нәрсені көкірегімізге түюге ұмтыламыз. Дей тұра, қолдан көсем жасағаннан өткен көргенсіздік жоқ. Жеке адамды асқақтатудың ақыры жақсылыққа апарған ба?! Одан да сол тұлғаның халқы үшін жасаған қыруар қызметінің ішкі мәні мен мазмұнына терең үңілгеніміз тірлігімізді түземек.


Алайда, Кекілбаевтың жарқын мысалын Кекілбаевсыз тағы түсіндіре алмайсың! Бір қарағанда, ол да – бәріміз секілді құдіреті күшті Құдайдың жаратқан пендесі. Бірақ, пешенесіне жазылған парызы мен қарызына тек парасаттылықпен қарайтын ол басқалардан алабөтен көрінетіні ақиқат. Осы тұста Әлкей Марғұланның аталы сөзі ойымызға оралып отыр: «Ақылсыз адам басына бұлт үйірілгенде абдырап қалады. Ақылды адам басына бұлт үйірілгенде одан шығудың мүмкіндіктерін табады. Ал, данышпан адам басына бұлт үйірілетінін алдын ала біліп, соны болдырмаудың қамын жасайды». Айтары жоқ, үшінші адам кере қарыс жазық маңдайының жаратылысынан бастап мінбеге шығып бара жатқандағы сергек жүрісіне дейін бітімі бөлек тұлға – Әбіш Кекілбаевтың нақ өзі!


Турасынан тартсақ, даналық мұхитында кемеңгерлік кемесімен қай кезде де еркін жүзіп келе жатқан Әбіш Кекілбаев – көпқырлы ақық құбылыс. Жылдар бойы қордаланып қалған қазақтың ғана емес, бүкіләлемдік өркениеттің көкейтесті мәселелерін білгірлікпен қаузайтын Қаламгер биігіне көтеріле білген оның толып жатқан тоқсан қырын бір бірінен бөле алмайсың. Өйткені, планетарлық ойлау ресурсы мол Әбіш әлемі – диалектикалық байланыстың дәкесімен нондалып маталған орамды органика. Біртұтас әлемді ажыратып қарастыру – азапты іс. Дей тұра, жазушылық шеберлігіне үңілсеңіз, сезімтал суреткерлігіне сүйсінесіз. Тырнақалды туындысы «Ханшадария хикаясынан» бастап көркем әдебиетте билік табиғатын пайымдауға бет бұрған нартәуекел қайығын әлі күнге дейін шайқалтып алған жері жоқ. Жазушылығына деген сүйіспеншілігіңнің ыстық-суығы басылмай жатып, Публицистикасын зерттей бастасаң, бұл қыры жазушылығынан да жоғары тұрғандай әсер аласың. Көркем әдебиетте көтерген тарихи-философиялық тақырыптар енді мұнда да осы жанрдың аясында жарасым тауып, заңды жалғасымына ұласып кете барады. Ал, мемлекеттік қайраткерлігі бұл екеуінен де заңғар тұрғандай көрінетіні де – тартымды құбылыс. Еліміз егеменді болғалы мемлекеттік басқару ісінің басы-қасында бір адамдай жүрген Әбіш Кекілбаев мемлекетіміздегі бірталай жоғары лауазымды қызмет атқарғанымен емес, «миының сүйегіне» дейін мемлекетшіл болғандығымен Мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілгенін астын сызып айту керек. Дәл осы қасиеті оны халықтың рухани көсеміне айналдырды.


Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханұлының «егер біз өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүліншілік зорайып, қиыншылыққа айналғанда қазақ халқы құрбан болады» деген сөзін бір сәтке де есінен шығармайтын Әбіш Кекілбаев әсіресе тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын жылдарында жанын шүберекке түйіп жүргені әлі есте. Сол кездері ол мемлекеттіліктің құқықтық негізі тәуелсіздік екенін ескертуден жалықпады. Өліара кездегі қиындықтарға қапа болған халықты салқынқандылықпен сабырлылыққа тәрбиелеуден танбады. Демократияны тездетіп орнатуға асығатындарды Қазақстанның саяси кеңістік ретіндегі дербестігін қадірлей білуге бастады. Орнықты кеңістіксіз саяси реформа да, экономикалық реформа да жүзеге аспайтынын ең алдымен ескертті. Халықты шыдамдылыққа шақырды, өтпелі кезеңде адамдарды жұбатудан шаршамады. Алдағы күні айдарымыздан жел есетініне имандай иландырды. Сол кезеңнің іс-әрекетіне үмітінен күдігі басым елді сендіре білді. Рухани қайсарлық деп осыны айтар болар!


Маң-маң басқан маңғаз түйелер мекендеген Маңғыстау түбегінде туған тарлан талантымыздың әлем әдебиетінде мәңгүрттік мәнін ең алғашқы болып меңзегені кездейсоқтық емес екеніне акцент жасап айтқымыз келеді. Жадыны өшіру жолының рухтық азабынан шұбатты ауылдың түлегі ғана сақтандыра алатыны салған жерден көңілге қонақтайды.


Атан терісінің кесепат құрпындай таскепеш хақындағы қайырымсыз әңгімелерді де кішкентайынан құлағынан қағыс қалдырмай ержеткен Әбіштің мәңгүрттіктен асқан зауал болмайтынын көркем шығарма арқылы жер бетіндегі барлық жұмыр бастыларға ескертуі – жаһандық әдеби жаңалық. Шынында да адамды немесе халықты жадынан жаңылдыру сияқты гипертрагедияның табиғатын түсіндіру үнемі адамзат болашағы үшін алаңдайтын гуманист-жазушының ғана қолынан келсе керек. Жер жылнамасына көзінің қарашығындай қарайтын қаламгер ғана тармағы көп тарихтың бір сәтін де естен шығармауға үндей алады.


Бағзы заманғы аңызды айту арқылы иіні қатты империяның тұтас бір ұлтты зердесінен айырып отырғанын социализм дәуірінде тұспалдап айтудың өзі көзсіз ерлік! Аңызға Ақиқатты айту үшін жүгінетін Әбіш осынысымен тарихта қалуы тиіс! Өкініштісі, көркем аударма ісінің сын көтермейтін мүшкілден де ары мешеу қалпы талай жазушымыздың бағын байлады! Ғаламдық масштабтағы әңгімені айтып тұрып, әлемдік аренаға шыға алмай қалудың ең басты себебі іштегі қыжылға айналғаны қаш-ш-шан!


Аталмыш аңызды он екі жыл өткен соң екінші болып көркем шығармасында қолданған Шыңғыс Айтматовтың Қазақстанға алдыңғы келгенінде Әбекеңнің терең әпсана астарындағы мәнді де, мәйекті ойының қадыр-қасиетіне қызығушылық танытып кетіп, ал өзінің «Боранды бекеті» шыққаннан соң Әбіш шығармашылығы планета оқырмандарына толыққанды бояуымен жетпей жатқанын жаны ашып та, қарны ашып та айтқанын кешірім сұрағаны деп қабылдаймыз да. Біздің тұрғымыздан қарағандағы әңгіменің түрі осындай.


Ал, Әбіштің өзі 1995 жылы Жанболат Аупбаевқа берген сұхбатында «мен шексіз кекшілдік шексіз қатыгездікке, ал шексіз қатыгездік рухани мәңгүрттікке ұрындыратынын сөз етсем, Шыңғыс Айтматов рухани мәңгүрттіктің қайтадан шексіз қатыгездікті тірілтетінін егжей-тегжейледі» деп бұл мәселеге нүкте қойғандай болды. Халықаралық лексиконға енген ұғымды қанша жерден қазақ жазушысының уысынан шығарғымыз келмегенімен, туындыгердің жеке өз тұжырымын сыйламауға қақымыз жоқ. Біздің түсінгеніміз, Кекілбаев үшін адамзатқа келер қауіпті кім айтқаны аса маңызды емес, оның әлемдік деңгейде айтылғаны айрықша маңызды. Не деген кеңдік қасиет?! Қысқасы, Әбіш ағамыздың дарынды адам дау шығатын жерде де дарындылығымен ерекшелетінін дәлелдеп бергені – көңілге жұбаныш. Енді басқа қайран жоқ.


Оның жазушылық шеберлігі, көркем тілі мен салиқалы стилі туралы бүгінге дейін бірталай марқасқамыз майын шағып айтты, жеріне жеткізе жіліктеді де, жіктеді де. Сондықтан да бұл тұста жоғарыдағы жалғыз пікірмен тоқталғанды тәуір көріп отырмыз. Енді жалпыдан жалқы әңгімені өрбітсек. Бас-аяғы он жылдың ішінде төл әдебиетіміздің төрін айқындайтын теңдессіз туындыларды дүниеге әкелуімен әр қазақтың жүрегіне ұлағатты ұясын салған Әбіш Кекілбаевтың эпикалық прозадағы суреткерлік сырын ашудан гөрі оның көсемсөздегі ойшылдығы мен абыздығы туралы айтуға көңіліміз алабөтен ауып тұр.


Өйткені, көркем әдебиет бұрынғы және осызаманғы жанкешті өмірімізді келешектегі құтты орнына қондыратын корабль десек, публицистика бізге келер күнімізді, көрер нәсібімізді көрсететін компас ретінде құндырақ көрінеді. Корабльдің қасында компас қалай көзімізге қораш көрінсе, көркем әдебиеттің жанында публицистикаға да солай жүрдім-бардым қарайтындар қатары қазірге дейін сиремей келе жатқаны рас. Бұл – жалпы, дұрыс көзқарас емес. Алдын ала айта кетейік, публицистикаға да Кекілбаевша қарау керек.


Тарихқа сүйенсек, ол – келешекті көрсетіп ғана қоймай, сол болашақты болдыратын да жасампаз, жауынгер жанр. Қазан көтерілісіне жеткізіп, жер шарының алтыдан бір бөлігіне социализмнің ұрығын еккен Ленин публицистикасы болғаны әлі де санадан сызыла қойған жоқ. Өзімізден бір мысал. Мұстафа Шоқай да Түркістан мемлекетін құру идеясын бүкіл өмірін публицистикаға арнау арқылы жүзеге асыруды мақсат еткені де жанрдың құнын түсіре қоймайды. Әбіш Кекілбаев та бұл жанрға саналы түрде барғаны салған жерден байқалады. Себебі, тәуелсіздігіміздің қалыптасу жылдарында көсемсөз елдігімізді бекіте түсер ең бір өтімді жанр екеніне қоғам қайраткерінің көзі анық жеткен.


Бірақ, кез келген керемет жазушыдан кемеңгер көсемсөзші шыға бермейді. Өйткені, жазушылық өнер дейміз бе, жазушылық кәсіп дейміз бе, ол көсемсөзші болуға өте-мөте аздық етеді. Абыздарға тән аталы сөз айту, арғы-бергіні сараптай отырып, орамға келген оймақтай ойына халықты ұйыта білу, сол арқылы оның рухани туұстарына айналу кез келгеннің қолынан келе беретін оңай шаруа болса, Ахмет Байтұрсынұлы публицистиканы қазақы арнаға бұрып, көсемсөз деп қалыптастырар ма еді?!


Әрине, қазіргідей сөз құнсызданып, құндылықтар девальвацияға ұшырап жатқан кезде көсемсөз де көп, публицист те көп. Дей тұрғанмен, қарапайым халық халтурадан асылды айыра алатын дәрежеге жеткені хас жүйріктердің жолындағы қамал дарбазасын ашпай қоймайды. Содан да болар, қашанда көптің көңіліндегіні дөп басып, қоғам диагнозын дәл қоятын Әбіш Кекілбаев – публицистикада да өз диктатурасын – Ойлылыққа құрылған Парасат диктатурасын орната білді.


«Артыңда ұрпақ қалғанын қалай қаласаң, оның сен білгеннен көп білуіне, сенің қолыңнан келмегеннің оның қолынан келгеніне қам жасай біл! Атыңды ғана үйретіп қойма, тарихыңды да үйрет! Өйткені, мәдениетті мәңгіліктің ырзығы ететін де сол – тарихи сана. Бағзыдан бақиға тартылған сара жол да – сол сана. Өз өлкесінің тарихын білмеген күллі планета тағдырына қайдан қинала қояды?! Өз мәдениетінің жай-күйіне жаны ашымайтын тоғышар адамзат цивилизациясының көсегесін қалай көгертеді?!.. Мұрагер болуға үйренбей тұрып, күрескерлікке де, жасампаздыққа да қол жетпейді».


Әлем халықтарының кез келгенінің көкірегіндегіні тап басатын келісті ойға құрылған апайтөс абзац Әбішті көсемсөз императорына айналдырып жібергеніне де біраз жылдың жүзі болды. Оның көсемсөзі ең алдымен түпсіз көрінетін тарихты жете білетіндігімен, оның қат-қабат қатпарларын жалықпай жаңаша арши алатындығымен алға озып тұр. Желтоқсан көтерілісі кезінде де, одан кейін де Әбекең жұртшылықты дүрліктіре қоятындай әңгіме айтпағанын білеміз. Дегенмен, қонақ басшы келген бетте Әбіш Кекілбаевтан қауіп күткен. Орталық жіберген жандайшап өзімен сөз таластырғандармен жағаласып өлгенін көзіміз көрді. Ал, үндемей қалған мемлекеттік қызметкерден неге үрікті? Өйткені, өткенді ойына жинақтап, соны санасынан өткізе білген адам ғана бүгінгі болып жатқан құбылысқа әділ баға бере алады және болар күнді дұрыс болжайды. Мұндай адамның рухани батылдығы егер жердің тұтқасы болса, соны тауып алып, қолымен қысып тұрған кісінің күшімен пара пар. Сырттан келген саясаткер содан сескенген. Ой тереңдігімен тұншықтыру деген осы болар!


Адамзат шежіресін өз руын тарқатқандай жіктеп бере алатын тарихи интеллект иесі биліктің тісі бата қоюы қиын қарсылас екенін партиялық функционер бекер байқамаған. Мысыр, Эллада, Рим, Вавилон, кейінгі Киелі Рим, Араб халифаты, Шыңғыс-хан, Ақсақ Темір, Моғол сияқты толып жатқан империялардың пайда болғаны мен күйреуін бүге-шігесіне дейін тап басатын қайсар қаламгердің Қызыл империяның да сұрқия саясатын әшкерелей алатынына қауқары жететініне шүбә келтірмеген келімсек басшы кеше көшеге шыққандардың айқайынан да аузының дуасы бар кісінің сөзі әлдеқайда қатер туғызатынын аңғармай қалмаған. Сондықтан да қарамағындағыларға Әбішке абай болуды ерекше жүктеген. Қазақ халқының бұрынғы өткен жолын жетпіс жыл бойы тұмшалап келген компартия қадау тарихты жыға танитын адамнан жау іздегені заңдылық еді. Қашанда кесек турайтын Кекілбаевтың керемет сөзі бар: «Тарих – тек өз кезеңі тұрғысынан қарасаң ғана сырын ашатын тылсым жұмбақ». Тапқырлықпен айтылған тұщымды тұжырым оның тарихты зерттеудегі де, өмірді өрнектеудегі де өлшемімен һәм нанымымен астасып жатыр. Бағзы тарихты түбірімен қопарумен шектеліп қалмай, бабаларының орнына өзін қойып, солардың күйін жүрегімен кешіп үйренген және осыны өмірлік әдетіне айналдырған адамның бүгінгі құбылыстарды да терең зерделейтіні түсінікті.


Осыдан табаны күректей отыз жыл бұрын ол «Воспоминание о будущем» деген мақаласында адамзаттың рухани кеңістігін зерттеу ісінде біз барған сайын «ақтаңдақтар» мен «ашылмаған галактикалар» санын қысқарта түсуіміз керек деп жалпақ әлемге жар салғанын қазір біреу білсе, біреу білмейді. Социализмнің қылышынан қан тамып тұрған сол кездің өзінде қазақ халқына менсінбей қарауға дағдыландыруға насихаттайтын неше түрлі буржуазиялық та, «буржуазиялық емес» те (социалистік дегені деп түсініңіз – Ш.Қ.) геосаяси доктриналарды аяусыз әшкерелеген Әбіш Кекілбаевты келешектен келген кісі деп қалай айтсаң да жарасады. «Болашақ туралы естелік» жазған біреу де болса, бірегей жазушымыз он екі жылдан кейін теперіш көріп келген туған халқының тәуелсіздік туын тұғырға қондыратынын алдын ала қарақты көзімен көріп тұрғандай батыл ойларын бүкпесіз айтқаны бүгін тағы да есімізге түсіп отыр. Ол кезде біз «ақтаңдақтар» деген ұғымның не екенін білдік пе?! Алдағы уақытта алдымыздан шығатын терминдер мен тіркестерді де осылай күнілгері Әбіштен ғана біліп отырасың!


Тарих үштағанының (бағзызаман – осызаман – келерзаман) үстінде отырған кісіден шайтан да шошитын шығар. Мұндай адамның барына қазіргі біздерден бұрын келешек ұрпақ қуанатынына бек сене беріңіз. Басқаша бедерлесек, болашақтың басыбайлы өкіліндей өмір сүріп жатқан Әбіш Кекілбаев келер ұрпақтың да жұмбағын азайтудай-ақ азайтып жатыр.


Тек қазақтың емес, адамзат тарихын Әбіш ағамыздай білетін адам аз. Ол тарихтың түп тамыры болып табылатын галактика тарихынан бастап қазіргі қоғам тарихына дейін орын орнына қойып бере алатын жетік жылнамашы екенін талай дәлелдеген. Ғалымдарымыз таңдап алған тақырыбының аясынан шала-шарпы бір-екі қадам аттап шыға алса, соған қуанамыз, сормаңдай болғанда! Ал, тарихшыларымыздың бәрі бірдей жердің бұдан 4,6 миллиард жыл бұрын жұлдыздар арасындағы газ бен шаңнан жаратылғанын біледі деп бәс тігудің өзі – қазір өте қауіпті іс. Ал, Әбіш біледі.


Ол не айту керек екенін де, қалай айту керек екенін де, қашан айту керек екенін де, кімге айту керек екенін де, қандай жолмен айту керек екенін де әлімсақтан бір жүйеге түсірген. Әбіш нені жазбау керектігін де зердесіне жастайынан сіңірген. Тарлан талант логикалық жағынан алғанда мүлтіксіз дұрыс тақырыпты ғана жазатындығымен де басқалардан оқшау. Саясат екен деп, сол саясаттың өзі қалтасынан шығара салатын тақырыптарға басын кессе де бармайды. Оның «халықтар достығы» дегенді жазғанын оқымаппыз. Кекілбаев үшін тұтас бір халық тұтас бір халықпен дос болуы саясатқа сыйғанмен, санаға сыймайды. Жекелеген кісілердің ұлтына қарамастан дос бола алатынына құлақ қояды. Ал, халықтар достығы? Кешіріңіз! АҚШ публицистері неге «нәсілдер достығы» дегенді әлі күнге дейін ойлап таба алмай отыр? Ақылдары жетпей жүр ме? Айтары жоқ, Әбіштің өзіне де, өзгеге де пайдасы жоқ арзан тақырыпты саудалап, абыройдан айырылмағаны да – көрегендіктің көрінісі.


Қозғайтын тақырып табиғатының тұңғиығына саусағының ұшы тимей тыным таппайтын Әбіш Кекілбаевтың әр сөзі түбіне дейін түзу қағылған шегедей қағылған күйі қадалып қалады. Оны енді суырып алу ешкімнің қолынан келмейді. Жанынан басқа шеге қағуға әрекеттенгендер де берекет таппайды. Әбіш сөз өнерінің суверинеті сондай! Сыртқы күштер оның ісіне ешқашан араласа алмайды. Мұның басты себебі, бір сөзін алсаң, бүкіл сөйлемі мағынасын жоятын Эрнест Хэмингуэйдің жолын жалғастырушы жазушымыздың шығармашылығынан басы артық бірдеңе табу қиын.


Тағы бір штрих. Біздің көбіміз не айқайлап айтамыз, не бишара болып отырып айтамыз. Публицистикада әсіреқызылдыққа салыну да, көкалажалпақтық та көздеген мақсатыңа ешқашан жеткізбейді. Деніміз төменде бүкшеңдеп отырып жазғанды әдетке айналдырып алдық. Жан сақтауға ыңғайлы. Мықты дегендеріміздің өзі айтар ойын әрі кетсе, бір қатарда тұрып қаузайды. Әбіш адамды да, өмірді де жоғарыға шығып алып зерттейтіндіктен де басқалар көрмегенді көруіне мүмкіндік туады. Оның жазғанын халық та қабылдайтыны, билік те бас шұлғитыны сондықтан болса керек. Ол әр нәрсені ақылға салып жазады, сабырына селкеу түсірмей отырып жазады. Өзегін өртеп бара жатқан өкініші көп тақырыпты да өркениетті жазады. Бұл орайда да, Әбдіжамил ағасы екеуі – қолына қалам ұстағандардың бәріне үлгі!


Танымдық публицистиканы да дамытқан қайраткер қаламгеріміз екеніне ешкімнің таласы болмас. Орасан зор энциклопедиялық білімін туған халқымен қалтқысыз бөлісетін жомарттығын былай қойғанда, саған ұзақсонар ақыл айтпай-ақ, сені есті адам етіп тәрбиелеп шығаратыны да – шынайы шеберліктің шыңы. Сөз өнерінің бар сиқырын игерген туындыгердің әрбір сөзі сондықтан да әдемі, сондықтан да әсерлі, сондықтан да сананы жеңіл жаулайды.


Дүниетанымыңды кеңейтетін, бірақ әртүрлі ғылыми кітаптарда шашырап жатқан дүниелерді не оқуға құлқың болмайды, не түсінуің қиын. Осы жерде де саған Әбіш көмекке келеді. Кез келген күрмеуі қиын сұрақтың өзін соқырға таяқ ұстатқандай қарапайым түсіндіріп береді. Алғашқы көп клеткалы организмдер 3 миллиард жыл бұрын жаратылып, олар содан бір миллиард жыл өткен соң барып, аналық және аталық болып екі жынысқа бөлінгенін де, Адамға ұқсас жан иесі осыдан 10 миллион жыл бұрын жарыққа келгенін де, жердегі тіршіліктің негізі болып табылатын белок пен тұқымнан тұқымға информациялар дарытатын нуклеин қышқылын түзетін молекулалардың бірдей екенін де, мұндай түзілім тек жердегі тіршілік иелеріне ғана тән екенін де кезінде қырықтың қырқасына әлі шыға қоймаған Кекілбаевтың жазғандарынан оқып білгенбіз. Иә, Әбіш не жазбаған?! Рас, бұл риторикалық сұрақ ризашылықтан туып отыр. Әрине, енді жазатыны Әбекеңнің өзіне ғана аян. Оның жазғандарын жарнамалаудың қажеті жоқ, оның жазғандарын жастанып жатып оқу керек. Өркениетті елдермен бәсекеге түсе алатын қабылетті ел болуымыздың да алғышарттарын сол кекілбаевтық біліммен бекіте түспесек, кеміте түспесіміз хақ. Қазіргі жоғары және орта мектеп оқу бағдарламаларына мұрагер, күрескер және жасампаз жазушының іргелі тақырыпқа жазылған дүниелері барынша көбірек, барынша жүйелі енгізілгенін қалар едік. Келешек ұрпақтың тарихқа деген махаббатын оятудың тиімді жолы осында жатқан сияқты.


Әбіш аға адамгершіліктің асыл қасиеттері мен мұраттарын бойына қатар сіңіргенімен де қазақтың қазіргі қоғамында ерекшеленетінін айту парыз. Жас кезінде қосшы болғанда атты жеге білген, біртін келе басшы болғанында тақты жеңе білген Әбіш «сен - Әулиесің» дегенде де аспанға ұшып кеткен жоқ. Бұдан асқан Адамгершілік бола ма?! Қарапайымдылығы сондай, ол тіпті кейде көңілшектікке дейін ұласып кететін тұстар аз емес. Дәл осы альтуристік қасиеті, өзінен бұрын басқалардың қамын жейтін қамқоршылдық қасиеті, жеке мүддесінен гөрі қоғам мүддесін жоғары қоятын қасиеті оның біздің мемлекетіміздегі орны мен рөлін әлдеқашан айқындап берді. Ол өзінен үлкеннің де, қатарының да, өкшесін басып келе жатқан інісінің де жетістігіне қуана біледі, ортақтаса біледі. Менен асып кетеді деп қауіптенбейді. Біз байқадық, ол көбінесе өзінен қалып қойғандарға көңілі толмай жүреді. Талантты талант танып ғана қоймай, талант таланттың табиғатын тарқатып айта алатынын да Әбіш Кекілбаев Әбдіжамил Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» дилогиясы туралы «Сең соққандай сергелдең» атты керемет мақаласы арқылы дәлелдеп бергенін көп оқырман біледі. Өз замандастары туралы толғанған мұндай дүниелер Әбіш ағамызда аз емес.


Оның тағы бір тапқырлығы, ол көсемсөзде өзінің өрнекті ойларын көп жағдайда параллельдер арқылы пайымдап жеткізудің классикалық үлгісін жасады. Математиктер олар ешқашан қосылмайды дейді. Ал, Әбекең соларды да қоса алатын хас шебер екенін танытты. Дүниежүзілік екі соғысты да бірдей бастарынан кешіріп, басқа ұрпақтар алдында хас масқара болған Ремарк пен Борхерттің ұрпағын әлем әдебиеттанушылары «потерянное поколение» деп атағаны белгілі. Әбіш ағамыз әлгінде аталған мақаласында өте тапқыр параллель жасайды. «Қалған дүниені қаскөй санап, абзалдықтың бәрі тек бізде деп көйіттік. Күллі әлемге өнеге боламыз деп жүріп, ақыр аяғында күлкі болуға айналдық. Ол алаңғасарлықтан қазіргі көзі тірі жүргеніміздің бәрі аман емеспіз. Бәріміздің бетіміз шіркеулі. Әділет пен адалдықтың алдында айыптымыз... Біздің де кешкеніміз зая тағдыр. Әлеуметтік озбырлықтың айдағанынан шыға алмай, асыл мұраттардың өзін асыра сілтейтін алаңғасарлыққа айналдырып алдық. Соның салдарынан да еткеніміз еш зая ұрпаққа айналып отырмыз» деп ащы шындықты бір аршып алып, ары қарай салиқалы ой салмақтайды: «Кейде әділ, кейде нақақ сөзді естуге мәжбүрміз. Біз көргенді өзіміз бастан өткерген біздер жазсақ қана арылу әдебиетіне айналмақшы. Ал бізден кейінгілер жазса, ұрпақтар өшпенділігін өршітетін, онсыз да көсегемізді көгертпей келген әлеуметтік кекшілдік өртіне май құятын, табашылдық ағымы қаулауы ғажап емес».


Осылай пайымды параллель арқылы ол қазіргі қазақ прозасында Арылу әдебиеті деген түсінікті қалыптастырды. Бүкіл өмірін әдеби сынға арнаған ғалымдарымыздың бітірмей кететін шаруасын да Әбекең жол-жөнекей жүріп жасай салатыны да – академиялық білім жемісі. Академиялық білім демекші, Сауытбек Абдрахманов ағамыздың аузынан естіген бір қызық әңгіме еске түсіп отыр: «Бір кісі: «алдымен кандидат болады, содан кейін доктор, профессор, академик болады. Содан кейін не болады?» деп сұрағанда, мектепте оқитын жас бала ойланып тұрып «одан кейін... одан кейін Кекілбаев» болады деген екен!». Пушкин данышпан ғой: «Устами младенца глаголит истина». Иә, ешқандай ғылыми атағы жоқ адамның бүткіл ғалымның алдында жүруі – формалдылық пен көзбояушылықтан адалық, қай істе де шынайлылыққа Адалдық.


Тарам тіршіліктің құнын да, мәнін де асқан ыждағаттылықпен ұңғыл-шұңғылына дейін үңгіп, фәнидің басқа адамдар білуге құлшына қоймайтын тұстарын да түгелімен санасына електен өткізіп барып сіңірген, жер бетіндегі жұмыр басты пенденің ең басты миссиясын мүлтіксіз жыға танып, сол міндетін барынша толық орындау жолында жүйелілікпен және жанқиярлықпен өмір сүріп келе жатқан Әбіш Кекілбаевтың өз бойына біткен барлық қасиетті бірдей дәрежеде пайдалана да, дамыта да білуі – жеке адамның рухани жетілуінің жарқын мысалы. Мұндай адамның о басындағы өмірлік мұраты да өз халқының рухани жетілуі үшін қам-қарекет жасау болғаны даусыз. Басқаша түсіндіре алмайсың!


Бүгін біз Әбіш ағаның жеткеніне бәріміз жетуіміз үшін не істеу керектігімізді көбірек ойлауға тиіспіз. Ендеше, оның әзірге өзі ғана қол жеткізген жетістігінен өнеге алу бар қазақты елдікке бастайды.


Кекілбаевтың жасампаздық істерінен үлгі алар адам көбейсе, ұлтымызды ұшпаққа шығарып, келешегіміздің көсегесін көгертер кісілер қатары толыға түседі деп ойлаймыз; Кекілбаевтың жасампаздық істерінен үлгі алар адам көбейсе, бізді жаһандану процесі ешқашан жұта алмайды деп ойлаймыз; Кекілбаевтың жасампаздық істерінен үлгі алар адам көбейсе, басқаларға өзімізді мойындатып, өзіміз жер бетіндегі барлық мәдениетпен сусындауды барынша үйренер едік деп ойлаймыз; Кекілбаевтың жасампаздық істерінен үлгі алар адам көбейсе, әлемдік деңгейде шын мәнінде бәсекеге қабылетті елге айналар едік деп ойлаймыз!


Әбіштің «Кеңістікті кеңінен шолып алмай, Уақыттан ұту мүмкін бе?!» деген тарихи тұжырымы түпкі нәтижеде Адам өмірін тезірек асқақтатудың барлық бастауы білімде екенін білдіріп-ақ тұр! Себебі, құр даңғаза емес, біздің бәріміздің рухани жетілуіміз ғана рух ұлылығына апарады. Сол рух ұлылығының сарқылмайтын қайнар-қуатымен адамзаттың үздік үзігіне айнала алған жеке адам, тұтас ұлт, бүкіл халық ғана Жасампаздыққа жетеді!



73128_540826919297766_1771140682_n.jpg

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар