Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Күлтегін Аспанұлы: Көзе түстес сағат тілі он тоғыз қырық бесте

09.01.2017 729

Күлтегін Аспанұлы: Көзе түстес сағат тілі он тоғыз қырық бесте


a6066abd9ac00a1ebcf9e6c4ecb58046.jpg

Күллі Күлтегіннің енесі

Елбілге қатұнның зәузатына бағышталады.


Кеңістікте өзіне жараса зор күшпен қып-қызыл тамшы Құдіреттің ауаға салған ауын оңай ойып өтіп қызыл матаға тырс тамды. Бұған куәлар – дала және ондағы өмірдің өзі. Шала піскен тарыдай ашаң жүзді, жебелі кірпігін кібіріктемей тік қарайтын жасыл көзді ойдың баласынан, сұлу сәбидің үлпек мұрнынан қан сорғалай қалды. Зорыққаннан. Санадан сабыр кетіп, дабыр оянған соң да дымағы дал-дұл. Галстугіне сонан қан тамып, жағасына сіңіп қалған дағы көрерге бадырайып тұр. «Құдай-ау, ерімесе екен! Өтініш. Суықтың беті қайтпасыншы, жылымасын мына күн». Бибіқыздың биылғы басты тілегі осы. Жалынышы жарқабағына білініп, қасы керіле қалған. Жалын ішін шарпығаннан денесі қызу. Соғыс шілтесі сораптап тастағаннан халі күйікті.

Ақ аспаннан қорғанғаны ма, әйтеуір қалың омбысын қымтанған қара жер шекесі қызған сайын тоңы жібіп келеді. Мұржамінез жұмыр бастылардың жұмыла ұжым жасап, орағын қолға алған күзгі жиын науқанының соңы. Тақ тұяқты сұр жұтпен қоңсы қонған бұ жұрттың жайы жарық көзедей көлеңдеу. Қарашаның қанқасап қысастық танытар сұсы тұман кілкітіп қойған. Қыс жұтымен, жаз індетімен аралас құтая алмай құммінезденген шұрық жұрт жайғасқан кең өзек. Сор мен оқтың салюті біржолата саябырсыр сәтті аңсай күткен сары аяздағы суыр да сұп-сұр қалпы... «Аспанда, бұлттардың арасында құстар қалайша адаспайды. Адасса да көп ұзамай көз жазғанына қайта табыспай ма. Ал адамдар ше... Неге... белдеу-бөгет, бұлдыр-бұлыттан ада, тұманы мезгіл талғайтын жаздың гүні жазық жердің өзінде жиі жаңылысатынымыз не осы». Адамдар өз табиғатынан гөрі, қоршаған ортасына көбірек ұқсайды. Күңіреншек көңіл әдеткі дәбінен адасып отыр.

Бұлақ пен бұлыт жатырлас бауырлар. Анау жаз бойы шалғын астында күн көрмей қыртыс-қыртыс әжімі әшкереленген қыраттың жүзі шіріктүстеніп көңіл құлазытады. Алқара аспан төсін әрлі-берлі тілгілеген ұшақтардың ұшпақтағы ақшаң сызған ізбіні ақырындап, аз уақыттан айығып, көк кеудесі әп сәтте-ақ жарасын өздігінен бітеп жатыр. Салпы қарын, кең қолтық самолеттің салған сүреті – ең ғажап аяздың оюындай соншалық әсерлі емес, біртүрлі бүкірдің жонындай күмбілез көрініс. Кенет шүйіле кеп бұтаққа қонған көгершін сезім суатына бір сынық сәуле сыйлап, ақ-сары өңіне езуден екі ойық тартып ойнақтатып жіберген.

Жыртық-жамаулы, сауыс-сауыс болған перде сы-ыр-рт етіп сырылғаны сол-ақ, жақтау бояуы кеуіп-көтерілген кең терезеден көрген кадралар тіпті бұрын болмағандай, әсерленбегендей, ғайыпқа сіңгеніне сенерін білмей абдырап отыр. Әңкүр-тәңкүр сынып іші тапыр-қапырға ырсыйып алған...

– Тақтадан көрінбей жатыр.

– Бибі, жарықтан жылтырап барад.

– Қашанғы бұған қараймыз, жап! – деп, төтесінен кеткен мезіболғандардың уәжі қызды есіне келтірді. Бибінің мысы алдына келгеннің айбарын сөгіп, өзқатарын ықтырып тастайтын. Басқалары бірден айылын жия қойды. Ыммен жеткен жеңісін орынсыз санап, сынаушылардың сұрауын құп көрді. Әйтпеске жоралғы жоқ. Бұрынғыша мүйіз мінезіне мінсе, анау мұғалима ертең елге «Әдидікі бала емес, пәле» дер. Сынықтың сылтауы расында орынды, тоқсандық бақылаудың тапсырмасы тақтада шынымен де жылтырап, көмескіленген екен. Сүрленген сүгіретке қанша қараса да алдын аңғармаған бір соны бояу тауып, сонысын көңіліне медет көріп, шүкірлік ететін өзінің қырағылығына. Бұ ісі де себепсіз емес-тін. Жаздың соңғы күндері аяқ киім жоқ, жалаңаяқ, табаны күс-күс болып, ойын қуған балаларды күз келе аяқ киімге жарытып мәз қылушы еді. Бибіқыздың аяғы кіші болғандықтан дүкеннен дүкен аралап, ең соңында соншалықты шақ болмаса да, аяғы сыйып тұрған соң брезинтовты туфли тапқан. Табаны жалпақ, алды ашық келген, тұрқы тартымды туфлиды тар болса да «дәл, шақ келеді» деп, қоярда қоймасқа алғантұғын.

Көп ұзамай Аягөздің қыркүйегінде ауа айнып, зымыстан қар бораған. Тар аяқ киім күн суықта одан бетер сіресіп тарыла түсті. Содан аяғын қажаған әлгі лекерін сабаққа барар жолда шешіп қолына алып, үш шақырымды жаяулатып, мектепке таяй бергенде қайта киіп алатын. Ал сыныпта парта астына шешіп тастап, дүниенің рахатын сезінгендей болады. Барбиып, қып-қызыл болған аяғымен үзілісте де ешқайда шықпай ұзақ отырады. Кейде көзәйнектің астынан кәрін төгер қарт көздің иесі-мұғалима сабақ айтуын сұрағанда, тақтада тұрып сабақ айтуға ғана өкшесін көтере лажсыз киіп шығады. Қоламта құрлым жоқ жылудан жұрдай қоңқаөкшенің сәнін сілеп «Өзіме де дауа жоқ» дейді астыңғы ернін үстіңгісіне кіріптар ғып, тістеніп. Шыр-р-р еткен қоңырау. Өзі салған, үйге бастайтын біраяқ жолда қайтуға ыңғайланды. Құрбыларымен қоштасып, артынып-тартынып сүрлеуіне түсті. Елдің баласы осында жатып оқиды. Күздіктен ата-аналары артиллерия қорына біраз пұл өткізгендіктен. Бір жағы үйде әжесі мен диірменнің иірушісі атанған шешесіне, жалғыз сарыала сиырына күтім керек. Жапан түзде жалғызілік шойнақтап келеді. Көрге бассыз көмілген көп атаға жербесік болған дархан дала осы. Жайбағыстап жүріс жанын желіп жіберген. Жол ұзақ. Жаңа естің ескі сазы қайта шырқады. Шыны стақанның түбімен қарағандай ғана көрінетін Күн менен әлдеқайда кішкентай. Бірақ күші жойқын. Нұры шалған бар өңірді жылытып, қылығын өршітіп, ұядағыларды оятып жіберетін жомарттығың тәнті етті мені. Дауыстап «ей, Күн, сендей досым барына шаттанамын, білемсің?!» дей беріп, мойныорағышымен аузын жауып, айналасына бір шолып алды. Сен мектепке бармайсың, алысқа жаяулатпайсың. Рахат. Дүр дорбасынан қызыл-сары қатқан тандырдың күлше нанын алып, қос қоян тісімен опыра берді. Айтпақшы, әнеугүні әжем бамдатқа тұрарда көз ілмей сені күттім, келмедің. Сенің уақытыңда қара бұлт бүкіл үйдің төбесінен төніп алды. Оның түрі жаман, ұрысып-қуып жіберуге қорықтым. Енді олай ескертусіз қалып қойма! Ішкі ойы дауысқа айналып:

– Күн, білесің бе, сенсіз біздің ауыл қызықсыз, балалар ойнауға шықпайды да. Егер сен келмесең, мың шам-шырағдан тұтатсақ та, бәрібір түн жетіп келеді. Не жоғалтқанын... – деп ересектерше тілдескенін ешкім сезген жоқ, әсіресе өзі. Жол ұзақ. Бетін қар жапқан тұрап тасқа аяғы ілігіп, түплиінің табаны соңғы тігісінен сөгіліп, үзіле салды. Сұлуы деп табаны таймалыны алғанына іші удай қапалы. Жанын ауыртып, ең бір сынақты сезінетін кезіндей көрген бұ жолғы қиналысын дүниенің қияметіне балап келеді. Шалдың шұлғауындай шамасыз түплиі үскірікке үрпиіп, бұрынғыдан да кішірейе түскенінен аяғын қысқан соң, жас жанардан жабырқау тамшы бетін, не етін өппей, бірден галстугіне тамып кетті. Талшыбықтан жас тамғаны жақсылық емес. Шошала аузына өлімше күйде сүйреліп әрең жетті. Екі беті нарттай қызарып кеткен, өз ісіне ұялғаннан, бәлкім тоңғаннан.

Осы жүріспен екі ай өтер-өтпес балғын қыз мұрттай ұшып төсекке танылды. Жасырын жайға қанық болған анасы Айғаным баласының жансірілік танытқанына таңдана, «ойпырмай, а» деп қайран. Ертесіне табан-іші қалың, су жаңа пима алып берді. Ауылдағы пимашының әйелі апта бойына қызыл кірпіш қыздырып басып, аяғын ыстық, тұзды суға малып емдеген амалынан үміт көп. Аяқ тамыры тартылып алты ай бойы мектепке бармай үйде жатты. Қыстыкүні өмір ұзақ көрінгеннен бе жаны жабырқап, жаһандағы жапалақтаған қардың әр түйіршігін қызықтап, әрнеге ұқсатуға тырысып бағады. Жапырақ-құс, жер-жәндік, аспан-жел өзара «жер бауырлап жатып қалыпты» десіп, қылдай нәзік бала жағдайын әлемге аяндап-таратып жатты. Періштелер дүз қайтара дұғаласып жалбарынуда.

***

Басы сүйір, белі доғал тамшылар шеруі даланың көкке айтқан шерін баяндап, үні хорға ұласып, сылбырлап төгіп тұр. «Жауын жаумаса екен, Құдай-ай! Мен сені жақсы көрем, бірақ... андағы бастырманың қабырғасы мүжіліп, іргесі опырылып кеткен... онсыз да. Егер тағы төкпелейтін болсаң, дауылыңнан дуалымыз құриды, – деп еңірей қалып – онсыз да... Әдиім ауырып жатқанда, ертең ол қайтіп..?» өксігін баса алмай сиырдың ақырына шөп салып жүр. Жабыттаумен үй болған тоқал там түкпіріндегі қоға сүйектеніп жатқан әйелдің өлмес күйі көрпе астында шерлі әуез сызылтады. Табиғат та адамның көңіл-күйіне қарай құлпырады екен-ау. Биылғы көктем бұрнағыдай емес. Айнала көкектегі көк төбеттің түлеуіндей аламыштанып, ұйысқан қалың селеудің бедері жұлым-жұлым болған. Жер-жерде бір-бір түптен ғана. Құбыла беттеп, кетпенін кептіріп отырған әжесінің ғасыр тілмелеген сызат-сызықтарына аянышпен қараған баланың өзін де келер заман жылатып қойған.

– Киеге күйе жұқ болған,

Жаздыгүні жұрт тоңып,

Көп көрмей-ақ, көк солған

Аузыңа қара қан толып,

Бәлеге байланғыр

Соғыс нәлет...

Сорыма...

сынсыз мына соңымда

Қорғанымды құлатып,

Қандауыр боп қан сорған...

Үлек күші үгілген,

Панасын болмай парлаған

Күрен елге кірне геп

Рәті жоқ рәсуә өмір-ай..!

Азыналаған аза аз уақ үзіліп... – осы арада жел гуілімен әлгіндегі әз-азаны өз мәнерінде ыңылдап барып шырқай жөнелді. Артынша кейуанамен қоса кештік қана ғұмыры қалған қара жел зорая түсіп, екеулесіп екпіндете:

– Нәлет саған, Албасты алсын басыңды...

– Гүу-үу-у-у... – дейді жел.

– Ала бұлт бүркіп жасынды.

– Гүу-үу...

– Ұйқасы ұйқысырап

көк құрағы көмбеде қалған қор заман!

– Гүу-үу-у-у!

– Қара шашым ағымда,

Шынға қайтар шағымда... – деген зарына еңкіл өңді өксік араласып кетті, –

Пәшис неме... жұтсын көзің-жасыңды...

Ендігі кез сен де сорла мендей боп!

Апасынан бұрын көрмегенін таңсық көріп, қораның есігіне сүйенген қалпы әлі тұңғыш сынып сөмкесін тоздырып та үлгермеген сәбижүрек не істерін білмей... тұрып қалды. Жемтірлене жілігі жіктелген жеміт шеше Айғанымның ауруы жара үстіне жара жамап, үйдегілерді қалжыратып тастаған. Бибі анасына өзінше еркелеп Әди дейтін.

«Олар дауасыз тағдырдың алдында дәрменсіз, – дәрменді, тек пәрменді Пәруардігерге жасаған шын дұғасымен». Бүкіл күлшашар отауымен Сібірдің орына жығылғанына қырық жыл қынжылып келіп, өткен шілде кәдіртүні көз жұмған Үзілмес ишанның аузынан түсірмей, өнебойы қайталай беретін осынысы өз аузына қалай-қайдан түскеніне аңтарылып «тыныштық па екен, – дей сала есіне бірдеңе алғандай, – Иә, Құдай, Әдиімді аман ет. Мен енді ешкімге қанша ашуым келсе де қабақ шытып, жақ ашпаспын... ешкімге... Өтініш... Әдиімді... алып қалшы». Түре жүріп тілейді... ынды-шындысымен. Көзінің жауынын төгіп, екі қолының саусақтарын айқастырған күйі пеш түбінде қалғып кетті. Жатса-тұрса тілейтіні осы. Тынысындай жиі қайталайды көңілі жартыланып.

Жұрттың қызылды-жасыл сиса-орамалға желектенген тұсында «Көрпелерің ұлғайып, үбірлі-шүбірлі болыңдар» деген кәриялардың тойдағы тілегі теріске айналғанына жан терісінен айрылғандай іштей зарланған Айғанымның қызкүніндегі шырай жүзі шырағы сөнген тамның тымырсық, түнекті күйімен бірге түңіліп-маужырап барады. Тоқсан қозы қамасаң де, бірін де ұстап тұра алмайтын сыйықсыз үйдің төрдегі төсегіне өз иесі отағасы жантайып жатпағанына төрт күз толды.

***

Жаңалы бері көр-жерді әңгіме қылып отырған бадырақ көзді, шәлтік жуантыққа:

– Кісімсінуін, есектің «кісінегеніндей». Бұттағы шалбарына арымен қараса, қайтед?!

Ық жайпалып, ызынап қалған кемпір мейіз көзімен қарайып, сөгіп тастады.

– Сен жазылудың әрекетін жаса, жаным ауырды деп жатып алмай. Сенен басқа диірмен тарта алатын дені дұрыс қатын жоқ бұ ауылда. Тәк штө...

– Тұр, жұмыс қыл деп қоймайсың. Айықсын десең доғдыр шақыртып, ауданнан дәрі алдырсаңшы. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп, – қабағын шытып қарт кейуананың көңіл шытынар зілмен тіл қатуынан соң аңтарылып не дерін білмей, топырақтанған тәңкі мұрын, төртбақ төраға:

– Айықсын өзі... қазір мұндай мұндарларға өкіметтің уақыты жоқ. Саулық өзіне керек. Біз жеңіс үшін күресеміз. Ұсақ-түйекке Ұлы партияның уағы зая кетпеу керек! – деді даусын күшейтіп, тіксініп тұрып – Басқасын табармыз! Саулық өзіңе.

– Өй, көлгірмей, кет әрмен! Жолама. Дерт дендеп, дегбірі қашып отқан адамда... нең бар? Көрер ем... Көгермегір, өңшең жайқаң, жылпауыздар.

– Қағынғыр қатын... сөзінің жаманын қара! – деп қасындағы дәу қожыр шой артиллерия атқарушысы өңештеді, қарынын сызған тілдей ғана қызыл галстугін түзегендей болып.

– Есікалды итімнен жаман, құртыңдар көздеріңді! Көмегі тиер десем көк езуленіп... – деп үкіметтің қос жекпе есегін тілі буылған өгіздей етіп, шарбаққа дейін таяқтап жүріп қуып шықты. Оқудан жаңа келген Бибі әжесіне және таңырқап, тосын жайтқа қуана қарады. әжесінің өзді-өзіне «Күнсігенім жақсы еді ғой, мына көңілқалды тірліктен зәрезеп болғаннан» деп күбірлегені мен оңды-солды шайқалып келе жатқан жүрісіне шұбал от жақта сары сиырдың сүтіне ұйытылған қою айранды сіміріп отырған Бибі мәз. Бетін бес ит жаласа тоятын ағал-жағал қолы-аузын бір жағы ұзынданған галстугіне сүртіп-сүртіп алды да, тап ас татпағандай – азаннан ашығып жүргендей тазарып алды.

– Қыз-ау, ана ақ құманды әкеле қойшы, – деген даусы балаға от беріп:

– Мінекей, апа, – деп ұмтылып келді.

– Айналайын сол, қарағым Жасаған бересалған! – маңдайын иіскеп, жеңін түріп дәретін ала бастады.

***

Жауыннан соңғы жүрісі жиі жер-жиһан қойыртпақ батпаққа батып, түз тамыры білеуленіп кеткен кең өзек сүдінсіз сұп-сұр. Жайлау жарға жығылып, қыстау қарға қарығып ұшқынсыз уайымның уынан уатылып қалған ауыл көрінісі тым жүдеу. Бибіқыз жас балаша ойнап күлуден тыйылып, көз алдында балалығы, жарқын шағы бұлданып барып күрт күңгірттеніп, күнмен бірге ұясына тығыла қалған. Көше бойында алқалы ақсақалдар да, жайраңдаған тоқ бала да, күңкілдесер топ келіншек те жоқ. Тыныштық. Бәрінің ішінде үрейдің иті дамылсыз үреді де тұрады. Қызынан айығып-ауған пәле оңазалап, Айғанымның жүзіне бөрітпе шашқан. Күннен-күнге жалыны сөніп бара жатқандай. «Ай, сендей сұлу болмасам да, жанарымдағы жараны жазып, жарылқағайсың мен бейбақты. Құдая, шыр айналдырғаннан сақта!»– деп, шалқая туған жаңа айға телміріп қарауды шығарды. Ай аясында жерзаузат мүлдем күміс сәулеге бөленіп, мүлгиді. Дауасы түгіл, әлі нендей ауру жабысқаны жұмбақ. Тынымсыз қозғалыс пен опасы жоқ от-уайымнан тапқан іскек дертінен айықсашы тап қазір. Іркіліп барып жалғасатын дене демі түссіз ауаға сіңе берді-сіңе берді.

Ас-судан үзіліп, азып-тозған шешесі өлерге бекініп, бала-шағасын туған-туысқа аманат етпек ниетпен соғыстан бергі жалғыз күн көріске айналған сарыала сиырды сатып, құнына қызына пальто, пима, бөрік, биалы қолғап әперген. Көктейін десе көкейіндегісін көмейіне жалғай алмай жатқаны мынау, жиналайын дегені ғой. Ал Бибіш екінші сыныбында алты шақырымдық күнұзақ жүріс-тұрыс «Я, Құдай, Әдиімді аман етіп, бәледен айықтырғайсың» деп жиі қайталауда. Қолатқа қонған ақ қарды тыныштық үстіндегі тыныштық көретін жаны шыж-быж болып, қазір де сол тұнық тілегіне тұнып, сүлкіні түсіп сұранып келеді Тәңір Иесінен. Ағасының үйіне аяғын асығыс басып, тілі тілегіне тұрақтап әлі дұғалап келеді. Көзінен кешікпей бір қуаныштың құшарына сенім үміті бардай бір жарқыл жалт-жұлт етеді. Ертеңгісін Әди алагеуімде тершең күймен шошып оянып; «иә, иә борсық... борсықтың майы» деуден басқа тілге келмей біраз отырған. Жағаласып азан айтылып жатты. Сөйтсе түсіне Анасы кіріп, немере інісі «Айтақанның үйінде бір бөтелке борсық майы бар, сонан шипа табасың, ем қылсын, іш» деп аян берген екен. Бибіқыз Айтақандікіне кеупек кебісімен қалай жеделдетіп желең жеткенін өзі білмей, ләм-мимсіз зытып келіпті. Суыт аян-сөзге Күлпән жеңгесі «Құдай-ау, ондай үйде жоқ қой, қайдан шығарып жүр»,– деп таңданған. Әрлі-берлі іздегеннен-ақ, абажадай шетен қораның шап бағанына дырат жіппен маталған дорбада борақтың бір бәнкі тоң майы аузынан бітелгенін көріп, тосыннан тобалап баланың қолына ұстата салды. Үй іші, көрші-қолаң шықпа жаным шықпалап, бір нәрседен үмітті күйде. Соқыр есік те үңірейіп, үңіле күтуде. Айғаным борсықтың майын қыздырып, толы жайпақ жоянды жұта қойды. Іле-шала бір самауырын шай дайындатып, әр кесесін «пісміллә-пісмілләмен» киелеп ішіп алды.

Колхоз іші үрген ит пен ауық-ауық аңыранған есек үні. Жеті қараңғыда аспан айырылып, ту ортасын аппақ жұлдыз жарып шықты. Тау басынан бастап жұмырланып, өпіріліп, етегі қашалып, биік Балбалға айналды. Қараңғылықты қуа Күн шығыстан батысқа қарай дамылсыз қозғалып бара жатқан нұршапақ, кеңшапқат. Аспан тұстан: «Әсілі қараңғылық құны тек көз үйренгенше... Нағыз қараңғылық жазықсыздың қанын қасақана жүктеу және оны түсінбеу. Мұның құны тым қымбат» деген белгісіз дауыс естілді. Түнектің түйінін тарқатқан жарық Жұлдыз көз қарытарлық зор қуатты. Сәт сайын сәулесімен сәукеле құруда. Аз ғана жылжып Балбалдың басына Жұлдызды тәж киілді. Көз алдында орын алған жайдың шынына нанар-нанбасын білмей тұрғанда... көк жүзін соғыс тікұшақтары толтырып, құшақ-құшақ буылған бөртегүлдер жаудырып жатты. Кеңес алқабындағы жалғыз баған Левитан радиоқабылдағышының жауын-бораннан тоттанған қаңылтыр жапқышына көк мойын тырық қарға келіп қонды. Қонды да айналаға басын бітімінен бөлек түрде селт-селт етіп бұрып алды да қарқ-қарқ етті. Таңертең шұғыла шалқыр шақта ым-м деп ыңыранған Айғанымның ыңыл-аяқ алысына ояна сала, ыстықтан быршып, маңдай-мұрны тершіп кеткен анасы енді-енді тұра бергенде Бибі алдындағы шараны тосып қалды. Ерні домаланып, лоқсып жіберді... екі... тағы үшінші рет әрекетінен құсып, қанаралас тамыр-тамыр мүйіз сияқты көкпеңбек ұйыған ет түсті. Майлақы түнде әбеқоңыр үйді әлдилеген әбігер тірілік ұзаған түтінге төрелік етіп, ошағына оралтты.

Әзборақтың майы жай май емес. Жылдар жолындағы жылусыз қомнан, ақ даладағы ақжүректің қалау күшінен пайда болған дауа осы ғой. Індетін бәдігімен үдере-көшірте қуған мәрт өлкенің қасиеті де, басқа не? Кемпір көзі парлап, етегіне құйыла кетті.

***

Алагеуімнен ауған күн көзінен ақсам рау төгіліп келеді. Қалың түлей, селеулі ақ дала... жыңғыл мен изен, бөртегүл бөртіп жұпар шашып тұрған жақта жер отайып, мұң ортайған кез. Судай тазарып, жердей беріктеніп елдің реңі кірген. Көк күркіремей, жер жылымайтыны бар көкөрім көктемнің. Осы оқиғадан соң Айғаным ауырғанға дейінгі жасын қайта сүрді. Мамыр айы бүтін Кеңес жұрағатын үлкен қуанышқа кенелткені ұрпақтар көңіліне дәт-медеу. Қырқылған ағаштарды енді окоп үшін емес үй құрылысына жарата бастады. Әке хабары әзірге із-түссіз, тып-тыныш. Жақсылықтың жері мәз-мейрам!

Қалың ақ қаудың арасында Бибіқыз бір қолымен гүл теріп, бір қолымен гүл құшақтап жүргенде галстугінің түйіні босаңсып, желмен бірге ырғала ұшып кете барды. Көп ұзамай көк аспанға сіңіп кетті. Бүлдіршін бұны кейін байқады. Қызылға қараса жоқ. Жәудір көзі жадырап кеткен. Қан жүрегі қақ жарылып жүргендегі ықылас-қаласын көк иелері әумиінмен мөрлеп, мақұлдағанына разы қалыпта. Әр шалшықта мұхиттың иісі бар ғой. Жаймашуақ күнде жанары жайрандап, езу тартып өлеңдетіп барады.

Жосқындап жылжыған жұмыр бұлттардың өзара жамалып жауқын-жауқын жасауланып алғанына қомыт киіп, шөп орған кейуана шүңірейіп қарап қалған. «Түйе сойған жиыннан тоқты сойған той артық, жетеқабыл көр де жалғасты ет амандығыңды» деп, сүйір тілімен илләлап түпқалта тілеуін сұрады.

Шатырдың асты жағына қосірең қарлығаштар тәбір тасып, жарты ай тәріздес ұя құрап жүр... Әнеу биікте шарлай, шаттана шиқылдасады.


Күлтегін Аспанұлы

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Күлтегін, Аспанұлы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар