Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Досхан Жылқыбай: Сағым жылдар...

18.06.2017 9802

Досхан Жылқыбай: Сағым жылдар

Досхан Жылқыбай: Сағым жылдар - adebiportal.kz

Қайдан табатынын қайдам, ауылдағылар ат қойса, қиюын келістіре қояды ғой. Көп айтатын сөздері, қызық мінездері, кейде тіпті өз итінің де атын иесі қоя салады. Бірақ, жарасып кетеді. Ал, адамды қойып, адамның жеке саусағына ат қойғанды тұңғыш көрдім. Ауылдан. Туған ауылымнан.

436b1ba603fd807a68efd192ad23c8fc.jpg

Алты айлығымда итше желкемнен тістеп әке-шешемнен алып келген атам қалаға оқуға ерте жіберді. Бастауыш сыныпты бітіре сала, төлқұжатымда ғана әке-шеше болып есептелетін кісілердің қолына барып тұрдым. Айналдырған тоқсан үйлі ауылдың бәрін танимын деп ойлаушы едім. Биылғы барысым жоққа шығарды.

***

Паспортында үш көше деп жазылса да, ауылдағылар үшін төртінші көше бар. Қалған көшелердің барлығы түп-түзу секілді, бұл көшені «Қисық көше» деп атайды. Дәл осы көшенің төріндегі жұпынылау үйден арқыраған асау дауыс естіледі. Асаулығының өзінен нәзіктік есетін секілді.

Сағым жылдар, сағым жылдар!

Сен де бір арман, сен де бір жалған,

Сағыныш-ай, сағыныш-ай,

Сенімен бірге толқиды жаным менің...

Сыртта тың-тыңдап тұрған көрші – бала үйге жүгіре кірді.

– Шубай көкем мас, - деді де, сықылықтап күліп алып, далға қайта ытқыды.

***

Ауылға жақындаған сайын автобуыстың алдына жақындап алатын әдетім. Көзіме таныс жердің бәрін қарашығыма қайта сыйдырғым келеді. Алматыдан батып бара жатып қол бұлғап шығарып салар күн, ауылға жеткенде автобусты алдынан күтіп алады. Осылай жарық жеңілер шақта шулы қаладан шығып, түн көбесі сөгіле тыныш ауыл тұсынан мені қалдырып, өгіз автобус өкіре қозғалды. Иісі ауаға тарағанша демімді тежеп, сәлден кейін кеудемді кере қайта демалдым. Қаланың иісінен шаршағандаймын. Мен кеткелі жылға жуық уақыт өтті. Қаншама өзгерістер болып жатыр. Бірақ, ауылда уақыт өтпеген сияқты. Ескі аялдаманың қабырғасындағы жазулар ғана жаңарған. Біздің елдің соңғы жаңалықтары осында. Қай жігіттің кімге ғашық екенінен бастап, кімге тісін қайрап жүргені, қай жылғылардың сөзі жүріп тұрғанына дейін осы жаңалықтар тақтасында. Кейде ауылға келіп кеткен қонақтардың да тізімін көзіңіз шалып қалады. Осы жаңалықтармен таныса тұрып түтін түттетім. Бұл шаруа енді қиындайды. Қалтамдағы қоқым мен сіріңкені тастап, тазалана бастадым.

Шылымның соңғы тартымына ұқсайтын баяу сағыныш еседі көңілді. Үйге деген аптығу жоқ. Барлығын кеудеме асықпай қондырып алғым келеді. Ешкімді оятып алғысы келмегендей, түн тұлпарының тұяғына киіз орап, тыныш қана ауып барады. Қоржынында жұлдыздар кетті. Аспанға қарасаң ауылымның емес, Алматының аспанына қарап тұрғандай күй кешесің. Бірақ иіс басқа. Тыныштық та түн мінген күлікке мінгесіп кеткендей, ауыл үстінде азан-қазан шу басталды.

Рас болса, періште көріп әтеш шақырды, сайтан көріп есек ақырды. Оған не көрінгенін білмеймін, бұл дүрмекке иттер қосылды. Қорадағы қой мен сиыр да тірі оркестрден өз орындарын тапқан. Барлығын періште бастады...

Менің келу құрметіме ойналып жатқан оркестр сазына мас болып, сайдағы ауылға жаяу түсіп келемін. Түскен жерімнен тура тартсам үй жақын. Бірақ ауыл арасымен жүргім келді. Әр үйдің терезесінен жарық аңдимын. Әр терезеден көрінген жарыққа қуанам. Ауылда кеш батса да көп үйдің жарығы жанбайды. Қыс болса да мұржасынан түтін түтемейді. Барған сайын бір шаңырақтың бос қалғанын көрем. Жұмыссыз ауылдан жұрттың көшіп жатқанын көрем. Жыл сайын ауылдан шығар түтіннің кеміп бара жатқаны жаныма батады. Әрбір үй қалаға көшкен сайын жеңгемнің атам мен апама ұсынған кесенің түбі үстелді тесіп жібере жаздайды. Кейде менің де алдыма сол кесенің ішіндегі шай шайқатылып келеді. Айтар сөзімді жеңгем жеңеді. «Мықты болсаң ауылға келіп өзің тұр». Үнсіз қалам. «Ауыл туралы жазу үшін, қалада өмір сүру керек», - деп өзімді алдаймын. Менің жазуым кімге керек? Ертеңгі әдебиет, бүгінгі шелегін білегіне қыстырып сыйыр саууға кетіп бара жатқан жеңгеме не керек? Ол кісіге менің жазғанымнан гөрі, бүгін келіп қыстық отынын бұтап бергенім маңыздырақ. Бірақ, жеңгемдікі дұрыс. Менікі өзімшілдік қана. Сағынғанда келіп кетер қара шаңырақтың бос қалмауын тілеймін. Ағам мен жеңгемнің осы ауылдан көшіп кетпеуін тілеймін. Не үшін? Ертең баламды алып келіп: «Міне сенің ауылың. Мұнда әкең өскен», - деп ауыл көрмеген ақсаусақ боқмұрынға көрсету үшін. Өзімнің белімнен шықпаған баламның ауылды көруі үшін осылай тілеймін. Осындай тілекті тілейтін жанымды тастап тәнім қашып шыққысы келеді.

Мүмкін қашып та шығар ма еді, көше бойлап келе жатқан мені «саңқ» еткен мәшине үні «селк» ескізбегенде. Ішенен шалықтаған күлкі естіліп, іле:

– Жықаңның баласымысың ей? – деген дауыс шықтты. Жақындап барсам, алдыңғы орында мұрны қызарып Шубай көкем отыр.

– Ассалаумағалейкум, - деп қолын қысқанымда, менің алақанымды екі-ақ саусақ орады. Қалған үшеуін жас күніне естелікке қалдырған. Күйеуге тиген әпкеміздің құдалығынан қайтып келе жатқан көлік екен. Ішіндегілерге сыпайы амандасып бұрыла беріп едім, білегіме киілген кісендей екі саусақ шап берді. Өзіне тартып, құлағыма:

– Газетке бірдеме шимайлап жүретін бала сенсің ғой.

– Сәл-пәл шимайлайтыным бар.

– Домбыра тап та, үйге кел.

– Жарайды. Құдалықтан қайтқан мәшине күтіліп шыққан құдадай шайқатыла қозғалып жанымнан өтті. Не айтқысы келді екен?

Түсімде көп көретін көк дарбаза даңғырай ашылды. Аула түбінен ит үріп жатыр. Айқайлап едім, даусымды таныды-ау, қоя салды. Біздің үйдің жарғы енді жағылып жатыр еді. Есік тұтқасын тартып қалғанда, көмейіме кілкіп өксік тірелді. Құлыптаулы. Көз алдым су астынан сығырайғандай бұлдырап барады. Есіктің арғы жағынан біреудің келе жатқан дыбысы шықты. Атам екен. Құшақтай алдым. Күшік кезімнен мұрныма емес, жүрегіме сіңген иіс. Сақалына бетімді үйкеп-үйкеп алып, мойнына асыла кеттім.

– Алда, әкеңнің... Жігіт болды ма десем. Ар жағынан апам тұрып:

– О, төлбасым келді, - деп құшақтап жатыр. Немересінің үлкені, төлбасысы – мен. Қанша келін түсірсе де, қысты күнгі таңғы отынды өзі жағатын апам, түнде дайындап қойған отынын салып, тоңқаңдап шәй қамына кірісіп кетті. Атам екеуміз үстел жанына бір-бір жастықты құшақтап жантайдық.

– Ал, бала, гәптен болсын.

– Не гәп? Келіп қалдық. Атам бетіме ұзақ қарап:

– Шашты алатын болып қалыпты-ау ә?

– Балаңыз «Поэт». Алматыда «ақын» боламыз деп өсірген шашты қайырып, артқа лақтырып-лақтырып қоям.

– Алда, әкеңнің... Шәй үстінде үйдегі іні-қарындастарыма көрінбей атам мен апама еркеліп алдым. Көздерінен мені үлкен жігіт көретіні байқалады. Еңсемді тіктеп:

– Шубай көкемді көрдім.

– Құдалықтан енді қайтып па?

– Иә. Үйге кел дейді. Домбыра тауып.

– Қызу шығар.

– Шамалы. Ол кісі ән айтушы ма еді?

– Уааа. Сен де сұрайсың...

Төсек салулы. Бірақ таң атып кеткен. Жатудың жөні жоқ.

– Айтпақшы ата. Домбыра кімнің үйінде бар?

– Ммм. Бір болса, Жаңаштың үйінде болады. Кластасыңнан сұра.

Ойымнан кетер емес. Не айтқысы келді? Не айтады? Бүгін баруға болмайды. Ертеңге дейін шыдам жетпейтін сияқты. Амалсыздық.

Бала күннен атаның жанында жүріп, қариялардың қасында өскеннен ба, өз қатарымнан гөрі сол кісілермен оңай тіл табысамын. Ауылға келе сала сыныптастарымды іздегендей бәріне кезек-кезек кірем. Бірақ, бұл жолы жалғыз шығуға болмады. Сейтжан ақсақал кетіпті. Үй арасындағы жалғызаяқ жолмен атам екеуміз үнсіз келеміз.

– Соңғы кездері көзі тіпті көрмей, үйден шығуы мұң болып қалып еді.

– Ауырды дегенін естімейтін едік қой.

– Иә. Көзі болмаса сап-сау еді ғой. Барып құранымызды бағыштап, сол маңайдағы атамның қатарластарының бәрінің үйніе кіріп шықтық. Ендігі келгенде бір үй кем кіретін болдым. Және осылай кеми де бермек. Көзім еріксіз атама түсті. Жоқ! Ойлауға болмайды!

Ауылдағы бір парызымнан құтылып, әр нәрсені бір түртіп жүргенде кеш батты. Батыстан долы жел көтеріліп, ағаш біткені ықтырып барады. Қарсы қарап тұрмын. Бүгін қанша кәрі ағашты құлатыр екен?

Даладан кірген атам мұздай қолын кеудеме салып оятып алды. Таңғы шай үстінде атам:

– Бүгін Шубай көкеңе барып қайт.

– Кішкентай кезімнен тек «Зилдың» ролінен көргенім болмаса, ән айтқанын көрмеппін ғой.

– Ооо. Темір тоқпақтағаннан басқаны білмейді деп пе едің?

– ...

– Барғаныңда «Сағым жылдардың» бабы қалай екенін сұрай сал.

– «Сағым жылдары» несі?

– Бара түсінесің.

***

Өзге ауылға барса күйшілерімен мақтанар ауылдан тиіксіз домбыраның өзі әзер табылды. Қолымнан келгенше тиегін ойып, көкемнің үйін бетке алдым. Есігін тоқылдатқаным үшін жүзін әжім айғыздаған жеңгемнен бір ұрыс естіп алып, қоңыр-салқын үйге ендік. Егер турасына келсе, жеңгем дегенім туған шешемнен егде. Бірақ, шалдың баласы деген қағазым бар. ...Қартайып қалыпты.

Көкем төрде қисайып жатыр екен, түрегеп сәлем беріп, төр ұсынды. Амандық, саулық сұрасқаннан кейін, көкем сұрақты төтесінен қойып:

– Не жүріс? – демесі бар ма. Қысылыңқырап, мән-жайды түсіндергеннен кейін:

– Қызу ма едім? – деп күліп алып: Ала қағазға құмарлығы бар естиміз ғой сені. Гәзет-журналдардан атыңды көріп қаламыз. Сені шақырғанда жас күнім есіме түсті ме, қайдам. Ол жағы есімде жоқ.

Домбыраны қолына алып, біраз шертіп, құлағын келтіріп отырып:

– Мені осы қу темірге деген қызығушылығым құртты. Мектеп бітірген жылы әкем, жалғызынан несін аясын, мал бақ деп мотоцикл алып берді. Ал, көкем ән айтатын өнерімді байқам, желкелеп апарып, өнер институтына түсірген. Жастық шақта ақыл бар ма? Сол ауылда қалған қу темір жатсам тұрсам ойымнан кетпей, ақыры оқуды тастап қашып келдім. Әкем мақтады. Көқем боқтады. Астымдағы көк темірдің буымен екеуін де елеген емеспін. Қолымда домбыра, аузымда ән, астымда су жаңа «Восход» - ауыл жігітінің алды, отырыстың сәніне айналған маған оқуды ойлап не жын тиіпті?

Жеңгемнің жанарынан болмашы ұшқын байқалдыда, кәрі қарашық қайта жұтып алды. Кесе де алдынан кешеуілдеп ұзаған.

– Әніңді айтсаңшы енді, - деп жеңгем түртіп қалды. Осы бір кірпіктердің айқасып үлгермес сәтінде ғасырлық сағыныш жатыр еді.

– Е той емес, басқа емес ән айтқан да ыңғайсыз екен. Мә, шәйіңді жаңарт.

Сол қодағы бес саусақ он тоғыз перненің үстін қыдырыстап жүріп, қажетінің үстін дөп басады. Ал, оң қолдағы басбармақтан бөлек шертуге ыңғайлы жалғыз саусақ шанақ үстін шаңдатып жүр. Домбыра әкел дегенде, осы бір ағаш кесетін арадан әзер аман қалған басбармақ пен аты жоқ саусақтың қос ішекті қалай шертетіні ойыма де келмепті. Кесіліп қалған сұқ саусақ, ортан терек, шынашақтың қандай кебінге оранып, қай тұста қалғаны маған бұлыңғыр. Бірақ, икемсіз көрінер «аты жоқ саусақ» қос ішектің қышыған жерін дөп басып қасиды. Ал, осы жалғыз саусақ тудырып жатқан әуен үстінен ән орындалғанда, үйде қалған атаммен үнсіз тілдесіп үлгердім:

– Ата! Бабында екен! «Сағым жылдар» жарап тұр!

Сағындым сағым уақыт,

Табатын жаным бақыт.

Балалық ұяның

Қарлығаш қиялын

Еске алып тербелемін.

Үн тәтті үзілді. Домбыра шертісі ызыңының соңына дейінгі үнсіздіктен кейін:

– Мә, кемпір. Дауысты ашар ағың болмаса, қызылынан құй. Көкем арқаланып алды. Ішінен дүлей күш оянғандай қозғалақтап:

– Неге екенін білмеймін, қолыма домбыра алсам, көмейіме осы ән келіп тіреледі. Мен жалпы әнді күнде айтамын. Концерт алдындағы орындаушыдай, дауысымды күнде баптаймын. Бірақ, осы үйдің маңайында ән айтқым келмейді. Бұл жұрт мен ән айтсам: «Шубай мас», - деп үйге жоламай кетеді. Ішпей де ән айтуға болатынын түсінбей ме? Ал, осылар құда шақырып, қыз ұзатып, той жасаса, қиылып: «Көке сіздің әніңіз» - деп келеді де тұрады. Көңілің қалады. Елдің арасында отырған соң шалқайғаның да ұят. Осылай үй маңында ән айтудан қалдық. Малымды жұрттан бөліп алып, алыс кетіп шырқап келем. Үйде тыныш отыра берейін десең, қу жалғыздан қалған жалғыз тұяқтың шешесімен кеткен күйігі кернейді де тұрады. ...Иттің баласы-ай...

Көкемнің қайтыс болған жалғыз ұлынан бөлек, екі қызы мен үлкенінен туған немерелері болатын. Бірақ, басқа балам бер демеді. Домбыра қайта шертілді. Домбыраның шанағынан шер, көкемнің көмейінен зар төгілткен әндер еді.

– Солай, бала! Соқа басымыз сопайым жалғыздың жолына қараумен жанарымызды талдырып отырмыз.

– Келеді ғой, көке.

– Менің көрімді қазуға келмесе, көрпемді қымтауға келе қоймас. Өзің сияқты қалада оқып жатса мақұл ғой, біреуге жалданып жұмыс істеп жүргені батады.

Мен қосып ештеме айта алмадым.

– Ал, сен бала, қаладан қайтпа. Жиған өнерің ауылда асабалықтан ары асырмайды. Кең жайлар өріс тап. Үйдегі Жықаң сені қалаға жібергенде «ауылға келіп мұғалім бол» деп жібермеген болар. Біздің жолды көп қума. Біз қобызды көбірек тартып қойдық...

Осы сөздерді айтып, сәл кібіртектеп тұрды да:

– Анау иттің күшігін көрер жерің болса, құлағына кімнің сідігі екенін сыбырлай сал!

– Жарайды көке. Келеді ғой. Қайда барады?

– Ее. Санасына қарай көреді де. Жә, не оқып жүрсің?

Шерлі басталған әңгіме мүлде жаңа ауанға ауысып, сала берді. Арғы-бергі тарих пен аңыздардан, ауылдағы әзіл әңгімелерден талай сыр шертілді. Әдебиет төңірегінде көп айналшықтадық. Бұл тұста жеңгем де қаражаяу болмай шықты. Кім білген? Ауылдағы осы бір елеусіз үйден осынша әңгіме төгілер деп кім ойлаған?

Кешегі тұлпарына мініп ауып кеткен түн қайта келіп, қоржынындағы жұлдыздардан шашу шашып жатқан тұста мен де түрегелдім.

– Көке, рұқсат болса...

– Ал, бала рақмет! Келіп тұр. Әлі талай қаламыңның сиясын тауысар әңгіме бар.

– Бүгінгінің өзі біраз жүк болар-ау. Жеңгеммен қоштасып сыртқа шықтым. Екеуі сыбырласып қалды да, артынша көкем шығып, шылымын тұтатты.

– Айтқан сөздерім есіңде болсын, бала! Аман болсақ, осындамыз... Келіп тұр!

– Жақсы көке, - деп қолын алып, құшақтай бергенімде, қалтама бірдеме салғандай болды. Студентпін. Бұл қылыққа үйреніп қалғам. Үйдің дарбазасынан сыртқа шығып, қалтама қолымды салдым да, сыртқа шығарып көрместен селтиіп тұрып қалдым.

– Көкем-ай. Қайдан ғана сезіп қойдың? Ауыл сыртына шыққанша қалтамдағыдан қолымды ажыратқан жоқпын. Қашып кетердей қысып ұстадым. Шеткері шығып, жайланып отырдым да, қалтамнан суырып, түтінді ауылға түтін қостым.

***

«Әлі талай әңгіме бар» - деп, көкем алдап кетті. Өз қызын ұзатқан тойда «Сағым жылдарын» соңғы рет салып, ертесі күні әкесінің қасына барып жатып алды. Бір-бірінен тараған үш жалғыз қатар жатыр. Төртінші жалғыз келіп топырақ салды деп естідім. Өзім көре алғам жоқ.

Қанатын қайырып артына ұстап алар қарғадай қария да қолын артына салып үнсіз келеді.

– Сол тойда тоқтаусыз ән салып еді. Тойдан қайтқан жұртты үйіне жинап, ет астырып, таңға дейін тағы әндетті.

– Сезгендей-ау.

– Адам сезеді дейді ғой.

Араб тіліндегі жыр жауһарларын оқуға, сол баяғы жұпынылау үйге қайта кірдік.

***

Көрші бала биыл мектепке барды. Атасы алдына отырғызып саусақтарын атап үйретіп жатыр:

– Басбармақ, балаң үйрек, ортан терек, аты жоқ саусақ...

– Аты бар ғой! – Қандай?

– «Сағым жылдар».

Көмейіне келіп қалған өксікті тас жұтқандай әзер жұтты. Бұрылып көршісінің үйіне қарап еді, тым-тырыс екен...

Мүмкін ол жақта даусын ашар дүние жоқ шығар. Әйтпесе, салған әні естілер еді ғой...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар