Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бүгін белгілі ақын Ерік Асқаровтың туған күні

10.01.2017 869

Бүгін белгілі ақын Ерік Асқаровтың туған күні

Қазақ әдебиеті көгіне жарқ етіп көтеріліп, мезгілсіз ерте сөнген жұлдыздардың бірі – Ерік Асқаров. Таланатты жазба және айтыс ақыны, режиссер Ерік Асқаров 1959 жылы 10 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев (бұрынғы Булаев) ауданының Дүйсеке аулында дүниеге келген. Орта мектептен кейін Алматыдағы Көркем театр институтын режиссер мамандығы бойынша бітіреді.

Республикалық Қазақ телевизиясында режиссер, «Жазушы» баспасында редактор, Қазақстан жазушылар одағы әдеби қорының директоры қызметтерін атқарады. Көкшетау, Астана қалаларында қызмет атқарған.

Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ кесек сөздің шырайын келтіріп айта білген жас ақын аға буынның назарына бірден іліккен екен:

Шерлі заман келтірсе де толғағын,

Тәтті болмай, ащы болды тордағы үн.

Өтті шырқап,

Өтті бірақ айта алмай,

Талай Ақан, талай Мұхит соңғы әнін.

Мағжандай ұлт асылы, Алаш ардақтысы туған топырақта дүниеге келген Ерік ақынның жастайынан өршіл де өжет, ұлтының намысын жыртар ұл болып өскенін өз аузынан да, тұстас, тұрғыластарынан да естігенбіз. Мұқағали ақынның «айтарын ашып айтқан абайламай, дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай» деп жырлаған сарыны жас ақын Ерікте жатқандығы бекер ме:

Бір халыққа тұлға болу оңай ма,

Сондай тағдыр бұйырыпты Абайға.

Барласа да арғы-бергі заманды,

Соңғы сөзін айта алған жоқ алайда.

Мұңдас болып кәрімен де, жаспенен,

Қолын бастап жауға шапқан тасберен.

Махамбеттің соңғы сөзі кетті ғой,

Қапияда бақи болған баспенен.

Ерік ақынның біршама жылы Көкшетау қаласында өткенін білеміз. Одақтың шаңырағы ортасына түсіп, елді экономикалық қиыншылық тұралатқан тұста Ерік ақынның жерлесі, іскер азамат Жанат Қасым Көкшетау қаласында жаңа тұрпатты мектеп, жоғары оқу орнын ашып, сонымен бірге театр труппасын құрып, ұлт игілігіне көптеген игі істер атқарған еді. Құрамында танымал қобызшы, сатирик Ерназар Ыбыраев, әнші Мереке Бекмағамбетов, режиссер Құдайберген Насыров т.б. болған бұл шығармашылық топтың құрамында марқұм Ерік Асқаров та болған еді. Орыстандырудың төстеп тартқан айылы тым батқан солтүстік өңірде қазақ рухын жандандыруға ұшан-теңіз еңбек сіңірген сол бір шығармашылық ұжымның тарихи рөлі бағаланатын сәт те туар. Ерік ақынның да шығармашылық ғұмырының жарқын беттері осы жылдар болса керек.

Сол жылдары университет қабырғасында оқып жүрген біздер Ерік ақынмен әлденеше рет шығармашылық кездесулер ұйымдастырып, өлеңдерін тыңдайтынбыз. Ақынның Абай шығармашылығына қатты ден қоятыны, үлкен академиялық білімі анық аңғарылып тұратын.  Кезінде Гооивуд сахнасында қазақтың қара қобызын күңіренткен жерлесі, бүгіндері өмірден өткен Ерназар Ыбырайұлы екеуі егіздің сыңарындай жарасып жүретін еді.

«Бір көршіміз болды. Көп ұлдары болды. Шетінен ынжық еді. Ерегескенде быт-шыт қылып сабап кетемін. Біз қанша көп болсақ та, Мұхаметтің жалғыз ұлына татымадық қой», - деп солардың бірі жылаған екен. Сол айтпақшы, маған жасымнан өжет болып өсуге тура келді», - деген еді бірде ақын.

Ол жылдары айтыс өнерінің шыңына жетіп дамып тұрған шағы. Дамып тұрған шағы демекші, Ерік ақынның Кеңес одағы құлар алдында Алматыда Қонысбай ақынмен болған бір айтыста өзінің халық жүрегіне жол тапқан батыл да өткір сөздерімен зал толы халықты әлденеше рет орнынан дүрк көтеріліп тұрғызуға жеткізіп риза еткені халық жадында болар. «Әй-дәри-дәри-дәри-дәй» деп отырып, мәймөңкелемей төтесінен қойып қалар батылдық өз тұстары арасында Ерік ақынға ғана тән болатын десек, артық айтпаған болар едік. Иә, ол тұстағы Ерік ақындар аламандатқан айтыс өнері шынымен де бекзат еді ғой.

Айтысқа жазба ақындықтан келген Ерік Асқаровтың сөз құрау мәнері, ой жұптау шеберлігі қазіргі ақпа ақындардан гөрі аз-саз болса да, шынайылығы айқын аңғарылып тұрар еді. Айтыспен жазба ақындықты қатар алып жүрген Ерік Асқаровтың қаламынан көптеген жырлар туды. Ән болып халықтың аузында жүр.

Өрттей шарпып жүректерді жаңғырған,

Кәусар ойы сезім шөлін қандырған.

Ұлылар тек жырын емес,

Ұрпаққа

Айта алмаған сөздерін де қалдырған, -

деп ақынның өзі жырлағанындай, ақынның соңында қалған, қысқа ғұмырында айтып үлгерген сөзі – халқының қазынасы туған елімен бірге мәңгі жасай бермек.


Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар