Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Алты алаштың ардағы Есенберлин әлемi...

01.01.2017 12561

Алты алаштың ардағы Есенберлин әлемi

Алты алаштың ардағы Есенберлин әлемi - adebiportal.kz

Ілияс Есенберлин! Осы бір ұлы есім тілге оралғанда, кезінде жұмыр жерді тұлпарларының тұяғымен дүбірлеткен бабалар рухы үдере бас көтергендей, қалың тарих қатпары көз алдыңнан өте бастайды. «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас»… Осындай ірі әрі тарихи романдарымен артына өшпес әрі бай мұра қалдырған Есенберлин әлемі — таңғажайып әлем! Біз бүгін сол әлемге жазушының ет жақындары арқылы сапар шегуді мақсат тұттық.

Құрсаулыжылдарда қазақ зиялыларының көрген құқайына қарамастан, кеңестік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған, қысылтаяң уақытта да ешкімнен қаймықпай, қасқая тұрып, қазақты төл тарихымен қауыштырып, алғашқылардың бірі болып, тарихи шындықты көркем әдебиетпен көмкере жеткізгеніне еріксіз бас иесің. Он бес жылда он жеті роман жазып, ол еңбектерін құрғақ пәлсапамен емес, ұлт рухын жігерлендіріп, тарихи жадыны жаңғыртатын ғажайып тарихи дәйектермен сипаттаған. Әлбетте, қаламыңды сермей отырып, оның әрбір тарихи романының желісі мен сюжетіндегі рухани дем беретін ерекшеліктеріне жеке-жеке тоқталуға да болар еді. Бірақ жазушының еңбегін бір мақалаға сыйғызу әсте мүмкін емес.


Жазушының жүз жылдығына орай жер-жерде ұйымдастырылып жатқан түрлі шаралар мен жиындар әдебиетке біртабан жақын жандарды жазушының шығармашылығы мен ол туралы естеліктерге жетелемей қоймайды.


Туралығы сол, көзкөргеннің аты —көзкөрген! Кейіпкеріміздің көзін көрген аға-әпкелеріміздің естеліктерінсіз артынан аңыз ерген жазушы туралы қалам тербеу, естелік-мақала жазу тіпті де мүмкін емесі анық. Сондай үлкен ағаларымыздың әңгімелері мен І.Есенберлин жайлы жиған-тергенімізді топтап, аз да болса арда жазушының образын ашуға тырыстық.

Империяның қаһарынан қаймықпаған қаһарман

Осы орайда, жазушының көзін көрген белгілі қаламгер Қабдеш Жұмаділовтың естелігіне үңілсек:


— Есенберлин үлкен әдебиетке 50 жасында келді. Әрине, ол әдебиетте бұрын да бар болатын, тиіп-қашып өлең, дастан, повесть жазатын. Бірақ олар Ілекеңді танытпайтын, әдебиетке жасалған жай барлау еді. Ал нағыз әдебиетке 1965 жылы «Айқас» атты алғашқы романымен келді. Сол романы үшін Мемлекеттік сыйлық алды. Негізінен, І.Есенберлиннің әдебиеттен ойып тұрып орын алуына тікелей себепкер болған адам — Дінмұхаммед Қонаев еді. Д.Қонаев Мәскеуден оқу бітіріп, Балқашта бас инженер болып жүрген кезде, Ілияс политехникалық институттың тау-кен инженерлігі мамандығында студент еді. Сол студент шағында Димекеңнің қол астында практикадан өтеді. Сөйтіп, Димекең екеуі танысып, араласа бастайды. Кейіннен де олардың жолдары бірнеше рет түйіседі. Алайда бәрібір екеуінің жолдары екіге айырылады. Димекең өрлеу жолына кетеді. Ал Есенберлин құлдырай бастайды. Себебі сол уақыттағы асыра сілтеу кезінде Ілекең сотталады. Алған әйелі Диляра Жүсіпбек деген халық жауының қызы болып шығады. Соның бәрі алдынан шығады да, Ілекеңнің жолы болмай, ісі кері кете береді. Содан Д.Қонаев екеуі қалай қайта табысты дейсіз ғой? І.Есенберлиннің өзінің айтуы бойынша, 1967 жылы жаңа жылдың басында Д.Қонаев киностудияны аралап келеді. Ол уақытта І.Есенберлиннің киностудияда аудармашы болып жұмыс істеп, күн көріп жүрген кезі. Қалың топты жарып келе жатқан Димекеңнің көзі Ілиясты шалып қалады. «Оу, Ілияс, сенбісің? Барсың ба?» — дейді ғой. Сонда Ілияс: «Бармыз ғой, Димеке! Қайсысын айта берейік», — деп жауап қайтарады. Сонда Д.Қонаев жанындағы көмекшісіне: «Келесі жұмада Ілиясты маған кіргізетін бол», — депті де, Ілиясқа бұрылып, «Сол кезде әңгімелесейік, иә», — деп өтіп кетіпті. Арада бір апта өткен соң, Ілекең Д.Қонаевтың қабылдауында болады. Бар сырын жасырмай айтып береді. Оның әңгімесін тыңдап болған Димекең: «Опера театрына директор керек. Соған сені тағайындасам қайтеді?» — дейді. Алайда Ілияс одан бас тартып, өзінің әдебиетке жақын екенін, мүмкін болса осы әдебиет саласынан бір қызмет қарастыруын өтінеді. Д.Қонаев бір сөзге келместен, 1967 жылдың наурыз айында Ілекеңді «Жазушы» баспасының директоры етіп тағайындайды. Керемет сенсация! «Бұрын-соңды ешкімге таныс емес, Ілияс Есенберлин деген біреу «Жазушы» баспасына директор болыпты!» Міне, Ілекеңнің әдебиеттегі нағыз қадамы осылай басталған. Оның әдебиетте тынысының ашылуына Димекеңнің ықпалы зор болған деуімнің себебі осы. Ілекеңнің сол кездегі ең даулы, ең қиын тақырыптарға баруы оның керемет отансүйгіштігін, ұлтшылдығын көрсетеді. Менің «Дарабоз» бен «Соңғы көшті» жазуыма, М.Мағауиннің «Аласапыранды» жазуына жол ашқан Ілияс Есенберлин еді. Ол мұзжарғыш кемедей алға жол тартты.


Бүгінге дейін қазақ әдебиеті тарихында ең көп роман жазған, сол романдарындағы сюжеттері арқылы халқына рухани дем берген даңқты жазушының жеке өмір жолының оңай болмағаны туралы да көп айтылады. Балалық бал дәуренін ұрлап, жетім еткен ашаршылықтың ізін ала, жастық шағын жалмаған сұм соғыстың дайын тұруы… Соғысқа қатысып, 1942 жылы қатты жарақаттанып, госпитальге түсіп, бір жылдан соң мүгедек болып елге оралуы, тағысын тағылар… Одан кейінгі жылдарда да тағдырдың теперіші аз болмағанын байқаймыз. Себебі соғыстан бұрын атылып кеткен Әділет халық комиссары Хамза Жүсіпбековтың қызына үйленіп, қайын енесін “Алжирден” алдырғаны үшін НКВД-ның назарына ілініп, 1949 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Пешенесіне осыншама қайғы-қасірет жазылса да, жігері мұқалмаған жазушының қайраты мен жанының сірілігіне таң қалмай қайтесің! Ол империяның қытығына тиіп, қаһарына ілігетінін біле тұра басын бәйгеге тігіп, қазақ хандығының қалыптасуын, қазақ хандығының жоңғар хандығымен арпалысын, Қытай, Хиуа, Бұқара, Ресей империясы секілді көршілермен аумалы-төкпелі қарым-қатынастарын көркем әдебиетпен ұштастыра бейнелеп, қазақты тарихымен қауыштырған! Ол тарихты басты негізге ала отырып, көркемдікпен оқырманының санасын сілкінткен! Мәселен, оның кітаптарын қалың жұртшылық қолдан-қолға тигізбей, бір демде таусылып қалғандығы, әсіресе шалғайдағы ауыл-аймаққа жетпей, сондайда бір шопанның Ілиястың кітабын бір қойға айырбастап алғаны туралы естелік-әңгімелер бар. Кітаптарын айтқанда, «Көшпенділер» трилогиясы мен оның желісіне түсірілген тарихи кинодан аттап тағы кете алмайсың. Әсіресе жаһандану заманында кітаптан қол үзіп, өткенін ұмытып, тарихын терең танымауға айналған кей жастардың осы кино арқылы көптеген тарихи мәліметтермен сусындауы тарланбоз жазушының халқына тартар сыйы таусылмағанын, ешқашан да таусылмайтынын, өзі өлсе де, ұлтына қалдырған мұрасы өшпейтінін, өлмейтінін көрсетеді емес пе?!

Қ.Жұмаділов: «Ілияс соғысқа қатысып, бір аяғынан ауыр жараланып қайтып келеді. Балдаққа сүйеніп, сылтып басатын. Қатар жүргенде, жанындағы кісінің қолтығынан ұстап, сүйеніп жүретін. Себебі бір аяғы екіншісінен 3 см қысқа еді. Соғыстан жараланып, операция жасағанда солай бітіп кеткен екен».

Ілиясқа атылған тас

Естеліктер демекші, даңқты жазушының үзеңгілес жолдасы, композитор Бақытжан Байқадамовтың қарындасы Күнімжан Байқадамова әжеміз де екі достың әңгімелеріне айрықша жиі куә болған екен. Бүгінде 90-ның табалдырығын аттап отырған, көненің көзіндей Күнімжан әжеміздің үйіне барып, дастарқанынан дәм тата отырып, І.Есенберлин жайында әңгімелесудің сәті түскен еді. Тереңнен толғана отырып өткенді есіне ала әңгімелегенде, Күнімжан әжеміздің том-том кітапқа арқау болар небір тарихи сәттерге куә болғанын байқайсың. ҚР еңбегі сіңген қайраткер, Ұлы Отан соғысының ардагері, профессор Күнімжан әжеміздің ықшамдалып алынған әңгімесіне құлақ түрсек:

83

— Есенберлинді айтсаң, Байқадамовтың есімі де бірге жүреді ғой. Ілияс екеуі 1943 жылы филармонияда танысқан екен. Ол кезде І.Есенберлин филармонияның директоры, ал Бақам (Б.Байқадамов — ред.) көркемдік жетекшісі болған. «Маған сенің әндерің ұнады. Ал саған менің жазған өлеңдерім ұнайды ма, ұнамайды ма, білмеймін», — деп келіпті алғашында. Шығармашылықтың арқасында екеуі жақын дос болып кеткен екен. Бірде Бақытжан ағам: «Менің әндеріме сөз жазып жүрген бір жолдасым келеді. Ақындығы керемет, нағыз шығармашылық адамы. Өзім үш рет кездестім. Енді сендермен таныстырамын», — деді. Жоқшылық, таршылық қыспаққа алған соғыс уақыты ғой, шешем сонда да «ұлымның досы келеді» деп, жанын салып дайындалғаны есімде. Ең алғаш рет біздің үйде І.Есенберлинді солай күтіп алып, алғаш танысқан едік. Жетімдер үйінде өскен ол, бізге өте жақын болып кетті. Әпкем Айсұлу екеумізді өзінің қарындасындай, анамызды өз анасындай көрді.


І.Есенберлин тарихи тақырыптарға өте қатты қызығатын. Мен: «Аға, сіз тау-кен инженерісіз, ақынсыз. Енді тарихшы болмақсыз ба?» — деп әзілдейтінмін. Сонда Ілекең: «Айналайын, бұлардың барлығы бір-бірімен байланысты ғой. Қазір мен тарихпен дос болып жүрмін», — деп күлдіріп қоятын. Үйге келген сайын шешемнен тарихи деректерді тәптіштеп сұрайтын. Менің анам екеуі бір-бірімен кереметтей араласып, тарихи тақырыпта әңгімелері таусылмайтын.


Бір күні өзінің жиған-терген құжаттарын сөз ете отырып: «Мен қазақ тарихы туралы роман жазамын», — деді. Оны әзіл көрген Бақам:


— Мен сені сыйлаймын, бірақ сен горняк инженерсің ғой, роман жазу қалай болар екен? Қазақ халқының тарихын жаза аласың ба? Қазақтың жазушылары жазып жатқаны саған аз көріне ме? — деді.


— Иә, жазушылардың жазғаны аз емес. Бірақ мен қазақтың тарихын шынайы қалпында жазғым келеді, — деді ол.


— Ол оңай шаруа емес. Біріншіден, сен жазушы емессің, сенде роман жазарлық жазушылық дайындық жоқ, екіншіден, геологтың жазған шығармасын мүйізі қарағайдай жазушылар қалай қабылдар екен?


— Неге жаза алмаймын, жазамын. Сен ҚазПИ-дің физика-математика факультетін бітіріп, мектепте математикадан сабақ беріп жүргенде «Айгөлек», «Сүйген сәулем», «Бөбегім», «Пионер маршы», «Біз Отанды сүйеміз» әндерін жаздың ғой. Содан кейін ғана консерваториядан музыкалық білім алдың. Бірақ консерваторияға дейін де танымал композитор болдың емес пе? Ендеше, сен де өзіңнің табиғатыңа жақын музыка жазуға ертерек көңіл бұрдың.


— Ол басқа шаруа ғой.


— Ешқандай да басқа шаруа емес. Сені халық оқытушы ретінде емес, композитор ретінде таниды. Олай болса математиктен жақсы композитор шығады ма, шығады. Ал неге геологтан жазушы шықпайды? Шыққанда қандай, мықты жазушы шығады. Қане, бұған не дейсің? — деп әңгімелескендері есімде.


Ілияс өте бауырмал жан еді ғой. Бірақ жан-дүниесінен бір мұң байқалатын. Әсіресе тарихи кітап жаза бастағаннан кейін тіпті қайғылы болып көрінетін. Себебі кей уақытта қабағын түйіп, ешкіммен сөйлеспей, қос қолына сүйенген қалпы, ұзақ уақыт ойға бататын. Айналасындағыларды ұмытып, өзімен-өзі отырып қалатын. Сондайда біз ол отырған бөлмеден ақырындап шығып кететінбіз. Бұған таңқалған бізге ағамыз Б.Байқадамов: «Ол қазір кітабын ойлап, романмен, сондағы кейіпкерлерімен бірге жүр. Сендер оған таңқалмаңдар. Ағаларыңды бұрынғыша қабылдай беріңдер», — дейтін.
Шын таланттың, нағыз қаһарманның қашан да халқының тарапынан ескерусіз қалмайтыны, бәрібір халық оны өзі көтеретіні қаншалықты ақиқат болса, Есенберлиннің ел ықыласына бөленіп, ұлтының мақтанышына айналғаны да соншалықты шындық! Алайда


Есенберлин Ілияс қызық еді,
Ерейменнің сілемі,
Үзігі еді!
Арғымағы болса да арық тіпті,
Аламанда әйтеуір жарып шықты.
Тірескеннің біразы шыдамады,
Тізесі де қатты еді жарықтықтың,

— деп Есенберлин еңбегін қара өлеңмен өрбітіп, жырға қосқан Қадыр ақынның өлеңінен, сол тұстағы әдебиеттің маңайындағы белгілі бір топтың оның әдебиетке келгенін қаламай, барынша сағын сындыруға тырысқанын айқын аңғаруға болады. Бұған оның көптеген романдарына алғысөз жазып, шығармашылық байланыста болған жазушы Қабдеш ағамыздың «…Алайда өзінің қатарының бәрі де Ілекеңді мойындамады, қарсы болды. Ол кезде әдебиетте «біз ғана бармыз» деген бір топ бар еді. Сол кісілер: «Өзі бір тау-кен инженері дей ме, сондай біреу екен. Қайдан шыға келді аяқ астынан», — деп, Ілекеңді менсінбеді. Сондай-ақ, Ілекең өз сүйеніштері мен таяныштарын жастардан іздеді, жастарға арқа сүйеді. Өзі директор болып келген соң, бізді жан-жақтан шақырды. Біз деп отырғаным — мені, М.Мағауинді, Р.Тоқтаровты шақырып, айналасына топтады. Ал өзінің қатары көпке дейін Ілекеңді қатарға кіргізгісі келмей, тосқауыл қойып бақты», — деген естелігі мен Күнімжан Байқадамова әжеміздің мына әңгімесі айғақ бола алады:


«…Таласқа толы өмір ғой бұл, талабының арқасында қалың жұрттың ықыласына бөленіп, еңбегі жанған сайын кейбір әдебиетшілер Ілиясқа тас лақтыра бастады. Аттарын айтпай-ақ қояйын, Есенберлиннің еңбегін жоққа шығарған әлгі жазушылар мен оның шығармаларының деңгейі жер мен көктей. Солай бола тұрса да, Есенберлиндей таланттың шыққанын көре алмай, оны басып тастауға тырысты. Айналайын, жаны жаннатта болғыр Ілияс ағам бәрін жеңіп шықты. Кітаптары жарыққа шығып, оқырмандарының ықыласына бөленген сайын біздің үйге келіп, қой сойып, қуанышымен бөлісіп жататын. Осылайша қайғырса немесе бір жақсылық болса, біздің үйден табылатын», — дейді.

К.Байқадамова: “Ілияс Есенберлин атақты Роза Бағланова, Айсұлу Байқадамова секілді өнер тарландарының жарқырап шығуына көп ықпал етті. Оның бұл еңбегін атамай кетуге болмас. Б.Байқадамов, Р.Бағланова және басқа да кісілермен тығыз шығармашылық байланыста болды. Олардың бәрі біздің үйде жаңа әнді нотаға түсіріп, сол әндерінің сөздерінің кейбір жерлерін де бірлесе дайындап, қоян-қолтық араласып жататыны әлі көз алдымда…”

Тірісінде әлгіндей теріс пиғылдылармен жиі ұшырасқан талант иесі бүгінде лайықты деңгейде насихатталып, оған тиісті құрмет көрсетіліп жүр ме? Әлде қандай да бір ұлы тұлғаларымызды ұлықтау үшін бізге міндетті түрде дөңгеленген дата керек пе? Осындай сауалдарға жауап іздеп, қолдағы азды-көпті мәліметтерден білгеніміз — Астана мен Алматыда І.Есенберлин атындағы көшелер бар екен. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы №25 гимназияға жазушының аты берілген. Ал туған жері Атбасарда І.Есенберлиннің шығармашылығына арналған мұражай, жазушы дүниеге келген үйде мемориалдық тақта ілініп, аталған қалада жазушының атында көше бар екен. Қысқасы, Есенберлин еңбегі еленбей жатқан жоқ. Десе де, «өлі разы болмай, тірі байымайды», біз мұнда Есенберлин атын жамылып, «күріштің арқасында күрмек су ішкендей» той тойлап жатсақ, алайда оны дұрыс насихаттамай, әлдеқандай бір істе кемшіндік танытқандай болсақ, аруаққа құрмет көрсетпеген боламыз. Осы орайда пікірлерін білмек болып әрі заңғар жазушының ұрпағын түгендеуді, «асылдың сынықтарын» халқына таныстыруды көздеп, І.Есенберлин ұрпақтарын іздеген болатынбыз. Мақсатымызға жетіп, тарланбоз жазушының ізінде қалған тұяқтарын тауып, тілдесудің де сәті түсті. Көкейдегі сауалымызды жеткізгенде, олар ата аруағына тиісті деңгейде құрмет көрсетіліп жатқанын жоққа шығармайтынын айтты.

Атам бауырмашыл жан еді

Мағжан Есенберлин, І.Есенберлиннің немересі:


— Өткенде ғана Астана қаласындағы №67 лицейде атамның құрметіне мұражай ашылды. Бұлардан бөлек, жүз 82жылдығына байланысты көптеген ірілі-уақты іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мерейтойын ЮНЕСКО аясында атап өтуді де ұсынды. Осылардың өзіне қанағат етеміз. Бұл жағынан ешқандай да наразылығымыз жоқ. Ал тікелей ұрпақтары тарапынан не жасалынып жатыр десек, Алматыда «Көшпенділер» деген баспа үйі мен «Есенберлин» атындағы қор бар. Оны менің әкем Қозыкөрпеш Есенберлин жүргізіп отыр. Енді атам туралы айтар болсам, ол қайтыс болғанда мен бір жаста едім. Сондықтан да атамның мінез-құлқы мен қандай қасиетке ие болғанын өз көзіммен көрмедім. Бірақ ата-анамның естеліктерінен білетінім — атамның мінезі тұйық, ашуға оңай берілмейтін, бауырмашыл болған екен. Талантты жастарды көрсе, соларды көтермелеп, ақылын үйретіп, жұмысына, үйіне шақырып, барынша көмектесуге тырысыпты. Әкемнің айтуынша, үйге түскі асқа келгенде міндетті түрде жанына біреуді ертіп әкеледі екен. Сонымен қатар, отбасына, балалары мен немерелеріне де уақыт тапқан. Бүгінде Ілияс ата ұрпақтарының арасында ата жолын қумаса да, әдебиетке, шығармашылыққа біртабан жақыны — менен кейінгі Дәмелі атты қарындасым. Дәмелінің көп болмаса да, шағын әңгімелер мен поэзияға қаламы ұшталғаны, ара-тұра жазып қоятыны бар. Әкем Қозыкөрпеш те шығармашылық адамы. Жазған дүниелері бар. Алайда орысша жазады. Жалпы, І.Есенберлин ұрпақтары қанша, олар қайда, немен айналысып жүр деген сұрақтарға келсек, оның үш қыз, бір ұлы болған. Бәрінің де көзі тірі. 1946 жылы туған үлкен қызы Раушан қазір Алматыда тұрады. Оның үш ұл, бір қызы бар. Раушан апамыздан кейін Қарлығаш атты қызы татар ұлтының азаматы Тимур Давлетчиге тұрмысқа шыққан. Қазір Бельгияда тұрады. Оның Әлия және Жәмила есімді екі қызы бар, Жәмила бельгиялық азаматқа тұрмысқа шыққан. Қарлығаштан кейінгі Дильфруза апамыздың да бір қызы бар. Бүгінде Алматыда І.Есенберлин өмір сүрген үйде тұрады. Одан кейін менің әкем Қозыкөрпеш Есенберлин… Әкем екі рет үйленген. Қозыкөрпештен мен және менен кейін Дәмелі, Мәди есімді бауырларым бар. І.Есенберлиннің жоғарыда аттары аталған балаларынан немере, шөберелері бар. Құдайға шүкір, өсіп-өніп жатырмыз.

Биыл қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы мен заңғар жазушының 100 жылдығының тұспа-тұс келуінде үлкен мән жатса керек. Себебі қазақ халқына көмескіленіп бара жатқан өткен тарихын қайтарып берген қаламгердің есімін еріксіз тарихпен байланыстырасың. Елінің қамын жеген Есенберлинді қаншалықты насихаттап, оған қаншалықты құрмет көрсетілсе де артықтық етпес. Көркем шығарма мен тарихи деректерді қиюластыра астастырып, аса шеберлікпен өткенді «тірілтіп», шоқтығы биік шығармалары арқылы ұлт руханиятына зор үлес қосқан қара сөздің хас шебері, жаның жәннатта болсын!

Нұргүл Жамбылқызы

83


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар