Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Есенберлиннің БұрындығыVS Қазақфильмнің Бұрындығы...

11.01.2017 6777

Есенберлиннің БұрындығыVS Қазақфильмнің Бұрындығы

Есенберлиннің БұрындығыVS Қазақфильмнің Бұрындығы - adebiportal.kz


Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» – қазақ әдебиетінің асыл қазыналарының бірі екенінде дау жоқ. Ұлы жазушы сомдаған әрбір кейіпкер образы өзінің даралығымен, өміршеңдігімен оқырманның мәңгі жадында өмір сүретіні де ақиқат. Роман сюжетінің еліміздің киноиндустриясына да олжа салып, «Қазақ елі» деген киноэпопеяға негізгі арқау болғаны да шексіз қуантады.


005721d4c2c976f14cefd67c6adf9d4d.jpg


Жуырда ғана осы сериалдың «Алмас қылыш» деп аталған алғашқы толықметражды нұсқасы көрерменнің көзайымына айналғанын барлығымыз жақсы білеміз. Көрдік. Разы болдық. Көзімізден жас шықты. Көкірегімізді мақтаныш сезімі кернеді. Жалпы, тарихи киноларды түсіруде «Қазақфильмнің» кәдімгідей шыңдалып келе жатқаны қуантады. Кезіндегі «Көшпенділерді» жүрегіміз бір рет те болсын дір етпей отырып көріп едік, «Жау жүрек мың балада» аздап қыбырлап, кеуде тұсымыз шымырлап еді. Ал бұл жолы өзекті өксік, жүректі мақтаныш, көзді жас кернеді. Білмеймін, әйтеуір, бір ысынып, бір суынып отырып көрдік. Көркем туындының басты мақсаты да сол емес пе?! Көрерменнің көңіл-күйіне әсер ету. Міне, бұл миссиясын «Алмас қылыш» ойдағыдай орындады. Айта берсек, мақтарлық тұстары өте көп. Әркім әрқалай әсер алады. Дегенмен, біз бұл жолы бір кейіпкерге қатысты өз пікірімізді айтқымыз келіп отыр.


Есіңізде ме, Есенберлиннің Бұрындығы?!


5f3a3185e70a562789c62bf7fead8ac5.jpg



«Бұрындық көлденеңі мен ұзындығы бірдей төртпақ келген, қолдары кескен томардай, шойын денелі, балуан жігіт. Басы шарадай, қара сұр, жуан қара мұртын Ғазірет Ғалидай екі құлағына апарып іліп қоятын. Түнде көрген адамның жүрегі жарылатындай түсі суық. Бала жасынан сотқар, соғыс құмар. Оның жауымен ұрысқанда ең жақсы көретіні – ақ бурасына мініп алып жеке шығу... Бұрындық ақ бурасына мініп жауға қарсы шықса, жұрт «Тентек қара жынына мінді, енді жолымыз болар», - дейтін», - деп жазады жазушы. Ал фильмдегі Бұрындық бейнесінен мұндай сұрапыл күштің, жойқын құдіреттің бірін де көре алмадық.


Әрине, бұл көркем фильм. Көркем фильм тура романдағыдан көшіріп алмайды деулеріңіз де бек мүмкін. Дегенмен, оқырманның санасына орнығып қалған жарқын бейнелерді дәл сол қалпында болмаса да, соған жақын қылып жарқ еткізсе, әсері бұрынғыдан да күшті болар еді. Ал фильмдегі Бұрындық пен Қасымның образы «Жаужүрек мың баладағы» Таймас пен Сартайды елестетті де отырды. Сіздерге де сондай әсер туғызған жоқ па?! Тура бір сол фильмдегі екі кейіпкерді қиып әкеліп, «Алмас қылышқа» қондыра салған сияқты. Оның үстіне, Бұрындық рөлін Таймасты сомдаған Аян Өтепберген ойнапты. Ойнапты дегенде де, ол Бұрындықты ойнап жүр ме, Таймасты ойнап жүр ме, әлде өзін ойнап жүр ме, белгісіз...


Қасымды кейіптеген Мейірғат Амангелдин «Жаужүрек мың баладағы» Сартайды сомдаған Асылхан Төлеповтің егізі деуге де болады. Бет-әлпеті де, дене тұрқы да, тіпті сөйлеу мәнері де содан аумай қалған. Бұл, әрине, саналы түрде жасалған дүние емес те шығар, дегенмен сәйкестік болса, сұмдық сәйкестік енді!


b9035a5807fd5b35389f880e09c23753.jpg



Жалпы, қазақтың, оның ішінде батыр қазақтың мінезін жау көкірегін қақыратқан үш қырлы найза деп алсақ, кинодағы Керей ханнан, Бұрындық пен Қасым сұлтандардан осы үш қасиетті қанша тілесек те, көре алмадық. Ол үшеуі – Мыс, Дес және Сес! Мыс – адамның өн бойында болады. Мысы бар адам басқаларды сөйлемей-ақ тұқырта алады. Өзіміз бала кезден оқып өскен Сабалақтың Төле бидің түйесін бағып жүрген кезін еске алайықшы. Сабалақ «Ассалаумағалейкум!» деп кіріп келгенде, Төле би күнде селк ете қалады екен. Бәйбішесі соны айтса, би бой бермепті. Сол кезде бәйбішесі «Онда етегіңе ине шаншып қояйық» депті. Ертеңінде Сабалақ кіріп келгенде, бидің етегіне ілініп тұрған ине ыршып түсіпті. «Мысы басты» деген, міне – сол. Дес – аузы дуалы адамның сөзінде болатын қасиет.


«Қазақта қара сөзге дес бермедім», - дейді Абай.


«Қасымның несі басым?!

Қасым солай болмаса,

несі Қасым,

«Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің

Әммесінен Қасымның десі басым», - дейді Мұқағали. Қазір біз салпылдап ұрсыса беретін, біреудің аузын аштырмайтын көкбеттерді «дес бермейді» деп жүрміз. Алайда, дес деген екінің біріне беріле бермейтін ұлы қасиет. Енді – Сес! Ол да кез келген адамның басына қонбайтын қасиет. Сес ашуланғанда көрінеді. Романдағы Бұрындық ақ бурасына мініп, арқырап шыққанда, жауларын сесі басатын! Ілияс жоғарыда осыны айтып отыр. Ал кинодағы сұлтандардан осы үш қасиеттің үшеуін де көре алмадық... отырса – мыстары баспайды, сөйлесе – дестері жеңбейді, ашуланса – сестері шықпайды.  


Жасыратыны жоқ, «Алмас қылыштың» көзімізді жайнатып, аузымыздың суын құртқан жері – сауыт-сайман, киім-кешек болды. Әсіресе батырлар мінген тұлпарлардың тұла-бойын жапқан берен кежім еріксіз таңдайыңды қақтырады! «Иә, иә! Менің батыр бабаларым тура осындай болған!», - дегің келеді атып тұрып! «Көшпенділер» мен «Жаужүрек мың баладағы» сияқты алба-жұлба қайыршы болған жоқ! Рас, өз заманында дәл осындай асыл текті, бекзада қалыпта, қызылды-жасылды киініп құлпырып жүрген олар. Қалаберді, көне заман соғыстарында қазіргі танкілердің рөлін атқарған ауыр атты әскер – катафракталарды өзіміздің ата-бабаларымыз – көшпенділер ойлап тапты емес пе?


e9aa747b134a23597e5ad14bae6b0323.jpg



Міне, кино деген – осындай артықшылығымызды, асылдығымызды, тектілігімізді көрсетуге арналған құрал! Әйтпесе, «ешкі айдаған», «есек мінген», шоқпыт-шоқпыт киінген, тоз-тозы шығып, қағылған-соғылғандар қай заманда да, қай халықта да болған, бола да береді.


Дегенмен, мақтап отырып та бір сынап кететін әдетіміз қалған ба, баяғы... Бұрындық демекші, кілең берен кежім киген арғымақ тұлпарлардың арасында Ілияс Есенберлин жазған Бұрындықтың ақ бурасы ақ көбік атып айдындап жүрсе, қандай үйлесіп кетер еді?!  


«Оның (Бұрындық қой сол – автор) жауымен ұрысқанда ең жақсы көретіні – ақ бурасына мініп алып жеке шығу. Ақ бураны ол бота күнінен жауға салып үйреткен. Өзі де өзге буралардан анағұрлым биік. Шапқанда жылқы баласының ілуде біреуі ғана ілесе алады. Бұрындықтың көркі осы ақ бурамен. Әсіресе атты адамды көрсе жыны бар. Ат үстінен аузымен жұлып алып, табанының астына салып, тарпып тастауға мықтап төселген. Кейде жерге құлаған батырдың үстіне шөге қалады да астындағы адамның сүйегін бытырлата сындырып, мылжа-мылжасын шығармай үстінен тұрмайды. Жекпе-жек шыққан батырдың үстінен Бұрындық екі құлаш қайың шоқпарымен қос қолдап ұрса, бұл жерге құлаған батырды жаныштап тарпып өлтіреді. Мұндай астындағы бурасы мен үстіндегі батыры қатар қимылдайтын жаудан жекпе-жек шыққан адамның күні бұрын зәре-құты қалмайтын», - дейді ұлы жазушы. Жалпы, Голливуд болсын, басқа болсын, кез келген кино түсіруші мұндай дайын тұрған ерекше кейіпкерді «өлтіріп», көптің бірі қылып қоймай, керісінше оған одан сайын жан кіргізіп, жандандыра түсер еді. Кез келген фильмді барлай қарасаңыз, әр режиссер әр кейіпкерін басқалардан ерекшелеп, өзгені қайталатпауға талпынады.


Біздің режиссерлер мен сценаристер де осы детальді басты назарға алса, Бұрындық қана жекеленіп, дараланып қалмай, қасындағы Керей мен Жәнібектің де, Қасымның да айбары аса түетін еді дейсің... Тіпті ақ бурамен жылтың-жылтың еткізіп, не істеп жүргені түсініксіз Асанқайғыны көрсете бергенше, сол бураны осы Бұрындыққа мінгізіп қойса да, ұтылмас едік.


«Біткен іске сыншы көп» деп, сөге жамандамаңыздар. Біздікі – Есенберлин шығармасының қарапайым оқырманы, фильмнің қатардағы көрермені ретіндегі өз ойымыз ғана.


cf73e30472b57b95980cbbc14c7407bd.JPG



Дегенмен, кез келген туынды кейіпкерімен көрікті екеніне дау сайлай қоймассыздар. Ол қағидаға «Алмас қылыш» фильмінен де жарқын мысалдар келтіре аламыз. Мәселен, Досхан Жолжақсынов сомдаған Әбілқайыр ханның образы өте сәтті шыққан. Біреулер «өзбекше киіндіріп қойыпты» деп жатса да, біз, өз басымыз, фильм басталғаннан аяқталғанша романдағы Әбілқайырды көріп отырдық. Тіпті, бала кезімізде оқыған Әбілқайыр ажал туралы ой толғап жатып, ілбіс терісінен аунап түскен кезде, Досхан ағаға айналып кетті. Еркебұлан Дайыров даралаған Жәнібек сұлтан да романдағы салқынқанды, ержүрек әрі қайсар күйінде тіріліп келгендей әсер етті. Қарға бойлы Қазтуғанға қай жағынан да келіп тұрған Бекболат ағамыз кинода емес, парламентте «актер» болып жүре берсе екен деген ойымыз да жоқ емес.


P.S. Бәрін айт та, бірін айт, «Алмас қылыш» жүзінің кейбір жері мұқалғаны болмаса, қазақ киноиндустриясын  көлегейлеп тұрған қара шымылдықты қақ жарып, әлем аренасына жарқ еткізіп алып шығатын нағыз алмас қылыш болса екен деп тілейміз.


Әбу-Асқар Мекешұлы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар