Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

13.01.2017 12509

Ақселеу ақиқаты

Ақселеу ақиқаты - adebiportal.kz


Ақселеу туралы

Әдетте, Ақселеу туралы әңгімеде оның ғылым саласындағы салиқалы еңбектері екшеліп, егжей-тегжей талданып, таратыла таразыланады да, қаламгерлік қыры атүсті, жол-жөнекей айтылумен шектеліп жүргені шындық. Ал ақиқатына жүгінер болсақ, алдымен Ақселеудің атын шығарып, есімін елге танытқан әдеби шығармалары. Оның жорналшыдан басталған шығармашылығы ұзамай көркем әдебиет ауылына қоңсы қондырған. Бұл әсте әуестік емес, шынайы шығармашылық қасиет-дарынның жемісі еді. Іле-шала төрт бірдей кітабы жарыққа шығып, ол бірден белгілі қаламгерлер қатарына қосылған. Әсіресе, «Күзеуде», «Аққыз», «Ақиық», «Қыз ұзатқан», «Бір атым насыбай» повестерімен туған әдебиетіміздің қатары тағы бір талантты жазушымен толысқанын оқырмандар да, әдеби орта да қуана қарсы алғаны ақиқат. Бұл жерде жас жазушының өз тақырыбымен, өз жазу мәнерімен келгендігін айту парыз.


Өзі айта беретіндей, оның өскен ортасы – көшпелі өмір салт-дәстүрі сақталған сақарадағы қазақ ауылы-тын. Сол көшпелі елдің сүт кенжесі болғандықтан да оның ой-санасы, адами болмысы – жан жаратылысы таза ұлт­тық – қазақы қалыпта қа­лыптасқан еді. Осынау қастерлі қазақы қа­сиет кейін жазушының күллі шығар­машылығының алтын арқа­уына айналуының түпкі сыры осында жатыр. Рас, қазақ қалам­герлері мен зиялыларының бар­шасының да кіндіктері сол қаз­ақтың қараша ауылдарына бай­ланған. Алайда олардың бәрі бірдей сол қазақы ортаның үлгі-өнегесін, салт-дәс­түрін, әдет-ғұрпын тап Ақселеуше қан-жан­дарына сіңіре алмаған сынды. Жазушы-ғалым Ақселеудің өзге­лер­ден артықшылығы дейсіз бе, ерекшелігі дейсіз бе, әйтеуір болмысында – бекзаттық, тұлға­сында тектілік қасиет бар. Оның шы­­ғармаларындағы ұлт­тық бояу­дың қанықтығы, қазақы қа­сиет, мінез-құлықтың, түйсік-түсініктің қыр­дың саумал желін­дей жан са­райыңды рахат сезі­міне шомылдырып, үйіріп әке­туінің түпкі сыры да осында деген болжамымыз да бекер болмаса керек. Қорыта айтсақ, Ақсе­леудің жазушылығы мен ғалым­дығының үндестігінің, үйлесім­ділігінің негізі бізді осындай тұжырым-түйін жасауға көн­діріп те сендіріп отыр. Біздің бұл пі­кіріміздің ақиқаттығына Ақсе­леу­дің қазақтың жан дүниесін те­реңнен тартып, адами қасиетінің асқақ­тығын жазбай танытып, жар­­қырата жазуы анық айғақ. Оған бұлтартпас мысал ретінде «Күзеу­де» повесіне ой жүгіртіп көрелікші.


Шығарманың негізгі желісі бар болғаны екі ай аралығында өткен оқиғаға құрылған. Алпысты еңсерген Ршыман ақса­қалдың жоқ жер – мәнәйі себеппен жесір әйел – жас келіншек Торғынға ынтыға ықыласы ауған сәттегі көңіл күйін жазушы жалғыз ауыз сөзге сыйдырыпты: «…Осы жасқа келгенше дәл қа­зіргідей жүрегін сыздатқан ағы­ны күшті сезімді көрмегенін іш­тей мойындап, терең таңданыс үстінде үнсіз қалған». Ал еке­уі­нің іштей ұғысып, жарасымды жұп­тасқан соңғы алаңсыз ара­қа­ты­насы да повесте сондай қи­сынды кестеленген. Қыстауда 3-4 жасар жалғыз ұлымен отыр­ған Торғын­ның үйіне Ршыман жиі қаты­найтын  болған. Бұл болса «…әй­ел­ге деген лып етпе құ­мар­лық қы­­зуы емес, бір жұма көр­месе кә­дуілгідей сағынып, құла­зып, кө­зіне ештеңе ілікпей қо­ңылтақси берген соң келетін». Жазушы мез­гілсіз келген махаббат шарпуы­ның шындығын бір ауыз сөзбен сипаттаған.


Тағы бір мысалға жүгінуді жөн көрдім. Торғын бір жолы Ршыман келгенде өзінің бойына бала біт­кенін айтқан. Сондағы Ршыман­ның ағынан ақтарыла имандай сырын жазушының кө­ңіл сезінетін, жүрек тебіренетін сөз­дермен әдіп­тегеніне  де  сондай  сүйсінесің: «…Осы жасқа келгенше дәл қазір­гідей жар қызығын көріп, дәл қа­ір­­гідей пендеге ла­йық зор қуаныш кешкен емеспін. Түн жамылып отырмын ғой, Уәки­ланы (кемпірі) жаман­даға­ным емес, обалы нешік, ұзақ ғұ­мырыма серік болғанда «әй» дегі­зер қылығын көргем жоқ. Бірақ еркек үшін әйтеуір әйелім бар деп көңіл демдеу бір бөлек те, сол әйелмен өзіңді жарты се­зінудің жөні бір бөлек екен. Нан­саң, өзіңмен жарасқанға дейін жар­ты боп келіппін, адамға ла­йық рахаттан мақрұм халде жүре берген екенмін… Енді тағдырдың мұны­сына да ризамын…» Осы бір сәтте «…сақал-шашы бозарса да, ботадай елпілдеген бұл не қылған асыл жүрек?! Мұндай да керемет болады екен-ау…» деген Торғын ойы­ның төркіні де кештете оянған сүйіспеншілік сезім мен ғұмыры қысқа баянсыз бақы­ттың баяны көңілдегі көп түйткілдің түйінін шешкен.


Шығарманың ұзын ырғасын­дағы оқиғаларды тізбелеп баяндамай, сөздің тоқетеріне кө­шелік. Повестің соңына қарай Ршыман қой жайып, қыр асып кеткен кезде – бір күні, күзеудегі үйіне Тор­ғынды біржолата кір­гізіп алғанын құлағы шалған Уәкила келіп, көкірегі жарыла күңіреніп, жанын жаралаған зар-мұңын айтып, көз жасын көл­детіп, іштегі шерін ақ­та­рып барып, әзер дегенде тоқ­таған.


Бұл – Ақселеудің кейіпкер­лерін тұла бойы тұнған ұлттық қасиеттерімен бейнелеуге ерекше мән бергендігіне бір мысқал мысал. Оңаша кездескен екі әйел бет жыртысып, былапыт сөздер айтып, шаш жұлысып шатыспайды. Уәкиланың уайым-қайғысын жан жүрегімен түсінген Торғын шапылдап ұрсысып, сөз қайырып көргенсіздік көрсетпей, санасын сабырға жеңдіреді. Өз басының күнәсін мойындап, Уәкиланың алдында бас ие кішірейіп, кісілік танытады. Уәкиланың да ашуын ақылға жеңдіріп, ауылға қайтар кезде өзінің бұл келісі қызға­ныштан емес, ерінің ерсі қылығы үшін ел-жұрт алдында қысылып-қымтырылып ұялатынын айтып әрі ертең бір шаңырақтың астында тұрсақ ит көрген мысықтай болмай, алдын-ала көрісіп-білісіп қайтпақ ниетпен келгенін біле­міз. Міне, ұлттық қасиетті қастерлеу­дің өнегелі үлгісі повесте осылай мүсінделген. Жазушы кейіпкерле­рінің сөз саптауы, ұлт­тық ұғым­дағы жөн-жобаны білуі, қазақы бірегей мінезі, адамгер­шіліктің тура жолынан таймауы – міне, осының бәрі қазақ жаны­ның қи­сынды кескін-келбеті. Ұлт қа­лам­гері қазақ болмысын осылайша суреттесе ғана шығарма­сының мән-маңызы арта түсе­тінін жанымен түйсінген.
Повестің аяқталуы әрі нанымды, әрі қисынды, солай бола тұра өзек өртердей өкініші де бар.


Уәкиланың сыр-мұңының артында өз өмір жолында асу бермес бір тосқауыл тұрғанын іштей сезінген, мойындаған Торғынды басқа жақта тұратын ағасы көші­ріп әкеткен кезде Ршыман қой бағып қырда жүрген. Кешкілік үйінің қаңырап бос қалғанын көрген сормаңдай Ршыманның сондағы көңіл күйін суреттеген жерлерін оқыған сәтте сенің де жаның жаурап, діңкең құрып, күйзеліс күйігіне өртеніп, арпалыс сезімге бой алдырарың ақи­қат. Ршыманның «…Көрген қы­зы­­ғымның бар ғұмыры осы ғана ма?! Тәңірім-ау, онда аз күнгі қызыққа несіне емексіттің?!.. Бұл өмірден бұрынғыдай қызусыз, сезімсіз өткенімнің өзі артық еді ғой!» – деген ойларға беріліп, таусыла сөйлеуінен еш оғаштық тап­пайсың, қайта өзің де оған қосыла өкініш өртіне шалынып, қарап­тан-қарап шала бүлінесің. Қара­пайым адамдардың болмы­сын­дағы қазақы қасиеттің қайнар бұлағының көзін ашқан Ақсе­леуге риясыз риза боласың.


Ршыманның кеш келген, еш балаңдығы, жаза басуы жоқ, кір­шіксіз, таза, аяулы сезімінің – сүйіспеншілік тағдырының мез­гіл­сіз мерт болу хикаясын осылайша қара сөзбен жырлаған Ақселеудің аса талантты жазушы екендігіне осы бір ғана шығар­масы күдік-күмәнсіз көз жеткізіп тұр емес пе?!


Ақселеудің біз әңгімелеп отыр­­ған повестері түгелдей өткен заман оқиғаларынан желі тарт­қан, кешегі қаймағы бұзылмаған көш­пелі қа­зақ жұртының өмір-тұр­мысы, салт-санасы, жалпы жаратылысы қандай ұлт еді, қазір сол рухани мұ­радан өмірлік өнеге алып жүр­міз бе деген кө­кейкесті ойларды ортаға салып, сырласуға арналған.
Соның бірі – «Қыз ұзатқан» повесі. Бұл да ғашықтықтың мұңды баяны. Сол баяғы қазақы ғұрыппен байдың ұлы Сахиға айттырып қойған байдың қызы Ақбілек және жастай жетім қалса да, нағашысы Санжар қарияның қолында өсіп-жетілген Абзал боз­баланың өмір-тағдыры шығар­маға арқау болған. Ақыл-көркі­мен жұрт аузына іліккен Ақбі­лектің Сахиді сүймейтін себебі бар. Әкесі Боздақтың байлығын бетке ұстап, күпініп жүретін, сырын білетіндердің «Сахи сал» деп көпшік қойғанын шын көріп, ерсі қылықтарымен көзге түскен есер­соқтау жігітті есті қыз қалай жаратсын?! Есесіне, ойын-той­дың гүлі, жігіттің төресі Абзалға аң­сары ауып, екі жас түсінісіп, ақыры арты бітіспес дау-дамайға ұласарын білсе де, тәуекелге бел буады. Сөйтіп, Абзал Ақбілекті алып қашып, тау арасындағы-Ақшаттағы үңгірді паналап ғұмыр кешіп жатады. Содан жаз өтіп, күз келіп, күн суытып, әрі аяғы ауыр Ақбілектің жағдайын уайымдап Санжар нағашысы Абзалға: «Енді Боздақ бай да, Алтыбай да тырп ете алмайды, азар болса тағы да бір тулар… Көрмей жүрген құ­қайымыз емес қой» деп өзі барып алып қайтқан. Сөйтсе, пәленің бәрі артта екен. Сол сәтте-ақ Сахи өз жақтас­тарын ертіп келіп сой­қан салып, Ақбілекті шашынан тартып, сүйрелей жөнелген. Сахи­ға Абзал қанжар жұмсап қалады, артынша көк желкеден соғылған сойыл өзінің де ажалына жетеді. Артында аңырап қалған Ақбілек Санжар ақсақалдың қолында отырып босанып, ұл туады. Арада бес жыл өткен соң іш жақта оқыған бір жігітке тұрмысқа шығады.
Айтқандай, шығарманың «Қыз ұзатқан» аталуының сыры бар. Ақбілек Күмісбастау бұла­ғының басында отырған кезінде, Абзалға екеуміздің ғашықты­ғы­мыздың бел­­гісі болсын деп, баяғы өздері паналаған үңгірдің аузына өскен теректің бір талын әкеліп еккен екен. Санжар қария сол бұлақтың басында той жасап, Ақбілекті ұзатқан. Содан барып, осылай аталып кеткен ғой.


Хикая Мұса деген ауылдың көнекөз қариясының естелік әңгімесі ретінде түзелген. Арманда кеткен қос мұңлықтың тағ­дыры олардың көз жасына қазір ғана куә болғандай оқырманын қамықтырып жіберері сөзсіз. Ал бұл болса өмір шындығын, сү­й­іспеншілік сырын сипаттау­дағы жазушы Ақселеудің қалам құ­дыреті деп білгейсіз.
Келесі бір келісті туынды «Ақ­қыз». Бұл повестің де тақы­ры­бында жаңалық жоқ. Сол бір қыз бен жігіттің арасындағы оқыс оқиға – барымтадан бас­талғ­ан та­ныс­тық кейін небір қиын-қыс­тау жағдайларды бастарынан өтке­ре жүріп, Аққыз бен Най­мантайдың армандарына же­тіп, қосылып, отау тігулерімен аяқ­талады. Алайда, негізгі оқи­ғасы осы болғанымен, шығарма­да қа­зақ өмір-тіршілі­гі­нің сыры да суыртпақтай шерті­ліп, ауыл ара­сының қызығы, ойын-той, барымта, қыз бен жең­генің ара­сындағы сыйластық, қо­нақ күту, атбегілік өнер, бойжеткен мен бозбаланың киім киісі, ит жүгіртіп, ат жаратып, қыран бүр­кіт баптау, уағда бұзып, ар аттамайтын ару қыз бен жайсаң жігіттердің бей­несі – бір сөзбен айтқанда, қазақ сахара­сының көр­кем шежіресін ширата шерткен баян. Қысқасы, қазақтың жанын танытуға арнал­ған туынды.


Ал енді «Ақиық» повесі болса, аңшылық-саятшылықтың өзгеше сыр-сипатын барынша бабымен баяндап, бүркітті балапан емес, еркін өсіп ержеткен сайыпқыран кезінде қолына қондырып, баулып-баптап, төңірегіндегі ел-жұрт­­ты таңдандырған құсбегі Сыз­­дықтың өнерінің сөзбен су­рет­телуі. Ақселеу қазақтың күй өнерін қалай төгілдіре, егілдіре, аңсата, жаңғырта жазса, саят­шы­лық өнерінің қыр-сырын да тап солай өрнектеп шыққан.


Осы «Ақиықта» қыран баулу­дың сан түрлі әдіс-тәсілі тәптіш­тей түсіндіріліп, аңшы-саятшы­ның әрбір әрекет-қимылы тарата талдап әңгімеленген. Оны оқи отырып өзің де осы бір өнердің ортасында жүріп, қызығына қа­ныққан кісідей сезімге берілетінің бар. Қыран құстың сыны мен сырын бұлайша қапысыз сипаттап жазу үшін жазушының өзі де осы өнердің білгірі болмаса, онда біреуден естіген әңгімесін құрғақ баяндап шыққандай әсерде болар едің. Ал Ақселеудің өзі де кәнігі саятшы болатын. Үйіне үкілеп бүркіт ұстағаны да есте. Оның құсбегілік өмір тәжірибесі осы Ақиық қыранның хикаятын тамылжыта, тамсандыра, таңданды­ра жазып шығуына оңтайлы бол­ғанын дәлелдеп, босқа сөз шы­ғындау қажетсіз. Құсбегі Сыздық­тың – шығарма кейіпкерінің бүр­кіт­тің бап-күйіне деген зеректігі алабөтен, ынта-ықыласы да ай­рықша. Иесінің бұйрық-белгісіне алаңдатып, айтқанын істетуге үй­ретуінің өзі, қыран құс баптауда бұрындары айтып-жазылмаған жа­­ңа әдет-дәстүр. Алғыр, қайрат­ты Ақиықты Сыздықтың дегеніне көндіріп, өнерін асыруы, жазу­шының қыран құстың тілін тауып, оны нағыз мұзбалақ, сайыпқыран санатына қосқанын қисынын келтіріп, байыпты баяндап, оған сені де сендіріп суреттеуі ғажап!


Жазушы Ақселеу Сейдімбек­тің көркемсөздегі ерекше еңбегі – оның табиғат тақырыбына арнап, жүйелей жазған әңгімелері. Бұл көлемі қысқа, айтары көл-көсір, оңқай асықтай ыңғайлы шағын шығармалары да шырайлы, шымыр, мазмұны мәнді. Осы орайда ол әңгімелер топтамасын жеке-жеке талдап, тәптіштей түсіндіріп уақыт оздырмайын. Сөз қадіріне жетік жұртшылық оларды өздері оқып, рахат сезіміне бөленгені ләзім. Осы жерде Ақаңның өзіне сөз берсек деймін: «…Егер менің тірліктің мәнін, өмірдің сәнін, тіршілік атаулының күреске толы құбылыстарын, туған өлке дида­рындағы нелер тамашаны бір мысқал болса да оқырман жүре­гіне ұялата алсам, онда мақсаттың орындалғаны».


Ал осы мақсатына жазушыны жеткізген оның дара дарыны, суреткерлік сөзінің сарабдалдығы. Талғамы биік, талабы зор қа­рымды қаламгердің зерделеуінше, көркем шығарма жазушының оқырманмен ой бөлісіп, пікір алысып, сырласып, ішкі жай-күйін шертуі. Қаламгердің қиялы қа­натты, ойы өрнекті, сөзі суретті, тіл бояуы бедерлі, оқиғалар өрімі өрісті, шабыты шалқар, арманы асқақ, таланты таңғажайып, зер­десі зейінді, болмысы бекзат. Жазушының шығармаларындағы ой ағыны оқырманын бірден ілестіре, тереңіне тарта жөнеледі. Ол әдеби кейіпкерлерінің жан сарайын ашудың амал-тәсілдерін, яғни көркемдік кілтін тауып және нанымды, толыққанды бейнелеуге бейім. Кейіпкердің рухани әлемін – адами қадір-қасиетін көркем ой, көркем сөзбен сипаттауға сондай шебер. Ақселеудің қазақтың құ­нарлы тілін құлпырта, құбылта қолдануы шеберліктің шегіне жет­кен жазушы екендігінің басты белгісі. Жазушыны сөз өнерінің сүлейі десе жарасар-ау! Менің пайымдауымша, Ақселеудің қа­лам­­герлік қадір-қасиетінің жалпы құндылығы осылай бағалануға лайық. Өйткені, Ақселеудің жазу­шылық жолы жөнінде сипай қамшылай айтылған пікірлер бар да, оның табиғатын тереңнен тол­ғап талдап жазылған елеулі сыни мақалалар мүлде жоқ. Ал жазушы шығармашылығының сырлы сипаттарын саралай, тұтас қамтып жазу парызы ертеңгі күннің еншісінде. Жинақтап айтқанда, Ақселеудің қыр хикаялары мен сақара суреттері ретінде бағала­натын көркем шығармалары туралы қысқа қайырым пікіріміз осындай.
Оқиғалар желісі, көркемдік шешімі жөнінен ғұмырлық ғибрат алатын сүйіспеншілік тақыры­бын­­дағы туындылары жайлы толғаныстарымыз әзірше осымен аяқталсын. Көркемдігі кемел туындылары тамаша талантын танытса да, оның ұзамай шығар­машылық бағыт-бағдарын шұғыл өзгертуі неліктен ?!


Ақиқатын айтқанда, Ақселеу­дің кенет ат ауыстырып, жазушы­лықтан ғалымдыққа біржолата бет бұрып, зерделі зерттеулер жүргі­зіп, қазақ қоғамының өткен-кет­кен дәуірі мен бүгінгісі мен болашақ тіршілігін салыстыра, сабақтастыра іргелі ғылыми ең­бектер жазуының да өзгеше сыры бар. Жазушының көркем әде­биеттен ат-тонын ала қашып, көңілі қайтардай жазары таусылып, тоқырауға түскен жоқ. Бұл орайда оның орны да, таңдаған тақырыбы да, айтары – ортаға салар ой-мақсаты да оны оқырманға жалықтырмай жеткізуге, қызық­тыра, құмарта оқытуға төгілген, тамылжыған тілі жетерлік болатын. Әйтсе де Ақселеу көркем­сөзбен әдейі, мақсатты түрде қоштасты. Ал көздеген мақсаты: тәуелсіздік алып, заман да, заң да түбегейлі өзгеріске түсіп, өтпелі кезеңнің сынағынан сүрінбей өту керек болған сәтте, әрі-сәрі күй кешіп, кеңестік саясаттың тұ­сауына шырмалып, дағдарыста жүрген ұлтын ұйқысынан оятуға атсалысуды өзінің азаматтық парызы санаған.


Осы жерде тағы бір әңгіменің реті келіп тұр. Ақселеудің көркем шығармалары мен ғылыми еңбек­терінің әрі тақырыптас, әрі са­бақтас екендігі. Оның повестері мен әңгімелері қазақ даласы мен қазақ баласының басынан кешір­ген қилы тағдырын қиюластыра суреттеп, ұлтымыздың өмірі мен өнеріндегі болмыс-бітімін қастер­леп, оның ғасырлар бойы үзілмей, жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі өмір сүру салтының сан қырын жарқырата жазып, бүгінгі ұрпақтың сол атадан қалған асыл мұрасынан үлгі-өнеге алуына жөн сілтеп, жол салу. Ақселеудің әде­биеттегі көшелі жолын ғылым жолына ауыстыру арқылы көркем шындық пен тарихи шындықтың ара-жігін бекітіп, үйлестіріп, жарастыра жымдастырып, арманда­ған арнаға түсіріп жібергені шын­дық. Азаттықтың азапты жолы мен тарихи тағылымы Ақсе­леудің ғылыми-көпшілік мазмұндағы ең­бектерінде ерен шыншылдық­пен, тамырын тереңнен тарта баян­далған. Ақселеу қазақ тари­хы­ның арғы-бергі кезеңдері, ел мен жер тағдыры, уақыт пен ұрпақ үндес­тігі жөнінде толғақты мәселелер көтерген қайраткер ғалым. Жалпы, жазушының танымы терең, толғамы арналы ғылыми еңбек­терін таразы басына тартып, оның рухани қазына­мыз­ға қосылған сүбелі олжа екен­дігіне көз жет­кізуіміз оңай. Ол қазіргі өзгерген қоғам мен қилы кезең сипаттарын саралай салмақ­тап суреттеген қаншама мақала­лар жазды де­сеңізші?! Ғалымның деректік, танымдық тағылымы мейлінше мол, төл тарихымызды жаңаша көзқарас негізінде қайта тірілткен еңбектерінің қыр-сы­рына түсініп-түйсінсек қана өз білімімізді байытып, жан дүние­мізді жасантып, ұлттық рухымызды көтере түсеміз.


Аяулы азамат Ақселеудің өмірі мен шығармашылығы туралы толғанысқа түскенде, алдымен ойға оралатын бір аталы сөз бар. Ол қазақтың жақсы-жайсаң­да­рының ұлтының ұлына сүйсінген сәтін бейнелейтін «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін текті теңеуі. Осы тұжырым тікелей Ақселеуге қарата айтылған сыңайлы. Неге десеңіз, дәлелі даяр. Соны тізбе­леп шығар болсақ:


Алдымен: Ақселеу ой-қиялы, қаламы жүйрік жорналшы. Оған дәлел келтіріп, уақыт шығындау­дың қажеті шамалы. Ол үшін қазақ баспасөз беттерін, әсіресе «Лениншіл жас» тігінділерін ақ­тарып шық­сақ болғаны. Оның бірсыпы­расы өз қолынан құрас­тырып, қайтыс болғаннан кейін, ұлты­мыз­дың көкірегіне қайырым-мейі­­рім ұяла­ған қазақтың айтулы азаматтары Мұхтар Құл-Мұхам­мед пен Иман­ғали Тасмағам­бетовтің қам­қор­лығымен жарық көрген алты томдығына кіргі­зілген.


Ал екінші қыры – көрнекті жазушы екендігі. Оның жарық көріп, жұртшылықтан жақсы бағасын алған төрт кітабы – көркем шығармалары.


Ақселеудің ғұламалығы ға­лым­­­­дығында. Ғылым докторы, профессор сынды атақ-дәрежесі соның айқын айғағы.


Мен білетін Ақселеу сонау «Лениншіл жаста» тілші болып жүрген кезден бастап қазақ елін аралай жүріп, ұлтымыздың көм­беде жатқан, елеусіз қалған көне ескерткіштерін зерттеп, қара өлең­дерін жинастырып, кейін оларды кәдеге жаратып, «Күмбір-күмбір күмбездер» (2-том), «Мың бір маржан», «Қазақ әлемі. Эмномәдени пайымдау» деген атпен кітап болып шықты. Бұл оның білгір де білімді мәдениеттанушы болғандығының жарқын мысалы.


Бертін келе Ақселеу өнердің өзекті мәселелерін қозғап, пікір-пайым, тосын да тың, жаңалығы шаш-етектен ұлттық күй өнерінің алтын қазынасына айналған ең­бегін жариялады. «Қазақтың күй өнері» оны теңдессіз өнер­танушы қатарына қосты.


Тәуелсіздік туы тігілген жылдары Ақселеу ұлтымыздың ұпа­йын түгендеуге аянбай атсалысып, қазақтың ежелгі елдігін, байырғы мемлекеттігін, қабырға­лы халық болғандығын бұлтарт­пай, дәйекті деректер арқылы баяндаған ғылыми мақалаларын үзбей жариялап, артынан атақты ғалым-әріптестері Мырзатай Жолдасбеков пен Қойшығара Салға­раға қосылып «Елтұтқа» деген кітап жазып шықты. Жекелеген тарихи тұлғалар арқылы ел тарихын тасқа таңбалаған бұл еңбек зәру тақырыпты қозғауымен құн­ды. Рас, оның қайсыбір пікір, дерек қайшылықтары болса, ол жүре келе түзелетін кемшілік. Ал Ақселеудің төл тарихымызға қос­қан сүбелі үлесі зерделі зерттеу­шінің жемісі, оған дейін батылы жетіп ешкім түп тамырын терең­нен тартып, жинақтап, жаңаша, ха­лықтық көзқараспен пайымда­маған, ой-тұжырымдары тың ең­бегі «Қазақтың ауызша тарихы». Ендеше, Ақселеудің Ел, Ұлт, Мемлекет болуымыздың бастауы бағзы замандарда жатқандығына ерекше қымбат, ерекше қазыналы үлес қосқан тарлан тарихшы екендігіне талас бар ма?!


Ақселеудің айрықша атап өтуге тиіс қыры – оның ұлты­мыздың барын базарлауға қоса жоғымызды іздеп, тауып, қазақ­тың арман-аңсарына ақ жол ашылып, тезірек көшін түзеп, ынты­мақ-бірлігі, тір­ші­лік-тынысы жа­рас­қан іргелі ел болу жолындағы жанқиярлық ең­бегін – қайсар қайраткерлігін әр­қашан есте ұстап, есімін әрдайым қастерлеп жүру бүгінгі және бола­шақ ұрпағымыздың парызы. Бұл орайда ұлтымыздың мұратты мә­селе­лерін қозғаған, байыпты, сарабдал, парасатты пікірлерімен бөлі­сіп, билік басшыларына арнап, шешімін табуын тікелей солардың жауапкершілігіне жүктеп, өзі жә­не есімдері елге сыйлы аза­маттарға қосылып республикалық баспасөз беттерінде сандаған үндеу хаттар, сұхбаттар жарияла­ғаны да күні кеше еді ғой.


Бір мақалада Ақселеудің қыры мен сырын түгел айтып тауысу мүмкін емес. Бұл оны мақтап-мадақтап, атын асқақтату үшін айтыла салған көпірме, қыздыр­маның қызыл сөзінің бірі демес­сіз. Ақселеу жаратылыс-тумысынан бек­­зат азамат. Оның домбыра шауып, шақша жасап, қамшы өретін қолөнер шебері, қоңырлата ән айтып, күмбірлете күй тартатын өнерпаздығы, кеудесі алтын сандық кәрі құлақ, ескінің көзі – қа­рия­лар­ша күнді түнге ұлас­тырып, ұзақ таң­ға майын тамызып айтатын әң­гімеші-шежіре­шілігі ше?


Иә, қайсыбірін айтып тауысайын. Ақселеудің біз шола тоқ­та­лып, өткен әр қырын зерттеп-зерделеуге арнайы ғылыми ең­бектер жазылса, докторлық дис­­­сертациялар қорғалса артық болмас еді және бұл Ақселеу үшін емес, елі­міз, ұрпағымыз үшін қажет тірлік. Ұлтының әде­биетін, мәдениетін, тарихын түгендеу ар­­қылы туған халқының қадір-қасиетін артты­руға аянбай ат­салысқан ардақты азаматымыз Ақселеу Сейдімбек­тің өзі жоқ болса да, ұлым деген ұлты тойлайтын жетпіс жасқа толу қар­саңында жазушы-ғалымның ғұ­мырын ұзартқан шығарма­шы­лық-қайраткерлік ерен еңбегі елі-жұрты барда естен шықпасы шыққан күндей шындық.


Қыр қазағының бар болмысын – қазақы қадір-қасиетін қаны мен жанына терең сіңірген ұлт­тың ұлы еді ғой Ақселеу!
Ұлт басына қара бұлт үйіріл­ген әйгілі Желтоқсан қозғалысы кезінде қазағының намысын жыртып, ақиқатты айтып, сөз сөйлеп, мақала жазып, шыбын жанын шүберекке түйе жүріп, КІБ-нің қара тізіміне ілінсе де, ашық күреске шыққан да асыл азамат Ақселеу еді ғой!


Ақселеудің шығармашылық жо­лындағы жанкешті еңбегі еленбей, ескерілмей тасада қалды десек қат­ты қателесер едік. Алайда, артында қалған қисапсыз құнды мұрасын, сұрыпталып-таңдалып құ­­расты­рыл­­­­­­ған алты томдық кі­табына зер салып, зерделей талдап, толағай пікір, парасатты пайым арқылы бағалау жағы кемшін екені рас. Алдағы жылдар осы олқы­лықтың орнын толтырсақ, ұлты­мыздың рухани қазынасы­ның құн­дылығын арттыра түсе­ріміз хақ.


Кезінде өтпелі дәуреннің ащы-тұщы дәмін бірге татып, тату-тәтті тіршілік кешкен асыл досымыз Ақселеудің артында қалған достары: Кәдірбек, Бексұлтан, мен, Төлен, Қойшығара мен Дулат болса, оның есімін ардақтап өте­ріміз, жер басып жүргенде жүрек­теріміздің төрінде сақтарымыз сөзсіз. Сондай-ақ, Ақселеудің өнердегі өмірін шығармашылығы, ал адами ғұмырын балалары – қымбатты қарлығаштары Салтанат, Перизат, Зере және ұрпағын жалғастырушы ұлы Ерлан, солардан тараған немере-шөберелері ұзартары айдан анық. Олай болса, Ақселеу арамызда жүр…


Айтқандайын, Ақселеудің атын ардақтап, еліне сіңірген еңбегін ұмыт­­пайтын ұлты – алты алашы бар ғой.
Бұл Ақселеу туралы ақи­қат­тың әлқисасы ғана. Әріден қозғалып, тереңнен тартылып, таратыла шертер шежіре-сырдың жалғасы алда­ғы күндер енші­сінде…


Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар