Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Сәбит Досанов туралы сыр-десте...

12.01.2017 7419

Сәбит Досанов туралы сыр-десте

Сәбит Досанов туралы сыр-десте - adebiportal.kz

Әлі көз алдымда, есімде. 2006 жылдың желтоқсан айының 14-і күні болатын. Астана. Көз де, көңіл де үйренген ақ боран, ақшұнақ аяз. Аязға қарап жатқан адам жоқ, тәуелсіздік мерекесін қарсы алудың қамы мен алыстан дүбірі естілген жаңа жылдың жарқын тынысы жан дүниені жарасымды қимылымен баураған шақ. Ескі жылдың екпіні бәсеңсіп, жаңа жылдың ырғағы көңіл нотасында ойнай бастаған.


2a660e6ac191020087205fe554358ef4.jpg



Ауызекі тілде Пирамида атанған Бейбітшілік және келісім сарайында Тәуелсіздік мерекесінің салтанаты өтіп, концерттен кейін осы жерде дастарқан жайылған. Фуршет. Айнала абыр-сабыр. Ең шеткі столдың басына келіп, шай алдырып, сусындап тұрғанмын. Бір кезде қолында шарап толы фужері бар Сәбең маған қарай ұмсынып келе жатыр екен. Ыңғайына бағып, алдынан шықтым. Амандастық. Мереке күні болса да, жүзі пәстеу көрінді. Аз-кем амандық-саулықтан соң бір сәт үнсіз қалды. Бір нәрсе айтқалы тұрғанын байқап, әліптің артын бақтым.
– Бауырым, осы қазаққа мен не жаздым? – деді Сәбең қамыққан үнмен.
Түсініп тұрмын. Осыдан біршама уақыт бұрын Әдебиет және өнер саласында Мемлекеттік сыйлық беру комиссиясының отырысы болып, осы байқауда бағын сынаған белгілі қаламгер Сәбит Досанов жасырын дауыс беру барысында жеткілікті дауыс болмай қалған-ды. Бұл, шамасы Сәбеңнің осы сыйлық конкурсына төртінші рет түсуі болатын. Төртеуінде де тиісті дауыс ала алмай қалған Сәбеңнің құлазыңқы көңілін әбден түсініп тұрмын. Жұбатар сөз де тауып айту оңай емес. Дегенмен, «Сәбе, алда да өмір бар ғой, бұйырғаны болар, реті келер, жарыста біреу озады, біреу қалады, оның үстіне жасырын жарыстың жайы да жұмбақ қой» деп жұбатқансыдым.
– Дұрыс қой, інім. Бірақ ес жиып, етек жапқалы қазаққа болса екен деп келемін, жұртымнан аянған жерім жоқ. Алыс-жақын шетелдерден алған сыйларым бір басыма жетеді. Алайда, туған еліңнің сыйлығынан артық не сый бар?  Бір адамның бетіне жел боп тимедім, өмірдің ащы-тұщысын бір адамдай таттым. Көруге тиіс қиындықтарды да бас­тан кештім. Бірақ қандай жағдайда да елімнің еңсесі түспесін деп еңбектеніп, халқымның қадірі артсын деп өмір сүріп келемін. Жеке адамдардың жат бауырлығы жүйкемді жұқартқасын жайым­ды саған айтайын, ішімдегіні са­ған біл­дірейін деп келдім. Онымды дұрыс тү­сін, бауырым, – деді сәл қобалжи сөйлеп.
Көз тоқтатып қарасам, қоңырқай жүзі қабарыңқырап, маңдайын тер басып кеткен екен. Сол кезден бастап Сәбеңе шын тілектес, шынайы ниеттес болдым деп айтсам, артық болмас. Әрине, дәл сол сәтте менің қолымда тұрған ешнәрсе жоқ еді. Тек сөзбен демеп, алдағы күндерге үміт арту болатын. Алдымызда жұмбақ та беймәлім жылдар жатты.
2010 жылы Сәбең баяғы байқауға алтыншы рет тағы түсті. «Намыс найзағайы» атты романымен. Сол жылғы бәйгенің басы қатты болды. Елбасының көреген шешімі бойынша ол жылы халқымыздың дүлдүл дарындары, марқұмдар Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовке Мемлекеттік сыйлықтар берілді. Бұл ­саяси шешім болатын. Тәуелсіз мемлекеттің мәңгілік рәміздерінің авторларының есімдерін мемлекеттік тұрғыдан есте қалдыру мақсатында болған бұл тереңнен ойластырылған іс-шара еді. Мұның да ауыр-жеңіл қаңқу сөзі аз болған жоқ. Қазаққа қуды-қашты сөз таңсық емес. Талай сөз тамырға түсті. Бұл өз алдына, реті келгенде жай-жапсары ашық айтылатын алдағы күннің сөзі.
Сәбең 2010 жылы да сыйлықтан құр қалды. Тағы да кездестік. Бұл жолы оның жүзі жайма-шуақтанып тұр екен. Барлай қарадым.
– Дұрыс болды, інім. Оң, сауапты іс болды. Мемлекеттік гимннің авторлары, оның үстіне халқымыздың ұлы таланттары Жұмекен мен Шәмші тұрғанда, басқаларымыз тұра тұрамыз ғой, – деді жүзі жадырап. Алды ашық, іші кең, азаматтығы айқын кісі екенін қапысыз көрсетті ол. Сонда, 2006 жылы қыста айтқан сөзінің жалған емес, жанының шуағынан шыққанын көрсетті. Пендешіліктен биік тұрды ол.  Менің оған деген құрметім одан әрі тереңдей түсті.
Жалпы, қаламгер Сәбит Досановтың шығармашылық қуаты мен деңгейі туралы артық-кем әңгіме көптен бар. Бір қаламгердің мың қаламгерге тегіс ұнай бермейтіні тарихтан белгілі. Орыс әдебиетінің алтын ғасырының өзінде, басқаны былай қойғанда, сөз саңлақтары – Лев Толстой мен Федор Достоевский­дің бір-бірін өмір бойы мойындамай кет­кенін әлем біледі. Орыс ақындарының арасындағы дуэльге бергісіз таластар өз алдына бір гәп. Қазақ қаламгерлерінің арасындағы қым-қиғаш пікірлердің дені Сәбит Досанов прозасына келгенде айқыш-ұйқыш айқасып, сан алуан сөздер шайқасып, әр жаққа алып қашады. Әр шығармасы пікірлер қазанын қайнатқан қаламгерді елемеуге, ескермеуге бола ма? Әрине, болмайды. Демек, ол жұрт назарын аудара алатын жазушы.
Бірақ, қалай болғанда да Сәбит ­Досанов қаламы назар аударуға тұ­рар­лық тұлғалы, тұрлаулы қалам. Оның шығармаларындағы көркемдік  бояулар қарапайымдылығымен, бірақ шынайы өмірлік кескінімен көрінеді. Оның орыс тіліне аударылған кітаптары үлкен аудиторияларды баурап, оған талай атақтар мен марапаттарды әкелді. Сәбит Досановтың әр кезеңдегі шығармаларына пікір айтқан, лебіз білдірген, ойларын ортаға салған қаламгерлердің, көрнекті зиялы қауымның ұзақ тізіміне қарап отырып, оның қаламгерлік, азаматтық келбетін жан-жақты, жаңылмай көруге болады.
Бұл жайдан-жай ма? Жоқ, қаламының қуаты, жазуының шуағы бар жазушы ғана осындай ортақ ой, бауырлас баяндарға лайықты болады. Бұдан көп жылдар бұрын оның қаламгерлік қуатын анық танытқан бір туындысы – «Ақ аруанасы». Кезінде бірінші Сәбең – Сәбит Мұқанов: «Досановтың «Аруана» хиқаясында түйе мен оның ботасын сипаттауы адамнан бетер. Тілсіз түйенің туған мекенін, бала­жандылығын сипаттағанда Сәбит оқыр­мандарының сана-сезімін толған­дырып, кейде көзіңе жас алғандай халге келтіреді. Кейбір сипатында жақсы ақындар дәрежесіне көтерілген автор қазақ тілінің қайдағы бір тәтті балын тамызады» деп ақжарма пікір айтады. (С.Мұқанов, «Ұлғайған үміт» мақаласы, «Қазақ әдебиеті» газеті).
Бұл пікір Сәбит Досановтың тілі көркем емес, тым қарабайыр деген қасаң қағиданы жоққа шығарады. Әрі ақын, әрі прозашы, оның үстіне қазақтың төрт түлігінің қыры мен сырын қапысыз білетін үлкен Сәбеңнің кіші Сәбең шығармасына шынайы ағынан жарылып, пікір түюі жайдан-жай болмаса керек. Атағы жер жарған Сергей Михалков не дейді дейсіз: «Образ белой аруаны приоб­ретает символический размах, рождая философские размышления общечеловеческого значения» деп ой түйеді. Әрине, ол үлкен Сәбең секілді түйе жанын терең түсіне алмас, бірақ шығарма жанын терең түсінгені даусыз.
Сәбит Досановтың жаны – ақын, жалауы – жыр. Оның поэтикалық палит­расы көркем прозада публицистикалық қуат пен романтикалық рең арасында құбылғанмен, шығарманың өн бойындағы сезім мен сенім адам жанын баурап, өмірдің өзіндей болып көрініп, қарапайым сөзбен көңіліңе сәуле түсіреді. Бұл не сонда? Мұның сыры неде?
Мұның сыры – идеяда. Қазір көркем жазу, төгілтіп теңеу, көсілтіп көш-құлаш сөйлем түзу маңызды болмай қалды. Сөзге де қайта жаңғырту тәсілі кірді. Бірақ ол көз қарықтыратын сансыз құбылған сағымды түстер емес, прагматикалық іс-шараны идеялық мұратқа байлаған ой мен ұсыным. Қазір әлемдік әдебиеттің «модный» марғасқаларының шығармаларына көңіл көзін салсақ, оларда түпқазық идеяның тұғыры еңселеніп көрінеді. Сәбеңнің шығармаларындағы кейде көрініп қалып жататын «қарадүрсіндік», егер осылай деп айтуға болатын болса, сөз қуған жандардың тарапынан қабылданбай жатса, ол ой қуған жанның олақтығы емес, мақсат көздеген мұратшыл қаламның ізденісі.
Бір әдебиетші әлемде 18 тақырып бар десе, енді бірі бар болғаны 32 тақырып деп өзеурейді, тіпті енді біреулері бар болғаны 8 тақырып деп оның ауқымын тарының қауызына сыйдырып жібереді. Сәбең менде мұнша тақырып бар деп, саусақ бүгіп санап жатпайды, бірақ оның тақырыптары қашанда ұлт жанының өзгеге ұқсамас қалтарыстарын көрсетуде өзінің қуат-деңгейін қапысыз байқатып жатады. Ұлтқа тән ұялас тақырыптар оның шығармашылығының басты қырларының бірі.  Содан да болар, оның кейіпкерлері кейде дау туғызып, Сәбеңді сотқа сүйреп жатады.
2012 жылы Сәбең жетінші рет Мем­лекеттік сыйлық додасына түскенде бір әріп­тесі құлаш-құлаш арыз-хат жазып, оның алды Елбасыға дейін жетіп, бірнеше жауапты адамнан комиссия құрылып, арызда айтылған мәселелер жан-жақты сарапталды. Арызда айтылған уақыттың өзі Сәбеңнің пайдасына шешілгенмен, оның кейіпкерлері туралы айтылған жайттарды арыз жазылған биік тұлғаға жеткізу барысында «дала мен сол далада бүркіттің, соның ішінде ақбас бүркіттің қазақ даласында мыңдаған жылдар бойы бар екені, оның Сәбиттің де, арызшының да жекеменшігі емес екені айдан-анық екендігі» айтылып, тұжырым жасалып, тұсаукесер қорытынды айтылды. Алайда бетбақтық пен баянсыздық сотқа дейін жетіп, Сәбең жеңіп, ақбас бүркіт қазақ даласындағы өз биіктігін сақтап қалып еді.
Жазушының «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеясы өткен ғасырдың өмірбаяны секілді үлкен полотно. Мұндағы кейіпкер – ХХ ғасырдағы қазақ ұлты. Оның тағдыр-талайы, бастан кешкен баяны, қилы кезеңі, көрген қорлығы, бастан кешкен зорлығы, мың өліп, мың тірілген жанкештілігі, сатқындық пен аярлықтың көңіл суытқан көріністері, үміт пен күдік, арман мен аңсар, мұң мен зар, қысқасы қазақ деген халықтың ұлттық портреті.
Сәбең жанкешті, еңбекқор, тынымсыз, ізденімпаз, ізетшіл, қайсар қаламгер. Қаламнан қолы босамайтын жазушы. Ол осынау 75 жылдық ғұмырында 30 томдай кітап жазды. Оның бәрі оқырман назарына ұсынылды. Бір процент талант, 99 процент еңбек деген кесімді қағида оның басты кредосы. Оздым деп мақтанбайтын, қалдым деп даттанбайтын қаламгер. Жазушының 75 жылдық мерекесі орайында ардақты академик, абыз ағамыз Серік Қирабаев «Егемен Қазақстан» газетінде «Баянды бақыт» деген бір беттік мақаласын оқырмандар назарына ұсынды.
Бұл мақала Сәбит Досанов шығарма­шы­лығына толықтай баға берген толымды да болымды еңбек. Қария қалам­гердің қапысыз көрер ой көзі жазушы еңбегінің ауқымы мен орамын жазып діттеп, жаңылмай тап басқан. Мақала соңындағы: «Қанша қиындық көрсе де қуат-күші кемімеген, рухы берік, қайсар қаламгердің қуатты қаламынан әлі талай сом бітімді соны шығармалар туатынына өз басым кәміл сенемін» деп қорытынды жасайды абыз ағамыз. Біз де осы сөзге қол қоямыз.
Сәбең тез жазатын, ақмылтық қалам­гер. Өзім куә болған бір жайт, Елбасының кезекті бір тарихи бағдарламалық бастамасынан кейін, (2012 жылы) айналасы бір аптаның ішінде «Қас-қағым сәт және бүкіл ғұмыр» деген публицистикалық толғанысы әуелі жарқ етіп «Егемен Қазақстанда» жарияланып, соны оқып болғанша жұтынып жаңа жинақ болып, қолға да тиіп қалды.  Осы жинақ ой толғанысы, пікірлер тоғысы, сөз саптауы, оқиғаларды рет-ретімен орынды беруі жағынан үздік туынды деп бағалауға әбден лайықты. Бүгінгі алғы шепке шыққан публицистика жанрының озық үлгілерінің бірі. Елімізде болып жатқан тарихи, қоғамдық-саяси оқиғалардың бәрі оның қаламынан тыс қалмайды.
Бүгін естіген елеулі елдік оқиға ертең жұтынған жаңа мақала, тереңнен тербеген толғаныс болып оқырманға жол тартып жатады. Мен мұндай мысалдардың талайы­на өзім куә болып, қуана қол соққаным бар. Журналистік жеделдік, тілшілік, тапқырлық жазушылық оймен суарылып, азаматтық оймен әдіптеліп, қайраткерлік көзқараспен халқына жол тартқанда, қаламгердің ішкі қуаты мен сыртқы қайнарының тең түсіп, тізгін қағысып келе жатқанын жаңылмай көресіз.
Сәбең туралы, аға-досым жайында осы мақаланы жазу барысында оның төрт кітаптан тұратын «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясын қайыра қарап шығудың сәті түскенмен, оның бәрін талдап, таразылап жату үшін бір мақаланың аздық ететіні әбден байқалды. Мүмкін оның қажеті де бола қоймас. Бұл қазақ әдебиеті тамыршыларының тірлігі болар деген ойдамын.
Қазақ әдебиетінің қабырғалы қалам­герлерінің бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов туған әдебиеттің туын көтеріп келе жатқан үркердей топтың ортасында өзіне тиісті салмақты салиқалы түрде көтеріп келе жатқан қайраткер. Ұлтқа бар болмысымен қалтқысыз қызмет жасап келе жатқан перзент. Өз биігіне шыққан, біреудің биігіне көз алартпайтын азамат. Оның сыйлық алудағы жанкешті күрестерінің өзі мақсаткерліктің маңызды көрінісі. Мен Сәбеңді осы мақсаткерлігі мен қарапайымдылығы үшін құрметтеймін. Оның алғашқы кездесудегі сәл мұңдана тұрып, маған сыр шерткені әлі көз алдымда. Сонда осы ағамыз арманы болған атақты сыйлықты алса екен деп тілекші болғанмын.
Сәбеңді інілік ізетпен құрметтей отырып, оған 2012 жылы алғашқы өлеңімді арнаған едім. Мен жұрт алдында осы өлеңімді оқығанда ол әлі лауреат емес болатын. Ол сол жылы күзде еліміздің ең жоғары сыйлығы – мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Сондағы өлең мынау еді:

Қаламы жүйрік, қадамы жүйрік бұл ағам,
Бірлерге жақпай, мыңдарға бірақ ұнаған.
Сұлулық көрсе түсініп оны, сынаған,
Қиындық көрсе қара нар болып шыдаған.
Қаламы жүйрік, қадамы жүйрік бұл ағам,
Ағалар менен анаға ылғи ұнаған.
Ініні көрсе үйіріліп түсер мінезі,
Жұртына бақыт, жақынға жақұт сұраған.

Еңбеккер кісі ісімен көпке ғана ұнаған,
Қара сөзбенен ғасырдың жүгін құраған.
Мәскеу мен Париж қол соққан
оның сөзіне,
Алматы жағы етектен тартып, құлаған.

Сәбеңмен аттас, жақсымен жақтас
бұл ағам,
Жақсылық көрсе жыр етіп оны құраған.
Құлап та жатып халқына бақыт сұраған,
Жай кісі емес, бай кісі деймін бұл ағам.

Сәбең биылғы жылдың қаңтар айын­да 75 жасқа толды. Осы екі аралықта оның қаламынан талай мақала ғана емес, бірнеше кітап та жарық көрді. Ол қашанда жазу столында. Қаламы қайраулы. Тағдырдың салғанын көріп, аса ауыр қиындықтармен бетпе-бет келсе де, жазу алаңын тастап, бүк түсіп жатып қалған жоқ. Рухы мықты, жаны қайсар, тілегі – ұлтының үстінде.
Сәбеңнің 75 жылдық торқалы тойын қалың елі – қазағы ғана емес, ормандай орыс, қарағайдай қырғыз жұрты кеңінен атап өтті. Мәскеуден маңдайы жарқырап оралды. Бішкектен биіктеп оралды. Енді туған елінің ортасында торқалы тойдың дастарқанында отыр. Татар дәмі ұзақ болып, атар таңы таусылмағай. Мынау екінші арнау өлеңім. Соңы бұл болмас деймін, Алла нәсіп етсін.

О, Ғабе,
…Жан-жағыма қарасам Сізді көрем,
Сізді көрсем жомарт бір күзді көрем…
Мұқағали.
О, Сәбе,
«Жан-жағыма қарасам Сізді көрем»,
Қалам алып, Сіз жайлы түздім өлең.
Аңыз-адам өзіңіз, нағыз адам,
Жігіттігі жарасқан үздік, ерен.

Азаматсыз арғыны көре білген,
Жомарт жансыз берместі бере білген.
Сабырлысыз сабырсыз бұл заманда,
Төзімдісіз төзбеске көне білген.

Қаламгерсіз қаруы бойындағы,
Жалаугерсіз жақсылық ойындағы.
Алау дерсіз аңсатшыл жаныңызды,
Досың түгіл, дұшпаның мойындады.

Жылдар жатыр жігердің құйынында,
Ащы, тұщы сыбағаң бұйыруда.
Мысқылың жоқ миық пен қиығыңда,
Тонна жүк бар тозбайтын иығыңда.

Сізді сабыр әрқашан басқарады,
Азаматтық болмысың асқаралы.
Сұлу біткен сүзіліп қарайды әлі,
Самолеттер өзіңнен жасқанады.

Сізді көрсем далиған дала көрем,
Кейде дана, кей кезде бала көрем.
Жазғаныңыз желқанат жүйрік сөздер,
Басын бермей құйғытып барады өлең.

Бұл ғұмырда көрдіңіз ұрынғанды,
Сонда жаның жыртылып, жұлымдалды.
Ұлттың жанын ұғатын ұл едің деп,
Ұры ажал да ұмтылып ұлыңды алды.

«Ұлымды алса алсын» деп, «ұлтымды алма»,
Биіктедің болмысқа ұмтылғанда.
Қаламыңыз қайралды намыс жанып,
Жүрегіңіз қан-қан боп жыртылғанда.

Сізді батыр көремін ақ беренді,
Мойынына салмаған жат көгенді.
Жиырмасыншы ғасырды шалған тарлан,
Ақбас бүркіт секілді ақпа өлеңді.

Балағыңа жармасты пендешілік,
Көре алмады жүргенді кең көсіліп.
Жеңіп шықтың жеті рет күрестің де,
Бірге болды сол кезде елдес үміт.

Азаматтың ұнайды сойы маған,
Өміріңіз аңыздай, ойыма алам.
Жиырма бесте жаһанды дуылдатқан,
Жетпіс бесте жігері мойымаған.

Өмір Сізге салса да сынақтарын,
Азаматтың ақ туын құлатпадың.
Мамырдағы Құралай самалындай,
Шаба берсін шабытты пырақтарың.

О, Сәбе,
«Жан-жағыма қарасам Сізді көрем»,
Ұқсамайтын ешкімге үздік, ерен.
Аңыз-адам керек қой бұл заманда,
Аңызы жоқ заманның кейіпкері,
Өзің жайлы қуанып түздім өлең.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсі­нерге жарар ол» демей ме абыз Абай. Данышпанның дана сөзін дала пер­зенттеріне арнасақ, ұтпасақ, ұтылмаспыз.


Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақын, Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткер



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар