Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
КӨКШЕТАУЛЫҚТАРДАН ХАТ...

16.01.2017 5334

КӨКШЕТАУЛЫҚТАРДАН ХАТ

КӨКШЕТАУЛЫҚТАРДАН ХАТ - adebiportal.kz

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына!


(М.Әуезов театрында сахналаған «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклі турасында)


Сан жылдар бойы құрсауда ұстаған тоталитарлық режимнің шеңгелінен босап, тіліміз бен дінімізге кеңшілік орнағанына шүкір етіп, тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығын тойлап жатқан мынау қуанышты күндерде Алматы қаласынан жеткен бір жайсыз жаңалық көкшетаулықтардың көңіліне кірбің түсіріп отыр. Біздің ренішімізді тудырған Әуезов театрында қойылып жатқан Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері-Ақтоқты» пьессасы. Бұл драматургиялық шығарма Кеңестік кезеңнің саяси ұстанымдарына сәйкес жазылған, бүгінгі тәуелсіз көзқараспен Ғабит ағамыздың өзіне де абырой әперместей дүние. Әрине, Шекспирге еліктетіп бағамдаса жаман туынды емес. Бірақ, өмірде болған адамдарды, қазақша айтқанда аруақтарды жағымсыз кейіпкерлерге айналдырып, жазықсыз күстәналау қате деп санаймыз.


Әр өңірдің жұрты қасиеттеп, қадірлейтін ұлы тұлғалары болады. Науан хазірет те, Ақан сері де сондай кемеңгерлер. Екеуі – бажа. Өмірде бір-бірімен, замандастарына, тіпті кейінгілерге де үлгі етерліктей деңгейде жақын сыйласып өткен ғазиз жандар еді. Бірін халық аса құрметтеп «хазірет» атаса, екіншісін «сері» деп еркелеткен.


Науан хазірет Таласұлы (шын аты − Наурызбай. Кенесарының інісі Наурызбайдың құрметіне қойылған). Ауыл молдасынан әліп танып, Қазанның «Ғалия» медресесі үлгісіндегі Қызылжар медресесін бітірген. Екі жыл Баратайда бала оқытқан ол, алған білімін місе тұтпай Бұхарадағы «Көкілташ» медресесіне барып оқиды. Білім қуған Науан Сирияға барып та оқу оқып, ғұмырының 20 жылын білім алуға жұмсаған. Бұл жайында әйгілі Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Кезінде Ломоносов Мәскеуге қалай барса, бұл да Бұхараға солай барды» деп жазған. Науан хазірет елге оралғанда тоғыз нарға кітап артып қайтқан. Көкшетауда мешіт салдырып, медресе ашады. Ол тек діни пәндерді оқытып қана қоймай, алгебра, жағрапия секілді сабақтарды оқытқан, Ресейден жер ауып келген Петр Гарлышев деген оқымыстыға орыс тілі пәнін, өзбектің азаматы Инғам-қариге шығыс ақындарының поэзиясынан дәріс бергізген. Шәкірттеріне Абай өлеңдерін жаттатқан. Әр аптадағы жұма намазынан кейін шәкірттерді тысқа алып шығып күрес өткізеді екен. Науан атамыздың тоғыз нарға тиеп әкелген кітабының біреуі − Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі» облыстық Әдебиет және өнер музейінде сақтаулы еді. Биыл аударма жасалып, баспадан кітап болып шығарылып жатыр.


Шәкірттерін атасақ, Ақан сері де Науаннан білім алған. Басқаларды айтпағанда, белгілі алаш қайраткері Сымағұл Садуақасов, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакторы болған Зарап Темірбеков, екінші думаның депутаты Шәймерден Қосшығұлов, Кеңес дәуірінде республиканың ауыл шаруашылығын басқарған Темірхан Жапабаев секілді бірнеше кемеңгерлер Науан хазіреттің шәкірті болған.


Науан хазіреттің тарихи орны мен еңбегі жайлы, өз заманының рухани күрескері, ағартушысы болғаны туралы Ө. Озғанбаев, Қ. Әбуев, С. Ақтаев тағы басқа да ғалымдар мен жазушылар арнайы еңбектер жазып, кітаптар шығарған.


Көкшетау елі Науан хазіретті де, Ақан серіні де ұлы тұлға санап, ардақтайды. Қандай қиыншылық замандарда да оларды ұмытқан жоқ, мұраларына жауапкершілікпен қарады. Көкшетаудың орталығында жаңадан бой түзеген зәулім орталық мешіт – «Науан хазірет мешіті» аталды. Жерлес ақын-жазушы Құдайберлі Мырзабектің қаламынан туған «Науан хазірет» атты пьесса облыстық Шахмет Құсайынов театрының сахынасында екі жылдан бері қойылып, оң бағасын алып келеді. Сондықтан да Алматы секілді миллионнан артық тұрғыны бар қаланың сахнасында Ислам дініне тіл тигізіп, өмірде сыйласып өткен екі бабамызды бір-бірімен қырқыстырып, әртістердің шеберлігіне салып әжуалатып қоюға біз қарсылық білдіреміз. Бұл қойылымды тоқтатсаңыздар, оған Ғабит Мүсіреповтың аруағы да ренжімейді деп ойлаймыз. Үндемей қалсақ, ар-ұятымызға сын болар еді.


Құрметті министр − Арыстанбек Мұхамедиұлы, Көкшетаудағы ауылдар мен қалалардағы ел-жұрт бүгінде М.Әуезов театрының сахнасында қойылып жатқан Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасын дереу тоқтатып, репертуардан мүлде алдырып тастауды сұрайды. Олай болмаған жағдайда біз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы делегация жіберіп, мазалауға мәжбүр боламыз...


Құрметпен:
Көкшетау өңірінің ақсақалдары, зиялы қауымы.


(Барлығы 222 адам қол қойған).


b5d48596cf4529a6b7a40a9241a310f0.jpg

1f035a4adecc0fed7f5ceb3cd0ae9224.jpg

bab40ba9899f82489175539237875fd9.jpg

ee8580c973502c3a98f6014a6fddd537.jpg

216fb2ef0271724a338b8202a6378e56.jpg

f867eb49b68ac3169d2c0ecb43ed973a.jpg

aa540c2c13084e5498efdf029c99bb0e.jpg

381cdd23d5fb1fd8b6fc08b20fa53495.jpg

892228eb0261cdeca76e5e72c43200a8.jpg

d406fbebb7e3f4a154a66410fe221cc1.jpg

bcfbc683e61465255c245c59681c5853.jpg

f6363f3e34e0f8de0b3034511d992753.jpg

c9f1fc034923199605f9decc4b545e53.jpg




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар