Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Астанада әдебиет институты құрылуы керек

27.12.2016 198

Астанада әдебиет институты құрылуы керек

Қазақстан Республикасы

Үкіметінің, 

Қазақстан Республикасы

Парламент Сенаты

және Мәжіліс депутаттарының, 

 Қазақстан Жазушылар одағының

назарына!


Қазақ әдебиеті сан ғасырлар тарихында халықтың ой-санасы мен танымдық дүниесіне, рухани-мәдени қалыптасуына зор қызмет еткен көркем сөз өнері.


Қазақ әдебиетінің тарихи дәуірлері мен кезеңдеріне көз жіберсеңіз, қазақтың ауызша әдебиеті де және жазба әдебиеті де ұлттың ішкі жан дүниесіне көркем ықпал еткен қасиетті өнер екенін көресіз. Халықтың ауыз әдебиетінен, ежелгі дәуірлер әдебиетінен бастау алған қазақ әдебиеті жазба әдебиеттің биік шыңына көтерілген қуатты, әлеуеті жоғары, ұлттық көркем әдебиетке айналды.


Қазақ әдебиеті көркемдік және сөз шеберлігі жағынан әлемнің ең озық ұлттық әдебиеттерімен, қалам иелерінің туындыларымен тең тұратын және йық тірестіре алатын, тайталаса алатын әдебиет.


Қазақ поэзиясы, прозасы, драматургиясы мен әдеби көркем сыны, көсем сөз және аударма өнері, ұлттық айтыс пен терме өнері соңғы екі ғасырда тарихи-әдеби сатылардан, шеберлік үрдістерінен, әдеби мектептерден өтті, сондай-ақ Қазақстаннан тыс шетелдерде қазақ диаспорасының қазақ әдебиеті де қалыптасты.


Көне тарихтың көркем әдеби жәдігерлері, түркі әлеміне әйгілі көркем сөз шеберлері, ұлттық ағартушылық әдебиет өкілдері, алашшыл әдебиет қайраткерлері мен қазақ совет әдебиетінің өкілдері, бүгінгі қазақ жазушылары мен ақындары адамзат мүддесіне, ел мүддесіне, қазаққа қызмет қылды, өшпес рухани туындыларымен, шебер сөз қуатымен қазіргі тәуелсіз елдің қалыптасуына үлес қосты.


Қоғамда, адамдар өмірінде әдебиетшілдік, кітапты сүю, жазушыларды құрметтеу, көркем сөзді ардақтау, поэзияны бағалау, әрқашанда қандай болмасын елдің саяси және адамшылық мәдениетінің көрсеткіші, элитасының эталоны болды, әдебиет әрқашанда, қандай уақыт болмасын елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне ықпал етіп, адам өміріне көркемдік мән, рухани күш беріп отырды.


Қоғамның әдебиетке деген ықыласы сейіліп барады, қазақ әдебиеті де позицияларынан айырылу үстінде, өйткені әлемдік әдебиеттің форматы өзгерді, классикалық ойлау негіздерінен ауытқу, әдебиеттегі философиялық-ақпараттық қосындылық, «әдебиетте одан әрі жаңа ештеңе айтуға болмайды» деген жаңа бағыттар, ақиқаттан қашу әдебиетте орын алуда...


Сөйткенмен, әдебиет қоғамдық құбылысты тудыратын, адамның жан дүниесіне себепші, біздің жағдайда ұлт тілінің қамқоршы-қолдаушысы, қаншама қаламгер ғұмырын ізгілік күрес жолында сарп етіп, есімдері тарихта мәңгі қалды, әдебиет дәстүр жалғастығында дамитын табиғи құбылыс, оны үзіп алуға және жоғалтуға болмайды.


Жоғарыдағыларды айта келіп, асыл дана Абай негізін қалаған қазақ көркем сөз өнерінің дәстүрінде шығармашылық өнерді жалғастыратын ұлттық кәсіби жазушылар мен ақындарды, драматургтерді, сыншылар мен аудармашыларды әзірлейтін, жалпы әдебиет, әлем әдебиеті мен ұлттық әдебиет төңірегінде академиялық білім беретін және білімдерін жетілдіретін, мемлекет қамқорлығындағы жоғары білім ордасы – Әдебиет институтын ашу қажеттігін айтқым келеді (әлемдік әдеби оқу орындары тізіміндегі Ресейдің М.Горький атындағы әдебиет институтын айтпағанда, Гарвард, Кембридж, Сорбонна университеттерінің кәсіби жазушылардыдайындайтын жоғары курстарын айтуға болар еді. Бұл әрине балама салыстыру үшін).


Тәуелсіздік игі жылдарында елордасы Астанада небір сәулет музейлері, орасан спорт кешендер, көп орынды хоккей мұз айдындары, футбол, теннис стадиондары мен алаңдары, әсем опера және балет театры, хореографиялық балет академиясы, зәулім форумдық сарайлар мен әкімшілік мұрағаттар тұрғызылды, миллиондаған евроға жылдар бойы «Астана» велосипед командасын» жалдап келеміз, яғни қазіргі үкіметтің әдебиет институтын ашуға мүмкіндігі бар деген сөз, ол үшін билікке ниет керек, ынта керек, мемлекеттің қазақ әдебиетін қолдайтын, қамқорлыққа алатын уақыты жетті. 


 Құрметпен, Салауат Кәрім


Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар