Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Нүсіпбай Әбдірахым: Жұлдыз боп алыс жымиып қана күлермін...

27.12.2016 404

Нүсіпбай Әбдірахым: Жұлдыз боп алыс жымиып қана күлермін...

7-фото-Нүсіпбай.jpg


 

 

АМАН БОЛ, АТАМЕКЕНІМ

 

Адам ата мен Хауана жұмақтан алма

жегені үшін ғана қуылған деседі.

Ғасырлар өткен неше мың,

Кім білген нақты есебін?..

Адам ата мен Хауана

О баста жаннат Жетісу –

Жерінде тұрған деседі.

 

Сол кезден жеткен бар аңыз,

Сұмдыққа мына қараңыз:

Қаншалық тыйым салса да

Алма жеп қойған

Алмадай

Албырап тұрған анамыз.

 

Мына өмір кеткен кетеуі,

Күнәнің сол бір өтеуі.

Сол үшін жаннат өлкеден

Қуылған дейді екеуі.

 

Қазағым, қуан, еркеле,

(Еркеле, бірақ өртеме).

Адам атаның ұрпағы

Күн кешіп жатыр бүгінде

Жаннаттай мынау өлкеде.

 

Демеймін «бастан көшеді»,

Бақытым менің бес елі.

Жанымды тербеп жерұйық

Самалы күнде еседі.

 

 

Жоқ шығар, сірә, арманым,

Бойында жеті арнаның

Жыр қуып,

Кейде жын буып

Сайранды талай салғамын.

 

Арай таң, тұнық кештердің

Қызығын белден кешкенмін.

Кесірлік айтсам, кеш, Алла,

Жұмақта туып-өскенмін.

 

Жұпарын жұтып даламның

Сарқытын ішкем қаламның.

Армансыз ғұмыр сүргемін,

 

Алаңмын, бірақ, алаңмын:

Жаннаттай мына өлкенің

Аруын құшып,

Алмасын

Армансыз жеген адаммын.

 

Өзіңнің берген сыйыңдай

Жастығым өткен құйындай.

Күнәм көп,

Оның барлығын

Жыланға жабу қиындау...

 

Мақұрым жан ем аяттан,

Әлде сол шалар аяқтан...

Сонда да ғажап өлкемнен

Айыра көрме, Жаратқан!

 

Жетісу – жасыл орманым,

Жаныма жыр боп орнадың.

Қумасаң болды бұл жерден,

Алатау көзім алдында

Асқақтап тұрса болғаны!

 

 

Мастанып байлық буына

Барғам жоқ шетел суына.

Баурымды бассам жетеді

Балқаштың ыстық құмына.

 

Бақыттың көбі-азына

Айта да қойман базына.

Бір барып қайтсам болады

Аңсатқан Ботасазыма.

 

Көңілдің көлін шайқадың,

Аман бол дәйім, байтағым!

Өзіңді берген тағдырға

Мың да бір тәуба айтамын.

 

 

 

АҚЫН  СЕЗІМІ

 

Мен жүз қызға ғашық болған шығармын…

Төлеген Айбергенов

Бал сезімдер бүршік жарған бөктердің

Баурайында мен де талай боп көрдім.

Ғажабы көп, тозағы көп сан түрлі

Сезімдердің бәрін бастан өткердім.

 

Мәпелеумен сезім атты шынарды,

Мәз боп талай қуандым да қуардым.

Көңіліме алғаш көктем орнатқан

Бір қыз мені ақын қылып шығарды.

 

Бір қыз маған балдай бақыт сыйлады,

Бір қыз мені ғұмыр бойы қинады.

Болашаққа жеткізеді деп сенген

Кемем талай быт-шыт болып қирады.

 

Көңілімнің солды қанша құрағы,

Соншама рет сөнді сенім шырағы.

Содан ба екен, Қозыдан да бақытсыз

Қодарға  ылғи жаным ашып тұрады.

 

Бақ құсына қолы жетпей  қалған көп,

Содан да өмір  көрінеді жалған боп.

Қыз Жібектей ару күткен  жолында

Төлегенде  шынында да  арман жоқ.

 

Көңіл қошта, бас-аяғың  аманда,

Қонған бақты бағаламау жаман да.

Сонау шақта,

Жастықтың  от күнінде

Бір қыз ғашық болып еді  маған да.

 

Кім тапсырған  бестікке өмір  сынақты,

Мені де ұстаз – уақыт сыннан құлатты.

Есер жанды ессіз сүйген  сол ару

Әлі күнге  жылап жүрген сияқты.

 

Қарай алман сұлуларға сыздана,

Құмар болдым  бір күн көрген қызға да.

Қиығын да салмай өткен  көзінің

Күлімкөзге өлең жаздым  қызғана.

 

Мен өмірдің  қай бір  сырын ұғыппын,

Жолықты ғой  сан сұлулар қылықты.

Өте шықты бәрі ізін қалдырып

Жүрегіне тұнжыр көзді  жігіттің.

 

Ұяңдаумын,

Әлде мүлдем жасықпын,

Айта алмадым жан сырымды  ашып тым.

Алтын таңның арайындай ақ қыздар,

Мен сендерге әлі күнге ғашықпын!

 

Дегеніне көне бермес ақылдың

Өлеңімде жатыр шаттық, жатыр мұң.

Сезім өлген шақта өлең өледі,

Өмірге ол ғашықтығы  ақынның.

 

А Қ Ы Н  Е Л Д І Ң  Е С І Н Д Е


 

...ақынның адам қолымен емес, табиғаттың тылсым күшімен сомдаған алып бейнесі Алатаудың бір сілеміне көрік беріп тұр.


(Газет мақаласынан).

 

Ғажайыпқа сен мұны бала, мейлі, балама,

Тылсым сыр көп өмірде сыймайтұғын санаға.

Қарасазын сағынып, жырларындай ағылып,

Туған жердің тасына өніп шықты жан аға.

 

Тас демейік мұны біз, жүрегі бар тастың да,

Бұрқ-сарқ еткен жанартау жатар таудың астында.

Туған жерді сүюдің көрінісі бұл тылсым,

Бұл керемет ақынның сағынышы асқынған.

 

Тасқа айналған ақынның қасы, көзі, құлағы,

Әлпетіне тұңғиық асқақ бір ой тұнады.

Зеңгір көктен аялап аңсап өткен шуағы,

Еркелейді етекте сылдыр қағып бұлағы.

 

Шақырады тау, орман – тарқамаған құмары,

Ән салады сызылып құрағы мен қияғы.

Шағын ғана мүсін боп қонақтапты беткейге,

Шың боп кетпей шын ақын қалай ғана шыдады?

 

Мұқаң болып табиғат сөйлеп қоя берердей,

Жақпар-жақпар жартасқа қарап тұрмын елеңдей.

Нағыз ақын осындай тауда ғана туады,

Қас таланттан туады өлмейтұғын өлеңдер!

 

Ғұмыр кешті ұлы ақын сезім-отқа қарылып,

Ол сезімнен қазір де кетті демен арылып.

Тұла бойын кернеген тау-құдірет қуаттан

Таңғалмаймын тас мүсін кетсе қазір жарылып.

 

Арман еткен шөп болып шығып, қайта көктеуді

Мұқаң рухы мәңгілік мекен етті беткейді.

Махаббат пен мейірім тұнып тұрған бұл жерде

Жоқ өсек пен ерегес,

Атқан оқ та жетпейді.

 

Күншілдер жоқ бұл жерде иттеріне талатқан,

Қаскөй де жоқ, бит те жоқ жабысатын балаққа.

Елім деген перзентім еңселеніп тұрсын деп

Тау бетіне оңаша орнатты ма Жаратқан?!.

 

Ақынына бас имей өткен небір күштіге,

Жалбақтамай күн кешкен тырнақты мен тістіге.

Жамандықты көрге ала кетпек болған өзімен

Ниетіне көл-көсір мейірімі түсті ме?

 

Жаратушым, нұр сәуле төккен қала, далаға,

Өзіңнен бір керемет тілегім бар қалаған –

Тас боп өнген талантты шуағыңмен аяла,

Перзентіңнен рақымың, мейіріңді аяма!

 

Тас бейне тұр қасқайып туған жердің төсінде,

Қалғымайды ол түнде де, таңертең де, бесінде.

Қазақ елін ардақтап төбесіне көтерген

Ақын елдің есінде,

Ақын елдің есінде!

 

 

ТАҒДЫРҒА ТІЛЕК

 

Жаңқаланып кеткендей жыр-азығың,

Көңіл, неге соншама құлазыдың?

Мейлі, кейде мұңайтып қоятұғын

Тағдырыма қаталдау разымын.

 

Көрінермін біркуге жаман болып,

Көргемін жоқ, әйтеуір аяр болып.

Табиғатқа ризамын ауыспалы,

Туғаныма ризамын адам болып.

 

Жүзеге аспай жүрсе де көңілдегім,

Басым аман,

Өзімнің жерімдемін.

Арман шіркін, таусылмас адамзатта,

Тұрса болды күлімдеп көгімде күн.

 

Досым да бар,

Бар жарым,

Жақыным да,

Алтын қашан мұң боп ед ақын ұлға?

Нашарлығым өзімнің деп білемін,

Шаршап қалсам алғашқы шақырымда.

 

Қуанатын кезім бар, мұңаятын,

Сәбидеймін жылап ап уанатын.

Жаны адалмен жүрмін бір көтерісіп,

Жауыздықтың жасаған қиянатын.

 

Бөлемесін, мейірім, ән-жырына,

Қайтем бекер өкпе айтып тағдырыма.

Тек өлең деп өртенген жүрегімді

Салмаса екен ертерек сандығына.

 

 

ҚАР ЖАУЫП ТҰР

 

Қар жауып тұр.

Қанымда қайнап аптап,

Тайғанақтап келемін.

Айнала әппақ.

Әппақ мамық алдымды кес-кестейді,

Аңсап күткен анамдай қалбалақтап.

 

Масайраған баладай алып-ұшып,

Сабылысып ұшады, сабылысып.

Сыйғыза алмай келемін құшағыма

Жұлдыз-қыздың жапырақ сағынышын.

 

Қонып жатыр шашыма, иығыма,

Көрінбейді ұшы да, қиыры да.

Күміс көйлек киінген кербез дүние

Келіншектей күліп тұр миығынан.

 

Алатау да маңқиып сүйініп тұр,

Құйылып тұр әппақ нұр, құйылып тұр.

Ақ ұлпаны қондырған ағаштардың

Бұтақтары сәл ғана иіліп тұр.

 

Алыса алмай бойдағы аптаппенен,

Кер дөненін көңілдің баптап келем.

Құдіретті табиғат, кешір мені,

Мамығыңды аяқпен таптап келем.

 

Толтырып ап қойныма мамығыңды,

Басайыншы бір сәтке жалынымды.

Шаң-тозаңнан арылған өзіңе ұқсап,

Мен де күтіп жүр ем бір арылуды.

 

 

*****

 

Көгілдір аспан көлдердей түпсіз тұңғиық,

Көз алмай үнсіз қиялға батып тесілем.

Сағымдай аріп алыстап кетсем бір күні,

Шығарар ма екен сол бір жан мені есінен?

 

Түндерде толқып көз салар ма екен аспанға,

Жұлдыз боп кетсем тылсым боп тіл де қата алмай.

Тыңдар ма еді жапырақ болсам жас талға,

Сыбдырлап тұрсам сөйлеуге қатты бата алмай.

 

Еске алса мені, ессіз бір сүйген шағымды,

Жырымды оқып бұлқынса бір сәт жүрегі.

Күн болып төге алмасам да ыстық жалынды,

Жұлдыз боп алыс жымиып қана күлермін...

 

 

 

ЖАЛТ ЕТКЕН БІР БЕЙНЕ

 

Жалт етіп өткен бір бейне,

Жадымда қалдың мәңгілік.

Жабырқап жүрген күндерде

Жанымды жүрдің ән қылып.

 

Сол бір сәт тәтті қиялдай,

Дүниенің бәрін ұмыттым.

Жан едім жүрген жұбанбай,

Деміңмен лезде жылыттың.

 

Жалт етіп қана жоғалған,

Жаным-ау, тәтті түс пе едің?

Көктеммен бірге олар,

Күзбенен кеткен құс па едің?

 

Есімді кештеу жыйдым да,

Бұлдырап кетті-ау көз алдым.

Несіне ерте тұрдым мен,

Түс болсаң неге ояндым?

 

Қайдасың, жүрсің қай жерде

Армандай болған сол бір жан?

Қыс та өтті, енді қай кезде

Шығасың ұшып алдымнан?

 

Кешігіп келген көктеммен,

Көңілге аққу-мұң қонды.

Дариғай-ай, сол бір от деммен,

Жылытып жүрсің кімдерді?..

 

Елжіреп сен де түндерде

Есіңе мені алдың ба?

Жалт етіп өткен бір бейне,

Таба алмай мәңгі қалдым ба?


 

 Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ, ақын

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

«Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар