Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әскерхан Ақтайдың өлеңдері

18.05.2015 308

Әскерхан Ақтайдың өлеңдері


Үркерден тамшы үзіліп...


Сырдың бойы сырғауыл,
Сылаңдап ұшар қырғауыл.
Көңілдің көлін толқытар,
Ұйтқи соққан жыр дауыл.

Қыналы өрнек таста бар.
Бал күннен бақыт басталар.
Қайырларын арманның,
Қайдан да білсін басқалар.

Сүмбіле түні сүзіліп,
Тырналар ұшар тізіліп.
Үліңгір көлге құлайды,
Үркерден тамшы үзіліп.

Сарыжайлауға келсең бір,
Самалды қырдан терсең гүл
Көкжиек шетін арбайды,
Селеуі толқып сеңсең қыр...



Ұлытауға бардың ба?...



Ұлытаудың тасында тасында ұлар ойнар,
Ұлар ұшар сол таудан күн арайлар.
Кеше кеткен керуеннің елесіндей,
Көңілімнен көшеді мұнар ойлар.

Ұлытаудың киесі ұлар құсым,
Құрбан етер тағдырын сыңары үшін.
Қара тасты қақ жарған бәйтерегі,
Қарашада жел соқса сынармысың...

Ұлытаудың саумалы Кеңгір ме екен?,
Баурайының селеуі селдір ме екен?.
Сарыарқаның желімен жарысатын,
Сар даланың еркесі сен бір бөкен...

Ұлытаудың басынан бұлт ауады...
Бұлт астынан күн шығып нұр тарады.
Ұлытаумен дария арасына,
Қызыл бұлттың бауырынан у тамады.

Ұлытаудың шыңдары, тасы қандай,
Тарау-тарау жолдар қосылардай
Құйын дүние төсіңде бұрқырайды,
Құлан қуып адасқан Жошы хандай.

Ұлытауға бардың ба, ұлар бар ма?.
Пердесіндей даланың мұнар бар ма?...
Ұлытаудың төсінде ұлықталған,
Ұлтым қашан жетерсің ұлы арманға...



ЕСЕНСІҢ БЕ, ЕСКІ ЖҰРТ...


Есенсің бе, ескі жұрт?,
Есейткен бізді есті ғып.
Қылта қырды қымтайды,
Қырғауыл қанат кешкі бұлт.

Атам да туған осы ара,
Әкем де туған босаға.
Топырағыңнан иіскейін,
Босама, көңіл босама!.

Бозінген дала боздасын,
Бозжусан басын қозғасын.
Боқырауда туған бота едім,
Бозаңға тамсын көз жасым.

Асықта түскен алшы едім...
Тамырға дәрі тал шөбің.
Таңдайға нәрін тамызған,
Талғажау болған тамшы едің.

Қайғысыз, қамсыз қайран күн...,
Арылар ма, ойдан мұң?.
...Аналар келіп ойыма,
Ошақтың орнын айландым.

Сарбұлақ бойы саз ба екен?
Жағасы қонған қаз ба екен?.
Жырақтап сенен кетуді,
Жаратқан неге жазды екен?...

Жарықтық исі-ай жалбыздың,
Жалбыздан талай алғыздым.
Тұмары сенісң туған жер,
Жырақта жүрген жалғызың...

Арманның көлін кешті үміт.
Көңілден солай көшті бұлт...
Ерменнің исі аңқыған,
Есен бол енді ескі жұрт...

Жел тарап жеті кекілді,
Ақ жауын жуып бетімді.
Ту сыртымнан үн қатқан,
Жарықтық анам секілді.

 Бесін әуені 


Шерткенде сазын бесін бір,
Құлаққа жетіп бесік жыр.
Көк мұнарды аралап,
Керуен тартып көшім жүр.

Айлардан жылға көшіп күн,
Сағынам сазын бесіктің.
Кеттіңде қайта келмедің,
Кешіктің, шеше - ау, кешіктің.

Сағыныш толы әр хаты...
Өрмегін тоқып тауға түн.
Жүрсіңбе, ана, жүрсіңбе,
Пейіштің татып шәрбатын?

Сен бір уыс топырақ,
Мен жалғыз тал жапырақ.
Сарықурай желмен сыңсыса,
Тыңдайды сарғылт атырап...

Аятын оқып Құранның,
Ұлы Алла сенен сұрарым:
Аналардың орынын,
Жәннаттан берсін Раббым!  



Жаратқанға мадақ


Құла таңның шапағы үміт,
Құба белде сағым нұр.
Құбылаға бата қылып,
Құрбан шалдым қабыл қыл.

Көк күмбезді мешіттерден,
Құран даусы естілер.
Раббым ашқан есіктерден,
Адасқандар кеш кірер...

Пенде деген біз бір ғаріп,
Жақсылық бер, Жаратқан!.
Құдіретіңмен жұлдыз жанып,
Әміріңмен таң атқан.

Азан тербеп ала таңды,
АЛЛА деген тасиды үн,
Көкке жайып алақанды,
О,Жаратқан бас идім.

Бақта құстар сайраса егер,
Жаратқанның жарлығы.
Бұйрық етсе Айда сөнер,
Бай да етер жарлыны.

Таңда гүлдер ашылғанда,
Азан даусын тыңдадым.
Таңнан шапақ шашылғанда,
Қыр боялар нұрға мың...

Нұр аяттар ілініп тұр,
Күлтесіне гүлдердің...
Ғибыратыңмен жылынып бір,
«Алла» дедім, күнде мың!

Күн мен айды алмастырған,
Ғаламшардың бір беті.
Алла жолын жалғастырған,
Мұхаммедтің үмбеті.



Бұлттар көшкенде...


Будақ - будақ бұлт көшкен,
Бурыл шыңның бөктері - ай.
Бұталы бұйрат жұртта өскен,
Бұла күннің өткені - ай.

Мұнар-мұнар мұң көшкен,
Мұнар белде мұңлығым.
Құлшылықпен күн кешкен,
Құдіретке құлдығым.

Күлдір-күлдір кісінер,
Күн астында күлік жыр.
Кім бар сені түсінер?,
Күрсінсеңде күліп жүр.

Ойдым-ойдым ойы көп,
Ойғыр қайда, мен қайда?...
Оңынан тусын айы деп,
Оңашада сен де ойла!

Сылдыр-сылдыр сылқым үн,
Сырғалы көлдің толқыны - ай.
Сыңғырлаған күлкінің,
Сыры қалған сол күн - ай.

Бұлдыр-бұлдыр көрінген,
Бұғылы ма, Бұлғын ба?.
Бұралып бұрымы өрілген,
Бұрыла кеткей, құрбыңа...



Гүлтобылғы гүлдегенде кел...


Көк өзеннің күркірін аңсағаныңда,
Еңлікгүлдей еркеле таң самалына.
Күрең күзде күт мені кезеңге шығып,
Шық тұнғанда Алтайдың аршаларына.

Шыныменен сол шақты ойламадың ба?,
Құба белдің самалы аймалады ма?.
Жас қайыңның жапырағы желкілдейді бір,
Бұлбұл болып сол бақта сайрағаныңда.

Көңілімнің желкенін үрлегенде жел,
Күрең камзол киініп түрленгенде бел.
Тамылжыған тамызда таң араймымен,
Гүлтобылғы біз жақта гүлдегенде кел...

Бала шақты аңсаумен көңіл бір тынбай,
Сәулелі сол сәттерім жүр ғой ұмытылмай.
Көңілімнің көгінен армандар көшіп,
Мамыражай мамырдың мамық бұлтындай.



ТҰЛПАРЛАР ДАЛАНЫ АҢСАЙДЫ...



Шайырлар шабытқа асыққан...
Жеткенде ғазалдар ғайыптан.
Жүрекке шапағын шашып таң,
Көңілдің күмбезі айыққан.

Қырандар мұзартта түлейді...
Жартастар жаниды шалғысын.
Сол шыңда өлуді тілейді,
Мекені мәңгілік қарлы шың.

Батырлар майданда сыналған...
Ғазауат күндерде өрт кешіп.
Күн көзі шаңытып мұнардан,
Семсердің жүзінде серттесіп.

Тұлпарлар даланы аңсайды...
Шапсам деп жазықта көсіліп.
Сахара батырған қанша айды,
Төсінен түбіт шаң көшіріп...

Ұлы Алтай жамылып таң нұрын,
Құшады құндақтап киесін.
...Адамдар іздейді тағдырын,
Ал, тағдыр күтеді иесін...



Көп ішінде бір жалғыз...


Бесбиіктің басынан бесін ауып,
Толқын ойнап барады Есіл ағып.
Айлар жылжып, арада күндер өтер,
Көрмесеңде жүрерсің есіңе алып.

Аққу үні жүректі тербетер шын.
Тамыз бұлты секілді селдетерсің.
Көп ішінде бір жалғыз мұңаяды,
Мың ішінде сол жалғыз сен бе екенсің.

Қалың терек арасы бір самырсын,
Сенен басқа сол шақты сағынсын?.
Әлі талай жырланар жалын күндер,
Жүрегімде от сөнбей тұрса күшім.


Ару өтіп барады аймаңдайлы.
Кеткен керуен қайтадан айланбайды.
...Бақытына қолы жетіп тұрған жандар,
Бақытсыздық туралы ойланбайды.

Жазбадың ба, жырыңды құрбыңа арнап.
Бара жатыр тағы да бір күн аунап.
...Құлатөбел дүние құлын болып,
Құлдап желіп барады құлдыраңдап...



Хақтың жолы - Ислам...



Жаратқан бәрін бір Алла,
Алланың сөзі Құранда.
Тура жолға бастай гөр,
Адастырмай мұнарда.
Мұхаммед Алла елшісі,
Атыңды жаздым тұмарға.

Шежіре шертсе кешке абыз,
Оралар ойға ескі аңыз...
Иманның басы-Ислам,
Ислам кілті-бес парыз!

Азансыз атқан таң аз ба?,
Адасып жүрген жан аз ба?.
Хақтың жолы-Ислам,
Бастауы оның-намазда!

Адамман адам кем бе деп,
Мейрімге мұқтаж пенде көп.
Жабырқап жүрген жандарға,
Жартқан өзің бер, медет!

Құбылаға қарап қабірлер,
Құлпытасында дәуірлер...
Асқақтап жүрген пендеңе,
Асырмай Алла, сабыр бер!

Алланың сөзі таңдайда,
Иманмен бағың жанбай ма.
Жақсылық ғана жазылар,
Сәждеге тиген маңдайға.

Алла мұңсыз жоқ қайғы.
Жартқан жерді, көкті, айды.
Иманға бет бұрғандар,
Исламға тоқтайды.

Жеті күнің жеті өткел,
Жаратқан өзі жетектер.
Рыздығым артсын деп,
Раббың үшін зекет бер!

Айтылса уағыз, пікірлер,
Мұслыман қауым шүкір дер.
Рамазан келгенде,
Раббың үшін пітір бер!

Арнадым Алла, жыр кәусар,
Жан менен жүрек нұрды аңсар.
Рахым нұры жаусын деп,
Раббың үшін құрбан шал.

Адалдан Алла несіп бер,
Ашылсын алдан есіктер.
Күмбезі тұрсын күмбірлеп,
Күміс айлы мешіттер.

Бергеніңе де қанағат,
Алғаныңа да салауат.
Жартқан өзің жарылқа,
Жақсылық болсын, жамағат.

Әмірі Хақтың тыныштық,
Ислам сөзі туыстық!
Діні бір жұртпен ділдес боп,
Діні бөлекпен ұғыстық!

Жетімді өзің жебей гөр,
Жарлыны өзің демей гөр!
Тура жолыңнан тайдырмай,
Нығметіңе бөлей гөр!
Жақсылығыңмен жарлықап,
Сүйген құлыңа теңей гөр!



Бесбоғданың Қоңырбел етегінде



Бесбоғданың етегі Қарайырық,
Шыныменен үзілсін қалай үміт.
Айнала ұшқан алты қаз аспандағы,
Жүрегімді кеттің-ау, қақ айырып.

Бесбоғданың Қоңырбел етегінде,
Жаза алдым ба, жақсы жыр екеуіңе.
Бірде желіп барамын бірде аяңдап,
Тағдыр деген тарпаңның жетегінде.

Зымырайды уақыт суша ағады,
Ішем десең алдыңда у шарабы.
Менің мынау жүрегім қуанғанда,
Бесбиіктің асқарын күн шалады.

Бұлттар жасын булығып бұлағанда,
Қыран кеп жартасқа құлағанда.
Бесбиікке төгеді бұлттар жасын,
Қайран менің жүрегім жылағанда.

(Хаққа сендім, жанымды кірлетпейді)
Көз алдыңнан Бесбиік бір кетпейді.
Жүрегімде үміттің оты жанса,
Бесбоғданың баурына гүл көктейді.

Күміс тәжі-Алтайдың Бессала шың,
Бауырында бақыт күн кешті Алашың.
Бесбоғданың бейнесін бір көргенде,
Етегінде еліңді еске аларсың....



***


Күмбір-күмбір
Күй шерткен тылсым кеуде,
Тұяғы ма
Тұлпардың дүрсілдеген.
Солтүстіктің
Сәуірі салқын болар,
Жел өтінде
Желбегей жүрсің неге?.

Алауратқан
Күтеді таңды асыға,
Бозторғайлар
Қонып ап тал басына.
Шың жиегі
Құлама құз емес пе,
Тұрғаның не,
Жақын кеп жар басына.

Бұйығады
Бұйра қыр боранды күн.
Сортаң далам
Сүртеді сораңды кім.
Өрмекшінің
Өрмегін толқын шайса,
Тор тоқиды
Түбіне тораңғының.

Толарсақтан
Тортөбел сел кешеді.
Бозғылт тартып
Боз жусан белде өседі.
Жер кеменің
Желкенін желпілдетіп,
Жез бұйдасын
Сүйретіп жел көшеді.



Сыр


Жылғаның бойы нар қамыс,
Жылымық суда бар ма ағыс?.
Жылытқан жанды жәудір көз,
Жырақтап солай, қалды алыс.

Сезімге көнер кім шыдап?,
Көңілде әлі мың сұрақ.
Ибаның есіп лебі,
Жүзіңнен тамып нұр шуақ.

Сылқым күй төгіп сыбызғы,
Сырлы сол сазды кім үзді?.
Сыңғырлатып сырғаңды,
Сызыла құйдың қымызды.

Ақсауыр таңдар арайлап,
Жүрсіңбе жолға қарайлап.
Салкүрең дәурен бұрылмай,
Түсер ме бір күн самайға ақ?.



Сен және мен


Боз далада жалғыз қайың,
Ай бетінде мең секілді.
Жар жағасы жалбыздайын,
Сені күткен мен секілді.

Таңнан шапақ шашылғаны,
Жұбанатын мен секілді.
Күннің бұлттан ашылғаны,
Қуанатын сен секілді.

Күміс жаңбыр тамшылары,
Мұңайтатын мен секілді.
Жұлдыздардың шамшырағы,
Сыр айтатын сен секілді.

Қызғалдақтар гүл ашқанда,
Сұлулығы мен секілді.
Таңдар күнге ұласқанда,
Жылулығы мен секілді.

Тас бұлақтар сылдырлаған,
Мөлдірлігі сен секілді.
Жанарыңнан сырды ұрлаған,
Сол бір күнгі мен секілді.

Сары жапырақ сағынышым,
Құстар қайтқан күз секілді.
Бақытымның жануы үшін,
Қатар ұшқан біз секілді.



Зарығу


Айсыз іңір
Айырмай ақтан құла.
Дәмете ме
Шаталар жаттан дұға?.
...Самалды бел,
Сары жота, Сырғалы көл,
Сарқыт болып
Сақталған Сақтан мұра.

Түн ұйқысын
Тіледі күлкі одағай.
Қара ағаштың
Қалқасы қу толағай.
Сыңар бүйрек
Секілді алашарбы,
Көк жүзінде
Көмескі бұлт орап Ай.

Қамыққаннан
Тарта ма,қалқа сырнай?...
Түн түнерер
Бұрымы тарқатылмай.
Іркілгенде
Уақыт,ілбіп іңір,
Сабырымның
Сарқынын сарқатындай.

Қараша жұрт
Қайламен көмір қазып.
Қарашаның
Қайраты көңілге азық...
Туула қайда,
Тәу етсем Тоныкөкке,
Туар екен
Қай тұстан Темірқазық?.

Тарпаң едім
Тимеген жүген құрық.
Сұлаймын ба
Сортаңға сілем құрып?.
Ай төбелі
Жарқырап түнді жарып,
Күлдір-күлдір
Кісінейді күрең күлік...




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар