25 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әлімжан Әлішер. "Қоштаспай қоя тұрайықшы жаным..."

18.05.2015 360

Әлімжан Әлішер. "Қоштаспай қоя тұрайықшы жаным..."

Әлімжан Әлішер

Кітап ұрлау операциясы


Абыздарды,
Ақындарды,
Шешенді,
Танып алдым кітаптардан әсерлі.
Кітапхана жазбалардың жүрегі,
Мешіттен соң киелі орын осы енді.

Сөмке-сөмке болмаса да бір-бірден,
Бала едім ғой...
Кітап ұрлап жүрдім мен.
Ізденбесем өз-өзімді табар ма ем,
Ашық сұхбат жасар ма едім бұл күнмен?

Оқырманға, оқу залға қарамай,
Жымқырған да дұрыс емес көп олай.
Жасақталған сарбаздары жоғалған,
Босап қалған сөрелерден обал-ай.

Балалық-ай шыға келген күлгін боп,
Армандадым атқарсам деп бір міндет.
Көшіргім кеп кітаптарды үйіме,
Өз үйімді кітапхана қылғым кеп.

Төлегеннен, Жұмекеннен құр қалмай,
Иелендім өз-өзімді күнде арбай.
Мұқағали не дейді екен ішінен,
Абай маған қабақ түйіп тұрғандай.

Хафиз, Науай өзгертпеген еш өңін,

Жоғалтпаған әлі күнге әсерін.

Есенғали шақырады өзіне,

Шетте тұрып қол бұлғайды Есенин.


...Қызық көріп жүрдім түрлі жолменен,
Қылмысымды жасырып та келмегем.
Кітап зат боп көрінетін шығар,ә?
Адамдарға кітап ұрлап көрмеген.


***


"Бұйра басым шерленген жер бұл ауыл,

Жиырма жасым жерленген жер бұл ауыл"

Б.Алдияр



Әркім мұны ертегі етіп айта алар,
Сені мұнда жыртқыш емес, ой талар.
Бұл өлкеде өлең дейтін өзен бар,
Бұл өлкеде ақын дейтін тайпа бар.

Болмысының өзгермейтін қалыбы,
Қасиет көп ,ал,оларға тән ұлы.
Қорғанатын қағаз ғана - қалқаны,
Қалам ғана - қаруы.

Қалам - қару емес қой ол қахарлы,
Әсте мұнда кім келуге бата алды?
Ешкім соғыс аша алмайды бұл елге,
Бірақ, олар жаулап алмақ жақанды.

Симайтындай көрінсе де ақылға,
Ойлайды олар түгел ғарыш хақында.
Бір дерегі бөлінбейді ешқандай,
Күн көреді барлығы бір шатырда.

Ізін көрген інілік бар асылдың,
Жүзін көрген жылылық бар ғасырдың.
Сосын биік мұнда Абайдың шыңы бар,
Бұлағы бар Мағжан менен, Қасымның.

Досым, сенің білмейтінің көп әлі,
Жүректер көп жаралы hәм жоғары.
Адасып қап мұнда келген екенсің,
Саған енді қайту қиын болады


Сүйген адам


Күні билеп, ал, түнде айы күлген,
Сүйген жанның белгілі жайы бірден.
Сүю,ойлау,сағыну не бар тағы?
Кеудесінен жүрегін жоғалтады.
Сосын оның өзгеше ойы мүлдем,
Жәндікке де қарайды ол мейіріммен.

Бірден сөйлеп кетеді гүл тілінде,
Мөлдірейді шық үміт кірпігінде.
Сосын діні басқаша ғашық жанның,
Ғашық жанның басқаша ұлты мүлде.

Бұрынғыдан әдемі өмір өңі,
Өзгеше боп кетеді төңірегі.
Шыға келер гүл болып шөптің бәрі.
Барлық маусым көктем боп көрінеді.

Күйде жүрер ештеңе жасырмаған,
Жанарынан байқалар расында мəн.
Кеудесі оның зертхана əлемде жоқ,
Жүрегі оның ғаламшар ашылмаған.

Ешбір зерттей алмайды ғылым сіздік,
Сезім оны қояды тынымысыз қып.
Жыласа егер әлемді су алады,
Мұңайса егер басталар ұлы үнсіздік.

Асатын жан болмайды асылы одан,
Жүрегінен керемет шашылады ән.
...Тағы сүю керек пе осы маған?!
Нағыз ақын шынында - ғашық адам!



Ақын қыз



Саған ғана жетуді тек көздеп ем,
Сол арманның қаламадым өшкенін.
Естелігін қалдыратын сөзбенен,
Есепке жоқ есті едім.

Көбелектей құмар едің гүлдерге,
Өзгертпеген атар таң мен батар күн.
Мен атаман шен атанып жүргенде,
Сен ақын қыз атандың.

Көңілім ғой, содан бері жаралы ол,
Көлеңкедей күйге айналды бір өктем.
Алақанмен қол соғатын саған ел
Ал, мен болсам жүрекпен...

Ойға батып қалатынмын кештерде,
Сезім көрдім жеңіп тұрып, жеңілген.
Содан кейін әкім емес өскенде,
"Ақын болам" дедім мен.

Сәл ұйқасқан ұяң қиял жолды ашты,
Сенім тауып өз-өзімнен озған күн.
Мен "шедевр" тақпағымды алғашқы,
Саған арнап жазғанмын.

Сол, қайтейін, жалған дерсің мұны да,
Бар ойымды жұлып алған тартып түн.
Қарағанда сенің ақындығыңа,
Сұлулығың артық-тын.

Белгі қалды ұмытылмас сол күннен,
Мені сүймей бір ағаттық қылдың,ә?
Сенен кейін ғашық болып қалдым мен
Өлең дейтін құрбыңа...

Бәрі өзгерді біз қоштастық ауылмен,
Үнсіз кеттің ештеңені аңсамай.
...Сен жарыңды сүйесің ғой жаныңмен,
Мен де өлеңді дәл солай...



***



Қоштаспай қоя тұрайықшы жаным,


Мен саған бұлттардың ақ түсін сыйлайын,
Дəл сендей аппақ көрікті.
Мен саған теңіздің көк түсін сыйлайын,
Толқынды және көбікті.

Мен саған Оңтүстік түндерін сыйлайын,
Қолыңа сыймайтын.
Мен саған сəбидің бақытты күндерін сыйлайын,
Ешкімге қимайтын.

Мен саған мұң алып келейін,
Жазылмай қалған хаттардан.
Мен саған гүл алып келейін,
Күздегі солған бақтардан.

Мен саған сұрап ап бақ алып келейін,
Сəттілік жаршыларынан.
Мен саған бір салқын леп алып келейін,
Жаңбырдың тамшыларынан.

Мен саған барлығын анықтап берейін,
Сен үшін Күн болып көрінем.
Мен саған уақыт әкеліп берейін,
Уақыттың бітетін жерінен.

Қоштаспай қоя тұрайықшы жаным,

Мен саған мезгілді түлетіп берейін,
Өзіңнің күндей нұрыңнан.
Мен саған жыр оқып берейін,
Өзімнің жалғыздығымнан.
Кетпеші.



***



Аспан, сен білесің бе?
Мен де бір жүрек тауып алдым ғой,
Көзі тұп-тұнық дәл сендей.
Сарғалдақ өңді,жаны да гүлдей,
Аспан, сен оны көрсең ғой.

Аспан, сен білесің бе?
Сарсаң қылады санадан өшпей,
Қалай жүремін аңсамай?
Аспан боп тұру оңай емес қой,
Ғашық болу да дәл солай.

Аспан, сен білесің бе?
Көзінен сырын аңғармай қалсам,
Өмірде болмас мұнша мән.
Сосын жанында мен болмай қалсам,
Өзің қарайлап жүрші оған.



***



Кімді,нені əн етем?
Көктем емес бұл əлі.
Бұлттың қандай сағынышы бар екен,
Жылайды да тұрады

...Бар мұңымды сен емес пе ең көтерер,
Егер оған көнбесең.
Жүрегімді жетектеп ап кете бер,
Өз еркіңде келмесең.

Сенсіз тағы жаңа жоспар бастасам,
Сенім артпан жолдарға.
Мен тәуелсіз бола алмаспын ешқашан,
Сағыныш пен сен барда.

Қателестің тек көңілім деп білсең,
Қоңыраудай шыр еткен.
Пешенеме өлең жазып кеттің сен,
Кіп-кішкентай жүрекпен.

Бұлтқа ұқсаған аппақ-аппақ мұратпен,
Бастамадым басқа арна.
Жер мен сенсің өкпелеткен,бірақ мен,
Содан бері қарап тұрмын аспанға.



***



Жаным, жадыма сені көктемнен көшіріп көрдім.
Өзіңнен басқа барлығын өшіріп бердің.
Гүл іздеп жүріп бүгін де кешігіп келдім.
Тағы.
Жаным, мен сені күттім, сен маған аяқ баспадың.
Сенің күлкіңді еске сап оятты аспаным.
Сағынышыммен әлемді бояп тастадым.
Тағы.
Жаным, қалай жүруге болады күліп таңданбай?
Өкпенің бәрі дәл қазір ұмыт болғандай.
Бүкіл қалаға иісің сіңіп қалғандай.
Тағы.
Жаным, жүрегіңе де қаншама сағынып бардым.
Мәжнүннің алғаш түсініп жанын ұққанмын.
Мен солай қатты сенімен ауырып қалдым.
Тағы...




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар