Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Айжамал Көпеева: "Диалог астындағы Дидардың ойы"

14.05.2015 349

Айжамал Көпеева: "Диалог астындағы Дидардың ойы"

Дидар_Амантай

Жазушы Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романын оқып қатты әсерге бөлендім. Шығарманың көлемі шағын болса да айтар ойы ерең және анық. Сізге ұнайтынын не ұнамайтынын білмеймін, өз басым пәлсапаны жақыс көремін. Астарлы ой әлеміне сүңгіп, өмір мәнін түсіне бастайсың. Адамның ойы – ғаламның ғажабы. Ой - Жаратушының пендеге берген ең ұлы сыйы. Ойлар ішінен ойларыңды туғызатын Дидар Амантай қат - қабат оқиғалар желісін бере отырып, оны бір жүйеде, бір ізбен шебер шендестіре білуі өз алдында бөлек бір әңгіме. Қаламгердің бүгінгі әдебиетке өзгеше жаңашылдық пен құрлымдылық өзгеріс әкелуі, оқырманның әдебиетке деген қызығушылығын арттырары анық. Қаламгер осы шығармасы арқылы бұған дейінгі қазақ романдарының алға басарлық пен кербақпалық, қатып-семушілік сынды қақтығыстарды ғана жазатын сүрдекке айналған үйреншікті үлгісін бұза отырып жаңа үлгідегі роман желісін әкелді. Бұл жазушының үлкен жаңалығы дер едім.


Дидар Амантай бұл романда бүгінгі қоғамның шынайы бет-бейнесін астарлап та айтпай-ақ, күнделікті қарапайым қолданыстағы диалогтар арқылы дүп басып жеткізуінің өзі үлкен шеберлік дер едім.


Автор романда Әлішер есімді жазушының бір керемет кітап жазу жолындағы күнделікті тыныс-тіршілігі мен бүгінгі қоғамның бет-бейнесі, ішкі ойындағы әлем бейнесі мен сыртқы тұжырымы бір идеяда тоғыстық таппаған арпалыстарды анық көрсете білуі, сол арқылы роман желісін дамытып, шиеленістіре түсуі де ерекше.


Шығарма Әлішердің беймаза ұйқыдағы қым-қуыт түсі көруі мен басталады. «Жер бетін тұман басты. Содан кейін аспан салбырап төмен түскен. Еңсесін көтеріп жүру мүмкін болмай қалды, адамдар бойын тіктеп тұра алмай қалған соң , жер бауырлап еңбектей бастады. Қорлықтың ауры құнысқан жауырынды жазып тік жүре алмауда екен. Жорғалап келе жатып ол жердің иісін таныды, кітаптің иісі шығады» бұл жай ғана шаршаған адамның көретін түсі, бірақ бүгінгі қоғамда осы түс сияқты қым-қуыт, адам санасын әр түрлі ойлар жаулаған, бүгінгілер өзінен көрі көлеңкесінен көп қорқады. «Топырақтан кітаптің исі шығады» бүкіл кітаптің болмысы мен тарихтың шығуын көрсетеді. Жер бетіндегі бүкіл тіршілік иесі сол топырақ бетінен өрбіп өсті, сол топыраққа қайта кетті. Бүкіл дүниеге куәгер айналайын момақан қара жер. Олай боса кім қандай кітап жазса да сол қара топыраққа үңілмей, оның бетіндегі ізді көрмей ойдан ештеңе жазбайды. Топырақтан буланып шыққан ойдың исін сезіне алатын қаламгерге риза боласың...


Кейіпкер Әлішердің «Тәңір кітабын» үлкен бір рухани ізденіспен ерекше етіп бүкіл түркі халқының пайда болуы мен дамуы, өмір сүру дәстүрін саналы ізденіспен сараптай отырып, кітап жазу жолында сан алуан сауалдарға жауап іздеп, сол сауалдар арқылы өзі түйген ойларын айтады, « Гулдер мен кітаптар» романдағы үлкен сауалдың бірі Жаратушы Құдай. Құдай мен адамның көзге көрінбейтін байланысы. Шығармада дін туралы ой ізденістерін былай суреттейді: «...- Исламда зорлық жоқ, - деді дәруіш төрге жайғасып болып.


- Жәбірей мен кіристанда ше? – деп сауал тастады Еңгудей.

- Біз найза жұмсап келген дұшпанға семсер сілтеп жауап қайырамыз, бірақ қылыш үстінде серіт жүрмейді.

- Сахара талай дәруішті көрді, дегенімен Бұдда, Мұса, аләйhис сәләм, неліктен исламнан оқшау?

- Жалпы, Аллаh Тағала адамзатқа жүз жиырма төрт мың пайғампар жіберген, есте түгел қалған жоқ, Мұса, аләйhис сәләм, Иса, алйәhис сәләм, туралы нақты мәлімет бар, мұсылман қауым екеуін де Мұхаммед, салла (А) ллаhу аләйhи уә сәлләм, тәрізді Аллаhтың Елшісі деп таниды.

...- Исламда Аллаh пен пенде арасын бөліп тұрған ешқандай Мәсіх жоқ, крістианда Құдай ұлы түсінігінде Иса...

-Мұсылмандар ше?

- Тек Аллаhтан ғана сұрайды.

- Тәңірдің сіз айтқан Аллаhтан не айырмашылығы бар?

- Екеуі бір.

- Неге?

-Құдай біреу, алайда оған баратын жол сан алуан...» Міне! Бұл әлі күнге адамдар бір идеямен қабылдай алмай талас-тартысқа түсіп келе жатқан Жаратушы хақ Тәңірі туралы ойлар ағыны. Осы ойды айқын ете түсу үшін автор «Сопы» тарауында Сортайдың өлер алдындағы сөзі арқылы былай айқындайды «... – Халқым! Барлық пенде – туыс, Құдай біреу. Қылмыс әр пайғамбар әулетінде емес, әрбіреуіміздің пиғылымызда жатыр» Шынымен де адамзатты Жаратушы жалғыз Құдай екенін біле тұра бірін-бірі жоққа шығарудан таймайды, тіпті бүгінгі күнге дейінгі таласта, бүгіннен кейінгі таласта да осы ой турасында ғана екенін айта отырып оқырманды шынайы адамдық ортақ көзқарасқа шақырады «Пиғылың кең болса, кем болмайсың» деген идея тастайды. « Дао, Бұдда, Құңфұдзы» тарауы арқылы, діндердің қазақ даласына келуі туралы былай жеткізеді:


« - Дао, - деді бір жолаушы, - қашық жол.

Сосын үнсіз ұзақ отырды.

- Яғни өмірдің түйе сүйреп тартқан салқар көші.

- Ұстаным?

- Иә. Сіздің шексіз сапарда жақсы өмір сүре білу қабілетіңіз.

- Не ?

-... Кетік құбылыстан кемел нәрсе туады. Қисықтан - тік, ойықтан -тегіс, ескіден - жаңа»

- Сондықтан ?

- ... Жаңалықтың анасы - ескілік. Нығыздалған нәрсе кернеуден қуат тауып, қайыра ұлғаяды. Әлсіреген күшейеді. Жойылған қайта көрінеді. Қарама – қарсылықтар күреспейді, керісінше табысады... Дао ұлы, жер ұлы, аспан ұлы және хан ұлы. Көкке қызмет етіп, елді басқару үшін ұстамды болу қажет. Ұстамдылық – ізгіліктің әуелгі сатысы, кемел адамгершіліктің бастауы. Даоға көш түзеп, керуен тартқан жолаушыңыз көріпкел, балгер, сәуегей, діни салттың жоқтаушысы. Көкке қызмет етіп, ел басқару үшін қанағат керек.»

« - Енді сіз сөйлеңіз, - деді Еңгудей.

Бұддашыл қонақ сөйлеп кетті:

-Дініміздің анық екі көз жанары бар: тхеравада және махаяна. Ақиқат, заң және ілім... Бұддашылдар дүниеге Бұдданың көзімен қарайтындар. Бұдда – Құдай емес. Ол Құдайды тану жолын бұзылмайтын қағида ретінде танымайды.

- Тиымдары қандай ?

- Үш у бар, олар – сараңдық немесе ашкөздік, өшпенділік немесе жек көрушілік, адасу немесе надандық.

- Өсиеті не ?

- Сұңғыла Бұдданың байлауынша, өсиетте талқыға түсетін ең басты тақырыбы – осы жерде және қазір өтіп жатқан жайт. « Мен тіршілік иелеріне ешқашан зиян тигізбеймін деп міндеттенем. Мен егер өз еркімен бермесе, өзгеден ештеңе алмаймын деп міндеттенем...»

«- Құңфұдзы елінде абыз жоқ, - деді ол, - көне қытай салыт - дәстүрін берік ұстау дін қағидасының негізіне жатады. Үлкенге ізет от басына құрмет.

- Тәңірге сиынған өлкенің салтына ұқсас екен.

- Аруақтарды қастер тұтамыз.

- Дұрыс!

- Әрбір ши - ру - өз бабаларына арнап мяо соғады, ғибадатхана салады...

- Ұлы көсем Құңфұдзы қандай өсиет қалдырды?

-Құңфұдзы айтқан : егер сезеді десем, ел жер бетіндегі шаруаларын жиып қойып, аруақтарға күні – түні қызымет етуге көшеме деп қорқамын, сезбейді десем әке – шешелерін ұрпағы көмусіз қалдырама деп алаңдаймын, уақыт келгенде өздерің бәрін көріп, біліп аласыздар»


Осы тараулар арқылы қандай діни жол болсада олар тек адам баласының пайдасы үшін, жер бетіндегі тіршіліктің тыныштығын сақтау, адамға адами тұрғыда өмір сүруді үйретеді бұл діндердегі ұқсастық. Сонымен бірге осы діндердің қазақ даласында кейбір қалдықтары әлі күнге сақталып келе жатқанын нақты көрсете білген. Бұл біздің бүгінгі әлемдік деңгейдегі діни көзқарасымызды айқындай түседі.


«Марфуға, Қазақ ақындары, Партия, Саясат, Сыйлық» тарауларында бүгінгі қоғам, соның ішіндегі зияллар қауымның шынайы тірліктері жайында былай көрсеткен


« ... - Былтыр күзде мен Абайды аударып жатыр едім.

- Бірақ, Парижге бара алмадыңыз.

- Бармадым.

- Француздар сізді сұратыпты деген рас па?

- Рас. Аудармашы іздепті.

- Қазақ өкілдері не деп жауап беген екен ?

- Бір өтірігін айтқан шығар»

« ... - Жоспарыңыз қалай ?

- Романды бітірмекпін.

- Күшіңіз жетпесе ше ?

- Жетеді. Біз көп жылға кеттік.

- Қаламгер саясатпен айналысқаны дұрыс па?

- Кім біледі ненің теріс екенін.

- Меніңше, бүгінгі жазушы қауым өкіметтің жалшысы сияқты»

« ... – Қызыметіңізге қайтып келіңіз, - деді ол.

- Рахмет, қазір үлкен шығарма сомдап жатыр едім,...

- Әзірше біздің ортамызда алдана тұрмайсыз ба.

- Мен ендігәрі бұл топта жұмыс істей алмаймын, - деді Әлішер, - топтың барлық жұмысы тегіс жалған мәлімет пен қоқан – лоқыға құрылған...

- Шынымен, жирма - отыз жылдан кейін жалақыны өсірмекшіміз.

- Неге бүгін емес ?...

- Қазір даму үстіндеміз...

- Тобыңызда әр қызметкер жұртты алдағанын ортақ идеология болу қажеттігімен түсіндіреді, елден шындықты жасыруды заман талабына жатқызады.

- Не, әрбір саясаткер дер кезінде өтірік айтып жіберуі керек пе ?

- Мен шындықты ған айттым.

- Саясат дегеніміздің не екені маған белгілі болды, ол - ұсақ сауданың бір түрі» Автор осы бір шағын диалог арқылы бүгінгі жазушылардың жазары көп бірақ жазуға мұршасының жоқтылығы, бір жола жазуға кетсе мына қоғамда аш қалуы айтпасада белгілі, жұмыс үшін амалсыз сайқал саясаттың қолжаулығы болып, мына қоғамның саханалық маймылына айналып, халық алдында құнын түсіп, қаншама жазушылар жазуды, ойлауды ұмытып сыңар жақтылыққа кеткені, әрі бүгінгі биліктің жазушылармен санаспайтынын ашық көрсете білген.


« ... Бір бөтен дауыс сыйлыққа ұсынып жатқанын айтты. Тек Омарды не орыс, не француз тілінде сынап беру қажет екенін.

- Неге ? деп сұрады Әлішер

- Ол құтырып кетті, - деп жауап қатты бөтен дауыс.

- Қалай ?

- Қарсы сөйлейді.

- Сіз өзіңіз қарсы сөйле деген жоқсыз ба ?

- Енді, демократия деп қалыққа жәй айта беремізғой»

« ... - Былтыр күзде мен Абайды аударып жатыр едім.

- Бірақ, Парижге бара алмадыңыз.

- Бармадым.

- Француздар сізді сұратыпты деген рас па?

- Рас. Аудармашы іздепті.

- Қазақ өкілдері не деп жауап беген екен ?

- Бір өтірігін айтқан шығар» 


Бұл жерде автор қандай салада болмасын, жаны таза, адал, нағыз өнер үшін туылған таланттарды аяқтан шалып, ортасынан аластатып, ізін аңдып жалған жала жауып халық алдында сатқын, билік алдында өтірікші етіп көрсету біздің қоғамның үйреншікті жағдайына айналған, бұл қоғамда шынайы ұранмен ұзақ өмір сүруіңде мүмкін емес, өтіріктің бәйгесінде жағымпазы озған қоғамды ашық көрсеткен.

« ... Үйге Жарқын, Тоқтар және Мадияр еніп келе жатты. Тегіс ептеп қызып алыпты. Тоқтардың қолында бір жартысы бар...

- Кездейсоқ келіп қалдық, - деді Мадияр, - айпқа бұйрмассыз.

- Нағыз ақындар сөйтеді, - деді Әлішер, - ешкімнің жағдайына қарамайды.

- Жарқын өлеңдер жинағын шығарды, соны мықтап жуып жүрміз.

Бірақ оны кім оқиды деп ойлады Әлішер, өлең қазір өзі үшін ғана жазылатын күнделік дәптері сияқты... Ақындар ішіп отыр. Олар жалған тіршіліктен мағана тауып жүр, сүрген ғұмыры осы, кітаптан кітапқа секіреді, содан кейін жуады, ақыры өз ұлылығына сеніп өледі...Ұйқас қуғанда ойдың шеті кетіледі, толық ойда тек ішкі ұйқас қана болады...

-Әлішер, сіз неге көңілсіз отырсыз ?

-... Мәселе ойдың көңілінде емес пе. Дүниені ойдың көңілі билейді...» 


Автор бүгінгі ақындардың тыныс-тірлігін шынайы көрсете білген, казір көп ақындарымыз кітап шығарса, не бір өлең жазса болды осы дүниені усына ұстағандай болып жүретіндігі, тіпті кейде ақындарымыздың ойы өз бойынан аспай, әр өлеңге өз ішінің жылауық ойын қайталай беруі, кей өлеңде ұйқас іздеп ішкі ойы мән - мағанасыз жазылуы, жалпы бүгінгі ақын деңгейінің тым төмендеуі саны көп, сапасыз өлеңдердің көбеюі, ойдың дүниені билеуі әлсіреу салдарынан, ақындар құлқынның құлына айналуы өзгенің пікірімен санаспай өз биігін ұлы деп санауы, жақсы ақынды жаңсақтылыққа апаратынын айтқан.


«Кітаптар мен гүлдер» романында бұдан да басқа бүгінгі қоғамның өзекті жағындайын Әлішердің ішкі мұңы арқылы, ойды шашыратпай түйіндеп шағын мазмұнмен жеткізуі, шығарманың айтар ойы көп. Диалог астындағы Дидардың әрбір ойын бөліп-бөліп талдайтын болсақ ұзаққа кетеміз. Бұл мақала алтынның буына шыланған аз ғана әсер деп түсініңіздер.



Айжамал Көпеева



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар