Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Серік Ақсұңқарұлы:"Бүгін Алаш Алланың алдына келіп тұр – кеудесіне Ата Заңын ұстап!"

29.04.2015 209

Серік Ақсұңқарұлы:"Бүгін Алаш Алланың алдына келіп тұр – кеудесіне Ата Заңын ұстап!"

44501332.jpg

Серік Ақсұңқарұлы: – Бүгін Алаш Алланың алдына келіп тұр – кеудесіне Ата Заңын ұстап!

ХІІ-ші ғасырда Оған:

- Құлдарыңды Құдайына қараған,-

Сұқбан Ием, сақта, пәле-жаладан! деп, Қожа Ахмет Яссауи барған. 

- Айтар болсаң – Алланы айт! деп, ХVІІІ-ші ғасырда Бұқар Жырау – Көмекеей Әулие барған. 

- «Алланың өзі де – рас, сөзі де рас»-деп, ХІХ-шы ғасырдың соңы, ХХ-шы ғасырдың басында Аллаға Абай жеткен еді.

Пенде атаулыдан көңілі қалған қайран Абай «Ғақлиясының» 38-ші сөзінде тек Тәңірі хақында ғана ой толғайды.

ХХ-шы ғасырда:

- «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, 

Сұм өмір абақты ғой саналыға.

Қызыл тіл – қолым емес – кісендеулі,

Сондықтан жаным күйіп, жанады да.

Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,

Толғанып қарауым сол баяғыға...

Ертегі уатпай ма баланы да,

Сөз сыйқыр ғой, жазбай ма жараны да?

Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған,

Еркімен өзі-ақ отқа барады да;

Жай тақтақ жабайыдан жол қалғанда,

Қанды өр боп ақын жолы қалады да;

Ойлайды, күңіренеді, толғайды ақын,

Күрсініп көзіне жас алады да,

Ақында адамзаттан дос болмайды,

Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына!»-деп, Тәңірінің алдына Мағжан барған.

ХХ-шы ғасырдың соңын ала Оған:

- «Я, Аллам! Жаратушы Жалғыз Ием,

Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем;

Хал сұрар, жай түсінер бір пенде жоқ,

Жүрек – жүн, ойым – опат, жанды – жүйем,

Я, Аллам! Жаратушы Жалғыз Ием!»-деп, Мұқағали келді!

Бүгін, міне, Алланың алдында Алаш жұрты тұр – кеудесіне Ата Заңын ұстап!

Тарихтың сойқан-сүрен дауылдарында мың өліп, мың тірілген Қазақ елі небір «Ақтабан шұбырынды -- Алқкөл сұламадан – отаршылдық ойраны мен аштық, азап, революция, репрессиялардан аман өтіп, Атыраудан – Арқа – Алатау – Алтайға дейінгі ұлан-ғайыр аймақты көзінің қарашығындай сақтап қалғанын айтып тұр.

Адамзаттың біреуін де алаламай, Абайша бауырына тартқанын айтып тұр. 

Тарихта атаусыз құрып кеткен ел-жұрт қаншама?! 

Қазақ болса: 

- «Ей, тәкәппар Дүние! 

Маған да бір қарашы,

Танисың ба сен мені, 

Мен – қазақтың баласы!» (Қасым)-деп, жұмыр жердің үстінде аяғын нық басып тұр.

Мемлекетінде меншіктеп армия ұстамаған ел бұл. 

Әлемде ешбір елде баса көктеп басып алмаған жұрт ол! 

Полиция, түрме дегенді ХІХ-шы ғасырда көріп, аң-таң қалған халық бұл. 

--«Еңкейгенге – еңкей, ол – біреудің құлы емес, 

Шалқайғанға – шалқай, ол – құдайдың ұлы емес!»-деген асқақ жұрт осы еді.

Алла, сонсоң, аялап тұр оны !

Сонау Көк Түріктер заманында Көк Тәңірмен тілдескен, Ұлы Қағанат құрып, Шыңғысханмен бүкіл Еуро-Азияға әмірін жүргізген бұл жұрттың да шалыс басып, шалқасынан құлаған, бармағын тістеп егіліп жылаған кездері де аз емес. Неге? Құдайдың айтқаның, Құранның сөзін тындамаған кездері көп - пенденің айтқанына еріп, айдағанына жүріп - қателесті...

Алла не дейді?

- «Әй! Кәпір!-де - сен табынған дәлтүрішке мәнгіріп, 

Тәңірі бар да Мен бас имен!

Мәңгілік!»

Тәңірі бәрін көріп тұр:

- «Алла көнбес аярыңа не түрлі» дейді Құранның «Мағұн» сүресі. Халықтың қазына байлығын көзін бақырайтып қойып ұрлап алып, котедж-виллаларда ықылық атып отырғандар Құранның «Һұмаза» сүресін оқыса, не бетін айтады?!

- «Өңшең тексіз!

Сұм-зымиян!

Қайда – қырт?!

Малын санап, алған іші майланып!

Күннің-күні Хұтамаға түседі ол

Алла алдына келеді қайтсе де – 

Айналып!».

Алаш Ата Заңын кеудесіне басып, Алланың алдында тұр.

Адамзатта маңдайы жарқыраған небір марқасқа ғұлама айтпаған сөзді біздің Абай айтқан: «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетін пендеміз. Сол махаббат пен ғадалетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден-біреу анығырақ сезбекпен артылады».

Пендеден – пенде ғана емес, мемлекеттен – мемлекет те бірінен-бірі Алланың хикметін анығырақ сезінуімен асып, асқақтайды.

«Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім» (Абай). Ата Заңында махаббат, ғаделет сезімі айқұлақтана көрініп тұрған мемлекеттер өркениет өріне бет алып барады. Біз де содан қалмауға тиіспіз. Сапарын сәтті болсың, Қазақ Елі!

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар