25 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әділбек Ыбырайымұлы: "Ай жылжиды бұлттардың аржағында..."

23.04.2015 200

Әділбек Ыбырайымұлы: "Ай жылжиды бұлттардың аржағында..."


Мамыр түні.
Көктің исі
Аңқыған,
Көк жүзінде
Ай жүзеді шалқыған.
Ақ қайыңдар ақ періште секілді,
... Құшағымда сен отырдың балқыған.

Оттай демің жүзім шарпып...
Мастандым,
Жаңаша бір дәуренім боп басталдың.
Көкшулан түн, әппақ ару – Ақзер қыз,
Айы да – өзің, Күні де – өзің аспанның.

Бір де жұлдыз көрінбейді заңғардан,
Самал есті бой сергітіп аңғардан.
Күлкің қалды сыңғырлаған бұлақта,
... Орындалса жарар еді таңғы арман.

Ақ қайыңдар ерке желмен тербелді,
Көңіл шіркін, асқақ әнмен зерленді.
Босаңсыдық, деміміз де жиілеп,
Екеуміз де
малтыға искеп ерменді.

Сыбдырларға ұласады сыбырың,
Жұмақ күнге жалғасқандай ғұмырым.
Қос аққуға
айдындағы
айналдық,
Бірге татып сезімдердің шырынын.


***


Сілбілеп жауын жауды ...
Сұрқай ғалам,
Түксиіп, басты еңсені – сырт, айналам.
Сезімнің терезесін тамшы ұрады,
Жан таппай бебеу қағып, шырқ айналам.

Ақ нөсер апай-топай селдетеді,
Бір сәтке дамылдасаң нең кетеді?
Көк аспан – көз шарасы Ақзер қыздың,
Сағыныш саған деген шөлдетеді.

Сілбілеп жауын жауды түніменен,
Көңілге кірген еді, күнім, елең.
Жымиып бір күлесің, ынтықтырып,
Бітеді –
Біле алмаймын, түбі немен?

Ақ нөсер ақ жүзіңді шимайлайды,
Кеудеме
асқындайды симай қайғы.
... Кетермін батқан күннің шапағымен,
Өзіңнің қылығыңды қимай мәңгі.


***


Шыңырауда өсетін
шұғынығым,
Жүрегімнің «сен» деген сырын ұғын.
Мұқап мені жатса да бейопа күн,
Сезейінші
жаныңның
жылылығын.

Керегі жоқ
көңілің ылғалданған,
Бақытты боп өтейік
бұл жалғаннан.
Сарайыңды ашайын жарқыратып,
Жаманы жоқ,
кеудеде мұң қалғаннан.

Қарашығың жәудірер – жан сарайың,
Ындынымның,
өзіңсің – аңсары, Айым.
«Шұғынығым шыңда өсер – Ақзерім» деп,
Шың басына шығып ап
жар салайын.

Сезімімді қайтейін
ала қашқан,
Сырым осы
жасырмай саған ашқан.
... Аңылжыған дүние
алжастырды,
Көрінеді СЕН болып
маған АСПАН.


***


Ұяңдығың – тым әсем,
Ақпалаған,
Сені көрсем –
бір сәтке шаттана алам.
Кірпігіңді қағып қап,
көз тоқтатсаң,
Аумайсың ғой
Ақтоқты,
Ақбаладан.

Тым ерекше керімсің,
қылықтысың,
Көріп, байқап тұрады
тұнықты ішім.
Жүрек құлап өзіңе
ынтығады,
Көңіл арсыз: көркіңе құнықты шын.

Барасың ғой асыл тас, лағылданып,
Сая тауып бір жерді
дамылдалық.
Мені іздейтін секілді көрінесің,
Екеу ара
бір шапан жамылмадық.

Мен де, жаным,
сезімге тұншығамын,
Жүрегіңе жетпей ме
мұңшыл әнім?
Құшағыңды айқара
ашшы маған,
Таусылып-ақ барады
тым шыдамым,

Көкейдегі,
көгілдір үкілім ең,
Қалай шығам тағдырдың
үкімінен?
... Мені көрсе кететін атқалақтап,
Жүрегіңнің айналдым лүпілінен ...


***


Қағасың қанатыңды қалықтатып,
Табасың жәннатыңды шалықтатып,
Жәут еткен қарашығың – Тынық мұхит,
Тымыққа батып кету – анық бақыт.

Қайдағы қиялымды қозғағандай,
Жұтынам ес алдырған
бозбаладай.
Деміңнен ескен жұпар мас қылады,
Кеудемде егде жүрек қоздағандай.

Әйтеуір,
есірікше
елігемін,
Өзіңді
Ай-періге телігемін.
Шалығың тиіп маған кеткендей-ақ,
Көркіңе көзімді алмай
емінемін.

Жаныма маза бермей
тызақтаттың,
Қасыңнан ұзатпайтын тұзақ таптың.
Жұтылам кездейсоқтан –
жұмбағыңа,
Көзіме елестейді: қыз ... әппақ ... түн ...


***


Шарбы бұлттың ар жағында –
Ай-ғалам,
Жылыстайды,
Тартады оны қайда дәм?
Көкшулан түн көкіректі көмкеріп,
Меңіреуге айналғандай айналам.

Түнде елітіп ойларыма малданам,
Ал санамда сенің бейнең салған ән.
Ай да – жалғыз, сен де – жалғыз. Әлдене,
Іздеріңе
Ешбір шүбә қалмаған.

Шарбы ораса көктегі – Айды, сені – мұң,
Жетімсіреп жүретіндей көңілің.
Мен қасыңда болғаныма соншалық,
Пейілді емес секілдісің, елігім.

Алаңдатқан қандай сыр бар ұқпадым,
Мына күннің көре алмадым түк мәнін.
... Ай секілді көк аспанда жайнаған,
Қарсы алдымнан бір жарқ етіп шық, жаным ...


***


У сезімді ұнатам тегі ішкенді,
Ойдым-ойдым көңілім тегістелді.
Бұрымыңнан топ-толық сипаладым,
Алмайын деп шошытып періштеңді.

Кеткендеймін тәп-тәтті балға батып,
Жатқандаймын шақшадан талғап атып.
Бір ысынып ... суынам, бәрі – рахат,
Қысқа таңның әттең-ай, қалғаны атып.

Сыртқа шықтым жейдемді желең киіп,
Жүрегімде барады өлең құйып.
«Асығымда – Алакөл». Көңіл асқақ,
Аласа боп көрінді белең биік.
... Махаббаттың отына келем күйіп.


***


Жалған, жалған!
Тірлігім мандымаған,
Көкжиекті көңілім қаңғып, алаң.
Сезімің-ай нәуетек,
Сені ойласам,
Қапияда жүректі қан ғып алам.

Жанға сая болмадым,
Қамыққамын,
Атып жүр ғой сенің де талып таңың.
Есеңгіреп барамын ессіз желге,
Құр сүлдерім,
Әйтпесе тамұқтамын.

Аяр сезім аяр ма,
Шымырлатар,
Тарылғандай қу тірлік бұрын да тар.
Құлжа марал, әкетші шың басына,
Бал-бұлақ пен тәп-тәтті шырынға пар.

Әлжуаздық танытсам – сөкпе, өтінем,
Сені ғана көремін көк бетінен.
Қос жанарым байланған ...
Шын ғашықпын ...
«Оралмаспын мәңгіге» деп кетіп ең.

Көңіл – сағым,
Жан – самал,
Жанар – тұма,
Қарамаппын бір сәтке қап, артыма.
Булығамын кезімде сезімге мас,
Біз көшеміз,
Із қалмас,
Қалар – күнә ...


***


Үлбіреген үстіңде көне көйлек,
Сұлулықты тұрғаны көлегейлеп.
Қос анардың ұшында барқын дағын,
Сипап өттім жабысқан кене ғой деп.

Ыршып түсті елік-көз періште қыз,
Кінәлаңыз менікін «теріс» деңіз.
Бетін басып қашқаны құйын-перен,
Жан ұшырып келеміз еңісте біз.

Жете алмадым созғанмен қолымды мың,
«Неге қатты боп кеткен жолым бүгін?»
Арам ойдың жүзеге асуына,
Бір септігі тигені тобылғының.

Сүрінді қыз кенеттен шалынды да,
Ерен жүрек есірген – жалын жүдә.
Елемедім, ештеме көре алмадым,
Жылады ма, бейшара, жалынды ма?

Быт-шыт еттім ғаламның тымық күнін,
Бармақ тістеп өкіндім, құмықты үнім.
Құрсын бүйткен есерсоқ жігіттігім,
Лайладым біреудің тұнықтығын.


***


Жабыңқылық көремін жамалыңнан,
Таусылдың ба мені іздеп табаныңнан.
Дірілдейсің қырдағы жауқазындай,
Сәл ертерек үзілер сабағынан.

... Аралап ек екеуміз қырман, бақты,
Ақтармаған сол күні сыр қалмапты.
Құшағыма тығылып отырып ең,
Білегіме шырайлым, сырғаң батты.

Бақытымыз сол күнгі бақиланды,
Аймаладым...
бұзбадық бата, иманды.
Кетерімде қимай сен жылап қалдың,
Ескерткішке бердің де сақинаңды.


***


Тәмсіл, тәмсіл сөз айттың –
Талықсыдым,
Сүйем сені, періштем, анық шыным.
Махаббатым – мұзарт тау,
Ал сезімнің,
Мен келемін көтеріп алып шыңын.

Көз алдымда сұлбасы көгілдірдің,
Әлдеқайда тартады көңіл – құрдым.
Саған ғана сыр айтсам –
Арман...
Білем,
Қалатынын таусылып өмір бір күн.

Тастадың-ау жанымды қапаға абат,
Күннен-күнге барады жапа қамап.
Қолым созсам, бермейсің саусағыңды,
Асау жүрек аптаптан қаталамақ.

Жанарыңнан айналдым нәркестенген,
Мұң күтемін тек қана әр кештен мен.
Сезімімнің сыйласам ақсұңқарын,
Өмір бойы аялап, әлпештер ме ең?..

Шын ғашықпын ...
Боп қалды кімге де айғақ,
Сөз айтпашы, өтінем, мүлде ғайбат.
Сағыныштан сартап боп жансарайым,
Күн жұбатып жүрмін ғой ілдебайлап.


***


Алматының көшесінен
Есе алдым,
Алматының көшесінде
Өсе алдым.
Казиноның короліне
Айналып,
Саунасында көп мәселе шеше алдым.

Білді мені содырлары
Орданың,
Үйім еді – қара тұйық орманым.
Бильярдтық залдарымды тастадым,
Бағымнан да болып шықты
Сор қалың.

Бір стақан
Ішіп алдым вискиден,
Нәр сызбап ем
Шайдан кейін түскі үйден.
Ағып келед қара жолдың бойымен
Ақ «Мерседес»,
... Әлем-жәлем іш күйген.

Көңіліме
Опа бермей салабаң,
Апыл-ғұпыл мен аттандым
Қаладан.
Қара бұлттай түйілген кеп қайғымды,
Сейілте алмас
Дәл осы сәт
Жан адам.

Құлашымды заңғар көкке қағып ем,
Ұшырадым не бәлеге тағы мен?
... Қапшағайға қарап тұрып,
Тесіліп,
Пистолетті
Атып ұрдым қабымен.


***


Сағыныш жұтып,
Сарғайған қызды
Аңсадым,
Қаусадым, қалқам!
Көкірек кернеп қанша мұң.
Күлдіреп тұрмын сексеуіл күлі тәрізді,
Күл-парша болам,
Түнеріп келіп тамса күн.

Кеудеде солды
Жайнаған жасыл гүл үміт,
Кездейсоқ бәрі
Қирады, қайтем, бүлініп.
Сарғалдақ едің …
Сарғайтып қойдың,
Сарсаңмын,
Бір кезде көзім ұйқыға кетер ілініп.

Жұлдыздар жаққа жол тартам сонда
Самсаған,
Келмеске кетем,
Болсам да саған қанша алаң.
Жалғыздап көрген жұмақта бірақ,
Жоқ – қызық,
Адамың таппай
Аңырап қалма
Аңсаған …

Күй кешпе сонда
Көрмеген мүлде –
Шырғалаң,
Кездесіп қалар,
Көңіл аулайтын бір-ді адам.
Төбеңде тұрып көремін бәрін
Қас қақпай,
Түнекке шомып,
Түнекті құшып,
Нұрланам.
Тербетер мені,
Тербетер мәңгі
Жыр – ғалам,

Сағыныш жұтып, сарғайған қызға
Үздіктім,
Пенделік мен-мен:
Қараптан-қарап тіздік мін.
Жаз өтіп барад,
Бастырып жаза жазғанға,
Алдымда әлі
Тұрғандай шүп-шүп,
Күздік – мұң ...


***


Жасырынып шарбы бұлтқа
Ай-сылаң,
Бұғынады.
Ұялды екен қайсыдан?
Көкірегін көк жүзінің көк шулан,
Серуендеп..,
... Сезім қанат жайса лаң.

Быжынаған ал жұлдызы
Аспанның,
Сыбдыр-сыбдыр
Жапырағы жас талдың.
Тынбай, танбай шырылдайды шілделік,
Қарап тұрып у шапаққа мастандым.

Маңдайымнан аймалайды самалы,
Көңілімді қобалжытты
Шамалы.
Жүрегімнің шүпілдеген шеріне,
Көктен жұлдыз шолп-шолп етіп,
Тамады.

Әп сәтінде-ақ,
Күйге түстім шырғалаң,
Құшағына тартты әкетіп,
Бір ғалам.
Шілде түні шымырлатып жүйкені,
Ай-сәулімім ақыл-есті
Ұрлаған.

Онша қашық емес екен
Жерден
Күн,
Тәңірілік сұлулықты көрген кім?
Ай-арумен ақ ұлпаға құладым,
... Есім жидым иісінен ерменнің.


***


Қалқам сені сағындым, сағынармын,
Жеткізбеді бір саған жарымар күн.
Әлі жүр ме мойныңда мен сыйлаған,
Алтын – жүрек, кішкентай тары «қарғың»?

Өкісігімді баса алмай дөңгеледім,
Көңілімде сен – жұлдыз, сөнбеп едің.
Ақмоланың аязы ақымақтау,
Мен де ақымақ, ақпанда сенделемін.

Жүрегіме қайтейін құса батты,
Тағдыр мені тәлкекпен тұсап апты.
Кете алмаймын, өзіңе жете алмаймын,
Қайғы басса аққу да ұшамапты.

Мұңым жатыр кеудемде мелдектеген,
Бұл өмірде сенделіп, «сен» деп келем.
Мені бәлкім ұмыттың баяғыда,
Көкірекке кетпестей көң кептеген.

Қалқам, сені, сағындым аңсап, талып,
Әңгіме айтар іш пысса ел сан-саққа алып.
Қара көзің – мөлідей мөлдірейді,
Сол мөлдірлік – жанымды жамсатқан, ұқ.

Қалай ғана сағынбай тына қалам?
Мылқаудай ғып мәңгіртті мына ғалам.
Ауады да аңсарым,
Алып-ұшып,
... Аласұрып күн кешер –
Шыдам, Адам ...


***


Қапаланып,
Жанымды жаныштадым,
Алыстамын,
Мен сенен алыстадым.
Көктем келді,
Көтеріп күн шуағын,
Аққуыммен
Айдында табыспадым.

Білмей қалдым ...
Есіл де
Еңіреді,
Құба Далам
Құлазып
Көрінеді.
Адасып қап қозығы
Кәрі мүйіз, ішін тартып,
Күйік жеп, мөңіреді.
... Алдамшы бір неткен бұл өмір еді ...

Мәні кетті тірліктің
Сағалданып,
Сол пендемін жүретін сан алданып.
Қарашығым тұмасы қасіреттің,
Өтем бәлкім жапақтап,
Алаңдап, ұқ.

Келем әйтеу,
Тірімін,
Қақпаланып,
Қара нөпір қысады
Қаптап алып.
Жүрген кезде жақыным жуықтатпай,
Бекер, бекер ...
Қайтейін жатқа налып?

Көктем келіп,
Жаһанды нұрландырды,
Қызығына бөледі думан –
Қырды.
... Жүрегімде кілкілдеп күндіз-түні,
Бір сағыныш, бір қайғы
Уландырды.


***


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар