Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қойшыбек Мүбарак: "Тарғыл мысық" (әңгіме)

22.04.2015 227

Қойшыбек Мүбарак: "Тарғыл мысық" (әңгіме)



– Есен аға, сені әпкем шақырып жатыр… – деген он жастар шамасындағы көршінің баласы Ермекке аңырып қарап отырып қалыппын. Иә, біз бұл ауылға көшіп келгелі де бес-алты жылдың жүзі болып қалыпты. Әке-шешесі ауылдықтың емханасында жұмыс істейді Ермек бір үйдің жалғыз баласы-тұғын.


– Қайдағы әпекең?.. –деппін түкке түсінбей.


– Жүріңізші аға…


– Қайдан келген?


– Еш-қайдан…


– Ешқайданы несі?


– Үйде…


– Сенің әпекең бар ма еді?..


– Иә…


– Бұрын көрмеппін…


– Иә… әке-шешем оған далаға шығуға рұқсат етпейді…


– Неге?


– Білмеймін…


– Мені неге шақырады?



– Білмеймін… Ермектердің үйне жеткенше ана-мынаны сұрап көріп, жартымды жауап ала алмадым. Шынымен де көршінің қызының бар екенін білмейтінмін. Тіпті осы ауыл білмейтін болса керек. Есікті ашып, ішке мені кіргізіп жіберген Ермек:


– Тура түпкі бөлмеге бар… Мен сыртта қарауылдап тұрамын… Егер біреу келе жатса, ысқырып белгі беремін… Үйдің артқы терезесінен шығып шарбақтан ары асып кетесің… –дейді үлкен адамның сөзін сөйлеп. Түпкі бөлменің есігін сәл жүрексіне аштым. Бөлме іші кәдімгедей қараңғы екен. Терезеге қалың перде тарытқан секілді. Сыртқа қараған терезе алдында отырған адамның сұлбасы әзер көрінеді.


– Сәлем… – әйел затының күмістей сыңғырлаған тамаша жағымды үні естілді құлағыма.


– Сәлеметсіз бе… – мен бөлменің шамын жақпақ болып, босаға жақ қабырғаны сипалай бастап едім.


– Кешіріңіз, бұл бөлмеде жарық жоқ… –деп қыз тағы тіл қатты.


– Қалайша?.. сіз кімсіз?..


– Рахмет! келгеніңізге… Мен сізді келмей қоятын шығар деп ем… Маған жарыққа шығуды жазбаған… Менің атым Мәлике.


– Бұрын көрмеген екенмін… –дедім мен. Бірақ Мәлике бір түрлі таныс есім… Сәл ойлана қалдым. Иә, анда-санда бір шым-шытырық түс көретінім бар… “Дәл, сондағы қыздың аты Мәлике еді ғой” деп ойладым.


– Иә… Мен тек Ермектен басқа ешкімді көрген емеспін әлі. Тек сырттан ғана кешке ай сәулесінде көше бойындағыларға қарай аламын… Тіпті әке-шешемді көрмегеліде біраз болған шығар.


– Сен неге қамалып отырсың?..


– Мен жарыққа шыға алмаймын.


– Неге?


– Асықпа, кейін айтамын…


– Мені неге шақырдың?..


– Жәй, әңгімелескім келген… Не, қорқып тұрсың ба?


– Жоқ… Сондада неге шақырды дегенім ғой.


– Қандай түс көретін едің?..


– Ім… Менің түсімде көріп жүрген Мәлике сенсің бе…


– Иә, бірақ жартылай…


– Жартылайы қалай?..


– Ол жерде мен кәдуелгідей жүгіріп жүрген шығармын.


– Иә… Әрі өте әдемісің…


– Шындығында мен жүре алмаймын…


– Неге жүре алмайсың?


– Қорқасың…


– Неге?


– Менен…


– Қалайша?


– Білесің бе, екеуміз құрдаспыз.


– Оны қайдан білесің?


– Сосын айтамын…


– Сосын қашан?


– Жақындап келіп, отыршы қасыма… –деген қыздың қарсы алдына келіп жайғастым. Қалың пердеден буалдырлана әзер өтіп тұрған, өшкін суледен қаздың беті анық көрінеді екен. Тура сол түсімде көріп жүрген қыз. Ол маған қолын созды. Мен қолын екі алақанымның арасына алып сипалап отырмын. Тастай суық. Тіпті бір кесек мұз іспетті…


– Тоңбайсың ба?.. –деп сурадым.


– Иә қатты мұздаймын… бірақ үйреніп кеттім…


– Неге суықсың?


– Белімнен жоғары ғана адаммын…


– Ал, төмен жағың ше?


– Айтқым келмейді… – Мәлике егіліп жылай бастады… Аяп кеттім. Құшағыма қысып, уатқым келіп жанына қатарласып отыра бере, әлде бір былқылдақ жұмсақ нәрсені басып кеттім.


– Ақырын ауырттың… –Мәлике баж ете қалды. Мен кері секіріп кеттім. Манадан сәп салмаған екенмін. Жерде шұбатылып ұзін бір нәрсе жатыр ирелеңдеп. Жүрегім тап төбеме шықты. Тура осыны күткендей сырттан Ермектің ысқырған даусы естілді. Мен терезені аштымда сыртқа бірақ атылдым. Жүрегім өрекпін үйге қалай жеткенімді аңдамай қалыппын… Арада сүт пісірім өтпей Ермек келді қайтадан.


– Есен аға ешкімге ешнәрсе айтпайтыныңзға сөз бересіз бе?!. – дейді.


Мен алқынған жүрегімді әзер басып – Жоқ… Жоқ ешкімге ешнәрсе де айтпаймын…сөз беремін… – дей беріппін, булығып.


– Қорықпаңыз… адамға тимейді…


– Иә… тимейді – дедім менде қайталап.


– Егер қаласаңыз кеште біздің үйдің артындағы бақшаға келіңіз… – деп, ол қайтып кетті.


Мен түсіме кіріп, өзіне тәнті етіп жүрген қыздың жақын көршінің қызы екеніне әрі оның қорқынышты тылсым сырының байыбына жете алмай, төсегімде түн ортасы ауғанша аунақшумен болдым. Түн ортасы ауа сыртқа шығып аз-кем бой жаздым. Ермектер жаққа баруды ойладым да ол ойымнан тез айныдым. Қайтып кіріп ұйықтамақ болдым. Көзімді тарс жұмып қанша жатқанымды қайдам. Ұйқым келер емес. Көз алдыма Мәликедың сұп-суық бейнесі. Ақыры таң ағара көзім әзер ілінді. Тағы түс көрдім. Енді Мәлике қып-қызыл құмның ішінде жылан болып ирелеңдеп қашып барады екен. Артынан қуып барамын… Мәлике тоқта… тоқта… – деп айқайлап барамын…


– Есен!.. Мені құтқаршы!.. Алып қалшы!.. –деп зар еңіреп жылап барады… – Тоқта!.. Тоқта!.. –деп айқайлаған даусымнан өзім шошып оянып кеттім. Қара сүмек тер басып кетіпті… орнымнан зорға тұрдым. Қара кешке дейін үйден шықпадым. Ермекті бір соғып кетер деп ойлап едім олда біз жаққа аяқ баспай қойды. Кеш батардың алдында Ермектің әке-шешесі жұмыстан қайттып келеді екен. Баяғыдан байқамаппын… Екеуіде жастарына жетпей ерте қартайып кеткен іспетті. Өңдері сонша жүдеу, шаршаңқы.


Алдарынан шығып сәлемдестім. Шешесі ернін жыбарлатып амандастыда өте шықты. Тек әкесі сәл бөгеліп: – Есен осы сен қаншаға келдің деп сұрады.


– Енді жирма үшке толамын… дедім мен. Ол ауыр күрсінді де. – Біздің Ермекке қарайлай жүрерсің балам. Шешесі екеуіміз де жұмыстамыз… Қазір демалыс кезі күндіз үйде жалғыз зерігеді…– деді.


– Жарайды, Қарайласамын –дедім мен іштен тынып.


Кеш бата Ермектердің үйнің шамына қарап ұзақ отырдым. Шам өшті араға шай қайнатым уақыт салып баспалап үйлерінің артындағы бақшаға қарай бардым. Шарбақтан асылып ішке көз жүгірттім. Бақшаның ортасындағы кішкентай көлшіктің жағасында Мәлике жалғыз отыр екен. Менің келгенімді сезгендей мен жаққа мойнын созып қарай қалды. Мен дереу бой тасалап үлгердім. Енді шарбақтың саңылауынан сығаладым. Айдың аппақ сәулесімен Мәлике анық көрініп тұр. Айдай жүзі тіпті бал-бұл жанып тұр. Судың шолпылдаған даусы жетті құлағыма. Енді анық байқадым Мәликенің аяқ жағы жылан денелі екен. Құйрығымен су сабалап ойнап отыр. Ирелеңдеген ұзін құйрығы судың ана жерінен бір мына жерінен бір бой қөрсетіп су ішінде ойнақ салып жүр. Әредік, Мәликенің сыңғырлаған күлкісі естіледі. Быраз уақыт өткен соң Мәликенің терезесі сықыр етіп ашылды. Мен бұғына түстім. Терезеден басын шығарған Ермек:


– Әпкетай, енді үйге кіріп жатсаңшы… ай жарық екен біреу-міреу көріп қалар… –деп ескертті. Сумен ойнап отырған Мәлике айдың жарык екенін енді сезгендей асығыс үйге қарай кеудесін көтере ирелеңдей жер бауырлап барып терезеден ішке еніп кетті. Мен ай бойы әр түні Мәликені аңдумен болдым. Ақыры бір күні түнде қасына бардым. Ол онша таң қалмаған секілді.


– Келетініңді білгенмін… – деді жай ғана.


– Түсімнен шықпай қойдың….


– Менімен бірге барасың ба?… –деп сұрады ол менен.


– Қай жаққа?


– Мына судың түбіне…


– Онда не бар?


– Көрмедің бе?


– Не нәрсені?


– Анықтап қарасаңшы!..


Мен ай саулесы бетінде толқыған судың түбіне тесіліп отырып, жүрегім зырық ете қалды. Судың түбі толған жылан. Суға малып отырға аяғымды тартып алуға қамдана бергенімде:


– Қорық па… – деді Мәлике. Жанынан тұмар іспетті бір нәрсеге тігілген затты алып шығып, – Көзіңе сүртші. –деп өтінді. Мен айтқанын орындадым.


– Міне ғажап судың түбінде сауық сайран дерсің… кең сарайдың төбесінен қарап отырғандай сезіндім өзімді… қаптаған қалың ай маңдайлы ару қыздар… Мың бұрала биге басып жүр.


– Бұлар кімдер?.. –деп сұрадым Мәликеден.


– Су жылан патшаймының сарайды.


– Жыланның да патшасы мен патшайымы бола ма?


– Есен қызықсың… Жалпы, адамдар қызық… Жер бетінде тек біз ғанамыз деп түсінеді… Қарашы анау кәрі еменнің басына, нені көрдің?.. –деп сұрады.


Мен таң-тамаша болып көзімді қайта-қайта уқалап емен басынан жанарымды тайдыра алмай қалдым. Күндегі қалың қарғаның мекені болған емен, үстілеріне жабыстыра қап-қара шағи көйлек киінген қалың канизактар ортада отырған қара сақалды шалды айнала би билеп, той тойлап жатыр.


– Бұлар кімдер? Деп сұрадым Мәликеден.


– Қарға әулеті ғой… ортадағы бекзадалары… – деп күлді Мәлике.


– Ғажап… – дедім мен.


– Бақытсыздар тек адамдар ғана… –деп күрсінді Мәлике.


– Мен ойланып қалдым. Ойлана отырып Мәликеге қайтадан көз салдым. жаңадан бері байқамаппын… Мәлике толық адам бейнесіне келіпті… шұбатыла ирелеңдеген жылан құйрығы ғайып болған.


– Жүр, кеттік… Жер астындағы жылан патшалығына барып қайтамыз… Көзіңді тарс жұм… тек мен аш дегенде ғана ашатын бол!.. –деді ол маған бұйыра сөйлеп. Мен еш уәж айтпастан Мәликемен бірге кеттім. Құлақ түбімнен суылдап қатты боран соққандай болды. Әлден уақытта Мәлике.


– Көзіңді аш енді –деп бұйырды. Біз жер бетінде жоқ сәулетті сарайда жүрміз… бұл жердің адамдары тіптен көрікті екен… Мен өзімді сондай қораш сеніне бастадым.


– Сен жылан патшалығына барамыз деп ең ғой –деп сұрадым.


– Иә, сол осы – деп күлді ол маған.


– Қалайша? – деп сұрадым мен дүдәмал болып.


– Қарашы! бәрі бақытты шығар… –деді менің сұрағыма жауап қайтармай.


– Иә… – дедім мен.


– Қазір саған тағы бір жерді көрсетемін –деді ол мені сарайдың бір бұрышындағы есікке қарай жетелеп. Есікті ашып кеп қалғанда ішінен адам шыдатпас азан-қазан болып улап-шулаған дауыстар құлақты жарып жібере жаздады. Мен есікті кері итеріп жауа қойдым.


– Бұл не сұмдық енді… –деп сұрадым.


– Ажал аузында тұрғандар… – деді Мәлике мұңайып.


– Өлімнен сонша қорқама? бәрі бір тірі жан болған соң өледі ғой… –дедім мен өзімше ерленіп.


– Жоқ олар өлімнен емес басқа нәрседен қорқады…


– Не нәрсе?


– Ана дүниеге барғанда адам болып барады… Адам болғаннан қорқады…


– Неге… Адам болу қиын ба?


– Қасірет, мұң, қайғы дегендер тек адамдарға ғана тән… бұлар содан қорқады… –Мәликенің сөзінің соңы ести алмай қалдым… құлағым шуылдап басым зеңе бастады. Мәликеге қарай сүйене беріп есімді жоғалтып алдым. Мен есімді жиғанда таң атайын деп қалған екен. Бақшаның ішіндегі көлшіктің жағасында Мәликенің алдында жатыр екем.


Мен түс көрген шығармын деп ойладым. Кәрі еменнің басына қарадым. Манағы қара киінген канизак қыздар таңның бозғылт сәулесімен үстілеріне қарға қанатын енді байланып жатыр екен. Мәликенің де денесі мұздай бастапты… аяғының орнына жылан денесі шұбатыла ирелеңдеп өсіп келеді екен.


– Менің бөлмеме қайтуым керек!.. –деді Мәлике мұздай суық алақанымен маңдайымнан сипап.


– Көріскенше… –дедім менде орнымнан сүйретіле тұрып жатып.


– Түнде тағы келесің бе? –деп сұрады Мәлике.


Мен еш ойланбастан: – Енді әр кеш сенімен бірге боламын!.. –деп сөз бердім. Біз үй-үйімізге қайттық. Жатын бөлмемнің есігін ашқанымда төргі жақтан тарғыл мысық пыс етіп, арқасын күжірейтіп терезенің алдына қарай секіріп кетті.


Тарғыл мысық ана дүниеде кім екен ә?!. –деп ойлап жатып ұйықтап кетіппін.



Автор: Қойшыбек МҮБАРАК


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар