Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Сұраған Рахметұлы: Іңір мен Таң жолығады жасырын.....

20.04.2015 3430

Сұраған Рахметұлы: Іңір мен Таң жолығады жасырын...

Сұраған Рахметұлы: Іңір мен Таң жолығады жасырын... - adebiportal.kz
***
Уысыма өзімді қатты қысып,
Жамыламыз даланың жыртық Әнін,
сағасымен іштегі Ес қақтығысып,
Саяқ сырғып келеді сылтымалы үн,
Жүрек дір-дір қағады
Бақ құнысып,
Сүмек,сүмек түнгі Көк, бұлты қалың,
Бұлғын шашып ағады ақ күмісін,
Бұла жайлауыма ынтығамын,
Жаурап тұрған жанымды жылытып алып!
Белден құлап, кісінеп жылқылы әнім,
Уа, Еркіндік!-
Сен үшін алқынысып,
Уысымнан шығуға бұлқынамын...
Күртік күйін сіміріп, қар дыбысын,
Жыр дуалап, жын қуып,
Жылқы бағып...
Лағып келе жатсам-ау!
Ші-і-р-кі-ін, ағып,
Ит-ырғыжың ырқымның құлпын алып...
Еркіндік
***
Жолдарды жұтады ормандар, тұмандар
Құнығып.
Шудасы желкілдеп далада жаңбыр жүр
Еңбектеп?
Шағала сүңгіген көліне жұлынып,
толқындар шөгеді,
толқынын теңдеп кеп,
жолдарды жалмайды
Ормандар, тоғайлар күрсініп!?
Бітеді күтеді, тағы да өлеңнің тынысы қырсығып!?
Мөлдіреп, мөлдіреп жылайды торғайдың
мөлдіреп бүршігі...
ғаламның өлшемі -
бұлыңғыр кекілді шыршаның шымырлап құрсағы,
Сілемнің таусылар шетінде
күтуден шөлдеген
жан-жақтан адасқан ғұмырлар шырағы -
бұршағы ...
Ең соңғы суретің жағылған сол денең:
Қашады гүлдерден шашағы төгілген
шытырман,
Ол неден үрейлі, ұрықтар күшінен шала емген?
Қашады көбелек қанатын сабалап құтырған...
О, дүлей дүние, бүкір бел пәлеңнен!!!
Шықшытың күйрейді, азуың шытырлап,
Күн шығып иіліп: «Сәлем ! »-деп, «Сәлем!» - деп,
Быт-шыт боп тұншыққан задыңда баяғы әлемдер...
Оқиды миыңды, шоқиды көзіңді,
Көк аспан, көк мұнар көгілжім - ешбіреу сызбаған,
Шыңдарды жастанған жаңбырдан қызғанам,
Жолдарға тұтылған көзімді...
жолдар
***
Майда түннің қыл қаламы майысады
іңірмен,
Қынасынан мың сан дүбір тіріледі тастың да...
Сөлсіз шыңдар өршеленіп
күшік үрген, мұң үрген,
Өзін іздеп өңшең мұнар көзін үзген уақта:
Борша-борша ой жылайды боз кіреудің астында,
Мойыныңнан, қойыныңа
моншақ-моншақ су аққан,
Сол тылсымның тынысында кейпің есен, тұлға аман.
Жарты күлше жәудірейді тұңғиықтан, тымықтан,
Жыр тамшылар қорғалайды,
сорғалайды жылғаға әм.
Жалғыз жауһар жабығады кірпігіңе ұмытқан,
Жер мен көктің өліарасын бөле сызған сұлбадан,
Сұрақтар да сұлап жатыр,
сұрап жатыр мыңдаған.
Шырағданда дауысы ұйып, әні сұйық байғұздың,
«Уә» - дейді уысына күн көтерген ұл Ғалам,
Жұлығында тұнжырайды, жыр құрайды
Ай қыздың???
ғарыш
***
Көкірегіңдегі найзағайлар жарқылы –
От бүркеді үйкеліссіз,
күйзеліс.
Жап-жарық бір қараңғылар арқылы –
Ай шетінен жын қуады
ми желік!?
Өткір ұшқын өңменіңде - дара ұшық,
Мойынұсынулар, ойысулар,
Көнулер.
Қарғып келіп ғаріп болған қарашық,
Қайта қайту,
байқалмайтын сөнулер!?
Ал, соңғысы - су қараңғы иірім,
Жаңбыр құйды күрсініп құр, күліп кеп,
Үрке қашқан Үркерлердің түйірі –
Жақсы көру жек көруді іріктеп...
Құмда бүрлеп сексеуілдей
кеберсіп
Құрғақ үрген құмай, құмай Ғасырым...
Дірілдеген белдің тұсы - Тегершік,
Іңір мен Таң жолығады жасырын.
Көкірегімде найзағайлар жарқылы...
скачанные файлы.jpg
***
Бір төбеден биіктеп бір төбешік,
Сағым астында белдер
Үрке көшіп,
Күлтеленген күнгейдің үрпін емген,
Шіркін ермен,
Еркелеп, шүйркелесіп!!!
Бір төбеден бір төбе самғағаны,
қыран қанаттарын шуақ -
қарға малып.
Қауырсыны қалықтап,
құмай жаздың,
Шаңқан бастаулары шамдана ағып!?
Салған әні баяғы, мұңы – ай, қаздың,
Сағыныш боп осылай
құлайды әз күн!
Құрау-құрау шық теріп құмық
Таңнан,
Қаламының іздері жылай жазды:
...О, киелім бағзыдан ұмытқан мән,
Тұлай бұлақтарым – ау, - Мәжнүн,
Әпекемнің күлкісі жұғып қалған...
сағым
***
Ғұмыр есігіндей ме, Шың реңі,
Көктем қайтып барады,
Ұзын қысқа,
Кеңістікті кеңістік сіңіреді,
Қиянға аунап,
қиқулап қызыл құстар!!!
Қайран уақыт-ай, сәтке бір
бал татып ем!?
Енді міне кездесу – Ене күзбен...
Жалтаң желіп келеді салт атымен,
Жаз,
көлбіреп, тағы да елегізген???
Ен дүние маңырап туша көшіп,
Ақшуланның желіні, жел емізген.
Жастығымның астында
жусан өшіп,
Жерге сіңіп барамыз денемізбен!!!
Уыстағы ып-ыстық ұядайын,
Ішкі әуеннің ұшуы -
торғайға анық...
Алыс қалып баяғы күй - «Адайым»,
Есірік жел билейді көрді айналып.
Күз
***
Жалаңаш бақтарда талдар сілейіп үнсіз мәңгіріп,
Жасыл жапырақтарды жалайды жаздың
сарғыш бояуы саңғырып...
Бұзылған ұяда көктемнің соңы - Күз сонатасын сызып,
Тылсым ішінен
Жұп-жұмсақ мамықтай маусым,
Жүрек лүпілдеп, түршігіп, жырақта жылқы кісінеп!
Қобыздың көмейінде бөрі ұлып, көлбейді сырлы
Жаңғырық.
Алуан түрлі аңырау, ескі емеруіндер дерті –
мерез есінеп,
Алыста шексіз тұңғиық,теңізде Айсбергтер түйісіп?..
Тарайды ғарышта аяни сауалдар
ғұмырдың терезесінен!!!
Ықылас мейірімдерінен аңқыған жұмақтың
ылғалды иісі...
Аққулар тізбегін жасырып көшеді бұлттардың
керегесімен,
Заңғардың қарашығына сіңісіп, қиысып.
Ақ бұйра толқындар оранып көміліп,
Ақырет кебінге,
өледі жаңбырлар көбіне дала мұңданып,
Адамдар тағдыры ақ парақтардай қаңғып
желге ұшып,
Жұмбақ өңірдің жұмбақ үндері билеп,
шала жынданып.
Жазады шайыр жылатып өзін,
уатып бір күн!?
Балауыз шамның күңгірт нұрына
қаламын малып!
Жағаға иілген теректің қойынынан
өтеді уақыттар сырғып,
Тылсымдық ішінде тыныстап шаһтар
құрақ ұшында
Балапан шиқылын былдырлай қайталап,
бұлақтар иіп,
Бұлақтың сылдырын жұқтырған құстар
жылап ұшады биік...
скачанные файлы (1).jpg
***
Ала көлеңке қамалып, шам шалқып жанады
Миың өртеніп!
Суреттер елеңдеп, қарсы алдыңда - ескі
Жаңалық.
Есіңде ауыл... Әппақ әжелер... Қиық ертегі,
Дүрмектер... Тай мінген қиялдар...
Кешкі мал әні!
Көкжиек жүдеулеу жалыннан
қызыл әр тайып.
Сағыныш шұбырып сарынайды, желемік
зәрі тістеніп.
Имиген жарты айым түндікке қадалып,
жүзі қартайып
Сары атты ағайым қайтады... Оянам...
сары түс көріп...
Abstract_Sky___Ciel_Abstrait_by_daviddubois.jpg
***
Шөлдеген шөптерде тіріліп, тыраулар билейді,
тағы билейді.
Ұшады жылуын қалдырып ұяға, балапанында?..
Кигіз үй мұнартып арайлы, бидайдың дәнінен
ақ ұн илейді,
Жұлдызбен есінеп, кісінеп белдеуде торы айғыр...
Тәңірдің баяғы алақанында...
Іркіліс һәм іңір
Сонау бір шақ, жылдардың бар жауабы –
Парығың да бір тұрып, бір жығылып:
Қаламыңның ұшында аунап алып,
Терезеңнің сыртында қар жауады?..
Ескірмейтін ешқашан сөз күбірлеп,
Естілмейтін айшықты таңдап алып.
Көмейіңді ашасың көзқырыңмен
Санаң сақта, білмейсің... дәлі қайсы???
Өзін-өзі жазады бір өлең дүр...
Құрау-құрау санада бәрі қайшы,
Құрау-құрау далада түнеген жыр.
Сұрың елес, өзің бе? Танымайсың!
Танымауың таңдауың – мінің емес.
Таңқалудың бәрі пәс, бұлқыныс... Тер...
Күртік кезіп қаңғырған іріген Ес.
Жыртық тақтай, алдыңда мыртық үстел,
Мыртық үстел үстінде шабытың... Қар.
Күйзелістер, күйбеңдер іркілістер
Адасасың, алайда бағытың бар?!
Қар қылаулап аспанда ақ шық өріп,
Тағы сөнді маңайың, тағы тынды ал?..
Адасуларыңның барлығын жақсы көріп,
Ақ жындарың алқынбақ, ағытылмақ
Қап-қара шаш, қара көз... Аққыр өрік!
Қара шуақ жауады құбылаңнан,
Терезеңнің сыртында бақ түнеріп.
Түн күндізді қойынына тығып алған,
Ешбір жарық еш шуақ болмағандай!!!
Бұлт жоғалған бұп-бұйра бұғы маңнан
Көз жұмылып /көр қылық!!!/
қолда маңдай...
Небір ғажап ойнайды шығып алдан.
Солай, солай ілкінді несібе етіп,
Іштегі үннен іздейсің бар жауабын?..
Кірпіктерің еңкейіп есіңе тік,
Танауыңда шұрқырап тарлау әні.
Керуенің де көшеді кешу етіп,
Дүниенің өшіріп бар зауалын.
Таң қылаулап қапасты тесіп өтіп,
Қар жауады, кетеді...
қар жауады...
Қаламымның ұшында аунап алып...
VsChfJKbChc.jpg

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар