Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кенжебай Ахметов. Әдебиетсүйер жастарға оқуға ұсынар 10 кітабым

17.04.2015 199

Кенжебай Ахметов. Әдебиетсүйер жастарға оқуға ұсынар 10 кітабым

Кейде әдебиеттің айтары сарқылғандай, әдебиетті жалғастыруға тиіс ұрпақ өлең-жырдан алшақ кеткендей кездер болады. Алайда бұл сырт көзге ғана солай.


Өмірдің үздіксіз жалғаса беретіні сияқты, әдебиет те толассыз тірлік етіп жатады. Тіпті бір сәт тоқырап қалғандай әсер еткенімен, бәрібір, іштей қуаттану, жаңа арна іздеу әрекеттері үздіксіз жүре береді. Мәселен, тоқсаныншы жылдардан бергі он шақты жыл аясында біздің әдебиет әлдебір кедергіге кезіккендей күй кешті. Әсіресе, әдеби өмірдегі ұрпақ жалғастығы үзіліп қалардай көрініп, жаңа толқын жайы ұлт әдебиетіне жанашырларды қатты алаңдатқаны рас. Сүйініштісі – бұл жағдайдың өткінші көрініс болып шыққаны. Іркілістің соңы әдебиетке лек-легімен белсене араласқан жастар толқынына ұласты. Бүгінде тәуелсіз ел әдебиетіндегі жаңа толқындардың алды әдебиеттің бағыт-бағдарын белгілер қаламгерлерге айналып үлгерсе, кейінгі толқынның өзі әдеби өмірде өз жолын, өз өлшемін танытуға талпынуда. Уақыт айналымы әр буынның көшбастары мен көштүзерін, жұртта қаларын біртіндеп іріктей бермек. Кімнің қай тұстан көрінері уақыт талғамымен тайталасқан таланттың ішкі қуаты мен ізденісіне байланысты.


Бүгінгі жастар әдебиеті дегенде, көңіл қуантарлығы да – жастардың ізденіске бейімдігі. Сөз қолданудан бастап, өзіндік жаңа үлгі табуға талпыну, жаңа пішін іздеу сияқты әрекеттер бар. Жалпы, қай уақытта болса да, әдеби өмірге араласқан жаңа толқын өз жолын табуға, өзгелерге ұқсамайтын жаңалық әкелуге, құбылыс туғызуға ұмтылатыны белгілі. Бұл – еш әбестігі жоқ құптарлық әрекет. Өйткені жаңалық әкелуге құштарлық – ізденіске түрткі. Ізденіс – жеке қаламгердің де, тұтас әдебиеттің де ілгерілеуіне себепші болатын әрекет. Нәтижесінде жаңалық ашылып, құбылыс пайда болуы ықтимал.


Неге ықтимал? Өйткені өнердегі жаңалық – өмірдің, адам жаратылысының беймәлім қырын ашу және көркемдік арқылы жеткізу. Құбылыс – осы жаңалықты жеткізген шығарма және оның авторы. Бізде осындай жаңалық бар ма? Егер жаңалық жоқ болса, құбылыс қалай болмақ? Ал бұрыннан белгілі нәрсеге жаңа бояу жағып әкелу жаңалық емес, басқаша айтқанда, үйге «еурожөндеу» жүргізген сияқты әрекет. Ендеше бағалау кезінде абай болған абзал-ау. Асыра бағалау мен барды жоққа шығарудың залалы бірдей.


«Еурожөндеу» дегеннен шығады, біздің қазіргі өміріміздің барлық саласында «еурожөндеу» дәріптелуде. Бұдан әдебиет те, тұтас өнеріміз де қалыс қала қойған жоқ. Анықтай айтқанда, батыс мәдениетінде бірнеше жылдар бұрын болып өткен ізденістердің көріністері қайталануда. Егер сол ізденістерге тән дара сипаттар айқындай танылып, игеріліп, қорытылып, екшеліп, содан кейін көркем бейнеге (!) сіңіріліп, мазмұны мүлдем жаңа туынды пайда болып жатса, әрине, ол туынды жаңалық болар еді, тиісінше, құбылыс та еріксіз мойындатар еді.


Осы тұста әдебиетші ретінде азын-аулақ ойға түйгенімізді бөлісейік.


Өнер дүниесіндегі болмашы жаңалықтың өзіне білім мен шеберліктің мінсіз ұштасуы арқылы ғана қол жететіні мәлім. Сол себепті қалам ұстаған жас бос уақытын білім жинауға, шеберлігін шыңдауға арнағаны абзал. Білім – кітап оқи беру ғана емес, өмірден көргенің мен танығандарыңнан, кітаптан т.б. оқығандарыңнан ой түю, өмір туралы түсінігіңді кеңейте түсу. Ал шеберлік шыңдауымыз – күні-түні бұрқыратып жаза беру емес, өз жазғаныңа сын көзімен қарап, жақсы тұстарын жетілдіру, кемшілігіңнен арыла беру. Өйткені шығармашылық – бірінен бірі аумайтын шығармаларды туғыза беру емес, біріне бірі ұқсамайтын туындыларды дүниеге әкелу. Демек, шығармашылық иесі әрі автор, әрі өзіне өзі сыншы болуы қажет. Шығармашылықтың қиындығы да, рахаты да осында.


Негізінде, біздің әдебиеттің ішкі әлеуеті еш уақытта әлсіз болып көрген емес. Десек те, ішкі мүмкіндік пен нәтиже арасында айырмашылық бары және рас. Оның себебі біздің қаламгер қауымның мінезіне байланысты. Ол мінез – белгілі бір деңгейге көтеріліп, мақтау-мадақтау ести бастаған тұста тоғайып, өзіне өзі тәнті боп, тұрып қалу және шамшылдыққа бой алдыру.


Осы мінезге байланысты әдеби өмірдің тағы бір мәселесі туындайды. Бұл – қазіргі әдеби сынның жайы. Бүгінгі әдебиетте сын бар. Аздау, бірақ бар. Сынның аздау болатыны қаламгерлердің шамшылдығына байланысты. Әдеби өмірде ашық пікір айтылу үшін жазылған сынның дұрысын қабылдап, келіспейтін тұстарына қарсы пікір білдіру мәдениеті қалыптасуы шарт.


Әдебиетіміздің тарихында сынды өш алу, аяқтан шалу, қысастық жасау құралы ретінде пайдаланған жылдар болғаны, оның ақыры қалай біткені белгілі. Өткеннен алар сабақ сол – әдебиет сыны есе қайыру құралына айналмай, жеке автордың да, тұтас әдебиеттің де өсуіне қызмет етуі керек. Бұл мақсатқа жету үшін сын нысанасына алынған жеке шығарма болсын, қаламгер шығармашылығы болсын, дәлел-мысалдар арқылы талдануға, сарапталуға тиіс. Ой түйіні, ескертулер, мақтаулар дәлелді талдауларға сүйенуі қажет. Сондай-ақ, сын жазушының пікірлері мәдениеттілік аясынан шықпағаны абзал. Дәлелді болсын, дәлелсіз болсын, кекету, мұқату, мінеу, әжуалау сияқты әрекеттер жазылған сынға да, сыншыға да абырой әкелмейді. Себебі мұндай әрекеттің арғы жағында әлдебір жағымсыз мақсат тұрғанын көзіқарақты әр адам бірден түсінеді. Сондықтан сыншы сын жазуға оқталмай тұрып, өзіне сын көзімен қарай білгені орынды.


Қалай-қалай дегенмен, әдебиеттің үздіксіз өсуі үшін қаламгер, сыншы, оқырманның талғамы биіктеп, таным кеңістігі ұлғая беруі керек. Талғам мен танымның жолбастаушысы – кітап.


Осы ретте қалам ұстаған жастарға, әдебиетсүйер жастарға оқуға ұсынар 10 кітабымыз – өз топырағымызда туған дүниелер. Көздеген мақсатымыз – әуелгі кезекте туған топырақтың иісін жақсылап сіңіріп алу абзал боларын аңдату. Әйтпесе, дүниеде жауһар дүниелер баршылық.


Ұсынылған шығармалардың назар аударатын негізгі тұстары – әдеби шығармаға жүктелетін талаптардың (жеке сөзді, детальді орынды қолданудан бастап, туындының мінсіз тұтастығына дейін) көркемдік шешім табу деңгейі, сөз байлығы, өмір шындығын бейнелеудегі стильдік даралық.



Толығырақ: Кітап рейтингтері бөлімінен оқисыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар