Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Махаббаты бар жүрекке бас идім...

15.04.2015 260

Махаббаты бар жүрекке бас идім...

***

Ғаламда мынау ғажабы басым,
Ғашықтық бақыт дер едім...
Мақамы сыршыл, назары жасын,
Махаббат саған сенемін! 


Жауапсыз қалса жабықпа дер ем,
Жаныңның жалқы бір әні.
Көгіңде мендік қалықтап өлең,
Көкше шың болсын тұрағы. 


Аңсары бөлек,талғамы биік,
Айдың да бар-ау бір мұңы?!
Қалмаса деймін арманы күйіп,
Қамығып жүрек бұлбұлы. 


Ғаламда мынау ғажабы басым,
Ғашықтық бақыт дер едім.
Мақамы сыршыл,назары жасын,
Махаббат саған сенемін!!!

* * *

Жанарымның жасын сүртіп берер ме ең,
Жағалауға шығарғандай тереңнен?!
Маған деген махаббатың жанкешті,
Маған деген құмарлығың өлермен!


Жанымды сен құтқарар ма ең мұң-зардан,
Жалқылыққа теліп қойған сұм жалған?!
Мен болайын тағылықпен күн кешкен,
Мен болайын махаббаттан жынданған!

* * *
Осылай боларын біліп ем,
Ол рас ойландым түнімен.
Жанымның адасқан аңсарын,
Жалқы айдан табармын түбі мен.


Күтпеген өмірдің сындары-ай,
Күздегі жапырақ мұңдары-ай.
Ақынның жүрегін түсінбей,
Аспанда ай да үнсіз тұрғаны-ай...


Байсалды көрінген кезім мың,
Бабына бағынбай сезімнің.
Іздеген бақытым о тоба,
Ішінде екен ғой төзімнің. 


Қалай мен білмегем нарқыңды,
Қамығып өткізгем бар түнді.
Пенделік не деген міскін ең,
Періште тартатын талқыңды.


Осылай өтті ғой талай күн,
Оқшау бір бақытты қалайтын.
Жарқ етіп жанатын мен үшін,
Жанымның жарығы бары айқын...

* * *

Сүйер едім сүйегімнен үгіліп,
Күйер едім күн нұрына тігіліп.
Аңсар едім аспанымды ақтарып,
Шаршар едім, шалдығуға шақ қалып.


Ынтығар ем ықыласты аудырып,
Ұмтылар ем үмітімді жаудырып.
Жылар едім жылы мұңға бөленіп,
Құлар едім құмарлыққа бөгеліп. 


Шығар едім шың басына сұңқар боп,
Сынар едім сырлы түнге іңкәр боп.
Күлер едім,күмістерім шашылып,
Түлер едім түймелерім ашылып.


Бұлқынар ем бұғалықтан босардай,
Шырқырар ем шыдамымды тоса алмай.
Түнер едім түнгі аспанды жамылып,
Тілер едім иліксін деп тағылық...

* * *

Кірпігімді құлатып,
Жүрегімді жылатып.
Қас-қағымда қалсам ба,
Бір адамды ұнатып?!
Көздерімді нұр көміп,
Бар болмысым гүлденіп.
Ғашық болсам бір демде,
Бір адамға күрмеліп...
Көңіл көгім сөгіліп,
Өлең болып өріліп.
Махаббаттан шырын боп,
Кетсем бе екен төгіліп?!

* * *
Ақбоз ат мінген арманым,
Айда да айтшы бар ма мұң?!
Тәубашыл жанмын деп жүрсем,
Тәкәппар екен талғамым...
Құйғыта шауып өтсең де,
Құс болып ұшып жетсең де.
Кештім ғой кешіккеніңді,
Кешіксем мен де кеш сен де!

* * *

Көздерімнен ағып түсті сұлу мұң,
Көп екен ғой сыры өмір сүрудің.
Адалдығын аласартқан қоғамның,
Алдында мен келмейді рас тоналғым!


Жақсылығын саудаламас пенденің,
Жаны таза келеріне сенгемін.
Әділеті жетпей тұрған ғасырдың,
Әміріне келмейді еш бас ұрғым!
Жасындары қамшылаған ғарыштың,
Жанарынан төгіледі бар ұшқын.
Етегіне сүрінетін ғайбаттың,
Езудегі ермегіне айғақ кім?!
Даралығым бағым әлде сорым да,
Даңқ пен атақ тапталады жолымда!
Мінездінің міні жақпас көпке шын,
Міндетсінер тобыр кейде өкпесін.
Кешірімге кесіп бердім басымды,
Кеудемдегі тұншықтырып жасымды...

* * *

Маған бүгін керек боп тұр бір өлең,
Махаббатпен көк пен жерді тіреген.
Сәулесімен жылытатын жанымды,
Сәл де болса,таба алатын бабымды.
Мынау дүрмек дүниеден аулаққа,
Мына ақынды алып кетер тау жаққа.
Аспан жаққа апаратын сонан соң,
(Адамдар жат ,болып кетті қоғам тоң.)
Күздің мұңы жапырақша жауғанмен,
Күй естідім сабырлы анау таудан мен.
Маған бүгін керек боп тұр бір өлең,
Махаббатпен көк пен жерді тіреген...

* * *

Аспандаған менің ғана жүрегім,
Алматыда жапырақ боп жатыр күз.
Болмысы күз ақын қыздың бірі едім,
Бояусыз мұң кеше алатын әтірсіз...
Асқақтаған менің ғана паңдығым,
Алатаудың аласарған заңғары.
Жалқылық боп жанарымнан тамды мұң,
Жарты әлемде сағыныштың шамдары...

* * *

Төсекте...
Төңірек биледі,
Төгіліп гүл жаны.
Ағытып үлгерді түймені,
Ақ түннің арманшыл құрбаны.
Төсекте...
Төбемнен төніп ай,
Төсімді нұр өпті.
Өзекті өртеген өмір-ай,
Өлтіріп тынарсың жүректі.
Төсекте...
Төрелік кім айтар?!
Төсендім сары мұң.
Олқылау тірлігім мұңайтар,
Осынау жалғанның жарығын...

* * *

Аласарып кете алмас асқарлардың,
Аспанынан мұнар боп басталған мұң.
Шартараптан мені іздеп,шарқ ұрады,
Шарасына жанымның зар тұнады. 


Айлы аспанның сәулесін қиып түсіп,
Алыстаған арман-ай,биікке ұшып.
Жанарымда жасырған жасым бар-ды,
Жапырақтап өтердей жасындарды. 


Тағдырымнан ауытқып армандарым,
Тағатымнан айырды жалғанда мың.
Қас-қабағын бақпадым пенделіктің,
Қалам саған жүгіндім,дем беріп түн. 


Жалықпадым аңсаудан,сағыныштан,
Жаратылған таңы мұң,жаны құстан.
Қара түнде жанымның жасын сүртіп.
Қаламымның аламын басын сілкіп...

* * *

Құшаққа ыстық құлай алмай жылаған,
Құмарлықта айтшы,бар ма сірә мән?!
Махаббатсыз маған келер жол жоқ-ты,
Махаббатсыз сақта құдай,күнәдан! 


Кербездіктің күмістелген кейпін зер,
Кеудемдегі от балқытады кей түндер,
Сұмдығына шыдай ма екен ғаламның,
Сұлулықты тәкәппарлық дейтіндер?! 


Қара көзден жаратылған тамшы мұң,
Қара жерге тамып жатыр бар шының.
Махаббаты бар жүрекке бас идім,
Махаббатсыз нәпсіге тек қарсымын!

* * *

Жанарыма сия алмаған жалқылық,
Жанұшыра жарық айға талпынып...
Қанаттарын қағып-қағып аспандап,
Қайта оралса қапылыста қашқан бақ... 


Мақпал түннің құшағында маужырап,
Махаббаттан тас балқыса,тау жылап...
Шымылдықты ысыра алмай дірілдеп,
Шырағымды өшіре алмай күбірлеп...


Таң атпаса деп тілеумен талықсып,
(Тағдыр жазса тәуекелшіл зар ыстық...)
Сағыныштан сазға айналсам деп едім,
Саған бірақ,айта алмаймын себебін...

* * *

Қиналыстардан тұратын мынау сәттердің,
Қияңқы неге қиялшыл келген мінезі?!
Махаббат үшін ашылған анау дәптердің,
Мазасыз жырын оқиды тағы түн өзі... 


Жанымның асқақ биігі неге төменге,
Жанары жасып қарауы керек ұқпадым?!
Асқақ қарасам аспаным биік,өрем де,
Арман,мұңымда білемін тағы құт барын...


Күйреуге бейім емеспін рас сезгенім,
Күдерін үзбес күндердің жазып бір әнін.
Кекті кездерде өрлігімнен де безгемін,
Кеңдігін аңсап жалғанның келді жылағым... 


Таласқа түскен жанымның жарық нұрын мен,
Тағынан мүлдем түсірмесімді ұғар кім?!
Өрлігі үшін өмірде сансыз сүрінген,
Өртеніп өтер ақынның бірі шығармын?!

* * *

Мен сені іздеп жүрмін...
Мерт етіп мендігімді.
Мезі етіп кемді күнді.
Көзімде сағым көшіп,
Көкірек ағын кешіп.
Аспаным алқа тағып,
Ай сынды жалқы атанып.
Талықсып ала таңым,
Таусылып тағат әнім.
Жанымды жасын тіліп,
Жанарда жасым тұнып.
Қанатым талса да мың,
Қаламнан тамса да мұң...
Мен сені іздеп жүрмін...
Межеден тайқып бір дем,
Меселдем қайтып түннен!

* * *

Мені ешкімнің тоқтата алмас өсегі,
Иттері үріп,керуен күндер көшеді...
Менің жаным махаббатпен биіктеп,
Махаббатсыз шамшырағым өшеді...


Мен ешкімнің елемеймін ғайбатын,
Жетеді оған ақылым мен қайратым...
Ақталуға міндетті емес деп білем,
Сүйгені үшін аспандағы айды ақын...


Мені ешкімнің қызықтырмас жаласы,
Арпалыс қой,аспан мен жер арасы...
Ғашықтықтан жансам жанып кетейін,
Шын бақыттың осы ғой шын бағасы?!

Бақытгүл Зарқұмарқызы

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар